Дәурен Тілеухан. Бір уыс топыраққа тұрған дәуір
Бейітке байлап кеткен орамалдай, Бөлшегі жүрегімнің сенде қалған!..
Дәурен ТІЛЕУХАН – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ол 2000 жылы, 28 қазанда Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Еңбекту ауылында дүниеге келген. «Сағыныш сыбы-ры» және «Жаңа Қазақстанның әдеби панорамасы» жобасы аясында жарық көрген «Нәзік түндегі ноктюрн» (Жетісу облысы) атты кітаптарының авторы.
Сондай-ақ, «Шабыт» халықаралық фестивалінің Гран-При иегері, бірнеше халықаралық және республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.
Түргенкент
немесе
Қамал қабырғасындағы қасиет
…Қорғандар белгілі бір дәрежеде
әскери қорғаныспен қатар, Ұлы Жібек Жолы
бойындағы сауда-саттық байланысына
қауіпсіздік рөлін атқарып отырғандығы
және бар. Оған мысал ретінде Жаркент
өңіріндегі «Түргенкентті» айтуға болады...
Қамалдың қираған жұртынан өткен
дәуірдің белгісі болып бізге жеткен
қыш құмыралардың, шойын, темір, шыны
ыдыстардың сынықтары көптеп кездеседі.
(Қали Ибрайымжановтың
«Тарихи толғаулар және Жаркент өңірі»
кітабынан)
Қабырға құласа да, қасиет құламайды...
Жыр болған жартасы да,
самалы да,
Сол сурет сыймайды, әттең, жанарыма!
Алыстан менмұндалап шыға келді,
Мәңгілік байыз тапқан қала мына.
Ай нұры,
Күн жүзіне шағылған әр –
Қарсы алды қасиетті қабырғалар.
Қарсы алды,
түркілік рух тербетілген –
Айбарлы,
асқақ өлке,
қадым қамал!
Елеңдеп,
елес қуған сәтім, міне,
(Еңкейіп күн құлайды екіндіге.)
Құмыққан қабырғалар сыр ашпай тұр,
Үнсіздік құмға сіңген секілді ме?!
Жерұйық Жетісудың даласында,
Бұйығы Бурақожыр* жағасында.
Қарт қамал,
Қанша дәуір жатыр үнсіз,
Үшарал, Сарпылдақтың* арасында.
Айналған ел білетін ертегіге,
Өзіңсіз өзегімді өртеді не?!
Өзіңсіз қайраңдаған қайықтайын,
Қараймын жел қиратқан желкеніме.
Табандап тақыр кешіп,
өртте қалар,
Жалғасып жандәрмен күн...
жетпеді амал.
Шұбаған адырлы тау тізбегіндей,
Құлазып құмайт шөлге шөкті обалар.
Ақ қанат арманы ұшқан мың ғасырмен,
Беу, шаһар,
сынық көңіл мұңдасым ба ең?!
Бабалар қоныс еткен дөңге келіп,
Көремін ғасырларды құмға сіңген.
Көремін сол мекеннен елесіңді,
Табардай елесіңнен көне сырды.
Түсімде телегей бақ,
теңіз кешем –
Тербелген кең айдында кеме сынды.
Қайтейін,
түсімде ылғи теңіз кешем…
Толқиды теңіз кеудем –
сені іздесем.
Тасжүрек уақытқа талқан болар,
Қайғымыз екеуміздің егіз бе екен?!
Тұншығып тамағымда тұмадай мұң,
Мүлкіне айналатын мұражайдың,
Мүжілген қабырғаға маңдай тіреп,
Есіме түсе берді бұлағай күн...
Ойларды арқалатып мұңнан да ауыр,
(Шындық па,
шытырман ба шырмалғаным?!)
…Сусиды алақаннан мың ғасырлық,
Бір уыс топыраққа тұнған дәуір!..
Бурақожыр* – Ілеге құятын өзен
Сарпылдақ, Үшарал* – ескі қала маңындағы елдімекендер
Дастанға түзету
немесе
Өмірбұлақ басында
Талдықорған мен Текелі қалаларын
жалғап жатқан күрежол бойындағы
бұлақ – Өмірбұлақ деп аталады.
Ел арасында «Өмірбұлақтың көзін ашқан
алғашқы адам Шоқан Уәлиханов болған»
деген аңыз бар. Өмірәлі-Қашипа атты
қос ғашық тұңғыш рет осы бұлақ басында
танысқан. Бүгінде олардың отау құрғанына
жарты ғасырдан аса уақыт өтіпті.
Баянды махаббат белгісіне айналған жерге
2019 жылы Өмірәлі Шакарапұлы арнайы
ескерткіш орнатқан.
Қарабұлақ, Текелі,
Ғашықтардың мекені.
(Шөмішбай Сариев, ескерткіштегі өлең )
Адасар асқақ арман,
Соңына жетпей жатып,
Эпостан,
дастандардан –
Таппадым титтей бақыт.
Торығып,
Тоңса жаным,
Торлаған түнек-мұңмен,
Қиссаны қаншама күн,
Қиялмен түзеттім мен!
«Шынымен, шын өмірде,
Ғашықтар қосылмай ма?!»
Ой қамап жүргенімде,
Тап болдым тосын жайға.
Шарықтап шабыт нұрлы,
Кез болған көңілге ұнап:
Алғаусыз ағып тұрды –
Өзгеше Өмірбұлақ.
Құшағын созып аспан,
Күн нұрын шашып күлгін,
Шоң Шоқан көзін ашқан,
Кәусардан татып тұрмын.
Мөп-мөлдір бұлақ көріп,
Мен содан өлең өрдім.
Жырынан жырақ кетіп,
Жібек пен Төлегеннің.
Ой тауып осы арадан,
Сәт туды сезбес мұңды.
Қасірет «Қособадан»,
Қарсы алмас енді ешкімді.
Аңдымай қайғы алыстан,
Жолығып қалмай мұңға.
«Аспанды айнала ұшқан
Алты қаз» қонды айдынға.
Ұлағат ұнағасын,
Жырыма қосып та алдым,
Мәңгілік мұнарасын –
Қосылған ғашықтардың!..
Ғажап қой,
Дер кезінде –
Табылса тағдыр теңі.
…Ерке қыз, енді өзім де
Есіме алдым сені!..
Тамшыбұлақ
Ақсу ауданындағы Тамшыбұлақты зерттеп,
артында мол деректер қалдырған,
1859-1865 жылдары Жетісуды аралаған ұлы саяхатшы,
этнограф Шоқан Уәлиханов көнекөз қариялардан
мынандай аңыз жазып алған екен:
«Күн сәулесіне құбылған Тамшыбұлақтың тамшылары
бірін-бірі сүйген сұлтанның қызы мен
шопанның ұлының көз жасы екен».
Сұлтанның қызы Баян әр түн сайын осы қасиетті
Тамшыбұлақ шипалы суына келіп, өзінің
ауыр тағдырын айтып жылаған екен.
Міне, тамшылап тұрған тамшылар –
Баян қыздың көз жасы...»
(qazir.kz сайтынан)
Тыңдашы, шерлі дала шертті нені?..
Беткейден Баян даусы естіледі.
Өрт жаққан өзегіме өкініштен,
Бұл аңыз –
өткен күннің өксігі еді…
Өткен күн...
қайтем сенің қорлығыңды?!
Бәрібір баяны жоқ, болды мұңды.
Бақытын бұлдап тұрған, жалған бес күн,
Жылатпай қойсаң етті сол ғұмырды?!
…Ізінен іздеп келіп бір аңыздың,
Басында тұрмын бүгін құла құздың.
Көз жасын ішке жұтып,
үнсіз қалған,
Булыққан жасын көрдім бұла қыздың.
Кетердей қайғысынан құлап аспан,
Қосылмай сүйгеніне мың адасқан,
Арман-ай,
арзуындай сол арудың,
Тамшы боп жар басынан жылап аққан!..
Жүрекке тұна қалып сезім бөтен,
Түндерде тынши алмай көз ілмесем,
Мөп-мөлдір Өлең болып,
Сағыныш боп,
Тамшы ма,
Тамып кеткен өзім бе екем?!
Үсек
Көне түркі тілінде «Үс» – су, «ек» – ана,
яғни «Су ана» деген мағынаны береді екен...
Күміс нұр тайғанатқан,
Тарқайтын көңіл шері,
Жаркентті айнала аққан,
Сулардың сен –
үлкені!
Шыңдарды суара кеп,
Ағысын төмен өрер.
Атыңды «Су ана» деп,
Қойыпты-ау көреген ел!
Көшсе де неше заман,
Ізі боп өткен шақтың.
Ентікпей,
есен-аман –
Ілеге жеткен бақсың!
Ойнайды сені көрсем,
Көзді арбап көркем арай.
Кербезім,
Керім,
Еркем,
Келмеппін ерте қалай?..
Күні-түн кірпік ілмей,
Жүзіме толтырды арай.
Жүректің дүрсіліндей
Жөңкіген толқындары-ай!
Арман боп,
аңыз болып,
Есіме түседі ертең.
Үмітім тәрізденіп,
Үлбіреп Үсек еркем!..
Ананың өсиетін,
(Айт деме,
ішің білсін!)
Қай пенде қасиетін,
Тіл жетіп түсіндірсін?!
Анасы еміренген,
Бейкүнә бөбектейін.
Сүйсініп,
сені көрген –
Сәт еді сөз еткенім.
Қоштасып дала-құмға,
Елжіреп еттім үміт.
…Мөлдір шық жанарымда –
Үсекке кетті үзіліп!..
Жыртылған парақтар
Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек қорында
Ілияс ақынның «Құлагер» поэмасы алғаш рет басылған
газет нөмірлері сол қалпында сақталған.
Алайда үнпарақ беттеріндегі поэма басылған
кейбір парақтар қиылып қалған.
(«Социалистік Қазақстан» газеті,
№260 (3964), 12 қараша, 1936 жыл)
Тілгілеп жүрегімді жыр әуелгі,
Тұрған сәт есіме алып «Құлагерді»,
Ұлттық кітапхананың қақпасынан,
Ертай досым елпілдеп шыға келді.
Асығып келген бетім Алматыға,
(Мен күткен бір құпия бар да, сірә.)
«Сирек қорға» жетелеп жетті Ерекең,
Әдепкі кірісіп кеп шаруасына.
Қала анау –
тоқтамайтын көші мәңгі,
Мен мұнда Ертайға еріп, есім ауды.
«Келгенің дұрыс болды,
көптен бері
көрсетсем деп жүр едім осыларды…»
Көненің көрдім небір көң басқанын,
Бұл бірақ басқа тарих…
Бұл басқа мұң!
Жыртылған парақтардың жанайқайын,
Алдыма жайып салды жолдас ғалым.
Әп сәтте ететіндей күлкімді ойран,
Күмілжіп,
күрмеуі көп мың түрлі ойдан –
Қолыма ап «Құлагердің» түпнұсқасын,
Қобалжып тұрғанымды ол білсін қайдан?!
Қырқылған қиянаттың сынығымен,
Қолымда –
Ілиястың жыры кілең.
Қатігез саусақ табы сезіліп тұр,
Сарғайған газеттердің дірілінен.
Тұрса да тауқыметтер құйып көктен,
Дүние-ай,
сөздің құны биік неткен!
Алқынам...
алақанда – қос Құлагер,
Қайшысы қараулардың қиып кеткен...
Көргендей түнегі мол түстер ғана,
Қайтейін, қаусатады іштен нала.
Қағазға түскен сызат…
қағазға емес –
Қазақтың жүрегіне түскен жара!
...Жазықсыз оққа қиған кешегі ерді,
Жанардан жендет жылдар өшеді енді.
Жоғалған жазуларға мұнара қып,
Орнына орнатсам ғой осы өлеңді!
Талдықорған. «Ай-сер» қонақүйі
Мен деген уақытша тұрғынмын!
(Ертай Ашықбаев)
Жолыңды кеспей жүрсе әркім,
Үзілмей мынау ізгі өмір.
Тұрғыны болдық бұл шәрдің,
Төрт-бес күн ғана біз де бір…
Аяулы әрі аңсарлы,
Құштарлығыңды еселер,
Қабағын шытпай қарсы алды -
Жұматай жүрген көшелер.
Бір тамшы мұң бар – көңілде.
Қаратал*,
өзің айт емін!
Қаланың қоңыр демінде,
Қаламын үнсіз…
Қайтейін?!
Есіме түсіп есіл күн,
Жүректі жырмен жұбатып,
Көлеңкесінде көпірдің,
Күбірлеп отыр Уақыт.
Скрипка үні.
Түн.
Алаң.
Сөйлеткен майда самалын,
Жолында жүрмін бұралаң,
Кішкентай, момын қаланың.
Сарғайды тағы күз-көңіл,
(Жаурамас жаңбырда жаным.)
Уақытша ғана біз де бір –
Тұрғыны Талдықаланың!..
…Атқанда арай таң ала,
Жол қарап, үнсіз езілгем.
Уақытша келген қалаға,
Мәңгілік іңкәр сезіммен!
Шайтанторы
Жетісудың Ақсу ауданында дүйім жұртқа
даңқы шыққан тұлпардың бірі – Шайтанторы.
Шашаға шаң тигізбес Шайтанторы,
Аңыз ғып елге бүгін айтам нені?!
Қарт шыңы,
Жетісудың шалқар көлі,
Толқыған көңілімді байқар ма еді?!
Тарпыса осқырынып мұнар күлік,
Қиялым кететіндей шыдамды үгіп,
Аңсарым ауған тұлпар түсіме еніп,
Күн құлап…
көкжиекте тұрам күліп.
Жүректің жіпке тізіп лағыл әнін,
Өзіңдей бір жүйрікті сағынамын.
Шаншылған қияндарға дауыспенен,
Кісінеп тұрсың ба екен,
жануарым?!
Қияндар сағым тартса белден әрі,
Кезер ем шексіз,
түпсіз кер даланы.
Тұп-тұнық арман жүзер айдын бар ма
Жылқының жанарынан ең бағалы?!
Шығарған күлік мінген күнімді естен,
Өмір ме қара жаяу ғұмыр кешкен?!
Сыртымнан сақ-сақ күліп жымысқы жел,
Дүние дөңгеленді білінбестен.
Қоңыр үн әлдилесе қыр-даланы,
Тірілтіп бір бабаны,
бір дананы.
Жүгенін іздеп жүрген жанның зары,
Сыңсыған көңілімде ырғалады.
Жиырма бес,
Жалын кеуде,
Жыр шағымда –
Ұмтылып көлбей ұшқан бір сағымға,
Аты озған аламанда арғымағым,
Қалды екен қай тұманның құрсауында?!
Соны ойлап суық ойдан қалтырадым,
Басылмай алқынамын… жан құмарым!
Аңсаймын бір дүбірді содан бері,
Асқынып арманымның дерті қалың.
Қарт шыңы,
Жетісудың шалқар көлі,
Аңыз ғып саған бүгін айтам нені?!
…Босаған көңілімді сезді ме екен,
Сезді ме сәйгүлігім –
Шайтанторы?…
Қалғыған қыз
Жаркент қаласынан солтүстікке қарай
30 шақырым жерде, Тышқан өзенінің
жағасында орналасқан Сарыбел ауылы
алып таудың етегінде жатыр.
Ауылға таяғанда тау басындағы –
«Қалғыған қыз» шыңы айқын көрінеді.
Елжіреп,
еміреніп,
Самалдың естілсе әні,
Алатау,
сені көріп,
Сергелдең кештім тағы…
Үйсіннің үйі болған,
Айбарлы,
асыл алап.
Бұлдырап бұйығы арман,
Төсепті басына бақ.
Бұлдырап...
сыр жасырған,
(Білмеймін, көрдім бе ағат?!)
Жатады шың басында,
Бір бейне «менмұндалап».
Бір бейне ханшадай паң,
Сіңгенде түнекке арман,
Қайғы ішіп қаршадайдан,
Тауға кеп түнеп қалған.
Қабағын ашпай халық,
Таба алмай ойға дәру.
Кеткен бе тасқа айналып,
Қалғыған қайран ару?!
Періште,
пәк қалыппен,
Болмыспен сол бейкүнә.
«Қара тас – ақ мамық» деп,
Кетіп пе мәңгі ұйқыға?!
Мезі еткен мұң басылмай,
Босатқан жиі көңіл,
Жатыр ол…
шың басында –
Сұлу да Суық өмір.
Күрсініс кешем әр күн,
Бұзды деп шаттығын кім?!
Арқалап кете бардым,
Азабын ақ ғұмырдың!..
Жаралған гөзәл нұрдан
– Мәңгі жас... мәңгі жалғыз!..
…Кетпейді көз алдымнан,
Тау болып қалғыған Қыз!..
Ќўлын шаќ
Қайтесің, қу түлкідей құбылса күн?..
Бәрібір бақ – баянсыз,
ғұмыр – сағым…
Айласын асыра алмас жалған өмір,
Қайдасың,
құмға аунаған құлын-шағым?..
Алғаусыз шаттығымды аңсап небір,
Армансыз тәтті күнді аңсап небір,
Сарғайса сартап болған сағынышым
Мен енді не істей алам?..
«Сап-сап көңіл!..»
Дәм татып сүйініштен,
күйініштен,
Біз солай өтеміз бе тынып іштен?!
Жазира жазық қалар жадымызда,
Жаңбырда жалаңаяқ жүгіріскен…
Дауам боп дала-мұңнан емдеп алған
Түнде де тыным бермес мендегі арман.
Бейітке байлап кеткен орамалдай,
Бөлшегі жүрегімнің сенде қалған!..
Туған жер,
туған дала,
топырағым!
(Қайран жас қайдан білсін опынарын?)
…Көз алдым күрең тартып,
ауылды аңсап,
Бозарып балконда үнсіз отырамын.
Obscurum
«Жақсы көргім келмейді!..»
деші, мейлі,
Өшіре алмай келемін осы Үрейді.
Кешірімді біздерге қимаған Күз
Есігімнің алдында есінейді.
Сөнді тағы сезімсіз от-жүрегім.
От-жүрегің сенің де дертті ме еді?!
Жанымды әзер сақтап ем жалыныңнан,
Көлеңкең де күйдіріп кетті мені.
Жапырағын жанымның желге бердім,
Сенделермін осылай,
емделермін.
Жұбың жазбай жөңкіген жауар бұлтпен
Сен де кетіп барасың...
Мен де көндім...
Көндік солай.
Көңіл тұр маздап... жүдеп,
Алдарқатар Ай да жоқ «аз қалды» деп.
Бізге бағын бұлдаған бес-ақ күндік –
Жалған осы,
Жабықпа, жазған Жүрек!..
Бебеулейді бір Үміт бұрынғы үшін.
Cыртым бүтін,
қайтейін, құбылды ішім...
[...Қараңғыдан қорқатын болса керек,
Кірпік қақпай қойды ғой бүгінгі Түн.]
Шақырымдар арасы шалғай бүгін.
Сынық қанат сары Күз...
сарғайды Мұң.
Бүгінгі түн суықтау...
қандай қиын –
Аспаныңды жылыта алмайтыным!..