Алпысбай Мұсаев. Ирониялық прозаның кейбір мәселелері
Жас егемен мемлекетті қалыптастырудың алғашқы бесжылдығында әдебиет пен өнерде жақсы адам, жағымды образ тудыру қиынның қиыны еді...
Ирония комикалық жанрдың бір түрі ретінде – кінәлау мен күлкі ету үшін емес, келеңсіздіктерді табу мен ашуға, қатып қалған қағидаларды және көзқарастардың тарлығын әшкерелеуге міндетті. Иронияның сатирадан айырмашылығы не мүмкін, не мүмкін емес деген сұраққа айқын жауап беруге міндетті емес, оның міндеті – әрбір сұраққа бір мағыналы емес жауап берудің мүмкіндігін көрсету. Соңғы инстанцияда шындықтың бірінші рөліне таласпай-ақ, ирония адасудан шындыққа қарай алғашқы қадам жасады. Иронияны қолдана отырып, суреткер өз пікірінің шындығын бекіткісі келмейді, өз пікірінің салыстырмалы түрде ғана шындық екенін түсінетінін көрсеткісі келеді. Көбіне иронияда комикалық трагикалық пен түйісіп қалады. Ирониядағы күлкі сөз болған заттағы қарама-қайшылықтарды түсіну үшін түрткі ғана.
Психологиялық бояуына қарай иронияның көптеген түрі бар (ашулы, ащы, көңілді, бейтарап), пайдаланатын мақсатына қарай (әшкерелеуші, қорғаушы, бүркемелеуші), шындықтағы қарама-қайшылықты қамтуына қарай (жеке, жергілікті, бағдарлы, әмбебап, ғарыштық, жалпы), стилистикалық шамасына қарай (вербальдық, ситуациялық, горизонтальдық, вертикальдық, парадоксальдық) болып келе береді.
«...Адамның жан дүниесі ерекше толқын. Бірдеңеге көңілі толқып, шаттанған кезде күлкі пайда болады. Демек, қуанғанда ғана адам күледі деу сыңаржақты. Күлкінің түрі көп. Қандай бір көрініс, құбылыс туралы әлдебір жалған болжам жасап, тыңдаушы оған сене бастаған сәтте мүлдем күтпеген тосын мағлұматпен аяқтай салып, бастапқысының маңызын жойып жібергенде, еріксіз күлкі туындайды.
Алайда талғамы жоғары, ақыл-ойы сергек те сезімтал адам ғана күлетін объектісін дұрыс таба алады. Дарақы, арсыз күлкі мен салиқалы ойлы күлкінің арасында ат шаптырым айырмашылық бар...», – дейді екен ғалымдар. Мірдің оғындай бірауыз сөзге, орнын тапқан әзіл-әжуаға тоқтап, мың ойланып, жүз толғана алатын да, әзілі жарасса атасымен ойнайтын да, «мүлкімнен айырсаң да, күлкімнен айырма» емес пе? Бірақ, оған да шексіз ерік беріп, ырқына жығылып кетпеген, әр кезде күлетін жайды дұрыс пайымдап, парықтай білген.
Қандай кезеңде, қандай қоғамда болсын, өз мәнін жоймайтын, әр уақытта көптің рухына сұранысы мен ізденісіне ие туындылар да кездеседі. Ол шығармалардың мазмұны мен тақырыбы, көркемдік жүйесі өмір шындығынан туындап, талғам мен талаптың биік деңгейінен көрінетіні рас.
Қоғам аунап түскен кездегі қым-қуыт, аласапыранның біздің санамызға сыйымсыздау, алабөтен күндер тізбегін туғызды. Бұл Қазақстандағы экономикалық өзгерістердің үлкен белесі – мемлекеттік кәсіпорындардың дербестік алып, әкімшілік басқару жүйесіне көзделген жоспарлы экономикадан буырқанған нарық теңізіне түскен кезі еді. Сол тұста көп мекеме басшылары «қолыңнан келсе, қонышынан бас» дегендей, экономикалық басқару нәтижесін өз мүддесіне шеше бастады. Іс жүзінде ұзақ жылдар жиналған мемлекеттік дәулет талан-таражға түсті. Кәсіпорын, мекеме, кеңшар жұмысшылары мен қызметкерлері өз тарапынан жымқырып қалу, жұмысқа селқос қараумен жауап берді. Мұның өзі қылмыстың өршуін күшейтті. Соның барысында қоғамдық мал азайды: сатылды, ұрланды. Сөйтіп, ауылдық жерлерде де берекесіздік бел алды. Қызыл директорлар өтпелі кезең түсінбестігін пайдаланып, жеке капитал қорларын қалыптастырды.
Жас егемен мемлекетті қалыптастырудың алғашқы бесжылдығында әдебиет пен өнерде жақсы адам, жағымды образ тудыру қиынның қиыны еді. Себебі, әбден қалыптасқан қоғамдық меншік тарап, жекеменшік бел алған тұста бұрынғы «ұнамды бейнелер» партия басшылары «аттарын» ауыстырып мінді де, халық дәулеті есебінен мол меншік иесі болып шыға келді. Жаға жекеменшік иелері халық дәулетін арттыру орнына, қарақан басының қамын ойлады, қалды ағайын-туған, жақын-жұрағаттарына мол сыбағалар үлестірді. Ертегідегідей сарай тұрғызып, қос-қостан шетелдік машина мінді. Елдегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы құлдыраған үстіне құлдырай түсті. Мәдениет ошақтары – мектептер, ауруханалар, балабақшалар, кітапханалар, мәдениет сарайлары жабыла бастады.
Шекесінен шертіп сайланған шенеуніктер шаруашылықтың, өндірістің жаңа қырларын ашу, таныту орнына шетелге жиі бару жолына түсті. Көзқаман басшылар қазақша басылым бетіне жарияланған әлеуметтік талдауға толы шыншыл мақалаларға көңіл бөлмейді. Сондықтан да жаңа заман – өтпелі кезеңде жағымды идеал, жағымды образ қалыптасып үлгерген жоқ. Оның есесіне халық тарихи тұлғаларды еске түсіре бастады. Олардың ел алдындағы еңбегін елеп, орнын анықтап, ас беріп, ескерткіштер орнатты. Елбасымыз Қазақстан Халқына Жолдауында: «...Барлық істерге жөн-жосықсыз араласу әдеті, ақпаратты қоғамнан жасыруға жетпейтін құпияшылдықтың қажетсіз және зиянды сілемі, ведомствошылдық пен жершілдік, жекжатшылдық пен топшылдық, ұжымдық жауапсыздық, сүреңсіздік пен бойкүйездік, сәйкессіз және көпсатылы құрылым сыбайлас жемқорлық – міне, біздің бюрократияның бұрынғы режим тәрбилеп кеткен, әрі соңғы жылдары анық көрініс берген, жасырын нышаннан ашық күйге ауысқан «қадір-қасиеттерінің» әлі де толық емес жиынтығы осы», – деп атап көрсетті.
Өтпелі кезеңде өтіп жатқан осындай келеңсіздіктер аз да болса біздің әдебиетімізде өз көрінісін тапты. М.Байғұттың «Бейшара», «Ақпандағы мысықтар», С.Асылбековтың «Күнбағыс алқабында», Л.Омарованың «Қырық бестегі қыз», «Ақ тайлақ», «Мал тапқыш», «Түз адамы» әңгіме-повестерінде нарық кезеңінің өткір проблемалары көтерілді.
М.Байғұт «Ақпандағы мысықтар» әңгімесінде елімізде жүріп жатқан өзгерістердің халыөтың рухани-әлеуметтік санасына, тұрмыс-тіршілігіне қалай әсер етіп жатқанын нанымды көрсетеді.
Жоғары оқу орныдары бірінің оқытушысы тұрмыс тапшылығынан, жалақының мардымсыздығынан, ешқандай моральдық қолдау көрмегендіктен базарға тұруға мәжбүр болғанын нанымды суреттейді. Оның алғашқы психологиялық халін жазушы былайша береді: «Бірде институт кафедрасында бірге істеген профессор кемпір бұдан қызанақ алды. Әуелгі кездері таныс кісілер келе қалса, бетінің оты лап ете қалушы еді. Ал, профессор кемпір мұның алдында үшінші айда келіп тұрғандықтан, онша қызара қоймады. Профессор кемпір бұған қарап-қарап алды да қатты күрсінді. Күрсінгені түп-түгел өтірік еді. Егер апайының күрсінгенін көкөніс тартатын таразысына салса, ап-анық аңғарылар еді. Ол кісі тіпті, көзіне жас алмаққа әрекеттенеді». Осылайша басталған ирониялық рең бүкіл әңгіменің ұстынында ұсталған. Онан әрі базаршының «жолы болып» бір бизнесменнің сылқым сұлу әйелімен ашына-жай болуы баяндалады. Ертектегідей ғажайып хал кешеді. Әлгі бизнесменнің көз қарыр тұрмыс-тіршілігімен танысады.
Біздің базаршымыз жолайрықта тұр. Ол уақыт ағысымен бірге аға отырып, осынау өмірде өзінің тағдырын анықтайды. Оған, әрине, басынан өтіп жатқан аласапыран уақыттың тигізер әсері де мол болмақ.
Дәл осы кезеңдегі қарбалас шаққа жазушы Серік Асылбеков «Күнбағыс алқабында» әңгімесінде басқаша қырынан келген. Нарық экономикасы деп жүрген осы бір беймәлім кезеңге автордың ирониялық интонациясы бірден көзге ұрады. Трамвай-троллейбус паркінің жүргізушісі Сағындық Ережепов қазіргі замандық экономика мен саясаттан терең хабардар кісі ретінде көрінеді. Көршісінің үйінде, бұрынғы «болған», «толған» кісілермен қонақта табақтас отырып, оларды сөйлетпей, өзінің эрудициясының кеңдігімен оқырманды тәнті етеді. Ұзақ шатыстан кейін зайыбы Рәтайдың араласуымен қонақтардан «таяқ» жеп, сыртқа шыққандағы толғанысы қандай? «Ол кезде де, бұл кезде де сүттің қаймағын қалқып ішіп, заман ыңғайы олай бұрылса – олай, бұлай бұрылса – бұлай бұлт ете қалғыш әлгіндей қуларға қор болып, мазаққа айналу үшін бе? Кешегі партком хатшысы, бүгін – жас кәсіпорын иесі, бірдеңе деп көр оларға. Кеше – қып-қызыл коммунист, бүгін – шалқыған капиталист. Даңғыраған кең, жайлы пәтерлер де, жүйткіген «мерседес» пен «вольвалар» да, жұтынған «тайота» да соларда, не солардың үрім-бұтағы мен шатыстарында. Солар ең болмаса өміріндегі бір ұяты үшін, халық мүддесі үшін шөптің басын сындырып көріп пе еді?! Ендеше, отандастарының басым көпшілігі қайыршылыққа жақын хал кешіп отырғанда, олардың осыншалықты молшылыққа кенелуіне қандай хақы бар?». Әңгіменің негізгі лейтмотивінің өзі де осы. Сағындық өз халқының салбөкселігіне, жалқаулығына, енжарлығына, самарқаулығына, көнбістігіне, жағымпаздығына ренжиді. Оянуға, тұрмысты жөндеуге, кез келген саясатпен келісе бермеуге шақырады. Автор мұның барлығын ирония арқылы беруге тырысқан. Бұл туралы әдебиет зерттеушісі А.Бычков: «Поэтому ирония так часто бывает слита с самой иронией – человек (автор или условный повествователь, герой-носитель авторский позиции) не снимает из себя как и личности ответсвенность за происходящее не ощущает себя человеком со стороны», – дейді. Шындығында да, адамдардың бір мақсатты орындау жолында бірігу, топтасуы, пессимизм, тоқмейілсуді жеңіп, қоғамдағы қайшылықтарды реттеуге көмектесетіні сөзсіз.
Соңғы жылдары өмірлік өткір проблемаларды көтерген әңгіме-повестермен көзге түсіп, жұрт көңілінен шығып жүрген автордың бірі – Ләззат Омарова. Осы автордың «Қырық бестегі қыз», «Ақ тайлақ», «Малтапқыш», «Түз адамы», «Шенеунік өлімі» атты шығармалары күннің шындығын беруімен бағалы деп білеміз. Жазушының «Малтапқышынан» басқасы партия ыдырап, әкімшілік жүйе ене бастаған тұстағы алмағайып ақтың одағай да өрескел суреттерін береді. Автордың бір ерекшелігі – көп жағдайда оқырман сезімталдығына, қабылдау ережесіне ден қояды. Не нәрсенің күлкілі, қолайсыз екенін тәптіштеп жатпайды. Бұл жайында белгілі орыс жазушысы Ю.Трифонов: «Вряд ли надо объяснять читателю, что эгоизм, корыстолюбие, желание нажиться – это дурные качества. Здесь писатель может просто опираться на развитие чувства, развитие представления писателя... Поэтому иногда достаточно какой-то совершенно минимальной интонации, повышения или понижения голоса – и читатель поймет ваше отношение», – деген еді. Мына шығармалардың көбісі сол дәрежеде жазылғанын мойындауымыз керек.
«Малтапқышта» атынан көрініп тұрғандай қазіргі заманғы «іскер» адамның типтік бейнесін жасамақ болған талабын байқаймыз. Басты кейіпкер Жанұзақ жар құлағы жастыққа тимей дүние жинайды. Аудан орталығынан, бір-екі ауылдан некелі-некесізі бар төрт әйелмен тұрып, дүние кешіп жатады. Жанұзақтың дүние жинау жолындағы жанкешті әрекеттері, әйелдерінің арасындағы талас-тартыс, отбасылық кикілжің ирония объектісіне айналған. Дүниенің опа берген күні бар ма? Шығарма финалында Алматыдағы теледидардың «Шарайна» ақпараттық бағдарламасынан: «Басында құндыз құлақшыны, үстінде құстың жүнінен жасалған «пуховик» сырмасы бар, ЮКН 56-75 нөмірлі «Волга» мәшинесімен Шымкент-Алматы күре жолы бойында кетіп бара жатқан 42 жастағы Жанұзақ Амалов із-түзсіз жоғалды... Көрген-білген дерегін айтушыларға арнайы «рақметіміз» бар», – деген іздеу текстісін хабарлаумен аяқталады. Осының өзі көп ойды айтып, меңзеп, ишаралап тұрған жоқ па? Мархабат Байғұтов өзінің «Шел» атты әңгімесінде басты кейіпкері Мелістің «өсу жолын» жайбарақат бастап, бірте-бірте ирониялық бояуды араластыра отырып, ащы сарказмге дейін барады. «Меліс Тіленшиев аса алғыр, таңғаларлықтай пысық, өзінің ғана емес, өзгенің де қам-қарекететін ойлай жүретін, жолдас-жоралары көп, керемет қонақжай, дастарқаны бай жігіттердің қатарында», – деп суреттейді автор. Әкесі Тәнтейдің арқасында дүниеден тарығып көрмеген, өзіне «керек» адамдарды, мәртебелі, қымбат қонақтарды күтуден «жалыққан» емес. Себебі, шыққан шығыны «өтеледі», баласы өсіп келеді. Тәнтей осылайша баласының қызметін өсірем деп жүріп, келінінің кейбір ерсі қылықтарға үйір бола бастағанын көріп, қайсысының, қайсы жағы жалған екенін айыра алмай, басы дал болады.
Кезекті қонақ күту кезінде дария жағасындағы қалың бұта арасында тұттай жалаңаш бір мейманмен сүйкенісіп тұрғанын көріп, Тәнтейдің көзін шел басып, қаны басына көтеріледі.
Қараусыздың кесірінен баласы қайтыс болғанда да, кейін әкесі жерленген соң да сыр бермей, ірі қызметтегі, беделді орындағы, атақты адамдардың қаншасы келгенін, көңіл айтқанын ессептеп, әуре-сарсаң-ды. Әйелі болса жиі-жиі «ауырып» курортқа кететін болып жүр. Басқа көп уайымдары жоқ екенін айтады. Мансап пен жәйлі қызмет жолында қандайма болмасын ар-ұяттан безерлік іс-әрекеттерге ұялмай-қызармай баратынын ұғындырады.
Сонымен, аталып отырған мерзім әдебиетінің тағы бір ерекшелігі – ирониялық бояудың молдығы мен ирониялық баяндаудың кеңінен етек ала бастауы дер едік. Ирониялық прозаның дамуы – жазушының қоғамдық дамуға деген, ондағы қайшылықтарға, келіссіздіктерге деген көзқарасынан анықталады. Қоғамдық өміріміздің дамуы, ондағы болып жатқан өзгерістер жазушыдан жаңа әдеби түр, жаңа көркемдік-эстетикалық көзқарастар тудыруды талап ететіні, күтетіні анық. Бұл орайда жазушыларымызға небір күрделі проблема, күрделі айшықтарды ишаралап, астарлап жеткізуде ирониядан қолайлысы жоқ екені рас. Сондықтан да, осы кезең жазушылары көркем характер тудыруда иронияны басты стильдік қару етіп алды. Ирониялық прозадағы характер ирониялық көзқарастарының түйіскен жерінен басталып, қалыптаса бастайды. Характердің қалыптасуына ирониялық ойлау жүйесімен бірге сатира мен юмордың бүкіл – автор мен персонаждың құралдары қызмет етеді. Сондықтан да, ирониялық өмірлік қатынастар мен материалдарды беру мен бағалауда, дүниеге сыншыл көзқарастарды қалыптастыруда көркем әдеби бағыт деп бағалағанымыз жөн.
«Жұлдыз» журналы,
№11, 2003 жыл