Жемиле Кынажы: «Дауыстың түсі» туралы толғаныс
Мархабат Байғұттың кітабының аты әйгілеп тұрғандай, кітапқа енген әңгімелер шын мәнісінде түрлі-түсті...

Түркия мен Қазақстан арасындағы саяси қарым-қатынастардың дамуымен бірге, күн өткен сайын екі ел арасындағы мәдени байланыстар да қарқынды ілгерілеуде. Мәдени қарым-қатынастар аясында, әсіресе, әдеби байланыстардың өте айрықша орны бар. Қос халықтың айтулы әдебиетшілеріне қатысты екіжақты басқосулар мен екіжақты жарық көрген еңбектер әдеби байланыстардың ілгері басуына үлкен үлес қосуда. Әсіресе, соңғы кезеңде қазақ әдебиетінің айтулы туындыларының түрікшеге, түрік әдеби шығармаларының қазақ тіліне аударылуы, екі халықтың бір-бірінің әдебиетінен хабардар болғаны сүйіндіреді. Осы тұрғыда Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаевтың және «Бенгү» баспасының бас редакторы Якуп Өмероғлуның ерекше қайрат көрсеткенін атап өткен жөн. Бұл қам-қарекеттің тағы бір табысы – Қазақстанның атақты жазушысы Мархабат Байғұттың «Дауыстың түсі» атты кітабының түрікшеге аударылуы.
Мархабат Байғұт – қазақ халқының қоғамдық мәселелеріне бей-жай қарамайтын жазушы. Мархабат – ұлттық ерекшеліктерді сақтау, ұрпақтар сабақтастығы, тәлім-тәрбие, әдет-ғұрып сынды халық үшін өте құнды мәселелерді қаламына арқау еткен, күн тәртібіне шығарған халықшыл жазушы. Журналист-жазушы болуы да қаламгердің үлкен артықшылығы. Журналистік мамандығы – Мархабаттың шеберлігіне қомақты үлес қосады.
Танымал жазушы Мархабат Байғұт әңгімелерінің негізі қоғамдық мазмұннан тұрады деуге болады. Оның әңгімелерінен қазақ халқына тән бүкіл дүниені табуға болады. Мархабат Байғұттың кітабының аты әйгілеп тұрғандай, кітапқа енген әңгімелер шын мәнісінде түрлі-түсті. Кеңес дәуірінің ақырғы кезеңі, ізінше бастан кешкен өтпелі кезеңнің қилы күндері, осы заманғы қазақтың қоғамдық өміріндегі қапылыс Мархабат Байғұттың қаламымен суреттелген.
«Жалбыздың жағасында» әңгімесінде тауқымет тартқан бейнетқор қазақ әйелі Орынкүл Жанасбаевамен танысасыз.
«Бір сөмке диплом»-да ағылшынша білгені үшін тұмсық көтерудің сәнге айналуына қарсы өз арнасына түсудің маңызына назар аударылады. Басқа тілдер мен мәдениеттерге деген ынтызарлық секілді өзіндік құндылықтарымызға бет бұрудың маңызы сөз болады. Жоғары білімде өзіндік мәдени қазынамыз саналатын Орхон-Енисей жазбаларына байланысты бір іс тындыруды көздеген қазақ жастарын көресіз.
«Киікоты» – ауылға сағынышты тиек еткен әңгіме. Ауылдан қол үзген қалалықтың трагедиясын қаузайды. Ауылдан әкелінген киікоты дертке дауа болады, көңіл ауанын түзейді, жан азабын емдейді. Тән мен жанның дертін емдеп, денсаулықты нығайтады және көтеріңкі көңіл мен бақыт сыйлайды. Ауылмен астасқан хош иісті тау өсімдіктерін адамның аңсауына, ауылдың алуан дертке, қиындыққа, ауруға ем болуына Қиса мен әкесі Ормантайдың осы хикаясында куә боламыз.
Мархабат Байғұт – қадір-қасиеттің мәнін білетін пайым иесі. Әрбір әңгімесі оқырманға ой салады. Сәйкесінше кітаптағы туындылардың бәрі жазуышының қаламынан туған мазмұнды әңгімелер. «Машина мәселесі» – дүние-мүлік алдында құндылықтарын құрбан еткен адамзаттың әңгімесі.
«Перде» – мораль мен құндылыққа негізделген әңгіме. Лауазым, ақша, дәрежелер артып, материалдық игілікке құштарлық адамның көзін көлегейлей бастаған сайын рухани құндылықтардың ұмытылуы, моралдық құлдыраудың қабаттасуы және құндылықтардың ұмытылуы бұл әңгімеге өзек болады. Келінінің жөн білместігін қабылдай алмаған сал ауруға шалдыққан қарт Тантайды танисыз бұл әңгімеде. Тантай мен ұлы Мэлс Төленшиев арасындағы қарама-қайшылықты көресіз. Қызметіне, лауазымына тәуелді болуы себепті зайыбының теріс мінезін елемеген, дыбысы шықпаған Тантайдың ұлы Мэлс Төленшиевтің қасиетті құндылықтарын қалайша жоғалтқанына куә боласыз.
Мархабат Байғұт – ана тілін аялаған, асқақтатқан, тілді сөз зергері ретінде нақышына келтіре қолданған қаламгер. Оның әңгімелерінде кейбір қазақша ұғымдардың шебер қолданылғанын бағамдайсыз. Мәселен, «Қозапая» әңгімесі осылардың бірі. Қозапая деген мақта паясының өзінен әңгіме тудыраған жазушылық шеберлік бар Мархабат Байғұтта. «Қыркүйек суы» әңгімесінде ана тіліне қатысты сын бар. Уақыттың өзгеруімен бірге халықаралық жиындарда орысшаның жанына ағылшыншаның да қосарлануы және тек бірнеше сөйлем қазақшаға орын берілуі күлкі шақырады. Жазушы әңгімелерінің бәрінде дерлік астыртын болса да ана тілі пайымын сыналап енгізеді. «Ақсақ қартаң әйел» әңгімесінде де өз ана тілін білмейтін басшыларды сынайды. Лауазымды орындарда халық үніне құлақ аспаған, табиғат пен қоршаған орта мәселелеріне бей-жай қарайтын басшыларды келемеждейді.
Қазақтардың әлеуметтік өмірін, әрі Кеңес кезеңінің соңғы дәуірлерін көру, Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі үдерістегі тіршілікті көру, сол үдерісте жүзеге асқан түрлі қоғамдық мәселелерді бағамдау және елең-алаң кезеңге куә болу тұрғысынан «Дауыстың түсі» – озық туынды. Қазақтар бастан кешкен бұл күрделі үдеріс Мархабат Байғұт сынды шебер жазушының қаламы арқылы әдеби стильде өте қисынды түрде бейнеленген.
«Крест» атты әңгімесінде қазақ Бисмиллахтың Андрей деген рухани баласын жоғалтқан соң бастан кешкен тауқыметі арқылы адами құндылықтардың діндер мен ұлттардан биік тұрғандығын өрнектеген.
«Жоғалған жұрнақ» – қазақ тарихының ең ауыр кезеңдерінің бірін, 1986 жылдың дүрбелеңін қаламға арқау етеді. Өткен шақты, тарихты ащы болса да, тәтті болса да жоққа санауға болмайды. Өткенді болған күйде қабылдау және сабақ алу керек. «Жоғалған жұрнақ»-тан 1986 дүрбелеңінде жазаға тартылған, айыпталған, азап шеккен, қоғамнан аласталған, өлгенде жаназасына баруға сескенген адамдардың хикаясын оқимыз. Жұрнақ Қонақбайұлы тек бір кісі ғана емес, 1986 дүрбелеңінде тағдырлары тас-талқан болған және жоғалған буынды сипаттайтын бейне.
«Көріп тұрғанымыздай әлбетте өмір тек құлдилаудан немесе тек өрлеуден тұрмайды. Әлбетте ұлт тағдырында тар жол, тайғақ кешулер болады. Дегенмен, ең бастысы – тар жол, тайғақ кешулерден ең аз зардаппен өту және өткеннен сабақ алып, келешекке үмітпен қарай білу».
Қазақ-түрік бауырластығы мәңгі болсын!