Қайрат Асқар. Мен өмірді тек түсімде көремін

Құр дене ғана бізде енді, Кеше гөр, Кене, Махамбет!

Jul 10, 2025 - 18:16
Jul 12, 2025 - 01:53
 54
Қайрат Асқар. Мен өмірді тек түсімде көремін

Бас

Шашынан көп боп жаласы,
Қаңғытты Мағжан, Қасымды,
Көрінген иттің баласы,
Қор қылды-ау алтын Басымды.

Алланың добы – қайран бас,
Тауға да, тасқа ұрындың.
От пенен суды ойға алмас,
Қазынасы – қатпар, жыры – үлгім.

Замандар озды уатып мың,
Құйылды көзден кекті жас.
Қанжығасында уақыттың,
Байланып талай кетті бас.

Ашкөздік – аран тойдырмас,
Мәңгүрт қып басты құрсар күш.
Шарапқа шара – кейбір бас,
Кейбір бас болған күлсалғыш.

Бас деген – бізде басқа әлем,
Санасар ажал шіркінің.
Күңіреніп кеше бастап ең,
Жорыққа бетке ап Күн түбін.

Ежелден тұзы жеңіл ең,
Соққының тиер жолы көп.
Оразбайлардың қолымен,
Қоразбайлардың желі боп.

Сыңсытып құла түздерді,
Тарих боп, шіркін, жатар ма ек!
Құр дене ғана бізде енді,
Кеше гөр, Кене, Махамбет!

Күн кешкен Дала заңымен,
Не зұлмат туды басыма.
Мұхиттың еркін балығы ем,
Шіритін тұсым осы ма?

Жоғалған кезде бас құны,
Тартады қайда жол қиыр,
Ер‑тоқым еді – жастығы,
Креслоға жұмсақ болды үйір.

Айуан етіп адамды
бастады заман жолсызға.
Тағы бір кеп дерт жамалды,
Жазылмай жүр еді онсыз да.

Тіл – мүкіс, көзім – қылилау,
Даңқымның бәрі – далбаса.
Жүрегім, жүйкем құриды-ау,
Бұл басты жөнге салмаса!..

Түнгі ауыл

Түнгі ауыл.
Мақпал көкте Ай күлімдеп,
Сәулесі күміс суда жай дірілдеп,
Жаңбырдың иісі аңқып жақын маңнан,
Жусанды қырдан есер жайлы бір леп.

Түнгі ауыл.
Көңіл ояу, көз байланып,
Тылсым шақ жүрек қылын қозғайды анық.
Маңында көбелектер қалбалақтап,
Ошақтың оты жатар қоздай жанып.

Жұлдыздар шығып күннің түрмесінен,
Жатқандай тыныштықпен тілдесіп ен.
Өзеннің сылдыр-сылдыр сыры естілер
Ауылдың жырып аққан іргесінен.

Желсізде ұшар оттың алауы тік,
Даланың түнінде де бар-ау ұқып.
Аю жон алыптай боп елес берер
Қалғыған қарт төбелер қарауытып.

Тып-тыныш.
Жан-жануар тыным еткен,
Аймаққа тамған Айдың нұры көктен.
Ғашығын аңсап келген ару қыздай
Ақ сәуле дала төсін күліп өпкен.
«Жауымен» шекісіп қап ұры мысық
Шатырға бара жатыр шығып еппен.
Ащы еді бәтшағардың үні неткен?

Жатқанда мүлгіп қырдың ұйқыда елі,
Ауылдың түні неткен сиқыр еді.
Шегіртке шырылдайды өзен жақтан,
У-шу ғып кейде ауылды ит үреді.

Ит‑құстан күзетші ояу – қауіп қылған,
Өзінің жұмбақтығын тау ұқтырған.
Жастардың әнін тыңдап ұйып қапты
Басында алтыбақан сауық құрған.

Сол бір маң от құшақты қауыштырған,
Тілектер, жүректерді табыстырған.
Сырлы әзіл, сұлу ән-жыр, сыңғыр күлкі
Естілер үзіп-талып алыс қырдан.

Мұңайып жалғыз жүзер түнгі аспанда Ай.
Әндерін маған айтар мұңдас жандай.
Үп етіп самал соқса, ағаш талдың
Желегі сыбдыр-сыбдыр сырласқандай.

Ғаламат!
Ауыл түні.
Ғажап, айлы,
Мас қылып ерке сезім мазалайды.
Қайнардың салқын суын бүріккендей
Саф ауа сарайыңды тазалайды.

Бір ысып, бір суынып қан бойдағы
Көңілде нәзік мұңның ойнайды әні.
Сиқырға, сырға толы дала түні
Сырларға жетелейді қай-қайдағы.

Шұбалып Құс жолында сәнді із қалып,
Жымыңдар мың-сан жұлдыз бал-бұл жанып,
Көңлімде сәуле шашқан үмітімдей
Жырақта жылтырайды жалғыз жарық.

Тып-тыныш.
Жан-жануар тыным еткен,
Аймаққа тамған Айдың нұры көктен,
Ақ сәуле дала төсін күліп өпкен,
Санаға сұлулықтың сырын еккен.
Қытықтап жас сезімнің тұла бойын
Еседі қырдан самал жылы леппен.
Ләззатқа толы ауылдың түні неткен
Жаралдың қандай ғана құдіреттен!

Сағыныш

Түсіме кейде енесің
Ұмыт болды деп жүргенде.
Аққанат арман – елесің
Кірпікке ілініп түндерде.

Көзіңде тұнық, таза мұң
Қарасың сәл-cәл салқын ба?
Баяғы көркем ажарың,
Тәкаппар сол бір қалпыңда

Мен тұрар едім мүдіріп,
Жүректен жанға жас тамып.
Ерніңнен сүймек түгілі
Шашыңды ұстауға жасқанып.

Түсіме еніп кенеттен
Жарқ етсе қайран дидарың,
Күндерімді еске ап сол өткен
Жүректі оймен қинадым.

Жалт ете қалып өтті ол шақ
Жанарың сынды өзіңнің.
Қайтеміз енді текке аңсап
Күмбезін күл ғып төзімнің.

Арманнан алау‑от жағып
Қинайсың, жаным, несіне?
Сағыныш тамшы боп тамып
Санамның терезесіне.

Сондай түс көрем тамаша.
Айналмас, әттең, түс өңге
Отырған сәтте оңаша
Ойыңа, әлде, түсем бе?..

***

Мен өмірді тек түсімде көремін,
Ал, өңімде әр сұлуда елесің.
Сондықтан да табылмай бір дерегің,
Сондықтан да өріліп мың өлеңім,
Сағындырып, табындырып келесің.

Сенің тұнық, мөлдіреген көзіңді
Көрдім-дағы бота қылық бір қыздан.
Тілдеспедім, тежеп қалдым өзімді,
Күл‑парша қып алам ба деп сезімді
Көкірегімде зәулім күмбез тұрғызған.

Сенсің, бәлкім, (сен бар болсаң егер де),
Мың сұлуға татитұғын бір өзі.
Мінезіңді бір сұлудан көрем де,
Жақындаман, тек кіргізем өлеңге
Қанша жібек болса-дағы мінезі.

Сымбатында сендік көрік білініп
тұратұғын керемет бір қызбенен
кездесіп ем, қайта сөнді бір үміт,
кірпігімде қалып ед тек ілініп
мөлтілдеген мұңға толы ізгі өлең...

Қиялымды мұнар‑мұңға матырдым,
Елеңдетіп сен шырқаған ән алдан.
Өлмес өлең тудырғалы жатырмын.
Сендей ару...
Қолы жетпей ақынның
Мәңгі ғашық болу үшін жаралған.

Өлең-өмір, өмір-өзен тоқтамауы үшін де,
Жүректерді ізгілікпен отқа орауы үшін де
Әр адамға керек сендей ақ арман!

***

Мен келемін ақындық жүк арқалап,
Бағына алмай өмір ережесіне.
Іштен жалын, сырттан ызғар анталап,
Қырау қатты көңіл терезесіне.

Қырау қатып, суық сұсын танытса,
Оның сұлу өрнегінен не пайда?
Әлем – сыртта, кеудем суық – табытша,
Қайран жүрек басты-ай келіп атойға.

Қалжыратса көңілімнің қапасы,
Сен едің ғой сыйлайтұғын шабытты үн.
Сол қырауға ыстық ернің тақашы,
Күл-талқанын шығарайық табыттың!

Түнгі Қарағанды

Көңілімнің көк сеңгірін
Мұң бұлты орап алды.
Саған мәлім бе кешкен мұңым,
Түнгі Қарағанды?

Сүреңсіз, сұрғылт күндер жалықтырды
Бірінен бірі аумайтын.
Аңсадым бала кезгі жарық күнді
Шаттықтың жыры,
Пәктіктің нұры саулайтын.

Аққу арманым көңіліме дерт үстердей
Қапаланып қайғырып,
Қанатынан қайрылып,
Қысқы түн де мұң күйін шертіскендей
Қары мұз боп, ақтығынан айрылып.

Жаңбыр жауды қыс кейпін өзге еткізіп,
Қиын болды-ау жылқым‑жылыма,
Байлаусыз дүние тағы да көз жеткізіп,
Жалғанның жолы көк тайғақ жылтырлығына.

Алаш анатомиясы

Ауырсақ, жақсы түске жарымаушы ек,
Түсімде...
Жүрек – әскер, омырау – шеп.
Он екі мүшем менің бірлігінен
айрылып, ажырапты бір-бірінен.
Қалғандай тежеліп ой,
түлкінің тезегі ғой,
Қазекем жамандыққа жорымаушы ед...

Төсінде із қалдырып арман белдің
Тек шаңын көрсетердей маңмаңгер күн.
Бұл не түс?!
Ішіндемін қанды әлемнің,
Әз басым жалғасы еді арлан ердің,
Тәнімнен бөлініп ап,
Елінен көңілі қап,
Шарлап жүр музейлерін орман елдің.

Азап түс!
Алыс болды-ау жақын таңым,
Бабам жүр.
Жатырқай ма жат ұрпағын...
Бассыз тән сүңгіп ақша қойынына,
Бордельдің араласты ойынына,
Даңғаза‑шуға қашам,
Ал, енді бір қарасам,
Итжеккен қарлы аймақта жатыр тәнім.

Көздерім шарасыздық шарасында,
Ал, қолым өз шапаным жағасында.
Көмейім бұлбұл құс кеп ұя салған,
Күміс ед Тәңір өзі құя салған
үніне ел жақсы уанған,
кеше Атам ат суарған
Сенаның бүлкілдеп тұр жағасында.

Иығым «танаулының» тартып жүгін,
Жон арқам жуандардың артып жүгін,
Асқақ ем,
Айбынды едім,
Айбарлы едім,
Жат біреу салмақ салып, қайран белім,
Қайысты нар атаным,
Қарысты алақаным,
Сонда да у мен буға шалқып жүрмін.

Түйсікпен тез атуын таңның күттім,
Шөлдедім, қаным ұйып, талдым, біттім.
Ал, миым жаңалықты енді үдетіп,
Жұлдызды жалауларды желбіретіп,
Ғылымның кенін ашып,
Мұхит пен теңіз асып,
Шарлап жүр зертханасын әр құрлықтың.

Тек жігер арқаламай, көтермей мұң,
Аяғым...
ол да тәннен бөтен деймін.
Үш жүз алпыс бойлықты, жүз ендікті
кезіп жүр.
Тізем болса – тізем мықты,
Жауынан қалтырамас,
Білетін даңқын Алаш,
Шақ қапты бүгілуге екен деймін.

Қайратсыз қайран жаным қысылды әбден,
Бағынбай күшім тәнге, ісім мәнге.
Қатал күн қайдан құйсын жанға ізгі леп?
Рухымды ұстап тұрған жалғыз жүрек.
Шыңғырып ышқынады ол.
Тәңірім, түс қыла көр!

Ояндым...
Үрейімді ұшырған не?
Түсім бе, әлде?..