Еламан Қабділәшім. Қаламгер қолымен от көсеуге даяр тұратындар бар
Ақынның қарсыласы, бәсекелесі – қаламдастары емес, Өзі және Уақыт...
Бүгінгі нөмірімізде ақын Еламан Қабділәшіммен әдебиет пен уақыт, шығармашылық жауапкершілік пен қаламгерлік миссия төңірегінде өрбіген сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. Әңгіме барысында ол әдеби орта, сын мен мойындалу, поэзиядан прозаға ойысу себептері және цифрлы дәуірдегі сөз өнерінің болашағы туралы ой қозғайды. Айта кетейік, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ – 1993 жылы, 14-сәуірда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Лекер қажы ауылында дүниеге келген.
Қазақстан Жазушылар одағының және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылған «Алқа» әдеби клубының мүшесі. «Ақ сезім», «Болмысымның бояуы» жыр жинақтары жарық көрген.
Назарларыңызға ұсынып отырған «Тұйық» әңгімесі – ақынның алғашқы прозалық шығармасы.
– Еламан Хасенұлы, әңгімемізді жалпы осы әдебиетке қалай келгеніңізден бастасақ...
– Әдебиетке келу деген ұғым, меніңше, өз еркіңнен тыс болатын дүние секілді, Сезім. Ол бір кәсіби ортада, табысты салада, карьералық өсу сатысымен жүру емес. Ол – жазу. Бойдағы құштарлық-құмарлық пен талап-еңбек ұштасып жатса, әдебиет әлемі есігін де, құшағын да айқара ашады. Сол ашылған есікке еніп, құшаққа құлай кеткеніңді өзің де аңдамай қаласың. Құшаққа қысылып, тұншығасың, немесе құшақтың қызуынан жаныңа жылу аласың. Бұны да ұмытпау керек.
Мен де өзге қатарластарым секілді түрлі арманның жетегінде желпініп жүрген жеткіншек болдым. Әсіресе, «Қазақ әдебиеті» сабағына ерекше дайындалатынмын. Мектепте 7-сынып оқып жүрген кезімде мұғалімім Гүлмира Теміртасқызының жетекшілігімен аудандық оқуларға «Мүшәйра» аталымында қатысып жүрген шақтарда, 10-сынып оқып жүрген уақытымда ұстазым Тұрсынай Өмірзаққызының ықпал етуімен, ардақты ақын ағамыз Арман Қанидің алғы сөзімен облыстық «Ертіс дидары» газетіне топтама өлеңдерім бір бет болып шыққан мезетте – талаптың тұлпарын тізгіндедім-ау деп ойлаймын. Одан кейін ауыл кітапханасынан Серік Ақсұңқарұлының «Өмір деген – Күнді айналу» және Маралтай Райымбекұлының «Кентавр» кітаптарын оқып, ерекше әсерленгенім, «Өлеңді осылай жазуым керек» деп ынталанғаным жадымда.
Студенттік өмірді Қарағандыда бастадым. Бұл қалаға алғаш табан тигізуім. Сол күзде Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойы дүркіреп өтіп жатты. Күнде жиын, күнде жыр кеші. Сол жақтағы екі ағам мені жыр көшіне қосты да жіберді. Аздап өлең жазатынымнан екеуінің де хабары жоқ еді. Қадырсұлтан Нүсіпхан студент жастардың «Бота», «Қазына» поэзия клубтарымен таныстырды, Жанат Жаңқашұлы алқалы топтың алдына алғаш алып шығып, өлең оқытты. «Мына бала өлең жазатын секілді» дегені әлі есте. Тұңғыш рет көріп тұрған адам ғой?! Қайдан білді, қалай сезді? Әлі таңмын...
Қарағандыдан Алматыға келген уақытта да, ағаларым, достарым «Арқадан келген бұл азамат қандай екен?» деп әр сөзіме құлақ түріп, әр қадамыма назар тігіп, менің бой тіктеп, ой түзеуіме ықпал ете алды. Солайша мен қаламды қолда берік ұстау қажеттігін ұғына түстім. Бүгінде сондай қадірлі, құрметті естелікке айналған сол орта мені жетелей берді-жетелей берді. Сол шақтарда Қайсар Қауымбек ағам бізді соңынан ертіп жүріп, өзіне дейінге және өзінен соңғы екі буын арасында алтын көпір бола білді. Әдебиетке келуді өз еркіңнен тыс болатын секілді дегенім сондықтан.
– Бүгінде «өнер – тәрбие құралы емес», «өнер – өнер үшін» немесе тек «эстетикалық ләззат үшін» деген біржақты пікірлерге кездесеміз. Әрине, мұнда тек поэзия емес, жалпы өнер туындыларына сілтей айтылған пікір ғой. Ал, сіз бір сұхбатыңызда «Адамның, оның ішінде ақынның өмірдегі үлкен миссиясының бірі – адамның бойына ізгілік ұялату, тазалыққа тәрбиелеу», - деген екенсіз. Жалпы бұлар бір-біріне қарама-қайшы ұстанымдар ма?
– «Адамның, оның ішінде ақынның өмірдегі үлкен миссиясының бірі – адамның бойына ізгілік ұялату, тазалыққа тәрбиелеу» деген пікірімнен айнымаймын. Бірақ бұл әдебиет жалаң насихат, жалаңаш ақыл құралы болуы керек деген сөз емес. Оқырман қаламгердің шығармашылығынан өзіне қуаныш және жабырқау көңіліне жұбаныш таба алса, ойын шырмаған түйіткілді сауалға жауап ала алса, өмірден де, өзінен де күдер үзіп кетуге шақ қалған сәтінде жігерін жанитын қуат көрсе, бойына махаббат сіңірсе, ойына ізгілік ұялатса, әдеби туындының да, туындыгердің де бағы емес пе?! Әйтпесе, «Адал бол! Аман бол! Адам бол!» деп ауыз екі тілде айттың не, әдеби тілде айттың не санасының саңылауы жоққа сәуле түспейді!
Өнерден өнер туса да, туған өнер эстетикалық ләззат сыйласа да, ол адамды ізгілендіреді. Табиғаттың ғажайыбын, өнердің кереметтілігін, өмірдің тамашасын, адамдардың сұлулығын және олардың үйлесімін көре білген, қабылдай алған жанның ішкі сезімі де сондай мөлдір, сондай асқақ болады деп сенемін. Сол тазалық пен биіктік өнердің құдіретін шын түсінуге талпынтады. Сол талпыныстан ізгілік, мейірі, махаббат туады.
– Әдебиетке жаңа буын ентелей бергенде аға буын өкілдерінің бірі басыңнан сипап, арқаңнан қақса, енді бірі шымбайыңа батыра сынап жатады. Көре тұрып көрмей, елеусіз қалдыратындары да табылады. Жалпы, әдебиетке бәлкім әдеби ортаға имене кірген жас ақын үшін, аға буынның пікірі, қолдауы, батасы дейікші қаншалықты маңызды деп ойлайсыз? Сіз үшін сол ортада мойындалу – негізгі мақсат болды ма? Сынды қалай қабылдайсыз жалпы?
– Жас қаламгер үшін аға буынның пікірі, қолдауы аса маңызды. Алдыңғы толқынның назар аударуы – кейінгі буынның қайраттануына, талаптануына, еңбектенуіне, ізденуіне жол ашады. Орынсыз мақтау немесе жөнсіз қолпаштау емес, жас талапқа керегі – нақты баға, жанды пікір. Бұл, әрине, жас ақынның шығармашылық бағытын айқындап алуы үшін, шеберлігін шыңдауы үшін, өзін өзі табуы үшін қажет. Ең бастысы «Мені оқиды!» деген сенім пайда болады. Ал, сенімді ақтау, үдеден шығу – уақыттың еншісінде.
Мен үшін әдеби ортада мойындалу – негізгі мақсат болды деп айтпас едім. Мойындалу деген – атақ немесе жүлде алу ма? «Павлодарда осындай ақын бар» деген санатта болу ма? Қай жерде жиын, форум, басқосу болса, бәріне шақыру алып, бірінен қалмай қатысу ма? Кітабыңның жарыққа шығуы ма? Жазғаныңның газет-журналға басылуы және жаппай оқылуы ма? Мақталу ма? Сергек оймен қарасақ, адам осының барлығына ие болғысы келеді. Пенде емеспіз бе?
Мысалы, Сезім, өзің білесің, былтыр «Күміс қаламға» қатыстым. Бірінші айналымнан ары аса алмасам да, осы дүбірлі доданың қатысушысы болғанымда аса мақтаныш тұтамын. Себебі, Әлімжан Әлішер досым осыдан екі жыл бұрын «Сені шақырады! Дайын жүр!» деген еді. Қатты қуандым. Өзім құрмет тұтатын ақын сенім бере сөйлегенде арқаланып кеттім. Бірақ, алдыңғы жылы қатарға қосыла алмадым. Ал, былтыр тағы шақыру алғанда «Бәсі биік бұл байқауға менің шығармашылығым лайықты екен ғой!» деп марқайып қалдым. Мен үшін мойындалу – осы. Мәртебе де – осы.
Енді биыл өзіңе хабарласып, «Мархабат» журналына шығармаларымды жолдадым. «Лайықты болса, жарияланса екен» деп тіледім іштей. Оқырманға ұсынылатынын естігенде балаша мәз болғанымды көрсең. Міне, бұл да – мойындалу. Кішігірім болса да.
Біз бір-бірімізді мойындай білуіміз керек. Мойындау – әлсіздік деп ойлауға болмайды. Әйтпесе, әлеуметтік желіде сырлас-сыйлас екенін танытып жүріп, әдеби байқау кезінде бақталас болып шыға келу бізге ештеңе бермейді. Ақынның қарсыласы, бәсекелесі – қаламдастары емес, Өзі және Уақыт!
Жақында «Болмысымның бояуы» деген жыр жинағым шықты. Ағаларым, достарым оқып, мақала жазып, жариялады. Сын айтты. Дұрыс қабылдадым.
Мысалы, Мұхарбек Жәкейұлы «Әдебиет порталына» шыққан мақаласында: «...бір байқағанымыз, Еламан апакопаны жиі қолданады екен. Мәселен, «Көз емес, көңіл алды тұманданад», «Жанар менен екі-үш жастай үлкен ед», «Күнде көңіл бақшасынан гүл теред...», «Өлең-ғұмырым жалғаса беред(і)» деген және бірқатар өлең жолдарындағы етістіктердің бәрінен дауысты дыбыстар түсіп қалған. Әрине, өлеңнің ұйқасы үшін ол да керек шығар. Әйтсе де, «айналасының жұп-жұмыр тегіс келгеніне» не жетсін...» дейді. Қабылдадым. Осыдан өзім де қашып жүруге, қашық жүруге тырысатынмын. Жол беріп қоятын әдеттен арыла алмағам. Енді осы сыннан қорытынды шығаруым керек.
Бұған дейін де Айбек Оралхан ағам, Біржан Ахмер, Өзгеріс Қуанар, Нарқұлан Райхан, Айдын Байыс, Алмас Ақтасов достарым менің шығармашылығым туралы баспасөзде де, оңаша сырласқанда да сын-пікір білдірген еді. Барлығымен толық келісемін, қабылдаймын.
– Сізді оқырман ақын деп таниды. Ал, журналымызда сіздің алғашқы әңгімеңіз жарияланғалы отыр. Поэзиядан прозаға ойысу – ішкі қажеттілік пе, әлде шығармашылық ізденістің жаңа белесі ме?
Жарияланып отырған әңгімеңіз жайлы айта кетсеңіз. Қашан жазылды? Қандай себеп түрткі болды. Сұхбаттарыңыздың бірінде алғашқы махаббатыңыз жайлы өлеңнен ескерткіш қалағаныңызды айтыпсыз. Әңгімеңіздің де жазылуына сол сезіми салдар басты себеп болған сияқты ғой?
– Бұл әңгімені мен 2024 жылдың қазанында жаздым. Шығармашылық ізденістің жемісі десек дұрыс шығар. Себебі мен ол уақытта оннан астам прозалық кітапты оқыдым. С.Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам», Ы.Дәбейдің «Қоңыз», Қ.Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам», М.Мәліктің «Абыл мен Қабыл», Н.Қуантайдың «Қараөзек», Ә.Рахаттың «Параллель» романдары, Ж.Аймауытұлының, М.Мағауиннің, М.Асылғазиннің, Ж.Қорғасбектің, Д.Қуаттың, Қ.Тілеуханның повесть-әңгімелері прозаға деген көзқарасымды өзгертті. Әңгіме жазуға құлшынысым оянды. Бірақ не жазам?
Әлеуметтік желіде «Анау әнші әйеліне опасыздық жасапты, мына актер әйелін жылатып, тастап кетіпті» деген ақпарат қаптап кеткен уақыт еді. Достарымызбен бір басқосуда әңгіме өзегі осы тақырып болды. Әйелдеріміз бір-біріне: «Сенің күйеуің солай етсе, не істер едің?» деп сұрақ қойып, өздері соған қызылкеңірдек болып таласты. Сырттарынан бақылап қана отырдым. «Анау көңілдесінің шашын жұлып қолына берем!», «Ажырасып кетем!», «Күйеуімнің өзінің алдынан келтіремін!» деген секілді жауаптарды естідім. Енді менің әйеліме де кезек келді.
«Еламан саған опасыздық жасаса, не істейсің?», - деді Назираға құрбымыз.
«Мен оған сенемін. Ол ондайға бармайды», - деп жауап берді ол. Сол сәтте мен жар сенімі, әйел көңілі туралы ойланып кеттім. Осыны жазуға бекіндім. Қиялдап жүріп, осылай болуы мүмкін-ау деп, осы әңгімені қағазға түсірдім. Оқыған соң: «Өзінің басынан өткен жайтты жазыпсың. Өзің кешпеген болсаң, бұлай шынайы жазуың мүмкін емес» деп сенімсіздік білдіргендер болды. Бірақ маған олардың күдігі емес, «Ер мен әйел арасындағы шиеленісті оқиғаны дәл бере алған екенмін» деген сенім маңызды болды.
– Мына цифрлы дәуірде жасанды интеллектінің түр-түрі пайда болғанын білесіз. Кейде сол жасанды интеллект пайда болғалы «өндіріп» жазатын жазушылар да көбейіп кеткендей көрінеді. Осы құбылысқа көзқарасыңыз қандай? Мына ғасыр – жасанды әдебиет жасап жүрген жасанды «таланттар»-дың дәуіріне айналып кетуі мүмкін бе? Шынайы шығармашылық пен шын таланттардың бағасын беру қиындай түспей ме?
– Осы ретте мен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Социализм» мақаласынан үзінді келтірейін. Бұны мен үнемі айтып, алға тартып жүремін.
Сұлтанмахмұт аталған мақалада: «Адам баласының ауыр күн көрістен құтылып бақытты болуына себеп болатын Европадағы ғылымды мен екі жікке айырып ұғамын, бірі – дене азығы, бірі – ар азығы. Дене азығы дегеніміз – осы күнгі адам баласының жеңіл күн көруіне себеп болып жүрген саймандар білімі; мысалы: пароход, отарба, телеграмма, телефон, ұшатын аэроплан, көліксіз электрик яки пар қуатымен жұмыс атқаратын машина, тағы-тағы сондайлар.
…ар азығы дегеніміз – әділдік. Осы соңғы ар азығы – әділдік табылмай басқа дене азығы өнерлердің көбеюімен жалпы адам баласының күн көрісі ауырламаса, жеңілеймейді, бақытсыздығы көбеймесе, азаймайды. Ар азығы ер жетпегендігінен Европадағы адам баласының күн көрісін, жеңілейтеді, бақытты қылады деген өнерлердің бәрі, адам баласының бірінің етін бірі жеуіне, бірінің қанын бірі ұрттауына жұмсалып жатыр; неше миллион жас жігіттер мүшелерінен айрылып кем болуына, неше миллион адам кеуделерінің тау-тау болып үйіліп, қара құс пен қасқырға жем болуына, кәрі ата-ана баласынан айрылып, жәрдемсіз жас келіншек, жас балалар панасынан айрылып көз жастарының сел болуына жұмсалып жатыр…», – деп жазады.
Бір ғасырдан астам уақыт бұрын көтерілген мәселе әлі де өзекті. Ақынның түпкі ойы мәнін еш жоғалтпаған. Бүгінде жасанды интеллектің ұшан-теңіз пайдасын айтқанымызбен, көл-көсір зияны барын да жасырмаймыз. Бұл қоғамның жасанды әдебиет жасап жүрген «жасанды таланттардың» дәуіріне айналып кету-кетпеуі, шынайы шығармашылық пен шын таланттардың бағасын беру қиындап-қиындамауы – ар азығы – әділдікке көп байланысты. Ол әділдік ең әуелі менің, сенің, оның – өзіміздің ішімізде салтанат құруы керек.
– Бүгінгі қоғамда қаламгердің сөзі қаншалықты маңызға ие деп ойлайсыз? Ақпарат тасқыны сәт сайын артып, әлеуметтік желідегі қысқа форматтық контенттер үстемдік еткен заманда жазушының, ақынның үні естіле ме қазір?
– Меніңше, барлығы құлақ түріп, ден қоюға байланысты. Қазір бізде сөйлеуші көп. Сөз тыңдаушы мен сөзге тоқтаушы аз болып тұр. Осы өкінішті.
Дегенмен бүгінгі «59 секундтық» контентте ақын-жазушы үні айқын да анық естіледі. Бұрын да солай болған. Кез-келген мемлекеттік, қоғамдық, азаматтық мәселеде тілін тістеп немесе тартып қалған қаламгер аз.
Енді бір жайт, сөзімді тым саясиландырмай-ақ қояйын, сайлау, референдум секілді әрі ауқымды, әрі науқандық іс-шаралар кезінде билік өкілдері қаламгерлердің қайраткерлігіне арқа сүюге тырысады. Біреуі шын қолдау күтеді, енді біреулері пайдаланып қалуға асығады. Қаламгер қолымен (тілімен) от көсеуге де даяр тұратындар бар. Осындайда Ұлықбек Есдәулет ағаның: «Ақынға билік бермесеңдер де, сөзіне құлақ асыңдар!» деген өлеңі тіл ұшына оралады.
– Еламан Хасенұлы, прозадағы алғашқы қадамыңызды «Мархабат» журналы арқылы бастағаныңызға алғыс білдіреміз. Шығармашылық сапарыңызға сәттілік тілейміз. Оқырмандарыңызды алда тағы қандай жаңалықтармен қуантпақсыз? Сол жайлы айта кетсеңіз...
– Қазір жазудан тынығып жүрмін. Себебі былтырғы жаз-күз мезгілінде өте ауқымды жұмыс істедім. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасына қатыстым. Шектеулі мерзімде 7000 жол өлең – 17 баспа табақ кітап жазу сөліңді сығып берумен тең екен. Сондықтан кеткен күш, жұмсалған энергияның орынын толтыру үшін тек кітап оқып жүрмін. Жыл басынан бері Д.Киздің «Алжернонға арналған гүл» (аударған – Д.Берікқажыұлы), Д.Лондонның «Мартин Иден» (қазақшалаған – Боранбай Омаров), А.Елгезектің «Дардай» романдарын, Қ.Ысқақтың «Қоңыр күз еді» повесін оқыдым. Қазір А.Әлменбеттің «Тергеуші» романын оқып жүрмін.
Алдағы жоспар – оқу, жазу, жариялану, поэзия мен прозадағы ізденісімді жетілдіру. Мен көбіне формалық, стильдік ізденіске емес, тақырыптық ізденіске басымдық беруім керек деп ойлаймын.
Ойлап отырсам, адам ретінде де, шығармашылық иесі ретінде де әлі де «Алжернонға арналған гүлдегі» Чарли екенмін. «Нестеп, не жазп жүргөнмді блмей, бос уақт өткзіп жрген сиақтымн». Енді жақсы кітап оқып, жақсы жазып, жақсы ортада жүріп, «миыма эксперимент жасап», өз-өзіме сын көзбен, жауапкершілікпен қарауды күшейту керек. Тек қайтадан «өзмді жоғалтп алмасам болд».
– Әңгімеңізге рақмет! Сөз соңында «Мархабат» журналының оқырмандарына айтар ұсыныс, пікір, лебізіңіз болса – мархабат!
– Сезім, өзіңе де мың алғыс! Мархабат атамыздың шығармашылық мұрасын насихаттауға, ізбасар қаламгерлерді талаптандыруға бағытталған істерге толайым табыс тілеймін!
Сонау бір жылдары М.Байғұттың «Қорғансыз жүрек» кітабы қолыма түсті. Қызыға оқып шықтым. Жазушы кейіпкерлердің мінез-құлқын, іс-әрекетін, ой-сезімін дөп басып бейнелейтіндігімен сүйсінтті. Атамыздың көзін көрмесем де, сөзін сіңіруге талпындым. Шымкенттегі қаламдастарымның көпшілігі жазушының шынайы қамқорлығын ерекше еске алады. Өзінен кейінгі іні-немере буынға ағалық-аталық жанашырлық таныта алу тек жантұмасы, артұмасы былғанбаған қаламгерлердің қолынан келмек. Сондай жанның атындағы журналға бір ауыз сөзімнің басылғаны – мен үшін зор абырой. Журнал ұжымына да оқырмандарына да тек жақсылық тілеймін!
Әңгімелескен
Сезім МЕРГЕНБАЙ
Ақынның алғашқы әңгімесі: Еламан Қабділәшім. Тұйық