Жауды аяған жаралы болады
Сен – адамсың. Мен саған адамның істейтінін істеймін, адам жақсылыққа жамандық істейді...
(Үнді ертегісі)
Бір кісі түйемен жолаушы келе жатты. Ол бір орманға келгенде, орман ішінде жанып жатқан өртті көрді.
«Түнде жүрген түйекештер от жағып, сөндірмей кеткен екен-ау, орман өртеніп, рәсуа болатын болды-ау» деп ойлады жолаушы.
Сөйткеше болмады, қаптаған өрт жалын ішінде бір жыланды көрді: жалын ұйытқып, жыланды шарпиды, жылан шаншыла сусып, құтылуға әлекетенді. Жолаушы аз ойланып тұрды да:
– Не де болса, жануар ғой, көрер көзге өлтірмейғ құтқарып алайын, – деді. Вөйтті де ол арқанға байлап, жылан алдына қап тастады. Жылан тез қапқа енді, жолаушы қапты тартып алып, жанына бөктерді де жолына жүре берді.
Өрт те, орман да аулақта қалды, жолаушы ашық алаңға шықты. Жолаушы аз-кем тынықпақ болып, түйеден түсіп отырды. Сәл отырған соң, қаптың ауызын ашып, жыланды шығарды. Сөйтті де:
– Қазадан құтқардым, енді өз бетіңмен күніңді көр, жануар, – деді жолаушы.
– Жоқ, мен өз жайыма кетпеймін. Мен әуелі сені шағамын, өз жайыма содан кейін кетемін, – дейді жылан.
– Неге? Жазығым не? Жазығым сені өлімнен құтқарғаным ба? Сол істеген жақсылығыма көрсеткен құрметің бе?
– Сен – адамсың. Мен саған адамның істейтінін істеймін, адам жақсылыққа жамандық істейді.
– Жоқ, мұның дұрыс емес, адам бұлай істемейді, адам жақсылыққа жақсылық, жамандыққа жамандық істейді.
– Жоқ, адам әрдайым жақсылыққа жамандық істейді. Маған сенбесеңіз, бұл жөнінде біреуден сұрайық, егер сол сенің сөзіңді растаса, мен сені шақпай-ақ қояйын.
– Жарайды, біреуден сұрайық.
Жылан мен жолаушы жан-жақтарына қарасты. Анадай жерде жайылып жүрген бірсиырды көрді. Екеуі салып ұрып, сиырға келді. Аман-есен айтысып болған соң жылан сөз бастады:
– Айтыңызшы, адам қалай істейді: жақсылыққа жақсылық істей ме, жоқ жақсылыққа жамандық істей ме? – деді.
– Адам әрдайым жақсылыққа жамандық істейді. Осы жақсылыққа жамандық істегені емес пе: мен осы жасқа келгенше қожамды сүтпен асырап келдім, үнемі сүтті мол беруге тырыстым, кейде сүтті өз бұзауыма бермей, қожама бердім. Сөйткен қожам бүгін қатынына: «Қатын, біздің сиыр қартайыпты, оны енді біраз семіртіп, қасапшыға сату керек» деді. Сөйтіп мені осында семіруге жіберді, – деді сиыр.
– Міне, көрдіңіз бе? Менің айтқаным келмеді ме? Бұған сенбесеңіз, тағы біреуден сұрайық, – деп шап ете түсті жылан.
– Жарайды, тағы біреуден сұрайық.
Осыллай десті де жылан мен жолаушы бәр дәу бәйтерекке келді. Тағы да сөзді жылан бастады:
– Айтыңызшы, адам қалай істейді: жақсылыққа жақсылық істей ме, жоқ жақсылыққа жамандық істей ме? – деді.
– Адам әрдайым жақсылыққа жамандық істейді. Мен өмір бойы адамға жақсылық істеп келемін, менің адамға істеген жақсылығымның есебі жоқ: мен адамға ыстықта сая, суықта ық, адасқанда белгі боламын. Сөйткен адамым бүгін келіп: «Сені кесіп, отын етемін» деп кетті, – деді бәйтерек.
– Міне, бұған не айтасыз, жолаушы-еке? – деді жылан.
– Не айтайын, бәлкім солай да шығар, бірақ ер кезегі үшке дейін деген ғой, тағы біреуге жүгінейік, – деді жолаушы.
– Жарайды, мұныңа да көндім, – деді жылан.
Осылай деп тұрғанда шаңдатып келе жатқан бір жолаушы көрінді. Өйтіп-бүйткенше жолаушы келіп те қалды, ол түлкі екен. Жол сұрасып болған соң жылан сөз бастады:
– Айтыңызшы, адам қалай істейді: жақсылыққа жақсылық істей ме, жоқ жақсылыққа жамандық істей ме? Мен мына кісіге айтам: адам жақсылыққа жамандық істейді деймін, бұл кісі оған сенбейді. Адам жақсылыққа жақсылық істейді дейді. Қайсымыздікі дұрыс? – деді жылан.
– Сіздікі дұрыс, адам жақсылыққа жамандық істейді, – деді түлкі.
– Міне, түсінікті болды ма? Мен енді сені шағамын, – деді жылан.
– Сәл сабыр етіңіз, әңгіменің жайы қалай еді, соны маған түсіндіріңізші, – деді түлкі.
Жылан түсіндірді: мен өрт ішінде жатыр едім, енді болмаса өлетін едім, мына жолаушы келіп қалды, бұл маған жіпке байлап қап тастады. Мен қапқа кіре қойдым, бұл қапты тартып алды, сөйтіп, мені өлімнен құтқарды, маған жақсылық істеді, сол үші нмен оған жамандық істеуім керек, оны мен шағуым керек, – деді.
– Қалайша олай болды, сен мына қапқа қалай сыйдың? Сенің мына қапқа сыйдым дегеніңе мен нана алмаймын, сен бұл қапқа сыймайсың, – деді түлкі.
– Жоқ, мен осы қапқа сыйдым, сыямын, нанбасаңыз ішіне түсіп көрсетейін.
– Жарайды, түс.
Жылан иіріліп, ақырындап қапқа ене бастады. Кеңірдегіне дейін енгенде:
– Міне, көрдің бе, сыйдым ғой.
– Сыйдым дейсің, басың сыйған жоқ, сыймайсың, бекер айтасың, – деді түлкі.
– Жоқ, сыямын, міне енді басым да сыйды, – деп жылан қапқа еніп жоқ болды. Ол жоқ болысымен, түлкі барыпғ қаптың ауызын мықтап байлап алды, сөйтті де жолаушыға:
– Жалпы жануарды аяу керек, оған жақсылық істеу керек. Тек біліп аяу, біліп жақсылық істеу керек: ол жануар қас па, дос па? Жау ма, жақын ба? Соны білу керек: жауды тіпті аямау керек, жауға еш жақсылық істемеу керек, жауға жау болу керек, – деді.
Иә, жауды аямау керек.
Аударған
Бейсембай КЕНЖЕБАЕВ