«Мархабат» журналының лауреаттары анықталады
«Мархабат» журналы проза, поэзия және публицистика бағыттары бойынша жыл қорытындысында үздік шығармаларды іріктейді...
Жастардың басын қосып, жас ақын-жазушыларға жүйелі қолдау көрсетуді мақсат еткен «Мархабат» журналы бұдан былай жыл сайын өз лауреаттарын анықтап, үздік авторларға арнайы атақ пен сыйақы табыстауды дәстүрге айналдырмақ.
Бұған дейін «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жалын» секілді басылымдардың өз үздіктерін анықтап, лауреат атағын беріп келгені белгілі. Енді осы игі үрдісті «Мархабат» журналы да жалғастырып, проза, поэзия және публицистика бағыттары бойынша жыл қорытындысында үздік шығармаларды іріктейді.
Бұл бастама жас қаламгерлердің шығармашылық әлеуетін арттыруға, әдеби ортадағы белсенділікті күшейтуге және қаламгер мен оқырман арасындағы алтын көпірді нығайтуға бағытталған.
Бағыттар:
• Поэзия
• Проза
• Публицистика
Қаламгерлерге қойылатын талаптар:
• 18–35 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады;
• Әр қатысушы тек бір бағыт бойынша шығармасын ұсына алады;
• Шығармалар қазақ тілінде қабылданады;
• Және ұсынылатын шығармалар бұрын соңды еш жерде жарияланбаған болуы міндетті;
Шығармаларға қойылатын талаптар:
Поэзия:
- 5–15 өлеңнен тұратын топтама;
- жалпы көлемі 10 беттен аспауы тиіс.
Проза:
- әңгіме немесе повесть;
- көлемі 5–25 бет аралығында.
Публицистика:
- эссе, әдеби-мәдени бағыттағы сараптамалық мақала немесе очерк;
- көлемі 5–15 бет.
Техникалық талаптар:
- Қаріп: Times New Roman
- Өлшемі: 14
- Жоларалық интервал: 1,5
- Формат: DOC/DOCX
Автордың аты-жөні, байланыс мәліметі, қысқаша өмірбаяны және сапалы суреті қоса жіберілуі тиіс.
Шығармалар әдебиет пен медиа саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы тарапынан бағаланады.
Бағалау критерийлері:
- тақырыптың өзектілігі;
- көркемдік деңгейі мен стильдік даралығы;
- тіл шеберлігі;
- идеялық тұтастық пен мазмұн тереңдігі.
Қазылар алқасының шешімі түпкілікті болып табылады. Әр бағыт бойынша бір лауреат анықталады.
Айта кетейік, жыл соңына дейін өзге әдеби байқауларда немесе жүлделі орындарда марапатталған шығармалар қазылар алқасының қарауына ұсынылмайды және лауреат атағына үміткер бола алмайды.
Лауреаттарға:
- 200 000 (екі жүз мың) теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық;
- арнайы диплом;
- «Мархабат» журналы бетінде жариялану мүмкіндігі табысталады.
Шығармалар 01.03.2026-01.11.2026 аралығында қабылданады. Нәтижелер жыл соңында жарияланады.
«Мархабат» журналы қолға алған бұл бастама әдеби ортаны жандандыруға, жас қаламгерлердің ізденісін қолдауға бағытталған нақты қадам. Басылымның негізгі миссиясы – қаламгер мен оқырман арасындағы алтын көпірді сапалы, мықты шығармалар арқылы нығайту. Осы жоба сол мақсатты жүзеге асыратын маңызды тетік болмақ.
Ендеше, журнал редакциясы жас авторларды белсенділік танытып, өз туындыларын жолдауға шақырады.