Бағдат Қалаубай. Жігітім бар
Бағдат ҚАЛАУБАЙ – жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1952 жылы 29 қарашада қазіргі Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Ағыбет ауыл атырабындағы Ағыбет ауылында туан. «Есіркеп батыр», «417 бөлмедегі қылмыс», «Жалғыз куә», «Кесілген өкше», «Ғайып перзент», повестер мен әңгімелер жинағы, «Ажал оғының иесі», «Жоғалған адам» деген атпен романдары жарық көрген.
(Әңгіме)
– Ағай, шаң суырған тақыр жерді сонша айналақтап не іздедіңіз?!
Ту сыртымнан естілген дауыс иесін көрмекке елеңдей бұрылғанымда, жәудір жанарлары мөп-мөлдір, уылжыған жүзі мінсіз аппақ ару мүсін маған таңданыңқырай күлімсіреп қарап тұр екен. Сірә, «Универін» енді бітіріп, мектепке жаңадан қабылданған жас ұстаз-ау?!
– Осында өткізген балғын жылдарымның аяулы белгілерін іздеудемін, айналайын!
Қыз сыңғыр етіп күлді. Япыр-ай, мына шәрбәт күлкіні қайдан, қашан, кімнен естідім?! Найзағайдай жарқ еткен осындай сан сұраулы ыстық ойлар дыбыс атаулыны қабылдауды ауырлатқан құлағымдағы пердені жеп-жеңіл ашып, жүрегімді шанышқылатқан әсерін әзер түйсіндім-ау! Сонау бір қиырдың-қиырынан қылаңытатын балаң маусымды айлар мен жылдардың жалғыз куәсімен ойда-жоқта ұшырасқандай бір сәттік қана таңданудан басым айналды. Тасыған қаным буын-буынымды босатып, ішкі әлемімді буған аласапыран сезімнің жетегіне ілескен мен пақыр оқыстан жалт еткен дидарғайып бейтанысқа жан сырымды асыға-аптыға әңгімелей жөнелгенімнің дұрыс-бұрыстығын, оның тыңдар-тыңдамасын байырқаламаппын да.
Сегіз жылдықты алып-ұшып бітірген бір топ ұл мен қыз августь айының соңғы күнінде тоғыз-онды оқуға ауылымыз «Мыңбұлақтан» қырық шақырымдай қашық, таулы қыраттың арғы жағындағы асау желі жиі соғатындықтан «Дауылды» аталатын осы совхоздың орталығына жолға шыққанбыз. Жүк көлігінің қорабына толтыра мінгізген іні-қарындастарын өзендегі көпірден өтісімен басталатын көшенің кіре берісіндегі «Шайхана» аялдамасына шопыр көкеміз түсіріп кетті. Өйткені одан әрі қимылдаса, милиция ұстайды екен. Әлгінде үлкендігімен (біздің ауылдағы өзендерде мүлдем көпір жоқ) назарымды ерекше аударған көпірді тамашалай бұрылғанымда, бояулы қаңылтырдағы жазуды оқыдым. «Арыстанды өзені». Сонда баяғыда бұл аймақта арыстанның көп болғаны ма? Жапырласа қозғалған балалар менің бұл ойымды үзді. Ауылдың аумағынан ұзамағандікі ме, әйтеуір көз үйренбеген айналаның бәрі ғажап. Түп-түзу, бір шымшым шаңы жоқ қап-қара асфальтты тақ-тақ басқан сайын аяғымыздың астына, одан әрі бірімізге-біріміз таңданыңқырай қарап қоямыз. Бәрі тамаша. Бірақ он жылдық мектеп те, өзіміз жататын оның интернаты да бәрімізге таңсық та бейтаныс. Интернатқа қабылдаған апайлар ендігі үйіміздің осы, әке мен шешеміз өздері екенін ұғындырып бөлмелерімізге жайғастырған күннің ертеңіне, бірінші сентябрьден оқуға кірістік.
– Қоңырау соғылысымен класқа еніп, жаңа сабақты түсін-діре жөнелген мына он жылдықтың ұстаздары қатыгездеу сияқтанды маған. Бізге дейін интернатта жатып тоғызды бітірген, енді оныншының партасына отыратын ауылымыздың ересектеу балалары мен қыздары мұғалімдерді сырттай біраз сипаттаған. Әсіресе Тойшиева Ұлбибі апайдың өте қатал екендігіне қаныққанбыз. Сол қатал апай бірінші үзілістен кейінгі екінші сабақта класқа кірісімен физикадан жаңа тақырыпты өтті де, «Түсінгенін кім айтады?», – деп томсырайған бізге шаншыла қарасын. Мұндай сұмдықты кім көрген? Бірінші сентябріңіз мектеп қана емес, бүкіл ауыл үшін үлкен мереке ғой біз жақта. Сондықтан сегіз жылдығымыздағы ағайлар мен апайлар ол күні сабаққа қатысты ештеңе сұрамайтын. Ең пысықайының өзі класқа кіргенде тек журналмен балаларды түгелдейді. Сонымен улап-шулап талма түсті аудырып, тым-тырақай үйге қайтатынбыз. Ал кейініректе бәрі біртіндеп реттеліп, ұстаздарымыз әуелі үй тапсырмасын ежіктейтін де, жаңа сабақты түсіндіретін немесе қайталауды өзімізге тапсыратын. Бітті. Одан әрі қоңырау үнімен сыртқа жөңкілетінбіз. Пән кітабын әлі ашпаған бізге сегіз жыл оқығанда жаңа тақырыптан не ұғынғанымызды сол сәтте қайтып сұраған ешқандай ағай-апайды ұшыратпаппын. Иә, бүйтіп төтеннен шүйлігіп жанымызды күйзелтпейтін сегіз жылдығымызда. Совхоздың бөлімше-фермаларынан жиналғандарды шашау шығармай 9 «Б» класының партасына қонақтатқан екен. Әлі үйреніспей, сіңіспей жатырқағанымыз-ау, біреуміз де Тойшиеваның сұрағына елең етпедік».
– Тоқтаңызшы, – деді әлгі ғайып қыз. – Бір сыныпта кемі жиырма-жиырма бес оқушы бар шығар. Соның біреуі де..., – деген қыздың сұрағын бөлдім.
– Миымызға бәрін құя салмаққа шыр-пыры шыға көсілген апайдың соншама сөздерінен әсіресе ауылды, үйді сағынып көңілім құлазыған менің сансыраған санама ілінгені сол кездегі ұлы көсеміміз саналатын Лениннің есімі ғана. Тойшиева әлгі Ленин айтқан материя дейтінге қатысты ережені бірнеше мәрте қадай айтып, тағы да сұрады. Класс бұрынғыша тым-тырыс. Ол кісі де жалықпастан материяның ережесін үш әлде төртінші мәрте ежіктеп, содан соң бәрімізді шоли шаншыла қарап, «Кім айтады?» деді. Тек сонда ғана қол көтерген кластасымыз Құсбегі апайдың жетегімен бірдеңелерді міңгірлеп, өзгемізді азаптан құтқарды-ау. Сонымен сыртқа қоңырау соғылды. Соңғы сабақтан кейін екі класты қосып жиналыс өткізген Ұлбибі апай мен тағы бір мұғалімнің қатысуында завуч Әбді Сәрсеков бастап «Б» класына қабылданған «ауылбайлар» мен «А» класына іріктелген осында бұрыннан оқитын тіс қаққандарды араластырып бөлді. Мен «А» класына түсіппін. Класс жетекшіміз – қатал апай Тойшиева.
– Қорыққаныңыздан аулыңызға қайтқыңыз келген шығар?», – деп қыз тағы да сыңғырлай күлді.
– Дұрыс айтасың, – дедімдағы мен әңгімемді одан әрі жалғадым
– Үйден жалғыз өзім ұзап көрмегендіктің салдары болар, интернаттың шиқылдақ кереуетінде жатып, үйді езіле ойлаймын. Бұрын сегіз жылдықта оқытқан, кейіннен осы мектепке келіншегі Гүлсара жеңешеміз екеуі ауысқан Ахмет көкеміз интернаттың меңгерушісі. Бірақ туысқан інілерім ғой дейтіндей бүйрегі бұрғанын байқамаймыз. Бәрімізге қатал. Бірде: «Мыңбұлақтан» кешкі мектеп ашылыпты. Оқып қарық қылмайтындарың біздің де, өздеріңнің де бастарыңды қатырмай соған ауысқандарың жөн-ау», – дегені меңгерушіміздің. Басқаларды қайдам, ауылды сағынуым күшеймесе, басылмай басым салбырап жүрген менің құлағым елеңдеді. Содан ағайға жақындап, кешкі мектепке ауысудың мән-жайын сұрайын. Бетіме таңдана қараған ол кісі: «Ей, мен бұны оқу үлгерімі нашарларға ескертіп отырмын. Сенікі не жорық? Егер осыдан анау көксоққандарға ілесіп қашып кетсең, әкең желкелеп өзі әкеледі. Ақымақ болма», – деп тауанымды қайтарып тастады. Әкем Ербол – ауылдың бастығы. Совхозға, ауданға жиналысқа баратынын анама ескертіп жатушы еді. Мен осында интернатқа орналасқалы ол кісінің де төбесі көрінетін емес. Жолыға қалсам, әжемді, бауырларымды, әсіресе ерке қарындасым Анарды сағынғанымды айтып, Ахмет ағайдан рұқсат сұратып, үйге барып қайтуға есеп жасағанмын. Ақыры бір күні сабақтан соң, тәрбиешінің көзін ала бере совхоздың кеңсесін көздей зыттым. Дәл кіре берісінде әкемнің қарсы жолыққаны. Амандасуға созған қолымды ұстаған күйі жетелеп совхоздың асханасына апарды. Тілімді үйірген тәтті борщты ішіп, қою көженің ұзын кеспесін аузыма әзер салып, сораптай жұта тамсана жеген мен әжемнен бастап інілерімді, қарындасымды шетінен сұраймын. Тек анам Зеберкүл туралы бірдеңе дегім келсе де, дей алмадым. Өйткені «әжемнің баласымын» ғой. «Сен немене, келгеніңе он күн толмай-ақ бәрін сағынып үлгергенбісің? Ондай боркемік мінезді ұмыт!», – деген әкеме бір күнге болса да өзіне ілесіп ауылға бармақшы ойымды ашпастан, ішіме бүккен күйі интернатыма оралдым. Содан балаларға асханадағы борщ пен кеспесі ұзын көженің тәттілігін тамсана әңгімелейін. Оныншыда оқитын Нұрғали: «Ей, кеспесі ұзын кесілген тамақ апаң қара қазанға күнара пісіретін қара көже емес, лағман ғой», – деп мазақтай сөйлегені. Сөйтіп лағман дейтін көженің бір түрінің де мәнісін білдік аздап».
Осы тұста, лағман оқиғасына сыңғырлай күлген қыз:
– Ресторан, кафе тұрмақ, қарапайым асхананы да көрмеген ауылдың нағыз аңқау баласы екенсіз ғой, – деді жүзі нұрланып.
Мен басымды мақұлдай изеп, әңгімемді үзбей жалғастырдым.
– Содан былай әкемнің ескерткеніндей боркеміктенбеуге тырыстым. Бұрын үзілісте шуылдасып жүгіріскендерге қосылмай, қабырғаға сүйеніп мелшиуден тапжылмайтынмын. Енді ауылдағы сегізжылдықтың әжептәуір спортшысына саналатын мен үлкен үзілісте волейбол ойнауға қатысып, у-шуға елігуге айналдым. Мына тегістелген жерде интернат болатын. Сонда жаттым. Ал қазір екеуміз тұрған тақырда тек орыс кластары оқитын ұзынша жай орналасқан еді. Біз қазақ кластары анау бұзылмай сақталған бас корпустамыз.
– Ой, ағай. Сіз балалық шағыңызға саяхат жасап, бар сырыңызды рахаттана әңгімелеуден мүдіретін емессіз ғой. Мектептегі жылдарыңызды әбден-ақ аңсапсыз. Себепсіз де емес шығар, бірақ айыпқа бұйырмаңыз. Жұмыста едім. Кезінде білім алған бас корпусыңыз қазір балабақша. Мен сонда қызметтемін. Енді сіздің оқушы кезіңізді аңсаумен қиялдаған көңіліңізді бөлмейін. Орындарының ізі де қалмай шаңдауытқа айналған интернатыңызды, орыс кластары оқыған мектептің ұзынша жайын көз алдыңызға елестетіп әрі сондағы орыс сыныбының, әрі өзіңіздің сыныптастарыңызбен іштей әбден сырласыңыз, – деп сыпайы жымиған қыз балабақшасына бұрыла аяғын үлпіл-үлпіл билей басып ұзай берді.
«Жылап қалған қалқамды,
Еске салдың, қарғам-ай».
Ән-өлеңнің екі жолы ғана тіліме оралып, әлгі аяқ асты жарқ еткен таныс та, бейтаныс бейненің соңынан ойлар буған тұла бойымның дірілін игере алмай тілім байлана амалсыздан мүлги мөлидім.
Бірақ, ендігі арманға толы еске алуларымды үзбестен өзіммен-өзім үнсіз жалғастырған маған әлгі бейтаныс қылықты қыздың нәп-нәзік қимылынан бала махаббатымызды уылжытқан кластасс қыздарымыздың сып-сыпайы жүрістері, қоңыраудың сыңғырымен үйлесе жеп-жеңіл қозғалатын бейнелері көңілімде тым-тым алыстан бұлдырайтындай. Ал орыс класындағылар бізден мүлдем өзгеше еді. Мектепте «Русский язык и литературасын» парақтадым демесем, орысша жазу, сөйлеу, түсінуім шоп-шолақ қой. Сондықтан қазақ-орыс-кәрісі араласа орысша емін-еркін жамырай тіл безескендерді бұған дейін көрмеген мен үшін соның өзі таңсық, ал ерсілеу әрекеттері ұғынуыма да бір түрлі басқашалау. Қазақ класының қыздарындай ауыздарын алақандарымен көлегейлей сыпайы сынықсымай, керісінше жамырай күлісетіндерін қайтерсің. Бірін-бірі орысшалап тілдей ме, әйтеуір біреуі қазақ, біреуі орыс екі бала өңкей қыздармен ерегісіп, қуаласып, алысып жатқандары үзіліс сайын. Әсіресе шашы сап-сары, өзгелерінен бойшаңдау орыс қыз екі баламен қаймықпай жұлқыласады дейсің! Егер қазақ класындағы бір баланың партада қатар жайғасқан қызға жанамайлай жақындағанын байқаса, «Әй!» деп тыйып тастайтын ағайлар оларға үндемейді-ау, сірә. Әйтеуір біздің маңайымыз тыныштаудағы, бәрі емін-еркін жосылатын, күлетін, қуаласатын сегізіншідегі орыс-қазақтың тұсы майдан. Соншама көкпарлатқан кластастарынан сәл-пәл оқшауланған, үлбіреген бітімі нәп-нәзік бір қыз ғана әлгі теке-тірестерге араласпай, күлімсіреп тұрар еді. Ойнақ салған парталастарына, оқта-текте қазақ кластары жаққа да назарын аударып күлімсіреуден өзгермейтін белгісіздің есімі – Мая, ал жұлқыласқыш сап-сары шаштының есімі – Люба екенін де білдірген кластасым Қайырбек. Оның «Мыңбұлақта» озат механизатор болған әкесі колхоз тарап, «Дауылды» совхозына қосылған соң, жұмысы азайған бөлімше-фермадан биылғы ерте көктемде орталыққа көшкен. Сегізіншінің төртінші тоқсанын осындағы он жылдықта бітірген Қайырбекпен тоғызыншының сентябрінде шұрқырай кездескен біз жаңалықтың бәрін аузымыз аңқия содан естігенімізге мәзбіз. Бөтен кластағыларды да сырттай-ақ танып үлгерген оның сөз саптауынша оқушысы аз орыс кластары біздегідей «А», «Б»-ға бөлінбепті. Яғни орыстың сегізіншісі – бітіруші класс. Өйткені бала жетіспейтіндіктен, мектепте орысша тоғызыншы ашылмапты. Осы сегізіншінің оқушысы – он бір. Оның тоғызы қыз, екеуі ғана бала деседі бүге-шігесін саралап үлгерген Қайырбек. Сыртқа қоңырау соғылысымен орысша шүлдірлескендерді қызықтауым басылмай бар назарым сол топқа ауған мен әлгілерге жиірек қарағыштаймын. Алғашында солай есептейтінмін. Сөйтсем көзіме бірінші шалынатыны бәрі емес, әлгі Мая екен. Жанарыммен басқаларды түгелдей шолғаныммен, алаң көңілімнің біртіндеп Маяны іздейтінін аңғарғанымда, өзімнен-өзім қысылып, екі бетім ду ете қалатын болды.
Со жылы сегізінші, тоғызыншы кластың оқушыларын көршілес Бөген ауданының «Шұбар» аталатын аймағына мақта теруге апарды. Ал мектеп бітіретін оныншыларды алаңдамай емтиханға дайындалулары үшін қозғамапты. Бұрын-соңды мақта шіркініңізді кім көріпті? Жыламасақ та, жыларман күймен жүріп жаттық. Тек кешкі тамақтан соң, ұйықтауға дейін ойнаймыз, ара-арасында билейміз. Сондағы мен үшін ең кереметі ұл-қызымыз араласа ұстасқан қолдарымызды жоғарырақ көтере тізбектелеміздағы, ортамыздан бала ма, қыз ба жеке өтіп, өзі қалаған біреуді жетелей ілестіре соңғы қатарға барып орнығады. Өзіммен кластас Жанаттың саусақтарын қысыңқырай ұстап, екеуара алаңсыз әңгімеге кіріскен мені кенет бір қыз жетелей жөнелді. Қол ұстасып қатарласқан Маяны көргенде алақандарым ысып, бойым дуылдап, жиілеген демалысымды әзер бастым. Бір ғажабы, біздің сол қалпымыздан көпке дейін ешкімнің ажыратпағаны еді. Орыс класындағы қазақ бала Коля Мая екеумізге жақындады да, бетімізге кезек-кезек үңіліп бірдеңелерді орысшалай ұзарта сөйлегенінен ұққаным, «не надо» мен «любить» сөздері болды. Бірақ ол бізді бөлмей өтіп кетті. Кластасы солай жасағанда Маяның бір қырына бұрылыңқырай күлімсірегенін байқадым. Тек әлден уақытта маған килігуге бейім досым Сәділ әкетті Маяны. Осылай жалғасқан ойын да аяқталды. Ертеңіне де, одан кейін де, бір ай шамасына созылған мақта терімі біткенше әлгіндей қимас сәттер қайталана берді. Кейде «Кавказ тұтқыны» кино комедиясындағы музыкаға билейміз дейсіз. Шіркін-ай, бұл әннің жүрегімді әлі күнге әлдилейтініне кімді сендіргендеймін қазір. Содан мақтаның машақатынан құтылып, мектебімізге оралдық-ау.
Мақтадағы ойында қолынан ұстағаныммен, «Дауылдының» көшесінде, мектепте Маяның орысшасынан қаймығатыным сонша, онымен бір ауыз тілдесеуге тауаным жетпей-ақ қойды. Мен үшін өткел бермес асуға айналған және бір кесір – Любамен көрші. Жолығып, сөйлесердей сәт туса қызбен қазақша уәждесермін-ау. Ал егер жанынан бір елі ажырамайтын әлгі Люба орысшалап әлдене десе, тілімді шайнағандай алақтап екеуінің ортасында кекештене тыпырлап қалатынымнан қауіптеніп тағы да күйзелемін ғой. Маяға ғашықтығымды іштей мойындаған күйімді сезгендей:
– Орыс кластың қыздарына жолама. «Пошел вон!» десе біржола тынасың, – деген Сәділдің шошытпа сөзі де жаңадан ояна бастаған батылдығымды кесе көлденеңдей ықтырып тастайды.
Қыздың «А-ну-ка пошолын!» естіп көңілімді суытқанша, осы жанымды әлдилеген мылқау сезімнің рахатымен қиялдап жүргенімді тынышқа санаймын. Сөйтіп әрі-сәрі армандарымның шуы шұбатылған бір күні класындағы Мая отыратын партаға «Талғат + Мая» деп ойып жазылғанын желкемдеткен сыпсың шалынды құлағыма. Естігенімде жанымды жылытып, қанымды тулатқан бұл тосын лебіздің самалды әсерінен қыздан үміттенуім күшейген. Бірақ жүрегімнің соғуын жиілеткен әлгі жазудың растығына сеніңкіремей әрі өзімше барып көзіммен көруге сескенгендей табаным тартпаған екіұдайы даулы ой кешкен маған Сәділ жеткен:
– Мен көрдім. Мая мен сенің аттарыңды ойып партаны бүлдіріпті сонша. Бұл – масқара. Сені күлкіге айналдыру үшін жазған ғой. Орыс класы сондай ұялмайтын болады. Оқуды ұмытып, қызбен әуейіленгеніміз ағайларға сезілсе, өлтіреді. Одан да оны өшіріп құртайық, – деді ентіге ентелей.
Содан барлық класы түске дейін ғана оқып, түс қайта оқушы да, мұғалімдер де сирек бас сұғатын орыс корпусына Сәділдің бастауымен барған Қайырбек үшеуміз партаға ойылған «Талғат + Маяны» тырналауға көштік. Қыздың есімін сызғылаудан қашқақтап, өзімдікін өршелене бір-екі мәрте шаппамен тілгіледім де одан әріге шыдамай сыртқа ата жөнелдім. Сонда көзіме жас үйіріліп, демім тарылып қысылғаным күні бүгінгідей есімде. Сонша неге толқығанымды ол кезде ұғынбағанмын. Мектептің көше жағындағы үлкен талдың көлеңкесінде тасалана отырып ойланамын. «Біздің есімдеріміздің арасын қосумен таңбалап кім жазса да рахмет. Бірақ мектепте олай ашық жариялау, тәртіпсіздік қой». Осылай өкінгенім сол, тағы да көзіме ыстық жас тығылып, кеудемді өксік буды. Сәлден соң із қалдырмай құртқандарына масаттанған Сәділ мен Қайырбек шықты. Сондағылары Мая екеуміздің есіміміз жазылған партаның әлгі ашпалы бөлігін жұлып әкеліпті. Қайырбек жаңағы тақтайшаны күле ұсынды:
– Мә, Талғат. Ғашық қызыңнан саған ескерткіш. Сақтап қоярсың?
Алдым. Есімдеріміз аздап тырналғанымен бүлінбепті. Терең ойып жазылған әріптерді өшіреудің өзі де екі талай сияқты. Түрі құбылыңқыраған Сәділ менің қолымдағы тақтайшаны алмаққа ыңғайланып, ақылдымси сөйледі.
– Талғат ол қызға, ол қыз Талғатқа ғашық емес. Мектепте ғашық-машық сөзін ауызға алған оқушы құриды. Одан да тақтайшаны маған бер. Үйге апарып самауырдың отына жаңқалайын. Әбден кепкен қарағай тамызыққа таптырмайды. Таусылғанша жағып күлге айналдырып ұшырып жіберемін. Әйтпесе бүкіл мектепке әйгіленіп, директор Шыбынаевтың қаһарына ұшыраймыз.
Неге екенін қайдам...
– Бермеймін. Кейін айта-айта жүретін ескерткіш бұл мен үшін, – дедім де әлгіні қолтығыма қысқан күйі интернатқа әкеліп, шемоданымдағы киімдерімнің арасына орап салдым.
Бірақ әлдекім біліп қоярдай өзімнен-өзім қысыламын. Содан ең бір қастерліме айналған бұйымтайымды ешкімге сездірмей дайынды көлікпен ауылға, үйіме апаратындай сәт туғанша сырт көзге шалынбайтындай етіп сарайына сақтап қоюды Қайырбекке аманаттадым. Бірақ сол әкетпекші ойымның реті орайласпады. Біреу-міреудің көзіне түссе, ғашық-машықтың шатағына ұшыраудан сақтанған Қайырбек те әлгі мөрлі айғақты қол жетпес, көз көрмеске зыттырыпты. Кейін қайда жасырғаны есіне түспей-ақ қойды. Ақырында ол әр нәрсені түртінектеп тынбайтын апасының қолына іліккен тақтайды тамызыққа жаратқанына күдіктенбейтінін айтқанда, алғашқы махабатымның өшпес белгісіне айналған бағалы тақтайшаның табылуынан өкіне-өкіне күдер үзгенмін. Бірде кластасым Коля:
– Сен ынжықсың. Мая ғашық саған (Орысша айтты, мен осылай қабылдадым). Соны білгендіктен Бужаев Костямен бірге оның партасының ашылып-жабылатын бөлігінің астыңғы жағына екеуіңнің аттарыңды қашаумен ойып жазып, егеумен тегістеп әрлегенбіз. Ертеңіне бірінші сабақта партасының әлгі бөлігін ашып, жазуды оқыған Мая жымия күліп басын шайқай біз жаққа қарады. Бәрін білген кластағылардың ешқайсысы ештеңе демеген. Ал сендер оны жұлып әкетіпсіңдер. Содан қызға сөз тимеуі әрі мұғалімдеріміз көрсе, партаны қиратқан бұзықтығымыз туралы мектепті шулатпауы үшін Костя екеуміз басқа тақтай әкеліп шегелеп тастадық. Қызбен жігітше сөйлессей, мыңқия бермей, – деген еді.
Сол сөзден соң енді қызға жақындаудың амалын қиялдауға көміліп өзімше ойластыруға талаптанбаймын ба? Орыс корпусында мектептің шағын кітапханасы орналасқан-ды. Бір күні түстен кейін интернаттан кітапхананы сылтаурата ұзап, бір түйсіктің жетелеуімен өзім ғана барғанмын. Сыртқы есіктен кіріп, қара көлеңкелеу коридорға өткенімде, дәл алдымнан кітаптары бар Мая мен Люба қарама-қарсы ұшырасты. Сасқалақтағаным сонша тыпыр етпей қалшидым. Маяны қолымен жасқай кідірткен орыс қыз «Здравствуй, Талғатын» айтты да сыртқа зып берді. Коридорда екеуміз ғанамыз. Әлі мылқаумын. Кенет Мая күлімсірей сөйледі.
– Партаға есімдерімізді ортасына қосу қойып неге жаздырғанымды сұрап, оның ұят болатынын ескертпекке келдің бе? Оның бәрі класымыздың бұзықтары Коля мен Костяның әрекеттері. Сен қорықпай-ақ қой. Ештеңе ойлама да, ештеңеге әуреленбе де. Менің жігітім бар.
Осыны айтқан ол күлкісін тез тыйып, жанымнан желп еткен жеп-жеңіл желкемін сездіріп өте берді. Батылым жетіп басымды көтергенімде, оқта-текте оқыс ұшырасқан сәтіміздегі күлкі үйіріле жәудірейтін жанарынан жас па, әлде мұң ба аңғардым. Жүрегім кеудемді жарып жіберердей тулады. Бірақ қыздың «жігітім барынан» шошына бұрынғымнан да бетер сілейдім. Тілім де байланды. Сонда оның мен үшін ерекшелеу мөлдірейтіндей сезілетін әдемі көздерінің алдағаны ма? Коля егер Маяның маған деген бөлекшелеу көзқарасын аңғармаса, екеуміздің есімімізді қосумен қосақтап партасына бекерден-бекер оймайды, әрі «Мыңқимай жігіт сияқты қызбен сөйлес, Ол саған ғашық», – деп мені қайраған сөзін де әшейіннен-әшейін жария етпес. Ал клубтағымыз ше? Маяның маған деген ойын сезбесе, партасына екеуміздің есімімізді қосақтап оймайды ғой.
Оқушыларға рұқсат етілген күндізгі киноға кіреміз. Өзгелер жапа тармағай орындыққа таласқанда, мен отырмаймын. Өйткені қарама-қарсы қабырғада Маяның да солай Любамен бірге түрегелген күйінен өзгермейтінін білемін. Екеуміз екі жақтағы қабырғадан бірімізге-біріміз жиі-жиі, оны қайдам, мен әйтеуір жан дүниемде тербелген өзіме де жұмбақ күймен ынтыға бұрылғанымда, ұшырасқан қыз жанарынан да жалыны басылмаған сондай алауды тулаған жүрегіммен сезініп, содан жаным рахаттанатын. Әрі көзбен осылай аймаласуымыз еш басылмайтын. Сол үшін күндізгі кинодан ол да, мен де қалмайтынбыз. Ал жігіті барын естігеннен кейін соның бәрін мені күлкі ету үшін жасалған сайқымазақтыққа ұйғарып, өзімше ашулана намыстандым. Содан әдеттегідей сағат төрттегі киноға кіріп, клубтың қабырғасына жабысқан күйі Мая жаққа назар аудармауға тырыстым. Бірақ оның маған жанарлары жарқ етіп қарағанын көз қиығыммен аңғарған сәтте бар ашуым да, жігіттік намысым да әлсіреп сала берсін. Бұрынғыша бірімізбен-біріміз көзбен іздей табысатын әдетімізбен қайта іліктескенімізде, бақыттан басым айналды-ау. Енді оның «жігітім барына» қарсы өзімнің кесімім «жігіті жоқты» біржола байлағандай едім жүрегіме. Одан әрі өкпелегенімді тез ұмыттым да, қашанғымыздай көзбен аймаласқанымыздағы рахат күйіммен қайта қауыштым. Шіркін-ай, сонымен-ақ шексіз бақытты едім-ау!
Көктемде әкемнің апасы Қыздархан әпкемнің жаны ашыған қамқорлығымен интернаттан сол кісінің пәтеріне ауысып жайғасқан мен тәрбиешілердің қадағалауынан құтылып, бостандыққа жеткендей еркінсідім. Люба мен Маяның үйлері де осы МТМ көшесінің бойында. Бірақ үйлеріміздің екі аралығы әлдеқайда қашық. МТМ-нің аяғы барып тірелетін Тастақты көшесінде тұратын достарым Маман мен Қаумендікіне әдеттегімдей күнаралатып соғамын. Бір күні ауласындағы құдықтан су алуға келген Маяны Любаның қақпайлап, менің жақындауымды күттіруге әрекеттенетінін аңғардым. Бірақ олардың тұсына жеткенімше Мая үйіне кіріп кететін. Енді бірде Маяның тұратын үйі мен менің тұратын үйім бір көшенің бойында, бірақ арамыз қашық Любаның оны тағы да жібермей тұрғаны көзіме алыстан шалынды. Қатарларына іліккенімде орыс қыздың «Здравствуй, Талғатын!» естідім. Қызарақтай қысылған мен де «Здрасти» дедім-ау әзер. Люба тағы сөйледі:
– Ты, Талгат, Маямен кавалером будешь!?
Әкемнің «Соғыста алғашқыда атты әскер кавалериясы болды» деген сөзі санамда жарқ етіп, бірақ Любаның «кавалер будешінің» маған қаншалықты қатыстылығын түсінбей қыбыжықтауым көбейіп басымды изедім-ау деймін.
– Все, – деп тағы да бірдеңелерді орысшалаған ол үйіне кілт бұрылғанда, су толы шелегін көтерген Мая да алға қарай қозғалып сәл кідірістеді де мыңқиған маған жалт қарады.
– Люба әзілкеш қыз. Оған сенбеңіз, менің жігітім бар.
Осыны айтып ауласына ене берген оның тек мұңданыңқыраған әлде ашуланыңқыраған мөлдір жанарындағы көңілсіз кұпия күйді ғана жан дүниеммен сезініп үлгердім мен бейбақ. Бірақ, тағы да сұп-суық сөзі – «жігітім барын» естуім, есімді ұйқы-тұйқы етті. Осынысын әр ұшырасқан сайын неменеге жариялайды. Жігіті болса, не үшін сонша емінте емексітеді мендей пақырды. Сабақ арасындағы үзілістерде, жұрт шуылдаса жүгіріп жүрген топ қыздардың ортасында және клубтағы кинода екі қабырғадан қос жанарымен жанымды уылжыта ол маған, мен оған жәутең-жәутең несіне үздіге қарағыштаймыз. Неге теріс бұрылып кетпейді мені ыбылжытқанша. Жігіті болса, орыс қыз неменеге Маяны үйінен әдейілеп жетелей ілестіріп жолымды күттіреді? Сонда екеулеп мазақтайтындары мен бе?
Осылайша ішкі текетіреспен жалғасқан күндердің бірінде әдеттегідей Мамандікіне бет алғанмын. Алыстан Люба мен Маяның тағы да су толы шелекке таласып, бірін-бірі жібермей күлісіп тұрғандарын байқасымен ширықтым-ау деймін. Қазір барамындағы... Жақындасымен Любаға үйін нұсқадым:
– Тыбе домың эта?
Ол:
– Да, – деді.
– Дәсвидәниа, – дедім де, Маяға үйіне жеткізіп салатынымды шегелеп, жалғыз шелегін көтере жүріп кеттім.
Бұл кезде менің шалапай орысшамның түпкі түйінін түсінгені, сірә. Люба үйіне зып берген. Шелегін алмақшы болған қыздың ырқына көнбеген күйі шарбағынан ауласына өтісімен батылдана сөйледім.
– Үйіңе шақырмайсың ба?
Ылғиғысындай күлімсіреген ол есікті ашып маған жол берді. Кіре беріс бөлменің терезе алдынан сәнді құтыларға отырғызылған түрлі гүлдер көздің жауын ала құлпырады. Ал ортадағы үстелді жағалай тзілген орындықтар қойылыпты. Ол соған отыруды ишаралады. (Верандасындағы жиһаздардың солай орналастырылғанын бірде Сәділден естігенімде, оны қайдан білгеніне таңданғаныммен, анық-қанығын сұрамаппын). Отырдым. Енді оны сүйетінімді, ғашықтығымды ақтарып салмаққа, одан әрісінде өзінің ойын сұрамаққа оқталғаным сол, оқыс дауыстан селк ете қалдым.
– Здравствуй, Талғат!?
Сөйтсем әлгімнің бәрі менің бос қиялым екен. Қиялдаумен сыртқы дүниені ұмытып, өз армандарыма өзім бөгіп, тұстарынан меңірейіп өтіп бара жатқан мені тоқтату үшін Люба амандасыпты. Басымды көтере қарап үйреніскен «здрастиімді» де айтуға жүзім шыдамай, аяқтарым шалынысқандай сасқалақтап, екі құлағым тарс біткендей меңірейген мен екеуінің күлкілерін жонарқаммен естідім-ау! «Олар сені мазақ етеді». Сәділдің маған жиі ескертетін осы сөзі дұрыс сөз болды. Сонымен орыс класының қыздарымен арадағы сандалақтаған махаббат шеруің тынды. Өзі де жігіті барын бір емес, бірнеше мәрте ескертті емес пе саған? Ит дәмемен үйінің жанынан әрі-бері теңсетілгеніңе мәз-майрамданбай, одан да сабағыңды оқы деймін өзіме-өзім кіжініп. Тоғызыншының оқу жылы аяқталды. Мая да өзге кластастары сияқты қалаға ұзады. Көңілім құлазыған менің оныншыны бітіргенімше қызбен жолым түйіспеді. Өйткені ол каникулында «Дауылдыға» келгенде, мен каникулға «Мыңбұлаққа» кететінмін.
***
Орта білімнің аттестаты қолға тиген 1969-да Алматыға ентігіп барғаныммен, ештеңеге ілікпей кері оралдымдағы, келесі жылы Шымкенттегі ҚазХТИ-ға құжат тапсырдым. Оныншыны енді бітірген Маяның да Мәдениет институтының абитуренті болғанын «Дауылдыда» жолығысқан Қаумен досым ескертті. Содан енді өзімнің емес, оның емтихан тапсыратын күндерін жаттап алайын. Жазбаша сынақтан шыққан Маяны топ қыздың ортасынан көрдім. Жымия күліп амандасуға созған қолын жібермей ұзағырақ ұстағаныма қарсылық байқатпады. Кенет маржандай тістері сәл ғана көрініп, жып-жылы күлімсіреген жайдары жүзін маған бір қырындай бұрыңқырап:
– Жігітім бар, – дегені.
Төбемді сұп-суық тамшы тесіп өткендей бүкіл тұла бойым жиырыла селк еткен мен алақанымда аялай ұстаған қыздың үлбіреген саусақтарын қалай босатып әлде сілки тастап жібергенімді аңғармаппын. Кенет оқушы кезімізде «Жігітім барын» естігенде сілейген маған қарағандағы қабағын сәл ғана кірбің шалатын Маяның мұңдылау жанарымен тағы да ұшырастым. Екі айырылдық. «Жігіті барына» ренжісем де, ішкі түйсігімнің жетелеуімен жазбашасының бағасын көруге, өзіне жолығып, бірінші емтиханнан өтуімен құттықтауға барғанмын. Бірақ сынақтың қорытындысы жарияланған хабарламадағы «құлағандардың» арасынан оның аты-жөнін оқығанда, өзімен әзірге жолымның түйіспейтінін анық сезіндім. Біз бір-бірімізден тағы да алыстадық. Жан-тәніммен жақсы көрген сол қыздың «Жігітім барын» естігенде жасып қалатын жігерімді жанып, бір қаладағы оны іздеп кездесуге ынжықтығым жібермеді-ау. Әйтеуір селқос көңіл күйдің жетегінен біржола арылардай қайсарлық таппадым бойымнан. Келесі жылы сентябрьде Мәдениет институтының кітапхана факультетіне қабылданған бір топ студенттің ортасынан Маяны ұшыратқанымда оқуға түскенін сезіп, қуанғанымнан батылданып-ақ барып амандастым. Маған тағы да күле қараған ол ең бір зәрдей естіліп, есімді алатын сөзін қайталады:
– Жігітім бар.
Тұла бойымды өткір нәрсе тіліп өткендей тосылып, тасыған көңілім басылып томсырайып қалшиған күймен қала бердім. Маған жалтақтай бірнеше мәрте бұрыла назарын аудара күлімсірей қолын бұлғаған Мая топ қыздың ортасында аяғын үлпіл-үлпіл басып алыстап бара жатты. Бұл оны соңғы көруім екен. «Жігіті бар» қызды жүрегім шымылдай есіме түсірсе де, жалтақ көңілім қайтып іздеуге бел байламады.
Кейіннің-кейінінде, үйленіп басымыз байланған соң, ауылға бір келгенімде жолыққан Сәділден естідім ғой. Ол да Маяға ғашық болыпты. Бірақ мен сияқты «Жігітім бар» десе, сұңқиып шегіншектемей, ешқандай да жігітінің жоқтығын білетінін, сондықтан жігітіне өзін есептеуді жалына өтініп, үйіне жиі үйірсектеніпті. Орыс кластың сегізіншісін бітіріп, тоғызыншыны оқуға қалаға ұзарында Мая:
– Сен босқа әуреленбе. Мен Талғатты ұнатамын. Оны шын досым десең, өзім жеткізе алмаған осы сөзімді жеткізші. Мүмкін, ынжықтығын жеңіп, мені іздер, – депті Сәділге.
Қызды менен қызғанған ол жастық дәуреннің оты әлсіреген өлара шақтағы осы әңгімесінің үстінде
– Сенің қандай жыныңның барын еш түсінбедім. Ауылдағы, совхоздағы мектептерде бірге оқыған тәуір қыздардың денінің саған ынтығатындарын сезгенде, қызғаныштан ішім жанатын. Көре алмайтынмын. Ақымақ екенмін... Маяның сәлемін саған жеткізгенімде... Ақымақ екенмін...
Сөзін аяқтамай үзіп, шорт бұрылған оның оқыс әңгімесінен өзімнен-өзім буына тілімді тістедім. Өйткені үнсіздіктен басқа Сәділге жасар амалым да жоқ қой.
Зейнеткерлікке ілінісімен балалардың жетелеуінде ауылым «Мыңбұлақтан» қалаға көштік. Орын ауыстырғанымыз жақпады ма, көп ұзамай әйелім дүние салды. Жалғызілікті пенде кейінде қалған жылдарды, айларды, апталарды, тіпті, күндері мен түндерін ой елегінен өткізумен уақытты жейді екен дә! Сондайда кімнің қайда жүргенін, мына жарық дүниеде бар-жоғын есеп шоттағыдай қиялыңда қағыстырып, кейде ауыр мұңның өрмегіне ілінесің. Бірде көшеде хабар-ошарымыз біраздан үзілген Қайырбекке ұшырасып, мәре-сәре құшақтаса табыстық. Ол да таяуда отбасымен «Дауылдыдан» қалаға қоныс аударыпты. Әдетте тосын әңгімесін күле бастайтын кластасым ұмытылуға айналған оқушылық жылдардан бағалы сыйлық жасайтынын ескерте жақын маңдағы үйіне бастады. Сірә, альбомдарын ақтармақшымыз-ау?! Ауласына енгенімізде мен күткендей үйіне емес, сарайына бұрылып, кіруінен шығуы тез болған ол қолындағы тақтайшаны көз алдыма тосқан сәтте жүрегімді шаншулатқан есімдерді оқыдым: «Талғат + Мая». Кенет санам тұманданып есеңгірегендей халге ұшырағанымды аңдамаған Қайырбек тоқтамай сөйлеуде. Сондағы ұққаным, немересінің мектебі музей ашып, оқушыларына ежелгіден сақталған заттарды жинатыпты. Соған тапсыруға әкесінен сарайдағы ескі кебежені сұраған. Әр түрлі бұйымдар қойылған кебеженің үстін босатып қақпағын ашқан немересі түбінде жатқан бос тақтайшаны лақтырып жібереді. Тарс еткен дыбысқа елеңдеген досым әлгінің бетіндегі шаңнан көмескіленген оймыштарды сүрткенде, балғын жылдардың суреттерін санасында жарқ еткізген жазу – «Талғат + Мая» көзіне оттай басылады. Қайырбек одан әрі де бірдеңелерді ара-арасында күлкісін қосарландыра айтып жатыр, айтып жатыр. Бір кезде құлағыма:
– Псих больницаға түсіпті, – деген тосындау сөздер естілгенде, көңілім алаңдап, тамағым қарлыға сұрадым:
– Кім?!»
– Немене, Маяның науқасқа ұрынып, соңында «Псих больницада» жиі емделетінін әлі күнге білмегенсің бе?!
Ол маған таңдана әлде қатулана қарап, сұрағын тағы қайталағанда, өткен жылдарымның оқиғалары санамда тез-тез шарпысты. «Жігітім барынан» күдерімді үзгендей алақаржақ күйден арылмаған мен Маяның тағдырын қайдан, кімнен білгендей едім. Институтты бітіргенде, жолдамамен Қарақалпақстанға жіберді. Сонда бес жыл жұмыс істеп, Маяға ұқсатып, көңілім ауған қарақалпақтың бір қызына жиырма бесімде үйлендім. Одан әрі де мұғалімдігімді сол елде жалғастырып, тек араға жиырма жыл салып, онда да әкемнің:
– СССР тарады. Енді сені Өзбекстан да, Қарақалпағың да бауырларына баса қоймас, елге қайт-қайт, – дегенімен көшімді ауылға бұрғанда жасаулы сегіз қанат киіз үйі бар, түйелі байға айналып, үпір-шүпір балалы отбасыммен оралғанмын.
Әкемнің ескі таныстарының және түйемнің күшімен таудың бір қуысындағы Ақбұлақ мектебіне директор лауазымына тағайындалдым да, сол қуыстан шыли ұзағаным да, ешкімді іздегенім де жоқ. Дегенмен, ішінара сұрастырғанымда естігендерім: Жамбылдағы технология институтын бітірген Қайырбек сол жақта үйленіп, қалада қалып қойыпты. Маман дос авариядан қайтыс болса, денсаулығы нашарлаған Қаумен Шымқалаға жақын мөлтек ауданның біріне қоныстанған көрінеді. Ал өзім ішімдікке үйірсектегеннің салдарынан директорлықпен қоштасып, туған жерім «Мыңбұлаққа» қайтадан көштім. Ауылдағы ағайынның мені әбден жатсынғаны ма, өз атымды да атамай «Қарақалпақ келіннің күйеуі» дейтін болыпты сыртымнан. Менің осы ішкі ойларымды сезгендей Қайырбек:
– Иә, – деді. – Әрқайсымызды әр жақта жортақтатқан үзік-үзік өмір бізді енді ғана жолықтырғандай екен ғой. Әсіресе гүлдей жайнап жүретін Маяның тағдырының соншалықты ауыртпашылыққа ұшырайтынын кім болжапты дейсің. Қалаға тоғызыншыны оқуға барғаннан ғашықтығын айтып жабысқан бір жігіт институт бітіргенде де соңынан қалмайды. Ақыры мұның көнбесіне көзі әбден жеткен соң, зорлықпен алып қашады. «Айдалада абыройынан айырсаң, сенің етегіңнен ұстамағанда қайда барады?» деген жанындағылардың кеу-кеуімен ол Маяға қолынан келген қиянатын жасамаққа өрекпиді. Бірақ қыздың көнбей жұлқынғанына ызаланып ұрып жыққан күйінде басын жерге соққылай беріпті. Аузы-мұрнынан дірдектеген қанды көріп, жанындағылар ажыртқанда қимылсыз қалған Маяны өлдіге жорыған әлгілер мінген көліктерімен сытыла жөнеледі. Таңертең ауыр халдегі жаралы қызды байқаған біреу милицияға хабарлап, Жедел жәрдем де шақыртса керек. Мая ауруханада ұзақ емделеді. Ал әлгі зорлықшылардың «Москвичтерінің» артқы доңғалақтары екі түрлі екен. Оқиға орнындағы көлік ізінен екі бөлек таңбаны алған тергеуші топ ақыры машинаны, одан әрі әлгілерді табады. Ғашықсымақ жігіттің бәрін мойнына алып он бес жылға сотталғанына қанағаттанбаған Маяның ағасы ізденіп, ату жазасын сұраған. Бірақ өзін алып қашып зорлық пен қорлық көрсеткендердің ешқайсысын танитын, қылмыстарын мойындаттыратын ахуалда емес Мая сотқа илалап апарғанда «Менің жігітім бар, Алып қашпаңдар, зорламаңдар!» деп, айқайлап жылай беріпті. Соның салдарынан ағасының арызы да қайта қаралмапты.
– Қайырбек, сонау Жамбыл облысындағы сен оның бәрін қалай, кімнен білдің?, – деп сұрадым мен.
– Бізбен мектеп бітірген, бірақ «Б» класында оқыған Күмісбекті ұмытпаған шығарсың. Соның анасы мен Маяның анасы Ақгүл апай Сарыарқа өңірінің қыздары ретінде апалы-сіңлілі болып сыйласып, біздің «Дауылдыда» отбасыларымен араласыпты. Күмісбек әскерден оралғанда ол кісі өзі қызмет жасайтын сауда саласына тартып, автодүкеннің сатушысы етеді. Маяның жағдайына қаныққан Күмісбек оның ағасымен бірге сотына бастан аяқ қатысқан екен. Кейіннен үйінде бірнеше мәрте көрген оны танымаған, сұрағына, сөзіне ешқандай көңіл қоймаған Мая өзімен-өзі теңсетіліп жүретін сүлесоқ, есі кіресі-шығасылы халден еш арылмапты. Кей-кейде қинала айқайлап «Менің жігітім бар. Алып қашпаңдар, зорламаңдар!» дегенді жиі қайталап жылайтын оны Жүйке ауруханасына жатқыздық деген Күмісбектің әңгімесін айтып отырмын саған, – деді Қайырбек.
Сөйтіп мен Маяның жүйке ауруымен науқастанғанын осылай тосыннан естіген мен түнімен түрлі ойлардың жетегінде кірпігім ілінбей, көрер таңымды көзіммен атырдым да, ертелете аталған ауруханаға жеттім. Әуелі дәрігеріне жолыққандағы түсінгенім мынау болды. «Бұзықтығы жоқ мүлдем. Бірақ кейде «Менің жігітім бар, зорлықпен алып қашпаңдар. Жігітім туралы ескерттім ғой сендерге. Маған жоламаңдар», – дейді де өзімен-өзі әлдекімдермен шаршағанша арпалысады. Ағасы байқап көрмекке бір кластасын әкелген. Таныды. Бірақ ол кісінің «Осы емес пе жігітің?», – дегені сол-ақ екен көзі шатынап: «Бұл емес! Мен кластасс түгілі студенттердің арасынан да ешкімді сүйген емеспін. Кетсін қазір», – деп палатасынан қуып шықты бәрін. Басқа уақытта тыныш бір сыдырғы жүреді». Тағы да біраз әңгімелескен дәрігерден Маяға жолығуға рұқсат алып, коридорға шыққанымда мүлдем күтпеген Любамен ұшырастым. Өзіне таңданыңқырай көз тоқтатып орысша амандасқан маған тіл қатпай иегін ғана көтеріңкіреген оны да Раяға келгенге жобаласам да, неғып жүргенін сұрадым. Ол қазақша жауаптасты.
– Осында мейірбикемін баяғыдан. Өзің кімді іздедің? Любаның мектептен-ақ қазақ тілінде әжептәуір сөйлегенін енді аңғарған менің жауабымды күтпестен: – Поздно уже. Жолықпай-ақ қойсайшы, – деді ол жаны күйзеле. Оның әлпеті де, сөзі де ұнамаған мен асыға-аптыға сұрадым.
– Неге?!
– Өзін-өзі алдаусыратумен жұбатып жүрген жанын ауыртасың ғой. Егер таныса, науқасы күшейіп қозуы әбден мүмкін.
– Егер таныса, үйіме әкетемін!
Менің бұл екіленіңкіреген жауабыма ол басын қаттырек шайқай жауаптасты.
– Бекер-ақ қызбаланасың-ау?! Сенің үйленбегеніңді есітіп, келетініңнен үміт үзбестен ұмыта алмаған күйі сөз салған, соңынан қалмай жүгіргендердің ешқайсысына илікпеді. Ақыры зорлыққа ұшырап, денсаулығынан айырылды. Оның жүрегінде сен әлі бойдақсың. Сондықтан да «Жігітім бар!» деумен алданып, әлі күнге өзіңді ғана күтетін онымен кездеспей-ақ қойғаның дұрыс-ау!?
Осы кезде бөлмесінен шыққан дәрігер мені Маяның палатасына ертеп әкетті
Сол үлбіреген күйімен, қызыл шырайлы дидарымен, көзі тұнжырлау қалпында қарады маған. Содан соң жүзіме ұзағырек үңілді. Үндемедім. Қабағын түйді. Жадырады. Қарсы жүріп, екі қолын созды. Мен оның алақандарын алақаныма қыса аялай сипаладым.
– Бұл сенбісің шынымен?
– Иә, менмін, Талғатпын.
– Таныдым сені. Осы ғой менің жігітім!
Ол шаттана айқайлағанда, әлгінде сыртқа шыққан дәрігері қайта кірді. Менен қолын босата сала оған жүгіре барып маған бұрылды Мая.
– Сізге жігітімнің барын, іздеп келетінін ылғи айтатынмын. Міне, күткенімдей ол келді. Мені әкетеді қазір. Сөйтесің ғой. Мына оқыс ұшырасу мен таңғажайып әңгімелесулерден менің де есім шығып, ештеңені ақылға салар күйде емес едім. Иығымнан демала ентігіңкірей тіл қаттым.
– Иә, екеуміз қазір үйге барамыз!
– Алып қашпайсың ғой.
Оның мына сөзіне орайластыра шын жүрегіммен әзілдегім келді.
– Неге алып қашпаймын? Қазір-ақ алып қашамын!
Кенет әлгіндегі тамаша сәт Маяның жанұшырған айқайына ұласты. Сол айқайлаған күйі шалт қимылмен дәрігердің арқасына айналған ол:
– Мынау да алып қашпақшы. Жігітім бұл емес. Жібермеңіз, ешкімге бере көрмеңіз, – деп шырылдай жыласын.
Сасып қалдым. Дәрігер мені итермелей сыртқа шығарып, есікті қатты жапты. Маяның «Алып қашпақшы. Ол менің жігітім емес», – деген жылаулы үні біразға дейін естіліп жатты. Жаңғырығы басылмаған сол дауыс пен сол бір сөз құлағымда ғана емес, көңілімде де өшпеген қалпымда әрі-сәрі ойлармен үйге оралдым. Талайға дейін өзіммен-өзім арпалысқандай қарадүрсін жағдайда көзім ілініпті. Өткен күндердің бәрін түсімде басымнан қайта кешкендей шала ұйқымен күн шықпай ояндым да, ертелетіп Жүйке ауруханасына бет алдым. Дәрігерімен әзер келісіп, Маяның палатасына кірдім-ау. Ол мені бірден таныды. Кешегідей шошынған жоқ. Маған созған қолдарын тағы да алақанымда аялай сипалаған күйі оның кереуетіне қатарласа отырдық.
– Менің «Жігітім бар» дегеніме шынымен сеніп, ылғи сасқалақтап, соңымнан ілесуге де батылың жетпей тырп етпестен қалып қоятын саған ыза болатынмын. Бірақ жек көріп жоламауға, көшеңмен жүрмеуге, Любаның сүйрелеуіне көніп жолыңды тоспауға, күндізгі киноға бармауға бағынбаған жүрегім менің ашуланғаныма, намыстанып кіжінгеніме ешқандай көнбеді. Сонда мен он төртке, ал сен он беске де толмаған екенбіз ғой. Ал мен саған әбден бойжеткен қыздай ғашық болдым. Япырай, өзіңе деген махаббатымды неге сонша әлі күнге әлдилеймін? Сен ше?
Тілім байланды. Не деймін? Бірақ ол менің жауабымды күтпей сөзін күлімсірей жалғастырды:
– Жүрегімнің тек қана Талғат деп соққанына содан бері қанша жыл өтті?! Әлі солай.
– Мая, сол «Жігітім бар» деген сөзді не үшін айттың? Әлде біреу үйретті ме?, – дедім.
– Неге өйтіп айтып салғанымның себебін өзім де білмеймін. Есіңде ме? Біздің мектептің коридорында саған жолығып қалдық қой. Люба «Джигитин издеп келди», – деп сыбыр етті де, мені қолымен тежей тоқтатып, өзіңе «Здравствуй Талғатын» естірте сәлемдесті де шығып кетті. Ал сенің мына оңашалықта да аузыңды ашпағаныңа, тіпті екеуміздің есімдеріміз жазылған партаға қатысты пікіріме де ләм демеген үндеместігіңе қырсыққаным-ау. Мүлдем ойымда жоқ «Жігітім бар» деген сөзді қалай айтып салғанымның себебін өзім де түсінбестен, бірақ сонда да жаныңнан саған қарайлай өткенімде, сен басыңды көтермеген сияқтандың. Есік алдында күткен Любаға: «Жігітім бар» деп едім, есінен танып қалды» дедім ызалана сөйлеп. Ол маған жатып кеп ашуланды да: «Қазір қайта жолығамыз. «Ешқандай жігітім жоқ, жігітім сенсің» дегенді айтасың» деді де қолымнан тартқылап кейін бұрылған едік. Осы сәтте табалдырықтан сыртқа аттаған сен алды-артыңа назар аудармастан интернатыңа қарай безіп бара жаттың. Сонда жаным ышқына шынымен-ақ қайта кездеспейміз бе енді деп қауіп еткенмін. Бірақ, міне, ақыры кездестік. Енді бірге болатынымыз қандай рахат десеңші.
Осы сөзінен соң менің білегімді жастана жантайған ол да, оны аялай бауырыма жақындата тартыңқыраған мен де шынымен бақытты едік. Кенет маған жанарын аудара күлімсіреп, еркелей тіл қатты.
– Баяғы әнің «Іздедім сені» есіңде ме?
Әрине, ән де, сол күнгі оқиға да есімде. Мая сегізді бітіріп, тоғызыншыны оқуға қалаға кеткен. Көңілім құлазып, мектеп те қызық емес, көшенің бойында да ешкім жоқтай үйден ұзамаймын. Клубтағы киноға да кірмей, біраз уақыт жалғыздықтың самсоз күйін кештім. Мектептің көркемөнерпаздары жаңа жылда концертке дайындалдық. Мен «Іздедім сені» әнін орындамақшы тілегімді ескерттім музыкант Манап ағайға. Ол кісі мақұлдады. Отызыншы декабрьде совхоз клубының сахнасында концерт қойдық. Ағайдың баянда сүйемелдеуімен
«Іздедім сені, таппадым бірақ,
Қайдасың, қалқам, қай жақта?», – деп әнді бастағаннан Маяның бар кезінде әбден көзім дағдыланған тұсқа мойын бұрғанмын. Мөлдіреген жанары жәудірей қараған оны көргенде әнімді үзіп, сахнаны да, клуб толы жұртты да ұмытқандай сілейген күйімде Манап ағайдың шибарқыттанған сұрақты қатал қабағын да елемесем керек. Ол кісі жақындап, шынтағымен түрткенде ғана селк еттім де, клубтың ішін жаңғыртқан күлкіге толтырып сахнаның сыртына жалт бердім.
– Кенет биіктете шырқаған әдемі даусыңды қілт үзіп маған қадала қарағаныңды көрген Люба әннің не туралы екенін сұрады. «Іздедім сені» дедім. Сол сәтте ол мені сыртқа сүйрей жөнелді. Дуылдай күлген жұрттың арасынан далаға шығысымен Любаның дедектете ертуімен сахнаға аула жақтан кіретін есікке жеттік. «Қазір оған ешқандай да жігітіңнің жоқтығын айтасың. Все, хватить баловаться», – деді де дереу сахна маңындағылардан сені сұрады. Бізге күле қараған олар бастарын шайқап, жаңа ғана осында жүрген деседі. Бірақ біз өзіңді таппадық. Қараңғылық күшейгенде Люба екеуміз көшені бойлай үйіңе қарай қыдырыстай ұзағанбыз. Ойымыз – өзіңді жолықтыру. Қосарлана салынған екі үйдің де терезелері жарық екен. Тас лақтырсақ қорыққаныңнан сыртқа атып шығатыныңды әзілге айналдыра сөйлеген Люба қолына ілінген әлденені терезелеріңді жобалай сілтеген. Дәл шыныға тиді-ау, саңғыр ете қалды. Сасқалақтаған біз қаша жөнелдік. Сені ертең іздеп қалайда кездестіруді келісіп бөлінгенбіз. Бірақ жаңа жылды қалада ағайындармен қарсы алмаққа уәделескен мамам ешқайда мойын бұрғызбай түн ішінде Шымкентке ілестіре жөнелді. Сен қайда жоғалдың сонша жым-жырт?
– Мен сахнадан түсісімен жүгірген күйде үйге жеттім де көрпемді тас бүркеніп жатып қалдым. Любаның лақтырған тасы біздің емес, көршінің терезесіне тиіпті. «Бүгінгінің балалары бұзылған» десіп, сынған терезесін жастықпен бекітіп біраз шуылдасып басылды. Ертеңіне клубтағы дуылдай күлген жұрттан, сендерден ұялып көшеге беттемедім. Кешкілік трактордың тіркемесіне отырып, ауылға тартқанмын. Содан каникул аяқталған соң, январьдың он екісінде бірақ оралдым. Соншама бекер-ақ қысылыппын. Менің әншілігімді әжуалап ұялтатындай ешкім ұшыраспады.
– Саған жігітімнің бар емес, жоқ екенін, жігітім әлі күнге өзің ғана екенін ешқашан айта алмаймын ба деп шошитынмын. Енді, тыңда! Сенен басқа жігітім жоқ, болған да емес! Сыңғырлай күлген ол енді алдыма жайлана жайғасып көзін жұмды.
Оның дидарынан баяғы оқушы кездегі Маяның балбұл жанған нұрлы келбетін көрдім. Басымыз қосылмай жүріп-жүріп жасым жетпіске жеткенде күтпеген жағдайда ұшырасқан бала ғашығыммен шынымен-ақ табысқаным ба? Науқасынан Мая сауығып, екеуміз шаңырақ құрмақпыз ба? Тағдырымыз расымен де солай өзгермек пе? Бұның бәрі өңім бе әлде түсім бе?! Есімнен шатаспасам етті. Әлде бақыттан басы айналғанның нағыз нышаны осы ма?! Кенет палатаға Люба кірді. Маған, содан соң көздері жұмулы Раяның жүзіне назарын ұзағырақ тікті де мұңдылау үнмен тіл қатты.
– Сенімен болатын осындай бақытты сәтті ол өмірінің соңына дейін күтетін еді ғой. Енді бекер жолықтың-ау!
Менің көңілім елеңдеді. Мына Любаның «өмірінің соңына дейіні» несі? Жүрегім түйіле алабұртып сұрамаққа бұрылсам, ешкім жоқ. Қалай дыбыссыз кірсе, солай ізім-қайым жоғалыпты орыс қыз. Маяның алаулаған реңіне аялай көз тоқтаттым. Сұлу жамалы баяғы мектептегі көргенімдей уылжыған, қызыл шырайын айнымай тауып, күлімсірей балбырап, тәтті ұйқыға шомғандай. Оның осы бір тағдырына риза бақытты да тыныш сәтін бұзбауға тырысқан мен де үлбіреген қолдарын сипалай ұстаған қалпымнан тырп етпедім. Кенет Маяның жып-жылы алақандары салқындағандай сезілді. Денесінің де мұздаңқырай суық тартқаны менің тәніме білінгенде, әлденеден қорқақтай жаймен:
– Мая!, – дедім.
Үндемеді. Енді атын дауыстап атадым. Бетіне бетімді тигіздім. Мұздай. Оның денесінің жансызданғанын аңғарған сәтте «Маялап!» айқайлай алдыма ала құшағыма қыстым. Жан-жағым менің құшағымнан қызды босатып алмаққа әрекеттенген ақ халаттыларға толып кетті. Одан әрісінде есімді жоғалтыппын. «Жедел жәрдеммен» мені ауруханаға, ал Маяны үйіне әкетіпті. Жеке палатада қанша күн емдегендерін білмеймін. Есімді әзер жинаппын. Тәуірленген соң, әлі де жатып біраз ем-дом қабылдауды ескерткен дәрігерді тыңдамай ауруханадан шықтым да Любаны іздедім. Ойым Любадан біліп, әуелі Маяның үйіне, одан әрі қабіріне бару болатын. Пенсияға жасы жетсе де аурухана басшыларының өтінуімен осыған дейін медсестра қызметіндегі оны Ресейдегі баласы келіп жұмыстан босаттырып әкетіпті. Қыз ағасының мекенжайынан мүлдем хабарсызбын. Енді не істеу керегіне ақылым жетпей екі күн сенделгенде ойыма Шымқаладағы қорымдардан Маяның зиратын іздеу амалы оралды. Содан дереу қаланың әр тұсындағы қорымдарды аралай бастадым. Шырақшыларына жолығамындағы соңғы бір-екі ай көлемінде жерленген әйелдің қабірін көрсетуін сұраймын. Бірінде көп, бірінде аздау жаңа қабірлерді нұсқайды. Көп уақытым осылай мола кезумен өтті. Қала шетіндегі бір қорымнан тағы да Маяның қабірін іздемекке шыққанымда жолай Қайырбекке кездестім. Қайда баратынымды сұрады. Содан соң:
– Сен оның зиратын бұ жақтан іздеп әуреленбе. Папасы қызмет бабымен оңтүстікке келген, бірақ өзі Арқа жақтың қазағы екенін, ол кісі қайтыс болғанда туған жеріне апарып жерлегенін, әйелін де сонда күйеуінің жанына қойғанын әкем айтатын. Маяны да сонда әкетсе керек. Өкініштісі қарындасының қырқын өткізгеннен кейін көп ұзамай ағасы Ерсұлтан да жол апатынан қайтыс болған соң, оның отбасының да қоныс аударғанын естідім. Бірақ қайда көшкендерін білмедім, – деді ол.
Мен оған ентелей жақындап әзер сөйлей сұрадым.
– Сенің айтып тұрғаның Арқаңның қай қаласы немесе ауылы?!
Онысынан мүлдем хабары жоқтығын аңғартқан Қайырбек иығын көтерді.
Құшағымда еркелей ұйықтап мөлдірей жәудірейтін қос жанарын жұмған күйі енді мәңгі ашпайтынын сездірмей о дүниесіне жым-жырт көшкен Маяның жүрегімнен өшпеген сол бейнесін көз алдымда ғана елестетемін мен бейбақ. Сағынышы басылып, менің құшағымда жатып бой жасаған екен ғой ол. Ақыры сағыныштың сағымына оратылып, жүрекпен сезініп, көзбен аймаласқан бала махаббатымның ыстық ұясындай бәріне куә «Дауылдыға» бүгін келгенмін. Түгелге дерлік өзгеріп кетсе де, көңілімнен баяғы қалпынан өшпеген Маяның үйін, көшесін, клубты шаншымасы күшейген жүрегіммен қабылдай жүріп, тегістеліп кеткен интернат пен орыс кластары оқыған мектептің орнында біраз сандалақтадым. Әлгіндегі сыңғырлай күліп, шаңдақты жерден не іздегенімді сұраған жап-жас, ару мүсін қызбен әңгімелесуден басталған тәтті әсердің ықпалы ғой бәрін бұлайша көз алдымнан өткіздірген. Иә, жоғалтқан жылдарымнан әлденені іздеп табатындай аусар халдегі мен бала махаббатыммен жетпістен асқан жасымда қайта ұшырастым да, осылайша біржола қоштастым да.
«Сүйгеніме сен менің сене тұрып,
«Жігітім» бар депсің-ау өп-өтірік.
Жігітің сол сезбеппін мен екем ғой,
Неткен шындық едің сол, сол өтірік».
Бір-екі сөзін ауыстыруыммен жүрегіме жатталған осы шумақ қай ақындыкі еді?! Есіме түсер емес.
Міне, алғаш оянған үлбіреген ұлпа сезімдерімнің үнсіз куәсі бұрынғы клубтың елесімен, балабақшаға айналған мектебіммен іштей мұңдана қоштасып көшемен жаяулата қалаға бет алдым. Қазір көлденең көшеге түсіп, оңға бұрылғанымда аты бар, заты өзгерген «Шайхана» аялдамасынан әрі Арыстандының көпіріне ілінемін. Онда мені машинасымен немерем күтіп тұр. Осыдан елу бес жыл бұрын алғаш рет Арыстанды өзеніндегі көпірден он бес жасымда өтіп, айналама таңадана қарап «Дауылды» ауылының көшесіне кірген едім. Енді сол Арыстандыға салынған жаңа көпірден өтіп, балғын шағымдағы аяулы да бейкүнә махаббатымның бесігі «Дауылдыдан» жетпістен асқан жасымда ұзап барамын. Өзегімді өртеген өкініштен арылмаған күйреулі күймен ғұмырымның ендігі қалған соқпағын осылай жалғыздан-жалғыз кешкен мен бейбағың басылмас сағынышым әлдилеген күні саған тағы да қайта оралармын-ау, Дауылды. Бірақ, қашан?!. Қайдам…
P/S: Қыздың қабірі Шымқалада еді. Анасы, бауырлары, құрбы-құрдастары оны Мая дейтін. Ал шын есімі – Майгүл. Атасы – Бейсен, әкесі – Ақан. Шариғат талабынша Маяның құлпытасына суреті бедерленбей, әкесінің атымен «Майгүл Ақанқызы» деп жазылғанын Талғат білмейтін.