Ақбота Бейбітбек. Сағынышқа айналып кетті ғұмыр
Саған жақсы жаңалығым бар: бүгін – жаз, ертең – жаз, бір айдан соң да – жаз. Менің жазым – Сен...
Ақбота БЕЙБІТБЕК – ақын. 1994 жылы 8 шілдеде Түркістан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Облыстық және республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Күміс қалам» республикалық поэтикалық дуэлінің «Әбілда Аймақ» атындағы әдеби сыйлығының иегері. «Көңіл күйсандығы» атты жыр жинағының авторы.
Ұшты-ұшты
Ұшты-ұшты, не ұшты?
– Сезім ұшты…
Сөнгендей от,
сарқылды төзім ішкі.
Қасық мұңы қалмаған кейуанадай,
Мына түн де ақыры көз ілісті.
Ұшты-ұшты, не ұшты?
– Сенім ұшты,
Сағыныштың десек те селі күшті.
Мейіріммен бояппын мезгілдерді,
Сүюменен өлшеппін мен ырысты.
Ұшты-ұшты,
аққанат арман ұшты,
Қайда көмем ақ парақ, толғанысты?
Кете бардың сезбестен жай-күйімді,
Естімедің мендегі жан дауысты.
Ұшты-ұшты,
Сәт ұшты мәртебелі,
Ақын ұшты, жаны – жаз, өрт – өлеңі.
«Тұйықталдым» дедің бе соңғы кезде,
Тұңғиыққа әкеттің ерте мені…
Жүрген кездер көп күліп, шат қуанып,
Армандаған көк жалау, ақ ту алып.
Ұшырып кеткені ме тағдыр желі,
Үлгертпей де ұшырып батпырауық…
Маған сенің есімің ғана ұнайды
Өзгеше өмір салтым, бөтен ғұрпым,
Өзгеше мендік болмыс, бөтен күлкім.
Ешқашан кетпейтіндей жүремін де,
Ешқашан сүймегендей кетем бір күн.
Үмітім жетегінде үзіктердің,
Жан күйімді келмейді тізіп бергім.
Өкпелеуді қойғанмын пенделерге,
Өкініш жоқ, бәрі де қызық болды.
Шертілер түнге шерім, Айға назым,
Мен күткен сол биіктік қайда қазір?!
Сенгенмін елеместен тосқауылды,
Жанымның төсеп түгел жайнамазын.
Көзіңнен дәуір көшіп, ғасыр ауып,
Сезіммен осы тілсіз, осы ғаріп.
Жүрсің ғой жүрегіңе тыным іздеп,
Ең ұлы жалғыздықты тосып алып.
Білмеймін, кімге жеңіл, қиын болды?
Әйтеуір көңілсіздік үйір келді.
Қаншама қасиеттен бойыңдағы,
Өзіме алып қалдым түйір белгі.
Санамда сәулелері тұр ақылдың,
Жолында адаспағай мұратыңның.
Маған сенің есімің ғана ұнайды,
Есімі болғаннан соң бір ақынның.
Шын ақынның!
Сен үшін таңда оянғым келген
Сен үшін таңда оянғым келген,
Боянғым келген сен үшін,
О, менің ұлы жеңілісiм hәм жеңісім.
Күн болып күліп,
Ай болып қалқып,
Жұлдыздай сосын жайнасам
деген тілегім түс екен қазір ойласам.
Сен үшін кеште билегiм келген,
Сүйрегiм келген үмітті,
О, менің ғазиз махаббатым-ау,
сенімді hәм күдікті.
Кешіріп болдық,
Көсіліп болдық,
Кешігіп болдық, ақталма,
Жақыным болма, жат болма!
Сен үшін қайта жаралғым келген,
Жаңарғым келген сәт сайын,
О, шерлі көңілім, фаруаз мұңым патшайым.
«Ақын қыз» дедің,
«Атың – Күз» дедің, Көктем ем,
Мезгілінен кеш көктеген...
Сен қайда жүрдің?
Сен қайда жүрдің?
Көп қызықтың ысырып тысқа бәрін,
Лебізіңе шөлдеген тұста жаным.
Тіл ұшымда күрмеліп сөзім небір,
Уысымда қалмады ұстағаным.
Мен қайда жүрдім?
Тағдыр тағы төбеңнен жай түсіріп,
Жұбатуға жарымай сай кісілік.
Мезгілдерді өткердік текке қалай,
Бізді ақтап алады қай түсінік?
Сен қайда жүрдің?
Бұрымымдай кесілген шақта бағым.
Мен қайда жүрдім?
Тіршіліктің кезгенде «Ақтабанын»…
Біз қайда жүрдік?
Бірге бармай, киноға, ән кешіне,
Кепіл қайсы сезімнің сөнбесіне?
Нөміріңе қоңырау шалғым келген,
Соңы түспей тұрғаны жөнді есіме.
Қоңырау шаларсың өзің…
Осы менің…
Осы менің тілімнің кемістігі бар,
Тілімнің ұшында тағдырдың теріс қыры бар.
Жанымның кеңістігі бар...
Жылы сөздерді,
Жақсы сөздерді айта алмай,
Өтуде сәттер, өтуде ғұмыр байқалмай.
Осы менің көзім нашар көреді,
Батырды батыр, осалды осал демеді,
Шынайылықты қашан көреді?!
Адамның бәрі айтпады, айтты демегін,
Көреді екен өзіне ғана керегін.
Осы менің құлағым саңырау шығар?
Еңсеп қазған шыңырау шығар?
Естімегенім соңы дау шығар?
Азанның үнін естіп оянған дұрыс-ау,
Адамның үнін естіп оянған дұрыс-ау.
Шаршаған білем мендегі жүйке жүйесі,
Мен кешкен қызық, өзіме аян күй осы.
Маңдайдан сипап қояды суық алақан,
Жұғылмаса деп қараңғылықтың күйесі.
Толғану
Бәрі де өте шықты түстей көрген,
Боларға, болмасқа да,
Өзімді күштей бергем.
Бір жанып, бір өшті де,
Жыраққа жоғалды үміт,
Ақымақпын, кеудеммен кек бүрлеген,
Басым ауған жағыма кеткім келген,
Таудан да биік екен табалдырық!
Түбіме сүйкімсіздің сөзі-ай жеткен,
Сығалап боз Ай көктен,
Түнімен жылағаным,
Білініп қалды тағы көзәйнектен.
Көлеңкеммен қыдырып жарық күнде,
Келеді ол талып бірге, жанып бірге.
Жанар көргім келеді, жүрек көргім,
Көрмеген тіршілікке налып мүлде.
Көбіне көрінсе де түн қараңғы,
Түн ғана еш жалықпай тыңдар әнді.
Ей, дүние, сен қалай байқамайсың
Айналшақтап жүргенін мұң балаңды?
Бірде көл, бірде шөлмін,
Уын ішіп алғанмын мың кеселдің.
Астында жүрген жалғыз мен емеспін,
Қолшатырсыз адасып жыр-нөсердің.
Шаш та сол өрілмеген,
Қас та сол терілмеген.
Қыз деген болса-дағы атым ізгі,
Оқып берер секілді хатымызды.
Әйтеуір ілік таппай сөйлесуге,
Жасқанады алдыма көп ұл менен!
Неге?
Күзден сенің жоқ айырмаң
Біздің мұңлық сезімнен тағдыр өктем,
Жанарымды аяма жаңбыр өпкен.
Гүл кеудеме мезгілсіз Күз орнаттың,
Өзің күткен мен едім мәңгі Көктем.
Шексіз ойға таппадым шектік ұғым.
Сағынышқа айналып кетті ғұмыр.
Менің қаным тулайды тамырымда,
Бұлтын сауып алғанда Көк құрығыр.
Келмес күнге санаңды мың сүңгітіп,
Қышқыл мұңды ауадай тұрсың жұтып.
Жаныңды қоярға жер таппаған соң,
Жек көріп кеткенімді жүрсің күтіп.
Бағымызды кетсе де қыран іліп,
Жүрекке нық орнағай ұлар үміт,
Ішімді дерт қозғайды, тереземде,
Қарашаның мұз желі тұрады ұлып.
Кетпейтінім ол анық тек ойыңнан,
Ұтылғаның болмаса көп ойыннан.
Күзде жалғыз қалдырды деп күрсінбе,
Күзден сенің, жарқыным, жоқ айырмаң!
Бақ-бақ
Сен қына да емессің тасқа біткен,
Сәлемдейсің сұраушы босқа күткен.
Раушандайын болмады құның үстем,
Түймедақтай жүрсің-ау тынып іштен.
Өскеніңмен толтырып жол жиегін,
Бағынбайсың заңына көп жүйенің.
Тұсың бар-ды бір ақын қызығардай,
Күндей күлші өзгелер үзіп алмай.
Сыйламайды сені ешкім сатып алып,
Атың арзан болғанмен затың алып.
Табылмайсың қоқыстан қандай бақыт,
Сол үшін де тамсанам, таңдай қағып.
Түскені жоқ мен білсем бағаң одан,
Жанды аяймын сені гүл санамаған.
Сұлулықтың сендегі сыры басқа,
Айтып тұрған жоқпын мен мұны босқа.
Үлпек шарды ұшырған сәт әдемі,
Жазылғандай жүректе хат әуелі.
Қурамасаң ұқсайсың Күнсұлуға,
Қурап қалсаң ұқсайсың Айсұлуға,
Жігіт ғашық болады қай сұлуға?!
Түймедақ
Түймедақ,
түймедей мұңның да мысы ауыр,
Көңілім неліктен құса бұл?
Раушанды ұнатқан емеспін,
Сыйлаған жоқ ешкім.
Арулар үзсе де күлтеңнен,
«Сүйеді», «сүймейді» бір теңге.
Сезімді ұқты ма сендегі,
Үнсіздік бүркенген?
Түймедақ,
түйрейді түйедей ойларым,
Ұмытқам, кешіргем жай бәрін.
Келмейді төбемді көрсеткім,
Келмейді сайрағым.
Түймедақ,
сынауға сәт түссе үйір жат,
Тағдырға айту да қиын дат.
Қаңбақтай кетпесін желге ұшып,
Бармақтай бұйырған түйір бақ!
Менің жазым – сен
Маусым – ерке,
Шілде – қырсық,
Тамыз – тұйық,
Мендегі мінездің бұл – жиынтығы,
Тіл табысамыз, жоқ қой қиын түгi.
Жаз жасыруды білмейді,
асығуды білмейді,
басынуды білмейді,
Өтірік күлмейді.
Жаз – ыстық,
Ыстықты құштық.
Өзіме ұнайды осы бір Үштік.
Саған жақсы жаңалығым бар:
бүгін – жаз,
ертең – жаз,
бір айдан соң да – жаз.
Менің жазым – Сен.