Әділет ШОПЕН – ақын. 1996 жылы, 16 наурызда Қарағандыда дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Мектеп қабырғасын 2013 жылы Теміртау қаласы № 9 лицейде бітіріп, сол жылы Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-ға журналистика мамандығында білім алған. Өлеңдері бірнеше ұжымдық жинақта, антологияда жарық көрген. Республикалық баспасөз беттерінде, әдеби сайттарда жиі жарияланып тұрады.
***
Сен мені атам мен әжеме туа сап берсең де,
мен сені ұзақ тастап кете алмадым,
жүрдек пойыздай белгісіз бекеттен
қозғалып болмайтын,
түсі жоқ үзілісті арамыздағы
өрмекші торлаған үнсіздікке жалғап,
ол торға
саған айта алмаған сөздерім шырмалған.
қозғалыс сүйетін көзқарасым
саған келгенде, сараң,
менің қазір құдай берген үш қызым бар,
төртіншісі боласың ба, Анам?
(Жарым да бар ғой,
балаңа айналса, ол – жаман).
қасымда болшы, қызғанса да Ата-енең,
сені қорғай алсам ғой сүреңсіздеу өмірден,
қатыгездеу әкеден.
шошып оянып, сені іздегенде, өлілер қолдаған,
содан бері...
мен – өлгендердің тірі жалғасымын,
жантәсіліміндегі соңғы сәтімін.
көп сәтің есімде болмаса да
келмейді ұмытқым,
жансыз жиһаздар ғана.
емдейді адамның жанды жарасын,
...түсімде.
сенің шын екеніңді білу үшін.
бетіңнен сүйем деп,
естелігіңді сүйіп тұрыппын ғой, Анашым.
өзіңді тапқан тұманда, өзіңді жоғалттым.
болмағанмен өңімде, жоғалмашы түсімнен,
сені жинап алғым келеді балалық шағымдағы
ойыншық толы себеттің ішінен.
мен сені түсінем.
түсінгіш келеді ғой мұңы бар жан,
сен қасымда болмаған күннен бері
өзімді ішімнен іліп алғам.
***
Алтыным,
Шығарып қап-қара тірліктің
ағарған сүйегін,
Ішімдегіні түсінбеген сайын
мен сенің ішіңнен сүйемін.
Әлі де келеді арқама көтергім,
Сен бақыттан айқайлаған кезде
Жаныңда тұрып, қасыңда
болмаған екенмін.
Қуаныш жасайын жаныңа,
қанымнан
Тәнің – жалғыз үйім ғой
көзіме салынған.
Есігі табылмас түстерде адасып,
айналдым жындыға
Есімің – өзімді-өзіме
қайтарар бір дұға.
Шырағым,
Сені сүйетініме өзім куәмін.
Бақыт мойынын
кездейсоқ бұрған кезде
Жарқырып сенің
көздерің тұрады.
Өзімнен ұшамын,
құшағыңа құлаймын,
Жай ғана сен сүйген
құдаймын.
Тек сені үнемі
қасыма ертейін,
Таңның ақ шапағын
шашыңа өртейін.
Тұру үшін тек
мәңгі қара боп,
Сенің есіміңмен атауға
лайықты қала жоқ.
Білдің бе,
Босатпай қойғанда мұң мүлде,
Сені ренжітіп алған сайын
түнімен түсімде
ағып шығады
мұрыны кесілген бір мүрде.
Ұйқы Мұхитына
жіберіп құм толы бір кеме,
Өлсем өлейін өзіңмен бірге мен.
Бола ма, айтуға?
Енді ешқайда, ешқашан
кетпеймін жай,
тура келмес үшін
ешқашан ешқайдан қайтуға.
Енді мен өзімді өзіңе сөндірем.
Ұғыншы,
Сезіміңе ең алғашқы
соңғы боп келсем де,
«Мен сені сүйем» деп
айтамын бірінші.
***
Көше басындағы алғашқы бұрылыс
Әлдебіреудің күзгі жөтеліне ұласады,
Сары түске шалынып құласа күз.
Келгенін білмей қалған неге ертерек,
Қыркүйек жылытады өзін-өзі
Менен құлаған қысқа көлеңкеге.
Жалыныма өртеніп ұмытардай,
Мен отырмын сөзімді суыта алмай.
Күз менің алтын тісті ақымағым,
Аспанды алмастыра салатын жапырағы.
Ештеңе
Бесін-ді.
Әлдебір көшелердің қиылысындағы
арзан кафеде отырсыз.
Бағдаршам салтанатты түрде
«қызылды-жасылды» көздерін жағады.
Сіз ештеңені көрмейсіз.
Соқырсыз
Даяшының сізге әкелген тамағы –
Сіздің Францияда отырмағаныңызды білдіреді.
Болашаққа деген сағынышты көп сақтайды жады.
Есепшот еріксіз күлдіреді.
Бұл жердің Лондон емес екенін мәлімдейді тағы
Сол жағыңызда минстрліктер үйі,
оң жағыңызда ұлттық музей.
Немесе керісінше.
Бәрібір түк те өзгермейтін
Бақыт – қиялыңыз бен ойыңыздың өрісінше.
Төңкеріс жасауға ең қолайлы уақыт.
Шексіздікке жұтылған көшелер,
адамдар
Өзінен безінген.
Болашақты ойлауға да миыңыз бата алады.
Сіздің бойыңыздан бұрыннан
геометрияға деген әлсіздік сезілген
Ол – «Жалғыздық» деп аталады.
Оқу да жоқ, жұмыс та жоқ
біз бе дейсіз,
Енді қайтіп өмір сүрдік, ботам-ай?..
Жоқ, сіз осы жолы ешкімді іздемейсіз,
Өйткені тірі жандардан гөрі,
елестер мен арxитектураны
шақыру оп-оңай –
Миыңызда.
***
Кешкі пәтерде
ескі құбырлар
жылу маусымын ұзақ күтеді.
Күтеді әлдене умаж-умаж қағаз бетінде
Ұйқастан мүлде шаршаған Өлең.
Соңыра аялдамада тұрасың
Өзің отырмайтын автобустың
тез келетініне таң қалып.
Ойыңмен өлең жазасың, алданып
Және де есіңе түседі қайдағы көп.
Қартайған мемлекет басшыларының
өлген кесірткесі секілді,
Жас келіншектеріне қайраны жоқ.
Өмір сүрмейсің,
тірі қалудың амалын жасайсың жоспарлы;
Күз келіп әйнек пен терезе буланды.
Яғни
көзілдірік кигендер мен ғашықтарға
романтикалық кезең басталды.
Жыл сайын Қазанда
ешкіммен қоясың араласуды,
Нөпір ішінде жүресің.
Сезініп өзіңді ақтардың ішіне топ ете қалған қара нәсілді.
...Кісікиік
Бағдаршам жасылға жанғанда бәрін де ұмыт,
Жаяу жүргіншілер жолағында жазымышыңды басып.
Өзіңе қарай аяңдап келеді күдік
Ешкім жоқ қасыңда, қасыңда жоқ ешкім.
Неке түні өлтіріп алған махаббат елесінен басқа
Ілкіде қалған іңкәрлік өлеңін жазасың тасқа
***
Өзіңді іздеуге болады,
табуға болмайды мүлде.
біржынысты некедей біртүрлі шілде
біртүрлі шілде...
құдды бір өмір сүруден
бір күндік үзіліс алған ғаріп,
бөлме іші өзімсіз өзіммен қосылған жарық...
Ондай кезде ішіңдегі кексе адаммен оңаша тілдесу де мұң,
бұл қалада
бұл қаланы баяғыда-ақ тастап кеткендей күн кешудемін
ертең кешеге айналар уақытта
шығып кеткем,
бәрінен...
Дәл қазір бөлме арасын кезіп жүрмін,
ол жақта қалып қойған жоқ па екем деп әлі мен?!
осы ғой қалың нөпірдің арасынан сұранып келген
жалғыздық билеген сиқым,
өзімді оятып жіберді өзімнің ұйқым
***
Сені сүйдім! Сүйдім де жанды ұмыттым.
Өлді бір күн... Сездіріп мәңгілікті.
Мен түн үшін күрсіндім, жылағам жоқ,
Ал сен – кешкі елесі жаңғырықтың.
Ұшар болсаң, сөздермен неге ұшпадың?
Мен сезімнің тізгінін кері ұстадым.
Дөңгеленген төбемде жарық айым
Менің жаным – сол айдың теріс жағы...
Кірпігіңде дірілдеп, бөлек тоңса,
Бәрін қайта бастауға себеп қанша?
...Өлім менің ойымнан суық емес,
Таң қалдырып көрсінші керек болса!
Көңіл қайтып барады терістіктен,
Өмірде өлең үшін деп іштік пе?
Кетер кезде жалғыздық кідіреді,
Көзіңдегі әлдебір кеңістікте.
Көп ішінде өмірім – жалқы өтеді
Алды екені белгісіз арты екені.
...Әлемімізді қараңғылықтың меңдеп алғаны сонша, жаным...
Артынша жұлдыздар да жарқ етеді.
***
(16-17 жастан бір өлең)
Біраз жылдан соң екеуміз қосылармыз,
«Уақыт» деген көкеде мұң жатпайды осы..
Әлі талай қиындықтан тосылармыз
Жанармайдың бағасы қымбаттайды. Сосын...
Біраз жылдардан соң, шылымын сатып алып жатып,
сатушы қыздың әдемі екенін байқармын,
шылымында жазу бар: «Жүрек апатына ұшырағайсың!»
сен көлік аларсың
құттықтау айтармын,
жо-жоқ, көлік апатына ұшырамайсың.
Біраз жылдан соң бәрі де өзгереді,
сән ауысады,
құрбылар табысады
Адамзаттың саясаткердің емес,
ақынның тілімен сөйлейтін кезі келеді,
Жүректер тағы ұшады...
...жақсылықтан.
«Біраз жыл» – уақыттың ісі де бұл,
қиындықтарға күймесең.
Сенің маған ұқсайтыныңды түсінемін,
кей-кейде өзіңді сүймесең..
Біраз жылдан соң көп нәрсе ұғамыз.
Біраз жылдан соң екеуміз қосыламыз.
Біраз жылдан соң теңіздің жағасында тұрамыз.
О, бәлкім мысық асырармыз?
Біраз жылдан соң...
Имантау көлі
Бір қарасаң жылап тұрған, бір қарасаң күле қалады
Имантаудың* ортасы – жүрек аралы.
Аралары көп елесті алып ұшқан,
Пайда болған жер ме екен ғашықтардың
Ішіндегі әлдебір жарылыстан.
Имантаудың жан-жағы орман дейді,
Қасіретінен құс ақсақ болған дейді
Орман іші көп жүрер жаралы елес,
Көл ортасында орын бар – маған емес.
Су ұқсайды сұлудың күлкісіне,
Топырақ кіріп, суиды құрт ішіне.
Адамзаттың алғашқы армандары,
Мына арал алдымен жұмақ болған,
Содан кейін қалғандары.
Қалың ұйқы есінер кәрі ағаштан
Қарағаштан қаншама жалаңаш тән
Суға қарай жүгіріп түскен сынды,
Түскен сынды бір бұғы ішкен суды...
Ішті бұғы суда тұрған өз бейнесін,
Бірде жүрек, ал бірде көз кейде – су.
Рудакидың бір жырын оқымаған,
Өлең жазып жүр дейді соқыр адам.
Әкетіп өзге әлемдік кезге сені,
Сен емес, ол сенімен кездеседі.
Келген түрің білмеймін кімге қалай, –
Қайтып бара жатады үйге қарай.
Өзіме солай бір сырды ашып қалдым,
Қай жерде аяқталды басталмастан
Дастаны ғашықтардың?
Мына жер шыныменен бар ма жоқ па?
Дейді жұрт бір кездері тамған көп қан
Сол қаннан көл жағалай өскен жидек,
Көз жасынан бұл арал көшкен Үй боп,
Көрген түстен күн сайын ұзын болдық
Келмек ойдан келесі бұрын қондық,
Имантау Айыртауда сұлу өзен,
Су бетіне салынған сұлу қорлық
Аралы!
______________________________________
* – Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында
орналасқан көл. Егер биік шыңнан қарасаңыз мұндағы
арал жүрек тәріздес