Есбол Асылбеков. «АЛЖИР» лагерінде азап шеккен әйелдердің өмір тарихы

Әйелдерді АЛЖИР-ге «күйеулеріңмен кездесесіңдер» деп алдап әкеткен ғой. Үйінен әдемі көйлегін киіп, қуанып шыққан әйелдер Ақмоланың ақтүтек бораны мен азапты лагерінен бір-ақ шыққан...

Oct 1, 2026 - 17:36
Oct 1, 2026 - 18:39
 7
Есбол Асылбеков. «АЛЖИР» лагерінде азап шеккен әйелдердің өмір тарихы
Есбол АСЫЛБЕКОВ – тарихшы, мұғалім. 1978 жылы, 5 желтоқсанда Түркістан облысы, Шардара ауданы, Көксу ауылында дүниеге келген. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің «Әлем тарихы» мамандығы бойынша білім алған. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де «Тарих» мамандығы бойынша магистратураны бітірген.
2021 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», 2023 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінң «Орта білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломымен марапатталған. 2026 жылдың қалалық Тамыз кеңесінде «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері болды. Көптеген Халықаралық, Республикалық конференция жинақтарына мақалалары басылып, баяндамалары еліміздің тарихшы ғалымдары тарапынан жоғары бағаланып жүр.
2023 жылы «Кенесары ханның ұлдары Жапар мен Сыздық сұлтандар» атты деректер жинағы жарық көрді. 
Бүгінде Шымкент қаласындағы А.П.Чехов атындағы № 21 жалпы орта білім беретін мектепте тарих пәні мұғалімі болып жұмыс істейді.
(Ғылыми мақала)
Аңдатпа. ХХ ғасырдың 30-40 жылдары КСРО басшылығы Қазақстанды лагерлер еліне айналдыруға әрекет жасады. Сөйтіп ел аумағында Карлаг, Степлаг, Жезлаг лагері және т. б. лагерлер бірінен соң бірі ашылды. Олардың бірі – халық арасында «АЛЖИР» деп аталып кеткен әйелдер лагері қазіргі Астана қаласына жақын жерде орналасқан болатын. Бұл жерге саяси айыптаулармен сотталған әйелдер Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен әкелінді. Бұлардың дені елдің белгілі мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлерінің әйелдері, аналары, қыздары болатын. 1937 жылы 15 тамызда «Отан сатқындарының» әйелдеріне қатысты ұсыныстарды егжей-тегжейлі түсіндірмемен сипаттаған КСРО ІІХК-ның шұғыл бұйрығы шығады. Онда қамауға алу сәтінен бастап, түрмеге жапқан кездегі, тергеу істерін жүргізу мен айыптау үкімін шығару, лагерьлердің біреуіне, тіпті нақты қайсы түрмеге жөнелткенге дейінгі барлық үдеріс толық қамтылды. Ол құжат бойынша сотталған адам қамауға алынған кезде онымен заңды түрде немесе іс жүзінде некеде болған, сондай-ақ, сотталған адаммен ажырасқанымен, оның контрреволюциялық қызметіне не тікелей қатысы бар, не оны жасырған, не оның контрреволюциялық қызметін білгенімен тиісті органдарға хабарламаған әйелдер міндетті түрде қамауға алуға жатқызылды. 
Түйінді сөздер: халық жауы, қуғын-сүргін лагер, колония, декрет. 
Кіріспе:
Қасиетті қазақ даласы талай зұлмат кезеңдерді бастан өткерді. Соның бірі – ХХ ғасырдың 30-50 жылдардағы қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары. Қазақ халқына көп қасірет пен қайғы әкелген сұрқия саясаттың озбырлығынан қаншама көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтарымыз мерт болды. 
Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін біз арыстарымызды ақтауға кірістік. Кезінде жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімін ел жадында жаңғырттық. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы. Осы ғылыми жұмыс Отанын сатқандардың Ақмола лагері немесе «АЛЖИР»-дегі жазықсыз аналар, әйелдер, әпке-қарындастар, қыздардың ауыр жағдайы, әйелдердің ақталу процесі барысындағы құнды дерек көздері негізінде жазылған. 
1937 жылғы 15 тамыздағы КСРО-ның ІІХК-ның №00486 бұйрығы Отанын сатқандардың отбасы мүшелеріне қарсы жаппай қуғын-сүргінді бастауға мұрындық болды. Бұл құжат ең алдымен саяси айып тағылғандардың әйелдерінің кінәсін еш дәлелдемей-ақ қамауға алуға және лагерлерге жіберуге құқық берді. 
Ақмола облысы, Малиновка ауылының аумағында (Астана қаласынан 40 км) өткен ғасырдың 1937-1953 жылдары аралығында ОСОМ (отанын сатқандардың отбасы мүшелері) бас бостандығынан айыру үшін құрылған ірі арнайы бөлімдердің бірі орналасқан. Ол отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері (АЛЖИР). 
Ақмола лагер (Алжир) арнайы бөлімшесі жұмыс істеген барлық кезеңде одан 5 мыңға жуық әйел өткен. 
ОСОМ (әйелдері, аналары, әпке-қарындастары, қыздары) әлеуметтік қауіптілік дәрежесіне қарай кемінде 5-8 жыл мерзімге лагерьлерде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Шындығында әлеуметтік қауіпті ОСОМ емес, сотталған адам екенін ескерген. Егер сотталушы өлім жазасына кесілген болса, көбінесе олар осы бап бойынша ең жоғары мерзім – 8 жыл алатын. Егер сотталушы жазасын лагерьде өтесе, онда ең қысқа дегенде 3 жылға дейін мерзім алатын. Лагерьдегі әйелдер бостандыққа шыққанға дейін күн санап, жазасын өтегеннен кейін оларды жаңа өмір күтіп тұр деп сенді. Алайда Алжир тұтқындарын босату процесі айтарлықтай кешіктіріліп, көптеген қиындықтар туғызды. 
Әйелдерді лагерьден босату бір реттік іс-әрекет ретінде емес, кезең-кезеңімен жүзеге асырылды және бұл жазалау мерзіміне ғана емес, КСРО НКВД-ның тиісті нұсқаулығына да байланысты болды. 
КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің 1930 жылғы 7 сәуірдегі шешімі бойынша, белгіленген жаза мерзімі өткеннен кейін тұтқын лагерь әкімшілігінің бұйрығымен ешқандай тергеусіз, сот шешімін күтпей-ақ дереу босатылды немесе Біріккен мемлекеттік саяси басқарма шешімімен босатылды. Бұл бұйрық көп жылдар бойы қолданыста болды. 
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, «АЛЖИР» төңірегінде жазылған ғылыми диссертациялар мен монографиялар, мақалалар да баршылық. А. Р. Кукушкина, А. И. Солженицын, Г. Смагулова тағы басқалардың мақалаларының маңызы айтарлықтай. Алайда, ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы қуғын-сүргін, ашаршылық тағы басқа мәселелер өзінің зерттеушілерін күтуде. 
Тақырыптың жаңашылдығы кеңестік жүйедегі тұтқындарды мерзімінен бұрын босату, рақымшылық жасау заңнамаларына жан-жақты талдау жүргізілген. Сонымен қатар, зерттеу жұмысының жаңашылдығы бостандыққа шыққан «минус 39» белгісі бар паспортты алған әйелдердің тағдыры жайлы естеліктерден мысал келтіре отырып, жан-жақты сипаттап беруден көрінеді. Тың деректер мен құжаттардың кең ауқымда қолданылуы жұмыстың ғылыми жаңалығын құрайды. 
Ғылыми жұмыстағы енгізілген ақпараттардың құндылығы, жеке тұтқындардың естеліктері алдағы уақытта «Алжир» лагері мен онда тұтқында болған әйелдердің тағдыры жайлы жүйелі көзқарас қалыптастыруға өз септігін тигізетіні анық. Сонымен қатар, бұл мәліметтер қуғын-сүргін кезеңіне зерттеу жүргізушілер кезінде жан-жақты пайдалануы мүмкін. 
Негізгі бөлім. 

І. Тұтқындарды мерзімінен бұрын босату мәселелері. 
1941 жылы 22 маусымда КСРО НКВД және КСРО Прокуратурасының №221 директивасы шықты, оған сәйкес «контрреволюционерлерді, қарақшыларды, рецидивистерді және басқа да қауіпті қылмыскерлерді лагерьлер, түрмелер және колониялардан босатуды тоқтату керек» [1, 27-28-бет], – деді. Бұл бұйрық ОСОМ әйелдеріне де қатысты болды, олар қауіптілігі бойынша бандиттермен және рецидивистермен теңестірілді, ал ең аз дегенде 3 жыл мерзімге ие болғандар, егер соғыс басталғанға дейін мерзімі аяқталмаса, әлі де лагерьлерде қалуы тиіс болды. 
1942 жылы 29 сәуірде №221 Директиваға өзгерту ретінде жаңа №185 Директивасы шықты, онда былай делінген: «1941 жылғы 22 маусымдағы 221 Директиваға сәйкес лагерьлерде, түрмелерде және колонияларда жазасын өтеген тұтқындар қамаудан босатылды, соның ішінде мемлекетке опасыздық, террор, тыңшылық, диверсия, троцкистер, оңшылдар мен қарақшылар үшін сотталғандарды қоспағанда, олар соғыстың соңына дейін қамауда болатындығын хабарлады. Жазасын өтеген барлық тұтқындар соғыс біткенге дейін лагерь аймағына бекітіліп, кетуге құқығы жоқ азаматтық тұлғалар ретінде НКВД лагерьлерінде жұмыс істеуге қалдырылсын» [1, 160-бет]. 
1942 жылғы 11 қарашада №185 директиваға қосымша НКВД мен КСРО Прокурорының №494/121С. с. тағы бір нұсқауы шықты, оған сәйкес НКВД-ның лагерьлері мен колонияларында еркін жалдау бойынша жұмыстарға қалдырыла отырып, директива тәртібімен №185 болып босатылған тұтқындарға қолдарына паспорт бермеуге, лагерьлер (колониялар) тек тиісті анықтама берумен шектелуі тиіс болды [1, 167]. Жалпы алғанда, мерзімі аяқталған 60 мыңға жуық тұтқын болды, бірақ олар лагерьде ерікті жалдамалы жұмысшы күйінде қалуға мәжбүр болды [2, 82-бет]. 
1945 жылғы 7 шілдедегі «Гитлерлік Германияны жеңуге байланысты рақымшылық жасау туралы» жарлық көптеген тұтқындарды жазадан босатты, сонымен қатар революцияға қарсы қылмыстар, социалистік меншікті ұрлау, бандитизм, жалған ақша жасау, қасақана кісі өлтіру, қарақшылық үшін сотталған адамдардың қалған мерзімін жартылай қысқартты [3, 24, 27- бет]. Өкінішке орай, көптен күткен рақымшылық саяси қылмыстар үшін сотталғандарды айналып өтті, ең көп 8 жыл мерзімге сотталған әйелдердің көпшілігінің уақыты бітсе де, арнайы бұйрық шыққанға дейін сол жергілікті жерде қалуы керек деді. 
КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің 1930 жылғы 7 сәуірдегі шешімі бойынша, белгіленген жаза мерзімі өткеннен кейін тұтқын лагерь әкімшілігінің бұйрығымен ешқандай тергеусіз, сот шешімін күтпей-ақ дереу босатылды немесе Біріккен мемлекеттік саяси басқарма шешімімен босатылды. Бұл бұйрық көп жылдар бойы қолданыста болды. Ақырында, 1946 жылғы 24 маусымда «КСРО НКВД директивасының күшін жою туралы №00585/00251/107С. с. КСРО-ның ішкі істер министрінің, КСРО-ның мемлекеттік қауіпсіздік министрінің және КСРО Бас Прокурорының 1941 жылғы 22 маусымдағы №221 және 1942 жылғы 29 сәуірдегі №185 және одан кейінгі толықтырулар енгізу туралы қамаудағылардың кейбір санаттарын қамау орындарынан босатуды жөнінде бұйрық шықты. Жазасын өтеген және лагерьге еркін жалдану жағдайында жұмыс істеу үшін қамауға алынған адамдарды оларға паспорт туралы ережеге сәйкес режимдік шектеулер қолдана отырып, жұмыстан босату ұйғарылды. Оларға (жеке іс бойынша қолхатпен) КСРО-ның кез-келген аймағында, режимдік жерлерден басқа, тұруға рұқсат етілгені, кету кезінде тиісті құжаттар мен жол жүру билеттерін бергені туралы хабарланды. Жаза мерзімін өтеген, бірақ соғыс аяқталғанға дейін түзеу-еңбек лагерлерінде ұсталғандарды қамаудағылар мен ерікті жалдамалылар жағдайында босату – біртіндеп жүргізілсін және 1946 жылғы 1 қазанға дейін аяқталсын. Алдағы уақытта сотталғандарды КСРО ІІМ қамау орындарынан олар үшін белгіленген жаза мерзімі аяқталған күні босатсын» [4, 165-бет]. 
Тұтқындардың есеп карточкаларында ешқандай заң бұзушылық байқалмады: егер 8 жыл лагерьде жазаға кесілген әйел, мысалы, 15. 11. 37 жылы сотталған болса, онда сол күні, 8 жылдан кейін, ол босатылды деп есептелді және карточкаға 15. 11. 45 жылы босатылды деп жазылған жазба енгізілді. Ресми мерзімі аяқталғаннан кейін әйелді тікенді сымның екінші жағына қоныстандырды. Ерікті жалдамалы ретінде ол өзінің толық босатылуын күтіп, бұрынғы орнында жұмысын жалғастырды. 
Тұтқындарды мерзімінен бұрын босату туралы мәселеге келетін болсақ, ол әйгілі 58-бап бойынша сотталған әйелдерді де айналып өтті. Кеңес мемлекеті мен құқығының тарихында әйелдерді мерзімінен бұрын босату туралы құжаттары белгілі. Мысалы, 1923 жылы 5 наурызда КСРО БОАК-ның әйелдерді мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы Декреті шықты. 
Бір жылдан кейін, 1924 жылғы 22 ақпанда ОСК-ның тағы бір Декреті шықты, онда былай делінген: «Өткен жылғы тәжірибенің негізінде рақымшылық жасау салдарынан қамаудан босатылғандардың, кездейсоқ немесе мұқтаждығы бойынша қылмыс жасағандардың, жұмысшылар мен шаруа әйелдерінің адал еңбекке оралғанына көз жеткізгеннен кейін, КСРО Одағы ОСК Төралқасы қаулы етеді және осы жылы шартты түрде босатылсын. Әйелдер мерекесі күніне жарты немесе одан да көп жаза мерзімін өтеп жатқан шаруалар мен жұмысшылар қамаудан босатылсын, олардың жаңа қылмыс жасау мүмкіндігі қауіп төндірмейді» [5, 197-бет].
Бұл ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы жағдай болды. Бірақ 30-шы жылдары, репрессиялық машина қарқын алған кезде, босатудың мұндай тұжырымдары мен себептері мүмкін болмады. Мысалы, КСРО Кеңесінің президиумында тұтқындарды мерзімінен бұрын босату туралы мәселе туындаған кезде Сталин өзінің түзетуін жасады: «Біз жаман жасап жатырмыз, мұнымен лагерьлердің жұмысын бұзамыз. Бұл адамдарға босату, әрине, қажет, бірақ мемлекеттік шаруашылық көзқарасымен жаман. Ең жақсы адамдар босатылады, ал нашар адамдар қалады. Олар жұмыста қалдыратындай етіп, бұл істі басқаша қарауға болмас па екен? 
Осы жобаны бүгін мақұлдамай, Халық комиссариатына адамдарды орнында қалуға мәжбүр ететін басқа құралдарды ойлап табуды тапсырайық», – деді. Бұл іс-әрекетке арналған ұсыныс нұсқаулық ретінде қабылданды. «1938 жылғы 25 тамыздағы «НКВД лагерлері туралы» жарлықпен КСРО НКВД лагерлерінде жазасын өтеп жатқан сотталған адам сот белгілеген мерзімді толығымен өтеуі керек деп шешілді» [5, 213-215-бет].
Бұл ереже Берияның яғни, СССР Ішкі істер комиссарының 1939 жылғы 15 маусымдағы №0169 бұйрығымен бекітілген [6, 52-58-бет].
Міне, осы кезде ОСОМ ретінде сотталған әйелдер лагерьлерді толтырған кезде, олар үшін лагерь бастығы немесе 3 бөлім бастығы өтініш бере алатын жағдайларды қоспағанда, тұтқындардың барлық санаттарын мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу туралы бұйрық шықты. Осылайша, Ақмола бөлімшесінде 1939 жылдың екінші жартысынан бастап ерекше режимді алып тастаумен қатар, тағы бір маңызды оқиға орын алды: жазаның қалған мерзімін жер аударуға ауыстыру. 
Мерзімінен бұрын босату мәселесін әйгілі ресейлік ғалым А.И.Солженицин талдады. Ол: «1939 жылғы кері шығарылым – бұл органдар тарихындағы керемет жағдай! Бірақ бұл антипоток аз болды, шамамен бір-екі пайыз» [7, 83-бет].

2. Алжир басшылары жөнінде баға берген әйелдердің естеліктері. 
Сонымен, 1946 жылғы 24 маусымдағы №00585/00251/107 бұйрыққа сәйкес, лагерьлердің максималды мерзімін алған әйелдер 1946 жылы босатылып, босату туралы анықтама, сондай-ақ құқығынан айыру туралы төлқұжат алып, жаңа өмір бастауға мәжбүр болды, өйткені бұрынғы өмірін жалғастыру мүмкін болмады. Егер лагерьде әйел тезірек босатылуға және бұрынғы өміріне оралуға үміт артса, әсіресе оны сол бап бойынша сотталғандар қоршап алып, онымен барлық жағдайы салыстырмалы түрде тең болғандықтан, оның көптен күткен бостандығына қол жеткізгесін, өзін жалғыз қалдырды. 
Ол мерзімін өткізіп, жасамаған қылмысы үшін жазасын толық өтедім деп ойлап, бостандыққа шыққанда басқа әлемге түсті. Ал ол әлем оған жабық болды, себебі «халық жауы» деген таңба өмір бақи, яғни лагерьден кейін де қалды. Кеңестік жала жабудың арқасында Кеңес өкіметінің жауы деп жарияланған адам олардың пікірінше, социалистік жүйенің идеалдарына опасыздық жасаған деп барлық адамдардың жеккөрушілігін тудыратын, ел «халық жауларын» айыптап, әшкерелеу керек деген ойға үйренді. Кеңес халқы нағыз қылмыскерлерді түсініп, кешіре алды, бірақ «отанын сатқандарды» жек көруді үйренді. Жек көру сезімі олардың отбасы мүшелеріне де таралды. 
Республикалардың астаналарында және басқа да ірі қалаларда тұруға тыйым салатын «минус 39» белгісі бар паспортты алған әйелдер барлық шын болмысымен бұрынғы үйлеріне барып, туыстарына оралуға тырысты. Егерде ол өз үйіне және өзінің туыстарына келіп, және сол туыстарымен бірге өмір сүре алатын болса, өзін бақытты деп есептеді. Әрине мұны істеу оңай болған жоқ, біріншіден, барлығы қамауға алынғанға дейін өмір сүрген ірі қалаларға бара алмады, екіншіден, баратын жері болмады, туыстары да, достары да, тіпті пәтерлері де болмады. Үшіншіден, туыстары әрқашан ашық көңілмен күткен жоқ. Жиі жұмысқа қабылданбады, тұрғылықты жерге тіркеуге қоюдан бас тартты. 
Мысалы, Алжирдің тұтқынында болған М. Л. Даниленкода осылай болды. Оның естеліктерінен: «Лагерьден босатылғаннан кейін ол Украинаға келді. Онда оның ата-анасы мен ұлы қалған еді. Бірақ 1946 жылы құрғақшылықтан туындаған аштық мұндағы адамдардың ең жақсы қасиеттерін қалдырмады. Оның мұнда келуі өзі үшін де, туыстары үшін де тиімсіз болды. Ұлы оны мойындамады, оған ата-анасы да көмектесе алмады және көмектескісі де келмеді. Мария Львовнаға Ақмолаға оралудан басқа ештеңе қалмады, яғни оның қайта келуі оған да, айналасындағыларға да қалыпты жағдай болды» [7, 141-бет].
Армандар мен үміттер бір күнде құлдырады, олардың орнына ертеңгі күнге деген үміт пен сенімсіздік пайда болды. Өмір сүру үшін жұмыс істеу керек болды, бірақ бір жерге жұмысқа тұру өте қиын еді. 
Лагерьден кейін де әйелдер бір-біріне көмектесуге тырысты. Жұмысқа орналасып, кішігірім үй алса, олар лагерьдегі достарын шақырып, біраз уақыт бірге тұрды. Осылайша Ақмолада және оған жақын орналасқан ауылдарда Алжирдің бұрынғы тұтқын әйелдері орналасып қалды. Біразы кейін елдеріне қайта оралғанымен, көбісі өмірінің соңына дейін сонда қалды. 
Тұтқыннан босаған Қ.И.Мальцевой естеліктерінен мысал келтірейік: «Екі шағын балалармен баспанасыз, аздаған ақша сомасымен қалған. Енді қайда бармақ? Алматыдағы достарына баруға тыйым салынған. Свердловскідегі туыстары да бұның келгеніне онша разы болмайды. Сондықтан Ақмолада қалуға тура келді. Мен жұмыс іздеп кәсіпорындарға бардым, бірақ кадрлар бөлімінде олар менің анықтамамды көргесін, қақпадан шығарып жіберді. Амал жоқ вокзалда ұлдарымен бірге қонуға тура келді. Тек нан мен суға амалдап ақшасын жеткізді. Соңғы ақшасын ұрыға алдырды. Қалтасында бір тиын қалмады» [8, 171-бет].
Бұндай жағдай жалғыз емес еді, мұндай жағдай көптеген әйелдерге тән болды. Жалпы бақытсыздық оларды бір-біріне мәңгілікке жақындатты. Тұтқыннан босатылғаннан кейін, осында Ақмолада қалғандар жиі бірге жиналып тұрды. Галина Рачкованың қызының әңгімесінен: «Мереке күндері көптеген дәмді тағамдар дайындалды, өйткені бұл әйелдер сонша уақыт аштықта болды. Барлық мерекелерді бірге өткізді» [8, 173-бет] .
«Босатылғаннан кейінгі әрбірінің ерік-жігері сақталмады», – деп атап өтті И.Н.Шубрикованың ұлы Константин. «Көпшілігінен балалары бас тартты, ал басқаларының тіпті туыстары да қалмады. Біреулері Мәскеуге, Ленинградқа кетті. Анам екеуміз де жиналдық. Оған әкем бұрын жұмыс істеген жерде-Фрунзе, Куйбышев, Новосибирскіде тұруды ұсынды. Ирина Николаевна тікелей партия комиссиясы төрағасының кабинетінде қызулана айтты: «Мен өмір бойы қайда өмір сүрдім, сонда қаламын», – деді. Олар оған мұнда үй салды, өмірінің соңына дейін осында агроном болып жұмыс істеп, қайтыс болды. Ал соңынан біразға дейін хаттар келіп жатты. Бұрынғы бөлімше бастығы Баринов жайлы көпшілігі жазды. Оны әйелдер құрметтеді, себебі, ол белгілі бір дәрежеде гуманист болды, бірақ бұйрықтың аты бұйрық екенін бәрі білді. Юзипенконың жайлы да жазды, тіпті ол анамнан оның қандай да бір еңбегін растауды талап етті» [9, 185-186 бет].
Айтпақшы, Алжир басшыларына баға берген әйелдердің барлық естеліктерінде пікір сәйкес келді және келесідей болды: «Юзипенко бізбен менмендікпен сөйлесті, бізге «азаматшалар» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Тағы бір бастық Баринов болса бізбен жұмсақтау сөйлесті. Ол бізге: «қыздар, әйелдер қалай тұрып жатырсыңдар» деп әрдайым сұрап тұрды. Кей кездерде тіпті бірқатар жеңілдіктерге де барды» [9, 203-бет]. Бұл бұрынғы тұтқын К.ИМальцеваның және басқа лагерьде болғандарға тән ортақ пікір. 
М.Т.Юзипенконың бұрынғы тұтқындармен хат-хабарлары сақталған, хаттар негізінен 60-шы жылдары жазылған. Достық мазмұнда жазылғаны көрініп тұр. Іс жүзінде бұл хаттардың барлығы жазу машинкасында басылғандықтан бір-біріне өте ұқсас. Бұл хаттарды егер де біреу оған арандатушылық сұрақтар қойған жағдайда көрсету үшін дайындап, үйінде сақтап қойған [10, 204-бет]. Жұмыстан кейін ол Целиноградта қалды, онда қайтыс болғанға дейін тұрды. Сонымен, лагерьден босатылғаннан кейін де әйелдерді қоғам қабылдамады және «халық жауы» деген таңбаны одан әрі қарай алып жүруді жалғастыра берді. 
Революцияға қарсы қылмыстар үшін қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау 50-жылдардың ортасында болғаны және КОКП-ның ХХ съезінен кейін, сонымен қатар 1956 жылғы 30 маусымда қабылданған «жеке басына табынуды және оның салдарын еңсеру туралы» партияның ОК-нің қаулысынан кейін ерекше жанданғаны белгілі. ОСОМ ретінде сотталған әйелдердің барлығы дерлік 50-ші жылдардың екінші жартысында ғана ақталды. Оларды айыптау жөніндегі істерді әскери трибунал қайта қарады, қамауға алу туралы Арнайы Кеңестің қаулылары алынып тасталды және ақтау туралы анықтамалар берілді. 
Кейбіреулеріне 1937-1938 жылдары шығарылған үкімдердің, оларды «халық жауы» деп санаған үкімдерді жою үшін он жылдан астам уақыт күтуге тура келді. 
Жаппай қуғын-сүргін жылдарында саяси себептермен сотталған адамдардың барлығын толық ақтау жарияланған бақытты күнге дейін бәрі бірдей өмір сүре алмады. 
Қорытынды.
1930-40 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін кезіндегі әділетсіз сотталған азаматтарды ақтау қадамдары:
1987 жылғы 28 қыркүйекте КОКП ОК Саяси Бюросының «30-40-шы жылдар кезеңінде орын алған және 50-ші жылдардың басындағы қуғын-сүргінге байланысты материалдарды қосымша зерделеу жөніндегі КОКП ОК Саяси Бюросының комиссиясын құру туралы» қаулысы шықты, онда КСРО прокуратурасы мен мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне азаматтардың шағымдары және өтінішінің бар-жоғына қарамастан, істерді қайта қарау жөніндегі жұмысты жалғастыруға нұсқау берілді [11, 15-16-бет].
Жаппай қуғын-сүргін кезінде әділетсіз сотталған азаматтарды толық ақтау жолындағы маңызды қадам КОКП ОК Саяси Бюросының 1989 жылғы 5 қаңтардағы қаулысы болды, онда тарихи, құқықтық әділеттілікті қалпына келтіру қазір үлкен саяси мәнге ие болды. Біздің социалистік құқықтық мемлекет қалыптастыру жолындағы ілгерілеуіміз, қоғамдық сананың дамуы көп жағдайда осыған байланысты. Барлық жазықсыз сотталғандардың толық ақталуын, олардың мәңгі есте қалуын жұртшылық, зардап шеккендердің туыстары мен жақындары күтуде [11, 17-18-бет].
1990 жылдың 1 қаңтарына КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1989 жылдың 16 қаңтарындағы Жарлығына сәйкес 87288 адам ақталды. «Үштік» алқалар мен ерекше кеңестердің шешімдері бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандарды, сондай-ақ сот және прокурорлық органдардың шешімдерімен жауапкершілікке тартылған 31342 адам болды [11, 328-бет].
1990 жылғы 13 тамызда КСРО Президентінің «20-50 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің барлық құрбандарының құқықтарын қалпына келтіру туралы» Жарлығы шықты, онда партияның ХХ съезі бастаған жұмыс дәйексіз жүргізілгенін және 60-жылдардың екінші жартысында шын мәнінде тоқтағанын және материалдарды қосымша зерделеу жөніндегі арнайы комиссия 80-жылдардың ортасынан бастап қайта басталғанын атап өтті. Қуғын-сүргінмен байланысты мыңдаған жазықсыз сотталғандар ақталды және саяси істер бойынша ОГПУ-НКВД-МГБ органдарының соттан тыс шешімдері заңсыз деп танылды [12, 155-бет].
1991 жылы 18 қазанда қабылданған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Ресей Федерациясының Заңы саяси себептер бойынша барлық сотталғандарды ақтау бойынша жұмыстың аяқталуы болды. Осыған ұқсас заң Қазақстанда 1993 жылғы 14 сәуірде қабылданды, ол заң бойынша 1917 жылғы 25 қазаннан (7 қарашадан) кейін Саяси қуғын-сүргіндерге тікелей ұшыраған барлық адамдарға осы қуғын-сүргіндердің барлық құрбандарын ақтау, оларға келтірілген моральдық және материалдық залалдың қазіргі уақытта барынша мүмкін болатын орнын толтыруды қамтамасыз ету мақсатында қолданылды. 
«Ата-аналарымен немесе олардың орнындағы адамдармен бірге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған балалар да саяси қуғын-сүргіннің құрбандары деп танылады» [12, 161-162 бет]. Шынында да, осы заң шыққаннан кейін, қазір репрессия жылдарында «саяси қылмыстар» үшін сотталған әрбір адам тиісті органдарға хабарласып, ақталу туралы анықтама ала алды. 
Кейіннен Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жыл республикада Жалпыұлттық келісім және Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жарияланды [13, 5-бет].
Сол жылы республика азаматтары мен қоғамдық бірлестіктерінің өтініштерін ескере отырып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру мақсатында Президент Н.Ә.Назарбаевтың 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгілеу туралы Жарлығы шықты. 
Осылайша, Алжирдің тұтқындары жазасын өтегеннен кейін де лагерьден әрдайым босатыла бермейді. Бұрынғы тұтқындардың едәуір бөлігіне деген қоғамда түсініспеушіліктер кездесті. Билік тарапынан тұрғылықты мекенге тіркеуді шектеу, ірі қалаларда тұру, жұмыс істеу, оқуға және т.б. тыйым салу бойынша әкімшілік шаралар болды. 
«АЛЖИР» мемориалдық музей кешені экспозициялық-көрме бөлімінің басшысы қызметін 22 жыл атқарған Раиса Жақсыбаеваның сөзінше, АЛЖИР азабын көрген куәгерлердің кездесуіне алғаш 15 әйел қатысқан. Раиса бұрынғы тұтқындардың бәрі бірдей кездесуге ықыласты болмағанын айтып, мұны бір кезде азап шеккен жерге деген қорқынышпен байланыстырады. 
«Әйелдерді АЛЖИР-ге «күйеулеріңмен кездесесіңдер» деп алдап әкеткен ғой. Үйінен әдемі көйлегін киіп, қуанып шыққан әйелдер Ақмоланың ақтүтек бораны мен азапты лагерінен бір-ақ шыққан. Сондықтан 1989 жылғы шақыртуды да «АЛЖИР-ге қайтарудың ескі амалы болар» деп күдіктеніп, қорыққандар болған», – дейді Раиса Жақсыбаева. 
1989 жылы ауыл тұрғындарының барлығы қатысқан кездесуде АЛЖИР әйелдері лагерьде көрген азабы жайлы баяндап, өздерімен әкелген деректерді естелікке қалдырған. Осы кездесуде бұрынғы тұтқындар қуғын-сүргін құрбандарының аты өшпес үшін арнаулы музей ашылса деген тілек білдірген. 
2007 жылы ақпанның 27-сі күні сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақмол кентінде АЛЖИР мемориалдық музей кешенін ашу туралы жарлығы шықты. 
Пайдаланылған әдебиеттер: 
1. Сборник законодательных актов о репрессиях и реабилитации жертв политических репрессий. -223 с, (158). 
2. Земсков В. Н. Гулаг:( историко-социальный аспект)//Социологические исследования. -1991 г. - №6 –С 10-27(22). 
3. Сборник законов СССР и указов Президиума Верховного Совета СССР (1938-1956) – М. Госюриздат, 1959, -С 407
4. Сборник законодательных и нормативных актов о репрессиях и реабилитации жертв политических репрессий. – 223 с. 
5. Сборник нормативных актов по советскому исправительно-трудовому праву ( 1917-1959). - М. Госюриздат, 1959 г. - С 118
6. Кукушкина А. Р. Акмолинский лагерь жен «изменников Родины»:история и судьбы. – Караганда, 2002 г. –С 136
7. Солженицын А. И. Архипелаг Гулаг. 1918-1956 г. г. опыт художественного исследования. В 3-х –М. Советский писатель, Новый мир. -585 с
8. Смагулова Г. Не утихающая боль// Целиноградская правда. -1989 г. 26 апреля. 
9. Коваров В. Правда «АЛЖИРА» // Ленинская смена. - 1988 г. 2 июня
10. Государственный архив г. Астаны. Ф. 370. Д. 50
11. Реабилитация. Политические процессы 30-50-х годов. -М. Политиздат, 1991 г. -461 с. 
12. «О реабилитации жертв массовых политических репрессий». Закон Республики Казахстан// казахстанская правда. – 1993 г. 1 июня. 
13. Указ Президента РК « Об обьявлении 1997 годом Общенационального согласия и памяти жертв политических репрессий»// Юридическая газета РК. -1997 г. 8 января. 
14. Хабаршы. Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ №3 (43). 2005 ж. 111-116 б.