Маржан Әбләзімова. Өлім шеңбері

Құмырсқалардың «Өлім шеңберінен» не үшін шыға алмайтынын түсінген сияқтымын..

Aug 7, 2025 - 12:09
Aug 7, 2025 - 12:10
 16
Маржан Әбләзімова. Өлім шеңбері

Маржан ӘБЛӘЗІМОВА – 2000 жылы Түркістан облысы Сауран ауданының Жүйнек ауылдық округінде дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филология факультетін бітірген, педагогика ғылымдарының магистрі.

(Әңгіме)

Жұмыстан шығып бара жатып, бастығымның басынан қойып қалғым келді. Жұмыс уақыты әлдеқашан бітсе де, түнгі тоғызға дейін ұстап отырғанымен қоймай, «жастардың еріншектігі» туралы кезекті лекциясын айтып шығарып салды. 
– Cендер құтырып кеткенсіңдер. Кезінде біз көргенді көрген жоқсыңдар. Сендерде қалағандарыңның бәрі бар, сендерде жақсы өмір бар. Сөйтіп тұрып, шүкір айтуды білмейсіңдер. Үйлеріңе асығасыңдар да тұрасыңдар. Мысалы сен айтшы, күтіп отқан байың жоқ, тамақ сұрап отқан балаң жоқ. Үйіңе не деп асығасың? Сенің қазір жұмыста қонатын кезің. Еріншексіңдер! Сендерге ақша ғана керек, жұмысқа деген махаббат, өз мамандықтарыңа деген құштарлық жоқ. Ақша ғана керек сендерге...
Осы сәт шайтаным түртті ме, мені күлкі қысты. «Сексен мың теңгеге өзің өмір сүріп көрші» деп айқайлағым келді. Менің бір айлығымды түскі асына жұмсайтын адамның мені ақшақұмарсың деп айыптауға қай түйсігі итермелегенін қанша ойлансам да, түсіне алмай келемін. Осындай кезде ынжықтығым үшін өз-өзімді жек көріп кетемін. «Үндеме» деп санаға сіңірген мынау соқыр, керең қоғамды қоса жек көріп кетем. Алдымен сөйлеуді үйретті, сосын сөйлемеуді үйретті. Ирония. Тамағыма тығылған жиырма алты жылдық өкпе-назымның барлығы қай күні жарылып шығатынын кім білсін? Өмір бойы көмейімде қалып кетіп, соңында өзімді буындырып өлтіретін шығар деп қорқамын кейде. Осы ойлардың бәрін көтере алмай, салбырап келе жатқан басымды сілкіп-сілкіп, терең тыныстадым да, аялдамаға келіп, такси шақырдым. Терең тыныстағанда таза ауа жұтсам мейлі ғой, аялдамада қарқылдап күліп отырған жігіттердің темекісінің түтінін жұттым.
– Қарындас, кештетіп жалғыз жүрсіз?
– Апарып тастайық баратын жеріңізге!
Ысқырынып-пысқырынып отырған үшеу онсыз да мәз емес күйіме Головкиннің соққысындай тиді. Дәл осы сәт өзім жақсы көретін әлемнен, адамдардан баз кешіп кеткім келді. Оған қоса такси жүргізушісі бар дауысын шығарып құран қосып қойды. Меңзіп тұрған басым одан сайын солқылдап кетті. «Жәй қойыңызшы» деп айтуға дудырап тұрған сақалы жібермеді. Терезені ашып, жаздың түнгі ауасын жұттым да, көзімді жұмдым. Еріксіз, ертең «сүйікті» жұмысыма ерте баруым керек екенін, тағы да шайналған кассетаның лекциясын тыңдайтынымды, өзімнің ақшақұмар әрі жалқау адам екенімді ойладым. «Мына жұмысты тасташы» дейді ішімдегі бір дауыс. «Қой, сосын не істейміз? Пәтердің ақшасын қайтып төлейміз?» деймін мен. «Жұмыс табылмайды дейсің бе? Қашанғы жүре бересің осылай басыңды изеп, өтірік күліп» дейді. Мен осы ішімдегі дауысқа қатты қызығамын. Өзі сондай батыл, ештеңеден, ешкімнен қорықпайды. Қалай бар, солай айта салады. Тек оның дауысына дауыс қосатын батылдық менде жоқ еді. «Ешкім жетісіп жүрген жоқ, бәрі тура өзім секілді өмір сүріп жүр» деймін де, жаңағы өзім жек көріп кеткен әлемді де, адамдарды да ақтап алам. Бастығымды да, әлгі үш жігітті де, такси жүргізушісін де кінәсіз етіп шығарамын. Олар да адамзат жаралғалы өзіне салып алған түрменің құрбандары, жүйенің құрбандары, тым болмаса өз миының құрбандары. Басымда күнде болатын осы соттың әрдайым шешімі бір. Бәрін бостандыққа жібердім де, түн ортасында әзер дегенде көзімді ілдім.
Тәтті түс көріп жатыр екем, телефон тура 06:00-де шырылдады. Көзімді тырнап аштым да, есімде қалмаған түстің әсерінен тапжылмай отырып қалдым. Белгісіз тәтті сезім мен жібермеуге тырмысқан сайын таусылған майшамдай баяу сөніп бара жатты. Әлдебір бағалы затымды жоғалтып алып, кеудем босап қалғандай күйде едім. Ешкімге арналмаған сағыныш жанымды жаншып тастайтындай төніп тұрды. Еріксіз, түгі қалмаған күйді қимай-қимай, шығарып салдым. Күрсіндім де, орнымнан тұрып жұмысыма жинала бастадым: «Тағы да өз бүгініммен оңаша қалдым».
Кішкентай ас бөлмесінде шәй ішіп отырып, өзімді де кішірейіп кеткендей сезіндім. Әлем осы ас бөлмесі болса, мен сол әлемде өзім ішіп отырған арзан шайдың бір тамшысы ғана сияқтымын. Қалташадағы шайдың қағазына көзім түсіп кетті: «Әлемдегі ең мықты эксперттер ойлап шығарған». Тоқтай алмай ұзақ күлгенім сонша, көзімнен жас шығып кетті. Сабуровтың әзілдеріне бұлай күлмеген шығармын. Қолыма телефонымды алып, көз алдымда бірінен соң бірі өтіп жатқан видеоларды кезек-кезек алмастырып қарай бастадым. Көзіме сұлу, жасы менімен шамалас бір қыз түсті, теңізде демалып жүрген сәтін бөлісіпті. Теңіздің иісі қандай болады екен деген ой келді маған. Теңіздің иісін сезінетін күн туа ма екен маған? Менің кішкентай ас үйде, ең мықты эксперттер ойлап шығарған шайды ішіп отырғаныма сол қыз кінәлідей көрініп кетті. Қасақана оның көңіліне тиетін, қуанышынан, күлкісінен айыратын пікір жазғым келді. Оқтала бергенімде, ішкі даусым сөйлеп қоя берді:
«Бар кегін, ашу-ызасын әлеуметтік желіге төгіп, жаны жай табатындарды сынаушы едің ғой, саған не көрінді? Өзің болғың келмеген адамдарға айналып бара жатқаның қалай, Самал?».
Шошып кеттім. Өз-өзімнен жиреніп кеттім. Тағы да күлкі қысты мені. Сықылықтап, ішімді басып әзер дегенде төсегіме жеттім. Бітті, бәрі құрып кетсін, жұмысты тастадым. Жұмысы бар бейшара болдың не, жұмыссыз бейшара болдың не, аса қатты айырмашылығы жоқ.
Телефонымды сөндіріп тастадым, қайта ұйықтап көрмек болып едім, түк шықпады. Осы сәт Гүлім оянды. Үйде жатқан мені көріп, сұраулы жүзбен қарады.
– Жұмыстан шығып жатырмын!
– Ой, білем ғой сені, бәрібір ертең қайтіп барасың!
– Осы жолы шынымен. Шаршадым. 
– Мен осы сөздеріңді қанша рет естігенімді санап көрсем, жаңылып қалатын шығармын. Аз ғана шыдашы, адамға шыдам керек, бәрі жақсы болады.
– Шыдам? Қаңтарда шыдамның қайда апаратынын көрдің ғой, Гүлім. Шыдам туралы айтпашы маған. Тірліктің арасына сіңіп, өзімді таппай қалдым. Өзіме не керегін ұмытып та қалыппын. Енді оның бәрін қалай қалпына келтірем, қайдан табам?
– Жарты Қазақстан тура өзіңдей өмір кешіп жүр, тура өзіңдей тіршіліктің түбіне түсіп барады. Өмір бойы ала алмайтын пәтерлеріне ақша жинап жан салады. Өмір бойы жете алмайтын дүниенің соңынан қуады, бүгін-ертең деп өз-өздерін алдаусыратып жүр. Біз зомби туралы кино түсірсек, грим қажет болмайтын еді, – деді де Гүлім өз әзіліне өзі рахаттана күле бастады.
– Сәтсіз әзіл... 
– Ал, шындығында... Шындығында, өмір – көрген түстей өте шығады. Ойлансам, алпыс, жетпіс жылдық өміріңнің тіпті жартысы да есіңде қалмайды екен. Өзіңді өзің мүжи берме! Өмір деген қас-қағым. Болашақты да ойлама, өткенді де аңсама, сәттермен өмір сүр! Ойлана берсең өмірдің мәні қалмайды, ой тұңғиығына қалай батып кеткеніңді өзің аңғармай қаласың. 
– Таңғы 8-ден түнгі 9-10-ға дейін кеңседе отыратын адамда қандай сәт болуы мүмкін? Көретінім ақ қабырға, монитор мен кішкентай терезеден көрінетін қаланың көрінісі ғана. Кейде сол терезеге қарап отырып қалам, басымда ойда жоқта бұрын соңды есімеген бір дауыс «өл» деп сыбырлайды? «Өлім шеңбері» деген құбылысты естіп пе едің? Құмырсқалар бір-бірінің соңынан еріп, байқаусызда өздеріне шеңбер жасап алады, басқаларға ілесіп, жанталасып жүре бастайды, өздерінің адасып жүргендерін түсінбейді де. Оларға басқа құмырсқалар қосылады. Солай шеңбер үлкейе береді. Шеңберді бұзатын күш оларда жоқ, бір-бірінің соңынан жүгіре береді, жүгіре береді. Ақыр соңы ойлашы, шексіз шеңбер олардың өмірін алып барып қана тоқтайды. Саған бұл ештеңені есіңе түсірмей ме? Біз сол «Өлім шеңберінде» жүрген бір құмырсқамыз. Әр күніміз бір-біріне ұқсас, шеңберді айналып жүрміз. Өзгелер қалай өмір сүру керегін білетін шығар деп, соларға ілесуге талпынамыз. Менің сол шеңберден шыққым келеді, бәлкім маған сыбырлайтын дауыс та соны қалайтын шығар. 
– Бірақ, сен – Адамсың! Сен шеңбердің ішінде жүргеніңді түсінесің, одан шыға аласың, ең құрығанда шығу үшін талпынасың. Түбі бәрібір өлесің, асыға берме! 
– Сен адамды жұбатуды да білмейсің негізі, – деп күлдім. Бұл әңгімені әрі қарай жалғастырғым келмеді, мың сан сауалдар қойылады, ол сұрақтарда миллион нұсқалар болады, бірақ нақты жауабы жоқ.
Күні бойы төсектен тұрған жоқпын. Көзім ілініп кетіпті, бастырылып қалыппын деймін. Әлдекім құшағына қысып алып жібермейді, қозғалып, өзімді оятуға тырысып бағамын. Қарсыласқан сайын әлдебір күшті қолдар одан сайын қыса түседі. Гүлім жұлқылап оятты. Мең-зең күйде қайта ұйықтап кетіппін. Терезенің жақтауына тырс-тырс тамған тамшылардың даусынан ояндым. Оған қарлығаштардың үні қосылады, жып-жылы сезім құлақтарымнан кіріп, жүрегімді сүйіп алғандай. Көзімді ашпастан жағымды естілген сұлу әуенді тыңдап жаттым. Жаздың ақ жауыны ғой, тез басылды. Осы бір дауыс маған күш бергендей, сыртқа шыққым келді, тамшылардың даусынан алған аз ғана күшті әлім құрығанша жаяу жүріп, түгі қалмағанша таусып тастағым келді. 
Зіл басқан денемді сүйретіп көшеде келе жатырмын. Шулы қала, адам қарасы көп. Көзімдегі көзілдірікті шешіп тастадым, адамдардың жүзін көргім келмеді. Құлағыма құлаққабымды тағып, сүйікті әнімді бар даусымен қосып қойдым, олардың даусын естігім келмеді. Көз алдымда бұлдырап өтіп жатқан әлемнің бөлшектерін көріп, енді өз көзіме ашуланам. Мұның бәрін көз әйнектің арғы бетінен емес, өз көзіңмен анық көрер ме еді?! Жан-жағыңа анық қараудың өзі бақыт екен ғой. Мүлдем көрмейтіндер қалай жүр екен, сәуледен тарайтын әлемнің барлық қанық бояуларын көрмей өмір сүру мүмкін емес сияқты көрініп кетті. Осы сәт өзім жаңа ғана көргім келмеген адамдарды соншалықты жақсы көретінім есіме түсті. Тура өзім секілді, тағдырлас адамзаттың күнде миллион спекторлы сезімдерді өз жүректерінен өткізетінін қайтадан түсіндім. Қайғысы бар, қуанышы бар адамның барлығын құшағыма алып, «Сен дұрыс өмір сүріп жүрсің! Сенің қолыңнан келеді!» деп сыбырлағым келді. Көзәйнекті қайта кигенде, ойнап жүрген балалардың күлкілерін көрдім. Алдымда қол ұстасып кетіп бара жатқан жас қыз бен жігітті көзім шалды. Әп сәтте көкірегімді билеген сезімді санамнан өшіріп тастағым келді, қайта қайтып келмейтіндей жойып жібергім келді, бірақ кеш еді. Ертең жұмысқа барамын! Қайталауда тұрған құлағымдағы әуен секілді қайталана беретін күндерге тағы да ораламын. Себебі түсініксіз болса да, жастарға қара қазандай өкпе артып алған бастығыма барып, кеше келмегенім үшін кешірім сұраймын. Еріншек екенімді естимін. 
– Құмырсқалардың «Өлім шеңберінен» не үшін шыға алмайтынын түсінген сияқтымын!