Қанат Алтынбек. «Тәуір жазады екен»: Дулат Исабеков артқан сенім

May 26, 2026 - 15:42
 6
Қанат Алтынбек. «Тәуір жазады екен»: Дулат Исабеков артқан сенім

Қанат АЛТЫНБЕК – Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ұлттық кітапханасының Ғалым хатшысы.

(Естелік эссе)

Жазушының басты міндеті – жазу. Мүмкіндігінше жақсы жазу. Бұл – қарапайым ғана қағида секілді көрінгенімен, шын мәнінде қаламгер тағдырын айқындайтын ең ауыр, ең жауапты өлшем. Біз оқыған шынайы классиктер осы ұстаныммен өмір сүрді. Олар үшін қалам – жай құрал емес, тағдырдың өзі, қару мен қорған, мұң мен медет, үміт пен сенім болды. Қай кезеңде болмасын ала қағаздың азабына төзе білген, ойдың отына күйіп, сөздің салмағын көтере алған жазушылар ғана уақыт сүзгісінен өтіп, оқырман қолынан түспейтін мәңгілік шығармалар қалдырды.
Сол қабырғалы қаламгерлердің бірегейі, біз көзін көріп, батасын алған, рухани аға тұтқан Дулат Исабеков еді. Дулат атаның шығармашылығымен мектеп қабырғасынан таныстық. Алғашқы беттен-ақ баурап алатын жеңіл тіл, өмірдің өзінен ойып алынғандай шынайы кейіпкерлер, әзіл мен мұң қатар өрілген тартымды оқиғалар бізді еріксіз жетелеп отыратын. Ол кісінің әңгіме, повестерін оқығанда ауылдың иісі аңқып, қарапайым адамдардың тағдыры көз алдыңа тіріліп сала беретін.
Алматыға оқуға түсіп, үлкен әдебиетке жақындаған сайын кітаптан ғана білетін жазушыларды тірідей көрудің, жүзбе-жүз кездесудің әсері тіптен бөлек екен. Университет дәліздерінде, кітапханаларда, жатақхана бөлмелерінде қызу талқыланатын есімдердің бірі де Дулат Исабеков болатын. Студент жастардың қолынан түспейтін екі кітап бар еді: «Махаббат қызық мол жылдар» мен «Қарғын». Әсіресе «Қарғынды» курстастарым аузының суы құрып, бірінен бірі асыра мақтайтын. Роман туралы пікірлерін тыңдағанда, оны оқымаған адам өзін бір рухани әлемнен тыс қалып қойғандай сезінетін.
Сол ықыласқа, сол жоғары бағалауға еріксіз еліктеп, бір күні мен де «Қарғынды» қолға алдым. Қызығып бастадым, тез оқыдым, аз күнде тауысып шықтым. Бірақ, шынымды айтсам, көңілім күткендей тола қоймады. Роман жаман емес, әрине, бірақ достарымның әсірелей әспеттеп, биікке көтерген бағасына сай келмегендей әсер қалдырды. Мүмкін, олар жүктеген рухани салмақ тым ауыр болған шығар, мүмкін, мен өз қиялымда тым асқақ өлшем жасап алған болармын. Сол кезде санамды «мен Дулат Исабековтен бұдан да терең, бұдан да биік дүниені күтіппін ғой» деген ой мазалады.
Осы бір күмәнді көңіл күймен жүріп, кейінірек жазушының «Жеті белес» атты жеті повестен тұратын жинағын оқуға кірістім. Міне, нағыз кездесу, нағыз қауышу сол кезде болды. Әр повесть – бір тағдыр, бір белес, бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің, бір буынның ішкі әлемі. Кейіпкерлердің жан айқайы, үнсіз қасіреті, үміті мен өкініші, арман мен күйініші соншалық табиғи, соншалық шынайы суреттелген. Артық сөз жоқ, жасандылық жоқ. Барлығы өмірдің өзінен алынған, жүректен шыққан, жүрекке жететін дүние.
Сол кітапты оқып отырып: «Е, бәсе, менің қиялымдағы Исабеков дәл осы ғой!» деп, іштей қуандым. Бұл – ауыл мен қала, әке мен бала, ар мен ұят, махаббат пен жауапкершілік, жалғыздық пен сағыныш сияқты мәңгілік тақырыптарды ешбір жасандылықсыз, үлкен философиялық тереңдікпен бере алатын қаламгердің шынайы бейнесі еді. Дулат атаның жазушылық құдіреті де осында. Ол оқиғаны емес, адамның жанын жазады, тағдырды емес, тағдырдың ішіндегі тылсым күйді суреттейді.
«Жеті белесті» оқып болған соң, пікірімді Фейсбукке жолдап едім. Онда:
«Драмалары өткен ғасырдың өзінде-ақ сыншылар мен шын оқырмандардың айрықша ықыласына бөленген классик жазушы Дулат Исабековтің бұл көлемді повестері: «Гауһар тас», «Үндемес», «Дермене», «Тіршілік», «Біз соғысты көрген жоқпыз», «Ертегі елінде, немесе қоштасу вальсі», «Тыныштық күзетшісі». Атауларының өзі-ақ мектеп оқулықтарынан бастап көптеген басылым беттерінде жарық көріп, қазақ әдебиетінің мазмұны мен мәнін кең құлаштай толтырған кесек дүниелер екенін аңғартады. Осы жеті повестің ішіндегі алғашқыларының бірі – кезінде оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген «Гауһар тас» хикаяты.
«Гауһар тас» повесінде қазақы дүниетаным, ұлттық болмыс айна қатесіз, асқан шеберлікпен суреттелген. Жеңге мен қайын арасындағы шынайы жанашырлық пен қамқорлықты оқығанда, оқырманның арқа еті шымырламай қоймайды. Бұл шығарма желісімен «Гауһар тас» атты көркем фильм түсіріліп, ұлттық алтын қорымызды толықтырғаны да белгілі.
«Үндемес» повесі (кейін «Сүйекші» деген атпен де жарық көрді) – қоғамдық шетқақпай көрген, тағдыр тауқыметін ерте тартқан Тұңғыш есімді кейіпкердің өмірін суреттейді. Қарапайым құдық қазушы әкесі жазықсыз адам өліміне куә болып, сотталып кетеді. Ердің құнын өтеу мақсатымен белгісіз бір елді мекенде құдық қазып жүріп, ақыры құдық түбінде жан тәсілім етеді. Анасы да аманатқа қалған баласын көруге жолға шығып, қыстау үйде бақилық болады. Бар киімін қасындағы жас нәрестеге жауып, оны аман алып қалмақ болады. Алайда суыққа шыдамаған сәби де көп ұзамай шетінеп, Тұңғыш жападан жалғыз қалады. Бұл повесть оқырманды терең толғандыратын, жүрекке ауыр салмақ салатын шығарма.
«Дермене» повесінде ата мен немере арасындағы мың жылдық мейірімнің, ұрпақтар сабақтастығының көркем бейнесі беріледі.
Ал «Тіршілік» хикаяты көкнармен көңілін жұбатқан кедей шал мен кемпір Қыжымгүлдің трагедиялық тағдырын суреттейді. Бұл шығарманың қайғы-қасіретін бір ауыз сөзбен айтып тауыса қою мүмкін емес.
«Біз соғысты көрген жоқпыз» бен «Тыныштық күзетшісі» повестері Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ел тұрмысын, тылдағы еңбек пен халық басынан өткен ауыр кезеңдерді бейнелейді. Осы шығармаларды оқу арқылы соғыс жылдарында қалыптасқан жас буынның, маңдай терімен күн көрген қарапайым адамдардың тағдырын тереңірек түсінуге болады.
Ал «Ертегі елінде, немесе қоштасу вальсі» повесінде албырт, кінәмшіл жас жігіттің қиял мен шындық аралас ғажайып оқиғалары суреттеледі. Оқырман бірде күліп, бірде мұңаяды. Осындай сан алуан тағдырды, адам жанының терең трагедиясын жеті бірдей повестің өзегіне сыйдыра білген Дулат Исабековке айтар алғыс шексіз», – деген лебізімізді қоса жазған екенбіз.
Біз көзін көрген, батасын алған сол буын қаламгерлерінің біртіндеп арамыздан алыстап бара жатқаны жүрекке ауыр. Бірақ олардың сөзі, ойы, рухы бізбен бірге қалды. Дулат Исабековтің шығармалары – жай әдеби мұра емес, тұтас бір ұлттың жан дүниесінің айнасы. Қаламын қару еткен, бірақ ол қарумен ешкімді жараламаған, керісінше, адамды адам ететін, ойлантатын, жүрекке үңілдіретін жазушының шынайы ұлылығы да осында деп білемін.
Сол себепті де мен үшін Дулат ата – тек мектеп оқулығындағы классик қана емес, студенттік шақтағы рухани серік, өмірді әдебиет арқылы тереңірек тануға үйреткен ұстаз, қалам мен ардың, сөз бен жауапкершіліктің не екенін ұқтырған үлкен тұлға болып қала береді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған соң, араға бір жыл салып, Қазақстан Жазушылар кітапханасына қызметке орналастым. Әдеби ортаның өз иісі, өз тынысы бар ғой, сол жерге алғаш қадам басқан күннен бастап өзімді рухани бір кеңістікке енгендей сезіндім. Кітап сөрелерінде тізілген классиктер, қолжазбадай сақталған сирек басылымдар, үнсіз ғана өткен-кеткеннің ізі қалған залдар – бәрі де ерекше бір жауапкершілік жүктейтін.
Осы кітапханада Естияр Исабеков деген азаматтың жұмыс істейтінін білдім. Бірақ алғашында жақын танысып, сырласудың реті түсе қоймады. Әркім өз шаруасымен, өз әлемімен жүретін. Бір күні әріптесім Нұрбек екеуміз жұмыстан қайтып келе жатып, ол аяқ астынан: – Қанат, мына Естияр ағаң Дулат Исабековтың ұлы екен ғой. Апайлардан естідім, – деп қалды.
Сол сәттегі таңданысымды сөзбен жеткізу қиын. Менің қиялымда қазақ әдебиетінің алып тұлғасы, классик жазушы Дулат Исабековтің ұлы міндетті түрде үлкен қызметте, атақ-даңқтың көлеңкесінде жүрген бір салтанатты адам сияқты елестейтін. Ал ол болса шағын ғана кітапханада қарапайым қызметкер болып, ешбір дараланусыз еңбек етіп жүр. Бұл маған бірден жазушы болмысының өзімен, мінезімен сабақтас көрінді. Сөйтсем, Дулат ата шығармаларында қандай адал, принципшіл, қатал да әділ болса, отбасында да балаларына сондай талапшыл, кішіпейіл болуды үйреткен екен.
Кейін түскі үзілістердің бірінде Естияр ағамен жақынырақ танысуға мүмкіндік туды. Сөйлесіп отырсаң, сөз саптасы бай, ойы терең, қазақ тілінің иірімдерін табиғи, көркем қолданып отыратын, көп оқыған, көп көрген, аса бір байсалды азамат екен. Даусы жұмсақ, мінезі сабырлы. Әңгіме арасында өзінен гөрі өзгелерді көбірек сөз ететін, әсіресе әкесінің аты аталғанда қарапайым ғана, ешбір асқақтамай, бірақ іштей үлкен құрметпен еске алатын.
Кейін Нұрбекті де шақырып, үшеуміз жиі әңгіме-дүкен құратын болдық. Әр кездескен сайын рухани байып, ойымыз тереңдеп қайтатынбыз. Естияр аға бала кезінен жазушылардың ортасында өскендіктен, біз одан атақты қаламгерлер туралы естеліктер, қызықты оқиғалар сұрап отыратынбыз. Ол ешқашан асығып-аптықпай, әр сөзін салмақтап, асықпай баяндап беретін. Бірде ауылдағы жазушылардың бас қосулары, бірде әкесінің жұмыс үстеліндегі әдеттері, бірде қаламгерлер арасындағы әзіл-қалжың, кейде ауыр да тағдырлы сәттер туралы сыр шертетін. Сол әңгімелер арқылы біз әдебиеттің сыртқы салтанатынан гөрі ішкі жауапкершілігін, жазушы болудың рухани жүгін тереңірек сезінетінбіз.
Бір күні әңгіме арасында ол жай ғана: – Бұйырса, сендерді әкеммен жолықтырғым келеді. Жақыннан танысыңдар, – деді.
Осы сөздің өзі біз үшін үлкен қуаныш болды. Нұрбек екеуміздің төбеміз көкке жеткендей күй кештік. Қазақ әдебиетінің тірі классигімен жүздесу, қолын алу, батасын алу – біз үшін арманмен тең еді. Сол күнді асыға күтіп, әр кездесуді іштей толқумен елестетіп жүрдік.
Бұл күтудің өзі бір рухани мектеп сияқты болды. Себебі Дулат Исабековтің ұлы арқылы біз ұлы жазушының отбасылық тәрбиесін, қарапайымдылығын, адамдық биігін көрдік. Әкесінің атағын жамылып, даралануға ұмтылмай, керісінше, кітаптың ортасында, тыныш еңбектің ішінде жүріп, әдебиетке адал қызмет ету – нағыз зиялылықтың белгісі екенін сол кезде терең ұқтым.
Әйтсе де, сол көптен күткен жүздесудің реті бірден келе қоймады. Сексеннің сеңгірінен асқан қарт қаламгердің денсаулығы жиі сыр беретін. Кейде ауруханаға жатып қалады, кейде ел аралап, өзге қалаларда өтетін мәдени-әдеби шараларға шақырылып жатады дегенді еститінбіз. Сөйтіп, үміт пен күту араласқан күндер бірте-бірте сырғып өте берді.
Осы аралықта мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына қызметке шақырылып, сонда ауыстым. Бұл да тағдырдың бір белесі секілді еді. Кітап иісі аңқыған, ой мен рух тоғысқан үлкен ордада жүріп, бұрын өзімше түртіп, шимайлап жүрген әңгіме-повестеріме қайта оралуға мүмкіндік туды. Сол тұста көрнекті ақын, елге белгілі қайраткер Қасымхан Бегманов ағам қолжазбаларымды оқып шығып, жылы пікір білдірді. «Мұны жай қоймада жатқызуға болмайды, өңдеп, толықтырып, кітап қылып шығару керек» деп үлкен сенім артты. Ол кісінің сол бір сөзі маған қанат бітіргендей болды.
Демалыс күндері мен түнгі тыныштықты пайдаланып, үш ай бойы тынымсыз еңбектендім. Әңгімелерімді қайта-қайта қарап, ой елегінен өткізіп, шағын жинақтың сұлбасын дайындап та қойдым. Әдеби ортада қалыптасқан бір әдемі дәстүр бар. Жас қаламгердің тұңғыш кітабына аға буыннан бір белгілі жазушы пікір жазып, ақ жол тілейді. Сол оймен, жастықтың албырттығы ма, әлде жүректегі үлкен үміт пе, Естияр ағамен жолығып, жаңа дайындап жүрген кітабыма Дулат Исабековтің пікірі керек екенін айттым.
Естияр аға әдеттегі сабырлы қалпымен, кішіпейілділікпен: – Әкем жастардың еңбегін қашан да қолдап, ақ батасын беріп отырады. Ыңғайы келгенде көрсетейін, – деді. Осы бір ауыз сөздің өзі мені ерекше бір қуанышқа бөлеп, өзімді жазушыдай сезіндіріп жібергені рас.
Алайда ол кездері Дулат атаның денсаулығы біраз сырқаттанып жүрген шағы екен. Күтуге тура келді. Уақыт өтіп жатты. Бір күні кешкісін Естияр ағадан дауыстық хабарлама келді. Даусынан бір түрлі толқу да, қуаныш та сезіледі.
– Қанат, мен қазір әкемнің қасында отырмын. Денсаулығы бірқалыпты. Уайымдама. Сенің екі әңгімеңді оқыды. Толық жинақты түгел қарап шығуға әзірге шамасы келмеді. Бірақ оқығандары ұнапты. Риза болып отыр. Пікір жазуға қазір денсаулығы көтермей тұр, алдағы уақытта жазамын деп отыр, – деді.
Сол сәтте телефонның ар жағынан қарт қаламгердің бәсең, бірақ анық естілген даусы жетті: – Тәуір жазады екен. Осы бетінен таймасын. Тілі бар, ойы бар, идеясы да жаман емес екен...
Осы сөздер жүрегіме шоқ болып түсті. Бұл – жай ғана мақтау емес, қазақ әдебиетінің алыптарының бірі, тірі классиктің жас қаламгерге берген батасындай естілді. Ол хабарлама түн ортасында келген еді. Сенесіз бе, таң атқанша көз іле алмадым. Қуаныштан, толқудан, жауапкершіліктің салмағынан ба – санамда сан түрлі ой шарқ ұрды.
Сол түні мен Дулат Исабековпен жүзбе-жүз кездескен жоқпын. Бірақ мен одан да маңызды бір кездесуді бастан кешірдім. Мен өз шығармаларым арқылы ұлы жазушының рухымен, талғамымен, таразысымен жүздестім. Ол мені көрмей-ақ, атымды толық білмей-ақ, жазған сөзім арқылы таныды. Бұл – қалам ұстаған адам үшін ең биік баға, ең үлкен бақыттың бірі еді.
Сөйтіп, мен үшін Дулат ата енді тек оқулықтағы классик, әдебиет тарихындағы ірі тұлға ғана емес, алғашқы шығармашылық қадамымды алыстан қолдап, ақ тілегін арнаған рухани ұстазға айналды.
Содан кейін қолжазбаларымды өзім жақсы танитын, әрі шығармашылығын жоғары бағалайтын белгілі жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақыш ағама апарып көрсеттім. Ол кісі әр әңгімені асықпай, мұқият оқып шығып, ескертпесін де, жылы лебізін де аямады. Ең бастысы – тұңғыш жинағыма алғы сөз жазып беруге келісіп, үлкен ағалық қамқорлық танытты. Нұрдәулет ағаның байыпты пікірі, терең талдауы, сенімге толы сөзі маған зор рухани демеу болды. Бұл – жас қаламгер үшін үлкен мектеп, үлкен жауапкершілік еді
Араға екі айдай уақыт салып, Жазушылар кітапханасында Елена Ағайсаның ұйымдастыруымен Дулат Исабековпен үлкен кездесу кеші өтетін болды. Тағдырдың бір тосын сыйындай сол әдеби жүздесуді жүргізу тізгіні маған тапсырылды. Бұл хабарды естігенде жүрегім ерекше толқыды. Бір жағынан қуаныш, бір жағынан қобалжу. Өйткені қазақ прозасының классигі, тірі аңыз тұлға – Дулат Исабековпен жүзбе-жүз отырып, сөз тізгінін ұстау, сұхбат құру оңай шаруа емес.
Кеш басталар сәтте залға кіріп келген Дулат атаның еңселі тұлғасы, сабырлы жүрісі, жүзіндегі терең ой мен өмірден жинаған даналық бірден аңғарылды. Даусы баяу болса да нық, әр сөзі орнықты, әр ойы салмақты. Әдебиет, тағдыр, уақыт, адам мінезі жайлы айтқан әңгімелерін тыңдап отырып, оның шығармаларынан таныс рухты тірідей сезінгендей болдым. Бұл – кітаптағы Исабеков пен өмірдегі Исабековтің біртұтас, бір болмыс екенінің айғағы еді.
Сол кеште мен үшін көптен күткен бір арман орындалды. Дулат атамен жақыннан танысып, тілдесіп, өзімді таныстыруға мүмкіндік туды. Шара соңында қолыма таяуда ғана жарық көрген тұңғыш кітабымды алып, жүрексіне барып ұсындым. Ол кісі кітапты қолына алып, байыппен парақтап шықты. Бетін ашып, атауына көз жүгіртті, алғы сөз, мазмұнын шолып өтті. Сосын маған қарап жылы жымиып, ақ батасын берді.
Ол сәттегі көңіл күйімді сөзбен толық жеткізу қиын. Бұл – тек бір кітаптың табысталуы емес, жас қаламгердің үлкен әдебиет жолына алған рухани батасы, ұстаздан шәкіртке тиген шапағаттай әсер етті. Мені әлі көрмей жатып, әңгімелерімді сырттай оқып, «тәуір жазады екен» деп бағалаған еді. Енді міне, сол сөздің жалғасындай болып, тұңғыш жинағымды қолына ұстап тұрып, жүзбе-жүз батасын берді.
Сол күннен бастап Дулат Исабеков менің санамда тек классик жазушы ғана емес, шығармашылығымның алғашқы қадамында ақ тілек айтып, жол ашқан рухани аға, әдеби тағдырыма куә болған қасиетті есімге айналды.

***

«Айналайын Қанат, мына кітабыңды көріп, өзімнің де алғашқы шыққан кітабым есіме түсіп отыр. Жазушылық жолға түскен екенсің жолың болсын. Шығармашылық табыс болсын. Бірінші кітапты адам шығарады, шын еңбектенсе егер. Бірақ, екінші кітаптың жолы ауырлау болады, біріншіге қарағанда оның көтерер жүгі де салмағыда өзгеше болады. Соған шыдауың керек.
Жазушы болған соң сынға көп көңіл бөл. Сынға майысып сынып қалма. Бірақ, жазушы адамның ішінде қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін анықтайтын түйсік болу керек. Соған құлақ түріп жүр.
Қанатжан, әлем әдебиетінің ең озық шығармаларын көбірек оқы. Қазақ әдебиеті өте жақсы дамыған әдебиет. Әйтседе, шетел әдебиетінен үйренеріміз көп. 
Тамшыдан теңіз, желектен орман жасау нағыз жазушының қолынан келеді. Өмірлік шындықты көркем әдебиетке айналдыра білу, нағыз шеберлікті талап етеді. 
Өмірде «сәттілік» деген қызық дүние бар. Саған тілейтінім әрқашан алдыңнан сәттіліктің арай таңы ата берсін. Шығармашылық табыс, шығармашылық шабыт болсын. Оқы, үйрен, көр. Сол оқыған, көрген, үйренген дүниеңнің бәрін көркем шығармаға айналдыра білу, шығырмашылық шеберліктің басты қасиеті. Сол қасиет сенің бойыңа сіңсін. 
Жолың болсын. Жаратушы әрқашан жақсылықтың нұрын шашып жүре берсін! Менің жолымды берсін!»

***

Міне, осылайша Қасымхан ағамның жігерлендіруімен, Нұрдәулет ағамның байыпты пікірі мен ақ жол тілегімен тұңғыш кітабым жарық көріп, оқырманға жол тартты. Бірақ сол кітаптың маған берген ең үлкен бақыты – Дулаттай аңыз жазушыдан бата алып, әдебиет әлеміне алғашқы қадамды соның рухани рұқсатымен аттауым еді. Бұл – кез келген жас қаламгердің маңдайына жазыла бермейтін, тағдырдың сирек сыйы.
Негізінде Дулат Исабеков – мысы бар, ішкі қуаты мен рухани салмағы бірден сезілетін тұлға болатын. Қасына баруға екінің бірі жүрексінетін. Жас қаламгер түгілі, талай белгілі адамдардың өзі оның алдында өзін еркін ұстай алмай, іштей именіп тұратынын талай байқадым. Бұл қорқыныш емес, құрметтен, оның әдебиет алдындағы адалдығын, талғамының қаталдығын, сөзге деген жауапкершілігін терең сезінуден туатын бір ерекше іркіліс еді.
Өзі де Ғабит Мүсірепов сынды алыптардан бата алған, сол үлкен мектептен өткен қаламгер ретінде әдебиетке ешқашан жеңіл қараған емес. Сөзді ермекке айналдырмай, әр сөйлемге, әр образға, әр ойға үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Сондықтан да оның жанында жүрген, жүздескен, әңгімесін тыңдаған адам еріксіз өзін таразыға салып, «мен сөзге, өнерге, рухқа адалмын ба?» деп іштей есеп беретін.
Соңғы жылдары жазған пьесаларының өзінен-ақ Дулат Исабековтің тіл байлығы, тарихты терең білетін көкірек көзі, адам жанының қатпар-қатпарын ашатын психологтығы айқын аңғарылып тұратын. Ол тек прозашы ғана емес, сахнаның, диалогтың, драмалық қақтығыстың табиғатын терең түсінген үлкен драматург еді. Кейіпкерлерінің тілі тірі, ойы өткір, мінезі нақты. Уақыт өзгерсе де, адам болмысының өзегі өзгермейтінін дәлелдейтін шығармалар жазды.
Оның қаламдас досы, көрнекті жазушы Төлен Әбдік бірде әзіл мен шындықты астастыра отырып: «Дулат, сен қырық жасыңда-ақ дүниеден өтіп кеткеніңде де, біз бәрібір сенің сексен жылдығыңды тойлап отырар едік. Өйткені сен қырыққа жетпей-ақ классикалық шығармалар жазып үлгердің», – деген екен.
Бұл сөздің астарында үлкен шындық жатыр. Расында да, Дулат Исабековтің шығармалары оқырманымен ерте табысты. Оның әңгімелері мен повестері, романдары мен пьесалары бірнеше буынның рухани серігіне айналды. Сол туындылардың негізінде түсірілген фильмдер мен сахналанған қойылымдар қарапайым көрерменнің де, талғамы биік зиялы қауымның да көңіл төрінен берік орын алды.
Мен үшін сол ұлы жазушының батасын алып, қолынан кітап ұстатып, «жолың болсын» деген бір ауыз тілегін есту – өмірлік рухани белес. Бұл – тек жеке қуаныш емес, әдебиетке деген жауапкершілікті еселеп арттырған аманат сияқты сезілді. Дулат Исабековтің мысы да, биігі де, қаталдығы да – бәрі де шын мәнінде сөзге, өнерге деген адалдықтан, әдебиеттің қасиетін қорғай білетін ұлы мінезден туған еді.
Дулат Исабеков туралы қатарластарының, замандастарының жиі айтатын бір қасиеті бар. Ол қай тақырыпта болмасын өз пікірін бүкпей, іште сақтап қалмай, ашық айта алатын қайсар мінез иесі еді. Уақыттың ыңғайына қарай бұғып қалу, жалтақтау, сөзін жұмсартып, шындықты айналып өту оған жат болатын. Әдебиетте де, қоғам өмірінде де ол әрқашан өз ұстанымына адал қалды. Бұл – қаламгерге ғана емес, азаматқа да тән биік қасиет.
Соңғы жылдары Дулат Исабековтің түрлі журналистерге, зерттеушілерге, жас сұхбат алушыларға берген бейнесұхбаттарын түгелге жуық көріп шықтым. Ютуб платформасындағы сол әңгімелерде ол тек жазушылық шеберлігі туралы ғана емес, қоғамның дертті тұстары, ұлттың рухани ахуалы, тіл, мәдениет, тарих, тәуелсіздік тағдыры жайында да терең толғанып, ашық пікір білдірді. Сөз арасында біреуге жағынайын, біреудің көңілін табайын деген есеп байқалмайды. Керісінше, ақиқатты қалай сезсе, солай айтады. Сол үшін де оны тыңдаған адам бейжай қалмайды. Біреу келіседі, біреу ойға қалады, біреу өзімен-өзі дауласады. Бірақ ешкім немқұрайды өте алмайды.
Сол сұхбаттардың астына жазылған пікірлерді оқысаң, халықтың оған деген ықыласы мен құрметі айқын сезіледі. Көпшілік «халықтың ішіндегі сөзді айтты», «жүректегі мұңды қозғады», «біздің айта алмай жүргенімізді жеткізді» деп жазып жатады. Бұл – нағыз қаламгерге ғана емес, елдің жоғын жоқтай алған азаматқа берілетін баға. Демек, Дулат Исабеков тек көркем шығарма жазумен шектелмей, қоғам алдындағы жауапкершілікті де терең сезінген тұлға болған.
Осы тұрғыдан келгенде, ол қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып жүрген сирек жандардың бірі екені айқындала түседі. Оның шығармаларындағы әлеуметтік астар, адам тағдырына, ұлттық болмысқа алаңдау, әділет пен ар мәселесін алдыңғы орынға қою – бәрі де өмірдегі азаматтық позициясымен үндесіп жатыр. Сахнада сөйлеген кейіпкерлері де, сұхбатта сөйлеген өз сөзі де бір рухтан, бір жауапкершіліктен туғандай әсер қалдырады.
Мен үшін Дулат Исабековтің ұлылығы тек көркем прозасында немесе драматургиясында ғана емес, сол азаматтық кескінінде, сөзден таймайтын турашылдығында, халықтың мұңын өз жүрегінен өткізіп айта білуінде жатыр. Сондықтан да ол ел жадында жай ғана шебер жазушы ретінде емес, заманымен бірге ойлаған, қоғамымен бірге күрсінген, ұлтының рухани жүгін арқалаған үлкен тұлға ретінде сақталады.
Дулат Исабековтың соңғы видеосын классик қаламгер Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне орай арнаға берген көңіл айту бейнесінен көрдім. Жүдеу көрінді. Расында араға көп уақыт салмай үзеңгілесінің артынан бет түзеп кете барды. Бұл екі қаза қазаққа оңай тимеді. Әдебиет жетімсіреп қалды. Міне бүгінде олар бұл өмірде жоқ болса да кітаптары қайта басылып оқырмандар арасында кеңінен оқылып, екінші өмірлер барақатты басталып жатыр. Оларды бүкіл халық өз жүректері мен адал пейілдерімен жақсы көрді. Мысалы, біз жоғарыда атын атаған «Қарғын» романы неше түрлі дизайндармен басылып мыңдаған тиражбен таралуда. Яғни насихаттауды өз оқырмандары бастап кетті. Міне жазушының нағыз бақыты осы. 
Дулат Исабековтің соңғы жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында жас драматургтерге арнап жүргізген дәрістері негізінде жарық көрген «Театр және кино әлемі» атты еңбегін де ықыласпен, ерекше қызығушылықпен толық оқып шықтым. Бұл кітапты қолыма алған сәттен бастап, оның жай ғана теориялық құрал емес, үлкен өмірлік және шығармашылық тәжірибеден сүзілген нағыз ұстаздық еңбек екенін аңғардым.
Дулат атаның бұл еңбегіндегі ең басты құндылық – драматургияға қазақы көзқараспен қарауы. Ол Батыс театрының, әлемдік драматургияның заңдылықтарын құрғақ аударып, сол күйінде ұсынбайды. Керісінше, оны қазақтың мінезіне, танымына, сөз саптасына, өмір сүру болмысына икемдеп, ұлттық дүниетаныммен сабақтастыра түсіндіреді. Мысалдарын да қазақ өмірінен, ауыл мен қала тіршілігінен, тарих пен тұрмыстан алады. Сондықтан оның айтқан ойы, келтірген дәлелі, жасаған тұжырымы жас драматургке жат, бөгде емес, етене жақын сезіледі.
Кітапты оқи отырып, Дулат Исабековтің тек тәжірибелі қаламгер ғана емес, нағыз ұстаз, сахнаның сырын ішінен білетін терең психолог екенін тағы бір мәрте түсінесің. Кейіпкер мінезін ашу, қақтығыс құру, диалогтың табиғатын табу, сахналық уақыт пен ішкі драматизмді үйлестіру секілді күрделі мәселелерді ол қарапайым, бірақ дәл, өмірден алынған мысалдар арқылы түсіндіреді. Сол себепті бұл еңбек драматург боламын деген жас талап үшін таптырмас құрал, бағыт-бағдар беретін рухани компас дер едім.
Ең бастысы, ол драматургияға да мектеп қалыптастырып кеткен тұлға екені осы еңбегінен айқын сезіледі. Оның пьесалары сахнаға шыққанда қарапайым көрерменнің жүрегіне бірден жол табатыны да осыдан. Себебі ол күрделі ойды күрделендіріп айтпайды, терең мағынаны халық тілімен, өмір тілімен жеткізеді. Кейіпкерлері жасанды емес, сөздері қолдан құрастырылғандай емес, тірі адамдай сөйлейді. Залда отырған көрермен өз көршісін, өз туысын, өз ішкі күйін көргендей болады.
Сондықтан да Дулат Исабеков драматург ретінде де, ұстаз ретінде де қазақ сахна өнеріне өлшеусіз үлес қосты деп сеніммен айтуға болады. «Театр және кино әлемі» – соның жарқын айғағы. Бұл кітапта оның өмір бойы жинаған тәжірибесі, сахнаға деген сүйіспеншілігі, сөзге деген адалдығы, ұлттық рухқа деген жауапкершілігі тұтасып жатыр. Ол драматургияны тек өнер ретінде ғана емес, халықпен тілдесудің, ұлт жанына үңілудің бір биік формасы деп түсінген. Сондықтан да оның пьесалары да, дәрістері де, жазған теориялық ойлары да бір мақсатқа – көрермен жүрегіне жол табуға қызмет етті.
Әрине, іздеушісі жоқ адамның ізі де бірте-бірте көмескі тартып, уақыт шаңына көміле беретіні белгілі. Ал Дулат Исабеков сынды ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның ізі өшпек түгілі, күн өткен сайын айқындалып, жарқырай түсуі заңды. Бүгінде оның атын ұлықтау, шығармашылығын кеңінен насихаттау, халық жадында мәңгілікке орнықтыру бағытында бірқатар игі істер атқарылып жатыр. Бұл – ең алдымен, оның қара ормандай қалың оқырманының шынайы ықыласынан, ал қарашаңырақ Қазақстан Жазушылар одағының рухани жауапкершілігінен туындаған заңды құбылыс.
Сонымен қатар, жазушының артында қалған ұрпақтары мен оның шығармашылық мұрасын жүйелі түрде насихаттап, құқықтық әрі рухани тұрғыдан қорғап жүрген заңды менеджері Динара Қожабаеваның еңбегін де ерекше атап өткен жөн. Мұраға иелік ету ғана емес, сол мұраны келешекке аман жеткізу – үлкен жауапкершілік. Осы тұрғыдан алғанда, Дулат Исабековтің есімін ұлықтау жолындағы жұмыстардың жоспарлы, жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны қуантады.
Бүгінде оның атына көше, кітапхана, мәдени нысандар беру мәселесі де біртіндеп жүзеге аса бастады. Бұл – жай ғана атау беру емес, ұлттың өз рухани ұстазына, сөз зергеріне көрсеткен құрметінің белгісі. Халқы үшін жүрегін жұқартып, саналы ғұмырын сөз өнеріне, адам жанының тереңіне үңілуге арнаған қаламгерді халқының осылай бағалауы – нұр үстіне нұр.
Мемлекет тарапынан да Дулат Исабековтің еңбегі өз дәрежесінде еленді. Ол Қазақстанның ең жоғары марапаттарының бірі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Бұл – жеке бір адамның қуанышы ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің мерейі. Өйткені бұл атақ арқылы мемлекет сөз өнерінің, рухани еңбектің қоғамдағы орнын, қаламгер еңбегінің салмағын айрықша бағалап отыр.
Дулат Исабековтің өмірі мен шығармашылығы – бір адамның тағдыры ғана емес, бір дәуірдің, бір ұрпақтың рухани тарихы. Оның есімінің көше атауларында, кітапханаларда, оқу бағдарламаларында, театр афишаларында, ең бастысы – оқырман жүрегінде сақталуы заңды әрі әділетті. Өйткені ол өз халқының мұңын мұңдап, қуанышын жырлаған, заманның тамырын дөп басқан, сөзбен ұлттың жанын сөйлете алған сирек дарын еді. Осындай тұлғаны ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, келер ұрпаққа өнеге, рухани бағдар болары сөзсіз.
Мен естелік эссемнің басында айтқанымдай-ақ, Дулат Исабековтей қабырғалы қаламгерден «Тәуір жазады екен…» деген бір ауыз жылы сөз естуім – мен үшін қандай да бір атақ-марапаттан әлдеқайда биік, әлдеқайда қымбат. Себебі ол сөз – жай көңіл үшін айтылған ілтипат емес, бүкіл ғұмырын сөзге, шындыққа, адам жанына арнаған үлкен жазушының таразысынан өткен баға еді. Сол бір ауыз сөздің артында қаламға адалдық, ойға жауапкершілік, әдебиетке деген қатал талап тұрды. Сондықтан да ол менің жадымда мәңгілікке сақталатын, шығармашылық жолымдағы ең үлкен рухани демеу болып қалды
Дулат Исабековтің шығармалары да дәл сол өзі секілді еңселі, салмақты, биік. Олар уақыт желіне мүжілмейтін, заманның өтпелі мінезіне көнбейтін, Алатаудың асқар шыңдарындай аласармай, қайта жыл өткен сайын айқындалып, тереңдеп, жаңа қырынан ашыла беретін классикалық дүниелер. Әр буын өз мұңын, өз сауалын, өз жан күйін сол шығармалардан тауып отырады. Бір кезде ауыл тіршілігін, адам мінезін, заман шындығын суреттеген кейіпкерлер бүгінгі оқырманға да жат емес, өйткені олар – мәңгілік адамдық болмыстың көрінісі.
Дулат атаның прозасы мен драматургиясында жасандылық жоқ, өтірік пафос жоқ. Онда өмірдің өз даусы, халықтың өз тілі, жүректің өз лүпілі бар. Сондықтан да оның шығармалары оқырманмен жылдар бойы сырласып келеді, әлі де сырласа береді. Бір оқығанда бір әсер, қайта оқығанда басқа бір тереңдік ашылады. Бұл – нағыз классикаға тән қасиет.
Мен үшін оның «Тәуір жазады екен» деген бір ауыз сөзі сол асқар Алатаудың етегінен тиген шуақтай, бүкіл шығармашылық жолыма жарық түсірген рухани белгі іспетті. Уақыт өте келе атақ та, даңқ та көмескіленуі мүмкін, ал ұлы қаламгердің шынайы көңілден шыққан бағасы, ақ батасы адам жадында, жүрегінде мәңгі сақталады. Дулат Исабековтің өзі де, сөзі де, рухы да дәл солай – уақыттан биік, оқырманмен бірге жасай беретін мәңгілік құндылық.