Сафина Ақтай. Қақталған тауық сирағы
Оған оның өтіріктеріне дәл өзі сияқты баладай иланатын адамдар ұнайтын...

Сафина АҚТАЙ – жазушы, аудармашы. 1996 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Шығармалары республикалық басылымдарда жарық көрген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі. Журналистика саласында бірқатар ақпараттық агенттіктерде жұмыс істеп, М.Хайдеггер, М.Фуко, Ж.Делез, И.Бергман, Э.Юнгер, С.Лоут сынды бірқатар ойшылдардың мақалалары мен сұхбаттарын қазақ тіліне аударған.
– Менің папам қар сатады. Кәдімгі камазбен сатады.
Колледж маңында тұрған бір топ қыз ұлардай шулап күле жөнелді.
– Далада тегін жатқан қарды сата ма?, – деді біреуі бәрі естісін дегендей қатты дауыстап. Бұл сөзден кейін қызық күтіп тұрғандар одан сайын даурыға күлді. Сасқан үйрек артымен жүзеді демекші, Жаңыл бұл жайсыздықты жуып-шаюға ұмтылып:
– Ауылдағы үйде жаттығу залы бар, келесіде Толқын үйге келсең, көрсетемін, Юнгер деді. – Қай жерде дейсің?, – деді сұңғақ бойлы, қысқа көк жемпірінің жеңін қолымен қайта-қайта соза берген қыз.
– Жерқоймада, – деді Жаңыл бұл жолы өзіне өте сенімді дауыстап.
– Адам жерқоймаға жаттығу залын салмайды, мүмкін жертөледе шығар?, – деді әлгі қыз тағы сықылықтап күле бастағандарға қосылмай.
– Ой, иә, жертөледе, жерқойма деппін ғой, – деді Жаңыл ыңғайсыздана күліп.
Жиналып тұрғандар күлісіп, әңгіме айтып, тарай бастады. Жаңыл олардың ізінен еріп жалғыз келе жатыр. Қолында үлкен былғары қара сөмке, оның ішінде ноутбугы, кітап-дәптерлері бар. Сабақтан шыққан беті осы, жақында мектепке іс-тәжірибеге барады. Бұл теориялық сабақтардың соңғы аптасы. Содан да сөмкесі ауырлай түсті. Үстінде белін әупірімдеп жауып тұрған қошқыл қоңыр пальто, тізесіне дейін қара тік белдемше киген. Қысқа шашын резеңкемен буып алыпты. Аяғын бір-біріне айқастыра, сәл маймақтау басады. Баяу ілбіп ол қала тұрғындары арасында «Встреча» атауымен танылған шағын мөлтек ауданға келді. Мұнда студентке керектінің бәрі бар. Дөнерге де тоясың, қағаз-қалам, арзан бағада киім-кешек, опа-далап сататын бірнеше сауда орталығы бар, қарсы бетте шаштараз орналасқан. Осы маңға жақын жердегі колледжде оқитын қыздар көбіне әлгі шаштаразға келіп шаш қидырады, қас боятады, мерекелік кештерде шаштарын сәндеп шығады. Жаңыл жолдың арғы бетіне өтіп «Жазира» сауда орталығының жанында орналасқан шағын дүңгіршекке таяды.
– Қақталған бір тауық сирағын беріңізші, – деді ол.
Оның артынан шулап басқа қыздар келді де, самса ала бастады. Жаңыл отқа әбден қызып піскен тауық сирағына қол созып жатып, біраз тосылып қалды. Әлгі қыздар әдетте бір самса, аздаған сусын ішсе, тойып қалады. Ал ол қақталған тауық сирағынан кейін де қатарынан екі самса қосып жеуге қарсы емес еді. Кейде қыздар «Осының бәрін өзің жейсің бе?», – десе, «Үйдегілерге апарамын», – деп өтірік айтатын. Бірақ ол жалдамалы пәтерде жалғыз өзі тұрады. Бауырлары ара-тұра демалыс күндері келіп тұратыны болмаса, ол сырттан осылай тоя тамақ ішіп үйге оралатын. Кейде пәтеріне сабақта бірге отыратын құрбысын қонақ етеді. Құрбысы жатақханада тұрған соң көбіне көп қарны ашады. Шәкіртақы түскенше Жаңылдың үйінен тамақтанады, болмаса бірге асханаға барады. Жаңыл ол қызбен құрбы дейтіндей жақын араласпайды, көп қыздың ішінде өзіне күле қарап, жылы қабақ танытқан жалғыз қыз сол еді. Ол Жаңылдың әкесінің қар сататынына да, үйдегі жертөледе жаттығу бөлмесі барына да, Жаңылдың өзі айтқан сымбатты жігітпен кездесетініне де мүлтіксіз сенеді. Керек кезде кеңесін де аямайды. Жаңыл әр демалыс сайын ауылына барарда шашын бұйралап, сәнденеді. «Ауылда мені күтетін жігіт бар. Бойы ұзын, денелі, мектепте географиядан сабақ береді», – дейді ол құрбысына. Құрбысы кейде Жаңылды бояндырып, әрлеуге де дайын тұрады. Шашына қатырма лак сеуіп, көйлегін түзетіп, барын салып жатады. Жаңыл қыздың оған секем алып қарамай, жай ғана сенетініне іштей қатты қуанатын. Ал өзіне сұраулы жүзбен сұқтана көз тастап, әсіресе, дене тұрқына немкетті қарап, жоғарыдан төмен тінте көз салатындармен бірден әңгімесін шорт кесіп, оларға мейлінше жоламауға тырысатын. Себебі өзі айтатын өтіріктердің беті ашылып, көптің алдында ұятқа қалам ба деп қорқатын. Оған оның өтіріктеріне дәл өзі сияқты баладай иланатын адамдар ұнайтын. Сондықтан ондай жандар кездессе, оларға жалпылдап ілтипат танытып, үйіне шақырып тамақ беріп, кейде көңілі түскенде ақша да беретін. Бұл құдды болашақта өтірік айтқаны белгілі болып жатса, соған алдын ала төленген өтемақыдай көрінетін. Бірақ оны Жаңылдан басқа ешкім де білмейтін. Жаңыл өзінің артық салмағынан қысылғандықтан, көп дүниеде басқалардан қарағанда артықшылыққа ие болуым керек деп санайтын. Сондықтан жалдап тұратын пәтерін көп адамға өз үйім десе, қыздың өзіне ғашық екенін білмейтін жігіттің суретін әлгі құрбысына көрсетіп, онымен өткерген бақытты күндерін жүзі бал-бұл жайнап, әңгімелеп беретін. Кейінгі кездері біраз салмақ тастап, бетіндегі көзіне сүйелдей болып көрінетін безеулерден құтылуды ойлады. Солайша, белгісіз бір дәрігердің нұсқауымен жамбасының қанын бетіне құйғызды, қан алмастырған көрінеді. Жаңыл беті тазарады деп күткенмен, одан еш нәтиже болмады. Содан бері айнаға бұрынғыдан да бетер көп сұқтанатынды шығарды. Кейде бір емес, екі айнаны қатар қойып, денесінің алды-артын мұқият бажайлап қарап, іштей әртүрлі ойлармен алысатын.
Ол өзінің бейтаныс ойларына ғашық. Бейтаныс ойлар оны қиянатсыз өтіріктерінің алдында айыпты етпейді, оған уақытты тәрк етіп, тек қана болашағында өмір сүруге жол ашатын. Жаңылдың өткені де, осы сәті де жоқ еді. Ол айтқан әр өтірігін өткен шаққа қалдыратын, ал осы шағы бір демде тек болашаққа айналып отыратын. Оның осы шақтағы өмір ағысын суқаны сүймейді. Сондықтан өз болмысын жек көретін болмыс алдындағы дәрменсіздігінен құтқаратын болашақ туралы ойлар кемесіне жармасып алып, қандай алапат дауыл соқса да, одан қол жазып қалатын жайы жоқ.
Ол әлбетте бұл әрекетіне дейін де, одан кейін де өз тәнін мақұлдайтын жандармен ғана әңгіме-дүкен құратынын білген жоқ. Ал оның тәнін көріп, өзінен алшақтай беретін еркектерге неге сонша құмар болатынын өзі де білмейді. Олармен өз санасында кездесулер ұйымдастырады, ғашықтық сырларын ақтарып, мінсіз бойына құйып қойғандай жарасқан ұзын қызыл көйлекте көптің тоқтаусыз қошеметімен кең залдың есігін бекітіп шығып бара жатады.