Мархабат ағаны ұстазым деп санаймын

Қазақ әдебиетінің саңлағы аталған Мархабат Байғұт ағамыздың 80 жылдығына орай Түркістан облысында, Шымкент қаласында және туған жері Түлкібас ауданының Пістелі ауылында дүркіреген еске алу шаралары өтті. Талай жақсылар мен жайсаңдар, ағамыздың өткен өмірі мен еңбектері туралы қадау-қадау сөз айтып, артында қалдырған еңбектерінің өміршеңдігін, бүгінгі ұрпақ пен келер ұрпаққа тәлім-тәрбие беретіндігі туралы айтты. «Ғалымның хаты өлмейді» деген осы.
Мархабат аға менен 6 жас үлкен еді. Өміріміздің көбі Шымкент қаласында қатар өткендіктен, жазған шығармалары ұнайтындықтан, оқырманы болған соң, абайсызда кездесіп қалған сәттерде, шын ниетіммен ризашылық сезімдерімді білдіріп, қаламының ұштала беруіне тілек тілеп жүретінмін. Ол кісі өте қарапайым емес пе. Қатардағы бір оқырманымен кездесіп қалғанда, сен кімсің демей, жылышырай танытып, шүйіркелесе сөйлесіп, жылы қоштасып жүрдік. Кейінірек, Оңтүстік Қазақстан облысының Жазушылар Одағының төрағасы болып, Оңтүстік Қазақстан облысының Тіл басқармасының басшысы болып істеп жүрген кездерде, мен жұмыс істеп жүрген мекемелер бір ғимаратта орналасқандықтан, жиі кездесіп қалатын болдық. Мен ол кісіні өзімше «Қазақтың Чехові» дейтінмін.
Айтса айтқандай, бірде Ресей жазушыларының арасында «Қыс» тақырыбына ең қысқа әңгімеге байқау жарияланады. Сол байқауға қатысқан жазушылардың бірі жарты беттік, бірі бір беттік, кейбіреулері екі, үш беттік шығармалар өткізсе, А.П.Чехов бір сөйлем ғана жазып өткізіп, жеңімпаз атанады. Сол жеңімпаз қылған әңгімесі мынау екен: «Биылғы қыстың өте қатал болғаны соншалықты, көк қарғаның өзі көк мұз болып қатып қалды». Сөйтсе, ең қатты суыққа төзімді құс көк қарға екен. Бұдан артық қандай түсінік, қандай теңеу керек.
Мен М.Байғұттың «Дауыстың түсі» деген қысқа ғана әңгімесін оқығанда өте үлкен әсер алдым. Егер, ең қысқа эпопеяға конкурс жарияланатын болса, М.Байғұт осы әңгімесімен, А.П. Чехов сияқты жеңімпаз атанар еді, деп ойлаймын. Мысалы: М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясын жазып, 59 жыл өмір сүрген Хәкім Абайдың бар қадір-қасиетін ашып, өте тәлімді төрт томдық кітап жазғаны үшін мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған. Ал, М.Байғұттың «Дауыстың түсі» атты әңгімесін оқыған әрбір адам, өз эпопеясын көз алдынан өткізеді. Жастар оқыса өмірге ұстанымдарын нақтылап алады. Жасамыстаулары оқыса, өмірдегі жіберіп жатқан қателіктері болса, жөндеуге кіріседі. Ал, жасы жетіп қалғандары болса, өмірде жіберіп алған қателіктерін жөндеуге мүмкіншіліктерінің қалмағанына өқініп өтулері мүмкін. Міне, екі достың арасындағы қарым-қатынас, дауыстың түсі арқылы жазылған әңгіменің құдіреті.
Мархабат аға бірде, Шымкент қалалық А.С.Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында оқырмандармен кездесу өткізгенде, сыртынан түрлі-түрлі әңгімелер өрбіп, пұшайман боп жүргенін айтып еді. Осындай періштелердің артынан осындай әңгімелер өріп жүрсе, біз секілді жай адамдардың артында қандай әңгімелер айтылып жүргенін бір құдай білсін.
Жалпы мен, Мархабат ағаны ұстазым деп санаймын. Ең алғаш сиясы кеппеген, дәптердің екі парағынан аспайтын әңгімемді көрсеткенімде, «Жақсы. Жаза бер» , – деп пікір айтып еді.
Одан кейін, алғашқы «Ескі Құрлық қаласы туралы» жазған кітабымды оқып шығып, «Енді тоқтатпа», – деді. Мархабат аға өте аз сөйлеуші еді ғой. Осы айтқан қысқаша пікірлері, маған жол сілтеп отырған болатын.
Қаппар СЕЙДАЛЫҰЛЫ, жазушы