Айдана Қайсарбекқызы. Ерініңмін мен өртенген

Сөз бізден жеңілді, құштарлық құлпырды Құтпанда біз ойша оқыған хаттардан...

Apr 28, 2026 - 16:47
 3
Айдана Қайсарбекқызы. Ерініңмін мен өртенген

Айдана ҚАЙСАРБЕКҚЫЗЫ – ақын, жазушы, аудармашы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Е.Раушанов атындағы әдеби сыйлықтың» иегері. «Құр-Ман» және «Құс-Ман» кітаптарының авторы. 

Балет

Деміңде жаңбыр бар билейтін,
Тағдыр бар билейтін.
Түймедақ күлтесі секілді үміттер –
Ол сені сүйетін, (жоқ!) ол сені сүймейтін...

Дамылдап көрші, әлі 
ғұмыр бар өлшеусіз,
Көркемсіз! Еркемсіз ертерек кеп тұрған.
Сүймесем не болмақ? Сенім ше селкеусіз?
Сезім жоқ тоналмақ, келіңіз ертең сіз!
Сіз ертең келіңіз, су шашып ойнаймыз
Демімде жаңбыр бар билейтін
Тағдыр бар билейтін.
Сезімнен таймай біз, ойнаймыз ертеңмен
Көмкерген көктеммен көңілсіз күзді бұл.
Сізді іңір сүймейді дәл мендей, десе де
Дәрменсіз емес қой қыз ғұмыр!

Сізді бір ғаламат ғасырдай сый дейтін,
Жаным бар жалғанды сүймейтін,
Имейтін басқаға хан басын, нансын ел, нанбасын
Жаңбыр бар демімде билейтін...
Тағдыр бар билейтін...
Біз үшін!

***

Көз ілгендей ала алмасам шын дамыл,
Тілеуімді неге етпейсің бір қабыл?
Батылырақ бола салшы сен өзің,
Ақылдырақ болу маған мүлде ауыр.

Торғындай-ақ төзім жүйкем тозбасын,
Торғауыттай төзім жүйкең тозбасын.

Тоқымыңды жамылайын тоңғанда,
Иығыңа төгілейін толғанда.
Тағы еркелеп отырар ем жан барда,
Сәл ертерек қамдансайшы жол барда.

Боздай беріп болдым несін бозөкпе?
Жолың неткен алыс еді сөз еткен...
Сен тек мені іздеп келші қажет деп,
Мен де сені мадақтайын өжет деп.

Ақымақтық ақылыңнан озбасын...

Ақылдырақ болуым да мүлде ауыр,
Ақымақтау болуым да мүлде ауыр.
Сөздеріңнен үміт шамын көп жағып,
Жанарымда жарқырайды бір дәуір.

Салған әнін сағынышпен созғасын,
Мәжінүндей мұңға толы әз басым.
Тым болмаса салып жібер күртеңді,
Иісімен татулассын көз жасым.

***

Көздің демі бола ма?
Сөздің лебі?
Төздім деме, келіп тұр тез бүрлегім…
Сен айтшы, сездің нені?

Таң! Таң баласы таңданған;
Түн! Түн баласы толғанған;
Сен! Мен!
Сосын сөз бар емделген…
Әнім де бар үзіп барып жалғанған.

Жай ғана,
(Таңыңды атыр, түнің батыр, байлама!
Жалғыз жан да жүрегіңе меймана)
Көзіңді ашпа!
Өлем деп те ойлама…

Алақаныңда тұрған ыстық – менің тағдырым.
Кеудемде бұлқынған күш пе?
Сенің тағдырың!
Біз бақыттың жете алмаймыз түбіне,
Біз жаттап үлгермейміз барлығын.

Бірақ вальс билеп үлгереміз… алма аңқып.
Таң баласын таңғалтып;
Түн баласын толғантып.

Сөздің лебі, мінекей!
Көздің демі. Тынысташы көзіммен
Сездің нені?
Таң! Таң ерке!
Түн бе? Әлі ерте!
Ән ғана тез гүлдейді…

Кеудеңе еніп кеткені – менің тағдырым.
Алақаныма жұққаны енді сенің тағдырың.
Біз алмастырамыз мәнді әнге,
Біз араластырамыз барлығын.

Біз алмаға әнді алмастырамыз.
Біз қағбаға жанды алмастырамыз.
Біз азаптан да қашып шығамыз.
Біз армандарды да асықтырамыз.
Алыстан алқып армандарымыз келе жатқанда
Алдарынан жымиып қана тосып тұрамыз…
Екеуміз! Бірге!
Мәңгі!

Виски

Қайда едің, қайғыда ең.
Қайда едім, қайғыда ең...
Есіңде у бар ма біз ішкен шайкүрең?
Əкете алғам жоқ, кешірші, кешқұрым,
Əпере алғам жоқ ағытып айды мен!

Айыңнан тамшылап дұғаңдай ойларың,
Өзіңді, кінəм-ау, қайда əкеп байладың?
Қазығың қайғың ба, байланған өзің бе?
– Тағы бір айналым!
– Тағы бір айналым?
Күн шықты содан соң... жоқ енді ойда мұң.
Күніңнен тамшылап күнəңдай ойларың
Жайнамаз үстінде жайнадың.
Құтқара алмаған қайғыңнан мен ғана,
Құтқарған жалғыз-ақ дұғамдай ойларым.
Біз осы сөйлесіп үлгерген жоқ та едік,
Біз осы кездесіп үлгерген жоқ та едік,
Сонда өзің қайдасың?
Сонда өзім қайдамын...

Сөзің-ақ, сөзім-ақ айтылмай шет қалған.
Дұғадай ойлар ғой құшуға оқталған.
Сөз бізден жеңілді, құштарлық құлпырды
Құтпанда біз ойша оқыған хаттардан...

Қазығым ойым ғой, бұрымнан байладым...
«Тағы бір айналым!»
«Тағы бір айналым!»
Таң алды, түс іші, ұйқыда жатқанда
Үнсіз кеп сүйеді дұғаңдай ойларың. 
Құрандай ойларың!
Біздің сол ойымыз бақытты біздерден,
Сен сонда қайдасың?
Мен сонда қайдамын...

***

Күнім,
Бейтарап уақыттан бергі ойларымды айтсам,
Арманымды айтсам аңдашы.
Жолдарымды айтсам жоғымдай болған,
Шамдарымды айтсам жағылмай қалған
Бейтарап уақыттай болмашы.

Ақылымды алып өзіңе берсем,
Ақымақтығым деп еркелет.
Құласын қалған көңілдей жадау,
Мүжілсем берме өзіме ол.
Емініп барып егілмей қалған,
Есерсоқтау сәл кезім ол.

Енді өзіңмін мен, 
Оң көзіңмін мен!
Сол көзіңмін мен!
Ерініңмін мен өртенген.
Еркелеп келіп ертегімді айтам,
Желкенін жұлдыз көмкерген;
Ертеңімді айтам өзіңмен өтер...
Көктемімді айтам көзіңде бөккен;
Сөзімде бөккен төкпе нұрды айтам...

Ақылымды алып өзіңе берсем,
Ақымақтығым деп еркелет.
Ақымағым деп еркелет.
Жапырағым деп еркелет.
Содан соң саулап төбеңнен нұр боп,
Сөгіле қоям күлтелеп.