Ванда Василевская. Стефанның өлімі

Орманшылар біздің қанымызды, көз жасымызды сел қылып ағызды. Сонда да оларға ешнәрсе болған жоқ...

Mar 27, 2026 - 19:32
 3
Ванда Василевская. Стефанның өлімі

Ванда ВАСИЛЕВСКАЯ – поляк және кеңес жазушысы, қоғам қайраткері. 1905 жылы 21 қаңтарда Польшадағы Краков қаласында дүниеге келген. Жазушылық жолын 1930-жылдары бастады. Алғашқы шығармаларында жұмысшы табының өмірі, әлеуметтік теңсіздік мәселелері көрініс тапты. Польшадағы саяси жағдайға байланысты оның шығармалары көбіне қоғамдық-әлеуметтік тақырыптарды қозғады. Оның ең белгілі шығармаларының қатарында «Радуга», «Просто любовь», «Пламя на болотах» сияқты туындылар бар. Жазушы 1964 жылы Киев қаласында қайтыс болды.

(«Бұғаудағы жыр» хикаятынан үзінді)

...Көкмайса даланы басып Стефан Зелинский көлге келе жатыр. Ол баяу ысқырып, күй салып, шат көңілді келеді. Көкмайсамен жиектелген көп нағыз айна тәрізді көрінеді. Стефан тез шешінді де, ептеп басып, суға түсті. Су мұздай екен, денесі түршігіп:
– Брр... – деді.
Тысыр естілді. Стефан айналып қарады; итін ертіп, орманшы Валер келе жатыр. Ит басын төмен салып, жер иіскелеп келеді. Стефан сүңгуге бата алмай, судың бетін қолымен сипады, су жүзіктей дөңгеленіп, дәл көкірегінен келіп тұрды. 
– Сен не, мұнда тек шомылуға ғана келдің бе?
– Ие, тек шомылуға ғана келдім. Сізге кесір бола ма? Шомылуға болмайды деп айтылмаған ғой. 
– Шомылуға болмайды.
– Ендеше, сіз шомылуға болмайды деп жазып қойыңыз. 
– Сен маған үйретпе!
– Сіз маған байланыспаңыз!
– Шық судан, естимісің?
– Естимін, керең емеспін, Валер мырза.
– Тез шық!
– Шомылып болған соң шығамын. 
Орманшы Стефанға төніп келіп, қамшысын сермеп қалды. Стефанның кіршіксіз ақ иығына қызыл-жасыл із түсті. Ол қаны бетіне құйылып, қызараңдады:
– Суды да қимайсың ба, оңбаған неме?
Валер ашу кернеп, сұрланды. Жүгіріп барып, Стефанның жағада жатқан киімдерін жинап алды. 
– Киімге тиме!
– Аузыңды жап, естимісің?
– Сен кісіге қақтықпа! Баяғыда халық сені осы Вигом басында ұстап, қыр көрсетті ғой?
Қасқыр тәрізді қара қошқыл ит соқпақпен жүгіріп келеді. Ол кенет тоқтап, иесін күтті. Жәрдемге орманшы Собияк келді. 
– Алоиз, тұмсығын бұз! Тұмсығын бұз! Үйренсін хайуан!
– Хайуаннан сөз естіп тұрмын. 
Стефан судан шығып, тырдай жалаңаш, тоңып, көгерген күйінде орманшыларға қарай ұмтылды. Иттер самарқау үріп тұрды.
– Ол біздің ықтиярымызда!
Стефан жұдырығын түйді. Сол кезде оның үстіне қамшы жауды.
– Бұл – саған сабақ, хайуан! Орманшылардың айтқанын тыңдап жүр, – деді де орманшылар Стефанға ит қосты. Екі ит ортаға алып, Стефанды талай бастады.
Стефан ойбайлап, сасып, жан-жағына қарады. Су жағасында аласа бойлы, бұралып өскен бұтақты ағаш тұр екен. Стефан аяғын иттің ауызынан жұлып алып, пәрменінің барынша ағашқа қарай жүгірді. Орманшылар оған тағы да ит қосты.
Стефан секіріп, бұтаққа жармасып, ә дегенше ағаш басына мінді. Ағаштың бұтақтары бетін, қабықтары етін тырнады. Оған қарамай, аяғын жинап, астына басты. Иттер ағашқа шапшып тұрды, олардың ауыздарынан шыққан ыстық леп Стефанның тәніне аз-аздап тиіп жатты. Орманшылар итті айтақтай берді.
– Валер мырза, айтақтап, тамағыңызды босқа қарлықтырмаңыз, ит ағашқа шыға алмайды.
Әуеде тас зулады. Бір тас Стефанның дәл көкірегіне тиді. Ол құлындай шыңғырып:
– Ойбай! – деді.
Көрдің бе, біздің қолымыз ұзын, қайда барсаң да құтыла алмайсың!
Стефан үрейі ұшып, көзі дөңгелектеніп, орманшыларға қарады. Олар жын ұрғандай, аласұрып жүр. Анадай жерде тұрған орманшылықтан Собияктың екі баласы жүгіріп келді.
– Гения, Изек, тас жинап әкеліңдер! Граварщик, кел мұнда, ағаш басында отырған құсты қара!
Қорықшы жоғары қарап:
– Жұмақта ойнап отырған адам ғой? Сабаңдар хайуанды, сабаңдар! Үйретіңдер!
Тағы да тас зуылдады. Ағаштың жапырағы жерге саулап құйылды.
– Бұларың қалай, адамсыңдар ғой, аясаңдаршы? 
– Е, есіңе енді түсті ме? Әуелде басқаша сөйлеген едің ғой! Изек, Гения, тас жинап әкеліңдер, жылдам, ана бұтақ астында тас көп, содан әкеліңдер.
– Адамсыңдар ғой!..
– Ақыр, ақыр, бәлки біреу-міреу дауысыңды естір!
Аласұрған иттер үріп, ағашқа шапши берді.
Собияк жақын келіп:
– Түс! – деді.
Көзіне қан толған Стефан төмен қарап, шапшып тұрған иттерді көріп:
– Ит... – деді.
– Иттен қорқасың ба? Естимісің? Түс! Әйтпесе...
Көздеп лақтырған тас дәл тиді. Стефан қатты ыңыранды.
– Түс.
Тағы да тас жауды. Изек тасты төбе қылып үйіп тастады. Стефанның көзі қарауытып, ауызына қан толды. Бүкіл тәні ауырды. Иттер барған сайын жоғары шапшыды. Стефанның басы айналды, ағашты дауыл шайқап, оның басы жерге жете иілген сияқты сезілді, дүниенің бәрі ілгері-кейінді көшіп бара жатқан тәрізденді. Қолдары әлсіреп, бұтақтар тұтамынан шығып бара жатқандай көрінді. Ол бірдеңе айтпақ болып еді, қан толған ауызынан адам үніне ұқсамайтын бір үн шықты. Жансыз бармақтар жазылды, ағаш бұтақтар сытырлап, жайына тұрысты. Стефан тас толтырған қап тәрізді, иттің алдына сылқ етіп түсті.
Орманшылар иттерін басып қойып:
– Тұр, – деді.
– Қимылдамайды ғой!
– Ол қазір қимылдайды. Валер, әдемілеп қамшымен сергіт!
Валер жақын келіп, ұрмақ болып, қамшысын көкке көтерді де, сол күйінде кілт тоқтап қалды. Стефанның кең ашылып, тегіс қан жуған өлік көзіне көзі түсті.
– Граварщик, қарашы...
Иттер шоқиып отырысты, олардың жон жүндері жалданып тұрды. Валер маңдайындағы кенеттен шып-шып шыққан терін алақанымен сүртті.
– Қой, қанша тілесең де, хайуанды өлтіру оңай болмас. Есін жинап жатыр!
Граварщик Стефанның жансыз жатқан қолын ұстады. бірақ, тамырын таба алмады. Қасын керді.
– Өлген сияқты. Өлген... – деді ол бөтен бір дауыспен.
– Осының бәрі сенен, граварщик... «Хайуанды сабаңдар, сабаңдар» деп, бізді құтыртқан сен, – деді Валер тұтыға сөйлеп. 
– Менен дейсің бе? Менен бұрын сабап жатқан кім еді? Балаларға тас жинатқан кім еді? Осының бәрін мен істедім бе? Жоқ, бәрін сен істедің, Валер, сен кінәлісің...
– Собияк та істеді, Собияк...
– Сен жалтарма, граварщик. Бәрін істеген осы үшеуміз, – деді Собияк.
– Мен жалтармаймын. Үшеуміз істедік, үшеуміз істеген болайық. Бір хайуан кем болса, одан келер-кетері шамалы. Кім көрді? Ешкім көрген жоқ!
Үшеуі тез бір-біріне қарады. Дала желсіз. Күн шалықтап тұр. Орманшылық үйінің мұржасынан болар-болмас түтін шығып жатыр. Алыста, жол жиегінде қарауытып деревня көрінеді. Қыбырлаған жан жоқ.
– Енді не істейміз?
– Суға тастаймыз...
– Тауып алады ғой. 
– Мейлі, тауып ала берсін. Ешкім көрген жоқ. Өзі суға кеткен екен дейді, сонымен тынады. 
– Тұла бойының бәрі қан...
– Ол суда жуылып кетеді ғой, ал, Собияк, аяғын ұста! 
Орманшы селқос, жиреніп, ашаң аяқтың бақайынан ұстады. Өліктің қолдары жерге сүйретілді. 
– Бір, екі, таста!
Стефанның тәні күмп етіп суға батты. Дөңгелек толқын бірте-бірте ұлғайып, жағаға барып соқты.
– Бітті! Ал, Собияк, балаларыңның ауызына ие бол, ешкімге тіс жарушы болмасын. Өздерің тез орманға тараңдар. Ешкім көрмеді, ешкім естімеді, зым-зия. 
Гения мен Изек иін тіресіп, аң-таң болып, көлдің тән батқан жеріне үңіліп тұр. 
– Қорықшының айтқанын ұқтыңдар ма? Ешкімге тіс жарып, ешнәрсе сөйлеуші болмаңдар. Бірдеңе дегендеріңді естісем, мойындарыңды жұламын. Бар, үйге кетіңдер, ұқтыңдар ма?
– Ұқтық...
– Мамаңа айт, мен кешке қайтамын. 
Балалар үйіне қарай бет алды, орманшылар орманға қарай тарасты...
Дәл осы кезде, манадан көлдің арғы бетінде қопа арасында бұғып, қармақ салып отырған Стаховскийдің баласы кішкене Франек болар-болмас қимылдады. Қопадан жаман сасық иіс кеп тұрды. Басы ауырды, көзі қарауытты, қорыққаннан қол-аяғы сіресіп, қатып қалыпты. Әуелде, ит қоса бастаған кезде, деревняға жүгіру керек еді, жұртты шақыру, Стефанды сабап жатыр деп жар салу керек еді. Бұған оның батылы бармады... Оның дүниедегі ең жаман қорқатыны ит еді, көбінше иттің келбетсіз тұмсығынан, ақсиған тісінен, жалындай қызарып, өкпедей салақтап тұратын тілінен зәресі ұшушы еді. Енді кеш қалды. Ол көріп қалар деп қорықты. Ұстап алып, әлгі Стефан сияқты, аяқ-қолын ұстап, ырғап-ырғап тұрып, суға тастайды, балыққа жем етеді деп қорықты. Франек сиыр баққысы, бөбегі Зосияны тербеткісі келмесе, яки ол балалармен далаға ойнап кетіп, дүкенде істейтін Казамирмен төбелессе, оны анасын орманшыға айтамын деп қорқытушы еді. Анасының онысы бекер емес екен... Мұны ол қазір көзімен көрді...
Франек ептеп қопа арасынан шықты да, деревняға қарай жүгірді. Келе жатып ол анама айтсам сенбес, атама айтайын. Тек не болар екен? Не істер екен? – деп ойлады. 
Тек ол деревняға жақындаған сайын, үйлер айқын көріне бастаған сайын қатты қорықты. Орманшылар қайтар. Жұрттан менің айтқанымды естір. Сонан кейін маған ит айтақтатар, я Пашикті атып өлтірген сияқты, мені де атып тастар. Оларға кісі өлтіру қиын ба? Талай кісіні өлтірді, ешнәрсе болған жоқ...
Аяғы тас байлаған тәрізді ауырлай берді. Ол өрге қарай әрең басып келеді. Собияктың Изек пен Генияға айтқаны есіне түсті: «Ешкімге тіс жарып, ешнәрсе сөйлеуші болмаңдар. Бірдеңе дегендеріңді естісем, мойындарыңды жұламын» деген сөзі құлағында күмбірледі. Олар маған не істер екен? Бәлки өлтірер, бәлки абақтыға салар. Олардың, орманшылардың, қолынан бәрі келеді...
Зелинская қарсы ұшырады. Франек оны тани қалды. Өкпесі аузына тығылды. Бұлтарып кету есіне келмеді.
– Франек, Стефанды көрдің бе? Жөнін айтпай шығып кеткен еді, енді дүкеншіге тауар әкелу үшін қалаға бару керек болып тұр.
Франектің қаны қашып, буындары қалтырады. 
– Жоқ, – деуге шамасы әрең келді.
Жолда тағы бір кексе әйел кездескен еді. Оның тұсынан төмен қарап, аулақ жүріп өтті. Басы айналып, тәні түршікті. Өз үйінің терезесі алдынан бұрылып өтіп, төбеге шықты. Сонда пішенге көміліп жатты...

***

Зелинскаяның ұйқысы ұйқы болмады. Бұл Стефанға не болды екен? Ол әскерден қайтқаннан бері көбінше үйде отырушы еді, анда-санда Лесияктарға бармаса, ешқайда бармайтын еді. Лесияктар оны бүгін көрмедік деді. 
– Жастармен бірге сауыққа барып, сонда отырып қалған болар. Ертең таңертең келеді ғой... – деп әйелін жұбатты қарт Зелинский.
Зелинская бұған сенерін де, сенбесін де білмеді. 
Бірақ, Стефан ертеңіне де келмеді. Оны көрген, білген ешкім болмады. Зелинская не нәрсе ұстаса, сол қолынан түсіп кете берді. 
– Стасик, дөңге шығып қарашы, көрінбей ме?
– Көрінбейді. 
– Зосия, шөжелерді бақшы, орманшы келеді екен, сонан сұрап көрейін...
Қос ауыз мылтығын иығына салып, Валер келе жатыр еді. Зелинская оның жолын кесе көлденеңдеп:
– Валер мырза, біздің Стефанды көрмедіңіз бе? Кеше таңертең шығып кеткен еді, сонан әлі жоқ... – деді. 
– Егер кеткен болса, келер. Мен көргенім жоқ, – деп жылпос жауап берді орманшы, сөйтті де, теміршінің қазына елірген итіне:
– Тек тұр, – деді. 
Зелинская қайғылы күрсініп, үйіне қайтты. Тек аялдап отыра алмады, түс кезінде Старшинге барды:
– Кешеден бері Стефан жоқ! Көрген-білген бір жан жоқ!
– Ине емес қой, табылар! Жоғалып кететін жас бала да емес қой. 
Зелинскаяның еріні кемсеңдеді.
– Ол мен үшін жас бала ғой. 
– Сен жылама! Жас жігіт, бір жұмысы болған шығар, бәлки бір жерде сұлумен сүйісіп отырған болар... О заман да, бұ заман адам жоғалғанын қайдан көрдің? Бізде оны жеп қоятын тағы хайуандар жоқ. Ұры әйтті-бүйтті дейтін оның дәнеңесі жоқ, шәпкесі мен шұлғауын алмаса, несін алады?
Зелинская біраз тынышталған тәрізді болып үйіне қайтты. Бірақ, кешке қарай уайым қауіпі тағы күшейіп, бүкіл бойын билеп алды. Қолдары қалтырап, жүрегі суылдады, басы мең-зең болды. 
Үшінші күн дегенде, таңертең Зелинская кенеттен бір дауыс естіді, ол дауыс төменгі көл жақтан келіп жетті. Естуі-ақ мұң екен, жүрегін қолымен басып, кілт тұрып қалды. 
– Не болды? 
– Ештеңе, ештеңе болған жоқ... – Стасик есікті ашты. 
Нақ су қараңғы кісіше дуалды жағалап, далаға шықты. Жұрт тым-тырақай көлге қарай жүгіріп барады. Біреу қатты айқайлады. Лесияктың Владигі старшин тарысының үстін басып, аяғы әр жерден бір тиіп жүгірді. 
Зелинская көйлегі аяғына оралып, бір сүрінді де, атызды жағалап жүгірді. Біреу оны басып озды, бірақ Зелинская одан не болған деп сұрамады, іші сезді.
Көл бір километрдей жерде еді. Зелинская ентігіп, тасқа-бұтаға сүрініп-жығылып келеді, жығылады да, ұшып тұрады. Оған алды-арты қаптап жүгіріп келе жатқан кісі көрінді, біреулер айқайлап жатқан тәрізді болды. Ол ешнәрсе аңғармады, ешнәрсе көрмеді. Шеке тамыры шапқан аттай дүрсілдеді. 
Жетті. Көл жағасы толы адам. Қақ жарылып, жол берді. Зелинская суға қарай ұмтылды. Үйілген бір топ бұтақтың тасасында, жағадағы ағашқа таяу, көлдің қайраңында көк үстінде жалаңаш өлік жатыр. Зелинская тәлтіректеп барып, ыңыранып құлады. Оның қолы адамның жансыз, мұздай аяғына тиді. Ол өлікті нақ су қараңғы адамша аймалап, сипалап қарады. Алақандары жайылған, бет кескіні бұзылған, шөп-шалам басқан ылғал шашына қан ұйысқан. Ол мұның Стефан екенін білді. Ол әуелден-ақ, алғашқы күні түнде-ақ бір пәленің болғанын білген еді. Көз тұманы ашылды. Зелинскаяның көзі баласының бетіне түсті. Көздері ақиған, іші көгерген, көкірегінде жол-жол қызыл-жасыл таңба, басына қан ұйыған. 
– Мен атымды бұрдым, мына қайырылып қалған бұтақтарды жинап алуды көптен ойлап жүруші едім, қарасам жүзіп келеді... Құдай-ау, бұл не, батқан бұзау ма деп ойладым... Байқап қарадым. Жүрегім тас төбеме шықты... – деп бір шаруа жұртқа түсіндіріп жатты.
– Бұл суға кетті ме екен?
– Суға кету қайда... біреу ұрып өлтіргені көрініп тұрған жоқ па?
Жұрттың бәрінің тәні түршікті. Біреу арбадан мата алып келіп, өліктің үстіне жапты. Зелинская көк үстінде мелшиіп, өлік тәрізді матаның шетінен шығып жатқан көгерген саусақтарға қарап отырды. 
– Старшинге хабарлаңдар...
– Ол естіді, қазір келеді...
– Полицияға хабарлау керек...
– Ол старшиннің жұмысы...
Ентігіп қудай болып бозарып, старшин келеді. Келді де матаны көтеріп қарады. 
– Кім тапты?
– Мартин. Отын алуға келгенде тауыпты...
– Мен атымды бұрдым, мына бұтақтарды жинап алуды көптен ойлап жүруші едім, қарасам, жүзіп келеді...
Старшин оның сөзіне құлақ салмады. Шамасы, суда жатқанының өзіне екі күн болу керек қой...
– Қалай оны бұрын ешкім көрмеген?
– Мұнда келуші аз ғой, анда-санда қармақ салуға, шомылуға балалар келмесе, кім келеді...
Оның үйге қайтпағанына неше күн болды? – деп старшин Зелинскаяға қарады. 
Бірақ, оның құлағына ешкімнің сөзі енбеді. Ол өз басының шыңылдағанынан, шеке тамырының соққанынан басқа ешнәрсені естімеді. Ол үшін басқалар жауап берді:
– Иә, иә, сәрсенбі күні келіп, менен де сұраған еді...
– Дәл сейсенбі күні болған сияқты... Не болды екен бұған?
– Не болғанын көрмей тұрсың ба? Денесінің бәрі қара ғой.
– Қан құйылып, басы қап-қара болып кеткен...
– Анығын білсе... Уыздай жас жігіт... Қызыққан әйел болды ма екен? Үйі қалай күн көреді?
– Қарт жұмысқа жарамайды...
– Былайғы балалары әлі тым жас...
– Анасын былай алып кету керек қой...
– Мен сөйлескен едім... Есі шыққан...
– Ес-ақылы жоқ...
Деревнядан халық барған сайын дүмеп келе берді. Мартин өлікті қалай тапқанын жұртқа жүз қайтара сөйледі, жұрт оның сөзін тұңғыш естіп тұрған тәрізді тыңдады. 
– Ау, жұрт, айтсаңдаршы, кім бұлай істеген?
– Кім өшіккен оған?
– Кім өшіксін. Момын жігіт еді, қызбен қыдырмаушы еді, арақ ішпеуші еді, шылым тартпаушы еді...
– Заманақыр таянған болар... – Лесияктың Владигі матаны көтеріп, өліктің аяғына үңіліп қарады. 
– Саусақтарын қараңдаршы?
– Балық кемірген бе?
– Балық қайдан кемірсін... Шайналған...
– Балық шайнамаса, не шайнайды?
– Ит қапқан... – деді Владик бөтен дауыспен. 
Жұрт кілт аңырап, біраз тым-тырыс тұрды.
– Рас, ит қапқан, ит болғанда, ауызы кере қарыс ит қапқан, – деді Цапел қарт.
Жұрт бір-біріне тіке қарай алмады, көз ұшырасудан қорықты. Өйткені айғақ табылды. Бұл көп сырды, бәлки барлық сырды ашатын еді.
– Полицияға білдіру керек...
– Ласек, ат жек, бекетке хабар етейік, – деді старшин.

***

Франек айқайды естіп, көлге қарай жүгіріп бара жатқан жұртты көріп, әуелі үстінен тау түскендей көрді. Артынан тағы да дірілдеп, қорқа бастады. Скошектің балалары оны жұрт бара жатқан жаққа барайық, не болды екен, көрейік деп шақырды. Франектің оған батылы бармады. Ол күндіз есінен танған кісіше жүрді. Түн болса, алуан-алуан қорқынышты түстер көрді. Оны әкесі әрең оятты.
– Франек, саған не болды, есіңді жисаңшы?
– Иә, айта бер.
– Тыңда сен, бұл оңай іс емес. Шыныңды айт, дұрыс жауап бер. Естимісің?
– Естіп отырмын.
– Баланы әурелеме сен, бұл іс жөнінде ол ешнәрсе білмейді, – деп, Франектің шешесі баласына ара түсті. 
– Қысқарт! Франек, айтшы... Сейсенбі күні сен қайда болдың?
Франек қалтырады. Әкесінің күшті қолы оның қалтыраған саусақтарын қысты. 
– Қайда болдың?
– Қопада болдым...
– Қай қопада?
– Лашакова қопасында.
– Көлдің жоғарғы басындағы ғой?
– Иә.
– Стефанды көрдің бе?
– Көрдім. 
Үй іші жым-жырт болды. Викта ағасына таңырқаған көзбен қарады.
– О, Құдайдың құдіреті... о, құдайдың құдіреті... – деп қатты күрсінді Стаховский.
– Сен немене, керең болдың ба? Мен сенен тағы кім болды деп сұрап отырмын ғой?
– Орманшылар болды.
– Олардың қай-қайсысы?
– Валер, Собияк және... басқа жақтан келген біреу.
– Олар не істеді?
– Сабады.
– Стефанды сабады ма? 
– Иә.
– Сен неге бұрын айтпадың?
– Иттерінен...
– О, Құдай!.. Сені онда не сор айдап барды? – деп безектей бастады Стаховская.
– Жағыңды қарыстыр, ұғасың ба, айғақ табылудың мәні үлкен. Егер Франек мұны бастан айтқанда, істің жайы басқаша болар еді. Ұжданы ұялтты. Түсінде сандырақтап сөйледі, – деді Стаховский.
– Бала емес пе, қорқып қалған ғой...
– Сен жұртты неге шақырмадың? Неге қорғамадың оны?
– Сен оған жекірме, үрейін ұшырасың сен оның! Сейсенбіден бері құр сүлдесі жүр... Не таңданататыны бар, бала ғой, қорыққан болар... О, Құдай, қалай қолы барып өлтірді екен!..
Стаховский асығып киінді. Терезеден таңның құланиектеніп келе жатқаны байқалды.
– Франек, тұр. Старшинге барамыз. Стасик, жүгір, деревняға жар сал, халық жиналсын.
– Сен не істемексің, Михаил? Өзіміз бәлеге қалып жүрмейік!
– Үніңді өшір! Онан да үй басы жүріп хабарла, халық старшиннің үйіне жиналсын.
Есік сықыр етті. Жұлдыздар таң соңына батып, күншығыста шашыраған Күн сәулесі біліне бастаған екен.
Бұларға есікті старшиннің өзі ашты. Жұмысын тыңдады.
– Полицияны күтейік. Ол бүгін таңертең келуге тиісті. 
– Күтудің керегі жоқ. Полиция өзіне, халықтың білуі керек.
– Халық шатақ шығарады.
– Шатақ шығарса, не қылады? Граф жексұрындарының кісіні таспен қалай ұрып өлтіргенін білсін...
Старшин қолы қалтырап, шалбарының бауын әрең байлады. Оның басы мең-зең болды. Стаховский далаға шығып, қоңырау қақты, старшиннің оған қарсыласарлық шамасы болмады. Стаховский қоңырауды үсті-үстіне қақты, нақ өрт шыққандай қақты, дүниені жаңғыртты, бүкіл деревняға естілді. Анда-мұнда есік шақырлап, сөйлескен адам дауысы шықты. Шала-шарпы киінген, шаштарын сабан басқан халық старшиннің үйіне қарай қаптап келеді. Келген халық топ-топ болып, өзара күбір-күбір сөйлесіп тұрысты. Халық Виктадан, Стаховскаядан естіп, не болғанын біліпті.
Үй табалдырығында, үрейі ұшқан Франекті қолынан ұстап, Стаховский және старшин халықтан біраз биік тұрды.
– Халайық, – деді Стаховский. Халық жым-жырт болды. – Халайық! Не болғаны бәрімізге мәлім... Орманшылар Даевта тұратын Пашикті атып өлтірді, дәнеңе болған жоқ; Зосия Границкаяны атып өлтірді, дәнеңе болған жоқ. Орманшылар біздің қанымызды, көз жасымызды сел қылып ағызды. Сонда да оларға ешнәрсе болған жоқ...
– Менің ерімді азаптаған кім? – деді бір қатын.
– Өтіріктен өтірік егінге түсті деп, Леоның сиырын солар өлтірмеді ме?
– Орманда бір әйелді өлімші етіп сабап тастап кеткен солар емес пе?
Думан шайқалды, әркім өз бетімен сөйлеп, у-шу болды. Стаховский сәл кідіріп, қолын көтерді:
– Халайық, тынышталыңыздар, сөзге құлақ салыңыздар!
– Әйелдерді тыю керек!
– Тынышталыңыздар!
– Кеше таңертең Мартин Стефанды судан тауып алды. Айыңдаршы: Стефан сол тереңдігі бір метр, метр жарым көлге батып өлді ғой дейсіңдер ме?
– Әрине, батып өлген жоқ, – деді біреу.
– Өздеріңіз көрдіңіздер: оның басы жарылған, іші-бауыры құрымдай қарайған. Аяқ саусақтары әбден шайналған, бұл неден деп ойлайсыңдар? Стефанды бас-аяғын мылжалап, іші-бауырын езіп, суға кім тастады дейсіңдер?
Стаховскийдің дауысы барған сайын саңқылдай түсті. Ол сәл аялдады. Халық бір-біріне қарасты. «Бірдеңе болды ма екен? Неге ол күні кеше сыбырланып қана айтылатын әңгімені бүгін ашық жар салып айтып тұр? Оның не ойы бар екен?» десті халық.
Стаховский баласын алға таман сүйреді:
– Бері кел, Франек! Мына жиналған жұртқа көрген-білгеніңді толық айт, өтірік қоспа, білгеніңді жасырма, қорықпа. Біз бәріміз – мен, старшин, бүкіл деревня сенің жағыңдамыз.
– Мен сейсенбі күні балық аулауға көлге барған едім... – деп тұтыға сөз бастады Франек.
Халық Франектен көз алмады, оның сөзін жым-жырт тұрып, әбден ұйып тыңдады. Бір қатын жылады, біреу қатты күрсінді.
– Міне, мән-жайы осылай. Айғақ бар, мәселе айқын. Енді не істейміз, халайық?
Старшин асып-сасып:
– Қазір полиция келеді, – деді.
Думан шайқалып:
– Полицияны күтудің керегі жоқ. Оған хабар кеше тиді, келсе, сонан бері келмес пе еді! Жүріңдер, орманшылыққа барамыз, – десті.
Думан улап-шулап, қорадан дүркіреп шыға жөнелді, ағаш албар сатырлап, жермен жексен болды.
– Орманшылыққа жүріңдер!
Старшин думан артынан жүгіріп:
– Ау, халайық, бұларың қалай? Бастарыңа пәле тілеп аларсыңдар, қойсаңдаршы! – деді.
Старшин ұстап қалмақ болып, қолы қалтырап, әркімге бір жабысты. Халық оны қағып тастап, ойға, көлге, көлдің ар жағындағы көкмайса даладағы орманшылыққа қарай жөңкіді.
– Айырды ала жүріңдер, жігіттер...
– Вацак, бар, жүгір балтаны алып кел...
– Ештеңенің керегі жоқ! Құр қолмен-ақ күл-талқан қыламыз!
Халық тобын жазбай қаптап барады, олардың артынан балалар шұбырды.
– Олардың басмашылығын түбімен жоямыз.
– Ол осы Стефанның өлімімен аяқталады...
– Әбден төбемізде ойнады, енді ойыны қанған болар...
– Зелинский қарт қайда? Бар, оны алып келіңдер!
Ә дегенше болған жоқ, Зелинский де келіп, думанға қосылып, үлкен көк көзілдірігімен жан-жағына алақтай қарап кетіп бара жатты.
– Жол беріңдер, жігіттер, Зелинский алда жүреді!
– Иә, сол дұрыс, қазалы адам ғой.
Қарт жұрттың итермелеуімен көптің алдына шығып, мән-жайын әлі жете білмесе де, ұмтыла басып келе жатты. 
– Содан графтың әулиесіне барамыз...
Жұрт дауысы сәл саябырсып тұрды да, тағы гуледі:
– Дұрыс-ақ! Өйткені, олар графтың адамдары ғой...
– Олардың қорып жүргендері өз мүліктері емес, графтың мүліктері ғой...
– Граф оларға ақы төлейді...
– Біздің қанымызды төккені үшін, біздің бала-шағамызды өлтіргені үшін төлейді...
Халық анда-санда Острженге баратын соқпаққа зер сала келе жатты, көбінің орманшылықты басып, соған қарай тартып кеткендей ойы болды. Барған сайын думанның қарасы көбейіп, айбары күшейе берді.
– Граф әулиесі ешқайда қашпайды, алдымен мына жексұрындарды құрту керек.
– Иә, солай...
– Граф кеш тұрады, оны орнынан босатамыз, – деп әзілдеді біреу. Көпшілік оны зілді күлкіге айналдырды.
Таң атты, таң алдында сайрайтын бозторғай биік көкке шығып алып, қанатын қалықтатып, әралуан ән шырқады. Ұясынан шығып келе жатқан Күн сәулесі түскен орман басы алтын жалатқан тәрізденіп тұрды. Орманшылықтың қалың ағаш ортасындағы ақ үйі енді айқын көрінді. Батпақты көгал адам аяғымен шылқылдады. Орманшылықтан ит үрді.
– Үндемей, лап еткізіп бір-ақ басайық, әлеумет!
Жеме-жемге қоймай, Зелинский қартты қолынан ұстап, құйындай ұшырып алып кетті. Үн шығармай, ұсақ бұталарды басып, алып адыммен аттап, ә дегенше ашық алаңға шықты. Орманшылықтан үн шықпады, халқы қырылып қалған тәрізді көрінді.
– Есікті талқандаңдар!
Тарсылдап, есікке сойыл жауды. Біреу кенеттен:
– Олар сарайда! Сарайда! – деп айқай салды.
Алаңның екінші шетінде, үй артына таман сарай тұр екен, оның есігі ә дегенше, берік жабылды.
– Сарайға тығылды!
– Сарайға ұмтылыңдар!
– Сақ болыңдар, екінші есігінен шығып, орманға қашып кетпесін!
Думан көзді ашып-жұмғанша сарайды қоршап алды. Сарай ішінде ит ырылдады. 
– Шық бері!
– Шығыңдар, әйтпесе қақпаны талқандаймыз!
– Атамыз!
– Атсаң ат, біз одан қорықпаймыз!
– Зелинский, алға шық!
Әнтек аңырас болды. Сарай қақпасынан қосауызды екі мылтықтың, егер граварщик қонып қалған болса, үш мылтықтың оқтаулы тұрғанына жұрттың көзі жетті.
– Қақпаны бұзыңдар!
– Әлеумет, сабыр етіңдер, қақпаны бұзып әуре болудың қажеті жоқ, от қойып, өртеу керек!
Думан қатты қуанысып:
– Дұрыс-ақ! Кімде оттық бар? – десті.
Ә дегенше оттық та, тамызыққа сабан да табылды.
– Іргеге қой! Қақпа астында сабан жатыр! Зелинский, соған от қой!
Қарт қолын селқос сермеп:
– Әлеумет, бұл не істегендерің? Полиция келіп, оларды сотқа береді ғой... – деді.
– Полицияны күтудің қажеті жоқ! От қой! Сен қазалы адамсың, сенің от қоюға қақың бар!
– Қаймықпа, Константин! Бастау – сенің жолың! – деді бажылдап Цапел қарт.
– Сенің балаңды өлтірді, сен баста, қалғанын біз өзіміз білеміз. Мұнда да, онда да өзіміз тындырамыз.
– Неден қорқасың? Азар болса, жиырма жылға кесер, баста!
– Ау, не дегенің? Жиырма жыл ойыншық па?
– Мейлі, жиырма жыл-ақ кессін. Оның есесіне бәле-қазадан ада-гүде құтыласың!
– Халық емін-еркін болады!
– Біздің бұл ісіміз, орнатқан тәртібіміз бүкіл әлемге жайылады.
– Әлеумет... бұған мен... мен... Бұл – соттың ісі... Өртеніп кетеді ғой, олар да адам баласы ғой...
– Олар сенің Стефаныңды таспен ұрып өлтіргенде, ойланып-толғанып тұрған жоқ қой, ол да мал емес, адам еді ғой. 
– Қартпен саудаласудың қажеті жоқ. Не болса, о болсын, от қой!
– Тынышталыңдар, дауыс естіледі...
Жым-жырт болды. Таңертеңгі таза ауа алыстан бір дауыс әкеліп тұрды. Жолда мәшиненің гуілдеген дауысы естілді. Жұрт сарайға қамалып отырғандарды табанда есінен шығарды.
– Бұл не?
– Автомобиль сияқты көрінеді ғой...
– Қой, қайдан автомобиль болсын!
Осы кезде кішкене соқпақпен орманға қарай зымырап келе жатқан екі автомобиль көрінді.
– Полиция!
– Әлеумет, тездетіңдер, олар келгенше өртеп жіберіңдер!
Думан шайқала түсті. Бірақ, от қоюға асыққан ешкім болмады. 
Автомобильдегілердің мылтықтарының ауызы Күн нұрына шағылысып, мәшинеге жол берді. Екінші қатарда бекеттің коменданты мен қатар старшин отыр.
– Көрдіңдер ме – старшин. Старшин хабар еткен ғой...
– Оңбаған неменің үрейі ұшқан ғой!
– Оны ұстай тұрғанда болатын еді!
– О кімнің ойына келген?
– Тараңдар! Бұл не қылған жиын?
– Мына орманшылар... – деп думаннан әркім әр саққа сөйлей бастады.
– Олардың жазасын өзіміз береміз, – деп жұлып алғандай жауап берді бекеттің коменданты, сөйтті де, ол жақ, бұл жақты байқап қарап:
– Гаевский, сен ар жағынан кел! Ранияк, сен осы жерде тұр! Тұтқындарға жол беріңдер!
Халық қалған автомобиль төңірегіне нық топталды. 
– Бұл не? Осылай қанішерлерді қолдан беріп жібереміз бе?
– Мырзаларша автомобильге шіреніп отырып кете бере ме?
– Қоя береміз бе?
– Ау, халық, бұл қалай? Бұл жерден аман кетсе, граф оларды босатып алудың жөнін табады ғой, сонымен оларға тағы дәнеңе болмайды ғой!
– Жібермейміз!
– Сарайдан шығарып көрсін...
– Әлеумет, бері келіңдер, мықтап топталыңдар!
Қақпа сықырлады. Думан серпіле түсті. Бірақ, қақпадан шыққан жан болмады. Кенеттен мәшин гүрілдеді, сарай артынан автомобиль орманға қарай зыта жөнелді. Полиция адамдары арасында отырған көк киімді орманшыларды халық айқын көрді.
– Әне кетті, әлеумет!
– Екінші есіктен шығарып әкетіпті ғой!
– Қуып жетіп, ұстау керек!
Жұрт ағаш, бұтаны таптап, кеткен автомобильге қарай жаппай ұмтылды. Осы жағдайды пайдаланып, екінші автомобильдің шопыры мәшинесін ойға қарай қуа жөнелді. Шаң аспанға шықты. Қанша қуса да жете алмайтынына жұрттың көзі жетті. Жайнап, кіжініп, күйіп-пісіп кейін қайтысты.
– Бұл қалай болды?
– Қалай болсын! Алданып қалдық!
Енді оларға ешкім ешнәрсе істемейді!
– Зелинскиймен көп саудаласудың керегі жоқ еді. Өзіміз-ақ от қоюмыз керек еді.
– Жол сонікі болған соң, қайтесің!
– Баяғы ақсүйектен шыққандарға тартты.
– Егер шаруаның баласын осылай өлтірген болса, жиырма жылға кессе де, мен бастап от қояр едім. Ал, қазір баласы өлген кісі бастау керек еді...

Аударған
Бейсембай КЕНЖЕБАЕВ