Өмірзақ Шөкеев: Мархабат Байғұттың Түркістанның дамуына қосқан үлесі бір төбе
Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіктермен әңгімелесе қалсаң Махаңның деңгейінің өте жоғары екенін айтады...

Мархабат ағамен Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып келген жылдары таныстым. 2005-2006 жылдар еді. Сол уақытта Шымкентте бірнеше бала ЖИТС инфекциясын жұқтырып, ел шулап жатқан кезең болатын. Жұрттың көңілі алаң-елең, қиын кез болды. Сонда мен жергілікті ел ағаларымен, қоғам қайраткерлерімен жүздесіп, ақыл сұрадым. Зиялы қауымның ішінен өзінің пікірін айтып, кеңесін берген Мархабат аға қиын жағдайда үлкен шаруа тындырғанын қалай ұмытайын. Көңілі түсіңкі елдің еңсесін көтеру үшін ол республиканың түкпір-түкпірінен белгілі зиялы қауымды Оңтүстікке жұмылдырып, «Ұлысымның ұйытқысы Оңтүстік» деген керемет атаумен жиындар өткізді. Қазақтың мақтанышы Әбіш Кекілбаев ағамыздан бастап Смағұл Елубаев, Қадыр Мырзалиев, Төлен Әбдік секілді қазақтың классиктері осы жиында бас қосып, келелі әңгімелер қозғалып, талай мәселенің түйіні тарқады. Қай жерде қандай жиын болса да өзі ұйымдастырып, жүргізетін. Сол жылдары облыстағы идеологиялық жұмыстың басы қасында Мархабат ағамыз жүрді деп айта аламын. Ол елдің сөзін айта алатын, өңірдің беткеұстары болды.
Мархабат ағамен тек қызметтес болдым дей алмаймын, сондай-ақ екеумізді рухани дүние байланыстыра түсті. Қызмет бабымен басқа өңірге ауысқанымда да ол кісімен байланысты үзбедік. Ал Түркістанға әкім болып оралғанымда біраз ортақ шаруаны бірге тындырдық. Өздеріңіз білесіздер алдымызда Түркістан қаласын ауданнан облыс орталығы деңгейіне көтеру деген үлкен міндет тұрды. Менің сол кезде: «Жаңа қаланы тұрғызуын тұрғызамыз, бірақ шаһардың рухани мәселесі қалай болмақ?! Қалаға мәдениет, әдебиет керек», – дегенім бар еді. Бұл мәселені шешу үшін тағы да Мархабат ағаның көмегіне жүгіндім. Ол кісі сөзімді жерге тастамай, елдің мүдессі үшін қолдан келер көмегін аянып қалмады. Деңгейі жоғары түрлі жиын, іс-шаралар ұйымдастырып, Түркістанның атын танытуға ат салысты. «Түркілер төрі Түркістан» атты кітап жазып, Түркістан өңірінің тарихи маңызын одан әрі арттыра түсті. Сондықтан Мархабат ағаның Түркістанның дамуына қосқан үлесі бір төбе деп білемін.
Мархабат ағамыздың шығармаларының тілі, көркемдік ішкі дүниесі қандай керемет. Кітаптарын рахаттана оқисың. Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіктермен әңгімелесе қалсаң Махаңның деңгейінің өте жоғары екенін айтады. Сондықтан Мархабат Байғұтты қазақ әдебиетінің классигі деп бағалауға болады.