Серік Жанәбіл. Сынған айна

Ана мен сәбидің суреттерін, Рафаэль, Симон, Леонардо да Винчи, Боттичели, Мурильо сияқты ұлы суретшілер өлмес туындыларын көзімнің қарашығындай сақтап құрмет тұтамын...

Mar 27, 2026 - 19:27
 2
Серік Жанәбіл. Сынған айна

Серік ЖАНӘБІЛ – жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1952 жылы 4 тамызда Талдықорған облысы, Ақсу ауданында туған. 1977 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факултетін бітірген, сол жылы «Жібек жолы» атты жинаққа «Зайтуна» деген әңгімесі енген. 1978 жылы «Жалын баспасынан «Дүрбелең» атты кітабы шыққан. Жазушы «Қазақ әдебиеті» газетінің 1989 жылғы лауреаты. «Үш Татьяна», «Қобызшы Молықбай» «Алтын жүзік» кітаптарының авторы. «Қобызшы Малықбай» деген повесінің желісімен түсірілген фильм-спектакль Қазақ теледидарының алтын қорында сақтаулы.

(Әңгіме)

Бақыт қыз әу баста өзінің сұлу бойжеткен болғанын сезген де жоқ еді. Әлі есінде, оныншы класта оқып жүрген кезі болатын. Нағашы апасының ауылына баруға жолға шықты. Күздің салқын кезі еді. Шығыстан суық жел соғады. Талдардың жапырақтары қурап жерге шашылып жатыр. Дала өте көңілсіз әрі көзге жүдеу болып көрінеді. Бақыт үстіне күздік жұқа пальтосын киген еді. Қолтығына сумкасын іліп алды. Қыз жан-жағына қарап қояды. Көз ұшында жалғыз машина ағылып келе жатты.
«Мініп кетсем жақсы-ақ болар еді» деп қыз ішінен ойлады. Тоңған аяқтарын қыбырлатып әрі-бері жүрді. Соққан жел оның шашын қолбыратып жіберді. Қарақат көздері жаудырап автобусты асыға күтеді. Күз айының көңілсіз келбеті қыз жүрегінің түбінде жатқан сырларын ашқанның орнына, оны одан сайын жабырқау күйге түсірген еді. Салқын жел үдеп соғады. Ағаштардың сарғайған жапырақтары дірілдейді. Қыз жүрегі алға алып-ұшып, дүрсіл қағады. Бақыт жол жағасында жалғыз тұр. Қызыл «жигули» автокөлігі дәл қыздың қасына тоқтады. 
– Қарындас, мініңіз!
Аққұба өңді, қызыл шырайлы, бұйра шашты жігіт терезе әйнегінен басын шығарып күлімсіреді. 
«Жеңіл машинаға мінбе. Онда жеңілтек жігіттер отырады. Сақ болып жүр», – деген анасы Қаламқастың сөзі есіне оралды. Бақыт өз-өзінен сасып қалды. Жігіт жымиып күледі. 
– Жүре беріңіз, автобус келеді. Соған мініп барамын, – деп қыз ернін жыбырлатып тіл қатты.
– Сіз менен шошымаңыз. Қай ауылға барасыз, жеткізіп салайын, – деп жылы сөзін аямаған жігіт.
Тебіндеп шыққан сұлу мұрты бар екен. Көз жанары, қасы қиылған сұңғақ бойлы жігіт. Бақытқа тесіліп қарай берді. Жігіттің түрі үндінің кино актеры Радж Капурге ұқсайды. Ол Бақытқа қарап, өзінің Асқар есімді досының Ленинградтағы өнер институтын бітіріп келгенін мақтанышпен айтты. Шәмші Қалдаяқовтың әндерін өте жақсы көрген жігіт. Қазақ жазушыларының ішінен Сайын Мұратбековтың «Жусан исі» әңгімесіндегі ақсақ бала Аян туралы тебірене сөйлеп кетті. Әдебиетті көп оқитындығы біліп тұрды.
– Әуре болмаңыз, жүре беріңіз, – деді Бақыт.
– Мініңіз, қарындас. Мен сізді Асқар досыммен таныстырамын. Ол орыс, итальян, француз әндерін тамаша салады. Сізге сұлу жігіт керек, – деп әзілдеді ол.
Бақыт жүрексініп тұрып қалды.
– Жүріңіз. Жолымыз бір шығар, сізден өтінемін, – деп жігіт жерге түсіп қыздың қолынан ұстады. 
– Мен Ақадырға бара жатырмын, – деді қыз.
Күрсінді. Жүрексініп-ақ тұр. Жігіттен ұялады.
– Қорықпаңыз. Мініңіз. Күн суық, әдейі тоқтадым, – деді жігіт.
Өте әңгімешіл екен. Адамды жатырқамайды. Жүрегіндегі сырын ашып салады. 
– Сіз Ақадырда тұрасыз ба? – деді Бақыт.
– Иә, мініңіз. Апарып тастаймын, сіз менен қорықпаңыз. Біз әлі тіл табысамыз, – деп жігіт ашық сөйледі.
Бақыт еріксіз машинаға мінді. Іші жылы екен. Жеңіл автомашинаны көзі ашып-жұмғанша «Қорғанқырынан» асып та кетті. Белес-белес төбешіктер бірте-бірте артта қалды. Аспанда топ-топ боп ұшқан тырналар жылы жаққа қарай ұшып барады. Осы сәтте бақыттың ойына Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әні» атты әнінің әуені келгендей болды. Жігіт ләм деп тіл қатпады, үнсіз отыр. Бақыт даланың ғажап сұлулығын сурет етіп салғысы келді. Анда-санда жан-жағына сүйсініп қарап қояды. Артқы орындыққа отырған қызға бір рет бұрылып сөйлемеді. Тіл қатпады. Әзіл сөз де айтпады. Ақадыр ауылының түтіні көзге шалынды. Иттер үріп машинаның алдынан шықты. Ауыл шағын елді мекен еді. Машина дүкеннің алдына келгенде кілт тоқтады. 
– Міне ауыл. Біз де жеттік. Екінші рет менен қорықпа, – деді жігіт. Бақыт:
– Сізге рахмет! – деп жігітке алғысын айтып түсіп қалды.
Жылдам басып нағашы апасының үйіне қарай асыға басып жүрді. Қыз өзінің артынан ұзақ қарап тұрған жігітті сезбеді.
Арада жылжып екі жыл өтті. Бақыт оныншы классты бітіргеніне бір жыл толды. Жоғары оқу орнына бармады. Ауыл орталығындағы кітапханашының көмекшісі болып жұмысқа орналасты. Қолы бос сәттерде сурет салумен айналысты. Оның негізгі кейіпкерлері қыз бен жігіттің бір-біріне деген адал махаббаттарын паш етті. Жас сәбилердің суреттерін салғанда шексіз бір құштарлыққа кенелетін. Суретшінің жан дүниесін бір өзі ғана түсінді. Өмірге суретшілік көзқараспен қарады. 
Уақыт жылжып өтті. Бір күні Бақыт үйіндегі үлкен айнаның алдында тұрып алып шашын тарады. Өзінің сұлу ажарына зер сала қарады. Сұлулықты көргенде қып-қызыл болып, өз-өзінен ұялып кетті. Айна алдында Бақыт емес басқа бір ғажайып қыз тұрғандай.
«Мен шынымен-ақ сұлумын ба?» деп Бақыт ішінен ойлады. Өзіне-өзі ғашық болған тәрізді еді. Бақыт көбіне күн сайын айна алдынан шықпайтынды шығарды. Ол ауылдағы тойларға бармады. Үйде анасының қасында болды. Оңаша отырып қызыл «Жигули» мінген жігітті ойлады.
Күн жексенбі болатын. Бақыт ұйқысынан оянып далаға құдықтан шелекпен тартып мөп-мөлдір суық су алып беті-қолын жуды. Анасы ыстық шай дайындап қойыпты. Екеуі отырып шай ішті. Бақыт үйіне келген «Лениншіл жас» газетін алып қарады. Онда «Қыз Жібек» фильміндегі Жібектің рөліне ойнайтын сұлу қыздардың суреттерін редакцияға жолдау туралы хабарламаны оқып шықты. «Шіркін, Жібектің рөлін ойнасам» деп, Бақыт өз-өзінен ойға келді. Оның көз алдына Төлегеннің сұлу келбеті елестеді. «Менің Төлегенім кім болады екен?» деп, қыз іштей мұңға берілді. Сол сәтте оның ойын анасы бөліп жіберді. 
– Сен бүгін нағашыңның үйіне барып кел. Қандай жаңалықтар болып жатыр екен. Әңгімелер тыңдап қайтасың. Ағайынмен араласпасаң, жат боласың. Көп болды, олардан хабар алмадық, – деп анасы қызына қарады.
Бүгін тұңғыш рет ана қызының ажарына дән риза болды. Ішінен сүйсініп қойды. Өте сұлу болып өсіп келеді.
– Апа, мен Алматыға барып Қыз Жібек фильміндегі Жібектің рөлін ойнағым келеді, – деп ол анасына еркеледі.
Шай ішіп отырған анасы селк ете қалды. Көзін бажырайтып қызына қарады. 
– Сен не сөйлеп отырсың? Төлегенді Бекежан өлтіріп тастаған. Ертең күйеусіз қаласың. Қыз Жібекте не жұмысың бар? – деп анасы ренжіді.
– Нағашыларымды көптен бері сағындым, – деп Бақыт көзі жаудырап анасына шынын айтты...
Бақыт үйінен шыққанда сағат таңертеңгі он еді. Қыз айна алдына барып ұзақ таранды. Қос анарына көзі түскенде өзі ұялып кетті.
Бойжеткен гүлді көйлегін киіп жолға шықты. Бақыт сәл кешікті. Ол аялдамаға жақындағанда автобус жүріп кетті. Артынан жүгіргенге ұялды. Аялдамада өзінен басқа жан қалмады. Бақыт жол жиегінде тұрған болатын. Жарты сағат өткенде, қарсы алдынан баяғы қызыл «жигули» жеңіл автокөлігі көрінді. Бақыт қолын көтерді. Машина тоқтады. Көзіне ыстық басылды. Баяғы таныс жігіт. Жалғыз өзі екен.
– Ақадырға барасыз ба? – деп қыз күлімсіреп сөйледі. 
– Мен сізді қашықтықтан таныдым. Нағашыларыңыздың ауылына барасыз ба? Жол серік болайық, – деді ол.
– Жарайды, – деп Бақыт күле сөйледі.
Қыз еңкейіп барып автокөлікке отырды. Іші ысып кетіпті. Жігіт езу тартып күледі. Машина орнынан қозғалды.
– Есіміңіз Бақыт па? – деді жігіт.
– Иә, оны қайдан білдіңіз? – деп таң қалды қыз.
Жігіт басын шайқап, сырын ашпай қойды. Бақыт ұялып кетті. 
– Ертеде грек философы Платон қыздарды алыстан ғана ұнатқан екен деген аңыз бар. «Жастық шаққа – арман. Ол – сенім», – деп жігіт Бақытқа қарады.
Жігіт сөзі Бақытты өзіне баурап әкетті. Сұлу жігіт екен. 
– Сіз қай жерде жұмыс жасайсыз? – деді Бақыт.
Сөз аузынан оқыстан шықты. Жігіт оған тесіле көз салды. Көздері мен көздері түйісіп кетті. Қыз жүрегі шымырлап сала берді. Үнсіздік. Сәлден соң барып жігіт тіл қатты. 
– Қалада жұмыс жасаймын. Жолдан өзіңізді көремін. Көңілім өсіп қалады, – деп жігіт күлді. 
– Мамандығыңыз? – деп Бақыт ашылып сөйлей жөнелді.
– Журналист. Облыстық газетте тілші болып қызмет атқарамын.
– Мені бір газетке жазыңызшы, – деп Бақыт әзіл тастады.
Жігіт басын изеп күлді. Машина бір қалыпты жүреді. 
– Өз қызметіңіз қандай? – деді жігіт.
– Кітапханашымын. Үйде жалғыз анам бар. Сол кісіні қимай, оқуға бара алмадым.
– Кітапханашы жақсы мамандық. Сізбен еркін сөйлесуге болады. Мен де кітапты ұнатамын. Әсіресе, қыздар жайлы жазылған шығармаларды. Дулат Исабеков пен Оралхан Бөкеевтің жазғандарын студенттік кезден бастап оқыдым. Оралханның «Қасқыр ұлыған түн» деген әңгімесін оқыдыңыз ба? – деп жігіт Бақытқа мойнын бұрып қарады. 
Қыз күле берді.
– Оны әлдеқашан-ақ оқып қойғанмын. Мен суретші болғанды ұнатамын. Жас кезімнен сурет салумен айналыстым, – деді Бақыт.
Жігіт риза болып басын изеді. Жол бойы ағылған машиналар. Жигули жүйіткіп келеді. Ашық терезеден ыстық жел еседі. Бақыт көңілденіп отырады. Жігіттің әр сөзі өзін баурап алып барады.
– Өмірдің өзі сурет. Әсіресе ана мен баланың бірге түскен суреттерін өте жақсы көремін. Ана мен сәбидің суреттерін Рафаэль, Симон, Леонардо да Винчи, Боттичели, Мурильо сияқты ұлы суретшілер өлмес туындыларын көзімнің қарашығындай сақтап құрмет тұтамын, – деді жігіт.
Қыз аузын ашып аң-таң қалды. Өте салмақты жігіт екен. Ішінен ұнатып та қалды. Өте көңілді жан екен. Жатсынбайды. Жатырқамайды.
– Мен... мен... Жай сурет саламын, – деп қыз сасқалақтап тіл қатты.
– Дүниеде ең тұрақты махаббат біреу. Ол ананың балаға деген махаббаты. Баяғыда бір жігіт анасын өлтіріп, оның жүрегін сүйген қызын әкеле жатқанда аяғы ағашқа сүрініп омақаса құлапты. Сол кезде шаң үстінде жатқан ана жүрегі ті қатып: «Жалғызым-ай, құлыным-ай, аяғың ауырып қалды ма?» деген екен. Ана жөні бөлек, – депті жігіт.
Бақыт анасын өте жақсы көреді. Жігіт әңгімесі көңілін босатып жібереді. Қыздың үлпілдеген жүрегі жігітке ауды. Есімін сұрағысы келіп ішінен көп оқталды. Енді тіл қата бергенде машина ауылға да жетті. Жігіттің есімін сұрауға ұялды.
– Сіз осы ауылдансыз ба? – деді Бақыт.
– Жоқ, басқа шаруамен келген едім, – деді ол.
Машина тоқтады. Бақыт жігітке рахметін жаудырып түсіп қалды. 
– Жақсылап дем алыңыз, – деп жігіт тіл қатты...
Қыз үнсіз тұрды. Жігіттің аты Кебек болатын. Ол өмірде өзінің Еңлігін іздеп жүргендей әсер қалдырады. Кебек десе Кебек еді-ау. Бақыт оны шын жүрегімен жақсы көрді. Бірақ ішкі сезімін білдіре алмады. Кебек Бақытқа Ленинград қаласынан білім алған, қазір Қызылорда облысында Қабылбай деген досымен қызмет атқарып жүрген Асқар есімді жігітті мақтай береді. Бақыт Асқарды көрмеген. Оның қалада Амангелді деген досы бар екен. Ол Асқардың жақында оралатынын айтты. Бақыт болса Кебекті ұнатады...
– Біз әлі кездесеміз. Сенен суретші шығады. Оқуға түсуіңе тілектеспін, – деп Кебек қызбен қоштасты.
Бақыт өзін бақытты сезінді...
Бақыт нағашы апасының үйінде екі күн қонақ болды. Екінші күні жиен әпкесі келіп қызды оңаша бөлмеге шақырды. Аты Әсем еді. 
– Ерке қыз-ау, өзің бойжетіп қалдың. Сұлу қыз болдың. Қзаір заман өзгерді. Жігіттер арақ ішеді. Өмір деген бір-ақ рет келеді. Мен сені бір жігітпен таныстырмақпын. Ол менің шешемнің жиені еді. Өте пысық жігіт, – деп Әсем әңгімені басқа жаққа аударды. 
Бақыт шошып кетті.
– Мен әлі жаспын. Оқуға барамын. Суретші болғым келеді, – деп қыз сырын ақтарды.
– Ой, бетім-ау. Ол жігіттің сұлтаны емес пе?! Сенен он жастай үлкендігі бар. Алғашқы әйелі суаяқ болып көзіне шөп салды. Алты ай ғана отау құрды. Екі машинасы бар. Өте бай жігіт. Ішкенің алдында, ішпегенің артыңда шалқып өмір сүресің. Тісің тола алтын болады. Саусақтарыңды гауһар жүзіктер жарқырайды. Бір өзің билеп төстейсің. Байлық деген көздің жарты құрты емес пе? Ол жігіт арақ ішпейді, – деп Әсем Бақытқа жата жабысты.
– Жақсы жігіт болса әйелімен ажыраспауы керек қой, – деді Бақыт. 
– Әй, Бақытжан-ау, ол алданып қалды ғой. Қыз мына әлгі орыстары көп облыстың қызы екен. Өңі сұлу болғанымен мінезі жаман. Ана сорлы өзі момын еді. Ол қыз мұның басын айналдырып әбден киініп алып, Алматыдан келген бір әріптеспен ілесіп кетті. Ой, жүзі қара-ай! – деп ол бажылдап сөйледі.
Бақыт қатты қорықты. Денесі дірілдеп орнында отыра алмады.
– Мен саған шынымды айтамын. Нағыз жезөкшенің өзі екен. Біздің Борсықбек жуас қой. Жұмысына ғана пысық. Өзі саудамен ғана айналысады. Әлгі зұлым, тісінің бәріне алтын салдырып алады. Ой, ой, шығындап кетті ғой, – деп Әсем көзіне жас алды.
Ертеңіне Бақыт Ақадырдың ауылына өкпелеп қайтты. Өз-өзінен көңілі құлазып сала берді. Ішкі сырын өзімен мектепте бірге оқыған құрбылары Жұлдызай мен Нүрзайымға, онан соң Зухраға айтып берді. Сәулеге айтуға қорықты. Оның аузында сөз тұрмайды.
Бақыттың анасы ақпан айы туғанда жалғыз өзі үш күнге Ақадырға барып қонақ болып оралды. Мінезі сәл өзгеріп келді. Төрде тұрған дәу айнаны сарайға апарып тастады. 
– Жұмыс жасамайсың. Үйде отыр. Сені мен тапқанмын. Сен әлі менің ақ сүтімді толық ақтаған жоқсың. Шошаңдамай жайыңа отыр. Жасың болса жиырмадан асты. Күнде айнаның алдынан шықпайсың. Айна саған күйеу болмайды, – деп анасы ашуға шақырды. 
– Апа! – деп өксіді Бақыт. 
– Апаң құрысын сенің! Ертең ана көрінген көп етектің артынан кеткеніңше, сырын білетін сырлас жанның ұлына күйеуге беремін, – деп анасы ентігін баса алмады.
Қатты ашулы. Түрі өзгеріп кетті. 
– Апа, менің әлі жігітім жоқ. Бір өзіңе ғана қарайлап жүрмін, – деді қызы.
Анасы қолын бір-ақ сермеді. Бақыт үнсіз қалды.
– «Бидайдың барар жері диірмен» деген. Қыздың барар жері – күйеу. Одан ешқашан құтыла алмайсың. Абыройың бар кезінде көзіңді құрт, – деді анасы.
Бақыттың жүрегі лүпілдеп кетті. Ана аузынан мұндай сөз шығады деп ол еш уақытта ойламаған екен-ау. 
– Қайда барамын?
– Күйеуге Әсем айтқан жігітке. Оны да ана тапқан. Өзі ауқатты жігіт. Базарға барып мал сатады. Екі машинасы бар. Үлде мен бүлдеге оранасың. Өзімнің көзім тірі тұрғанда сені жылатпаймын, сен бақытты боласың. Бақыт құсың жақында қолыңа қонады. Нағыз махаббат деген осы. Ал, қазіргі шығып жатқан махаббат туралы кітаптардың бәрі өтірік. Оған сене берме. Суретші боламын деп бұдан былай аузыңа алушы болма. Дені сау адам сурет салмайды. Сол үшін одан қашып жүр, – деді анасы.
Бақыт сол күні ауылдағы кітапханаға барды. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» деген жаңа кітабы түсіпті. Бақыт ол кітапты алып тығып қойды. Үйіне апарып оқиын десе, анасынан қорықты. Мұхтар Мағауиннің «Қара қыз» деген повестін кітапханада отырып оқып шықты. Өте тамаша жазылыпты...
Бақыт оңаша бөлмеде жатыр. Ұйқысы қашқан. Ойға беріледі: «Он жыл мектепте оқыдық. Өмір жайлы сырластық. Ұстаздар ақылдарын айтты. Арман қиялға берілдік. Жас жігіттермен киноға бардық. Құрбы қыздармен сырластық. Енді бәрі бос қиял. Өмір дегенің өзі өсек екен-ау. Менің тағдырымды алты бала тапқан сауатсыз Әсем әйел шешіп отыр. Анам ақшаның құлы болды» деп, Бақыт өксіп жылады. Өзінің мүсіні енді біреудің тәніне бұйырады. Кімге? Өзі өмірде көрмеген жанға. Қыздың денесі қалтырап кетті. Көрпеге оранып алды. «Құрысыншы бәрі» деп талықсып жатып, ұйықтап кетті...
Наурыз айында Бақытты Борсықбек деген жігіт ағасына құда түсіп алды. Борсықбек кең жауырынды, қарны шыққан, алтын тісті қара жігіт екен. Бақытқа ұялып қарайды. Арақ ішпейді. Есесіне насыбай көп атады екен. Әңгімені айтқанды жақсы көреді, есепке жаны құмар. Асқар деген Ленинградтан оқу бітіріп келген досымен таныстырды. Ол кітапты көп оқиды екен. Мопассан, Шекспир, Толстой, Пушкин шығармаларын терең біледі. Айтатыны адамгершілік. Музыканы өте жақсы көреді. Өзі жақында Қызылорда жаққа жаңа қызметке ауысатындығын айтты. Бақыт ішінен Асқарды ұнатып қалды. Ол әнді жақсы салады. Бірақ Бақыт Асқарға емес, Борсықбекке бұйырды. Оның әңгімесінің көбі біруді алдағаны, ішкен тамағы, одан артық ештеңе айтпады. Кітап оқымайды екен. Ақыры Бақыт Борсықбекке тұрмысқа шықты. Әбдіғани тамада болды. Асқар ән салды. 
Шымылдық құрылған төсекке екеуі бірінші жатты. Борсықбектің денесі жүн екен. Бура санды, апай төс өте қарулы екен. Ол насыбай сасыған аузымен Бақытты құштарлана ұзақ сүйді. Жүрегі айныған Бақыт құсқысы келді. Борсықбек Бақытты бар денесімен езгілеп әбден есін шығарды. Түннің бір кезінде ол қыздың тәнінен қолын жүгіртті.
– Апа! Апа! – деп шыңғырды қыз. Жан ұшырып орнынан тұрып Борсықбекпен алыса кетті.
Бөлме ішінде екеуі тырдай жалаңаш ұзақ алысты. Жалаңаш қыз қашып барып есікті итерді. Ашылмады. Борсықбек қызды қыпсыра құшақтап алып, оны төсекке жықты да насыбай сасыған аузымен оның қос анарынан, жәудіреген көзінен емірене сүйіп, езіп, жаншыды. Айғайлаған қыз даусына қарамай оның үстіне қара құс сияқты қонды. Қыз ыңырсыды... Борсықбек ентікті... Қыздың көзі қарауытты. Оның мұрнынан Борсықбектің шіріген тісінің жағымсыз иісі мен сасыған насыбайдың дәмі ғана келе берді. Қыз үстінде ауыр зат жатқандай болды. Қыз көзін жұмып талқысып кетті. 
Бір жетінің ішінде Бақыттың қу сүйегі қалды. Борсықбек қызға түнімен ұйқы көрсетпеді. Жылаған даусына қарамады. Шаршаған кезде насыбайын атып біраз уақыт демін алды да қайтадан езгілеп, жаншып бие сауым уақыт әурелейді. Айтатын әңгімесі ақша табу. Өміріндегі тіршілігі де сол. Өте мақтаншақ жан болып шықты. Түнде ұйықтағанда қатты қорылдайды. Тісін шықырлатады. Өз-өзінен сөйлеп шығады. Күндіз дастархан басында Бақытты кекетіп отырады. Мазақ етеді. Айтатын әңгімелері біреуді алдағанын, оның тақыр жерге отырғызып кеткенін мақтанышпен баяндайды. сырын білмегеннің сыртынан жүр деген осы екен... Өмірінде әдеби кітап оқымапты. Төрт-ақ класс білімі бар.
– Сен енді менің әйелім болдың. Бірінші саған айтарым, әлдебіреулерге көз салмайсың. Үйде отырасың. Мен қаратйғанша бір өзіңе жараймын. Кино көрейікші деген бос сөзіңді енді доғарасың. Мен қашықтан әкелген малдарға ие бол. Ал, екінші саған айтарым ақша менде болады. Керек нәрсеңді ғана айтасың. Ақшаны қолыңа өзім санап беремін. Сенің қалтаңда көк тиын жүрмейді. Ал, енді үшінші айтар сөзім бар. Шешеңе менің үйімдегі жағдай туралы сөз айтпайсың, – деп Борсықбек түсін суытып, реңін өзгертіп шыға келді.
Бақыт оңашада отырып егіліп жылады. Ол жалықты. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды. Бақыт месқарын Борсықбектің насыбай сасыған демінен, тісін шықырлатып қорылдап ұйықтайтын даусынан азар да безер болды. Түсіне бір рет Торғай облысынан келген журналист жігіт кірді. Жігіт бейнесі оның көз алдында тұра берді... Өте мәдениетті жан еді.

***
Арада жылжып үш жыл өтті. Бақыт үшін өте ауыр жылдар болды. Борсықбек зұлым қу болып шықты. Бақыт Борсықбектің тебісіне шыдай алмай үйден қашып кетті. Екеуі аудандық сот арқылы ажырасты. Араларында бала да болмады. Әсем бір жыл бойы екеуін өсек жасады. 
– Біреумен жүріп қойсаң, мен саған көрсетемін. Менің көзіме шөп салма, – деп Борсықбек сот аяқталған соң Бақытқа қарап көзін шатынатты. 
Ақыры тыныштық таппаған Бақыт қалаға кетіп, қара жұмысқа орналасты. Бірақ сурет салуын доғармады. Ол содан ләззат алатын. Еркектерден жиіркеніп кетті. Бәрі алдамшы сияқты болып көрінді көзіне. Ол көп кешікпей Борсықбектің тағы да жап-жас қызға үйленгенін естіді...
Бір күні Бақыт базарға барды. Үстіне көйлек сатып алмақшы болып кезекте тұрды. Ел көп. Бақыт артына бұрылса дәл қасында Борсықбек тұр екен. Келіншектің бүкіл денесі қалтырап кетті. Борсықбек Бақытпен жаңа танысқандай аңқылдап амандасты. Бақыт үнсіз. Екеуі базардан бірге шықты. Бақыт үнсіз келеді. Борсықбек алдында бәйек болып жүр. 
– Бақыт, үйіңе апарып тастайын, – деді.
Бақыт басын изеді. Бақыт Борсықбекті ертіп Түркістан көшесіндегі өзі жалдап тұрған бір бөлмелі үйге кірді. Борсықбек сөзге келместен Бақытты құшақтап төсекке алып ұрды. Насыбай сасыған аузымен келіншекті шөлпілдетіп ұзақ сүйді. Бақыттың қабырғасын сығымдаған дүлей күш оның даусын шығартып тағы әуреге салды. Еркексіз өткен ғұмыр Бақытты өз еркіне көндірді. Борсықбек кеш кетті. Өз денесіне өзі ие бола алмаған Бақыт төсекте әлсіреп жатты...
Бақыт анасына барып мұңын айтты. Анасы көп ойланды. Қызына ақыры түсіндіре алмады. Әбден шаршаған анасы:
– Момын біреуге тиіп ал. Бәріне өзің кінәлісің. Кітапты көп оқисың, сурет саласың. Борсықбек екеуіңе көз тиген, тіл деген бар. Қарамұрттағы тәуіпке апарып емдетемін. Шал да болса басқа біреуге тиіп ал. Борсықбегің құрысын. Әйелі қайтыс болған еркектер де көп қой, айтарым бағың ашылсын, – деді анасы. 
Бақыттың анасынан көңілі қалды. Бәріне кінәлі сол.
– Апа...
– Айта ғой.
– Махаббат – ақша ма?
– Ой, қызым-ай! Мен махаббат дегеніңді білмеймін. Күйеуден ажырасқан жалғыз сен емес. Көп қой. Борсықбек екеуіңнің дәм-тұзың жараспады. Ей, ел емес пе, саған да біреу табылар. Көзіңді жұмып алға тарта бер. Көңіліңді жасытушы болма. Ертең бала сүйіп ана атанасың. Жастықта не болмайды? – деді анасы.
– Борсықбек қанша ақша берді? – деді Бақыт. 
– Қолынан келгенше жәрдемдесті ғой. Ол уақыт өтіп кетті. Қолы ашық жігіт еді. Әттең айырылып қалдық, өзің бірге тұра алмадың. Тіл табысу керек еді. Ол сенен он жастай үлкен. Ақылы кірген жігіт. Еш уақытта өзіңмен жасты жігітке тұрмысқа шықпа. Қыз баланың сана-сезімі, өмірге деген көзқарасы еркек балаға қарағанда ерте жетіледі. Қазақта «он үште отау иесі» деген мақал содан қалған. Қыз балаға төзімділік керек. Сұлулық қыз баланың соры. Сен сұлу болдың. Сол үшін сені Борсықбекке бердім. Қазіргі жігіттер от басын айыра алмайды. Олар әке-шешелерінің арқасымен ғана өмір сүреді. Өмір сүруге икемсіз. Мен сені Борсықбекке тұрмысқа беруімнің себебі осы еді. Сені жақсы өмір сүрсін деп ойладым. Қазіргі заманда қазақтың қыздары басқа ұлттың өкілдеріне тиіп жатыр. Соның бәрі тұрмысқа байланысты. Өмір қысқа. Бұл өмірді жырлаған Құнанбай сұлтанның баласы, ақын Абай да өзінің бар ақылын қазақ халқына жазып кетті ғой. Абайдың әр сөзі адамға ақыл-кеңес береді, – деді анасы. 
– Бақыт анасына таңдана қарап отырды. Бүгін тұңғыш рет көрген сияқты, әр сөзін арыдан қозғайды. Дүниеге өте жақын адам екен. 
– Әні Борсықбек тағы үйленіп алыпты. Естіп жатырмын, бұл әйеліне он мың сом төлепті. Он мың сом..., – деп кемпірдің саусақтары қалтырады.
Бақыт туған анасының қандай адам екенін бүгін білді. Өмірден ерте өткен әкесін сағынып көзіне жас алды. Қоштаспастан шығып кетті...
Борсықбек ара-тұра келіп тұрды. Ақыры Бақыт өзінен жиырма бір жас үлкен, бір аяғы ақсақ Сәлім деген кісіге тұрмысқа шықты. Ол кісіменен мектепте бірге оқыған сыныптасы Жетібай деген жігіт таныстырды. Бақыт Жетібайдың сөзіне еріп, әрі Борсықбек пен анасына ерегісіп Сәлімге тұрмысқа шықты. Сәлімнің әйелі қайтыс болып, артында үш баласы қалыпты. Сәлім кітапты көп оқиды. Қазақтың ру, жүзін тез ажыратады. Жоғары жаққа арыз ұйымдастырады. Көшеде көрсең аяп кетесің. Тіршілігі қазақты ру мен жүзге бөліп отырады. Одан келер кетер пайда жоқ. Тұрмысы өте нашар. Аттан құлап аяғын сындырып алған екен. Екі сөзінің бірі:
– Жігіт деген мәрт болуы керек. Бір сөзді азаматтарды жақсы көремін. Менің жетінші бабам Мергенбай Абылай заманында бір өзі Қалмақтың төрт батырын найзамен түйреп өлтіріпті. Мен батырдың тұқымымын. Біздің тоғызыншы ұрпақтан бір ғұлама бала өмірге келеді, – деп Сәлім әңгіме айтады.
Ақшаны өзі ұстайды. Бақыт базарға барғанда оған ақшаны санап береді. Тамақты жегенде көзі жайнап кетеді. Түнде төсекте жатқанда мазасын алады.
– Бақыт, сен қанша жігітпен жүрдің, жасырмашы. Мен қызғаншақ емеспін. Алғашқы жүрген жігітіңнің аты кім, қай рудан? Екінші жігітіңнің есімі кім? Ол қай жүздің жігіті? – деп Сәлім түнімен мыжыңдап шығады.
Қолын салып, Бақыттың аппақ сандарын шымшиды. Бұл ойнағандағысы. Бақыт жастыққа тұншығып өксіп жылайды. Сәлім қорылдап ұйықтайды. Жанына жатпайды.
– Шырағым, жассың ғой. Әйтеуір көзіме шөп салма, ақкөңіл болма, – деді бірде Сәлім.
Бақыт ойланып қалды. Бақыт оны шынымен-ақ аяды. Сақалы шошаңдап түнде сүйіп мазасын алады. Ентігіп-ентігіп қақырынып сылқ етіп құлайды. Кей кездері ауылдың арызқой адамдарын жинап алып басшылардың үстінен жоғары жаққа арыз жазады. Румен жүзге бөлгенде алдына жан салмайды. Талай жазықсыз басшыларды соттатты. Өз қолымен, басқалардың қолымен арыз ұйымдастырады. Сәлімнің кәсібі осылай болып шықты. 
Бір жылдан соң Бақыт Сәліммен ажырасып тынды. Сәлім арақ ішіп алса Бақытты қызғанып ұратынды шығарды...
– Байдан шыққан жезөкше, – деп тілдей бастады.
Бақыттың жолы болмады...
Жаз айы. Шілде түскен кез еді. Күн бұлттанып, соңынан жаңбыр жауды. Ақша бұлттар аспанда қалықтады. Сенбі күні қала көшесімен келе жатқан Бақытқа өзіне таныс бір жігіт жолықты. Баяғы журналист екен. Ол бұған қарамады. Дәл қарама-қарсы келді. 
– Сәлеметсіз бе?! – деді оған Бақыт.
Ол бұған көпке дейійн таңырқап қарады. Басын шайқап күлді. 
– Танымадыңыз ғой, мен баяғы Ақадырға барғанда жолдан сіздің қызыл «жигулиіңізге» мінген кітапханашы Бақыт деген қызбын. Оралхан Бөкеевтің «Қасқыр ұлыған түн» деген әңгімесін, Рафаэль, Симон сияқты ұлы суретшілер туралы маған айтып беріп едіңіз ғой, есіңізде ме? – деді Бақыт күліп.
– Иә, қарындас, ьым өзгеріп кетіпсіз. Сұлу қыз едің. Не болған өзіңізге? – деп ол жігіт жаны ашып Бақытқа тіл қатты.
Бақыттың жанарына жас толып кетті. Жігіт шынымен-ақ қапаланып қалды. Жанары жәудіреп Бақытқа қарады.
– Өмір ғой, – деп күрсінді Бақыт.
– Кітапхана қалай? Сурет салумен айналысасың ба? Ол үлкен өнер. Мен сізді іздеп екі рет барғанмын. Тұрмысқа шығып кетті деп естідім. Бақытты бол, Бақыт, – деп жігіт қыздың қолын қысты. 
– Сіз ше? – деді Бақыт.
– Әлі бойдақпын. Өзіңдей адам жанын түсінетін қыздарды ақылды жігіттер қағып кетеді. Сан соғып қала береміз, – деді жігіт.
Ұзын бойлы, қияқ мұртты сұлу жігіт күле берді. Бақыттың жүрегі қан жылады.
– Өмірден өзімнің қаракөзімді іздеп жүрмін. Әлі таба алмадым, – деді ол.
– Сіз шынымен-ақ бойдақсыз ба? – деп көзі жасаурады. Бақыт кеудесін ащы өксік қысты.
– Иә, өзіңіздей әдемі қыздар болса менімен таныстырыңыз, жұмыс орнымның телефонын айтайын, – деді Сырым.
– Ақадырда туыстарыңыз бар ма? Ол жаққа көп баратын едіңіз ғой, – Бақыт сасқалақтап сөйледі.
– Жоқ, мен оның ар жағындағы Ақбұлақтанмын. Жол бойы сол ауылдан өтемін, – деді Сырым...
Бақыт жатақханаға кеш оралды. Оның көз алдында Сырым кетпеді. Ол төрдегі шағын айнаға барып өзінің түрін көрді. Айна алдында өңі жүдеу, самайын ақ түскен келіншек тұр. Көзінің айналасына әжімдер түсіпті. Өксіп жылаған Бақыт айнаны қолымен жұлып алып еденге бір-ақ атып ұрды. Жан-жаққа шашырап сынған айнаны жинамастан тастап өтіп барып төсегіне құлай кетті. Келіншек өз-өзінен іштей булығып ұзақ жылады. Өткен жастық шағына өкінді. Жас дәуреннің енді қайтып оралмайтынын түсінді. Тәнінің көрінгенге мазақ болғанын сезді. Әйел затының жан-дүниесінің тым нәзік болып жаратылатынын Бақыт енді білді. Сұлулықты ең бірінші әйелдің өзі қорғап қалуы керек екенін ұқты. Ана ақылын тыңдап басын тау мен тасқа соққылап, жас өмірімнің қызыл гүлін ерте солдырып алғанын Бақыт ойына алды. Жол көрсетуші Әсем енді Бақытты көрінгенге өсек жасап жүр екен. Келіншек төсекте алас ұрып аунап жатты.
«Құдайым-ау, мені неге көрікті етіп жараттың?! Арымды ақша билеп кетті ғой. Көз құрты болдым. Туған анам да сырт айналып кетті. Әкем тірі болғанда мұндай болмас еді-ау!» деп, Бақыт өксіп жылады. Бақыт өмір жолын қайта бастағысы келеді. Бірақ кеш еді. Оның көз алдына ақкөңіл жігіт Сырым елестеді. Бақыт оған ішінен ғашық болатын. Жігіттің мейірімді жүзі, сүйкімді күлкісі санасынан шықпады. Келіншек құс жастықты құшақтап ұзақ жатты. Ол бүгін кешкілік күндегідей бөлмесінің шамын жақпады. Тамаққа да зауқы соқпады. Қараңғы бөлме ішінде үнсіз жата берді. Көзі жұмулы көкірегі ояу еді. Түннің бір мезгілінде есікті біреу жұлқылап тартты. 
– Бақыт, жаным! Бұл менмін! Екеуміз қайта қосылайықшы. Мен сені сүйемін. Сенің сұлу дидарыңды ұмыта алар емеспін. Енді сені ұрмаймын. Мені аяшы, жаным! – деген еркек даусы естілді. 
Бақыт өзі-өзінен қатты шошынды. Ояу жатса да, басын көтермеді. Бұл келіп тұрған Бақыттың екінші күйеуі ақсақ Сәлім еді...
– Сынған айна жерде шашылып жатты. Ай жарығы терезеден бөлмеге түскенде айна жарығы жарықшалары жарқылдап, төсекте жатқан Бақыттың жүдеу жүзіне түсті. Тағдыр тәлкегіне қатты ұшыраған мүсәпір келіншек ызаға булығып арақ ішті.
– Есікті аш! Сындырамын. Сен менің қатынымсың. Сен мені кәрі деп менсінбейсің. Мен сенің шешеңе көп ақша төлегенмін. Есікті аш. Тоңып барамын. Әлде, біреумен жатсың ба? Жаныңда Жетібай жоқ па? Сен жезөкшесің. Мен сені талақ еттім. Ұятсыз жәлеп екенсің. Кеш түсіндім. О, әкеңнің аузын ұрайын! – деген мас болған Сәлімнің дауысы ызғарлы естілді. 
– Айуан!  Әкемнен садаға кет, – деп Бақыт күбірлей, өксіп жылады...
Арада тағы да жылжып бес жыл өтті. Бақыт Мұқағали Мақатаевтің «Дариға жүрек» деген өлеңін оқып мауқын басты. Тұманбай ақынның өлеңдерін оқып сырласты...
Қоңыр күз түсті. Аспанда қалықтаған құстар топ-топ болып жылы жаққа қарай ұшып барады. Тыраулаған тырналардың үні құлаққа келеді. Бұйрат бұйрат қалың төбелер созылып жатыр. Қаратау тым қашықтан көрінеді. Ұлы Жібек жолының көне соқпағының сүрлеулері көзге тым жұтақ тартады. Шудың қалың қамыстары оның ойын бұзып жібереді. Мойынқұмның қалың құмы бетпақ даламен шектеседі. Бір отар ақтылы қой жусап жайылып жатыр. Ботасын ерткен аруана мыңқиып жан-жағына қарап қояды. Дала жым-жырт. Төбелердің арасынан қойшының бөз үйі көзге шалынады. Келіншектің көзі тауға түсті. Тау бір түрлі қызық. Басына сәукеле киген қызға ұқсайды. Бірақ қыздың шашына байлайтын шолпылары көрінбейді.
«Бақыт, сен сурет салшы. Рафаэль бар өмірін табиғатқа арнаған. Өмірдің өзі тіршілік. Табиғат болмаса тіршілік те болмайды. Өзің жүдеп кетіпсің ғой», – деген мектепте бірге оқыған Сырымның сөзі есіне оралды. 
Бақыт Сырымды сағынды. Кебек ойына оралды. Борсықбекпен Сәлім есіне түскенде денесі түршігіп кетті. Жалма-жан қалтасынан қағаз алып, таудың суретін салды. Ұзақ салды. Өзіне онша ұнамады. Сәлден соң қалтасына қарап, сынған айнаны алып, бет-жүзін күн қаққан бір әдемі келіншек күлімсіреді. Келіншек айнаға тесіле қарады.
– Ей, Бақыт. Үйге тез-тез ба-а-р. Б-а-л-а жы-жы-л-а-ды, – деген дауыс естілді. 
Келіншек сасып қалды. Бақыттың дәл қасына қошқар мұрын, жирен мұртты, көзінің алдын сары былшық басқан аттылы адам келіп тұр екен. Жүзі өте мейірімді. Бұл Бақыттың үшінші күйеуі Марқанбай болатын.
Жасы елуден асқанша үйленбеген Марқанбай осыдан екі жыл бұрын біреулер арқылы құда түсіп, Бақытқа үйленген еді. Бақыт өзінен ширек ғасыр кіші болатын. Бақыттың анасына көп ақша төледі. Өмірінде әйел етегін көтермеген Марқанбай екі күн шымылдық ішінде жатқан Бақытқа жолай алмай қалтырап-дірілдепті. Екеуі тату тұрды. Көп кешікпей Қабанбай есімді ұл өмірге келді. Бақыт өз бақытын осылай тапты. 
«Мен сені сүйемін, елден қызғанамын» деп күйеуі оған еркелеп сөйлейді. 
– Бақыт, бала жылап жатыр, – деп Марқанбай күліп сөйледі.
– Мә, мынамен түріңе қара. Сақал-мұртың өсіп кетіпті, – деп Бақыт күйеуіне сынған айнаны берді. 
Сынған айнамен бет-жүзін көрген Марқанбай сарғайған тістерін көрсетіп, аузын ашып еңкілдеп күлді. Қатты бір түшкіріп алды. Күс-күс саусағымен көзінің алдында тұрған сары былшықты сүртіп тастады. 
Бақыттың жүрегі сыздады. Ол баласына жетуге асығып бара жатты. Қой соңында қарауытып Марқанбай қалды...
Жақында Бақыт бір сурет салды. Онда атқа мінген кісі, бала көтерген келіншектің суреті.