Фатих Сұлтан Йылмаз. Ей, көңілімнің зәйтүн көзді періштесі...
«Кеткендер оралмайды…» дейтіндей рельстер. Кеткен соң жас төгу – сылтау ғана…
Фатих Сұлтан ЙЫЛМАЗ – түрік ақыны, жазушы, аудармашы, түрколог, халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаты. 1995 жылы, 28 маусымда Түркиядағы Трабзон қаласының Ортахисар ауданында дүниеге келген. Үш поэзиялық жинақтың, Абай Құнанбайұлы мен өзбек ақыны Усман Азим шығармашылығына арналған ғылыми еңбектердің авторы.
Қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен және әзербайжан тілдерінен түрік тіліне аудармалар жасаған. Қуандық Шаңғытбаев, Зейнолла Сәнік атындағы әдеби сыйлықтардың және Юнус Эмре ұлттық поэзия сыйлығының лауреаты. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқытушы, түркі халықтарының әдеби-мәдени байланыстарын дамытуға үлес қосып жүрген қаламгер.
Желге қарсы
Желге қарсы беттедік –
Сен де,
Мен де.
Ал пойыз келеді еріп жел соңынан.
Өмір сүру – ғажап ерлік!
Мәскеу вокзалында
Ұзатып сап баласын,
Жылап тұрды бір Ана:
«Бұл – қозымның жемпірі еді сүйікті,
Ең сүйікті, сүйікті!
Ең көп рет дәл осыны киіпті».
– Апай, – деймін, орала ма кеткендер?
Сіз қалай ойлайсыз? Ойыңызды тыңдар ем…
Баяу ғана қар ұшқынын қарсы алады теміржол.
Естілгендей перронда жан жылатар мұңды әуен.
Сол сәт купенің төбесінен
Қар тамшылады. Иә, қар!
Жүрегімізге қар түсті.
«Кеткендер оралмайды…» дейтіндей рельстер.
Кеткен соң жас төгу – сылтау ғана…
Мәскеу вокзалында
Жылап тұрды бір Ана.
Іште мен бармын, бала бар, мысық бар тағы.
«Көз жасым енді ешқашан дәл бұлай тез тамбас» деді…
Баяу ғана қар ұшқынын қарсы алады теміржол…
Естілгендей перронда жан жылатар мұңды әуен…
Жоқтың бары туралы
«Суық – жылудың жоқтығы-дүр», – деді бала,
«Қараңғылық – жарықтың жоқтығы-дүр.»
«Өлім – рухтың жоқтығы-дүр», – деді бала,
«Шайтан – Құдайдың жоқтығы-дүр…»
– Балам! – деді шайыр да:
– Біздің де бірер сөзіміз бар,
Осы жоқтық жайында.
Білерсің,
Аштық – ақшаның жоқтығы-дүр,
Бірақ сен бір күні
Біз жаққа келер болсаң,
Нан ала келме.
Хәлімізді ойлама.
Сатып алмас ақшаға
Дүниемен кел басқа да.
Мысалы, көңіл…
Әкеме хат
Әке!
Бастан-аяқ кемшілігім бардай-ақ,
Қарамашы қадала… бейтаныс бір жандай-ақ…
Хрустальдай жүрегімді жаралаған сөзіңде
Зіл бар еді… сезінгем.
Он төртімде қолыма қалам алған кезімде;
Ызаменен мұртың ұшы жыбырлап,
Мені қанша тілдесең де,
Көз алдымда кірлесең де,
Үндемеппін саған мен.
Сенің теке сақалыңның астында
«Сақалыңдай қарайған жүрегің бар» демеппін.
Демеймін де! Демеспін!
Ал бүгін
Менің бармаған қалам қалмады,
Мен көрмеген адам қалмады.
Мен білмеген көлік нөмірі де қалмады.
Бірақ маңдайым сенің қолыңнан басқасына тимеді.
Тигізбеспін! Әке…
Мадам
Жанарың неткен сұлу, мадам,
Елімнің үш теңізінен де терең.
Тереңнен де сәулеңді көрем.
Суықтан діріл қаққан
Көзіңді қорға, аяулым.
Пальтомды ал, тоңба, аяулым.
Жанарың неткен сұлу, мадам,
Шөл даланың ыстығында
Еріп кетер қар секілді,
Дәл мендегі Жан секілді…
Дүниедегі бар адамзат
Сөз жеткізбес күйігіне,
Күйік шалған сүйіміне
Сенің теңіздей терең де сұлу
көзіңменен қараса екен…
Реңксіз бұлттар
Адамдар бұлттарды
Аспанда болғаны үшін сүйді.
Одан да терең еді құстардың сүйімі.
Бұлт – олардың ұмтылар биігі.
Көк құшағындағы бұлт
соншалық қалпымен сүйікті бола алған,
жаңбырлы күндерде биіктен оралған,
өзгешелігімен қылмысқа баланған…
Көпшілік қауым
Бір сәттік пикник үшін
Көк құшағындағы бұлттарға көз салды.
Шындығында –
Ең жалғыз бұлттар-тын,
Осы кештің бұлттары.
Кемпірқосақ –
Аспанның көк бұлттарға тартуындай
қызыл-жасыл гүл шоғы еді…
Саған айтам
Сүйіктім,
Ей, көңілімнің зәйтүн көзді періштесі,
Қара ноқатты құлпынайды сүйсіне жегендей,
Қызыл қанатты көбелекті сүйгендей
Сүйемін сені.
Сүйемін,
Ине шаншылған тән-сынды,
Пышаққа ілінген жан-сынды…
Зұлымды жақсыға мақтағандай,
Көңілге ештеңе жақпағандай,
«Сен үшін өлер ем» демей,
Өлімді өмірге айналдалдырар ем сен үшін.
*Керемдей болған сүйіктім,
*Канбердей және бақытсыз.
Ал мен сені
Мүмкін емес махаббаттың бір бұрышында,
Мүмкін еместердің жеңісі де мүмкін еместей сүйдім. Дер едім…
_____________________________________________________________________
* – Керем (Kerem ile Aslı) – XVI ғасырдан бастап Анатолия, Әзербайжан және Кавказ аймақтарында айтылып келген, діни сенімі екі түрлі қос ғашықтың трагикалық махаббатын баяндайтын классикалық халық хикаясы. Исфахан шахының ұлы Керем Аслыға деген сезімінің жетегінде жолға шығып, екеуі кездеседі, бірақ ақыры Керемнің отқа күйіп, күлге айналуымен аяқталатын бұл аңыз – түрік халық әдебиетінің ең әйгілі махаббат хикаяларының бірі.
** – Канбер (Arzu ile Kanber) – VII ғасыр шамасында пайда болған деп есептелетін, Ирак Түрікмендері арасында кең тараған және Анатолияда да танымал классикалық түрік халық хикаясы. Бауыр деп саналып бірге өскен, бірақ бауыр еместігі кейін анықталған қос ғашықтың, Арзудың анасының кедергісінен қосыла алмай, трагикалық түрде өмірлерін қиюы және соңында зиратта біріккендері баяндалады.
Судың аты
Бір ер адам қалпағын алды суға түсіріп,
Айқайлады есіне түсіре алмай өз атын.
Шөл далада не істеп жүр? Болмады әлі түсініп:
«Бұл сағым ба? Түсім бе?» деп сыналды тағаты.
– Енді менде пальтом ғана қалды ма?
Қолын созып сол пальтосын алды да,
Суға қарай ұзатты.
Ұзатты да: – Оянады бір күндері рухым, – деп,
Қорабына салып қойды сағатын.
– Көп күнәмнің осы болсын өтеуі, – деп өзін жұбатты.
Бір әйел де
сол суға түсіріп ап айнасын,
Айнадағы жүзі қалды тазарып.
Әлгі ер адам кенет еске түсірді,
Судың атын, көрінетін өзі анық…
Түрік тілінен аударған
Арайлым МҰРАТӘЛИЕВА