Аружан Оралбай. Жүрегіңде Құдай бар ғой, кірлетпе
«Тәңір көкте» деген қайсы? Жүрегіңде емес пе ол...

Аружан ОРАЛБАЙ – 1999 жылы 16 тамызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жиделіарық ауылында дүниеге келген. 2017 жылы №206 Жиделіарық орта мектебін тәмамдап, Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіне «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алған. 2021-2023 жылдар аралығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни-верситетінде «Филология» білім беру бағдарламасы бойынша магистр дәрежесін алды. Бүгінде республикалық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі.
***
Кеше қандай күн еді, бүгін қай күн?..
Кешкен күнім күн емес, бірыңғай мұң.
Көзімді ілсем, еш жерден естімеген
Бір әуенді түсімде ыңылдаймын.
Ыңылдаймын, білмеймін қандай ән бұл?
Таңдайға сап, Тәңірім, таңда ояндыр.
Көз ілгенде көмейден төгіліп кеп,
Жарық нұрға сіңеді жан баяу бір.
Дәрмен бар ма, көшеді дәурен өлең.
Жалғыз қазақ секілді «әу» демеген...
Түсімдегі тәтті әнді өңіме бір
Әкеле алмай әйтеуір әуреленем.
Көңіл деген шарт кетер шыны зат па?
Шыны көңіл шерте алмай мұны жатқа,
Еске түспей қинайды есіл әуен,
Есеңгіреп жүремін күн ұзаққа.
Ғұмыр осы... күлдің не, жыладың не,
Құмар әуен, құлағым тұнады үнге.
Шаршағанда жалғаннан,
Сол әнімді
Шырқап барып аттансам шын өмірге...
(Арманым жоқ!)
***
Кейі-ін... кейін жүрегің жоқтар әлі,
Өзгермейтін көңілім осы бірақ.
Жанымды күні-түні жеп барады,
Бір уайым, бір сағыныш... қосылып ап.
Сен айтшы, дұрыс жасап жүрмін бе осы?
Ақ-қараны өзіңдей үйретпек кім?
Менің тәнім – сүлесоқ мұң мүрдесі,
Басым ауған жақтарға сүйреп кеттім.
Беймәлім дерт еміндей таптырмадың,
Қанша күтті қамкөңіл қырық құрау.
Жадымда сайрап жатқан сәттің бәрін
сен ұмытқан шығарсың... ұмыттың-ау.
Не таптым қол созым жер тұрғанда да?
Не таптым көрем деумен көзі бүтін?
Жанымды тоз-тоз еткен жылдар ғана.
Жанымды тоз-тоз еткен өз үмітім.
Арман не сағыныштан өле алса адам,
Алдамшы үмітімді нәр етемін.
Кіп-кішкентай шәріде сені аңсаған,
Кіп-кішкентай жүректің бар екенін
Ұмытпашы!
***
Еңкілдейді көкте бұлт егілмей кеп,
Жер-дүние киіп ап керім көйлек,
Құбыладан жел есер,
Қобалжыған
жас жігіттің жып-жылы деміндей боп.
Мына көктем мен күткен көктем бе еді?
Гүл біткенді қырып сап бөктердегі,
Шыр айналып билеген қара құйын
көз алдымнан кетпей жүр көптен бері...
Көптен бері көз алдым астаң-кестең...
Астаң-кестең дүние-ай бастан көшкен.
Жер бетіне қай кезде құлап түстің?
Жарығым-ау,
Жеті қат аспанда өскен!
Құлатты ма құйындар құлдилатып?
Жалқы үмітті бір құрап...
бір қиратып...
Жалықтым мен сүреңсіз тіршіліктен,
Ширегін де ғасырдың сүрмей жатып.
Сенің жаның адами мұңнан аман,
Мені де ала кетсең ғой бұл қаладан!
Жұбата алмай өлеңді аласұрам,
Жүрегімнің ішінен іңгәлаған.
Көңіліңнің аспаны күлгін еді!
Көңілімнің мың қатпар мұңды реңі.
Алты жыл сап араға,
қайта оралған
КӨКТЕМ – сенің есімің...
Кім біледі?..
***
Сондай тұнық көздері, бар-ды реңі,
Сондай таза, кіршіксіз жан-жүрегі.
Қас-қағымда қалпымнан адастырып,
Он жетіме оралтып алды мені.
Көрінгеннен артып ап өкпе, қайғы,
Көрмей жүргем күнді де, көктегі айды.
Сөздер, сөздер…
Мәнсіз һәм мағынасыз.
Сенің бала жанарың неткен ойлы.
Құдіретке осынау құмарта қап,
Сағынышым оянды сыңар қанат.
Жасаған-ау, бұл тұнық жанар әлі
Жыламаған шығар-ау күнә арқалап.
Өмір жұмақ болмай қап жұрт ойлаған,
Адам тәтті шақтарын шырқайды әмән.
Жанарың мен жанарым түйіскенде,
Сырымды оқып қоярдай сырт айналам.
Шаттықтан да баз кешіп шаршаған күн,
Ырғағына ілесіп аңсар әннің,
Тазалықты сендегі табам ба деп,
Жанарына үңілем барша адамның.
Сол сәттерді сүйретіп мәңгі алшаққа,
Күндер көшті қайрылмай, қармансақ та.
Сен жоғалып кетпеші,
Менің соңғы
жұбанышым көзің боп қалған шақта.
***
Кетеді дос, кетеді құрбы да ұзап,
Бір күн жақын, қайтесің бір күні жат.
Қоңыр салқын қалада көше бойлап,
Қою түнде күрсініп жүрдім ұзақ.
Жан-дүниеңді уайымға бояп ішкі,
Баяндайды кең даңғыл баяғы істі.
Тағдырлары қоспаған екеу отыр,
Тағы өтірік күледі...
Аянышты.
Бәлкім демін үзді ме дәмелі үміт?
Жеріді ме жалғаннан?..
Жаны егіліп,
Жасын сүртіп барады жалқы, жаяу,
Жанарларға жалтақтап әрегідік.
Өзге ұқпаса ұқпасын. Өлең ұғар.
Өліп-өшіп енді қай керегі бар?
Өз-өзімді таба алмай жүргенімде,
Өз-өзінен қашады неге бұлар?
Сағыныштың сап-сары түсі, о неғып?
Жүрмейді оған Тәңірдің күші егелік.
Ауық-ауық күрсінем, естеліктер
еміс-еміс есіме түсе беріп.
Жапырақтай жел үзіп,
Жаңа аттаған
ғұмырымның сыртынан қарап барам.
– Сен ғана емес, – десеңші, е-е-ей, адамдар
– Аласұрып, қаланы адақтаған.
Кетеді дос, кетеді құрбы да ұзап,
Бір күн жақын, қайтесің бір күні жат.
Қоңыр салқын қалада көше бойлап,
Қою түнде күрсініп жүрдім ұзақ.
***
Кеш қарайса алмасып кезек дұғам,
Мың құбылып көңілде мезеттік ән,
Күнде саған жазуға оқталам да,
Күнде солай өзімді тежеп тынам.
Күттім...
Қайтып келердей тәтті бір сәт,
Күттім...
Көзден төгіліп жатты бұршақ.
Тәңір солай ойнай ма?
Сені басқа,
Мені басқа жолдарға лақтырып сап.
Күнәдән пәк секілді тегі бәрі,
Айтса айтсын.
Жұрт осы нені ұғады?
Өмір жазса Тәңірім пешенеме,
Өлең жазғым келеді менің әлі.
Шертер шері шегіне жетті-дағы,
Кері айналып мен кеттім, кетті бәрі.
Өп-өтірік күлуден қажығанда,
Саған барып жылағым кеп тұрады.
Келерге жол таба алмай, барарға есік,
Ғасыр шөккен секілді, ғалам көшіп.
Көргім келіп іздедім, көрінбедің.
Көрінгенге мұң шағам, амал нешік?
Жан кемірген сан ойға сор бірікті,
Мен шаршадым.
Таусылдым.
Болды.
Бітті.
Хат-хабарсыз сырғыған қаншама айлар –
Сүйретіп алып кетті соңғы үмітті.
Шаттығы да – өлеңі, өлең – мұңы,
«Өлең» ғұмыр кешермін мен ендігі.
Бақытымды жоғалтып алған екем,
«Бақытыңды тауып ал» деген күні.
***
Сен де, мен де – түлей кезген тағдырмыз,
Жалқымын деп жүр бәрі.
Аспан жақтан ағып түскен әр жұлдыз –
Тілегіңнің құрбаны.
Сөнер-сөнбес соңғы үмітке сеніп пе ем?
Өтеуі не өксіп өткен көп күннің?
«Өмір – жалған» деп күрсіндің. Неліктен
«Жалған өмір» деп күлдім?
Ортамызда жасын жұтып тек ішке,
Ай... жыл өтер, о, ғасыр.
Саған... Саған: пенде біткен – періште,
Жанның бәрі – жанашыр.
Мәнсіз үміт өтер бәлкім мәңгі арбап...
Көз алдымда көлбеңдейді келмес күн.
Сені менен жақсы ұғатын жандар көп,
Мені сендей ұға алмайды-ау енді ешкім.
Жалғыздықты маңдайыма жазып ап,
Сезем түбі:
Орнағанда демде түн...
Жылай-жылай, жаным тәннен ажырап,
Өзіңді іздеп кезіп кетем жер бетін.
Ал, сен...
Қиялында күн кешесің өзгенің,
Күллі арманым тонап ап.
Саған ашып айта алмаған сөздерім
Түбі өзіммен өлетіні обал-ақ.
Сен де, мен де – түлей кезген тағдырмыз,
Күліп, жылап, опынып.
Аспан жақтан ағып түскен әр жұлдыз...
естімейді. Өтірік.
***
Кісі болдым. Боқтап кеттің біреуің.
Кішірейдім. Аттап кеттің біреуің.
Қайран менің астаң-кестең көңілім,
Қайран менің қырық жамау жүрегім.
Табан асты тапталған соң биігі,
Бұл жүректің естілмей жүр жиі үні.
Жақын көрген адамыңның жат ойын
жанарынан оқып қою – қиыны.
Күнге теңеп көтеріп ап, күндейді ел,
Ал, сонан соң жыламай көр, күлмей көр.
Кеше біреу «жер – домалақ» деп кетті,
Өз басының доп екенін білмейді ол.
Сағым сынды, бір ой қозғап бір ойды,
Сартап мұңым сарқылатын сыңайлы.
Пенде біткен пәк болса егер,
Құранда
«кешірімді» демес еді-ау Құдайды.
Жалқы-сыңар жанымды ерте-кеш ұғар,
Шамаң жетсе шапанымды шешіп ал.
Жұмақты айтып қызықтыра алмасам,
Тозақты айтып қорқытамын, несі бар?!
Тұрақ таппай не аспаннан, не жерден,
Татқан уым таңдайымда кезерген.
Өзегімді жарып шығып, түбінде
Өлмес өлең жазарымды сезем мен.
***
Айна су құшқан ай тәнін,
Дария бойы бақ бар-ды,
Сұп-сұр боп кешіп қайтамын,
Сап-сары жапырақтарды.
Қалаға келші!
Үзіліп кетсем, разымын,
Үздігіп бәлкім жыр күттің.
Қарадай жүріп қажыдым,
Қамытын шешіп тірліктің,
Қалаға келші!
Тамшы боп біткен бәріне,
Таңғы шық – жасым тұп-тұнық.
Кеудемде мынау әлі де
Жүрегім барын ұқтырып,
Қалаға келші!
Сарғайтып күздің самайын,
Жапырақ құлар – бос үміт.
Өлеңімді алып қалайын,
Ойлы көзіңнен көшіріп,
Қалаға келші!
Білсең ғой, жаным – баладай,
баса алмай жатқан солығын.
***
Бар бұлақтан мөп-мөлдір бар тұмадан,
Мұңды қалай жаныңнан тартып алам?
Көзім түсіп кеткенде күрсінеді:
Жүрегіңнің тұсында жалғыз өлең,
Жанарыңның ішінде жарты ғалам.
Қамшы тілген қам аттай сауырлығын,
Жүрегіңіз жылай ма жауынды күн?
Жан азамды жаза алмай жүрмін әлі –
Жаназадай жаныма ауыр, күнім!
Құдай айдап кеп қалған бұл әлемге,
Жұлым-жұлым жанымды жұла берме.
Жатырынан безініп жатырқайды,
Мен жазбаған секілді мына өлең де.
Бірін ұқпай көзіңнен, бірін ұғып,
Жан-дүнием алқам-салқам, ұлып-ұлып.
Тілдесе алмай жүргенде,
Ғұмырымыз
тіліне анау сағаттың тұр ілініп.
Неше сенген, көңілім неше қалған,
Ессіз күннің елесі еседі алдан.
Мұнша қымбат болар ма бір ауыз сөз,
Сонша құнсыз болар ма кешегі арман?
Ұқпады деп жанымды тұғырлық ұл...
Кеттім-ау деп сүйе алмай ғұмырды бір...
Адамзатқа жатармын өлең оқып,
Қара жердің астынан күбір-гүбір.
***
Айтылмаған сезімдер де,
Ақтармаған сырлар да.
Е-е-е, қайтейін? Езіл, кеуде!
Енді ол мені тыңдар ма?
Шыдам біткен. Шыны шағып,
шыңғырғым кеп тұр неге?
Дәл осылай ұғысалық.
Үндемейін. Үндеме.
Түгесілем... тозар жаным.
Мұңға қойды теліп түн.
Көктен неге көз алмадың?
Аспан жақтан не күттің?
Сәл бақытты, сәл азапты
сәттер кештім. Түсім бе?
Бұлттар ауып бара жатты
жанарыңның ішінде.
Мұң қармаған, мен енді ойшы,
Ойым кейде өрескел...
«Тәңір көкте» деген қайсы?
Жүрегіңде емес пе ол.
Шерленемін, шырай қалмай
даңғазада, дүрмекте.
Жүрегіңде Құдай бар ғой?
Құдай бар ғой... Кірлетпе!
***
Көрмегендей жалғанда мүлде өкініп,
Күннің көзі күледі күнде өтірік.
Қайтқан құстың әніне әлем мүлгіп,
Терек-талдар тұрғандай тербетіліп.
Жәудіреп ай, жайылса түн етегі,
Тағдырым деп, тапталып түбі өтері,
Жапырақтар жап-жасыл жылап тұрып,
Бір апталық ғұмырын жыр етеді.
Әлім бітті-ау алысып әр ойменен,
Айлы аспаннан нұр емес тарайды өлең.
Күз келерде мен неге көп күрсініп,
Кешегіме бұрылып қарай берем?
Тауқыметсіз тіршілік тағы алдайды,
Жалбарынып, төксе де жанар қайғы,
Күз келеді... Ешкім де бізді аспанның
көз жасынан құтқарып қала алмайды.
Осы күзге, о, неге бәрі құштар?
Жүрек іші – жанайқай, жарылыстар.
Сағыныш – ол сарғайып күту болса,
Сап-сары бояуларда сағыныш бар.