Жәмила Мамырәлі. Ойын

Құран оқылып, ел дұғаға қол жайып отырғанда есіктен еріне басып, оттай қып-қызыл орамалды басына бос тастай салған, көзін қара көзілдірікпен көлегейлеген келіншек енді...

Jun 27, 2026 - 14:00
 14
Жәмила Мамырәлі. Ойын

Жәмила МАМЫРӘЛІ – жазушы, журналист. 1973 жылы, 28 қыркүйекте Түркістан облысы, Сайрам ауданында туған. 
Еңбек жолын аудандық «Мәртөбе» газетінде тілші-аудармашы болып бастаған. «Оңтүстік Қазақстан», «Өзге пікір» газеттерінде тілші, тәуелсіз «Оңтүстік Рабат» газетінде бас редактор болып еңбек етті. Бүгінгі таңда «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.
Бірқатар әңгімелері «Жұлдыз» журналында жарияланып, жинақтарға енген.

(Әңгіме)

– Оны өлтіру керек!
– Қалай?
Режиссер төменде тұрған. Екі аттап мұның жанына жетіп келді де сұқ саусағымен кеудесінен нұқып тұрып:
– Кәдімгідей! – деді.
Төрдегі төртеу өре түрегелді. Төзімдері таусылған.
– Бұл неғылған бассыздық?! Бүгін «сдача» ғой!
– Премьераға бір-ақ апта қалды! Біз әлі дайын емеспіз. Күн сайын өзгертесің!
– Автор бұл шешіміңмен келісе ме?
– «Сдачаға» автор неге келмеген?
Жарыса сөйлегендердің дауын қаракөлеңкелі бұрыштан шыққан дауыс тыйды. Әлде өтірік, әлде шын екені белгісіз тамағын тырнай жөткірінген дауысқа барлығы жалт бұрылды.
– Ей, бұл қайсың?!
– Кім бар мұнда?
– Неғылған адамсың?
– Бөгде адам неге жүр?
Ең жоғарғы қатардағы қаракөлеңкелі тұстан ұзын бойлы ер азаматтың сұлбасы көрінді. Орнынан тұрып, төмен қарай түсіп келеді. Елеңдегендер қара плащ, қара шляпа киіп, қара көзілдірік таққан адам қарасынан ер адам екенін ғана шырамытты. Фойеден қараңғы залға жамыраса енген жарықтың жолын бөгеген бөгде адам есікті жауып үлгерді. Сахнада тұрған сұлу ғана ашылып-жабылған есік жаққа мойын соза қарап, жылы жымиды. Жоқ, шаттанды. Қол шапалақтап, бір орнында тұрып, допша секіріп-секіріп қояды.
– Мен қазір...
Қара шляпа, ұзын қара плащымен қара көзілдірік тағып, қаракөлеңкелі тұстан шыққан бөгде адамның соңынан жүгіре шыққан режиссер тез-ақ оралды.
Сахнада тұрғандарға тағы да екі аттап жетіп келді де, екеуге алма кезек қарап:
– Сен өлесің! Сен оны өлтіресің! Болды! Бітті! – деп, баспалдақтан бұл жолы асықпай түсті.
Аңтарылып тұрған залдағы төртеуге:
– Талқыланбайды! Солай шешілді! – деді мысқылдай күліп.
– Неге енді талқыланбайды екен?
– Солай енді, талқыланбайды екен... Автор жаңа ғана... Иә, телефон шалып, менің шешіміммен толықтай келісетіндігін жеткізді. Біз қоғамды тәрбиелеушіміз. Жезөкшелерге деген жиіркенішті арттыра түсуіміз керек. Арсыздық жақсылық әкелмейтінін, оның ақыры жақсы болмайтындығын жұрттың санасына құя беруіміз керек, құя беруіміз керек.
– Бірақ, басты кейіпкерді өлтіру, аяныш тудыру, көрерменнің ебіл-дебілін шығара жылату арқылы ұпай жинау «модадан» қалған! Тұрмыста онсыз да трагедия жетіп артылады. Ел қайғысын ұмытып, театрдан сергіп қайтқысы бар. Олар бақытты өмірді баяндайтын дүниеге зар. Ал, дәл мына жағдайда кейіпкердің де, көрерменнің де жақсылықтан үмітін үздірмегеніміз абзал. Адасқанға ақыл айтып, айналаға немқұрайлы болмай, «көмек бер», «қатігез болма», «ол да адам баласы...», «Түзу жолға салайық» дегенді айту керек. Мұндай да махаббат болатынын, шынайы болса қиындықты жеңетінін айтсақ, айып па? Ғашықтардың мақсат-мұратына жеткенін қалаймын... 
– Бұл жерде шешімді мен қабылдаймын! Автор ғана емес, ол кісі – де-ме-еу-ші-іміз. Айтқаны заң!
Төртеудің төрелігі шешімді өзгертуге түрткі бола алмады. Тәжікілескендерден бойын аулақ салып тұрған екеуге «Дайындықты жалғастырамыз» деген бұйрық берілді.

***

Шымылдық түрілді.
Аядай бөлмеге аптыға енгенімен қып-қызыл оттай, жібек төсеніштің үстінде керіліп жатқан сұлуды қапсыра құшақтап, әдеттегідей құшырлана сүюге бұл жолы асықпады. Байлаулы сөзін айтуға келген. Енді алақұйын болып тұр. Іші өлген жоқ, бір суып, бір қызады. Тар бөлмеде әрі жүреді, бері жүреді.
– Шала бүлінбей жақындасаңшы...
Кербез келіншек өрт түстес төсекте құшағын аша түсті.
– Сен... Сен...
– Мен не?
– Мен жоқта сен не істедің?
Манадан бері түкке түсінбеген келіншек енді күлкісін тыя алмады.
– Ойбуи-и-ий, ындыны жарымаған байғұсым-ау! Не істеуші едім? Күнімді көрдім...
– Солай деуге ұялмайсың ба?
– Сонда не, қашан келер екен-и-и-ии деп, тағы да бұқаларын сатып, қалаға қай күні жетеді екени-и-ии деп, сені күтіп отыруым керек пе еді?! Күлкімді келтірмеші
– Сенде сүю, күю деген жоқ па? Махаббат дегенді білесің бе өзі?
– Немене?
– Мен саған ғашық болып қалдым...
– Манадан бері солай демейсің бе, байғұсым-ау? 
Төсегінен керіле тұрған келіншек мұның мойнына келіп асылды.
– Жане-е-ем, сол!
– Жаным деме! Сен бұл сөзді қанша адамға айтасың күніне?!
Мойнын ораған қос білекті бекем ұстап тұрып, сілки салды. Шар айнасы шалқасынан түскен мына тірліктің қиюы қай жерден кеткеніне мән беріп жатқан сылқым келіншек жоқ. Мысқылдай күліп әлі тұр.
– Білем, менен де бай еркектер жетіп артылады. Бірақ, мен сені жақсы көрем, түсінесің бе? Жақсы көре-ем!
– Түсінбейтін несі бар? Сен де көп байшыкештің бірісің! Қалай еді... Фермер-бизнесменсің! Қора қора малың бар. Бірақ, мен сені бұқаларыңның сатылғанын сарыла күтетін басыбайлы алған әйелің емеспін. Сағаттық ләззатың ғанамын! Естимісің?!
Сылқым сұлу төсекке қайтып жақындамады. Қос қолын қанат етіп, көбелекше шыр айналып билеп жүр.
– Сен өзі ар, намыс, ұят дегенді білесің бе?
Ашуға түтігіп тұрса да, түптен тартып көрмек болды.
– Ұят? Ол қандай болады?
Жаңа ғана қыпша бел сұлудың үстінен сусылдап жерге құлаған қып-қызыл көрпе табанының астында жатыр. Шоқ басқандай ыршып түсті де, көрпені қос қолымен умаждай ұстап әйелдің бетіне әкеп лақтырды. 
– Міне, мынадай болады, ұят деген!
Аядай бөлмеде айқай мен арсыз күлкі арпалысып жатыр. Жүзін жапқан қып-қызыл матамен тысталған көрпені беліне орағанымен әйел манадан бері лыпасыз тұрғанына еш қымсынбады. Безірейе түсіп, бетпақтана бастады.
– Ей, жоқтан бар болған байшыкеш, бері қара! Сенің не білгенің бар? Ар, ұят дейді ғой... Біздейлердің ұятын ұрлап, арын сен сияқтылар былғаған! Жақында бір дөкей келді. Алдына бізді Сәния қатын қойша иіріп салды. Базардан мата таңдаған қатынша, анау әрқайсымызды сипалап, умаждап шықты. «Бұлардан жасырағы жоқ па?» деді. Жас қыз керек оған! Сәнияға ақшасын төлесе болғаны. Біреудің ұяты, ары кімге керек?! Мен сол дөкейді теледидардан көріп қалдым. «Жезөкшелер теледидар көрмейді. Мені танымайды» дейтін шығар. Мен оны бірден таныдым. Кілең жастардың алдында лепіріп тұр. Сен сияқты ар, ұят, рух, тәрбие деп. «Патриот болыңдар!» деп қояды. Осыдан тағы бір келер, бетіне түкіргім келіп жүр!
Сонау қияннан барын сарп етіп, сағынышы қойнына симай жеткен ғашығының сиқы мынау ма? «Іңкәр қылған қылығы қайда? Іштен қарайып туған ба?» Түс тоқтатып қарамастан түрі жатқа сонша ынтық болғаны қалай? Мүмкін емес. Сұлуды сүйеді. Көрікті көбелегін мына тордан алып шығуы керек. 
Айтты. Бәрін түел баяндады. Сезіміне селт етпеген сұлу сықылықтап күле берді, күле берді
– Сен де жүрек бар ма? – деді состиып тұрудан шаршаған ол билеп жүрген бикештің білегінен шап беріп ұстап алып. 
– Қайдағы жүрек? Менің жүрегім маскүнем әке күн сайын ұрыс шығаратын шайпауыз шешені балталап жатқанда ұшып кеткен!
Аядай бөлменің астаң-кестеңі шыққан. 
– Аста-а-апыра-а-ал-ла-а-а-а!
Құлағы тұңып қалды. Ғашығы көз алдында өзінің шашын қос қолдап жұлмалап жатыр. 
Есі ауыса екіленген екеу енді бір-біріне одырая қарады.
– Бай клиенттерімнің бірі келуі керек... 
Апыл-ғұпыл жиналған, шашын тарап әлекке түскен әйелге өшікті. Кес-кестеп адымын аштырмай, жолына тұрып алды.
– Сен адам емессің! Сен... адам... емессің!
– Иә, адам емеспін! Арсызбын! Жезөкшемін!
– Онда сені өлтіруім керек! Арсыздықтың ақыры осылай аяқталсын! Мен сені өлтіремін!
– Өлтір! Ал, өлтір!
Шатынай түскен әйел өзіне ентелеп келе жатқан еркектің қанталаған көзінен қорықты. Ойбайлады. Жаңғырыққан дауысы әлемге жайылды. Бірақ, ешкім көмекке келмеді. Қос қолдың иесі буындырып жатқан тамақтан қарысып қалған саусақтарын ажырата алмаған күйі ғашығының үстіне құлай кетті...

***

Көрермен ұзақ қол шапалақтады.
– Браво!
– Жарайсыңдар! – дегендерге қосылып:
– Сауап болды, анаған!
– Сол керек!
– Көшедегілерді қамап қойып көрсету керек мынаны! – деушілердің дауысы да анық естіліп жатты.

***

– Қалай болды?
Кеудесіне басын қойып, кіндігінің айналасын маңадан бері сұқ саусағымен шиырлап жатқан сұлуға сабырмен сұрақ қойды. 
– Жақсы болды! «Мұндай аншлаг бұрын соңды болмаған» деп, анау мәз. 
– Банкетте болдың ба?
– Біразға дейін қатыстым...
– Қалай өтті?
– Бәрі «Автор неге келмеген?» деп жатты. «Біздің меценат...» деп сені мақтады...
– Сосын?
– Сосын... Әйелің тығыз шаруалармен Астанаға ұшып кеткеніңді, келуге сондай тырысқаныңды баяндады. «Сіздерге үлкен рақмет» деп барлығымызға сыйлық ұсынды. Анау тұрған иіссу сол. Қолына ұстатқан дорбаны иіліп тұрып қабылдап алды ғой елдер...
– Сосын?
– Букет гүл берді. Бетімнен сүйді... Тү-ү-үи-й, қойшы, мен сені әйеліңнең қызғанамын. Қиналып жүрмін. Әсіресе, дайындыққа келіп тұрып, жолықпай кеткеніңді ойласам... Білемін, мен үшін келдің! Менің қалай ойнайтынымды көру үшін келдің сол жолы! Сен үшін аянып қалмай барымды салып ойнадым...
Еркелеген келіншекті бір бүйіріне қарай аударып сап, жастықтан басын көтерген күйі төсектің шетінде теріс қарап біраз отырды.
Қол созым жердегі халатын иығына іле, орнынан тұрды. Темекісін тұтатты. Құшырлана сорды. Іштен ауыр күрсініспен қосарлана шыққан ұзақ деммен будақтаған түтін әп-сәтте бөлмені тұманға орады.
– Әйеліме не айттың?
– Не айтыппын?
– Сұраққа жауап бер!
– Мен... Әншейін, әзілдедім. Жаным, сені жақсы көргендіктен жасадым. Тек мендік болғаныңды қалаймын. 
– Не айттың деймін?! 
Аядай бөлме безбенге түскен ар-ұят пен абыройсыздыққа тағы да тарлық етті. Көзі шатынап, бүкіл денесі дірілдеп кетті. Сабыры жеңіліп, ашуы билік құруда.
– Құлың болайын! Ренжімеші. Мен... Мен ойнап айттым ғой!
– Ойнап?
– Иә, ол әншейін ойын болатын.
– Ойын де...
Бет-аузын жас жуған сұлуға «жуынып кел» деп бұйырды. Өзінің терісі тарылып барады. Талайдан бері ойыны болған әдемісі керісінше мұны ойыншық көріпті. Шаруа теріс айналды. Сатқындыққа ұласқан сайқалдығын кешіре ала ма? Шоққа отырғызғанды аямау керек деген жекеменшік принципін қайтпек?!
...Жаңа ғана кірпігімен су сүзіп, жаспен бетін жуған сұлу енді ернін бояп тұр. Қызыл түлкідей түрленіп шыға келген айнадағы түріне риза. Мына қалыптан шықпас еді. Ту сыртынан қадалған жанар шошытты. Жалт қарағанымен алға жылжи алмайды. Кірпіктері дамылсыз қағылып, кейін шегіне берді, шегіне берді. Жуынатын бөлменің қай бұрышынан пана тапқандай?! Тым таныс жағдай. Дәл өзі! Партнерының, премьерада, буындырмаққа бекінгендегі көзі дәл осындай еді-ау. Зәре-құты қашты. Шегіншектеп барады. Отты көз тап берді. Сүрініп барып оңбай құлады. Сылқ етті...

***

Үстел үстіндегі көп қағазды қопарып жатып, көзінің қиығы сол қанаттағы үлкен мониторға түсті. Таныс адам. Бұл былғары креслоның жақтауына шалқая түсіп отырды. Көзін монитордан алмады. «Мені іздеп келіп отыр. Не үшін келді екен?» 
Біз өкшесін безілдете енген хатшы қыз қабылдау бөлмесіндегі адамды таныстырып әлек. «Режиссер екен. Сіздің пьесаңызды қойғанын айтты. Театрдан келіпті» деп жатыр. Бұл монитордан көзін алмай әлі отыр. Анау ішке еніп үлгерген. Бұған қарай елпілдеп келіп:
– Ассалаумағалейкү-ү-ү-ү-ү-үм! – деді.
Сәлемге жауап қатпады. Сол қапталдағы экраннан асып, жанары терезеге тірелген. 
– Мазаңызды алғаныма кешірім сұраймын. Бүйімтайым бар еді... Бір актрисамыз өмірден өтті. Жақсы адам еді.
Естіп отыр. Бірақ, бұрылып қарағысы жоқ. 
– Өте талантты болатын... Сіз оны танисыз...
Дәті шыдамады. Маңғазданған күйі алдында отырған адамға мойнын бұрды.
– Сіздің... спектакльде ойнаған.
«Солай ма?» деген ишараны қатулы қабағымен айтты. 
– Жанашыры жоқ. Театр ғана жоқтап отырмыз. Әруағына арнап ас беріп, бейітінің басына белгі орнатсақ дейміз...
– Қанша керек?
Манадан бері сөйлегені осы. Алай-дүлей ішін алдырмауда. Оң қапталдағы түймені басты. Өкшесін басқан сайын тықылдайтын хатшы қыз кірді. Бұрышта тұрған сейфті көзбен көрсетті. Темір жәшік жұтып тұрған кілтті жұлқына бұрап, хатшы қыз ақша санап жаттыр. Бұл ишарамен білдірген соманы анаған ұстатты. Қолына тигенді жалма-жан қалтасына сүңгітіп жіберіп, есіктен шыға бере, креслосында әлі шалқайып отырған бұған бет бұрып:
– Келіңіз, күтеміз. Құран ішінде болыңыз, – деді ол.

***

Ертерек келді. 
Үстінде сол ұзын қара плащ, басында қара шляпа, көзінде қара көзілдірік. Бұрынғыдай емес, бұл жолы жиналған жұртқа жұғыса, топ-топ болып тұрғандардың жанынан жанаса өтті. 
– Бір жыл! Демде өтіп кетті-ау...
– Былтырғыға қарағанда биыл күз ерте түсті. Суық қой, тегі.
– Мизам келіп үлгерді ме екен?
– Үлгермесе өзінен көрсін!
Қарқылдай күліскен топтың іргесінде тұр. Шалқая аспанға қарады. «Мизам деген осы кез. Мизам шуақ дейді мұны»... Іштегі ойын аяқтап үлгермеді.
– Ойбай-ау, мұнда неғып тұрсыз? Жүріңіз, ішке кіріңіз, – деген режиссер білегінен ұстаған күйі дедектетіп алып барады.
Қалтасынан қолын шығармаған бұл ілесе еріп келеді. Дастархан басына жиналғандардың көбі таныс. Көзілдірігін шешті. Бір-екеуі бұған жымия қарап, басын изеп амандасып жатыр. Сүлейсоқ. Құр сүлдерін сүйретіп келгенін қайдан білсін-ай, мына жұрт?! Іш-зынданында арыстан ақырып, ішек-қарнын түгел ақтарып, өзегін тырнап жатыр. 
Құран оқылып, ел дұғаға қол жайып отырғанда есіктен еріне басып, оттай қып-қызыл орамалды басына бос тастай салған, көзін қара көзілдірікпен көлегейлеген келіншек енді. Кешігіп келгенін айналасына әдепкі жағдай етіп қабылдатқысы бар. Дәл ортадағы орынға жайғасты. Екі көзі алақаны ұшындағылар бұл келіске мән берген жоқ. Ал, мұның жанары алақаннан ауып, кешігіп келген келіншектің жүзіне барып жайғасты да қалды. «Апыр-ау, мынау кім? Таныс қой...»
– Әумин деп қойдық, – деді бүйірінен түрте сол жағында отырған біреу.
Алақанын әлі жайып отырғанын сонда ғана білді. Алақтай қарап, жанары қайтадан жаңағы дәмханаға еркелей еніп, еріне басып ортадағы орынға жайғасқан жанға барып қайта тірелді. «Көзілдірігіңді алшы». Жан дауысы шығып жатыр. Іштей. 
Ыдыс-аяқтың сақұр-сұқыр дыбысымен жарысып, жиналғандар әңгіме-дүкен құрған.
– Соңғы рөлін бекер ойнады. Тағдыры болып сол рөл жабысты-ау деймін...
– Қайсысын айтасың?
– Жардан құлаған Айшаның рөлі ше?
– Е-е-е, одан кейін ол клипке де түсті ғой.
– Онда да өліп қалды. Атып өлтірген...
– Иә-ә-ә, соңғы кезде тек өлген адамдардың рөлін ойнаған екен...
«О, Тәңірім! Мыналар не айтып отыр?! Қайтыс болған кім? Кімнің әруағына бағыштап құран оқылды?» Өз ойының шырмауында отырып соңғы сұраққа келгенде дауысы шығып кетті. Оң жағында отырған режиссер:
– Біздегі Маржан апай ше... Сіздің спектакльде Сәния-жеңгетай болып ойнаған. Өткенде алдыңызға барғанда айтып едім ғой. Бір міндеттен құтылдық. Алла сізге разы болсын! Үлкен сауап іс жасадыңыз. Жақсылығыңызды біздің ұжым ұмытпайды.
Қызыл орамалды басына бос тастай салған, кешігіп келген сұлу бұл отырған үстелге бетін бұрыпты. Көзілдіріктің арғы жағынан екеуінің жанары жолықты. Жымиды. Маржандай әппақ тістері көрінді. «Құдайым-ау, мынау кім? Мүмкін емес...»
– Анау отырған келіншек кім?
– Қайсы? – деп алақтаған режиссерға көз алмай отырған келіншекті саусағымен шошайтып тұрып көрсетті. – А-а-а, ол баяғы сіздің басты кейіпкеріңізді сомдаған қызымыз ғой. Өте талантты актриса. Сырқатына байланысты біраз емделіп, ортамызға жақында қайта оралды. Ауырып тұрған адамға ұқсамайды. Күннен күнге құлпырып барады...
«Мені танымай отырсың ба?» дегендей сұлу көзілдірігін шешті.
«Дәл өзі! Сол! Мүмкін емес...» Өз көзімен көрді ғой. Оңбай құлады. Көмектеспекке ұмтылып еді, басынан сау етіп қан ақты. Есі шыға есікке қарай жүгірді. Жүгіре берді... Жүгіре берді...
Талай рет титықталды. Тірлігі өнбей қойды. Өзін сужүрек санады. Жаны қиналғанда тырнағының астын инемен піспектеп те көрді. Түндерді күзетті. Күндерді күрсінумен батырды. Ал, ол қарсы алдында отыр. Бұған қарап жымияды...
– Танымай қалдың ғой? 
Іңкәр қылған қылық сол қалпында. Ел тарқаған. Дәмханада бөгеліп екеу отыр. Ессіз ғашық болғаны, өлдіге санап, өзегін өртеп жүргені жанында тұр.
– Жағдайың қалай? 
Даусын әзер шығарды. 
– Ауруханада жатқанымда, анам телефонымнан сенің нөміріңді өшіріп тастаған екен. Мені іздемедің де. Ренжідім. Өзім іздеп көріп ем, көшіп кетіпсің. Көбіне шетелде жүреді дейді сені. Ойнамаймын, сенімен! Мені қалай тез ұмыттың?
Балаға ұқсап аузын бұртитып келіп, иығына асылды.
– Бұл қалай болғаны?
– Нені айтасың?
– Сен... Сен...
– Мен, мына мен өлген жоқпын! Ол – ойын болатын.
– Ойын?
– Иә, ойын...

***

Ой кіргелі әдет еткен әуенінен жаңылып, әп-сәтте баяғы әуес көрген әдемісінің тұттай жалаңаш денесіне қайта тояттап, түн күзетіп, түндігін түріп жүр. Бір кездері аяусыз шоққа отырғызған сұлуы түп етегінен ұстап алғанын байқайды. 
Бәрін де біледі. Сезеді. Бірақ ажырай алмайды. Енді өзі ойын болды. Бұл – ОЙЫН!