Әмірхан Меңдеке: Әдебиеттің мықтылығы әңгімемен өлшенеді

Қай елдің әңгімесі мықты – сол елдің әдебиеті мықты...

Jun 3, 2025 - 21:38
 24
Әмірхан Меңдеке: Әдебиеттің мықтылығы әңгімемен өлшенеді

Әңгіме деген үлкен жанр бар. Жазушы Мархабат Байғұт талай мақаласында «әңгіме – әулие жанр»,– деп жазып жүрді. Себебі, әдебиеттің мықтылығы әңгімемен өлшенеді. Сосын «әдеби держава» деген ұғым бар. Сол әдеби державалардың барлығы әңгіме жанрын мойындайды. Қай елдің әңгімесі мықты – сол елдің әдебиеті мықты. Тіпті, романның өзінде кейде олпы-солпылық кете береді. Ал, әңгіме жанрында олқылық болмау керек. Кішігірім кемшіліктер әңгімені жоққа шығарады. Міне, сол әңгіменің халықаралық шеберлерінің бірі – Мархабат Байғұт. Орыстар Шукшинді қалай бағаласа, біз де Мархабат Байғұтты солай бағалауымыз керек. 
Кино саласындағы «Оскар» сыйлығы – ең әділетті берілетін сыйлықтың бірі. «Нобель» сыйлығының өзі кейде бұрмаланып жатады, ал «Оскар» ең әділетті сыйлық. Былтыр бір киноға «Оскар» сыйлығын берді. Бағыты – әлеуметтік теңсіздік, байлар мен кедейшілік мәселесі. Биыл Американың бір режиссері «Оскар» сыйлығын алды. Ол кино да сол әлеуметтік теңсізікті, бай мен кедейдің мәселесін қозғаған. Бұл өте ауыр тақырып. Ал, осы тақырыпты біздің Мархабат Байғұт көптеген әңгімелерінде сөз етеді. Біз көбінесе жазушының әңгімелерінің лиризміне, шеберлігіне, көркемдігіне мән береміз де, әлеуметтік, саяси салмағына онша назар аудармаймыз.
Мысалы, «Өлімнен қашқан респондент» деген әңгімесі бар. Сол әңгімесінде оқыған бір жігіт өте білімді болса да жұмыс таба алмайды. Ол тұратын қалада үлкен-үлкен бес зауыт болады. Бесеуінің де иесі – Кан және Сон деген кәрістер. Кан мен Сон шет елден кірген кірме емес, кәдімгі Қазақстанның кәрістері. Бірақ, бүкіл қаланы солар ұстап тұр. Мархабат Байғұт астарлап жеткізеді ғой. Осыны оқығанда бір түн ұйықтамай шықтым. «Көпұлтты елімізді жетекші ұлт дейміз. Алайда, өзге ұлт өкілдеріне алақан жайып, жұмыс сұрап жүрміз. Көпұлтты мемлекетпіз дейміз. Бірақ солардың ішінде ең төмені біз. Бұл қалай?», – дейсің. Мархабат Байғұт сондай ауыр тақырыптарды қозғады. 
Сосын «Жас қатын» деген әңгімесі бар. Біз атаққа құмармыз ғой. Біреу мақтаса екен деп тұрамыз. Біреулердің іші күйсе екен дейміз. Осы әңгімесінде атағымен, байлығымен мақтанып жүрген кейіпкер сексен екіге келгенінде әйелі қайтыс болады. Ұл-қыздары өзімен-өзі боп кеткен. Сөйтіп ол отыз бірдегі жас қызды алады. Өзі қарттыққа жеткесін, ұдайы ауруханада жатады, балдақпен жүреді. Ал жас қатыны келгенде, балдағын тығып қояды. Сондағы, сорлы шалдың бар мақсаты – ел-жұрт «жап-жас әйелмен жүр» деген әңгімені есіту. Біздің кейбір еркектерде кездесетін осындай сорлылықты жазушы шебер ашады.
Қорытындылай келе, үлкен әдеби мектепті, руханият мектебін қалыптастырған Мархабат Байғұтқа үлкен ескерткіш орнату керек екенін айтқым келеді. Ескерткіш болғанда да жәй кезекті ескерткіш емес, оның жылы жымиып жүретінін айшықтап, анықтап, жарқырап көрсететін еңселі ескерткіш болса деймін...