Нұрай Талап. Менің миым – жанартау жарылмаған
Жаз да өтіп кетіпті асыр салған, Тағдыр тіліп өткенде жон арқаны...
Нұрай ТАЛАП – 1999 жылы, 28-қазанда, Атырау облысында дүниеге келген. А.Сүндетов атындағы Атырау жоғары медициналық колледжінің түлегі. Облыстық «Фариза жұлдыздары» клубының мүшесі. Өлеңдері мерзімді басылымдарда жарияланып, ұжымдық жинақтарға енген. Республикалық жыр додаларының жүлдегері.
«Күләш Нәбиева» атындағы Арнайы сыйлық иегері. «Ахмет Байтұрсынұлы» атындағы Қостанай өңірлік университеті Журналистика және репортер ісі мамандығының 2 курс студенті.
Сәлем хат
Қалайсың?
Хәлің қалай?
Жүрсің бе есен?
Кеудеңнен үнсіздікпен дүрсілдесем...
Жұдырықтай жүректің иесіне,
Қарағым күрсінбе сен...
«Қош бол!» – деп, кете бардық үнсіз ғана,
Бір ғасыр көшіп жатыр мұңсыз нала.
Үндемеу ең ғажайып нығымет деп,
Көзден жас домалайды тілсіз ғана.
Билейді жапырақтар, көктем лебі,
Қарсы алып келгендерді, өткендерді.
Алматы дәл өзіңдей қырсық қала,
Ал менің көргім келген Көктөбені!..
Бәлки, біз жолықпауға тиісті едік,
Сиреньді өзің жұлған иіскедік...
Естелік суреттерді өртеген күй,
Өткенге тиіспедік!..
Тілек
Үнсіз дұға тіледім Хаққа талай,
Бәрін қойшы қадірлім білесің бе?
«сүйемін» – деп,
Жазамын хатқа қалай?
Түн. Тыныштық. Тіршілік көз ілгенде,
Жүрегімді аяймын өзімнің де.
Ең сүйікті күнәлар болады екен,
Ең суық сезімдерде.
Көңіліңе тие ме жиі кінәм?
Ең әуезді жүрекке құйылып ән.
Мен өзіңе хат жазсам соқыр сезім,
Күледі миығынан.
Жол іздедім сенделген сұрақтардан,
Кездерімді көремін жылап қалған.
Неге сені көремін көздерімнен,
Бәлкім... Ұнатқаннан
Экспромт
Құлазыған түннің жасын сүрткім кеп,
жасаураған жанарымды сүртпедім.
Қалай саған ақталамын күттім деп?
бәлкім, сені күтпедім.
Сәттер қайда сағынышпен аңсаған?
сағынышың өтірікке байлаулы.
Сұрақтардың шешуі жоқ, ал санам,
шешіп бермек қай дауды?
Түнгі екі. Түңілетін тағы мен,
Қараша мұң сейілмеген тағдырым.
Қарашықтың қарасы – сен, ағы – мен
жылайыншы дәл бүгін?!
Құлазыған түннің жасын сүрткім кеп,
жасаураған жанарымды сүртпедім.
Бақытымды жолықпаған күттім деп,
ақталар ем... Күтпедім
Қияқ Ай
Ғапыл ойды ұмытып бесін ауа,
Бесін ауа өртейді есімді ала.
Қияқ айдың жанында қалды солай,
Жетім мола. Жетім үн. Жетім бала.
Өгей түнге ұмыт боп шыны бақыт,
(...балалықты өлтірді шырылдатып).
Көз жасымды сүртеді үзілмеген,
Бірі – қайғы, бірі – мұң, бірі – уақыт.
Жетім мола, ай сынық, мүсін елес,
Өңімді емес, кезеді түсімді елес.
Қорым іші сыйлаған үнсіздіктен,
(жүзім суық тартады, ішімде – егес).
Бейіттің бірі болдың ескіретін,
Құдайдың нұры едің кеш білетін.
«Жетім бала, кел бермен, сырлас» деген,
Сынған айдың үнінен естілетін.
Ғапыл ойға жұтылып бесін ауа,
Бесін ауа өртейді есімді ала.
Қияқ айға қарайды көз ұшымен, —
Жетім мола. Жетім үн. Жетім бала.
Шашырау...
Адаспадым! Жарығы жоқ қай даңғыл –
Қиғаш мұңның ішіндегі ой қайдан жүр?
Бағдаршамы өшіп жанған өңір сыз,
Қала шамы. Қала түні көңілсіз.
Үнсіз ғана үміт қалды. Ол анық –
Сол қабірде жерленген күн балалық.
Сол қабірде қалды тағы ғазал мұң,
Бәлки-бәлки бір естелік жазармын.
Сол бір кезді еске салды сынық Ай,
Жақсы адамым кетті сол күй бұрылмай!
Жерлейді түн естеліксіз сәтті ауыр,
Жаназасын оқып кеткен шақта бұл!
Мен айтқан өлке
Бұйрадай бұлты қойнауы күмән бұл қырлар,
Тобылды тыңда беймәлім тылсым сыңғыр бар.
Бағыштап бәрін айтпайды мынау паң дала,
Шырақтай жанған көздерде, бәлки, бір мұң бар?
Бір мұң бар мұнда сағынышы да шарлаған,
Көкжиек шексіз қойнауы жұмбақ, ал, маған.
Баба даланың үнінде жатыр тылсым сыр,
Бозторғай болып бұлттарын үнсіз шарлаған.
Қостанай тағы қос құрбы сынды өкпелі,
Жасырын бәрі болашағы да өткені.
Боз шарбы бұлттың боз көйлегіндей нәп-нәзік,
Өліара менен өмір жолыңның өткелі.
Бүлікшіл желі бағы сарынды өлкенің,
Құпияңа, біл, сүрініп тынар ел сенің.
Бұл дала менің бала күнімде айтатын,
Тылсымы қою, қыр-сыры қою ертегім...
Сауал
(аударма)
Жылжиды күндер ұйқыны сатып,
Бозамық таңды айырбастаған.
Себепсіз қалған бейкүнә бақыт,
Қайталанатын уақыт жат маған.
Люцифер менен сұраса қайтем?
«Тілегіңді үнсіз орындайын», – деп
болмайды бұлай, (ұнаса қайтем)?
Шаршаған жанға бұрылмайды тек.
Қабылдап бәрін көрейін мейлі,
Сағат тіліне қарсы бұрылып.
Бұрымын құмның өрейін дейді,
Сайтанда қалған тамшы жылылық.
Қашайын.... Құрсын ғаламнан соқыр,
Жұмақтан Тозақ жақсы шығар, ә?
Түсінген күні жанардан шошыр,
Дұғаның өзі жақсы шығарма...
Ой
«Если вы идете сквозь ад – идите не останавливаясь»
Уинстон ЧЕРЧИЛЛЬ
Түсіне алмадың күйімді менің,
сөзіме неге сенесің?
Жасырған тағдыр үйінділерін,
білмеген жандай келесің...
Құпияларды тереңге таста,
уақытпен мұңсыз қалықта.
Оқитын саған менен де басқа,
адамдар құрып қалып па?
Жеңілген жаннан өлеңнің хәлін,
«тағдыр» деп жоры сұр айды?
неліктен, неге өнердің әлін,
Қараша түннен сұрайды?
Қарашағымды табалатқан кім
ақырын сезім, япыр-ай!
Ізімнен менің бара жатқаның
өлім мен өмір ақыр-ай.
Таңдаулы жанның арасын қара,
жолдары сондай күйбелең...
Түйінін үнсіз қарашы, қара
жоғалттым үнсіз кейде мен?
Шешім
Тұтқынына айналып жесір түннің,
Кешір мені,
кешіксем, кешір күнім.
Құшағымда қалғыған бейкүнә елес,
Сенің мәңгі айыбың секілдімін.
Бәлкім-бәлкім таңдаулы еткен мені,
Өткен сәттің жасырын өткелдері.
Еркіндіктің беймәлім көш-күреңін,
Сүйреп жүрген шығармын көптен бері.
Менің миым – жанартау жарылмаған,
Күнәдан да күмәнсіз арылмаған.
Қауызына сыймаған ұлы ойдың,
Тозағында ойнадым жалындаған.
Сыйлығына таңдаусыз таласардай,
Қасіретке айналдым жара салмай.
Доп қумадым, ой қудым содан шығар,
Қатарыммен кеткен ем жараса алмай.
Бір үмітті байладым құса-мұңға,
Көңілімді ұнатқан тұсадым да.
«Өз бейнемді жасырдым жүрегіме,
өз мұңымды тербеттім құшағымда».
Сағыныш нотасы
Сары күзге байланып сағыныш мұң,
Қайда,
қай күн,
қай сәтте жаңылыстың?!
Құшағында сұп-сұлу қалып кеттім,
Шешімі жоқ, сан түрлі жарылыстың.
Сары жемпір киінген күз де бөтен,
Сары мұңға жерлеген сіз де бөтен...
Екеуара айтылған асыл арман,
Бөтен болып барады бізге «көкем»
Бөтен тіпті мен жүрген жолдар тағы,
Сары жылдар біздерді жоғалтады.
Жаз да өтіп кетіпті асыр салған,
Тағдыр тіліп өткенде жон арқаны.
Тәтті естелік жымыңдап өткен шақтан,
Мәнсіз самал еседі өткен бақтан...
Саған жазған хаттардың көз жасында,
Сағыныштан шаршаған көктем жатқан.
Сағыныштың бітпейтін сарсаңдары,
Санам жақта жарқ етіп қалсаң мәңгі.
Мен сағындым өзіңді, білесің бе?
Күз келді деп табиғат жар салғалы.
Реплика
Жасырып келдім сұсынан қарашықтардың,
Қарашықтардан талай рет адасып қалдым.
Құс жолы деген – жұлдыздар жиынтығы ғой,
Жоғалған қалашықтардың.
Өзімді іштей сезіммен алыстырдың да,
Мұңымды айттым жоғалған (алыс құрбыма).
Әлемді үнсіз кезесің бейтаныс болып,
Досыңа өзге құрбыңды таныстырдың ба?
Неліктен айтшы тым жақын күнәға адам?
Қарашығыңды жоғалтты құлаған маған.
Бақытсыз болып кеткен ең, ойлантып мені,
Бақытты болып кетіппін.... Жыламағаннан.