Мақамы бөлек Мархабат Байғұт
Мархабат Байғұттың кітаптары, фотосуреттері, қолжазбалары, қаламсап, көзәйнегі, марапат, ордендері сынды көптеген құнды жәдігерлері қойылған көрмемен танысты...

Биыл классик жазушы, журналист, аудармашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл толып отыр. Шығармалары арқылы қоғамның рухани айнасына айналған аяулы жазушының әдеби мұрасын зерттеп, шығармашылығын жаһанға паш ету – көзі ашық әр оқырманның азаматтық парызы екендігі анық. Осы мақсатта биыл 15 мамырда Түркістан қаласы, «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасында «Мақамы бөлек Мархабат Байғұт» атты халықаралық симпозиум өтті.
Шараны Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Мархабат Байғұтқа 80 жыл» жобасының жетекшісі, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібай мен «Мархабат» журналы ұйымдастырды.
Жазушының мерейтойы аясында ұйымдастырылған халықаралық симпозиумға еліміздің әр түкпірінен және бауырлас түркі елдерінен белгілі ғалым, қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты
Шараға жиналған қауым алдымен Мархабат Байғұттың кітаптары, фотосуреттері, қолжазбалары, қаламсап, көзәйнегі, марапат, ордендері сынды көптеген құнды жәдігерлері қойылған көрмемен танысты.
Содан соң Мархабат Байғұттың шығармашылығы мен адами болмысы, қоғамды дамыту жолындағы қайраткерлік әрекеттері, болашақ алдындағы оның маңызы жайлы кең талқыланған ғылыми конференция өтті.
Конференция модераторы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлі алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Парламенті Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облысы, Шымкент қаласы әкімдерінің де құттықтаулары оқылды.
Алаштанушы ғалым, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры – Дихан Қамзабекұлы, академик, «Жұмабек Тәшенев Университеті» АҚ басқарма төрағасы – Оңалбай Аяшев, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы – Жүсіпбек Қорғасбек, Түркиядан келген профессор – Жәмилә Кынажы секілді зиялы қауым өкілдері Мархабат Байғұттың шығармашылығы мен рухани болмысы жайлы баяндама оқыды. Өзбекстаннан келген жазушы, педагогика ғылымдарының докторы Қазақбай Йулдашев пен Қырғызстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Керімбек Қадырахунов та Мархабат Байғұттың қазаққа ғана емес, түркі дүниесіне ортақ біртуар тұлға екенін, жазушы туындыларының көршілес халықтардың тіліне аудару жұмысына кірісу керегін айтты.
Симпозиум аясында Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының әртістері жазушы Нұрғали Ораздың «Мархабат» атты жаңа пьесасынан үзінді қойды. Сонымен қатар симпозиумның ашылуына жан-жақтан келген қысқаша бейнеқұттықтаулар мен жазушы туралы деректі фильм көрсетілді.
Сезім МЕРГЕНБАЙ