Ги-Де Мопассан. Жарасын алдырған ана
Әсілі, қара бұқара кекті білмейді. Соғыста көп өлетін, соғыстың бар шығынын төлейтін, ызғарын арқасына артып алатын қара бұқараның саясатпен ісі жоқ...
Ги де МОПАССАН – француз әдебиетінің көрнекті өкілі, әлемдік новелла жанрының хас шебері. Ол 1850 жылы 5 тамызда Францияның Нормандия өңірінде дүниеге келген. Мопассанға әйгілі жазушы Гюстав Флобер ұстаздық етіп, оның шығармашылық қалыптасуына зор ықпал жасады.
1870–1871 жылдардағы Франко-прусс соғысына қатысқан тәжірибесі кейін көптеген шығармаларына арқау болды. Жазушының тұңғыш ірі табысы – 1880 жылы жарық көрген «Томпыш» («Boule de Suif») новелласы. Осы туындысы арқылы ол француз әдебиетінде реализм бағытының мықты өкілі ретінде танылды.
Мопассан он жылға жуық шығармашылық ғұмырында 300-ден астам новелла, бірнеше роман жазды. Оның «Өмір» («Une Vie»), «Сүйікті дос» («Bel-Ami»), «Пьер мен Жан» («Pierre et Jean») романдары адам психологиясын терең ашуымен, қоғамның әлеуметтік қайшылықтарын шынайы бейнелеуімен ерекшеленеді.
Өмірінің соңғы жылдарында сырқатқа шалдығып, 1893 жылы 6 шілдеде Парижде қайтыс болды.
І
Мен Пірленде болмағалы он бес жылдай өткен еді. Достым Сербел немістер талқандаған сарайын жаңғыртып, түзеп алыпты. Мен мұнда аң аулай келдім.
Бұл – менің өлгендей сүйген жерім. Мәжнүннің Ләйлісіндей көңілді арбап өзіне тартатын жер. Пенде, шіркін, асық жарымен қауышқан жерін қалай ұмытпайтын болса, мен де шаттыққа кенелген мына жерде, бұлақты тауды, сарқыраған өзенді, бұйраланған орманды ұмытпаймын.
Шомылсақ, қоңыр салқын бұлағы бар, масатыдай жайнаған құрағы бар. Балығы тайдай тулайтын, бақасы қойдай шулайтын, шырмауығы шөккен түйені таптырмайтын, балығы көлге жылқы жаптырмайтын жанға сақтау болған жер еді.
Мен алдымда жортып келе жатқан екі тазыма қарап, елгезек баладай ұшып келем. Өз денем өзіме қауырсын қаламдай көрінбейді. Сербел достым жүз метрде жоңышқаны кесе жүріп келеді. Мен Содыр орманын айнала бердім де, қарсы алдымдағы бір қораның ойранын көрдім. 1869 жылы бұл жерде әдемі үй болған еді.
Көзіме сол елестей кетті. Ол кезде бұл үйдің айналасы толған өріктің ағашы, қора толған қыбырлаған тауық еді.
Қазіргі күйі: тозған бейіттей елеусіз қалған қора, бұзылған үй, сорайған бағана. «Бұған не болған?!», – деп ойладым.
Мен бір күні шаршап-шалдыққанда, осы үйдің бәйбішесі маған айран беріп, сусындатқан еді. Сонда Сербел достым бұл үй иелерінің кім екенін баяндап берген еді.
Әкесі тоқым кеппес, түнде жатпас барымташы болыпты. Жандармның қолынан өлген. Баласы тазыдай аш бел, кепкен қайыңдай мықты, қырандай ер, елде жоқ мерген аңшы. Есімі – Бектір еді.
Осылардың бәрі ойыма түсті. Мен Сербелді шақырдым. Ол бұтаның сирағындай ұзын аяғымен құлаштап жаныма келді.
– Мына үйдің иелеріне не болды? – деп сұрадым.
Сонда Сербел сөйледі, сөйлегенде бүй деді:
ІІ
Соғыс басталғанда Бектірдің жасы отыз үште еді. Өзі тіленіп ұрысқа кетті. Кәрі шешесі жападан-жалғыз үйде қалды. Кемпірдің күн көрерлігі бар деп, оны есіркеген көрші болмайды. Кемпір ауылдан жырақ, орман шетінде жападан-жалғыз қалғанмен, қорқуды білмейді. Өзі сырықтай ұзын. Денесінде кесіп алар еті жоқ, арық. Шашын адамға көрсетпейін деп қара орамалмен қымтап алады. Күлкіні білмейді. Кемпірдің жүзін көргенде, езу жиып күлдірейін деп те ойламайсың. Қайғы мен сары уайымға оранып жүреді.
Бектірдің шешесі қар басқан жаман үйінде бұрынғыдай тұра берді. Ешқайда шықпайды. Ет пен нан алу үшін таңғы жетіде базарға ғана барып келеді. Кісіге шабатын қасқыр бар деп ел іші шулап жатады. Ондайда кемпір баласының темірі тот басып күрең тартқан ескі мылтығын еңкіш иығына асып алатын. Алыстан қарасаң, арық аруанадай маң-маң басып соқпақта аяңдап бара жататын. Қарап тұрсаң бір қызық.
Бір күні ауылға немістер келді. Олар елді жаулаған соң, ауыл ішінде маң-маң басқан түйедей еркін жүрді.
Басшысы өз әскерін байға байша, кедейге кедейше таратып, үйлерге орналастырды. Кемпірді бай деп төрт кісі енші берді. Алма бет, үкі бас, көк көзді төрт жігіт. Соғыстың азабын бит шаққандай көрмеген сайдың тасындай төрт еркек – кемпірдің қонағы болды. Көп жылқының құр атындай, жеңген жауды зорлап-қинау да ойларында жоқ, қырмызы мінезді екен.
Төртеуі құрдай жорғалап, қызмет қылып кемпірдің жұмысын да, шығынын да азайтты. Таңертең ерте тұрады. Аязда кеудесін жалаңаштап, қардай аппақ етін бұлақтың мұздай суына жуады. Бұлар жуынып жатқанда, кемпір ерсілі-қарсылы сабылып тамақ пісіріп жүреді. Төртеуі онан соң ас үйдегі аяқ-табақты жуып, тазалайды. Үйді сыпырады, терезені сүртеді. Құдды бір шешесіне қолғабыс етіп жүрген балалары сияқты.
Кемпірдің күндіз де, түнде де ойлағаны – тазыдай аш бел, найзадай тік, қой көз, қошқар тұмсық, қара бұйра мұртты – жалғыз ұлы.
Кемпір күнде қонақтарынан:
– Франсуздардың 23-қосыны қайда екен? Білесіңдер ме? Менің жалғызым сонда еді, – деп сұрайтын.
Қонақтар:
– Білмедік, апа, – дейтін.
Жігіттер кемпірдің ішін өртеген оттың, мазасын алған уайымның не екенін білген соң, оны айнала жүгіріп, алдына түсіп, айтқанын тапжылтпай, ойлағанын айтқызбай тауып әлпештеді. Кемпір де өзінің төрт қонағын жау демеді, жақсы көреді.
Әсілі, қара бұқара кекті білмейді. Соғыста көп өлетін, соғыстың бар шығынын төлейтін, ызғарын арқасына артып алатын қара бұқараның саясатпен ісі жоқ.
Ауылдағылар кемпірінің қонағын сөз қылғанда:
– Иә, бұ төртеуі ұясын тапты, – деп тамсанатын.
Бір күні таңертең кемпір үйде жалғыз қалды. Тура үйіне бет алып келе жатқан бір адамды көзі шалды.
Әрбірден соң таныды: бұл ауыл арасына хат тасушы екен. Ол бір хатты суырып кемпірге берді. Кемпір тігін тіккенде киетін көзілдірігін қабынан суырып алып хатты оқыды:
«Құрметті Бектірдің шешесі! Бұ хат сізге қайғылы хабарды жеткізеді. Балаң Бектір кеше өлді. Зеңбірек оғы екі бөліп тастады. Соғыста екеуміз егіз қозыдай бірге жүріп едік. Мен өлгенде де қасында болдым. «Өлсем, со күні шешеме білдір», – деп менен өтінген еді. Мен қалтасынан сағатын алдым, соғыс біткен соң сізге тапсырам.
Достық жүзінде сәлем бердім, 23-қосының ІІ дәре-жедегі әскері – Сезер Рибо».
Хат жазылғалы үш жеті өтіпті.
Кемпір жылай алмады. Басқа ұрған балықтай мөлиіп отырып қалды. Жанының күйгенін, ішінің өртенгенін де сезбеді. «Бектірім өлді»-ден басқа түк ойламады. Сол-ақ екен, екі көзі мөлдіреп жасқа толды. Қайғы ішке толып аузынан шығып лықсып төгілді.
Бір ойдан бір ой құбыжық демекші, бірін-бірі қуалап, кемпірдің көңіліне түрлі ойды сүйреп әкеліп жатты.
«Мұнан былай тұңғышын бауырына басып сүймейді! Жандарлар байымды, немістер ұлымды өлтірді! Оқ баламды екі бөлді».
Кемпірдің алдында адам көрмеген көрініс елестеді. Басы айналып құлап қала жаздады.
– Баламның тәнін не қылды екен? Ең болмаса құлынымның өлі денесін де құша алмадым-ау!, – деп зарлады.
Кемпір кенет тыстан дауыс есітті. Әлгі төрт неміс жігіті үйіне қарай келе жатыр екен. Кірпік қаққанша кемпір көзін сүртіп, хатты қалтаға тығып, сабырлы күйіне түсе қалды. Төрт жігітті қарсы алды.
Жігіттер ду күліп келеді. Алып келгендері дәу де болса ұрлаған көкше қоян. Желкесінен жұдырықпен ұрып өлтіріпті. «Тәтті жем табылды», – деп кемпірге ымдайды.
Кемпір тамақ қылуға кірісті. Қоянды союға келгенде ерліктен айырылды ма, қалт тұрып қалды. Ой ойлады. Әлсіз қыбырлаған осы қояндай, оқ екі бөлген баласы көзінің алдында елестеді. Қоянның жылы қаны, безгек болғандай кемпірді төбе шашын тік тұрғызып қалтылдатты.
Кемпір төрт қонағымен тамаққа отырса да, түк татпады, дәм жеуге мұршасы келмеді. Жігіттер жаңа қоныстың шалғынын орған түйедей, тамақты соғып жатыр. Кемпірде инедей ісі жоқ. Кемпір де қаннен кәперсіз үн-түн жоқ, қыдыра қарайды да, бірдеңе ойлайды. Жігіттер мұны сезбейді де.
Кемпір бір уақытта:
– Біз бірге тұрғалы айдан асты. Мен сендердің аттарыңды да білмеймін, – деді.
Жігіттер кемпірдің сұрағын әзер түсініп, аттарын айтып берісті. Кемпір бұған қанағаттанбады. Қағазға жазғызды. Өлген кезде, үйлеріне не мазмұнда хат баратынын жаздырды. Көзілдірікті киді, танымайтын қаріппен жазылған қағазды қарап, ұлынан келген қарақағазға қосып, қалтасына тықты.
Тамақ жеп болған соң кемпір:
– Мен сендерге төсек салайын, – деді.
Кемпір жігіттер жатқан шатырға шөп тасыды. Жігіттер кемпірдің мұнысына таңырқады.
– Жылы жатсын деп жаным ашыды, – деді кемпір.
Оған қосылып жігіттер де шөп тасыды. Шатырды сабанмен толтырды. Шатырдың іші төрт қабырғасы шөппен қаланған жып-жылы бөлмеге айналды.
Тамақта отырғанда бір жігіт:
– Дәм татпадың, бұ қалай?, – деп сұрады: Кемпір:
– Ішім ауырып отыр, – деп сылтау айтты.
онан соң, кемпір «жылынам», – деп от жақты.
Немістер күндегісін қылып басқышпен шатырға шықты. Шатырдың есігі немістердің артынан жалп етіп жабылғанда, кемпір лып етіп басқышты ала қойды. Тышқан аулаған мысықтай басып, сыбдырлатпай, далаға шықты.
Сонан соң жігіттердің қорылдаған үніне құлақ түрді. Қалың ұйқыға кетті-ау дегенде, бір құшақ шөпті алды да, оттыққа тастай берді. Шөп жанғанда, есікті қымтап, далаға шығып қарап тұрды.
Жап-жарық сәуле бірнеше секөнтте бөлменің ішін жарық қылды. Бөлме дәу пештей болып қайнады. Жарық сәуле тар терезеден бұлқына шығып, айналаны ағартты.
Әрбірден соң шатыр астынан адам айтқысыз дауыс шықты. Жылаған, зар илеген үн құлақты шошытты.
Бөлме ішіндегі шатырға баратын есік құлады. От құйын болып шырмалып, айнала соғып шатыр астына кірді де, сабан шатырды бұзып жарып сыртқа шықты. Лапылдап жанып аспанға құлаш ұрды.
От сытырлап жанды. Құлаған арқалық пен қабырғаның үні күртілдеп естілді. Шатыр ортасына түсті. Оттың түтінінен бұлт шығып, түйдек-түйдегімен шабысып, будақ-будақ ұшқынға айналды.
Аппақ дала оттың сәулесінен ұшқындап, жарқырап қан құйған күміс дастарқандай құбылды.
Алыста шіркеу үні қоңыраулатып жатыр. Кемпірдің қолында баласының оқтаулы мылтығы. Жігіттердің біреуі аман кетпесін деп күзетіп, өрт ойрандаған үйінің алдында тұр.
Немістер де, ауылдың адамдары да жүгіріп келісті. Кемпір өз ісіне көңілі тойған адамдай, бір түбірге мініп отырды. Неміс командір кемпірден:
– Сенің қонақтарың қайда?, – деп сұрады.
Кемпір шоқ болған үйдің ойранына қолын сілтеп, қаннен қаперсіз дауыспен:
– Мұнда!, – деді.
Елдің бәрі кемпірді қамап қоршаған. Командір:
– Үй неден өртенді?, – деді. Кемпір:
– Мен өртедім, – деп жауап берді.
Жұрт мұндай жауап күтпеп еді. «Ақылынан адасты» деп кемпірге нанбады. Сонда кемпір «балаңды оқ қақ бөлді» деген хаттан бастап, үйімен бірге өртеніп кеткен жігіттердің соңғы ойбайына шейін бәрін айтып берді.
Істеген ісін бір зере қалдырмай баяндады.
Сосын қалтасынан екі жапырақ қағазды суырып:
– Мынау Бектір өлді деген хат, – деді. Екінші қағазды көрсетіп:
– Мынау ана жігіттердің есімі мен үйлеріне жазған хаты, – деді.
Сарбаздардың басшысына қағазды ұсынып:
– Сіз не болғанын жазыңыз, әке-шешесі білсін, – деді.
Басшы өз тілінде жарлық берді. Өзге сарбаздар бас салып кемпірді сүтке тиген мысықтай желкеден алып, өртеніп жатқан үйдің қабырғасына қарай лақтырды.
Кемпірден жиырма қадамдай алыстап, он екі сарбаз қаздай тізіліп тұра қалды. Кемпірде қимыл жоқ: өзі бәрін сезді де, ажалды күтті.
«Ат!», – деген жарлық естілгенде, мылтық дауысы шұбалды. Кемпір гүрс етіп жерге құлады. Қолында қызыл қанға боялған баласы Бектірдің хат тұрды.
ІІІ
Достым Сербел сонда тұрып:
– Немістер кек алумен менің де сарайымды ойрандады, – деді. – Менің жүрегім қан жылап кетті. Үймен бірге өртенген төрт жігіттің аналарын ойладым. Олар енді кімнен кек алады?! Кекшіл ананың да хәлін ойладым. «Оқ қадалса денеңнен суырарсың, кек қадалса жүрекке не қыларсың?!» деген. Жалғызынан айрылып, үміті сөнген соң, ол қайтіп күн кешпек?! Бірақ қанды кектің берген қайырын көрмедім… Қан боп қатса, жаманмен бірге жақсыны да жайратады. «Қанды кектің салмағы төрт үйді түгел жалмайды» деген осы.
Аударған
Әлихан БӨКЕЙХАНҰЛЫ