«Мақамы бөлек Мархабат»: Жаңа жинақтың тұсауы шешілді
Мархабат Байғұт – түркі дүниесінің көркем сөз кеңістігіне өзіндік өрнек, өзі ғана танытатын иірім әкелген суреткер...
Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері, шырайлы оңтүстіктің сыршыл перзенті Мархабат Байғұттың туғанына – 80 жыл. Міне, осы мерейтой қарсаңында «Мархабат Байғұттың туғаны-на 80 жыл» жобасы аясында талай-талай мазмұнды әрі мағыналы іс-шаралар жыл бойы атқарылып келді. Ең алдымен қаламгер мұрасын насихаттау жолында жыл басында «Мархабат» журналы жарық көріп, markhabat.kz порталы ашылды. Мамыр айында «Мақамы бөлек Мархабат» атты халықаралық симпозиум өтті. Түркиядан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Қазақстанның Жазушылар Одағынан басшылық құрамы, айтулы қаламгерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, ақпарат құралда-рының жетекшілері, ғалымдар, әдебиет сыншылары қатысқан алқа-лы жиын алдымен Түркістанда, ертеңіне Шымкентте жалғасын тапты. Үшінші күні ауқымды іс-шара жазушының туған жері – Түлкібас ауданында «Таупістелі тағлымы» форумының төртінші мәрте ұйымдастырылуына ұласты.
Одан бөлек, облыс көлемінде 700-ден астам талапкер қатысқан «Мархабат оқулары» шығармашылық байқауы бірнеше айға созылып, тартысты өтіп жатты. Ал классиктің публицистикасы мен прозасын талдап, таразылаған жастар, студенттер арасындағы байқауда еліміздің 7 өңірінен үміткерлер бақ сынады. Облыстық та, республикалық та байқаулардың жүлдегерлері симпозиумде марапатталды.
Мархабат Байғұт – түркі дүниесінің көркем сөз кеңістігіне өзіндік өрнек, өзі ғана танытатын иірім әкелген суреткер. Оның шығармаларында қарапайым ауыл өмірінің қоңыр әуені, кейіпкерлерінің табиғи болмысы, диалогтарының шынайылығы, юмор мен драманың нәзік үйлесімі ерекше байқалады. Жазушыны замандастары «Мақамы бөлек Мархабат» деп жиі атаушы еді. Шынында да, оның кейіпкерлері – әдебиеттің биік мінберінде асқақтамай, өмірдің өзімен бірге жасасқан қарапайым жандар. Сол қарапайымдылық арқылы жазушы адам табиғатын, уақыттың сынын, қоғамдық өзгерістердің адами тағдырларға әсерін көркем шындыққа айналдырды.
80 жылдық мерейтой аясында өткен қорытынды мәдени шаралардың бірі, 26 қарашада Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, «FARAB» әмбебап ғылыми кітапханасы мен «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің, «Мархабат»журналының ұйымдастыруымен «Мақамы бөлек Мархабат» атты жинақ-кітаптың тұсаукесері болды. Аталған жинақтың тұсауы Түркістан қаласы, Farab кітапханасындағы «Мархабат Байғұт» атындағы оқу залында кесілді.
Салатанатты шараға осындай ізгі істердің ұйымдасуына ұйытқы болып жүрген қаламгердің ізбасар інісі, қарымы журналист, «Медиакратия қоғамдық бірлестігінің» төрғасы, «Мархабат Байғұтқа 80 жыл» жобасының авторы Ғалымжан Елшібай модераторлық етті. Одан бөлек, классик көптеген қаламгерлер, қоғам қайраткерлері мен жастар, жазушының жақын туыстары жиналды. Айта кетейік, «Мақамы бөлек Мархабат» атты жинаққа естеліктер, ғылыми мақалалар мен толғаныстар енгізілген. Жиынды Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашты:
– Биыл Мархабат ағамыздың 80 жылдығының аясында бір-шама іс-шаралар өтті. Сол 80 жылдықтың тағы бір маңызды дүние-сі – алдарыңыздағы тұсауы кесілгелі тұрған жаңа кітап. Бұл кітапта осы мерейтой аясында өткен шаралар жайлы, Мархабат ағамыздың шығармашылығы мен өмірі жайлы естеліктер топтастырылған. Оны қолдарыңызға тиген соң өздеріңіз де оқи жатасыздар.
Жалпы Мархабат Байғұттың өлмес дүниесін жаңғыртып отыру – артында қалған оқырмандары мен біз сияқты ізбасарларына артылған жауапкершілік деп ойлаймын. Алда іске асырудан тайынбайтынымызды айтқым келеді, – деді басқарма басшысы.
Тұсаукесер шарасы жазушының шығармашылығын ғана емес, оның өмір жолында бірге болған жақындарын да бір арнаға тоғыстырған маңызды басқосу болды. Іс-шара барысында Мархабат Байғұттың жұбайы Қыздаркүл Пернебайқызы, інісі Нышан Байғұтов пен ұлы Нұрлан Мархабатұлы сөз сөйлеп, оның адамгершілік болмысы мен шығармашылыққа деген жауапкершілігі жөнінде пікірлерін білдірді.
Сейдолла Садықов, Асхан Майлыбаева, Роза Нарымбетова сынды қаламгерлер қазақ прозасының қара нары атанған Мархабат ағамыздың қарапайымдылығын, кісілігін, қаламгерлік мінезін жайлы әңгіме қозғады.
Мархабат Байғұт бір ғана әдебиетпен шектелмей, қоғамдық істерде де белсенділік танытқан, азаматтығы бір төбе жазушы. Ол «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесінің төрағасы болып қызмет етіп, өңірдің рухани-әлеуметтік мәселелеріне ерекше жанашырлықпен қараған еді. Бүгінде осы кеңесті кәсіби біліктілікпен басқарып отырған мәслихат депутаты Халима Жантөреқызы мен кеңес мүшесі, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» жеңімпазы, облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбеков жазушының қоғамдық қызметте де шоқтығы биік тұлға болғанын, өнерге деген жанашырлығын сөз етті.
Тұсаукесердің модераторы Ғалымжан Елшібай бұған дейінгі өткен және бұдан кейінгі өтетін іс-шараларға тоқталып өтті:
– Тек қазақ елі емес, күллі түркі әлеміне кеңінен танылған, мықтылығы мойындалған кемеңгер тұлғаның шығармалары әлем елдерінің талай тіліне аударылған. Әлі де аударыла бермек. Мәсе-лен, алдағы аптада Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өзбек тіліндегі аудармасының кезекті тұсаушешері болады деп күтілуде. Кезекті деп отырғанымыз Мархабат Байғұттың туындылары бұ-ған дейін де өзбекшеге аударылған болатын.
Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойына қорытынды есеп берген бұл жиын алдағы уақытта да классик жазушыны дәріптеуге, жан-жақты насихаттауға тұрақты түрде жалғасады. Әсіресе, Оңтүстікте Мархабат Байғұт атындағы Әдебиетшілер үйін ашу көптің қалауы. Қарапайым оқырманнан бастап еліміздегі, түркі дүниесіндегі Жазушылар Одағы басшылығы, қалам ұстаған қауым осы орынды ұсынысты бірауыздан қолдап отыр, – деді ол.
Осылайша, «Мақамы бөлек Мархабат» атты жазушы туралы естеліктер топтастырылған жинақ оның шығармашылық әлемін жаңа қырынан танытып қана қоймай, кейінгі буынға өнеге боларлық парасат пен мейірімнің сабақтастығын ұсынып, осынау естеліктер арқылы жаңаша тыныс алып, ұрпақ санасында өміршеңдік табады деп сенеміз.
Сезім МЕРГЕНБАЙ