Жадыра Оразалиева. Әдебиеттің басты құндылығы – адамның ішкі әлемін ашу
Өзіңе дейінгі мұраны оқып, содан кейін ғана әдебиетке қандай жаңалық әкелетініңді ойлау маңызды...
Жадыра ОРАЗАЛИЕВА – әдебиеттанушы, филолог. Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген. 1990 жылы Түркістан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищені үздік дипломмен тәмамдаған. 1995 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих-филология факультетін бітірген. 1996 жылы аталған университеттің магистратурасын «Қазақ әдебиеті» мамандығы бойынша аяқтап, 1996–1997 жылдары осы оқу орнында оқытушылық қызмет атқарған.
2000 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аспирантурасын тәмамдаған. 2002–2005 жылдары аталған университеттің қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушы болып еңбек етті. 2005–2016 жылдары Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде аға оқытушы қызметін атқарды. 2019–2026 жылдары Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында қызмет етті. Қазіргі таңда Шымкент қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының ғалым хатшысы.
– Жадыра Көшенқызы, әңгімемізді сіздің осы салаға – кітапханаға, әдебиетке, ғылымға қалай келгеніңізден бастасақ. Бала кезіңізде өлең, әңгіме жазатын ба едіңіз?
– Мен табиғаты сұлу, көркем Төлеби ауданында дүниеге келдім. Әкем кішкентай кезімде тізесіне отырғызып алып «менің қызым әнші болады» деп айтатыны есімде қалыпты. Сірә, өнерге деген қабілет қарымымды байқаса керек. Әкемнің өзі алты пернелі домбырасында керемет күйлер орындайтын. Ал өзім табиғат аясында тау етегінде қозы, лақ бағып жүріп, ешкім жоқ жерде айғайлап ән айтқанды жақсы көретінмін. Үйіміздің маңы терең сай болатын, оның арғы беті биік жотаға ұласатын. Сол жотадағы қатар-қатар орналасқан биік жартастарға шықсаң бүкіл ауыл тегіс көрінетін. Әсіресе, көктем айында гүлдер тере жүріп, сол тізбектеле орналасқан биік жартастарға шығып, шіркін, осы табиғаттың керемет сұлулығын жырлайтын ақын не суретші болсам ғой деп армандайтынмын. Алайда ақындық өнер қонбапты, дегенмен де сол бала қиял әдебиет әлеміне алып келді деп ойлаймын...
Бала кезімнен әдеби кітап оқуға ерекше құштар болдым. Мектеп қабырғасында жүргенде қазақ әдебиеті пәнінен мазмұндама, шығарма жазғанды жақсы көретінмін. Сол қызығушылық мені Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің филология, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына алып келді.
Оған дейін Шымкенттегі қазіргі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы оқу орнына осы мамандық бойынша тапсырғаным сәтсіз болып, араға бір жыл салып Түркістандағы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық училищеге оқуға түстім. Оны қызыл дипломмен аяқтап, бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етсем де, жүрегімдегі арман – филологияға түсу еді.
Бір күні газеттен Қожа Ахмет Ясауи университетінің ашылып, талапкерлер қабылдап жатқаны туралы хабарландыруды көріп, жазғы демалыста құжаттарымды тапсырып, оқуға қабылдандым. Университеттің алғашқы түлектерінің бірі атандық.
Ол кездегі Түркістанның жағдайы бүгінгідей емес еді. Қажетті кітаптарды табу қиын болатын, кітапхана қорында бізге керек оқулықтар жеткіліксіз еді. Бірақ бізге дәріс берген профессор-оқытушылар құрамы өте мықты болды. Атап айтқанда, абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметұлы, әдебиет теоретигі Темірғали Есенбеков, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек, тілші-ғалым М.Ержанов секілді көрнекті ұстаздардан білім алдық.
Мекемтас ұстазымыз кафедра меңгерушісі ретінде жатақханадағы тұрмысымызды өз көзімен көріп, бізге әкедей қамқор болды. Сонымен қатар халық ауыз әдебиеті, абайтану, ясауитану пәндерінен дәріс оқыды. Оқуды аяқтаған кезде де тікелей кафедраға оқытушылыққа алып қалған да осы Мекемтас ұстазымыздың аялы қамқорлығы болатын.
Ал әдебиеттің терең сырын алғаш танытқан ұстазым – Темірғали Есенбеков. Әдебиеттің жай ғана сөз өнері емес, көркемдік қабаттары мол, тылсым әлем екенін сол кісінің дәрістері арқылы ұқтым. Кейін қазақ әдебиеті тарихынан дәріс бере жүріп, жазған рефераттарым мен курстық жұмыстарымды жоғары бағалап: «Сіздің өзіндік стиліңіз бар екен» деген пікірі әдебиетші болуға деген сенімімді нығайтты. Магистрлік жұмысыма да ғылыми жетекшілік жасады.
Ал әдеби сынға деген талғамымыздың қалыптасуына Құлбек Ергөбек ұстазымыздың ықпалы ерекше болды. Әдебиетке деген көзқарасымның қалыптасуына осы аяулы ұстаздарымның еңбегі зор.
– Көп жағдайда ғылым жолын таңдаған адамдар жоғары оқу орындарына немесе ғылыми-зерттеу институттарына бет бұрады. Ал сіздің тағдырыңызды кітапханаға алып келген қандай ішкі себептер болды? Зерттеуші үшін кітапхананың беретін мүмкіндіктері қандай?
– Иә, дұрыс айтасың, Сезім. Университетте оқып жүрген кезімізден ұстаздарымыз бізді ғылымға баулыды. Мекемтас Мырзахметұлы: «Сендерді мектепке емес, жоғары оқу орнына, ғылымға дайындап жатырмыз» деп жиі айтатын.
Сол мақсатпен университеттің қазақ әдебиеті кафедрасына оқытушылыққа қабылдандым. Кейін Мекемтас ұстазымыз басқа қалаға ауысқаннан кейін медицина ғылымдарының докторы, профессор Сайлаубек Шалқарұлының қолдауымен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне аспирантураға түстім. Оны аяқтаған соң осы оқу орнында аға оқытушы болып еңбек еттім.
Өмір жолы әрдайым тегіс болмайды. Белгілі бір жағдайларға байланысты кафедрадағы қызметімнен кетуге тура келіп, кейін Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетінде жұмыс істедім. Біраз жылдан соң тұрмыс құрып, декреттік демалысқа шықтым. Сол аралықта еңбек еткен оқу орным жабылып, біраз уақыт жұмыссыз қалдым.
Кейін Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасына жұмысқа орналастым. Менің кітапханадағы еңбек жолым осылай басталды.
Зерттеуші үшін кітапхана – таптырмас орта. Мұнда ғылыми ізденіске қажетті әдебиеттер де, рухани дамуға мүмкіндік те мол. Ең бастысы – уақыт тауып, тиімді пайдалана білу керек.
– Бүгінде «қоғам кітап оқымай кетті» деген пікір жиі айтылады. Кітапхана қызметкері ретінде қазіргі оқырманның келбетін қалай сипаттар едіңіз?
– Қоғамның кітаптан алыстап бара жатқаны – ащы болса да шындық. Дегенмен қуантатын жаңалықтар да жоқ емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы кітап оқу мәдениетін ұлттық саясат деңгейіне көтеруді көздейді. Бұл – оқырман санын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Қазіргі таңда кітапханаға келетін оқырмандар саны белгілі бір деңгейде көңіл қуантады. Әсіресе жастар арасында кітапқа қызығушылық артып келеді. Соған қарамастан, кітапхана оқырманын көбейту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасып жатыр.
– «Кей кітап оқырманды оқиды» дейді. Ақын-жазушылардың мұрасын зерттей жүріп, адам табиғаты туралы қандай ақиқатқа көзіңіз жетті?
– Әдеби талдау жасау үшін ең алдымен шығарма өзіңе ұнауы керек. Сонда ғана оны жүрек сүзгісінен өткізіп, мақала жазуға кірісесің.
Зерттеу еңбектерін жазып жүріп түсінгенім – адам табиғаты өте күрделі. Оның жан дүниесі сан қатпарлы, жұмбағы көп. Әдебиеттің де басты құндылығы – сол адамның ішкі әлемін ашуында.
– Сіз зерттеген қаламгерлердің ішінде рухани тұрғыдан өзіңізге ең жақын тұлға кім?
– Бұл өте әдемі сұрақ екен. Бір жазушының бүкіл шығармашылығын зерттеу – оның тағдырымен үнсіз сырласқандай әсер береді.
Ең алғаш қолыма Оралхан Бөкейдің «Үркер ауып барады» жинағы түсті. Содан бастап оның шығармашылығына ерекше қызығушылық пайда болды. Университетте Темірғали ұстазымыздың дәрістерінде де Оралхан шығармалары жиі талданатын. «Қар қызы», «Сайтан көпір», «Атау кере» шығармалары ерекше әсер қалдырды. Соның нәтижесінде магистрлік жұмысымды Оралхан Бөкей шығармашылығы бойынша қорғадым.
Дегенмен жан дүниеме лирикалық бағыттағы қаламгерлер жақынырақ. Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Бейімбет Майлиннің әңгімелері, Тахауи Ахтановтың хикаяттары, Сайын Мұратбековтің мөлдір прозасы, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Төлен Әбдік, Әбіш Кекілбай, Бердібек Соқпақбаев, Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағанбетов, Мархабат Байғұт шығармалары менің рухани әлемімнің бір бөлшегіне айналған.
– Егер барлық мақалаларыңыз жоғалып кетіп, болашаққа бір ғана ойыңыз жететін болса, ол қандай ой болар еді?
– Амангелді Кеңшілікұлының мына сөзі болар еді: «Әдебиет адамтануды ғана емес, адам болып қалуды үйрететін ұлы өнер».
– Егер жүз жылдан кейінгі зерттеуші бүгінгі қазақ әдебиетін оқыса, біздің дәуіріміз туралы қандай қорытынды шығаруы мүмкін?
– Меніңше, бүгінгі қазақ әдебиеті туралы жақсы пікір қалыптасады. Өткен ғасырдың 60–90 жылдарын әдебиеттің алтын дәуірі дейміз ғой. Сол сияқты тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттің де өз үні, өз бағыты қалыптасты. Қазіргі әдебиет заман ағымына сай дамып, кемелденіп келеді деп ойлаймын.
Өзім де қазіргі әдеби үдерісті тұрақты бақылап жүремін. Жақында Жүсіпбек Қорғасбектің «Кельндегі көкжал» романын оқып бітіріп, қазір Думан Рамазанның «Сынақ» романын оқып жатырмын.
Әдеби сыннан Темірғали Есенбеков, Бақытжан Майтанов, Құлбек Ергөбек, Сауытбек Әбдірахманов, Ермек Аманшаев, Амангелді Кеңшілікұлы, кейінгі буыннан Айнұр Ахметованың еңбектерін қызығып оқимын.
Жас қаламгерлердің де ізденісі қуантады. Әлішер Рахаттың «Параллель», Ұларбек Дәлейдің «Қоңыз», Дәурен Қуаттың «Бөрісоқпақ», Бақтыгүл Ауданованың «Пейіштің самалы», Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ», «Дардай» шығармалары өзіндік көркемдік әлемімен ерекшеленеді. Поэзияда кейінгі толқыннан жергілікті ақындар Бақытжан Алдияр мен Арайлым Мұратәлиеваның өлеңдері ұнайды.
Әдебиетте «дәстүр мен жаңашылдық» деген ұғым бар. Жас қаламгерлер осы екеуінің сабақтастығын ұмытпаса екен деймін. Өзіңе дейінгі мұраны оқып, содан кейін ғана әдебиетке қандай жаңалық әкелетініңді ойлау маңызды.
– Сіздіңше, бүгінгі қоғам ең алдымен қандай құндылықты жоғалтып алу қаупімен бетпе-бет келіп тұр?
– Мені ең көп алаңдататыны – балалар мен жастардың смартфонға шамадан тыс тәуелділігі. Бүгінде кішкентай балалардың далада ойнаудың орнына ұялы телефонға үңіліп отырғанын жиі көреміз. Мұндай көрініс Абай айтқандай ойландырмай қоймайды. Қазіргі қоғамдағы қатыгездіктің бір себебі де виртуалды әлемге шектен тыс байланып қалуда жатқандай көрінеді.
– Бүгінде жасанды интеллектінің қарқынды дамып жатқанын көріп отырмыз. Бұл ғылыми мақала жазу мәдениетіне қалай әсер етті деп ойлайсыз?
– Қазіргі таңда жасанды интеллект қолданылмайтын сала кемде-кем. Ғылымда да оны тиімді пайдалану кеңінен қолға алынып жатыр.
Ал оның әдебиетке ықпалы жөнінде әдебиеттанушы Айнұр Ахметованың «Әдеби шығармашылық және сын саласында жасанды интеллектіні қолдану: мүмкіндіктер мен қатерлер» атты баяндамасында жан-жақты айтылған. Бұл материал «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды.
Меніңше, жасанды интеллект әдеби үдеріске жаңа мүмкіндік әкелгенімен, ол ешқашан қаламгердің де, әдебиет сыншысының да орнын баса алмайды.
– Сөз соңында «Мархабат» журналының оқырмандарына айтар ұсыныс, пікір, лебізіңіз болса – мархабат!
– «Мархабат» журналын тұрақты оқып тұрамыз. Әсіресе жас қаламгерлердің шығармалары қуантады. Әлем әдебиетінен берілетін аудармалар да қызықты. Мархабат Байғұттың шығармаларын түгелге жуық оқыдық десем, артық емес.
Мархабат ағамыз әдеби басқосуларда шығармасының мазмұнын айтқаннан гөрі, екі ауыз талдау пікірді жоғары бағалайтын. Сондықтан журналда әдеби сынға арналған арнайы айдар ашылса деген ұсынысым бар. Сол арқылы жас сыншылар мен кәсіби әдебиеттанушылардың зерттеу мақалалары тұрақты жарияланып тұрса, журналдың ғылыми-әдеби деңгейі одан әрі биіктей түсер еді.
«Мархабат» журналының мерейі әрдайым үстем болып, оқырманы көбейе берсін!
Әңгімелескен
Сезім МЕРГЕНБАЙ