Фахри Эрдинч. Ащы сүт
Қараңғы бөлмеде бес адам жатыр. Сонда да үй іші жым-жырт, құдды моладағыдай...
Фахри ЭРДИНЧ – түрік ақыны, жазушы, қоғам қайраткері. 1917 жылы Маниса облысының Ақхисар қаласында дүниеге келген. Ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарған. Әдебиетке өлеңмен келіп, кейін әңгіме мен роман жанрында өнімді еңбек етті. Шығармаларында қарапайым халықтың тұрмысын, әлеуметтік теңсіздікті, адам тағдырын шынайы бейнеледі. Саяси көзқарасына байланысты 1949 жылдан бастап Болгарияда өмір сүрді. Түрік әдебиетіндегі әлеуметтік-реалистік прозаның көрнекті өкілдерінің бірі саналады. «Akrepler» («Сарышаяндар»), «Asi» («Бүлікші»), «Diriler Mezarlığı» («Тірілер зираты»), «Türkiye Hikâyeleri» («Түркия әңгімелері»), «Acı Lokma» («Ащы үзім») және басқа да кітаптардың авторы.
Ол 1986 жылы 11 қарашада София қаласында қайтыс болды.
(Әңгіме)
Қараңғы бөлмеде бес адам жатыр. Сонда да үй іші жым-жырт, құдды моладағыдай. Ағаш еден, пеш, құрақ көрпе, жамылғы – бәрі де бейне сусыма топырақ астында қалған сияқты. Бұл дауыл алдындағы емес, дауылдан кейінгі тыныштық еді. Жаңа ғана тынған дауыл. Үй ішілік дауыл. Мұның әрқайсысымыздың басымызда болуы ықтимал.
Үлкен қызы екінші сыныпқа барушы еді. Кішісі сегіз айға толған. Ол бүгін кештен бері боздауын қояр емес. Туылғаннан солай. Бір жыласа – етегі толғанша жылайды. Бұл жолғы көзінің сорасын ағызуы тіпті бір жосын болды. Шешесі емізді – қояр емес. Жаялығын жаңартты – қояр емес. Көрпешеден алып, тізесіне отырғызды, әлдиледі – сонда да еңіреу. Тағы тамақтандырмақ болды. Бірақ, ол кеудені де менсінген жоқ, жаңа шығып келе жатқан тістерімен қыршып алды. Сорлы ананың көзінен жасы ыршып кетті. Ашу қысып, баласын көрпешеге тастай берді. Жамылғымен орай салды.
Сол-ақ екен, ортаншысы Осман бүлінген табақша барқырап қоя берді:
– Тамақ! Тамақ! Тамақ!
Кеудесін сипалаған шешесі айқай салды:
– Жаның шыққыр!
Үлкен қызы сұңқ ете түсті:
– Мама, бүгін тамақ ішпеуші ме едік?
– Сен қалып едің енді! Келеді әкең, сонда ішеміз.
– Ал, ол кешіксе ше?
Шешесі көкірегі қарс айрыла, терең күрсініп қойды. Пеш тағы түтіндеді.
– Тұр, кішкене ағаш әкел.
– Қолым тимейді.
– Сонша не ол, бикеш?
– Сурет салып жатырмын. Қарашы.
Анасы көз қырын салды. Ағаш. Сол ағашта үлкендігі тауықтай шымшық. Қағаздың төменгі жағына Айша баланы салыпты. Қолында садақ. «Құсқа тимеңдер!» деген жазу бар.
– Тамаша! – деді шешесі. – Мынау не?
– Қабырға газеті.
– Газетшілін мұның!
– Мектептегі құс қорғау үйірмесіне жазылғанымды айтпап па едім.
Әйел өзін әрең ұстап қалды. Тіс жарған жоқ. «Балаларды қорғау үйірмесі болсайшы!» Айшаға айтқанмен түсінер ме ол? Бұл жайында ата-аналар жиналысында айтуы керек қой. Жұрт көзіне көрінерлік, тым құрығанда бір рет мектепке жиналысқа баратын көйлегі болар ма еді, қайран!..
Пешке еңкейіп, әйел сөніп бара жатқан көмірді үрледі. Кеудесіне түсіп кеткен бұрымын арқасына лақтырып тастады.
– Тұр! – деп айқайлады. – Саған отын әкел дедім ғой мен.
Айша зекірумен жұмыс істеуді жек көретін. Әсіресе, өзі бірдеңемен шұғылданып жатқан кездерде солай болатын. Көңілсіз көтеріліп, есікті тарс еткізді де сыртқа шықты. Есікті және тарс еткізіп жауып қайта енді. Етегіндегі ағаштарды пеш аузына төге салды. Сол-ақ екен, шешесі бір сабауды ала сап, оны құйрыққа беріп-беріп жіберді. Енді екі бала еңіреді. Тіпті үшеу. Жан тиіспеген Осман да сол сүреңге қосыла кетті.
Егер сіз менің «сол кезде есік қағылды» деуімді күткен болсаңыз, қателесесіз. Бірнеше ай бойы жиылып қалған пәтер ақыны сұрай келген үй иесі таңертең есік қаққан болатын. «Кешке дейін төлемесеңдер, қуып шығам» деп кеткен.
Күйеуі үйден күйіп-пісіп кетіп еді. Қолұшын берер не әке-шеше, не ағайын-туыс жоқ. Қарыз бастан асады. Бақалшыға да, етікшіге де. Ақша іздеп достарына да, таныстарына да жүгірді. Сататын лыпа жоқ. Былтыр Османды дифтериттен аман алып қалу үшін неке сақинасын да саудалауға тура келген. Әйелінің жасауынан қалған жалғыз уд (мандолина тектес шекті аспап) қана. Ол қабырғада ілулі тұр. Қайғылы қара қабы шешілген емес. Ойнау қайда оны?
Осман қалай тез жыласа, солай тез басыла қалды. Терезеге келіп, әйнекке танауын басты. Әкесін қарайды. Әкесінің әдеті бар-ды. Кеш сайын жұмыстан оралғанда әйнекті тықылдататын, баласының мұрнынан ұстай алатындай болатын. Мынау – баланың соған дайындалған түрі.
– Мама! Мама! – деп кенет дауыстап жіберді. – Қар жауды.
Терезеге Айша жүгіріп келді. Алғашқы қар жауып тұр. Әйел ойланды: «Османды көшеге шығармаса да болады. Ал, Айшаға пальто керек. Әкесінен қалғандарын қайта тіксе қайтеді? Сол-ақ па? Оның өзінің пальтосы несиеге алынған, әлі қарызы төленген жоқ... О, Құдай!»
– Өшір үніңді!
Шаңқ еткені соншалық, әйел өз дауысынан өзі шошып кетті. Көрпе астындағы кішкентай түк естімегендей, қыңқылдауын қояр емес. «Ауру шығар» деп ойлады анасы.
Осман терезеден кетті. Келіп шешесінің иығына асылды.
– Мам!
Анасы пешті үрлей берді, қараған да жоқ. Сол кезде бала шешесінің бұрымын алып тартып қалды, көзіне көзін қадап, сыбыр етті:
– Ыш-ыш!
Мейлің жыла, мейлің күл. Қайтсін, жарылсын ба? Торсиып бір бұрышта Айша отыр. Есеп шықпай, қинайды.
– Мама! Қарашы. Шенеунік айына бес жүз лир алады. Үстемесі және бар...
Әйел пеш есігін тарс еткізді:
– Сайтан ұрсын сол шенеуніктерді!
Әкесінің айына небәрі жүз отыз бес лир алатынын қыз қайдан білсін? Оның үстеме күткеніне бақандай үш жыл болғанын қайдан білсін? Османды түбекке отырғызып, шешесі кішкентайының қасына, көрпешеге жантайды. Оның ауызына екінші емшегін салды.
– Ал, кәне, мұны да тістеп көрші!
Осман түбекте ұзақ отырмады. «Жоқ!» деп түрегелді. Тағы да терезеге келіп, танауын әйнекке басты. Жалаңаш құйрығында түбек батқаннан қалған қызыл шеңбер із бар. Сыртта қалың қар түтеп тұр.
Әкелері кеш қайтты. Қосып-ажыратқышты іздеп, қабырғаны көп қармады. Сәуле жарқ ете қалды, ешкім оянбады. Сірә, әлгіде ғана көздері ілінсе керек. Ол жан-жағына қарады. Айша мен Осман көрпешеде қасқырдың күшіктеріндей бауырласып жатыр. Кішкентай шеше кеудесін ұстаған бойда, ауызы сәл ашылған, титтей екі тісі жарқырайды. Иегіндегі шұқыры нанда қалған саусақ ізі секілді. Жылағанда сүреңсіз, долы жүзі ұйқы кезінде ыстық, сүйкімді көрінді.
Ал, әйелі ше? Ол әйеліне осындай ашқарақ көздерімен тұңғыш рет қарап тұрғандай көрінді. Әйелі бөбекке бір қырын жатыр еді. Көрпе астынан толық бөксесі білініп тұр. Бір аяғы ашық жатыр. Күйеуі бас киімін алды да, онымен бетін сүртті. Умаждап, бұрышқа лақтыра салды. Су палтосын ілгісі келіп еді, қабырғадағы шеге шығып кетті, бірақ. Жіптегі жаялықтар еденге қоса құлады. Ақырын ғана боқтап жіберді. Шалбарын шешіп тәлтіректеп қалды. Қабырғаға сүйене бергенде, иығымен удты қағып қалды. Дабырадан әйелі оянып кетті. Ол қолымен көзін көлегейледі.
– Бұл сенбісің, Әмин?
– Иә.
– Не болды?
– Сенің удың қайғыдан жарылып кетті.
Әминнің дауысы көңілді шықты, бірақ, тілі күрмеле береді. Әйелі түрегеп отырды.
– Мәссаған! Осы жетпеген еді енді!
– Зарлау тағы басталды ма?
– Сілейген екенсің сен дағы!
– Шәркейім қайда?
– Қайда қойсаң, сонда. Субхи-бей сыйлады ма тағы да, әлде несиеге іштің бе?
– Шайнам бірдеңе бар ма? – деді.
Әмин әйелінің сұрағына жауап бермеді.
– Шкафта таңертеңгі жұмыртқалар тұр.
– Балаларға не бердің?
– Жұдырық! Көрмейсің бе ұйқыларын?
– Ұрма оларды, ханым, ұятсыз болып өседі.
Жауап күттірген жоқ:
– Сен ендеше оларды аш қылма, тіпті ұры болып өсер.
– Сенікі не, ей!
– Солай ма екен, шындық көзге қадала ма екен?
– Қойшы, – деді Әмин. – Осының бәрі титығымды құртты. Көне алмасаң, жолың әне. Қайсериде саған жаман. Жатсаң, тұрсаң ойыңда – Стамбул...
– Сен осыны қайдан шығардың? Егер мен Стамбул туралы айтсам... мүмкін, жұмыс табармын онда. Көмегім тиер өзіңе. Көріп жүрсің, табысың жетпейді. Есепкерлігіңнен айнығың келмейді.
– Ал, не істеуім керек? Әлде, басқа жұмысқа кіру ме? Менің қолымнан ол келмейді. Кірпіш тасуға күш керек. Ұрлық жасай алмаймын. Есектердің түсін өзгертіп, сиыр қылып өткізуді үйренгем жоқ.
– Олай болса айтқаным – айтқан, мен жұмыс іздеймін.
– Саған біз жұмыс іздемеп пе едік? Қазан түбін тақырлатқан қасықша күллі қаланы ақтарғанымыз қайда? Киноға билет сатушы етіп алмады, ол – үлкен лауазым. Сумер-банкке бардық па? Бардық. Қант зауытына қабылдамады ма? Қабылдамады. Құрылыс институтында кір жуғың келіп еді. Онда да сәті түспеді.
– Стамбулда әңгіме басқа. Апайым бар онда менің. Бір тумаса да, әйтеуір...
– Ол апайың, Құдай кешіре жатар, сені сатып жіберер!
Әйелінің көзі бақырайып кетті.
– Егер осылай кете берсе, апайым емес, мені сен өзің сатып жібересің.
– Неге бұлай дейсің?
– Айтайын ба?
– Сөйле, сөйле. Аш сандықтың ауызын.
– Бірақ, бұл сандықта жасау жоқ екенін ескергейсің.
– Айт, неменеге созбақтайсың! Не ол?
– Османның туылған күнінде сен кіммен келдің?
– Кіммен? Субхимен.
– Әпенді би біздің Османды сүйеді, солай ғой, шамасы? Оған шоколад сатып әкелді, саған кеңседе ішкізді... Қалтада шөлмек... Сөйтіп келді... Османды көруге ғой, солай ғой? Мына жерге отырды, есіңде ме? Қайдан есіңде болсын, танауыңнан арғыны көрмегенсің. Жарты шөлмекті іштің де құладың. Біз сені жатқыздық, сонан соң...
Әйел көз жасын тоқтата алмады. Әминнің басы даңғырлап қоя берді. Шеке тамыры тарсылдап, тасып кетті.
– Ал, содан соң? – деп аһ ұрды ол.
– Содан соң: «Рухия ханым, балаларды жатқыз. Сөйт те...» деді.
– Ал, сен?
– Мен... Күйеуі есінен айрыла мас болған әйел не істей алушы еді? Мен не істедім – өзіңнен өзің...
«Сұра» деген сөзді айтқызбастан күйеуі оның бұрымын білегіне орап алды. Анау ұшып тұрып, шыңғырып жіберді:
– Босат!
Әмин жіберген жоқ. Екінші қолын көтере беріп;
– Айт кәне, әйтпесе... – деді.
Рухияның толық еріндері келеңсіз ашылды.
– Ұр! Мен саған айтайын: өз әйеліңді білмейсің сен, әні!
Әмин есін жиып алды. Әуелде қалшиған қолы түсіп кетті. Қолма-қол айықты... Шалбарына жармасып, асығыс киіне бастады.
– Қазір ол итке көрсетейін, – Ол бүгін де текке маған...
– Сен ешқайда бармайсың, – деді Рухия салмақпен. – Отыршы мұнда.
– Жоқ, Рухия, мен қара таңбаны...
Рухия мойнына асылып, күйеуін көрпешеге отырғызды.
– Қамықпа. Жоқшылықтан басқа бізде еш таңба жоқ.
Олар бір-біріне жасқа толы көздерімен қарасты.
Ұйқылы бөбек аунап түсті. Рухия ақырын жылжып, оның астына қол тосты. Оятып алмайтын епті қимылмен көтеріп алды. Саламды жастықтан бетінде қалған ізден сүйді, Әмин берген түбекті тосты.
– Сен бір нәрседен кінәлісің, – деді ол күйеуіне. – Үнемі шенеунік боп қызмет қыласың. Және етегімнен үш балаға ұстатып қойдың. Саған тек сол жетпейді...
Ол тоқтады.
– Ыш-ыш.
Түбек зыңғырлады. Әйелі сөзін былай деп аяқтады:
– Саған аздап батылдық жетпейді. Тек менімен төбелесуге батырсың. Мені төмпештегенше, ертең қожайыныңа не айтарыңды ойладың ба? Ақша таптың ба?
Әмин үндемеді.
– Ертең заттарымызды есік алдына шығарып тастаса, не қыламыз деймін мен саған?
– Ештеңе етпейді. Еңбекақыға үстемені көшеде тосып алармыз.
– Менің енді шыдамым таусылды, – деді Рухия Османды одеялмен қымтап жатып. – Егер жаңа жылға дейін қоспаса, менің шыдамым таусылды.
Осымен әңгіме үзілді. Ұйқысы қанса керек, кішкентай тағы да еңіреп қоя берді. Рухия оның қасына келіп:
– Жарықты сөндірші, – деді ақырын күйеуіне.
Қосып-ажыратқыш сырт етті. Қап-қараңғы. Сол қараңғыда Әминнің дауысы естіледі:
– Бүгін мен өзіміздің қызметші әйелден бала неге жылай береді деп сұрадым. Ол баланың анасы жыламасын дегенді айтты. Егер, дейді, анасы жыласа, баласына емшек сүті ащы татиды. Қызметші босанғаннан кейін қырық күннен соң, Кореядағы күйеуі жайлы қара қағаз алыпты. Күндіз-түні зар қағыпты сорлы, нәтижесінде ащы сүт емізіпті, содан ол бала ауыз жаппай жыл бойы еңірепті.
Сөйлеп жүріп Әмин шешінді, төсекке жатты. Әйеліне таман ақырын қозғалып қойды. Оның иығына қолын салды. Әйелінің иығы селк ете түсті. Әмин:
– Тағы жылап жатырмысың, Рухия? – деп сұрады.
Қараңғы бөлмеде бес адам жатыр. Сонда да үй іші жым-жырт, құдды моладағыдай. Ағаш еден, пеш, құрақ көрпе, жамылғы – бәрі де бейне сусыма топырақ астында қалған сияқты. Бұл дауыл алдындағы емес, дауылдан кейінгі тыныштық еді. Жаңа ғана тынған дауыл. Үй ішілік дауыл. Мұның әрқайсысымыздың басымызда болуы ықтимал.
Аударған
Бейсембай КЕНЖЕБАЕВ