Нино Педретти. Әңгімелер – ұзақ уақытқа ұмытылған уақыт

Oct 31, 2025 - 17:09
 2
Нино Педретти. Әңгімелер – ұзақ уақытқа ұмытылған уақыт

Нино ПЕДРЕТТИ – итальяндық ақын, аудармашы. Шын аты – Джованни Мария Педретти. 1923 жылы 13 тамызда Италияның Романья аймағындағы Сант’Арканжело-ди-Романья қаласында дүниеге келген.
Ол Римини қаласындағы техникалық институтта оқып, кейін екінші дүниежүзілік соғыс басталған шақта әскер қатарына шақырылды. 1943 жылы әскерден қашып, туған еліне оралуы – оның адамгершілік пен еркіндік идеясын ту еткен тұлға екенін көрсетті.
Соғыстан кейін Педретти білім жолын жалғастырып, Форлимпополи мұғалімдер институтын тәмамдады, кейін Урбино университетінде ағылшын тілі мен әдебиетін оқыды. Сол жерде ол «Америкалық қара поэзия мен музыка» тақырыбында ғылыми жұмыс жазып, поэзия мен мәдениет арасындағы байланысқа ерекше қызығушылық танытты. Нино Педретти тек ақын ғана емес, ұстаз, аудармашы, ойшыл тұлға ретінде де танылды. Ол Германия мен Италияның түрлі қалаларында ағылшын тілінен сабақ берді. 
Өмірінің соңғы жылдарында ақын ауыр дертке шалдығып, 1981 жылы 30 мамырда Римини қаласында дүние салды.

Ешкім білмейді

Ешкім ешқашан білмейді: 
Біздің өмір сүргенімізді, 
Біздің табанымыз тиген көшелерді. 
Ешкім ешқашан білмейді: 
Пойыз терезесінен 
Бірге көз салған теңізімізді 
Біз бірге тамақтанған дәмханалардың 
Орындықтарында отырып қалай тыныс алғанымызды. 
Ешкім ешқашан білмейді: 
Мұнда ешкім келмей тұрып,
Екеуміз 
Өмірдің кіре берісінде қол ұстасып тұрғанымызды.

Суық

Суық екеуміз жақын туыспыз. 
Бала кезімде ол менің төсегімде жататын. 
Мен есейгенде
түнгі күзетші болғаным үшін қуып жүретін. 
Ал әскерде ол менен екі саусағымды тартып алды. 
Бұл ештеңе емес.
Қазір мен оның дауысын сыртта қалған 
Иттердің жылағанынан естимін.

Кілем

Қартайған кезімде менімен бірге болуы үшін 
Мен өзіме үлкен көк кілем сатып алдым. 
Оның ортаңғы бөлігінде 
Құмды жағажайға ұқсайтын сары медальон бар. 
Бұл кілем түнде маған ерекше ұнайды, өйткені 
Менің бөлмем түнде теңізге айналады және 
Мен өз кереуетімде жүзіп жатамын 
Жас кезімде бармаған елдеріме саяхаттап
жүргендей сезініп...

Ас үй

Менің ас үйімде енді маған көрінбейтін
көлеңкелер бар. 
Олар енді тек асүйде ғана ғұмыр кешеді. 
Арадан елу жыл өтсе де, осында болатын сынды олар. 
Олар қағаз қапшықтарда,
жезден жасалған ойық жәшіктерде, 
Пияз толы себепттерде де бар. 
Мен енді оларды ұстай алмаймын. 
Тек шамды сөндірсем ғана қасыма келеді олар.

Кету

Мүмкін мен бүгін кетіп бара жатқандықтан 
Бау-бақша ерекше құлпырып тұр. 
Ағаштардың бәрі күн сәулесіне 
Шаштарын күйдіріп жатқандай. 
Мүмкін мен бүгін кетіп бара жатқандықтан 
Менің тереземнен бәрі теңізге кетіп бара жатыр. 
Мүмкін мен бүгін теңізге кетіп бара жатырмын.

Ескі фотосуреттерде

Ескі фотосуреттерде менің қалам 
Бұрынғыдан да ескірек, 
жаз кезінде тозып кеткендей көрінеді. 
Қайғылылар үшін түсірілген сынды бәрі. 
Жоғалған дидарлар мен дауыстар, 
Әңгімелер – ұзақ уақытқа ұмытылған уақыт.

Енді не болады

Мен шашымды, тісімді, 
Жақсы көруімді жоғалттым. 
Енді олар айва сынды жадымда сақталады. 
Бірақ менде өмірдің дәмі бар. 
Кәмпиттен аман қалғысы келген тістерімнің
күресіндей...

Түкке тұрғысыз адамдар

Біз сияқты түкке тұрғысыз адамдар 
Жол төсеп, мұнаралар салып, 
Қала қабырғаларын тұрғызды. 
Біз сияқты түкке тұрғысыз адамдар 
Айналаңыздағы барлық нәрсені қолдан жасады. 
Сыдырма жасау үшін соқыр болдық, 
Жіп иіру фабрикаларының шаңында өкпемізді құрттық. 
Әкке күйдік, жаңбырлы, тұманды түні
жүк таситын көліктерді жүргіздік, 
өзімізді өлтірдік. 
Бұл дүниені түкке тұрғысыз адамдар жасадық 
Және осының өзі-ақ жеткілікті.

Қария

«Бірдеңе істедің бе?», 
«Қайда болдың?», 
«Көшеде біреуді кездестірдің бе?», – деп менен сұрама. 
Мен қартайдым: 
Жолдастарымнан айырылдым, 
Ұлу сияқты жүретін болдым. 
Күн күркіресе қалпақ киемін, бақшаға шығамын. 
Терассада отырамын. 
Апельсин жеймін. 
Әйелімнің ақшасын үстел үстіне қойып кетемін. 
Балалар, жүру деген сондай қиын. 
Жаңа көзілдірік сатып алуға ақшам бар кезде 
Өліп бара жатқаныма өкінемін

Мысық

Өрт шығардың алдынан пешке қарап тұрған – 
Мысық. 
Қазір пеш жоқ, бірақ мен өртке қарап тұрмын. 

Аударған 
Роза АСПАНҚЫЗЫ