Абай Аймағамбет. Білте шамның жарығы

Жарық жанған күні Түгелбай жарық дүниеге қош айтты. Бұл ауылдағы білте шамның дәурені Түгелбаймен бірге өлді...

Oct 7, 2025 - 15:28
 40
Абай Аймағамбет. Білте шамның жарығы

Абай АЙМАҒАМБЕТ – жазушы. 1992 жылы 25 мамырда, Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматы қаласында оқып, білім алған. Бірнеше прозалық шығармасы республикалық әдеби бәйгелерде топ жарды. «Бес күнді күту» шығармасымен республикалық «Алтын тобылғы» бәйгесінде бас жүлдегер атанды. «Садақа» әңгімесі үшін «Ұлы дала» әдеби байқауында «Мұхтар Әуезов атындағы арнайы жүлде» табысталды. 2023 жылы «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда...» романы үшін «Кемел-қаламгер» республикалық детектив байқауының бас жүлдесін олжалады. «Бесінші жатақхана», «Бұрылысқа жар-ты қадам қалғанда» кітаптарының авторы.

(Әңгіме)

Электр жарығы тартылады екен деген хабар ауыл ішін лезде кезіп кетті деп өтірік соқпай-ақ қояйық. Оны елден бұрын естіген Көлбай еді. Жақында ғана СПТУ-ды бітірген. Қатарластарының бәрі тракторшы, агроном, дәнекерлеуші сияқты сұранысқа ие мамандықтарға   тапсырғанда, жұрттан дараланып монтердің оқуын оқыған. «Ауылда тым құрыса өлімсіреп те тұрған свет жоқ, атаңның басына монтер боласың ба» деп әкесі сыбап жүрді.  
Ауылдастар одан баяғыда теріс айналған. Мүсіреттің баласынан электрик шыға ма десейші әуелі депті. Мүсірет армияда болған жылдары ток жалғап, ептеп абырой жиған көрінеді. Тіпті сонысын дәлелдейтін сурет те бар. Сірә, Көлбай соны көріп алып шабыттанған сияқты. 
Аудан әкімі «ауылыңа свет жүргіземіз, қолының ебі бар біреуді ертіп, тез жет» деген кезде әкім Отарбайдың есіне осы Көлбай түскен. Ауданнан аяғы талып жаяу келген Көлбай осылай да осылай деп әкесіне айтыпты да, бір кесе айранды төңкеріп сап, қор ете түсіпті. Мүсірет лапылдап ала жөнелетін адам емес. Түстен кейін, оның өзінде құрдасы Құсбаймен кездейсоқ ұшырасып қалады да, әлгіні айтады. Свет тартылады екен деген ақжарма жаңалықтың осыдан кейін ғана бағы ашылып, кеш батқанға дейін ауылдың бүкіл сай-жыра, қоныс-қолатына дейін жетіп болыпты. Ауылда қуанбаған адам қалмады. Самаладай жарық тап бүгін төрлерінде жарқырап тұрғандай, шуылдасып жатыр. Әшейінде, әрі майды үнемдеп, әрі азанда малға тұратынын ескеріп, күн батқаннан төсекке бас қоятын ауыл сол күні кеш жатты. 
Түгелбай да кеш ұйықтады. Бірақ қуанғаннан емес. Жағдайдың дәл бұлай басқаша реңк ала жөнелгенінен шошып, уайымдап, келешегіне алаңдап жатып, таңға жуық көзін ілдірді. Түкеңнің түн баласы көз ілмейтіндейі бар енді. 
Бурылсайдың бауырын мекендеген жүз шақты түтін туғалы тас қараңғыда отырған мекен. Жұрт күнде кешке тақау май шамдарының шынысын газетпен сүртіп, ішіне жермайды толтырып сақадай қып қоятын. Кешкісін малын қамап, бақшасын суарып келген ағайын асқа отырар сәтте әлгі шам да жағылады. Өзінің жарығы зор. Сап-сары болып бөлменің ішін түгел қамтып тұрады. Қабырғадағы абажадай көлеңкелер азайған соң балалар жағы сабақ оқуға қамданады. Жаңа ғана ас ішілген дастарханды шешей сүртіп, тазалап, үстіне таза газет төсеп, енді кішкентайлар май шамды дөңгелей жағалап отырысады...
Ауылда жарықтың жоғы Түгелбайдың есебін түгел етіп тұратын. Аудандағы көтерме базарда тұратын немере ағасы Әбсадықтан керектінің бәрін арзанға алады да, ауылға әкеліп саудаға шығаратын: шамның түр-түрі бар – білтелі шам, екі түтікті шам, керосинка шам, мөржелі шам, балауыз шам бәрі сөреде сыңсып тұр. Шамды тұтатып отыруға аса керек сіріңкенің де түр-түрі менмұндалайды. Түрлі түске боялған, көз тартатын шырпы қорапшалар алмасыңа қоймайды. Қала берді Түгелбай шамға құятын жермай мен керосиннің де бірнеше түрлісін бөлек қоймада сақтап отырады. Сұрай келгендерге оны да өлшеп құйып береді. Саудагер неме жерге бір тамшы тамызбай сыздықтатып құйып, жылпылдаған қолымен кәністірдің сыртын дымқыл таза шүберекпен бір тазалап өтіп, қақпағын мың қайтара бұрап ауылдастың қолына ұстататын. 
Алда-жалда жерге бір тамшы май тама қалса онда жеті атасына жеткізіп сыбайтын. Кімді дейсіз бе? Кімді болса соны. Жақын маңда кім жүр, соның бәрі Түгелбайдың қаһарына ұшырап шыға келеді. Көзіне кім ілінсе соны боқтайды. Анау қырда қойын өргізіп тастап, сырт киімін жастанып ұйқыны соғып жатқан қойшы да Түгелбай боқтығының арасында жүреді. Түгелбай өзіне ешкімнің мәу деп қарсы келмесін білген соң сыбайды да. Түкірігі жерге түспей тұрған Түгелбай емес пе! Ол ауылдағы кез келген адамға қарызға не май, не шам бермей қойса бітті емес пе, сол үй су қараңғы қалсын. 
Ал Түкеңнің өз үйінде ең керемет білте шам бар. Тұтқасы қалың әрі биік, конфоркасы да отты, кең, жалпақ матасы лаулап жанып, сәулесі бір бөлмеден артылып келесісіне еркін жетеді. Күні бойы саудасын жүргізіп, ақша санаймын деп сұқ саусағын бірнеше мәрте жалаған Түгелбай кешке тақау есебі түгелденіп, масайрап, керосин шамның жарығымен газет оқып жатады. 
Түгелбаймен бұл ауылда ешкім тең дәрежеде сөйлесе де алмайды. Тек әкім, шойын қара Отарбай мен мектеп директоры Жұманмен жақсы сыйлас. Сосын Құсбаймен санасады. Соның ескі мәшинесімен тауар тасиды. Тіпті серіктес деуге де болардай. Соңғы бір-екі жылдықтан бері Бурылсайды былай қойып, көрші ауылдарды да екеулеп қамтуға көшкен. Құсбайдың сауданың бұл түрінен хабары жоқ. Тек далаңдаған шопыр. Соның өзі көңіліне медет. Ал Түгелбай қалғандарына шекеден қарап, сыртынан өсектеп, анша-мұнша менсінбей отырады. Онымен қоймай әлдебір ортада өзі және аталары туралы әңгіме бастап, бір жанса лапылдап қоймай тұрып алатын үйіндегі шамның жалпақ білтесі сияқты жақын арада сөзі де таусыла қоймайды. 
– Мына біз өзі Әліпбектен тараймыз ғой, сол түп атамыз уағында қорасына төрт түлік малды түгел қамаған, ақ май жеп, сары сорпаны өлшеусіз ішкен бай болған екен. Байлық – тәңірден дейді ғой молдалар. Құдай да байлықты сүйген құлына береді де, – деп айналасына өңмеңдеп, көзінің қиығымен қарайды.
Ондай да өңшең «Құдайдың сүйген құлы бола алмай қалған» бейшаралар әлбетте деп дауыстай қостап, құдды Әліпбектің байлығы бұларды да жарылқап отырғандай жамырай кететін. Түкеңе де керегі осы ғой. Одан әрі маңғазданып, одан әрі асып-тасып сөйлей түседі. 
– Төртінші атам Сәбитхан, мынау Көкше жақта ауыл старшинасы болды, кейін сұлтандыққа дейін көтерілді, – деп Түкең әңгімесін әрі қарай сабақтайды, – Атамыз тіпті болыс та бола жаздаған екен. Бірақ ол заманда да қазақтың қараулығы, көре алмастығы қалған ба. Біресе байсың деп бетіне салық қылып, біресе қарсыласы әскери губернатормен ауыз жаласқан бәле ме, әйтеуір алға түсіп кете беріпті.
Осылай өз әкесі Құттыбайға дейін олардың игі қасиеттерін түгел тізбелеп, қандай байдың тұқымы екенін, қазір өзі де сол байлықты шашауын шығармай ұстап отырғанын жеріне жеткізіп айтып бір-ақ тоқтайтын. Түкең әрі қарай да көсіле берер ме еді, дүкеніне кеп тұрған адамдарды ойлап жәймендеп үйіне қарай аяңдайды. 
– Бұл өзі қатынына да сенбейді, – деп қатындар жағы пыш-пыш ететін. 
– Бүкіл ақшаны уысынан шығармайды, көрге де ала кететін шығар, – деп күңкілдейді енді бірі. 
– Түгелбай болмаса қараңғылықта қалғанымыз қалған еді. Қалай сөйлесе де жарасады, – деп тағы бірі қостай сөйлейді. 
Сөйткен Түкеңнің дәурені де түгесілген сияқты. 
Мазасыздықтан ертесі де арылмады. Шам сұрап, керосин сұрап келгендерге де сараңдау жауап қайтарып, сылбыр қимылдап жүрді. Бәрі мұны табалап, мысқылдап тұрған сияқты. Адамдардың бетіне де тура қарай алмай, қарадай әбігерге түсті де қалды. Олар да қырсыққанда үндемейді. Сөзді өзі бастайын десе, «е, ауылға свет тартады дейді, сенің күнің не болады екен енді» дей жөнелетін сияқтанып, тартынып қалады. 
Әшейінде дүкеннің ішін бір тазалап, шамға салынатын білтені жалпақ матадан қиып, даярлап, шыныларды бір-бір сүртіп, орталай бастаған кәністірлерді бөлек жиып, тыным таппай жүруші еді. Соның біріне де ынта болмай, сүмірейді де қалды. 
Басым жерге жеткенше өз беделімді өзім сонша басып, о, несі ей деп серпілмекші болады. Бірақ көше-көшеде жүріп жатқан жұмыстарды көреді де, ауыр мұң қайта иектейді. Аудан токтарды жалғап тұратын бағаналарды өткен аптада толығымен жіберген. Енді соны бір топ адам күн сайын әр көшеге орнатып жатыр. Трансформатор тура Көлбайдың үйі тұсынан, сайдың етегіне түсетін болыпты. 
– Алда-жалда свет өше қалса, барып жөндегеніме оңай болады, үй жаққа қойыңдар, – деп Көлбайдың өзі айтыпты. 
– Әдетте трансформатор әкімдіктің қасында тұрушы еді, бұл қалай болар екен дей берген аудан өкіліне,
– Онда сол трансформаторды әкім өзі ашып-жапсын, бұзылса жөндесін, менің ештеңеге қатысым жоқ ендеше, – деп қолын бір сілтеп қорасына жөней беріпті. 
Маңдайларына біткен жалғыз электриктен айырылып қалу оңай дейсің бе? Әкім Отарбайдың өзі кірісіпті сосын: 
– Көлбай айналайын, ашуланба енді. Қатып қалған заң жоқ қой, түге. Сол трансформаторды зал тамыңа кіргізіп қойсаң да менің зәредей қарсылығым жоқ. 
– Ә-ә, міне, әңгіме деген осындай болса керек, – дейді Көлбай қайта жайдарыланып. 
Мұның бәрі Түгелбайға жетпей тұрмайды. Баяғы табанының астына түсе жаздап, етегіне оратылып жүретін адам жоқ. Бейшара адамдар, бұл тіпті заттарын екі, үш есе қымбатқа сатса да, ләм демей ала беруші еді (ала бермегенде қайтсін енді). Той мен аста төр де Түгелбайдікі. Әңгіме де Түгелбайдікі. Түгелбай бар жерде әкімің мен директорың адам санатына ілікпейді де. Іліксе Түгелбайдың жамбасы көтерілген соң ілігеді. Енді көрмейсің бе заманның қалай аунап түскенін. Шынымен, свет тарту басталғалы бері мұның дүкеніне келетін адам да сиреді. Сірә, бұған жеткен, Шабанбай айтты екен деген әңгіме рас болғаны да. 
– Әне-міне электр жарығына жетеміз, оған дейін тас қараңғыда қанша күн отырсақ та отырайық. Түгелбайдан тәуелсіздік алу үшін бұл азапқа да шыдайық, – депті құрдасы Құсбайдың 50 жылдығында отырып. 
Қазір Түгелбай мұндай дастархандардан да аяқ тартқан. Жоқ, шақырмады емес, шақырды. Бірақ Құсбайдың ортаншы баласы дарбазаның сыртында тұрып «әкем келсін деп жатыр» деп міңгір етті де, есегін тебініп тайып тұрды. Мұның баяғы дәуірі болса ғой, арсалаңдап Құсбайдың өзі келер еді де. Батасын алып, шапанын жауып, әрең шығарып салатын заман қайда қалды десейші. 
Ақыры көше-көшедегі бағана орнату жұмыстары айналдырған бір-екі апта ішінде біткенімен, сым жалғау сәл ұзаққа созылды. Бірақ ол да тым шұбалаңдап кеткен жоқ. Қиынға соққаны трансформаторды әкелу, сосын оны қосуға дайындау болды. Бұл уақыттары Түгелбайдың ауруы тіпті асқынды. Дүкеніне келген адамдарға ұлын, не кемпірін жұмсайды да, өзі ертелі-кеш терезеден телміріп қарап жатады да қояды. Мұнысын сезген кемпірі ары-бері түртпектеп те көрді. Онысына көнбеген соң жұбатты да. 
– Тұқаш-ау, тартылған свет сөнбейді дейсің бе, жауын, дауыл болса ара-тұра сөніп те қалатын көрінеді ғой, сол кезде өтеді сауда, – дейді шәйін құйып беріп отырып. 
Қойшы осы деп қолын бір сілтейді Түкең. 
– Сөнсе, анда-санда бір сөнер. Сауданы қойшы. Мен сауданы ойлап отыр дейсің бе? Қараптан қарап мына Көлбай дейтін құмырсқадай бала абыройдан айырып отыр емес пе?
Кемпірі шынымен шошып кетті енді. 
– Абыройдан айырғаны несі, шал-ау? Сенің абыройыңдай абырой жоқ қой бұл ауылда. Қанша жыл ауылды асырадың? Бәрі сені сыйлайды. Немене осылай жата бермекпісің. Басыңды көтеріп, еркін жүр. Біреу тоныңды шешіп ала ма, немене?
Жүре алмады. Кемпірінің дем беруімен көшеге шығып, арлы-берлі кезіп, ел-жұртпен әңгіме соққысы келіп көрген. Болмады. Сорайған, сорайған бағаналар мұның еңсесін басып, демін тарылтқандай, бұ жүрісі өзіне жайсыз көрініп, ақыр соңында жүрегі лоблып кетті ме, үйіне әрең жетті. Айтпақшы, Құсбайдың қорасын айнала бере, Көлбайды көріп еді, су жаңа электрик мұны екі аяқты пенде екен ау деген жоқ. Сәлемдесті деуге де, сәлемдеспеді деуге де келмейтін бір түсініксіз рәсім жасады да, өз жұмысымен бола берді. 
Сөйтіп жүргенде мұның үйіне арсалаңдап Құсбай жетті. Табалдырықтан аттар-аттамастан ассалаумағалейкүмін созып, Түгелбай тап бір каторгодан келгендей қуана құшақтап, бетінен сүйіп ала жаздады. 
– Түке, қара басып той басталмай жатып ішіппін де, мен есалаң есімді білмей, сол ләйлігеннен есімді кеше жидым. Тап өзіңізді қолтықтап ертіп кететін жөнім еді. Айыптымын. Сізге қанша қарызбын осы?, – деді әңгіме ауанын кілт бұрғандай етіп.
– Әй, Құсбайжан, қоя қойшы, қарызыңның тура есебін ұмытып отырмын, – деді әр сөзін бөліп-бөліп әрең айтып. Жоқ, Құсбай дігерлеп қоймады. 
– Әй, көз тойдыратын көк дәптеріңіз бар еді ғой, сол жерде тұрған шығармын жарқырап, айтыңызшы деймін.
Дүниеде мастықтан әлі толық айықпаған – не өлесі мас емес, не дыңылдаған сау емес адамның әбігері жаман. Құсбай жас балаша еңбектеп жүріп көк дәптерді өзі тауып алды. Сөйтті де, өзінің қарызы жазылған бетті де ашып алды. 
– Міне, Құ-ұ-ұ-ұс-б-бай, – деп саусағын дірілдетіп әрең апарды, – міне, жазыпсыз жан көкем, 3700 депсіз, есіңізде ме, өткен айда, білтені өзіме деп бір, нағашыма деп бір алып едім ғой, сосын әлгі ортаншы ұлым Шормақ панар шамды сындырып алып... екеуін бір-ақ алмадық па?
– Иә, соны төлейін деп отырмысың?, – деді Түгелбай сығырайған шам жарығымен көзін де сығырайтып қарап.
– Жоқ, Түке, сол 3700-ді 7400 деп екі еселеп жазып қойыңыз. Айыбымды солай жуайын, – деді еліре сөйлеп. 
– Түке-ау, жүніңіз жығылмасын, бас сыздап тұр, сіздей асқар      тауға сүйеніп отырып..., – деп қойнынан бір көк мойнағын шығара берді. 
Түгелбайдың да бұдан дәм татпағанына біраз болып еді, көзі шырағдандай жарқ ете түсті де, өмірдің ауыр кезеңін өткеріп жатқаны қайта есіне түсіп, жанары солғын тартып сала берді. Құсбай пыңқ еткізіп бөтелкені ашты да, енді екінші қойнынан сырлы кесені алып шықты. 
– Біз осылай, Тұқа, комплектпен жүреміз, – деп арқырап күліп алды, – кел, тартайықшы. 
Түгелбай тартынып еді, Құсбай бағанадан бері Түгелбайды идіріп, мығым орнай түскен билігін енді уысынан шығартпайтынын аңдатып, екінші кесеге де мелдектете құйып, Түгелбайдың қолына ұстатып қойды. 
– Тұқа, осыны зытырып жіберейік, сосын сізге айтар жаңалығым бар! 
Түгелбай да адамның баласы. Жаңалығым бар дегені жағып ақ кетті. Мынадай көңіл күймен келіп отырып Құсбайдың қайғылы хабар айтпайтыны түсінікті ғой. Әй, біраздан бері тастап ақ жүр едім, Құсбай інім елпектеп отыр ғой деп ери берді де, сырлы кесені бір ақ төңкермек болды. Жоқ, көмейі кептетіліп қалған адамша арақ та өтпей қойды. Құсбай әлдеқашан қағып салып, жылмиып отыр. Біраздан бері ішпегендікі ме, әлде қазіргі сүреңсіз өмірінің әсері ме, біржола төңкеруге шамасы жетпеді. Жарым-жартылай кесені ауызынан қайта түсіруге ұялды да, су сияқты сылпылдатып ішіп тауысып тастайын деп асығыс жұта жөнелді. Ау, мұныңыз не, жас баладай тамсап ішкеніңіз қайткеніңіз деп қалар ма деп қылпылдап еді, қайта әйтеуір Құсбай үндеген жоқ. 
– Тұқа, – деді сосын барып, – мына ауыл свет келеді деп дәмеленіп жүр ғой
– Дәмеленіп емес, свет келетіні рас қой енді, – деді Түгелбай Құсбайдың мына сөзін жаратпай
– Иә, рас қой... рас болғанда... сол рас болмай тұр...
Біраздан бері кежегесі кейін тартып, жағы суалып, түр әлпеті солғындап кеткен Түгелбайдың қос жанары жарқ ете қалғандай болды. 
– Рас болмағаны несі? Әй, Көлбайың анау талтаңдап. Трансформаторың анау таудай болып. Ең аяғы бүкіл үйге ток тартып, лампочкаға дейін іліп тастамады ма. Әй соныңның керегі жоқ деп қарсыласып бағып едім, балалар болдырмады. Міне, тұр ғой солбырайып, – деп зал тамның төбесіндегі лампочканы нұсқап. 
Сосын барып, әй мынау свет тартуға қарсы екенімді қызбалықпен білдіріп алдым-ау деп қуыстана беріп еді, оған Құсбай селт еткен жоқ. Кенет таңырқаса қасын көтерер еді, қасы тұрмақ бет-аузы да қимылдамады. 
– Түке-а-аааау, – деді Құсбай айтарым әлі алда ғой дегендей, – Кеше менің 50 жылдығыма аудандағы бажам келмеді ме. Дидархан. Ол өзі жақында ғана шаруашылық бөлімі бастығының замы болған. 
Бажамның кім екенін қарамаймысың дегендей саусағын безеп қоюды да ұмытқан жоқ. 
– Сол айтады, мына біздің ауыл, Бурылсай, биыл свет тартатын ауылдардың тізімінде жоқ. Тіпті биылды былай қойып, алдағы он жылда да әкелмейтін көрінеді. Не боп қалыпты дейсіз бе? Ауданда ақша жоқ. Мына бағаналарды әкеп, өтірік ток жүргізген боп, әшейін көз алдау жасап жатқан көрінеді. Алда сайлау келе жатпады ма?, – деді сосын Түгелбайдың бауырына кіріп кетердей жақындап, сыбырлай сөйлеп, – і-і-і, соның алдындағы көзбояу екен. Құсбай көзін күлмеңдетіп, ернін шығарып, иегін қағып қойды.  
– Ә-ә, солай де? Мынауың сенімді әңгіме ме өзі?
Құсбай қайтадан орнына жамбастай жылжып, екінші қайтара көк мойнақты сыздықтата беріп, дауысын қайта қатайтып алды. 
– Ау, Тұқа-ау, аудан әкімімен аралас-құраласып жүрген бажам айтып отырған жоқ па. Свет тартуға қатысты бүкіл қағазға қол қойдым, Бурылсай деген бір ауыз сөз көрсем көзім шықсын деп отыр ғой. 
Түгелбай шай ішкендей арақтан ұрттап-ұрттап қойып, көзін бір ашып, бір жұмып, отырып қалды. 
– Так что, Тұқа, саудаңды алаңсыз жүргізе бер. Анау Көлбайыңды айтам, аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін шешен болып алыпты тегі. Ауылдың әкімі Отарбай емес, тура сол дерсің. Бет қаратпайды тегі. Әнеу күні менің 50 жылдығыма келген бір құда балам тура бағанның түбіне барып неғып... дәрет нетіп тұрса, «мемлекеттің ісіне кедергіңді келтірме» деп май бөкседен бір ақ теуіпті. Ау оған ондай праваны кім берді? Көресіні Көлбайдан көрмесек болар еді-ау деп қалып едім. Мына жаңалықты естіп, содан қуанып, сізге жеткен бетім ғой, Тұқа-ау. 
Құсбай самбырлай сөйлеп, қайтадан масая бастады. 
– Әй, светті алда-жалда жаға қалар болса бар ғой, қиратамыз Тұқа! Трансформаторын шалқасынан түсіріп, сымдарын қиып кетеміз, біздің де қолдан іс келеді, Тұқа! 
Құсбайдың арқыраған күлкісі Түгелбайға дем бергендей болды. Бет-жүзіне қан жүгіріп, көзіне өмір қайта оралған сол күні. 
Құсбай айтқан әңгімені ертесіне бүкіл ауыл айтып жүрді. Түгелбай да қайтадан шаруасына шықты. Сарайын тазалады. Шамдарын сүртті. Саудасы біте бастаған көк дәптерін тартпаға салып, жаңа дәптер ашты. Мұның адам баласына еш зияны жоқ итін абалатып, бірі білте сұрап, бірі жермай сұрап,  ауылдықтар да келе бастады. 
Тұқаң қайта сызданды. 
Біреу мұны жардың жиегіне апарып, арқасына қолын тіреп, итеріп қала жаздап, зәресін ұшырып көп тұрды да, қайтадан кешірім жасап, өмірін сақтап қалғандай әсер сол күні санасынан арылмай-ақ қойды. Әдейілеп кемпіріне ет астырды. Күні бойы күйбеңдеп, кешке де үйге бірден кіріп бармай жүріп алды. Күндіз баласына монша жақтыр-ған. Сүлгісін арқалап соған кіріп кетті. Шығып болмай, әбден тазаланды. Буы бұрқырап, моншадан шығып келе жатып, «ә, енді дастарханға отыруға болады» деген өз-өзіне көңілі соншалықты толып. 
Он жыл деген қанша уақыт дейді көңілі алақұйын болып. Он жылда 80-нен асады екенбіз. Оған дейін мына саудасы түскірді кеңейтіп, өрістетіп, анау малдың басын көбейтпеймін бе. Қашанғы бүйтіп тағымда тұрармын. 
Ауылдың той-жиыны, ас-садақасы есіне түсіп, бұрынғыдай өзінің қақ төрде шалжиып отыратыны көңілінде ойнақ салып, кәрі көңілі кәдімгідей жайнайды. Көше жаққа мойнын бұрып еді, біраз уақыт қараңғылыққа да көнген ауыл үйлерінің терезелерінен шамның әлсіз жарығы сығыраяды. 
Кеше ғана көше-көше де асқақтап тұрған бағандар да енді қажетсіз, пайдасыз дүние сықылданып, мұның алдында басын иіп, ғафу өтінгендей іңір қараңғысына біресе сіңіп жоғалып, біресе қайта айқындалып шығып, бұлдырай түседі. Әр-әр тұста қойлардың жамырағаны, жастардың шулағаны естілгенімен, былай ауыл іші тып-тыныш. 
Дастарханға жайланып отырып, етке қолын енді сала бергені сол үй сыртынан біреулердің дүсірлеп жүгіргені естілді. Ә дегенде көңіліне ұры деген ой келіп, орнынан екі ұмтылып тұра алмай, оны кемпірі Жәмиға келіп сүйемелдеп, балалары атып-атып тұрысып, терезеге ұмтылғанша болған жоқ, әлгілер мұның есігін ашып, рұқсат сұрамастан төр бөлмесіне кіріп-кіріп келді. Өңшең қарадомалақтар. Ентіктерін әрең-әрең басып:
– Көке, сүйінші! Келді, келді, – дейді әлгілер бірінен бірі қалыспай жамырап. 
Ненің келгенін аңдап, түсініп болғанша, өз балалары шуылдасып қоя берді. 
– Ананы қара, Қайыптың үйінде жанып тұр!
– Міне, Сағымбайдың үйі де жарқырапты!
– Иә, мынауың білте шамның жарығына ұқсамайды, – деді балаларының арасына қыстырылып терезеге үңілген Жәмиға кемпір. 
Ешкімнің жарытып сүйінші бермесін байқаған қара домалақтар енді келесі үйге жүгірген. 
– Ә-ә-ә, түсіндім, – деді ұлы Сәбит, – өткенде ауылды екіге бөліп жатқан, А және Б секторы деп. Мынау Сағымбай, Қайыптар А ғой. Біздікін енді жағады, көке, – деді әкесіне қуанышпен жалт қарап. 
Шалының сырын білетін Жәмиға «қап, Құдай-ау» деп, көзі жасаурай берді. Сәбит аузын жиып болғанша бұлардың да зал тамдарында біраздан бері үнсіз салбырап тұрған лампочка жарқ етіп қоя берді. Көз қарықтырар мына жарық үйдегі бүкіл адамның көзін өртеп жібергендей болды. Свет жарқ еткен кезде Түгелбай жалп етіп шалқасынан түсті. 
Әуелде әлденеге сүрініп кетті-ау дескен. Жапа-тармағай жүгірісіп қарап еді, жоқ алды-арты теп-тегіс. Бетіне қарағаны сол, Тұқаң көзі бақырайып, тынысы тарылып, демігіп-демігіп кетіп жатыр екен. Беті аз жыбырлағандай болды да, сосын көздері біртіндеп жұмыла берді. Жәмиға «шал-ау» деп жұлқылап, кемсеңдеп, баласы мен келіндері бетіне су шашып, жан дәрменге түскенде де Түгелбай селт ете алмады. Сол құлағаннан Тұқаң ақырғы сапарына аттанып кете барды. 
Жарық жанған күні Түгелбай жарық дүниеге қош айтты. Бұл ауылдағы білте шамның дәурені Түгелбаймен бірге өлді.