Айкенже – мәңгі сақталуға тиіс әсем сәттің бейнесі еді
(Мархабат Байғұттың «Оқу залы» әңгімесіне көркемдік талдау)
Мархабат Байғұт – қазақ прозасындағы шынайы өмір көріністерін терең психологиялық талдаумен шебер үйлестіре білген жазушы. Оның шығармаларында ауыл өмірі, адамның ішкі жан дүниесі, оқу-білімге деген құштарлық суреттеледі. Бұл тақырыптар жазушының «Алмағайып», «Аңсар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері», «Салқын масақ», «Оқу залы», «Ақтолғай» сияқты туындыларында кеңінен көрініс тапқан. Жазушының «Оқу залы» атты шығармасы шағын көлемде жазылса да, үлкен мағыналық сипатқа ие әрі білімге, кітапханаға деген сүйіспеншілікті даралап жеткізген.
Шығарманың идеясы – адамның ішкі әлемін байытатын ең күшті құрал кітап пен оқу екенін көрсету. Сондай-ақ қоғамдағы рухани дағдарысты да жазушы жеңіл юмормен, астарлы сөздермен ишаралайды. Тек студенттік алғашқы махаббатты ғана емес, Әбу Насыр әл-Фарабидің ілім-ғылымының маңызын дәріптеп, кітаптардың адам өміріндегі айрықша рөлін сөздермен әрлеп, әсемдеген.
Әңгіме баяу өрбіп, автор кейіпкердің ішкі ой-толғаныстары арқылы негізгі идеяны дамытады. Дегенмен «Оқу залы» әңгімесі сырт қарағанда кітапханаға, оқуға деген талпыныс болып көрінгенімен, астарында терең философиялық ой, тарих пен тағдырға деген толғаныс қатар өрілген. Алматыдағы Гоголь көшесінде орналасқан Чехов атындағы кітапхананың оқу залы тек ғимарат емес, жүректегі терең сезімдердің, естен кетпес жастық шақтың куәгері. Бұл зал студенттің рухани серігіне, тіпті алғаш махаббатты сезінген мекеніне айналған. Қарапайым ауылдан Алматыға келген кейіпкер үшін бұл оқу залы жаңа әлемге ашылған терезе болды. Отырар мен Оқсыздың арасындағы шағын ауылда туып-өскен бозбала енді ғұлама әл-Фарабидің еңбектерін қолға алып, ілімнің тереңіне бойлады. Әне-міне деп жүріп, енді ғана оқу залының тынысына үйреніп, парақтар арасынан өз әлемін тапқан шағында, тағдыр аяқ астынан өзге арнаға бұрылып, студентті әскер сапарына ала жөнелді. Қарапайым сәттің қадірін ұғындыратын, үнсіз залдың үнін аңсатар ұзақ жылдар баяулап сырғи түсті. Бір кездері жай ғана кіріп-шығып жүрген оқу залы енді әлдебір мекен емес, жүректің ең қымбат, ең киелі бір бөлшегіне айналған-ды. Айкенжеге деген махаббаты жай ғана сезім емес, рухани табыну еді. Ол қызды өзінің меншігіне айналдыруды ешқашан мақсат етпеген. Өйткені Айкенже – оқу залы секілді пәк, кіршіксіз әлемнің бір бөлшегі болатын. Оны иемдену – сол әлемнің тазалығын бұзу секілді көрінді. Сондықтан студент сүйді, бірақ қол созбады. Құшақтамай-ақ жақсы көрді. Иеленбей-ақ алаңдады. Себебі Айкенжені алыстан сүйіп, биік тұғырда ұстағаны – шын махаббаттың ең таза түрі. Қыздың сол күйінде Алматының аспанында, оқу залындағы үнсіз әлемде қала бергенін қалады. Айкенже – мәңгі сақталуға тиіс бір әсем сәттің бейнесі еді.
Әңгіме классикалық композициялық құрылымға негізделген: экспозицияда кейіпкердің оқу залына алғаш келуі баяндалса, оқиға дамуы – оның рухани әлемінің оянуымен жалғасады. Шарықтау шегі – әскерге шақырылу сәті, ал шешімі – ішкі күйзеліс арқылы қайта оқу мен үмітке оралуы. Бұл құрылым кейіпкердің ішкі дамуын дәл бейнелейді.
«Оқу залы» әңгімесінің соңы кейіпкердің өкінішімен емес, болашаққа деген үмітімен аяқталды. Кейіпкердің жүрегіндегі үміт отын сөндірмей, «Әбу Насыр әл-Фарабидің қалдырған қазыналарын бүгінгі ұрпақ оқып жарыта ма?» деген пікірі бүкіл оқырманға ой тастайды. Ол өмірдің талай тауқыметін көріп, баз кешсе де, оқуға, білімге, рухани биіктерге деген құштарлығын жоғалтпаған жан ретінде оқырманның жүрегін жаулай білді.
Мархабат Байғұттың тілі жеңіл болғанымен, жеткізері терең. Жазушы көркем суреттеуге аса бай. Мысалы, «Қарашаның қарақошқыл аспаны қорғасындай зіл салыпты», «Жүрек қалталары қалтырай қансырап жатты», «Тазарып, қуара құрғап» сынды тіркестер кейіпкердің ішкі күйін бейнелі түрде суреттейді. Әңгіме лирикалық-психологиялық прозаның бағытында жазылған. Автор метафора, теңеу, эмоциялық бояуы қанық тіркестер арқылы кейіпкердің жан дүниесіндегі дағдарысты шебер жеткізеді.
Мархабат Байғұт әңгімені бірінші жақтан баяндай отырып, кейіпкердің ішкі әлемін ашуға ерекше көңіл бөледі. Студенттің оқу залына деген сағынышы, әскердегі үш жыл бойғы рухани күйзелісі – бәрі ішкі монолог арқылы беріліп, оқырманды терең сезімге бойлатады. Бұл әдіс оқырманды кейіпкердің жанын ұғындырып, оның ішкі қайғысын бірге кешуге мүмкіндік береді. Бұл шығармада ауыл баласының қалаға келіп, өзін іздеуі – жазушының өзге де шығармаларында кездесетін тұрақты мотив. Мәселен, «Машаттағы махаббат», «Қорғансыз жүрек» сынды шығармаларында да жас кейіпкерлер ішкі жан дүниесімен күресіп, рухани ізденісте жүреді. Бұл – автор стилінің өзіндік ерекшелігі.
Айнамкөз ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті