Жұмабай Шаштайұлы. Мархабаттың мәртебесі

Оның жанрлық стихиясы – әңгіме...

Mar 2, 2026 - 14:04
 10
Жұмабай Шаштайұлы. Мархабаттың мәртебесі

Ауылда туып, Астанада тұрмайтын Мархабат Байғұтов елуге келді. Әдебиет – көп жылдық жеміс беретін ағаш деген ойды айтқан Александр Блоктың өзі елудің ернеуіне де ілінбей, ерте қайтқан екен. Көп жасап, көп көрген адамның ауыз ләмінен шығатын бұл тақылеттес сөзді бір шағын отырыста Тұманбай Молдағалиев ағамыз да айтып қалған еді. Әңгіме бір елеулі бола бастап, өлең жазуды біржола қойып кеткен әріптесі жөнінде болатын. «Енді оны қалай ақын деп айта аламыз? Алма салмаған ағашты кесіп, шөркелеп жатып, отқа жақпаушы ма еді?», – дегені еріксіз ойға оралады екен. Қазіргі ең алаңдататын құбылыс, шынында, шығармашылық бедеулік болып барады. 
Жазушылық кәсіпқорлықтың әлеуметтік кепілдігі жоқ жаңа заманға ескі ұрпақ көндіге алмай, әдебиет ауылынан безіне бастаса, жаңа толқын келіп, қатар түзеп үлгере алмай жатқан уақыт қазір. 
Бүгінгі елуге келген қаламгерлер әдебиет атты қасиетті сарйдың есігінен кірмей, терезесінен түскендей әрекетті еске салады бұл орайда. Ерте туып, кеш қалғандықтың есесін еңбекқорлықпен қайтаруға белсеніп кіріскен бұлардың жуан ортасында, әлбетте Мархабат Байғұтов та бар. Бұл ұрпақтың және одан кейінгілердің шығармашылық мүмкіндіктерін зерделеу – болашақ ғалымның шаруасы. Еңбекқорлықты елеп-ескерудің жүйесінде сан мен сапа өлшемдері әдеби ортада әрқашан қатар қойылатыны белгілі. Ендеше, қазақ жазушыларының ауылда туып, Алматыны мекен ететіндігі – ұлттық рухани Меккеден сыртқары қалмауға тырысқандық. Бұл жерде өнердің провинциалды ахуалында жүрген Байғұтовтың қолтаңбасынан ауылдық кең қолтық сезілгенімен, өнердің профессионалдық тұрғысынан алғанда, қылаусыз тазалық бар. Осы тазалық оның шығармашылық еңсесін шоқтықтандырып тұрады. Осы күні дәстүрлі ойлау машығына мүсіркеушілік көзқарастардың асқынған заманында Байғұтовтың қаламынан өрілген мінез-құлық ерекшеліктері әдебиеттің жаңа ағымдар құйылысын жатырқамай, үндестік табатынында жатыр. Осы сөздің бүкіл жауапкершілік салмағын сезіне түсіп, жүрексінбеу қолдануға Байғұтовтың шығармашылық болмысы итермелей түседі. 
Байғұтов қазақ өмірінің бүгінгі тынысына үңілген кезде жаңаша өзгерістерді көргіш. Оның кейіпкерлері Кихоттың әпенділігінен арыла алмаған, сөйтсе де барға қанағат, жоққа салауат қылатын біртоға жандар. Бұл жағынан ол Бейімбет Майлиннің тікелей мұрагерлік жорасына жүре алады. Қулығына құрық бойламас кейбір зымияндықтарды суреттеуді ол нақты объектіге алып, сол алаңды шиырлап әуреге түсіп жатпайды. Көзге көрінбейтін, бірақ ылғи мысы басып тұратын әлгіндей күштің ырқынан шыға алмай жанталасқан «кішкентай» адамдардың арпалыс-әрекеті Байғұтовтың қаламынан шыққан уақытта траги-комедиялық жағдайға тұщындыра түседі. Бұл қырынан алғанда Байғұтов көне грек дүниесінің Антейі тәрізді, жерге табан тіреп тұрған кезде, ой-қиял өрісінен ешқандай селкеулік сезілмейді. Әдеби ортаға кеңінен мойындалған оның «Жемелек» әңгімесінің орындалу ерекшелігінен бірталай жаңалықты аңғаруға болады. Әңгімелеудің қазақы жолын тапқан бұл шағын шығарманың өн бойында шығыстық үлгінің жүлгесі анық байқалады. Бүкіл әлем мойындаған арабтық Нағиб Махфұздың тапқан өрнегіне келетіндей жаңалықты бірен-саран сыншылар да дер уағында байқап, атап өткен де болатын. Уақыт, кеңістік, әрекет сынды үш тағанды қазақы қалыпқа сала білген Байғұтовтың бұл әңгімесіне арқау еткен оқиғаны өрбіту жөнінен әдебиеттің ерқашты моралистік әдісіне салынбаған. Кейіпкерлер автордың еркіне бағынбай, өз бетінше әрекет етеді. Мұндағы нәзік юмор оқиғаға соншалықты жымдасып, нысандар арқылы ары қарай дамитын жағдаяттың әлеуметтік астарында ата-ана мен балалардың өзара қарым-қатынасы шынайылығымен баурайды. Чехов бір кейіпкерінің аузына: «Адамдар өмір сүруде неге бір-біріне кедергі жасайды?», – деп сөз салатыны бар емес пе еді? Міне, «Жемелек» әңгімесінде бір-бірін жігіт пен қыз атайтын кемпір-шал өз отбасындағы осы бір түсіністікті қанағат тұтса, балалары оны қамсыздық деп біледі. Сол себепті де олар кемпір мен шалдың сүттей ұйып отырған тату-тәтті тіршіліктерінің мазасын алуға тырысып бағады. Мұның бәріне және оқырмандық ниеттестікпен қарайсың. Бұл бір алаңсыздық немесе кержалқау қырсыздықтың көрінісіне саятын белгілі жағдаяттарды шиырлау емес. Сонау сексенінші жылдардың бас шенінде жазылған бұл әңгімеден қазір көп айтылатын демократиялық ізгіліктерді аңдаған болар едік. Біздің ұлттық ата салтымыздан тамыр үзбеген әкелердің болмыстарынан жақсы нышандарды көре тұрып, тоталитарлық жүйеде тәрбиеленген балалардың кейбір өктемдеу қылықтарына түсіністікпен қарағың келеді. Осы бір ойға Байғұтовтың шығармашылық әдісінің өзі итермелейтін сияқты. Аға ұрпақ пен кейінгі толқынның арасындағы айырмашылықты ашқанда біріндегі биязылықта уақыттың үлесінен жүрексінбейтін адамзат жанының жастығын аңдайсың. Биологиялық мөлшері жағынан әлдеқайда жас, ал балалардың жанталасында өзімшілдік мол. Бүгінгідей әлеуметтік шетін жағдайларға байланысты туындап жатқан әртүрлі қиындықтарға қарап, кейде біртүрлі боп, баз кешіп кеткен уақытта Байғұтовтың осы «Жемелек» әңгімесіндегі кейіпкерлердің қылықтарын есіңе түсіресің, әжептәуір жадырай бастайсың.
Шығармашылық ізденісінің жұлдызды сәтіне сәйкес туындаған бұл дүниенің көркемдік олжасы әлі талай зердеге салынып, безбенге түсер. Әйтсе де, Байғұтовтан дәл «Жемелек» сынды төрт құбыласы түгел, тұтас шығармалық бірегей дәрежеге көтерілген әңгімелерді көптеп күтетінің де рас. Баяғыда бір ғалым ағамыз аса сәтті дүниені оқыған кезде: «Осындай оншақты әңгіме жазсаң, әдебиет тарихында қаласың», – деп тілеулестік білдіргені еріксіз жадыңа оралады екен. Демек, өнердің орасан қысымына қажымас төзімділікке қоса, мойымас адамгершілік те керек-ау. Бұл тұрғыдан алғанда Байғұтов жақсы бастап, жаман аяқтайтын жазушының санатына жатпайтын сияқты. Сыпайы да сырбаз болмысынан, кішіпейіл де кісілікті қалпынан айнымайтын оның дер шағы қазір. Елу жас өмірдегі ақсақалдықтың қақпасы саналғанымен, шығармашылықтың екінді мезгілі емес қой. Ізденістің тұғырнамалық бағытын біржола белгілеп, қаламгерлік келбетін айқындай түсетін жауапты мезгілдей көрінеді. 
Қазақтың жалпы әдеби ахуалынан ауылдық леп әлі де еркін есе беретін сияқты. Сондықтан да біздің ұлттық діліміз жаңалық атаулыны қабылдау жағынан әлеуметтік құрылымымыздың кілтипанды тұстарына үңілуден бастайды. Ал, өмірлік материал ыңғай ауыл болып келе жатыр. Бұл, бәлкім, ұлттық сорымыз да болар, тіпті, ұлттық құнардың ырысының өзі осында жатқан шығар. Әдебиетке әркім өз тақырыбымен тағдырын алып келген сайын ойлау жүйесінің ерекшелігі де біртіндеп көріне беретінге ұқсайды. Бірақ, әлгі Антейдің жерден табаны ажырамаған кезде халі мүшкіл болатынына қарағанда, Байғұтов жұмыр басты пенде емес пе?! Ол өзінің жеңіл жазу машығы арқылы қаламгерлік салмағын арттыратын әдісінің төңірегінен жаңылып қалған сайын оңай шешімге қарай ұрына береді. Сонан кейін оның жанрлық стихиясы – әңгіме. Сәл көлемді дүниеге бара қалса, оқиғаны дамытудың арқау жібін босатып, динамикасын әлсіретіп алады. Қазақтық бірыңғай мадақтау үрдісіне салынғандық емес, Байғұтов, сөз жоқ, суреткер. Кейде бір күтпеген қорытындыға барып, жазушылық сергектік танытатына таңырқап, қызығасың да. Әйтсе де, орыстың үлкен жазушысы В.Астафьев «Жазудың провинциалдығымен қатты арпалысып, ақыры жеңіп шықтым», – деп бірде ағынан жарылғаны бар еді. Неге екенін кім білсін, бізде осылай мойындау жағы жетіспей жатады. Өз мінін мойындай алмаған жерде бағалау жағының әділеттілігі де түпкілікті орнықпайтынға ұқсайды. Жақсы жазылған дүниеге ұлттық тұрғыдан қуану салты бізде осы күнге дейін қалыптаспаған. Яғни, шынайы шығармашылық іске деген ұлттық ынталандырудың кәде-жоралғыларынан біртіндеп ажырап барамыз бүгінгідей, үрдісіне құбылыстарды сараптаудың сыншылдық қазылығы да кемшін соғып жатқан уақыт. Жазушылық еңбектің ерліктен ғана тұратынын ескеруден қалып бара жатқан сыңайымыз да жоқ емес. Міне, осынау әлеуметтік оралымсыздықтарға қасақана қарсы тұрып, еңбек ететіндерді ердің ері, егеудің сынығына баласа да болар. Осы бір бағалауда көлгір жасандылықтың жарықшақ сызаты сезілмесе екен дейсің. Бір ғана Мархабат Байғұтовтан өрістеген әңгіме мұншалықты мәселеге ұлғаюының ар жағында нағыз жазушылыққа лайық азаматтың мұң-сыры да жататын шығар. Ендеше, Мархабаттың жазушылық мәртебені бір мысқал да төмен түсірмейтін кісілігі мол. Жан дүниесінің тазалығына қоса, шығармашылыққа деген ынтызарлығы адуынды, бұлақ көзі мөлдір, ол ешқашан бітелмейді.

24 қазан, 1995 жыл