Мерей Қарт. Құдайдың түсі – Өмір де...

Қосылып қайтқан қазға елігіп ем, Құскөңіл жербауырлап ұша алмады...

Jun 27, 2026 - 13:50
Jun 27, 2026 - 14:06
 14
Мерей Қарт. Құдайдың түсі – Өмір де...

***

Жаз дәурен шарбы бұлттай ыдыраған,
Күндер-ай, аққан судай зымыраған.
Құстұмсық қайран шақтар кәусарынан,
татуға жеткізер ме ғұмыр аман?!

Беймәлім бәрі-бәрі, қыс алдағы...
Жорыған жақсылыққа түс алдады.
Қосылып қайтқан қазға елігіп ем,
Құскөңіл жербауырлап ұша алмады.

Жан мұздап, тоңазыды су сүйегі,
Қырдағы гүл де дір-дір бүрсиеді.
Жәудіреп қимай кеткен Жаз көзінен,
Мендегі жүрек, шіркін, мұң сүйеді.

Бағынбас, бұрылмас та тағдыр, бақыт...
Көшеді жазбен бірге мөлдір уақыт.
Ойнатып жай оттарын жан-дүнием,
Тұр міне, сағынышын жаңбырлатып.

Толқимын жиі-жиі көлдей күзгі,
Түсемін сергелдеңге, өрлей құзды... 
Сонда да мәңгі сүйем, өкінішсіз,
Өмір-ай, ең ғажайып сендей қызды!

Жан-амалы

Ауа райы, амал кірмей бұзылдың.
Ал, сенің не, жабырқаулы жүзің – мұң?
Жар шетінен баяу сырғып барады,
Әне, қара, жарған қарбыз – қызыл Күн!

Қабағыңнан қар жауып тұр, мұң есіп?
Жадырашы, жұлдыздарға ілесіп.
Көктем жәйлі ой салып өт көшеге,
Жүрегіңе нұрдан қызыл гүл өсіп!..

Қиялыңнан құс ұшырсаң қырларға,
Одан асқан ғазал бар ма, жыр бар ма?!
Еркелеші, иығыма бас сүйеп,
Шын сүйетін бір адамың тұрғанда!

Ән айтайық ешкім әлі салмаған,
Жақынырақ отыршы енді сәл маған!
Екеумізге ортақ ұғым – махаббат.
Екеумізді тербететін сол ғалам!

Көңіліңді енді қайда бұрайын?
Неге солғын шырайың?
Жадырашы!.. 
Жаратты ғой Біз үшін,
Бұл әлемді көркем етіп Құдайым!

Кейде мен

Кейде Мен –  
суы тартылған өзеннің арнасындаймын,
Ішім тұрады аңырап.
Кейде мен –  
Теңіздің толқын жалғасындаймын,
жағаға келген жамырап.

Кейде Мен –  
төмен тартатын шыңырау шатқалындаймын,
Түнек төнеді төбемнен.
Кейде Мен –  
Аспанның жұлдыз-шоқтарындаймын,
жарқ еткен нұрлы әлемнен!

Кейде Мен –  
Бетбақдаланың қаңсыған құм-сорындаймын!
Кенезем кеуіп тұрады.
Кейде Мен –  
таулы өлкенің сел-нөсер, бұршағындаймын,
қанғанша жауар құмары.

Кейде Мен –  
құйындай ойнап, дауылдай аласұрамын,
ұшқынын шашып үміттің.
Сондықтан болар жанымның наласы қалың...
Арылтар кім бар?! 
Күдікті!..

Кейде Мен —
шу асау сынды тулаймын,
бауырға алып,
ер-тоқымын ескі-тоз...
Кейде Мен –  
мауқымды басам ауылға барып!
Қарияларға да ескі көз!..

Кейде Мен –  
сурет саламын, музыка ішімде ойнап!
Өлең тұрады көңілде!
Кейде Мен –  
Өңімде солғын жүремін, түсімде – жайнап...
Құдайдың түсі – Өмір де!

***

Бал ұсынған, ал бірде у ұсынған...
Жалған.
Сусып кете беретін уысыңнан...
Арман.

Тыныштық жоқ, тұрса да Бағың қонып.
Күдік.
Ой ұшында көрінген сағым болып...
Үміт.

Бір жабырқап, бір күліп, бір мұңайған...
Сезім.
Жаратылған о баста Күн-Құдайдан...
Өзің!

Келмейтұғын тұсауға, күрмегенге...
Уақыт.
Ұшып кетер, қадірін білмегенге...
Бақыт.

Есің шығып шаттықтан, 
көз ілмесең!..
Сүю.
Ішке түскен өртті де сезінбесең...
Күю.

Көп адасып, жол тапсаң жаңылыспай...
Мұрат.
Ой қиналса тым жиі, алып ұшпай...
Сұрақ.
Елің үшін қинала өлеңдетсең...
Ғұмыр.
Құлағыңды әрнеге елеңдетсең…
Күбір.

Күн көзінен төгілген нұр секілді...
Көңіл.
Жүрегіңнен төгілген жыр секілді…
Өмір!

Қарлығашым

Қарлығашым, келсеңші ұшып маған, 
Мекенім – сол ауыл-бақ!
Мына Жалған – жыланкөз, мысықтабан...
Жүрейін қорғауылдап.

Қарлығашым, ұқсайды долы күзге,
дүние – қырғи-тырнақ.
Басы аян ғұмырдың соңы бізге
беймәлім, кілең жұмбақ!..

Қарлығашым, аңдап ұш, абайлап ұш,
Тіршілік – құрылған тор.
Қырсық құрғыр – әлсізді маңайлағыш.
Күдік те бір ұрған сор!

Жылантекті қатердің де тілі – айыр.
Құлқынның араны кең.
Бірі – сойыл, тағдырдың, бірі – дойыр,
отайды орағымен!

Қарлығашым, қақсаңшы қанатыңды!..
Қинайды мені де мұң!
Жарқанат-Ой кезеді қара түнді,
шыққанша көгіме Күн!

Саралақаз

Саралақаз, Саралақаз!
Бауыр бастың далаға боз!
Басымыздан екеуміздің
Ауып тағы бара ма Жаз?!

Саралақаз, Саралақаз!
Әуеніңді ауаға жаз!
Жаз өткенін жапырақ айтса,
Жаныңды ол жараламас!

Саралақаз, Саралақаз!
Кідірсеңші қалаға аз!
Қария да елпең қағып,
болар еді бала да мәз!

Саралақаз, Саралақаз,
Сен дарыттың санама саз!
Өзіңді іздеп көлге жеттім,
Сақталсын деп арада наз!

Саралақаз, Саралақаз...

***

Екеуміз, келеміз аяңдап,
Әңгіме жаз жайлы...
Көзіңнен, мөп-мөлдір ой аулап,
тарқады аз қайғым.

Өкпешіл едің ғой...
Өткен жаз,
О да бір кез еді.
Қарашы, 
Біз үшін Көктем мәз,
Көңілді сезеді.

Алаулар үп еткен желден де
Сезімнің ұшқыны.
Сайрайды өзің деп кеудемде,
Гүл сөзі...
Құс тілі!

Қақ жардым қараңғы түн ішін.
Тек сенде, қаперім.
Құшып ем, 
Жиілеп тынысың,
өртеді от ерін.

Ал, енді қайтейін маздамай,
шарпыса от демің.
Байқамай қаламыз жаз қалай,
өткенін!

Ғазал

Семейтаудың сауырынан сырғыды,
сырға қанып сырғалы Ай!
Қыр басында қылығы бал құрбыны
құшақтаймын құр қалай?!

Жол-жөнекей жұлдыздарды сиреттік.
Шөкімдей бұлт төбемде.
Бойымызды бірте-бірте үйреттік
сүйіп... құшу дегенге...

Әлденеден бұрыңғыдай қысылып,
ұялудан адамыз.
Қос жүректен құсша тілек ұшырып,
жадырасып аламыз.

Аунаймыз кеп, асыр салып шалғынға!..
Біз – көңілді, Жаз – мұңлы.
Шынымен-ақ ғашық болып қалдым ба?
Шаттығым ба аз күнгі?!

Тағдыр шіркін тағдыр емес шүбәсіз...
Сірә, кештеу жолықтың...
Мөлдіреген жанарыңнан күнәсіз,
өмір жайлы гәп ұқтым!..

Тәтті азап

Күн ұзады, Ай аунады, жыл ауып.
Көктем өтті нөсерлі.
Жүрегіңді жылытпады бір ауық,
сөз де, ән де әсерлі.

Дүниеден дауа таппай сандалдым,
тілеп алған дертіме.
Бұл – ғұмырдан баз кешуге сәл қалдым...
Ынтызармын көркіңе!

Сан телмірдім әуеге де, жерге де.
Кезікпедің жолымнан.
Көкіректен шықпай қойды шер неге?
Мұң ілесті соңымнан.

Қу тірліктің қалмағандай еш құны,
самарқаумын. 
Құлықсыз.
Көлбеңдейді көлеңкемнің кескіні,
Сенсіз әлем сұрықсыз!

Қала, Дала – жарығы мен кеңдігі,
түсірмейді жаңға нұр.
Ойлап жатсам, өмір де сол ендігі…
телміртеді жолға құр.

Сүю деген – түс көрсең де мазалап,
Бітпейді екен шіркіні…
Ғашық қылу – айыпсыз-ақ жазалап,
азаптаудың бір түрі.
Бір қарасаң күлкілі!..

Дидактика

Ең ауыр сөз – ана үні, күрсінген.
Ең зілсіз сөз – әке боқтап, сыбаса.
Кімге керек мейірімсіз құр сүлдең,
Жүрегіңді кім жұбатар, жыласа!

Ең таза сөз – сәбилердің күлкісі.
Ең кіршең сөз – уәдесі суайттың.
Күнің түссе, кегжиеді сұм кісі,
Шатағы жоқ бір айттың не, мың айттың.

Ең өткір сөз – жан досыңның шындығы.
Ең сорлы сөз – өтірігі арсыздың.
Ұят кетсе – дүниенің сұмдығы.
Сан соқтырар үмітіңді сансыз мұң.

Ең жылы сөз – жымиғаны жұбайдың.
Ең суық сөз – ағайынның аразы.
Дәрменсізбіз алдында бір Құдайдың,
және біздік әр бір іске таразы.

Ең асыл сөз – өсиеті абыздың.
Ең ынжық сөз – ұнжырғасы жасықтың.
Жүрегінде сәулесі жоқ – жауыздың.
Жанарында от болмайды пасықтың.

Ең тәтті сөз – ғашықтардың тілінде.
Ең ащы сөз – көргенсіздің көзінде.
Тек ғаділет жеңіп шығар түбінде.
Бақыт кілті – сабыр және төзімде.

Ең көркем сөз – жазушының шабыты.
Ең олақ сөз – ауызында аңғалдың.
Әр адамның түзу, қисық бағыты – 
таңдап алған тағдыры екен, таңғалдым!

Ең қиын сөз – жақыныңа қош деген.
Ең оңай сөз – көңіл жықпай қайтару.
Үміт қана тұтанады өшпеген.
Ал, өкініш – бос қайықша шайқалу.

Ең тәуір сөз – науқас жанды жұбату.
Ең жауыр сөз – билік жақты бос мақтау.
Сүріндіру, шалу және құлату.
Арсыздікі – құр кеудемен асқақтау.

Ең нұрлы сөз – алақаны әженің.
Ең сөлсіз сөз – саудагердің сақалы.
Аттанасың келген кезде кезегің.
Ешкімді де алып қалмас атағы.

Өмір жайлы түген дейміз, бәлен де.
Оянамыз бір қуанып, бір шошып.
Ішімізден әр шыққан сөз әлемге,
қандай жақсы тұрар болса нұр шашып!

Ақынмен сұхбат: Мерей Қарт. Поэзия – қоғамға қорытынды жасайтын құрал емес