«Шабыт шақырған көктем»: Шымкентте шығармашылық басқосу өтті
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткен жиын жас буынға ой салып, рухани серпін берген мазмұнды алаңға айналды.
Шымкент қаласында көктемнің шуағымен астасқан тағылымды басқосу өтті. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті қабырғасында «Шабыт шақырған көктем» атты шығармашылық кездесу ұйымдастырылып, журналистика мен әдебиет саласында жүрген қыз-келіншектер мен студенттер еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткен жиын жас буынға ой салып, рухани серпін берген мазмұнды алаңға айналды.
Кездесуді «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Шараның модераторы – ұйым төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығының иегері Ғалымжан Елшібай болды.
Кештің ашылуында университет проректоры Сәдібек Бейсенбаев сөз сөйлеп, қатысушыларды мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, ол оқу орнының ректоры Оқу Дархан Ахмед-Зәкинің құттықтауын жеткізді. Ректор өз жолдауында әйелдердің қоғамдағы орны мен шығармашылықтағы рөлі айрықша екенін атап өтіп, мұндай кездесулер жастарға жаңа идея мен шабыт сыйлайтынын айтты.
Кездесу барысында журналистика саласында еңбек етіп жүрген мамандар студенттермен тәжірибе бөлісті. Атап айтқанда, Айнұр Ақбаева, Динар Керім, Дилара Иса, Гүлдана Дәурен және Лаура Бабас аймақтық және республикалық медианың ерекшеліктері, кәсіби жауапкершілік пен қазіргі медиа кеңістіктегі өзгерістер туралы ой бөлісті.
Әдебиетке арналған бөлімде жазушы Жәудір Нартай, ақындар Сезім Мергенбай мен Аружан Нұрманқызы шығармашылық жолдары, бүгінгі қазақ әдебиетінің бағыт-бағдары, әлеуметтік желінің қаламгерлерге ықпалы жөнінде пікір білдірді. Сонымен қатар журналист Ақниет Аманхан, Әсел Мәлік жастардың журналистикаға келу себептері мен мамандықтың қыр-сыры туралы ой қозғады.
Кездесу барысында студенттер өлең оқып, ән орындап, кештің шығармашылық атмосферасын одан әрі жандандыра түсті. Еркін форматтағы сұрақ-жауап кезінде әйелдің қоғамдағы орны, шығармашылықтағы амбиция, жаңа буын оқырман мен көрерменді тартудың жолдары секілді өзекті тақырыптар талқыланды.
Шара соңында спикерлер жастарды шығармашылық ізденістен қорықпауға, өз таңдаған кәсібіне адал болуға шақырып, болашақ журналистер мен қаламгерлерге ақжарма тілектерін білдірді.
Сезім МЕРГЕНБАЙ