Захардин Қыстаубайұлы. Тіршіліктің түсін жазбай таныған
Тек қана шығармашылық пен алаңсыз шұғылдану қазақ жазушыларының көбіне бұйырмаған бақыт. Олар екі ауысымда жұмыс істейді. Ең қиыны – күндізгі жұмыстары да жазу, екінші кезектегі бейнеттері де сол – жазу...
Оның 1993-жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген әңгімелері мен повестер жинағы «Қорғансыз жүрек» деп аталады. Осында топталған дүниелердің затына сай тауып қойылған ат екені даусыз. Өйткені, оның «Шілде» деген алғашқы кітабында да, одан соң әр жылдары оқырман қолына тиген «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Машаттағы махаббат» (соңғы екеуі Шымкентте басылып шыққан) атты еңбектерінде де негізінен осынау қым-қуыт дүниедегі бар жақсылық пен жамандық атаулыны жүрек безбенінен өткізетін, өздеріне тікелей қатысы жоқ жанама жайларға да бейжай қарай алмайтын елгезек замандастар тағдыры сыр болып ақтарылады.
Егер М.Байғұтовтың жоғарыда аталған туындыларын рет-ретімен қарар болсақ, кешегі талапкер жас жазушының бірте-бірте ел суреткеріне айнала бастағаны, жастыққа жарасымды мөлдір, тұнық сезімдерді өрнектеуден сатылап адам жанының тереңінде жататын жүрек сырларын ақтаруға бет алғаны, қырықтан кейін Абай атасы сынды «жүрек» сөзіне көбірек ден қоятыны анық байқалып, осы мехнатты сапардағы ізденіс соқпақтары сайрап жатады.
Жалпы жазушы ағайын жылдар бойғы өсу, толысу үстінде жаңадан көп нәрсені тауып, ал кей-кейде, өкінішке қарай, бойында бар тәуір қасиеттерін жоғалтып алатын сияқты-ау өзі. Айталық, уақыт өте келе сыршылдықтан айырылып, біржола пәлсапашыл ырғаққа түсіп кететіндері де бар. Мөлдір сезімдері суынып, сыпыра баяндауға ұрынатындары да жоқ емес, әрине. Махаң болса, өсу, толысу барысында ә деп, қолына қалам алғанда, табиғат сыйлаған сыршылдыққа, шыншылдыққа, мөлдірлікке бейім жорғасынан жаңылмай, адамның жүзінде, жанарында лып-лып етіп көрініп тұратын құбылыстарды, тіл ұшындағы сөздерді қанағат, місе тұтпай, кейіпкердің бүкіл ғұмырының астын үстіне шығаратын күрделі жайларға, характер қақтығыстарына, олардың себеп-салдарына, туындау заңдылықтарына дендей енуді дағдыға айналдырған екен. Сырт қарағанда жазушының стилі, композиция құруы, кейіпкер таңдауы соншалықты күрт өзгеріске ұшырамағанымен, адам жанын әр қырынан ашып көрсетуі, момын, сыпайы, шаруақор, адал кейіпкерлерінің (ауыл қариялары, бойжеткендер, балалар, Бауыржан, Наурыз, Сұлтан, Иван, Бағдат) қатарын соңғы жылдары қулық-сұмдығы қатпар-қатпар жырындылармен (Жиенқұл, Тіней, Меңгеруші, Қасымбек) толықтыруы шеберлігінің толысқанын көрсетсе керек.
Сонауға айналып бара жатқан кешегі жетпісінші мен бүгінгі тоқсаныншы жылдары республикалық түрлі басылымда жарияланған лирикалық пландағы «Күн астындағы Күнікей қыз», «Таскекіре», «Таудағы андыз», т.б. әңгіме, повестерін кезінде тұщына оқыған қауым соңғы уақытта дүниеге келген «Кандидат», «Жылқы атылған түн», «Дос пейілі» сынды драмалық қақтығысы басым туындыларын да жатырқаған жоқ. Себебі, автор шығармашылық ізденіс барысында, біздіңше, күрт бұрылыс жасаған жоқ, керісінше, өзінде бұрыннан бар қарым-қабілетті ұштау, байыту, дамыту арқасында молая түскен мүмкіндігін тиімді пайдалана отырып, соны кейіпкерлер галереясын жасауға кірісті. Тың тақырыпқа екі пьеса жазды. Қысқасы, драмалық туындылар жазуға қарай ойысты. Жоғарыда айтып өттік, онысы өз жемісін берді де. Бірақ, Махаң сол бұрыннан өзіне табиғаты жақын жандарды біржола ұмытқан жоқ. Қайта осы соңғы бір-екі жыл көлемінде өзі біршама сағындырған жас дәурен тақырыбына оралып соғып, «Ақ шымылдық», «Машаттағы махаббат» атты лирикалық шығармалар жазып бастады. Сөйтіп, ертеректе дүниеге келген «Таудағы андыз» повесін жалғызсыратпай, қатарын толықтырды.
Неге екенін қайдам, бізге «Таудағы андыз» хикаясы кей-кейде арудың танакөзінен тамып кеткелі тұрған баданадай тамшы сияқты болып та көрінетіні бар: әрі мөлдір, әрі жып-жылы, әрі кермек. Жаны таза, жүрегі адал, Айсұлуға деген махаббаты кіршіксіз Бауыржанның өмірі, шынында да, аянышты-ақ. Бірақ, бірте-бірте, шығарманы оқып шыққан соң, күндердің күнінде мына жалғаннан қыршын кетіп, таудың бір қалтарысында елеусіз ғана кішкене төмпешікке айналған бозжігіттің енді оңайлықпен ұмытылмайтынын, оның аяулы бейнесі жүрегіңізге ұялап қалғанын сезесіз. Онымен сырласа бастауыңыз мүмкін. Оның адалдығын өзіңізге өлшем ретінде пайдалануыңыз да ғажап емес.
Қамти, қаусыра айтар болсақ, жазушы шығармаларында есте қалардай дәрежеде дараланған мұндай кейіпкерлер баршылық. Осыны тап басқан сыншы Бақыт Сарбалаев ертеректегі бір пікірінде: «Мархабат Байғұтовтың «Жалбыздың жағасында», «Доланай шахтасы», «Айып», «Дауыстың түсі», «Жемелек», «Шел» сияқты шығармалары оны қазіргі қазақ әңгімесінің шеберлеріне қосады», – деп ағынан жарылған екен. Қазір қарап отырсақ, аталған әңгімелер қатарына мұнан соң «Жылқы атылған түн», «Кезеңдегі музыка мектебі», «Таскекіре», «Кандидат», «Бір дорба диплом», «Бейшара», «Гамбургтегі қазақтар», «Қызбел жүзімі», т.б. қосылыпты.
Кезінде Махаң туралы айтылған пікірдің ішінен Тәкен Әлімқұловтың бір сөзі көкейімізде қалып қойыпты. Онда, 1981-жылы Т.Әлімқұлов: «Мархабат Байғұтов тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгерген жазушы... «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істей жүріп неғұрлым нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді», – деген-ді. Шыны да солай ғой. Жас жазушының сол тұста өзі сияқты жаны таза, көкірегі ояу жандарды көбірек төңіректейтіні рас болатын. Әсіресе, көркем очерктерді көп әрі келістіріп жазатыны есімізде. Ол дүниелері де жеке кітап болып шығуға сәл-ақ қалған. Шығуы керек-ақ еді. Бір кем дүние ғой... Қалай дегенде де, Мархабаттың шебер очеркист екені талассыз. Осы орайда марқұм ақын Дүйсенхан Нақымовтың бір сөзі ойға орала береді. «Мархабаттың очерктері, көркем әңгімеге бергісіз болып келеді, – деуші еді ол. – Шіркін, сол газетте бір көрініп қана қалатын дүниелерге кететін күш-қуатын, көз майын Марқаш әңгіме жазуға жұмсаса ғой». Әрине, оны Мархабат та білді. Бірақ, күнкөріс те керек. Күн көру үшін газеттерге «бірдеңе» жазып отыру қажет. Ал, ол «бірдеңе» жаза алмайды. Қара мақаланың өзіне әдемі бір детальдар, диалог, монологтар арқылы шырай крігізеді, оқылатын дүниеге айналдырады.
Айтпақшы, оның кей очеркетерінің сұлбасын әңгіме, повестерінен көріп те жүрміз. Ертеректе облыстық газетте «Көмекші шопан» атты проблемалық очеркі жарияланған еді. Онда бар атақ-абыройға әдетте аға шопан ие болатыны, ал негізінде, отардың бүкіл ауыртпалығы көмекшіге түсетіні, оның еңбегі ескерілмейтіні, жалпы осы бір еңбеккер тұлғаның ылғи қалтарыста, көлеңкеде қалатыны әңгімеге арқау болғанды. «Дос пейілі» повесінде біз өзімізге очерк арқылы таныс көмекші шопанды қайта кездестірдік. Реті келгенде айта кетейік, Махаң қойшы образын келістіріп шығара алады, бәлкім, ол малшы тұрмысын, туған табиғатты жақсы білетіндіктен де шығар. Қалай дегенде де көмекші шопан Наурыз бен аға шопан Жиенқұл бейнесі бұған дейін біз білетін малшылардан бөлекшелеу. Жиенқұлды алғаш көрген адам оны не директор, не меңгеруші деп қалуы әбден мүмкін. Ол солай болуға тырысып бағады. Ал, Наурыз басқаша, ол бірде – бала, бірде – дана. Араласпайтын ісі жоқ. Бірде қоғам мүлкін қорғап, шыр-пыр болып жүрсе, бірде табиғат жанашыры ретінде көрінеді, тағы бірде ол – осынау өзі өмір сүрген өңірдің шежірешісі. Ендігі бір сәтте ол бәріне қолды бір сілтеп, шұғыл түрде еңбек демалысын алып, бір қора бала-шағаны әйеліне табыстап, БАМ-ға тартып бара жатады. Әрине, онысында бір гәп бар. Ол... сонда оның махаббаты тұрады.
Иә, Тәкең сексенінші жылдардың басында айтқан пікірінде Мархабат шығармашалығының тамыр бүлкілін талассыз тап басқан. Бірақ, өмірде өзгермейтін не бар? Арада өткен он-он бес жылда жас жазушы да өзгерді. Ол енді сұлулықтан ғана сыр суыртпақтамайды. Адалдықтан ғана өнеге өрмейді. Ол қазір жамандықтың өзінен оқырманға ой саларлық дүниелер жасайтын болды...
Көркем шығарманың дүниеге келуі оңай болмаса керек. Автордың қаншама тер төгіп, көз майын тауысатынын біз сезе бермейміз. Бір білетініміз – дөңгеленіп түсе салатын, бір деммен жазылатын дүниелер сирек. Мархабат та үнемі ауыр мехнатты белден кешіп жүріп жазатын сияқты. «Тобылғы гүлдегенде» деген шып-шымыр повесін арада біраз уақыт өткенде «Дос пейілі» деген атпен толықтырып, қайта жазып шығуы соны дәлелі. Ал енді «Кандидат», «Кезеңдегі музыка мектебі» әңгімелері – ойылып түсе салған сәтті дүниелер, жазушы бейнетінің зейнеті. Екеуінде де аз көлемге көп мағына сыйғыза білген. Бәрі де рет-ретімен, өз орнында, артық-ауыс, асық-кем ештеңе жоқ.
«Кандидаттың» бас кейіпкері Мэлс Тіленшиев өмірде өз күші бар, қолдаушылары бар, әке дәулетімен бар нәрсеге қол жеткізеді. Былай қарағанда, тірлігі кісі қызығарлықтай. Үй-жайы, жақсы қызметі, көркем де ақылды келіншегі, сүйкімді балалары, бір басына жетерлік абыройы... бар. Шын мәнінде, бәрі керісінше. Мэлс өзінен мықтылардың қолжаулығы іспетті. Мұны өзі де сезеді. Сезеді де соған да шүкіршілік етеді. Тіпті, келіншегінің бір мықтымен көңілдес екеніне көнбістік танытады. Ал, әкесі... Тіленші шал баласындай емес. Онда намыс жетерлік, ол – жырынды. Реті келгенде, кеудемен соғып, мықтының өзін омақастырып кете алады. Бірақ, оның да шамасы келмейтін жайлар болады екен. Сұлу келінінің суық жүрісін көзбен көрген шалдың қаны басына шауып, құлап түседі... Тіленшінің қайғысы арқылы жазушы адамның ақыл-ойына, қулық-сұмдығына бас ұрмайтын, ақшаға сатылмайтын жайлар болатынын меңзейді... Әңгімені оқып шыққан соң Мэлске жаның ашиды. Бұл заңды да. Өйткені, ол бейшаралау кейіпкер ғой. Ал, енді нағыз жағымсыз кейіпкер ретінде көрінген қара шалға да табалау орнына аяушылық сезімің оянатыны қызық. Бұл, бәлкім, Мархабатқа ғана тән жазу үрдісінің әсері болар-ау. Ол өмірде ғана емес, көркем әдебиетте де адамға қиянат жасау, қателескен кісіні күстәналау идеясынан аулақ жүретін. Адам жанының қараңғы, сыз қалтарыстарына күн сәулесін түсірумен шектеледі.
«Кезеңдегі музыка мектебінде» жоғарыдағы әңгімедегідей драма, тайталас, тартыс, қулық-сұмдық жоқ, мұнда әжуа басым. Осындағы «композитормын» деп, өзін де, өзгені де шаршатып жүрген Бүйрекбайды біз бұрыннан жақсы танитын сияқтымыз. Оны талай көргенбіз де. Бәлкім, зілсіз күлгенбіз. Тек әңгімеге сұранып тұрған кейіпкер екенін байқамаппыз. Байқамаудан шығады, жазушының «Машаттағы махаббат» повесіндегі Санжар мен Сая да бізге жақсы мәлім жандар. Әсіресе, бойжеткен, қазір ондай базардан қайтып келе жатқан қарындастарымыз, демографтардың айтуына сенсек, мың-мыңдап саналады. Бұл – үлкен қасірет. Мархабат соны екі замандасының кешігіп жанған, қызығынан күйігі көп өкінішті махаббаты арқылы әдемі жеткізе білген. Санжар социализм идеологиясы қалыптастырған құтыдағы дерлік адам. Мұғалім. Бұған бала-шағаны қосыңыз. Саяның жайы белгілі... Екеуі қысылтаяң, қысқа мерзімде кездеседі де, өздері де күтпеген жерден бір-біріне деген ынтық сезімдері лап ете түседі. Өшіруге шамалары келмейді. Бір шешімге тоқтауға уақыт жетпейді. Қыздың жолы әу бастан жіңішке. Жігіт тұйықтан шығар жол таппай қиналады. Жол екі айырылады. Сая жылай-жылай кете барады. Санжар не десін. Көп нәрсе айтылмай, іште кетеді.
Жадымды бекер сұрадың,
Кешігіп жанған, шырағым.
Тұйықтан шығар жол таппай,
Жүректің жасын бұладым.
Ыза ғып тағдыр наласы,
Ушығып жанның жарасы,
Ішіңнен сен де жыладың...
Ақыры... Тағдыр деген осы ғой. Батылдау болмадың деп Санжарға, тұрмыс құруға асықтың деп Саяға да ренжи алмайсың... Жүректе бір қоңыр мұң ұялап қалады. Олардың мұңы. Біздердің мұңымыз. Бәріміздікі де шығар, бәлкім.
Тек қана шығармашылық пен алаңсыз шұғылдану қазақ жазушыларының көбіне бұйырмаған бақыт. Олар екі ауысымда жұмыс істейді. Ең қиыны – күндізгі жұмыстары да жазу, екінші кезектегі бейнеттері де сол – жазу. Мархабатта да өмір бойы солай. Байтақ Қазақстанның ең бір қазақы облысындағы әдеби, мәдени іс-шаралардың баршасына ол, міне, ширек ғасырдан бері тікелей атсалысып келеді. Аудандық, облыстық газеттерде, облыстық әкімшілікте жауапты қызметтерде болды. Қазір облыстық Тіл комитетінің төрағасы... Иә, сөйтіп, өзіне берілген құзірет аясында егемен еліміздің уығын қадаса, шаңырағын көтерісе жүріп, кемшілікті сынай, жақсылықты жебей жүріп, Махаңның өзі де елуінші асуға шығыпты. Не айтуға болады мұндайда? Осыдан оншақты жыл бұрын оның шығармашылығы туралы ойымызды түгендей келе: «Танылудың ендігі кезегі Мархабатта», – деген екенбіз. Құдай абырой бергенде, иә, иә, алдымен жасағанның жазмышы шығар, содан соң таланты мен бейнеткерлігінің жемісі болар, әйтеуір ол басқа тұтас, құрбыластарына қарағанда кеңірек танылды. Соған шүкір дей отырып, бүгінгі сөзімізді «Марапаттаудың ендігі кезегі Мархабатта» деп аяқтағымыз келеді.
25 қазан, 1995 жыл