Керімбек Сыздықұлы. Өнеге-өрнегі айқын қаламгер
Алайда, қаршадай бал мен қаршадай қыз бір-бірімен қалай қоштасады? Бірін-бірі қалай қайрайды? Қара жұмыста жүрген Нұрила қыз неге шыр-шыр етіп інісін оқытқалы жүр? Ноқтабай неге тістене береді, неге соншама кекшіл?..
Жазушы Мархабат Байғұтов елу жасқа толып отыр. Осыдан бірер жыл бұрын түсінен де, ісінен де сыр бере қоймайтын ақын ініміз Исрайыл Сапарбаев елуге толғанда, өкшелес замандасы Дулат Исабеков: «Егер Исрайылдың елуге келгені рас болса, онда елу жас дегенің ойыншық екен ғой», – деген екен. Бұл, әрине, құрбы-құрдастардың әзіліне саяды. Дегенмен, күні кеше ғана келе-шегінен мол үміт күттіретін жас жазушылардың бел ортасында есімі ықыласпен аталып жүретін Мархабаттың да елуге келіп қалуы әрі қуанарлық, әрі таңданарлық жай болып көрінгенін мойындауымыз керек секілді.
Ол өзінің алғашқы туындыларымен-ақ оқырман жұртшылықтың, әдеби қауымның ықылас-пейілін бірден аудара білді. Айтулы сөз зергері Тәкен Әлімқұлов: «Мархабат Байғұтов тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгерген жазушы... «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істей жүріп, неғұрлым нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Көркем туындылары өз табиғатынан ба-стау алады. Тәржімәшылдығы да тәнті етеді», – деп жазса, бұл тегіннен-тегін емес, әрине. 1977-жылы жазушының «Сырбұлақтың бойында» атты әңгімелер топтамасы, 1982-жылы «Қоғалыдан келген бала» атты әңгімесі дәстүрлі «Жалын» конкурсының жүлдесін, сондай-ақ үш әңгімесі «Қазақ әдебиеті» газетінің бәйгесін үш дүркін жеңіп алды. Мархабат Байғұтов Тұрар Рысқұлов атындағы және «Бауырмал» сыйлықтарының иегері. Оның шығармалары туралы дуалы ауыз суреткерлер Т.Әлімқұлов, З.Қабдолов, Ә.Кекілбаев, А.Сүлейменов, К.Найманбаев, Қ.Жұмаділов, Ә.Тарази, Д.Исабеков, Н.Серәлиев, Б.Сарбалаев тағы басқалар жылы лебіз білдіріп, үздік туындылар қатарында бағалады.
Мархабаттың алғашқы әңгімелері мен повестері жасөспірімдер өміріне, солардың өсіп-қалыптасу кезеңіне арналғаны мәлім. Балалар мен жасөспірімдерге арнап шығармалар жазуды біре-улердің жеңілірек көретіні де бар екенін білеміз. Ал, біз сөз етіп отырған қаламгер осынау орны бөлек тақырыпқа нағыз жауапкершілікпен, өзіне ғана тән өнеге-өрнекпен келеді. Жасөспірімдердің жан дүниесіне терең үңіліп, нәзік психологиялық талдаулар жасайтын шығармаларының лайықты ықыласқа ие болып келе жатқаны да сондықтан.
1980-жылы шыққан «Сырбұлақ» жинағына енген «Чеховтың моншасы» атты шағын әңгімені алайық. Жасы әлі жетіге жетіңкіремеген Сәрсенғали мен оның әкесі Ермектің мінез-машықтары, ішкі әлемдеріндегі көзге ілінер-ілінбес психологиялық өзгерістер шеберлікпен бейнеле-неді. «Практичный емес» күйеуіне, соған тартқан, сүмірейген баласына көңілі бір толып көрмеген, бәлкім, өмірі толмайтын әйел; мамасының қаһарлы да ызғарлы қапасынан бір сәтке бостандыққа шыққан жас баланың жан тынысы бәрі де байқаусыз, бірақ аса нәзік детальдар арқылы өріледі. «Сәр-сенғали үйден шыға бере бір күрсінеді. Күрсінеді де папасына қарап жымың етеді. Артынша жұқалтаң қабағын қайта түйе қояды». Өз үйінде сүмірейіп жүретін баланың моншаға келген бетте-ақ Клава шешеймен емен-жарқын күйге енетіні, залдағы жапырағы жалтыраған фикустарға су құйып, «екі көзі шоқтай жайнап сала берген» Сәрсенғалиды көргенде... «Ермектің ішіне де бір жайлы жа-рық нәрсенің орнап салатыны бар. Мұздап қалған ішектеріне жып-жылы су жүре бастағандай рақаттанады бір сәт. Клава шешейдің елжірегеніне, Сәрсенғали-дің тымпылдап жүгіріп жүргеніне қарап, көзі жасаурап кететіні де бар... Әйтеуір өзіне, әсіресе Сәрсенғалиға үнемі бірдеңе, әлде біреу жетіспейтіндей көрінеді де тұрады», – дейді жазушы. Иә, жас баланың өсуіне, жетілуіне көп нәрсе қажет. Оның тісінің, шашының, денесінің өсіп, толысуына қандай витаминнің керектігін дәрігерлер шамамен айыра алады. Ал, сана-сезімінің, жан дүниесінің өсіп-жетілуіне нендей-нендей нәрселердің ділгірлігін тауып-тану нағыз қиынның қиыны. Осы бір шағын шығармасында Мархабаттың ұсынып отырған «тамыр дәрісі» аса шынайы, сондықтан да иланымды-иманды шыққан.
1985-жылы жазушының «Интернаттың баласы» атты кітабы жарық көрді. «Интернаттың баласы» повесіндегі Ноқтабай ауылынан алғаш рет алыстап, аудан орталығындағы интернатқа ат-танды. Бұл, әрине, оқшау, шытырман, тосын жағдаят емес. Бірақ осы бір қарапайым да қалыпты жайдың өзінен суреткер терең тебіреністі ой толғап, оқырманын баурап алып кете барады. Інісімен қоштасып тұрған Нұриланың діріл буған даусының, сөздерінің мәнісінен, баланың сезім айды-нындағы алақұйын ұйытқулардан ойсыздау оқырманның ештеңені де ұқпай өте шығуы да мүмкін. Бірақ, «әке неге ботана болып тасып жатқан суға кетті, әдейі өлгендей? Қия жолмен етке айдалған жылқылар неге қасі-рет шеге шұрқырасып, ауылға қашады? Ноқтабай айдың-күннің аманында қалайынша жетім қалды?» деген сұрақтар ойлы оқу-шыны алуан-алуан толғанысқа түсірері хақ.
Автор Ноқтабайды ә дегеннен-ақ, сол бір биік қыраттағы тас жолдың жиегінде әпкесіне таң қалдырып тұрып, жаңа, тосын өмірге алдын ала іштей даярлықтан өткізе бастайды. Бала алдында күтіп тұрған тосын жайттермен, бейтаныс ортамен бетпе-бет келіп, аралсумен бірге бүгінге дейінгі бастан өткерген жағдаяттарын жаңаша сараптап, басқашалау танып-түсіне бастайды. Ноқтабайдың сана сарабы арқылы автор интернатқа түрлі-түрлі тағдыр талайы айдап әкелген өзге де өспірімдер-мен табиғи түрде, тағы да иланымды иірімдермен таныстырады. Он төртінші бөлменің тұрғындары Тәжен, Еркінбек, Бақажандар, интернат меңгерушісі Есіркеп Тарақов, Жанат апай, жаман тонды Жақсыбай, осылармен қатар, әрине, Нұрила характерлері жан-жақты ашыла түседі, оқырмандарға жақындай түседі. Әпер-бақандықтың тізгін ұшы сонау Мәскеудегі «Құрышев жолдаста» жатқаны, қайран қыл құйрық, күлтелі жал жылқыларынан айрылған Бескемпір сынды текті шабандоздың тірі жүргенше ботана болып, аласұрып ағып жатқан тасқынға кетіп өлгенді артық көргені, міне, мұның бәрі де кезінде жазушының «самоценурасынан» өтпей қалғанымен, зерделі көзге өзінен-өзі сезіліп тұрары сөзсіз. Автор бас кейіпкеріміз Ноқтабайдың интернаттағы өмірі мен ауылда өткен күндердің, әкесі бар кездегі жағдайы мен әкесінен айрылып қалғаннан кейінгі тағдырын алма-кезек суреттей отырып, қамшы өріміндей шебер жымдастыра, қиюластыра өрнектейді. Сонымен қатар, бала Ноқта-штың бойында әкесі Бескемпір шабандоздың қасіретті тағдырына деген налушылық қат-қабат болып жасырынып жатқан жоқ па? Әрбір әрекетінен, әрбір сөзінен, жүріс-тұрысынан байқап, бағамдап көр-ген көзі қарақты оқырман оны да аңғарады. Әкеден әдейі айырған әлдебір зұлым күшке деген ыза-кек үстірт қарағанда көріне де қоймайтындай. Алайда, қаршадай бал мен қаршадай қыз бір-бірімен қалай қоштасады? Бірін-бірі қалай қайрайды? Қара жұмыста жүрген Нұрила қыз неге шыр-шыр етіп інісін оқытқалы жүр? Ноқтабай неге тістене береді, неге соншама кекшіл? Әрине, осының бәрі тағы да көңіл көзімен қарай білгенді қажет етеді.
М.Байғұтовтың 1978-жылдан 1988-жылға дейінгі аралықта шыққан «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек» жинақтарына енген шығармаларының негізгі дені осы жасөспірімдер тақырыбына құрылған екен, жазушыны қалың оқырманға жасөспірімдер мен жастар өмірінің терең де білгір шебері ретінде жан-жақты танытқан осы кітаптарына енген туындылар бол-ды. «Таудағы андыз» повесі де кезінде сыншы, әдебиетшілер тарапынан формалық ізденіс жағынан да, өзгешелеу характерлер, тосындау тағдыр сомдау жағынан да жоғары баға алған, оқырмандар та-рапынан қызу пікірталастар тудырған туынды болғаны аян.
«Теңіздің дәмін тамшысынан» демекші, сол ертеректеу кезеңде жазылған әңгімелері мен пове-стерінен-ақ байқалып үлгерген, бір қарағанда елеусіздеу көрінетін, қысқа да ойнақы стиль ерек-шеліктері Мархабаттың кейінгі шығармаларына да жалпы күллі шығармашылық қолтаңбасына тән өзіндік өнеге-өрнегі ретінде орнығып, қалыптасты десек, артық айтқандық болмас. Тілі мен юморы туралы, жалпы Мархабат Байғұтовтың шығармашылығындағы тіл құнарлылығы мен астарлы әзілдің бөлекше байқалатыны жайында жазған сыншылар мен әдебиетшілер баршылық.
Жазушы М.Байғұтовтың кітаптары араға екі-үш жыл, кейде төрт-бес жыл салып шығып тұр-ды. Астанадан алыстау тұратын қаламгер үшін бұған да шүкіршілік айтуға болар. Қалай болғанда да, жазушының бір кітабынан екінші кітабына қаламы ұштала түсіп, кәміл өсіп отырғаны айқын байқалады. Бұл, әрине – үлкен жетістік. Кейінгі жылдары шыққан «Дауыстың түсі» және «Қорған-сыз жүрек» атты екі кітабы осының айқын көрінісі дер едік. Бұл арада автор өзінің алғашқы жи-нақтарында әбден бауыр басып, жете игеріп «ересектер тақырыбына» ойысқан екен. Әлбетте, әдеби-ет үшін үлкен-кіші, маңызды-маңызсыз тақырыптардың болмайтыны белгілі ғой. Дей тұрсақ та, жа-зушының кейінгі шығармаларында өмірдің неғұрлым күрделі де қатпарлы құбылыстарына қарай із тастағанын құптай қуаттауға тиіспіз. Бұл шығармалардан зайыр байқалатын бір ерекшелік бар. Жа-зушы өзінің етене жақын кейіпкерлерін саралай айырып, бір шығармадан екіншісіне толықтыра, жетілдіре түскендей. «Чеховтың моншасындағы» Сәрсенғали «Киікотында» алтыншыға кеп қалған Қисаға, «Интернаттың баласындағы» Ноқтабай «Ақ шымылдық» пен «Дос пейіліндегі» Бағдат пен Наурызға ұласатындай сезіледі. Сондай-ақ, Мархабат шығармашылығындағы және бір жеке арна тартып жатқан зиялы қауым өкілдерінің бейнелері «Дауыстың түсі», «Бір дорба диплом», «Канди-дат», «Кезеңдегі музыка мектебі» тағы басқа да туындыларынан аңғарылады. Ал, енді авторымы-здың қолтаңбасын айқындайтын тағы да бір арна – қазақы мінездердің галереясы «Мәшине мәсе-лесі», «Адал адам», «Арысбайдың ауылы» сияқты толып жатқан әңгімелерінде сомдалған.
Жалпы, Мархабаттың жасаған характерлері көбінесе су бетіне шыққандай бірден көзге ұрмай-ды, қайта томаға-тұйықтау күйде, сырын бірден ашыңқырамай, тереңге тартыңқырап, тұнжыраңқы-рап, тұнып жатады. Олардың сыр-сипатын жете тану үшін жазушымен бірге оқушы да тер төге еңбектенсе, нұр үстіне нұр. Оқырман да жазушының стиль ерекшеліктеріне, Тәкен сынды зергеріміз аңғарғандай, «көркем туындылары өз табиғатынан бастау алатын» Мархабаттың мінез-машықтарына дендей түссе екен деп тілейсің. Туған анасының көңілі толмайтын, үнемі «Сүмірейіп тұратын» Сәр-сенғалидің есейе келе, бірте-бірте Қиса, Ноқтабай, Бағдат, Наурыздар сияқты жан жүректері нәзік, әрі бай, ақ-адал азамат болып өсетініне кәміл сенесіз. Бұл кейіпкерлер бір-бірінің заңды жалғасындай, біртұтас дүниенің жеке бөліктеріндей. Егер жазушы осы «Чеховтың моншасы», «Киікоты» әңгімелері мен «Интернаттың баласы», «Ақ шымылдық», «Дос пейілі» повестерін біріктіріп, көлемді, біртұтас шығарма етемін десе, өзінен-өзі қиюласып, қисыны келіп-ақ тұр.
Бұл шығармалардағы жоғарыда аталған бас кейіпкерлерден «практичный» Тойжігіт, «балалық кездегі жаннан артық көруші досы» Қасымбек, аға шопан Жиенқұлдар заман ағымына тез икемделе қоятын байшыкеш кейіпкерлер ретінде бірін-бірі қайталап емес, толықтырып та, молықтырып та тұрғандай.
Ал, зиялы қауымның өкілдері дегенде, біз әдетте, жалпы интеллигентті ескереміз ғой. Әрине, шын мәніндегі зиялылықтың, интеллектінің жөні басқа. Мархабат жоғарыда аталған әңгімелерінде: Еңсебек, Есмақан, Мэлс Тіленшиев, сыртқы бөлімнің деканы, тағы басқа кейіпкерлер арқылы харак-терлердің қыртыс-қатпарларын ақтарып, дауыс қуыстарының да түр-түсін ашып, бет-пердесін сыпы-рып, шын болмыс-бітімін танытуды мақсат етеді. Бүгінгідей өтпелі кезеңде осындай-осындай көл-денең көзге кекірейген, сырты бүтін, іші түтін қоғамның кеселдерін көрсетуде, кейіпкерлердің шы-нар табиғатын, тамыр тереңін дөп басып, дәл танытуда жазушы шығармаларының мол септігі тиері сөзсіз.
М.Байғұтовтың өсу өрісінің биігінен көрінген осы «Дауыстың түсі», «Бір дорба диплом» сияқты шығармаларының қатарында «Мәшине мәселесі» атты әңгімесін айрықша атап өтуге тиіспіз. Бұл әңгіменің тақырыбы да, сюжеті де, кейіпкерлері де өте ұтқыр таңдалған. Қазақы ауылдың қашаннан келе жатқан үрдісімен шағын ғана Шарқақпа ауылының төрт-бес шалы кешке қарай бір дөңеске жиналып алып, өткен-кеткеннің құлағын шулатып, қысыр әңгімеге қарық болады да отыра-ды. Күлсең, басыңа келеді дегендей, одан қайда қашып құтыламыз. Сол қариялардың бір-бір ауыз сөзінен-ақ, өз ауылымыздағы, тіпті өз бойымыздағы сүйекке сіңген қасиеттерді бірден танып, мауқымызды басқандай рақатқа баттық та қалдық... Астапыралла, аяқ астынан кішкентай ауылдың азғантай шал-кемпірлері әлек-шәлекке түсті де қалды. Автордың ойдан құраған ештеңесі де жоқ, осыдан үш-төрт жыл бұрын барлық жерде соғыс мүгедектеріне жеңіл мәшине беріледі деп, артынша оны Жеңістің 50 жылдығынан ары қарайға сырғытып қойғанынан бәріміз де хабардармыз ғой. Міне, осыдан барып, оқиға өрбиді, астарлы әзіліңіз де, мысқылыңыз да, тұспал-ишара арқылы мақтамен бауыздауыңыз да осында... Мәшине мәселесін басқалар емес, Мархабат терең танып, жұтынып тұрған ауыздан түскендей, төкпей-шашпай, сапырып-көпіртпей, өмірден өнерге жып-жинақы күйін-де аудара қойған екен. Суреткердің хас шеберлігі дегенде, осындайды айтса керек. Осындай-осындай карапайым ғана, шағын дүниелерінің өзі жазушыны көркем әдебиетіміздің биік белесіне бек көтеріп отыр.
Әрине, Мархабат ханның қызы емес, бола қалғанның өзінде мінсіз емес. Әйтсе де, Мархабат-тың бергенінен берері көп, кемеліне келіп, кер бестісін мінер, жұлдызды шағы әлі алда деп білеміз. Маған кейде Мархабат шығармашылық бәйгесінде көсіліп, есіліп кетер тұстарда да өзінің бұйығы мінезіне басып, атының тізгінін ірке тартып, өз тұлпарының бағын байлап қалатындай көрінетіні бар. Бәйге атының тақымы шапқан сайын сөгіле, жазыла түспеуші ме еді?! Сондай-сондай тұстарда іркіліп қалмай, сілкініп алып, самғай түссе, дер едім. Сонан соң жазушының кейбір әңгімесі мен по-вестері өз жанрынан гөрі киносценарийге қарай алып қашып тұратындай көрінеді. Бұл кемістік пе, әлде жетістік пе? Меніңше, жазушының жетістігі де, кемістігі де. Кезінде Василий Шукшиннің де кейбір әңгімесі мен повестерін киносценарийге ұқсайды деп, ал кейбір киносценарийін нағыз проза деп сынағандар болған. Дегенмен, әр жанрдың өзіндік ерекшеліктері бар ғой. Сценарий демекші, М.Байғұтов өзінің қаламдас інісі Шойбек Орынбаев екеуі драма жанрына да сәтті қадам жасады. Олардың бірлесіп жазған «Қарлығаш әулие Төле би» атты драмасы өз алдына жеке әңгіме. Бұл қадам да өзінің жарастықты жалғасын табар деген үміттеміз. Жұртшылықтың сүйікті жазушысына айналған Мархабаттың өзіндік өнеге-өрнегі барған сайын айқындала түсіп, оқырман үмітін ақтай бергей деп тілейік.
25-қазан, 1995 жыл