Жақсылық Мұратбек. Бақсы көрген

Амал нешік, алдағы күнге барлау жасамай, арттағы күнге есеп бермей, жеңіл-желпі қарағандығынан, қара суды қайғысыз ішудің өзі қат-қабат соқыр тұманда адастырып бара жатқандай әтуерсіз күй кешіп келеді...

Jan 27, 2026 - 18:18
Jan 27, 2026 - 18:20
 25
Жақсылық Мұратбек. Бақсы көрген

Жақсылық МҰРАТБЕК – жазушы, драматург, Қазақстан Жазушылар Одағының және Қазақстан театр қайраткерлері одағының мүшесі. 1992 жылы, 3 қаңтарда ҚХР, Іле қазақ облысы, Күнес ауданы, Қарабура ауылында дүниеге келген. Астана қаласы, Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Кинотеледраматургия» мамандығында өнер бакалавры білімін алған. 
Қазақстан тәуелсіздігінің 30-жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының «Көркем фильм мен телесериал» байқауының жеңімпазы.
«Тау ішіндегі көлеңке», «Бақсы көрген», «Мен сені сағынады екем», «Көктем гүлсіз басталған» атты кітаптардың авторы. Мұхтар Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер» институтының ғылыми қызыметкері.

(Хикаят)

Үміт пен күдік, қатар жармасқан тірлікте қапысыз қайғы алдырмайтын, уайым-қайғыға бой шалдырмайтын, болар-болмас дүние қызығы үшін, ашкөз тәбеттен үстем таңғажайып дүниеге табандағандардың саны, саусақпен санарлық қана еді...
Кәмила қыз пәниден бақиға аттанғаннан кейін, әжептәуір әрнеге арандаған көңілімді алдарқату үшін, асығыс атқарған істерімнің қай-қайсысы да, қамыққан жанымның қауырсынын қатайта алған жоқ болатын. Ылғи да бір мазасыз ой желкелеп алып, төбемнен түйгіштегендей түсініксіз, тұрпайы күйімді түбегейлі тұншықтырғысы келе ме, әйтеу бір жанталасқан тіршіліктің жар қабағына қарай, жалп еткізгісі келеді де тұрады. Үнемі үркумен, қорқудың қос шоқпарын беліме байлап алып, бас ауған жаққа қарай қаңғып кетем де, қайта айланып үйге оралуымның өзі біраз уақытқа дейін қиынға соғып жүрді. Әсіресе ымырт үйіріліп, бейуақыт болғанда, бейберекет айғайға басып, не біреудің ақырған дауысынан жасып, дала безер дағдарысқа ұшыраған күйімді, кейін келе бір-ақ аңғарыппын. 
– Ақжол, әй, Ақжол! Ақжол деймін, тұр орныңнан. Тұрсаңшы енді, сені сыртта бір кісі келіп күтіп отыр, – деді әлде бір аптығыңқы дауыс құлақ түбінен жаңғырғандай.
– Ау, кім-кім? Кім ол?, – деппін жайсыздана жатқан орнымнан алқына ұшып түрегеліп.
– Білмеймін, бір дударбас, бұйра шашты үлкен кісі, сыртта тұр, сені шақырады, – деді сынық жүзді, сарғыштау өңді Сағындық інім.
– А-а-аа... Қазір, – дедім де, сырғып барып босағада жатқан сүйретпе галөшке аяғымды сұға салып сыртқа шықтым.
Әлгі кісі мені көре сала сүйенген аса таяғын әрі-бері шошаңдатып, бадырайған үлкен көздері шарасынан шығып кетердей, аһ-үһлеп біраз тұрды да, үркіңкіреп тұрған қасымдағы кішкентай інім, Сағындыққа:
– Балақай, тездетіп барып жанып тұрған пештеріңе үйдің оң жақ босағасындағы сүйеулі тұрған темір қышқашты салып қойшы. Тез!, – деді.
Мен аң-таң болған күйі, қарсы алдымда тұрған қарға бойлы кісіге қадала қаппын. Өне бойымды әлдебір сиқырлы күш арбап алғандай, тұрған орнымнан қозғалтар емес. Еріксіз тұла бойымды билеп алып, жағама жармасқан жадыгөйдей, жан дүниемді жанталастырғаны бар болсын, бақырайтып қойып үстіндегі үлкен жамылғысымен кеп қымтап алды. Кісі шошырлық сұсты жанарына қараудан жасқанып, едәуір именшектей бастап ем:
– Бала басыңды көтер! Менен қорықпай, әуелі бір Құдайдан қорық, бір Құдайдан!, – деді де, өң түсін суытқан күйі, күн нұры түстес сарғыш сәулелі көзін көкке қадап ұзақ тұрды. 
Әлсін-әлі ыңыранып, әлсін-әлі күрсініп алғаннан кейін, төрт бүктеп тұншықтырып бара жатқан мені қолтығымнан демеп, сүйеп тұрғызған бақсы бағанағыдай емес қалыпсыз, қайғы меңдеткен бейнесінен арылып, салмақты, сабаз қалпына қайтадан түсе қалған-ды. Әлдебір түсініксіз, тұңғиық ойлар ойына оралғандай, «Әй, обал-ай! Обал, обал!...», – деп ышқына дауыстап алды да:
– Әу, батыр бармысың, мұнда келіп кетші?..., – деді. 
Үй терезесінен үңіле қарап, түңіле жаздап отырған Сағындық жаңағыдан көрі жаймашуақтана бастағандай, үрейқуық, жасқаншақтау көңілі орнына түсіп, өрекпіген өткір мінезді ұшқалақ жанға, ептеніңкіреп үйренісе бастаған-ды. Сонда да сөлекеттеу көрінетін сүйекті кісіге жұғыса қою оңайға соққан жоқ болатын. Ұдайы ұрынарға қара таппай жүрген кісідей қағынып жүруші еді, «қара басқыр мына адамға қайдан тап болдым екен?..» деп іштей қамығып отырса керек, қапелімде ерке баланың елеусіздеу көрген ойын екшей қойған бақсы:
– Немене, менен құтыла алмай отырмысың? Саспа, бала, мен сені әлі талай кереметтердің куәсі етемін, көрде тұр, – деді де, күрк-күрк жөтеліп алып құшағындағы құрсаулы жатқан құр сүлдемді еркіме жіберді. 
Кішкене құрыс-тырысым жазылып өз қалпыма келе бастағандаймын. Сонда да суық жүзді, сұсты кісіге бірдеңе деп айтудың өзі, оңайға соқпайтындай... Міз бақпайтын тұла бойынан бірде жанашырлық байқасаң, енді бірде қаталдықтың қатқыл ізін көресің. Алғашқыда адамдап алдына бармақ түгілі, асығып артыма қарай бұрылғым келетін. Бірақ беймезгіл соққан дауылдай үйіріп әкететін ұғынықсыз бір дүлей күш, тұла бойымды билеп алғандықтан, асығыс әрекетке көшудің өзі әуреге түсумен бірдей болатын. 
– Құрсын!, – деді бір уақытта үлкен қақпадан үдірейе кіріп келе жатқан Қалиқа. – Құрсын! Сіз кімсіз? Мұнда не шаруамен жүрсіз? Кім шақыртып еді сізді мұнда, айтыңыз?!, – деді үсті-үстіне толассыз сұрағын төпелетіп.
– Мен бе?
– Иә, сіз?..
– Мені ешкім шақырған жоқ, Құдай шақырды, – деді тосыннан түйеден түскендей жауабын дүңк еткізген бақсы.
– Құдай! Ха-Ха... Қай Құдайыңыз шақырып еді сізді мұнда?
– Сені де, мені де жаратқан жалғыз Құдай...
– Жә, болды көп сөзді доғарыңыз. Балаларымының үрейін ұшырып болған көрінесіз, енді табаныңызды жалтыратыңыз бұл жерден. Әйтпесе сақшы шақыртамын, – деп жан-жағына алағызып жалтақтай қарады да, барылдаған жағымсыз дауысымен, ащы айғайын үдете түсті.

***

Бақсы, Қалиқа келіншектің қаперсіз қаталдығына қабақ шыта қарап алған соң, «Ә-ә-ә... Түсінікті...» дегендей қақпаға қарай кері бұрылып, жылжи берді. Аяқ астынан асатаяғымен әр нені бір оқтап, сосын кілт тоқтады да:
– Бәйбіше, сіз өз уағында құрсағыңыздағы балаңызды құпия жолмен өлтіргеніңіз есіңізде ме?, – деп едірейе қалды.
Қалиқа қатты сасқанынан не айтарын білмей :
– Не деп оттап отырсың, оңбаған! Қайсы баланы айтасың? Қайдағы бала?, – деп бажылдай бастады.
– «Қайдағы бала» деп байбалам салмаяқ қойыңыз, бәйбіше. Бізге бәрі де аян, асықпай анығын айтыңыз, – деп бақсы алая қарап еді.
– Жоғал, көзіме көрінбей! Шық үйімнен!, – деп Қалиқа қолына тигенін іліп алып бақсыға қарай тұра ұмтылды.
Не болғанын тереңірек түсінбесек те, үдеп бара жатқан ұғынықсыз айғайдың арты үлкен мәселеге апарып ұрынары даусыз еді. Екі араға араша болмаққа не істерімізді білмей алаңдап тұрған шағымызда, күнгей жақ тұста тұратын құдай көршіміз Құрбан аға, ушыққалы тұрған ұрыстың үстінен түсті.
– Астапыралла!, – деді әбестеу киінген бақсының әтуерсіздеу ұсқынын көріп. – Астапыралла! Бұл кісі кім?, – деп аңтарыла қапты.
– Кім болушы еді?! Ісі жоқ сандалып жүрген сайқымазақ та!?
– Сайқымазақ?!
– Иә, сайқымазақ!
– Қалжыңыңызды қоя тұрыңызшы, жеңеше, қайдағы сайқымазақ? Байқаймын бұл кісі балгер шығар?
– Қайдағы балгер? Барып тұрған суайттың өзі, қарамайсың ба өң тұрпатына, – деп адырайыңқырады Қалиқа.
Ыза болған тұла бойын тежей алмай тұрғаны түр әлпетінен шығып тұрса да, сонда да өтірік көлгірсіп, еріксіз монтансығандай болды. «Артық сөйлеп арандап қалмаймын ба?» деп әрі қарай әккілігіне басайын десе де, бәз баяғы қалпынан арыла алған жоқ. Іштей зығырданы қайнап, зықпыты шықты.
– Жә, болды, көп сөзді доғар. Енді мылжыңдай беретін болсаң көретініңді көресің!, – деп көршіміз Құрбан ағаға шәкене құстай шаптыға берді Қалиқа. 
Іштей ешкімге білдірмей құпия сақтап келген сыр сандығының құлпысы ашыла бастағандығына азаптала бастағандығынан шығар, жанын қоярға жер таппай тыпырши берді. Өң-түсі бірде бозарып, бірде сазарып жаза майданына апара жатқан тұтқындай, әбігерге түскен бейнесін көрсең, өне бойыңды еріксіз күлкі қысады. Сонда да ыза буған суық жүзін шаңдыртпауға тырысып, ойда жоқта отбасында пайда болған бақсыдан тез құтылудың айласын ойлап әуреге түсті.
– Уақыт та біраз жерге барып қалды, қайтпайсың ба енді үйіңе?, – деп Қалиқа қадала қарап еді, бақсы:
– Қазір қайтпаймын, бір кісіні күтіп отырмын, – деді.
– Кімді күтіп отырсың? Сен күтетіндей бұл жерде қандай танысың бар еді?, – деп тыжырыныңқырады ол.
– Қандай танысым болушы еді, досым бар осы үйде, кішкентайымнан бірге өскен досым!
– Дос? Сендейлерде дос болушы ма еді?!
– Болғанда қандай! Айнымас дос едік қой ол екеуміз... Айнымас дос, – деп айтып ауыз жиғанға үлгерткен жоқ, сондай жақтан «Гүр» ете түскен мотоциклдың даусы естілді. 
Қолды аяққа тұрмайтын кішкентай баладай ары-бері сенделіп ұзақ жүрген Қалиқа қатты сасайын деді. Не істерін білмей әлденеден үрейленгендей іштей жегідей жеген уайым тұңғиығына батып бара жатқандықтан, жанына батқан жан азабынан жалмажан арылу үшін:
– Қазір көретініңді көрерсің, бәлем! Тілеубердіге айтып қуып шықпасам үйімнен, Қалиқа атымды басқа қой!, – деп ол өкіреңкіреді. 
Өз сөзі болмаса, өзгенің сөзін елеп-ескере қоймайтын етжеңді қатынға, қай-жайдағының барлығы қаласа болғаны табыла кететін-ді. Ол үшін ойдан құрастырылған өтіріктің де, ұжданына тимейтін лепірмеліктің де маңызы зор. Бастық байының бақытты қатыны болғандықтан, басқаның бәрі ол үшін өте жұпыны көрінетін. Өздерінен төмен деңгейдегі кез-келген адамды жұмсап үйренген жұмыр басты пенденің «алсам екен, асасам екен» дейтін ашкөз тәбеті, бұдан әрі асқына түспесе, кеми түсетін кеңшілігі байқалмайды.
– Бұл кім?, – деді мотоцикілінен түсе салып, жауап алып үлгеруге асыққан Тілеуберді.
– Кім болушы еді, құтырған бейтаныс біреу. Мен жоқта үйге келіп, балалардың үрейін ұшырыпты, – деді Қалиқа салған жерден.
– Не қылыпты дейсің? 
– Мен жоқта үйге келіп, балаларды қорқытыпты деймін.
– Менің балаларымды қорқытатындай, кім екен сонша?! 
– Соны айтам, – деп қыстырыла қалды сөз арасында, қырық саққа жүгірткіш Құрбан аға.
– Кім болушы едім? Досыңмын!, – деді бақсы.
– Досыңмын деймісің? Бүйтіп дос болғаның бар болсын сенің!, – деп сөз реті келгенде ойындағысын ірікпей сілтей салуға сәл қалып еді Тілеуберді, кенет кеңірдегіне кептелген кезекті боқтығын тежей қалды. 
Бақсының түр-тұлғасына бажайлап қарап алды да, әлдебіреулерге ұқсатқандай шырамытырыңқырап ойланып ұзақ тұрды.
– Иә, досыңмын. Есіңе түсір, бала кезімізден бірге өсіп едік қой.
– Сонда сен... Сен... Сен – Уәлибекпісің?!
– Болсақ болармыз. Мына ыңғайсыз ұсқыныма қарап қалай тани қойдың?, – деді ол күлімсіреңкіреп. 
– Бауырым-ау, қалай танымайын? Қайдан жүрсің? Ауыл, елің аман-есен бе? Қашан келіп едің мұнда? Неге алдын-ала айтпағансың, күтіп алатын едік қой, – деп екеуі құшақ айқастыра амандасқан сәтте, Қақаңның екі көзі шарасынан шығып кетердей, өзінің шырмалған құбыжық ойына өзі тұншықты.
Мына кейпіме қарап, күтіп алмақ түгілі, көрген жерден тым-тырақай қашатын шығарсыңдар қайта, мына келіншегің сияқты, – деп қанжардай өткір тілімен сылқ еткізіп еді:
– Қайдағыны айтпашы! Қайда қашамыз? Қайта сені құшақ жая қарсы алатын шығармыз, қане үйге жүр, төрлет!, – деп Тілеуберді өзі оңаша отыратын үлкен үйіне қарай Уәлибекті қолынан ұстап жетектей жөнелді.

***

Әбден сілікпесін шығарған үкімет қызметінен қажығандықтан ба, кең пішілген мол денесімен баяу қозғалады. Біраздан бері мазасын кетірген шаруа қожалығына байланысты жұмыстардан еңсе көтермей күпті болып жүр еді, бүгін ойда жоқта көріспегеніне көп жыл өткен өзінің көнекөз досымен жолығуын үлкен жақсылыққа балады.
– Иә, үйдегі үлкендердің бәрі дін аман ба? 
– Шүкір! Аманшылық!.. 
– Іні, қарындастардың хал-жайы қалай?
– Олар да есен-сау, күйбең тіршіліктің соңынан салпақтап жүр сол баяғы.
– Е-е-е... Былай де. Өзіңді осындайда жолықтырамын деп, еш ойламап ем, дидарғайып дегенің осы да... Қазір немен шұғылданып жүрсің? Байқаймын ұсқыныңа қарасам диуанаға ұқсайсың.
– Біздің тірлік сол баяғы ел кезу, жер аралау, ауруды емдеу дегендей. Мен саған осыдан төрт күн бұрын келетінімді құлақ қағыс еткен жоқпын ба?
– Ха-ха-ха, қой әрі қайдағыны айтпай? Сен анда, мен мұнда қайдан жүріп хабар беріп едің?
– Әй, Түке-ай, алдыңғы күні түс көрген боларсың?
– Иә, көрдім.
– Сол күні түсіңде сені әп жыланнан арашалап алған бейтаныс шырақшы есіңде шағар?
Тілеуберді не дерін білмей абдырап қалды. Сасқанынан екі көзі баданадай болып, бақырайып кетіпті. «Ар жағын айтпай-ақ қой, Уәке» деп ишара жасады да, бірер минут сілейіп тұрып қалды.
– Ойбай, көтек! Түке-ей, не боп қалды? Тыныштық па? Айтсаңшы?, – деді Қалиқа жан таппағандай ыдыс-аяғын дастарханның жиегіне қоя салып.
– Бәрі дұрыс! Дұрыс..., – деп отырған орнынан ептеп түрегеліп сыртқа шықты да, кеудесін қысқан ауыр уайымнан терең күрсінді. 
«Қалай?», – деді ол ішінен әлде неше рет қайталап. «Қалай? Ешкімге білдірмей құпиялап келген сырымның дәл бүгін оп-оңай әшкере болғаны ма, қалай?», – деп қамыққан көңілі күбірткіге жем болған кіршең тырнақтай шанши берді. 
Кең тыныстап алғаннан кейін қылмысы қылқындырған қырық құбылғыш тірліктен жүрегі шайлыққандай, толассыз тұла бойын ұяттың өрті осқылап өткенді. Өзі отырған үлкен үйіне не кірер, не кірмесін білмей кібіртіктегенінен өне бойын тер басып, қалшылдап кетіпті. Кірмейін десе, қонағынан ұят. Кірейін десе, досының көріпкелдігінен сескенеді. «Қойшы әйтеуір, неде болса көрермін» деп, нар тәуекелге бел буған-ды. Босағадан аттап үлгерген жоқ, шоқпардай басын денесімен тұтастырған бұжыр мойынын созып үйге енер-енбестен бақсы:
– Әкәу, өң түсің бозарып кетіпті ғой. Болмашы дүниеге бола, осынша уайымдаған бар ма екен. Неден алаңдайсың сонша?, – деп сұқтана қарады.
– Ештеңе, ештеңеден, – деді Тілеуберді ішіндегі ырықсыз күдігін расқа шығарғысы келмей. 
– Онда неге үріккен аттай орныңнан тұрып сыртқа шығып кеттің?
– Жәй әншейін, жүрегім қысылып...
– Жүрегім қысылып деймісің? Олай емес шығар?..
– Шынымды айтып отырмын, Уәке. Анда-санда осылай жүрегім қысылатын болып жүр соңғы кездері.
– А-а-а, онда түсінікті... Жә, былай болсын. Мен сені осы қинаған қысылтаяңнан құтқарайын деп келдім негізі. Алдымен жайланып әлденіп алайық. Сосын қалған істі бір-бірлеп шеше жатармыз келістік пе?
– Мақұл! Айтқаның болсын..., – деп екеуі дастархан басында оны-мұны еске ала отырып, ұзақ шүйіркелесті. 
Тілеуберді өзімен бірге бала күнінен бері бал жаласып жақсы жолдас болған жұғымды жанға, ризашылығын білдіріп бәйек боп отыр. Дастархан басындағы дәмді құжырлардың біресе анасын, енді біресе мынасын қонағының алдына көлденең тартып құрдай жорғалайды. Бейне «Ішкі сырымды ешкімге білдірмей жылы жауып қоя салса екен» деген күйік аралас көксеуі де жоқ емес-ті. Бірақ бақсы ол тілегін бере ме, жоқ па ол да бір тәңірінің өзіне аян!
– Шай суып қалды, ұрттай отыр, Уәке, – деді ол түк болмағандай.
– Жоға, суығаны жасы емес пе, қайта...
– Неліктен олай дейсің? 
– Оны айтуым үшін..., – деп маңайына көз тастап еді бақсы, Тілеуберді дастархан басында отырғандарың бәрін сыртқа шығарып жіберді. Жан-жағы ада-гүде кіріп шығудан тиылғаннан соң:
– Ал айтарыңды ашып айтсаңшы, неге сонша жұмбақтап отырсың?
– Жұмбақтап отырған мен емес, керісінше сен.
– Қалай сонда?..
– Өйткені, сен өз уағында келіншегіңнің ыдысына ыңғайсыз дүниені салып жібергенсің, – деді бақсы еш саспастан.
– Не? Не-не дейсің?!? 
– Болды. Өзіңді бас, сабырға кел. Бұл сенің тым өзімшіл болғаныңның кесірінен. Егер кеңшілікке салынсаң, бүгінгідей ауыр өкінішті арқаламайтын едің. Қызыңның артынан қыз туғаннан кейін, сол жылы қайдағы бір қабілетсіз дәрігердің айтқанына сеніп, абыройсыз әрекетке бардың емес пе, рас шығар?
Тілеуберді қалай жауап берерін білмей тағы да шарасыз қалды. Көзінің алды тұманданғандай «Рас, рас!» деп басын шұлғып еріксіз мойындағандай болды да, мөлт-мөлт етіп етегіне сорғалаған жанарындағы кіршіксіз тамшыны жеңімен сүртіп сығып тастады.
– Негізі..., – деді ол еңкейген басын жоғары көтерместен. – Мен мұны әдейі жасамадым, жасайын деген ниетім де жоқ еді...
– Онда сені өзгелер айтақтады ма? 
– Жоқ-жоқ, Уәке... Олай деуден аулақпын. Істің шын сырына көшсек, сол жолы солай жасауға ырықсыз итермелеген белгісіз бір күш болды менде.
– Қандай күш ол? 
– Өзім де түсінбеймін, – деп кеңірдегіне қылғуы қиын бірдеңе бітеліп қалғандай, қайғы тұңғиығына батып бара жатты Тілеуберді. 
Өзінің осынша ма опық жейтінін өз кезінде кеңінен ақыл таразасына салып ойланып көргенде ғой, бүгінгідей ауыр азапты арқаламайтын еді. Амал нешік, алдағы күнге барлау жасамай, арттағы күнге есеп бермей, жеңіл-желпі қарағандығынан, қара суды қайғысыз ішудің өзі қат-қабат соқыр тұманда адастырып бара жатқандай әтуерсіз күй кешіп келеді. 
– Әй-й!, – деп, жерошақтай үлкен аузын құлағына дейін күшене керген бақсы, күпие отырып көңілсіз әңгімесін әрі қарай сабақтай жөнелді. – Осы келіншегіңмен отасқалы бері көп жыл өтті. Өзімен, міне, енді танысып отырмын. Екеуміз ұзақ жылдан бері жолыға алмасақ та, осының бәрін мен сонау жақта жатып сезіп, біліп отырдым. Сездіртіп, білдіртіп отырды бір Құдай. Қарашы енді, болары болып, бояуы сіңіп қойғаннан кейін, өмір бойы осы бір ауыр азапты арқалап өтпекпісің? Сонда енді не істейсің? Арыңның алдында қалай ақталасың?, – деп ашына сөйледі.
– Ақталмақ түгілі, аяусыз өз-өзімді жазалаумен келемін, Уәке, – деді ол едәуір уақыттан соң.
– Ақиқатын айтайын, мына Сағындық балаңа оң бағыт көрсететін көреген ұл туылмақ еді сол жолы. Амал нешік, ақыры өзгеге жасаған қиянатың өзіңді тапқан екен, – деген кезде Тілеуберді тітірей қалды.
Бүйірінен арылмас шаншу қадалғандай демі қысылып, басы айнала бастады. Бірер минут кідіріңкіреп ес-ақылын жинап алғаннан кейін:
– Қандай қиянатты айтасың, Уәке, қайдағы қиянат?, – деп құбыла түсті.
– Мен келіншегіңе жасаған қылмысыңды айтып отырғаным жоқ бұл жолы. Анаңа жасаған арсыздығыңды айтамын!, – деген сәтте самайынан бұрқ етіп тер сорғалай бастады.
– Анама не қылыппын сонда? Түсінсем бұйырмасын!
– Оны түсіну үшін өз жүрегіңе үңіл, өз көшірмеңе көз сал, – деп бақсы күйіне отырып, қырғи қабақтаныңқырап қарады да, жаншығындағы түйіншектеулі тұрған бір уыс топырақты қолына алды.
Асықпай түйіншектің ауызын ағытып жатып, беймәлім бір дұғалықты оқып болғаннан соң «Сүп-сүп» деп ырғала отырып дем салды да, досының бетіне қарай ойламаған жерден бүркіп жіберді. Селт ете қалған Түкей ештеңенің де байыбына жетіп үлгерместен, отырған жерінде шалқасынан құлады. Басы зеңіп, көзі қарауытып кеткендіктен болар, екі қолын таяныш етіп зорға түрегелгеннен соң, дәнеңе де болмағандай өз орнына қайта жайғасты. Тап бір туған әкесінен таяқ жеген тәртіпсіз баладай, тіл ауызы байланды да қалды. 

***

Дүние тіршілігінің барлығы да адам бласына ақыл кемесіндей болғанымен де, күндердің күнінде «Бақұл» кемесіне байлап ала жөнелетінін ұдайы есте ұстаған жөн. Біреудің қаңсығына, таңсық болып тар аяңды, тар шеңберден шығармасаң, тағы да өз қолыңме өзіңе қарай тас лақтырғаныңның күйін кешесің. «Берекесіздіктің басына, бетпақтық жуық қасына» дегендей қара жүрек көңілден қан сорғалатсаң, үрім бұтағыңның өміріне зар сорғалайтынын салмақпен ойланған дұрыс. Сонда ғана күллі пәле атаулыдан аулақ, қырсық атаулыдан қашық жүруге болады.

***

Күн бейуаққа ұласқан шақта ас қайырылып, бата жасалды. Қытымыр қыстың қырбақ кеші болғандықтан, кірпідей жиырылып, үздіксіз үйіріліп тұратын тынымсыз аяз, дала тынысының тыныштығын бұзғалы қашан. Ұлыған қасқырдай ысқырып ала жөнелетіні күндегіден күшейіп, жылдағыдан еселене түскендіктен бе, бұл жолғы қайғы қамыты да біртіндеп шиыршық ата бастаған көрінеді. Әсіресе көнекөз дерттің көлеңкесі ұлғайып, жаңа дерттің жамала бастағандығында болып отыр.
– Сөйле, – деді бақсы тым-тырыс тыныштықтан соң.
– Нені сөйлейін?, – деді Тілеуберді томсырайған меңіреу кісідей.
– Өзіңнің марқұм ініңнен туған ұл бар екен ғой осы үйде, сол бала жайлы сөйле.
– Ол жайлы мен не дейін, Уәке-ау? Бірнеше жылдан бері қолымда, өз қамқорлығымда өсіп келеді.
– А-а-а, солай ма? Онда неге соңғы кездері дала безер, қаңғыбастау боп кеткен?
– Енді... Ол жағын түсіндіру кішкене қиындау...
– Несіне қиын? Керісінше тіліңе жеңілдеу болар... Байқаймын бар көңілін аударған аққұбаша бір әдемі қызға бүйрегі бұрған көрінеді ғой. Тү-у, Құдай-ай, құрып кетіпті. Құрып кетіпті!, – деп бақсы бар ашуымен пәрмендете айғайланыңқырап, есіре тулағандай болды.
Жанына қойған асатаяғын әдейлеп кеп сілтеп қалғанда, әп-әдемі үйдің жарығы лезде сөнді де қалды. Тек қана пеш ішіндегі лапылдап жанған оттың қызуы, жан-жағына болар-болмас сәулесін түсіріп, діріл қағады.
– Ойпыр-ай, бәрі дұрыс па Түкей? Тағы не боп қалды?, – деп Қалиқа екі өкпесін қолына алған күйі үлкен үйге кіріп келгенде, Тілеуберді:
– Ештеңе де болған жоқ, бара бер, – деді. 
– Ау, не дейсің?
– Бар дедім ғой саған, бара бер!, – деп бәйбішесіне ақырып жіберді.
«Қорыққанға қос көрінеді» дегеннің кейпін кигендей, екі көзі қанталап кеткен байынан қатты сескеніңкіреді білем, Қалиқа үрейленген кісідей зәресі зәр түбіне жетті.
Жолдасы екеуі жантаятын жатын бөлмесіне жеткенше, екі иығы дірілдеп, екі көзі жасаурап кетіпті. Маңайына үйірілген балаларының жұбатуын да елеген жоқ, бүк түскен күйі отырған орнында мелшиіп қатты да қалды.
– Қайсысың барсың сыртта? Мұнда келіп кеті... кет-кетіңдерші?!, – деді Түкей тұншығыңқырап бара жатқан кісідей тұтыға сөйлеп.
– Ме-е-ен... ба-а-армын әке, қазір, – деп, үрей қысқан тұла бойын тежей алмай тұрған Сағындық, бақсы отырған үлкен үйге кіріп келді.
– Бар да, ана Ақжолды осында шақырып жібер?, – деді Тілеуберді.
– Мақұл, айтқаныңыз болсын!, – деп ол басын изеген күйі сыртқа шықты да кетті.
Күшейіңкіреген желдің шуылы бәсеңсіп, айнала қою қараңғылыққа сіңіп бұлдырап көрінеді. Әжем екеуміз жататын аядай үйге асығыс-үсігіс жетіп келген Сағындық:
– Сені ана кісілер шақырып жатыр, – деді.
– Неге?
– Білмеймін, тездетіп келсін деп жатыр...
– А-а-а, жарайды, қазір барамын, – деп қонышы ұзын киіз кебісіме аяғымды сұға салып, қорқа-қорқа олар отырған үлкен үйге қарай ақырындап аяңдай бердім. 
Сыртта қапалақтап қар жауып тұр екен. Айнала ақ ұлпа көрпе жамылып тып-тыныш ұйқы құшағына көмілген. Ал бірақ асығыс аяңға сыймайтын уақыттың күші, онсыз да оспадарлау ұшы-қиыры жоқ дүниені уысында ойнатып, қуысында қипыжықтататындай боп көрінеді. Бейне менің сынық көңілімнің сырғасын сыпырып алып, азаматтық рухымды қайтадан жанатындай-ақ... 
– А-а-а, батыр бармысың! Кел, қасыма отыр, – деп бақсы бадырайған көзімен маған бақырая қарады да, киіз кебісімді шешіп үйге кіріп үлгерместен, өзі отырған маңайға қарай жөн сілтеді.
– Мақұл, – деп шұлғыған басымды жоғары көтерместен, ол отырған жаққа қарай иін тіресе жақынырақ жайғастым. «Не айтар екен?» деген мазасыз ой көңіл түкпірімде күмбірлеп тұрғандықтан, күдікшілдеу жүзімнен, күмәнді ойдың нышанын байқатпауға тырысып, тұтқынға түскен тотыдай тықырши бердім.
Бет әлпетімнен әлдебір түсініксіз дүниенің сырын танығандай сұқтана отырып ұзақ қарады да, кенет отырған орнынан қарғып тұрған бақсы, қызуы қатты пешке қарай жылдамдата жақындады. Қабырға тұста көлденеңнен жатқан темір қысқашты қолына ала салып, өз жалыны өзіне азық болған тірі тозаққа қолындағысын салып жіберді. Быж ете қалған пеш іші сәтке болсын лап ете қалып, сосын барып бар аптығын әзер басқандай, бәз-баяғы қалпына қайта ауысты.
– Батыр, саған бір жұмыс тапсырайын, – деді бақсы дегбірі қашқан кісідей дерттене тіл қатып.
Дәл қазір үйдің маңайындағы үюлі тұрған кірпіштің арасынан үлкендігі осындай малта тас тауып әкелші? 
– Қазір ме?
– Иә, дәл қазір.
– Жарайды, – деп су қараңғы даладаға сүйретіле шыққан соң, біраздан бері жаншығымда жүрген кішкене прожектрді қолыма алып жарығын қостым. 
Темір қақпаның ілгегін ағытып сыртқа шықанымда, айнала қараңғыға көмілген ызбарлы даладан, тек қана сықыр-сықыр етіп қарға тұншыққан көне киіз кебісімнің үні ғана естіледі. Төмпешік болып үйіліп жатқан қызыл кірпіштің маңайы тұрғызылғалы тұрған жаңа үйдің орны демесеңіз, бұл осыдан біраз жыл бұрынғы топырақ кірпіштен салынған ескі қой қораның өзі болатын. Төбесінен әбден жаңбыр өтіп, шіліңгір шілдеде күнге күйгені болмаса қыста малға жайлы, жазда жанға жайлы ойын алаңымыз еді. Сағындық екеуміз көтен зорлық қып жүріп, өтіріктен қи оямыз дейтінбіз де, шындығында көрші балалардың бәрін жинап алып, қиял-ғажайыпқа толы әңгіме айтатын сауықшыл орталығымызға айналған-ды. Ауылдағы ауызы дуалы ақсақалдарыдың етегіне оранып көп жүргендігімнен болар, менің өн-бойыма біткен бір қасиет, ойдан құрап өткен-кеткен күндердің шындығына аздап тұздық қосып, болашақ жайлы бұлтартпас сәуегейлік айтататындығым болды. Соныма қатты дәндеп алған көрші балалар, тіпті біртіндеп маңайдғы іргелес ауылдың қара сирақтарын ортамызға топтап алып, әңгіме басталған сәттен барлығы үймелей қалатын әдет тауыпты.
Сондай күндердің бірінде, бар құпиямыздан хабардар болған үйдегі үлкендер, Әсіресе менің Қалиқа шешем қатты ашуланғандығынан, оталып қопаға түскен көрінеді. 
– Немене ол, бесіктен белі шықпай жатып ауызына келгенін көкитін болған?! Осыдан қолыма түссінші бәлем, мойынын бұрап жұлып алайын ол иттің!, – деп қарғаныпты.
Қарғанса қарғанғандай-ақ, бір күні ойда жоқта өздері өсек айтатын ас үйге мені алдап шақырып алып, ал кеп сыбағамды берсін, қолына тиген жас шыбықпен оңдыртпай кеп шықпыртқанда, шырылдаған шыбын жанымды көзіме көрсетті ғой... Сол күннен бастап неге екені белгісіз, бойымдағы бар қасиетімнен айырылған адамдай, өгей шешемнің әжуасына жиі ұшырайтын болдым...

***

Қуаты әлсіз прожектірдің жарығы бір жерге толығымен түссе, тағы бір жерге бұлдырап түспейді. Онсызда күңгірт қараңғы далада қаһарлы қыстың қат-қабат суығы табаннан өтсе, сақылдатып демде шекеңе жетеді. Әйтеубір сабылып ұзақ іздегеннің нәтижесінде келсаптай бір малта тасты қолыма әрең іліктірдім. Не болса да тездетейін деп, бақсы отырған үлкен үйге жетіп келгенімде, қабағы түксиген қағылез кісім қолымдағы тасты ала салып, әлде бірдеңеге асығып отырған аптығыңқы жандай, лапылдап жанған пештің ішіне тастай салды. Бірер қайырым бірдеңелерін оқып «сүп-сүп» деп үшкіріп алды да, төргі жақтағы жолбарыс терісінен иленген жаюлы тұрған төсеніштің үстіне барып отыруымды бұйырды. Әдетте біздің үйде бұл бағалы дүниені аса құрметті қонақтардың астына ғана төсейтін еді. Ал бірақ бұл жолы ойламаған жерден айым оңынан туғандай, бір жолға болса да менің еншіме тиетінін тіпті елестетіп те көрмеппін.
– Отыр, – деді бақсы ойсоқты көзімді қызықтағандай таңғала қарап. Отыр! Осы жолы осы орынға енді сен иелік етесің, – деп маған әмір ете сөйледі.
– Қалай сонда?, – деп сұраулы жүзбен аңтарыла қарап едім:
– Бұл жолы сені ешкім де иектей алмайды, отыр деген соң отыр, – деп бұйыра берді.
«Жарайды» деп, ол кісі нұсқаған орынға ыңғайланғаннан кейін, жалбақтап жан-жағыма қарап, алаңдай бердім, Түкей көкем сыртқа шығып кеткен екен, қақырынып, түкірініп үйге кіріп келгенінде, төрдегі төсеніштің үстінде отырған мені көріп, суық жүзін қадаған күйі жақтырмай қарады.
– Неменеңе шалжиып отырсың андағы жерде? Басқа орын құрып қап па?! Бар, ана жерге отыр!, – деп ашуланыңқырады.
– Мақұл, – деп отырған орынымды босатып, текемет жаққа қарай ығыса беріп ем:
– Батыр, сол орныңнан тапжылмай отыр, – деп бақсы әуелгі сөзін тағы қайталады.
– Жа-жа... жақсы..., – деп именшектесем де болатын емес, Тілеубердінің сұсты көзі өңмеңімнен өтіп, сүйегіме жететіндей аса қолайсыз жағдайға түсе бастадым. Бірі «отыр» десе, енді бірі «тұр» деп ес-ақылымды алып жіберді. 
Сөйтсем, олардың бұлай істегендегісі менімен кішкене әзілдескені екен. Әдейі екеуі келісіп алып, алдын-ала жоспарлаған сияқты. Менің бозарып кеткен өң-тұрпатыма қарап езулеріне еріксіз күлкі үйірілгендей болды да, артынан бәз-баяғысынша өз қалыптарына түсе қалды.
– Иә, ақ сөйле, – деді Тілеуберді әдеттегісінше әккі әуеніне басып. Мен түк те түсініп отырғаным жоқ.
– Нені?, – деппін еш іркілместен.
– Нені болушы еді? Мына кісі сені бір қызға ғашық болған дейді ғой. Рас па?
– Жоға... Жоқ-жоқ..., – деп жалтара бердім...
– Сабыр марқұмның қызы «Кәмилаға» дейді ғой?, – деген кезде, «Кәмила» деп дауыстаған күйі отырған орнымнан қарғып тұрыппын. Көзімнің алды бұлдырап, жанарым жасаурап кетіпті.
Өткен күннің ұмытылмас сәттері көз алдымнан жүгіріп өткендей, не отырғанымды, не тұрғанымды сезбестен селкілдей беріппін. Сасып қалған бақсы жалма-жан пеш ішіндегі шоқтай қызарған қысқашты қолына ала салып, көз ілеспес жылдамдықпен суық суды да даярлай қойыпты. Тілеуберді екеуі мені далаға алып шығып жарты денемді жалаңаштап алған соң, жас жуып кеткен шаршаңқы жүзімді суық сумен бүркіп жіберді. Есім кіресілі-шығасылы шым-шытырық ой құшағында тұншыққандығымнан болар, төңірегімнің барлығы беймағұлым дүниенің қоршауында тұрғандай тым қорқынышты әрі үрейлі сезілді. Өз-өзімнен селкілдеп-қалшылдап безгек тиген кісідей, тұла бойымды билей алмағандығымнан, бей-берекет әр нені бір шатып-бұтып көки беріппін. Есімді жисам бастырмалатып мені қалың көрпемен орап тастапты. Өне бойымнан сорғалаған тер үстімдегі киімімді малмаңдай су еткендіктен, дегбірім қашып, денемдегі дерттің шалығы шарпыған болмашы ісік ұлғая бастапты. Іштей, ішімді тырнаған ырықсыз үрейден жасқаншақтансам да, ешкімге де сездірмей елемеуге тырыстым...
– Ә, батыр, оңалып қалдың ба?, – деді бақсы, тыстағы тірлігі тиянақталысымен менің жүзімнен әлденені тұспалдағандай тұнжырай қарап.
– Иә, – дедім басымды шұлғыған күйі.
– Онда кел, қасыма жақын отыр, – деді.
– Мақұл, – деп жатқан орнымнан ептеп қозғала беріп ем...
– Үй... Осы мен алжиын дедім ғой деймін. Батыр, сен жатқан орныңнан қозғалмай-ақ қой, мен саған жақындайын, – деп жаныма жайғасты.
Жаншығындағы ақ шүпірекке ораулы тұрған түлі-түсті ұсақ тастарын алып шықты да, оюулы текеметтің үстіне қарай еш ойланбастан шашып жіберді. Ұсақ тастардың бірі үйдің жинақы тұрған ана басына бір, мына басына бір бей-берекет домалап кетіпті. Әдетте бақсылар адамға бал ашқанда, ықшамдау ғана ақ шүперектің үстіне құмалақтарын жұптап қойып, өтініп келген адамынның кейіп-кеспіріне қарай келешектерін болжап беретін. Бірақ бұл жолы менің ойыма кіріп те шықпаған ықылым заманның ертегісіндей ерекше дүниені көз алдымда жайып салды.
Батыр!, – деді бақсы бақырайған көздерін көзіме қадап. – Сен бұйыртса ұзақ жол жүресің, осы жолғы сапарыңда сан қилы істі бастан кешіріп, сан алуан адамдар мен танысасың. Егер жаратқанның жазмышына жаңсақтық танытпай, сабыр сақтасаң ұлы арманыңа қол жеткізесің. Не ойласаң сол болады. Ең бастысы ақ ниетіңді арамдамай, адал жүрсең болғаны, ұқтың ба?, – деді.
– Ұқтым... – дедім ештеңені түсінбесем де, елден ерек бәрінде түсінген жандай.
– А-а-а, онда жарайды, – деп жаңағы тас салынған пешке қарай жақындады.
Пеш ішіндегі үлкен тасты ойланып үлгергенге жеткізбей, жалаңаш қолымен уыстап ұстаған беті сыртқа алып шықты. 
– Батыр бері келіп кет, – деді содан соң мені дауыстап қасына шақырып алып, – Жауырыныңды аш, тез-тез жауырыныңды аш деймін, – деп қақсай берді.
Ештеңені де түсініп үлгергенім жоқ, қобалжыныңқырап көйлегімді мықымымнан босатқанша, шоқтай қызарған қолындағы тас пен жауырынымның дәл ортасымен қоса, желке жағыма қарай бірнеше рет түйіп-түйіп жіберді.
Қызық болғанда еш жерімді де жарақаттаған жоқ. Керісінше өн бойыма қан жүгіріп өткендей, ұйып қалған екі иығым жазылып, тырысыңқыраған шеке тұсым қалпыма келді. Мұндай тылсым құдыретке куә болып көрмеген үйдегі үлкендер де, мен де аң-таңмын. Баламыз ғой, әрнеге бір әуес болатын, әрнеге бір үйір келетін шағымыз, не болса соған құмартып құныға түсетін тентектік мінез, тұла боймызда жетіп артылады. Қойшы әйтеубір «болмасаң да ұқсап бақ» дегендей бақсы кеткен соң оның істеген әрбір қимылын еске алып, әрбір жүрісін өз бойымыздан өткізіп көрдік. Бірақ бізде ешқандай да нәтиже болған жоқ. Қысқасы бақсы бола алмадық...
Сол күні түнде мені әрнеден бір аластап, әр дұғалығын бір оқып болғаннан кейін үйге кіргізді. Сырттай ғана тамашалап, іштей үрпиіскен үйдегілер біз отырған үйдің табалдырығын аттап басуға әруақтары жеткен жоқ. Таңданса да, табандауға дәрмендері жетпей оңашаланған-ды. Тек қана бұйырған заттарды әкеліп беріп, кіріп-шығып жүрді.
Батыр!, – деді бақсы едірейіңкіреген көздерін ежірейе төңкеріп. – Қалай боп қалдың, кішкене тәуірлендің бе?, – деді.
– Жақсымын, болады, – дедім іштей ғана ілтипатпен күбірлеп.
– А-а-а, жарайды онда. Айтпақшы ана үйде отырған әкеңді осында шақырып жіберші, – деді.
– Мақұл, – деп үлкен адам жұмсағаннан кейін жеңілдеп қалған орнымнан қарғып тұрдым.
Сыртқа шықсам сақылдаған сары аяздың беті қайтып, жуасып қалыпты. Төрт-бес сағат ілгері бұрын ысқырған ібілістей үскірік үрлеген даланың суығы жантаптырмай жағаңнан алса, ал қазір әдеттегісінше қапалақтап қана қар жауып тұр. Ұйытқып ұршықша иірген жел, үйіп тастаған әр жердегі алуан түрлі төмпешік, пішінін өзгертіп құбылған үстіне құбыла түседі. Бейне бір шебер мүсіншінің қолынан жасап, қолымен қойғандай-ақ!

***

Күні бойғы күрделі тірліктен қажып, қан қысымы қатты көтеріліп қалғандығынан ба, қамыққан басын қаршадай қыздарына уқалатып төр жақта ұзынынан түскен Тілеуберді өткел бермес уайымның шырмауына түсіп, ширығып жатыр екен. Мен кіріп келген кезде қылмысы қылқындырған күнәһардай күмілжи отырып күрмеле сөйледі.
– И-и-ии... И-иә... Не-не... неге келдің?, – деді.
– Сізді шақырып жатыр?, – дедім.
– Кім?
– Ана кісі...
– Ана кісің кім, аты бар шығар?, – деді әдейі ақырған кісідей айбарлы сыңай танытып.
– Бақсы аға, – дедім үркектеңкіреген орнықсыз демімді ішіме тартып.
– Уәлибек пе?
– Иә.
– Мақұл, қазір барамын, – деп ыңырсыған орнына қайта жатты. Мен үй айнала қажетімді өтеп болғанша, ол кісіде бақсы отырған үлкен үйге келіп үлгеріпті.
Бірде келісіп, енді бірде келіспей салғыласып отырып алған ұтымсыз әңгімеден өн бойын аулаққа салғысы келгендей бақсы, бақырайған көздерін ашып-жұмып әбден сарылған сияқты. Құмалағына түскендерін түкте қалтырмай туралап айтса да, «түсіндім, рас екен, ақиқаты осы» деп оң қабақ танытқан Тілеубердінің шынайы кейіп-кеспірін көрмейсіз. Мейлінше менмен, өркөкірек. Осыдан бірер сағат бұрын ғана бақсының айтқандарын әміршісінің бұйрығындай бұлжытпай орындаған ол, бәйбішесінің қасына барып келгеннен кейін лезде өзгере қалыпты. Уәлибек оны бір мұны бір айтып, қатаң ескерту жасаса да, Тілеубердінің құлақ қоятын түрі байқалмайды. 
– Апыр-ай, Уәке-ау! Бұл айтқандарыңыздың барлығы орынды шығар, десе де мен анадай іске қол жүгірткен емеспін. Ондай істен аулақпын, – деп ақтала берді.
– Жарайды, сен істемесең істемеген шығарсың... Бірақ мына қиянатқа шарпылған кісінің кім екенін айтып берші, қане?
– Мен қайдан білейін ондай адамды?
– Білесің, білгенде қандай, біліп тұрып әдейі көлгірсіп отырсың, – деді бақсы.
– Нан ұстайын ондай адамды, шынымен де, білмеймін...
– Е-е-ее... Білмеймін де... Бәлкім, ақ жаулықты анаңа пышақ жалаңдатқаныңды да білмейтін шығарсың, – деген кезде Тілеуберді сасып қалды. 
Арғы жағына бір, бергі жағына бір жалтақтап, жанын қоярға жер таппай қысылып барады. Екі білегі білеуленіп, екі көзі адырайып кетіпті. Егер бақсының орнында басқа кісі болғанда, парықсыз ашуымен пәрмендете келіп жондата салып кеп жіберер еді. Қайта Құдай оңдап құтырған ашуын құрықтай қойыпты. 
Елге сыйымсыз суық мінезімен талайдың көңілін қалдырып, талайдың талғажау етер нәсібін арбап алдырған қу құлқынын күйттеп болмаған күмәнқор көзден біртіндеп достық мейір де сейілейін деді. Сыр етіп сақтаған құпияларының барлығы дерлік әшкере болғандығынан шығар, кіршіксіз адалдық дейтін әлемнің алдында әдетке айналған арсыздық жасалғаннан кейін, «азулы» дейтін аждаһаның ауызында арбалғанының үстіне арбала бермей қайда барады? Қой мұным теріс екен деп, тезі қиын жолдан жалтарған жұғымды қылығын, жұрт көріп алқаған жерін кездестірмеген тәрізді. Бәз баяғысындай тасбауыр, безбүйрек...
Жә!, – деді әрі-бері әбден алаңға түскен соң, Тілеуберді. – Мен сені құрметтемейін дегенім емес, Уәке, тым шектен шығып бара жатқан жоқсың ба осы?, – деді.
– Шектен шығу? Жо-жо-жоқ, Түкей... Мен тәңірінің аян еткендерін ғана айтып отырмын саған. Мүлдем шектен шыққаным жоқ. Егер де достық әзілге сүйеп артық айтқаным болмаса, әдептен аттамаған шығармын.
– Ха-ха-ха, болды осымен доғарайық. Маған істетер ем-домың болса, қане, дайындап жіберсеңші?!
– Сәл сабыр! Менің дәл бұлай сені қатты қузап отырғандағы себебім...
– Қандай себеп?
– Ақжол баламыздың жолы ашық, болашағының баянды болуы үшін ғана еді. Егер азаматтық ар-абыройыңды артық көрсең, арзан сөздің әлегіне ұйып әуре болма, – деді.
Тілеуберді бақсының кімді меңзеп отырғанын біле қойды. Іштей зығырданы қайнап, зықпыты шыққандықтан үндемей қалуға шарасыз еді.
– Сонда сенің меңзеп отырғаның – менің қатыным ба?, – деді.
– Дәл айттың, сенің қатының...
– Онда жаңадан бері мені ақымақ еткенің қайткенің? Оны-мұны сұрамай-ақ, турасын айта салмадың ба?
– Ол турасын айтатын әңгіме емес, күрделі әңгіме, Тілеуберді. Ана Ақжолыңның болашағына қатысты әңгіме, – деді бақсы.
– Ақжолдың болашағы деймісің? Ха-ха-ха... Сендерде айтады екенсіңдер-ау, аяғының бауын әзер байлап жүрген баладан не шығады дейсің?
– Шыққанда қандай! Сен биылғы жазда осы балаңның бәйгемен сыйланғанын естіген шығарсың?
– Қандай бәйге? 
– Естімеген болсаң, анық-қанығын бәйбішеңнен сұра, – деді бақсы.
– Түтігіп кеткен Тілеуберді «жарайды» деп, қатынын қасына шақырып алды. 
Ұзын бойлы, бидай өңді келіскен кісім бақсы отырған үлкен үйдің табалдырыған аттай бере әуреге түсті. Біресе көзін уқалап, енді біресе иығын төмпештеді. Мазасы қашып, мұрнынан сорғалаған суға да ие бола алмай, әптер-тәптері шықты.
– Ал, айтшы, бәйбіше, осы жаз жайлауда Ақжол бір бәйге атты үйге әкелгені рас па еді?
– Ра-рас..., – деді Қалиқа не деп айтарын білмей абыржыңқырап.
– Онда ол бәйге қазір қайда?
– Оны Сабыр шалдың соңғы сапарына керек деп, Күләй сойдырып тастаған.
– Олай емес шығар?, – деді бақсы дерт тигендей делебесі қозып.
– Расымен де солай! Күләй айтқаныма көнбей, құрбы екенімізге қуыстана бергеннен кейін...
– Сонда сен бере салдың ба?, – деп дегбірсіздене қалды Тілеуберді.
– Иә...
– Үй-й, сорлы! Сен қатынды жын ұрған екен. Екеуіңнің араңда қыл өтпес достық болатын болса, осы уақытқа дейін ол неге келіп сенімен кездеспейді? Неге шақырған дастарханыңа келіп дәмдес болмайды? Осы жайды түсіндірші маған! Бір емес бірнеше жыл болды босағамызды аттап басқан жоқ әлі.
– А-а, Сабыр ет Түкей, сабыр ет!, – деді бақсы.
Кенет қолын көтерген күйі жоғарғы жаққа бір, төменгі жаққа бір қарап, сұқ саусағын шошайтып, суық көзбен сұқтана қарады да:
– Ол келіншек Құдайдың құрығына ілініпті. Өзінің тар пейілінен тапқан қылмысының бодауын өтеп жатыр қазір. Байқаймын ертең дәл түс әлетінде сендердің босағаларыңа да кеп қалар, – деді.
– Бетін аулақ қылсын, аулақ!, – деп арбиған жуан қолын сілтеп, сиқырси қалды Тілеуберді.
Тап қазір таңдайы таңдайына жабысып, жетіп келетіндей жер көкке сыймай алағыза бастады. Бейне беті бүлік етер тағы бір бықсықтың бет пердесі ашылып қалардай, самайынан шып-шып етіп тер сорғалады. 
– Е-е-ее... Бұ дүниенің қысасы «О» дүниеге кетуші ме еді?, – деді бақсы. – Өз қолымен жас қыздың ғұмырын жазықсыз қиса, Құдай тағаланың құрығынан қалай қашып құтылсын? 
– Не дейді? Рас айтып отырмысың өзі?
– Иә, анау жатқан құмалағыма қарашы?
– Қайсысын айтасың?
– Анау төргі жақта жатқан тасты көрдің бе?
– Иә, содан?
– Дәл түсіп тұр. 
Тілеуберді шаң жұқпаған жағасын тістеп, «тіфә-тіфә» деп оң жағына бір, сол жағына бір үшкіріп қойды. Ештеңені де елегісі келмегендей үндемей қалғанымен, көкейіндегі сан сұрақтың шешімін қалай табарын білмей дал болып отыр. Өзіндегісін өзгеге қалай таңсын. Кезінде осы Қалиқа қатыны қыз артынан қыз тапқаннан кейін «неге ұл таппайсың?» деп ұра берген соң, әбден өшігіп алғандығынан ба, Қалиқа бар қысасты ол жоқта оның шешесінен алатын. Оңаша шәй үстінде енесі екеуі ренжісе қалып, жоқ жерден дау шығаратын. Ымырт үйіріле байы жұмыстан оралса болғаны, бар өсектейтіні сол баяғы енесі болатын. «Апам әйтті, апам бүйтті» деп, бар пәлені судай сапырғанда, алдына жан салмаушы еді. Енді келіп еткен еңбегі еш болғандай істеген қылмысының барлығынан жалтарайын десе де бар кінәні амалсыз мойнына алуға тура келіп отыр. 
– Шыныңды айтып отырмысың, бәйбіше?, – деді бақсы бадырайған көзін әлсін-әлі ашып, жұмып. – Байқаймын, бар алуыздықтың басы болған қызғанышың кіріптар қылғандығынан ба, сол жолғы Ақжолдың еншісіне тиген тұлпарды сойдыртып тастауға өзің құлшынған шығарсың...
– Кім? Мен бе?
– Иә, сен! Басқа кім болушы еді? Менің құмалағым жалған сөйлемейді. Айтса әділін тап басады, ақиқатын ақтарады, – деді бақсы.
– Ха-ха, күлкімді келтірмеші. Өз баласына қиянат жасаған кісіні қайдан көріп едің? Ол менің бауырыма салған балапаным болса, қалайша оған қаскөйлік істейін?
– Сен одан бұрын да ол балаға қаскөйлік істегенсің. Өз қолыңмен емес, әрине. Өзгенің қолымен, – деген кезде Қалиқаның бет ауызы қызарақтап кетті.
Ақтала кетуге амалы болмай айғайлап жіберуге де аз қалды. Бейшаралығында шек жоқ екен. Бақсекеңнің жағасынан алуға да жасқанбайтын секілді. Көлгір көзінен жас сорғалағанда, бір өзі жазықсыз кінәланғандай, жанында тұрған Тілеубердінің кеудесін төмпештеп, өз басын тоқпақтады. Өз-өзіне ие бола алмай, есі шығып, ебі кете бастады.
– Тоқтат!, – деді бір уақытта қатынының қайдағы жоқ әрекетке бет алып бара жатқаннын көрген кезде Тілеуберді.
– Уәке, осы айтқаның рас болса, шындық екенін дәлелдеп берші, қане!, – деді.
– Мақұл, тегінде өкініп қалып жүрме...
– Өкінбеймін!, – деп сазарып отырып алды Тілеуберді.
– Жарайды, – деп Уәлибек бақсы отырған орнына қайтадан тізесін бүгіп, малдасын құрды. Ұғынықсыз бір әпсінін оқып болғаннан кейін «кері қайт» деп дауыстап қалғанда, жаңағы төрде шашылып жатқан ұсақ тастардың барлығы рет-ретімен иесінің маңайына қарай үйіле қалды. 
Мұндайды күтпеген болуы керек, Тілеуберді мен Қалиқа екеуінің көз жанары шарасынан шығып кетердей, тұрған орындарында қимылсыз қапты. Сырттағы терезе жақтауынан сығырая қарап отырған біздің де тіке шашымыз тік тұрды. Әсіресе қасымдағы Сағындық інім тым қорқақтау еді. Ұсақ тастарға жан бітіп тіз қатар домаланғандарын көргенде, борбайына жіберіп қоя жаздады.
– Мә-ә-әә! Қорқынышты екен, тез кете қалайықшы бұл жерден. Тез, – деп ол қолды аяққа тұрмай кетті. 
Десе де маған қызық керек, жаңағы оқиғаның жәйі не болар екен деп, тапжылмай тұрған орнымда бақсының бар қимылын қадағалаумен болдым. Әр реткі әрекетінде өзге адамға бейтаныс бірдеңелерін ойлап тапты ма, жоқ әлде қалыпты әдісі ме түсініксіз, аяқ астынан анадай жерде сүйеулі тұрған аса таяғын ала салып, әй-шайға қаратпай қасында тұрған Қалиқаға кеп сілтеп қалды. Өңі бозарып кеткен Тілеуберді не айтарын білмей абыржығанда қол-аяғы дірілдеп кетіпті. Жаңа ғана батырсынып отыр еді, қас-қағым сәтте жігері мұқалып, қажыры қайтыпты.
– Әй-әй! Уәке, бо... бо... болды, – деп айтып ауыз жиғанға үлгергенше жанында тұрған Қалиқаның да өң-сиқы өзгеріп сала берді. Әу бастағы екеуінің батылсынғандары да, ақылдысынғандары да еш керекке жараған жоқ. Мейлінше боркемік, бұқпа бола қалыпты.
Сөйтсек, олар да өздерінен әлді, алымды күштің алдында айласыз екені әммеге аян екен ғой. Оны кейін келе бір-ақ түсініп жеттім. Тегінде мен ойлаушы едім, «Тілеубердіден асқан азулы, қатал ешкім жоқ шығар» деп. Уақыт өте келе байыптап қарасам, одан да ойы жүйрік, тегеурінді, мықты кісілер бұл жаһанда толып жатыр екен. Солардың бірі де, бірегейі осы көз алдымда тұрған сұсты кісі – Уәлибек бақсы.
– Ал, ақиқатыңды айт!, – деді бақсы аса таяғын әккі келіншектің ақ маңдайына төсеп тұрып.
– Нені? Нені сөйлейді ол?, – деп Тілеуберді өзін тежей алмай қалды.
– Нені сөйлеуші еді? Жүйріктің жайын айтсын алдымен, – деп әулекіленіп алғандай, айбаттана қарады бақсы.
Түк түсінсе бұйырмасын, сілейіп қатып қалған қағынғыр қатыны меңіреу кісідей тұрған орнында қалшия қапты. Не көзі жыпылықтамайды, тіпті, денесі қыбырламайды. Тек қана тыныстап жатқан кең танауы пыс-пыс етеді. Арнайы жасалған қолтемірдей бұйырғаныңды орындап, тиғаныңнан сап тиылатын қасиеті ғана қалыпты. Әттең, шіркін! Әу бастан-ақ осындай кісі болғанда ғой, бүгінгідей ардың сотында азапталмайтын еді. Ал енді не болады? Бар құпиясын өз ауызымен жанындағыларға жайып салса, жанашырым деп жүрген жалғыз жолдасы да, оның қасынан безініп кетпес пе екен? Қайтер екен? Осы сұрақ өңмеңдеуін қоймай өз жүрегімді үңги түсті.
– Ол жүйрікті оның мінетіндей, өлген әкесінің ақысы жоқ, – деп қалды Қалиқа қақиған күйі.
– Неге?
– Өйткені, ол өзімнен туған бала емес, басқа...
– Өзіңнен тумаса да, туғандай етіп қарауға болатын еді ғой?
– Жоқ... Жоқ... Жоқ... Мен біреудің жетімегін жетілдіремін деп, бұл босағаға келгенім жоқ. Өзім үшін, өз болашағым үшін ғана келдім.
– Өз болашағым үшін деймісің? Қандай болашақ ол?, – деп ашуланғанда қасында тұрған Тілеуберді терісіне сыймай кетті.
Ол Түкей екеуміздің болашағымыз, менің төркін жұртымның болашағы, – деген кезде не істерін білмей бедірейе қалды.
Енді ары қарай ащы әңгімені жалғастыра берсе мұнан да сорақысы айтылатын секілді. Не де болса, Қалиқаның кезекті сөзін тежей қою үшін сұрақ-жауапты осы арадан доғаруға тұра келген-ді.
– Болды, осымен тоқтайық!, – деп тұлаңқырап қалды, Тілеуберді. 
Өзінің үміт жалғаған ұшықсыз ғұмыры, ұғынықсыз болар деп, үш ұйықтаса да түсіне кірмеген еді. Кім ойлады дейсіз, дәл мұндай ерсі жауапты ең жақын адамынан естиді деп? Ешкімнің де қиялына келмеген шаруа. Бар тірлігін қайырып қойып, қатыны ауырғанда қасынан табылатын кім еді? Тілеуберді! Жазықсыз біреуден жәбір көрсе, жалғызсыратпайтын кім еді? Тағы да Тілеуберді! Ендеше неге негізсіз іске нанып, немқұрайлы қарап келген? Жиып келгенде, барлығы да өзінің енжар, ессіздігінен, ақылсыздығынан туындаған тұрпайылық бұл. Үйтпесе, әкім болып ел басқарған елулі жылдан бері қарай белең алып келе жатқан берекесіздіктен бейхабар қалмаса керек еді ғой. Қорыта айтқанда, «мың асқанға – бір тосқан» дегеннің дәл өзі болған сияқты. 
Бақсы аса таяғын айласы асқынған Қалиқаның қақ маңдайынан төмен түсіріп түсініксіздеу көзбен түтіге қарап еді, ол бірер минут безірейіңкіреп тұрған орнына топ ете құлады. Оқылған дуаның уыты араға бірер сағат салып қайтқандықтан, ес-түссіз жатқан кісіні еркінен тыс әрекеттермен мазаламау үшін, жығылған орнынан қозғамауға бұйырған-ды. Үстіне қалыңдап көрпе жауып күтімге алуды тапсырды.
– Түкей, – деді содан соң бақсы түйіле сөйлеп.
– Бүгінгі естігеніңді естімедім деп есепте. Себебі, сенің артыңда саған сенім артып отырған бауыр етің балаларың бар, бауыр-туысың бар. Сондықтан бүгінгі бүкпесіз шындықты бүк түсіп жатқан мына қатыныңнан көрудің қажеті жоқ. Өз бойына бар біткені осы болса, оны оңалтам деп әуре болма. «Көш жүре түзеледі» деген емес пе?, – деді.
– Иә, – дегендей Тілеуберді еңсесін әзер тіктеп басын изеді.
Ал бірақ сыртта сықсиып ұрлана қарап отырған мына менің, көңілімнің күл-талқаны шыққанын өз көзіңізбен көрсеңіз ғой, іштей азаптанғанда тұла бойым мұздап қоя берді. Соншама жыл сүйретіліп қолында жүргенде, естимін дегенім осы ма еді менің? Онсыз да қарық қылып жүргені шамалы еді. Сонда да шаңдыртпауға тырысып, шамырқандырмай бар шаруаны шырқы игергенім болмаса, басқадай батпиған кінәм жоқ еді ғой? Неліктен?!.
Ертесі таң рауандап ата бере, бақсы жатқан орнынан жайсыздау тұрды. Күнделікті күйбең тірліктің әбігерімен аулада жүрген мені көріп, қасына шақырып алды да:
– А, батыр, халің қалай? Шешең оянды ма?, – деді.
– Жоқ әлі оянған жоқ, – дедім кішкене кібіртеніңкіреп.
– Әкең ше?
– Олар да ұйықтап жатыр, – дедім.
– Жарайды, айтқандай мына тәспіні саған сыйлайын, балам. Көзіңдей көріп жүр мақұл ма?
– Мақұл!, – деп әдемі өрнектелген әшекейлі тәспіні бақсының қолынан ала салып, жалма-жан жаншығыма сүңгітіп жібердім.
– Жан-жағыма қарасам, ешкім де қыбырлай қоймапты. Үлкендер жатқан үйдің терезе жақтауына көз жүгіртіп едім, әлі күнге дейін мүлгіген өлі тыныштықта екен. Әдетте жатқан орындарынан ерте тұратын үйдегілер, қалай екені белгісіз осы жолы тырп етпей ұйқы құшағына шомыпты. Бәрі де жан алғыш әзірейлдің арбауынан өткендей алаңсыз жатыр. 
– Аға!, – дедім әлден уақыттан соң бақсыға әдеппен жымиып
– Иә?
– Неге бұл кісілер осы уақытқа дейін оянбай жатыр?
– Сәл тұрып естерін жияды, алаңсыз бол, балам, – деді бақсы.
– Ал сіз қайда барасыз?
– Мен бе? Мен кетемін.
– Қайда кетесіз?
– Үйге.
– Үйіңіз қай жақта?
– Үйім ана таудың арғы жағында, – деді бақсы.
– Үйіңізде кім бар?
– Үйімде әйел, балаларым бар. Күтіп отыр.
– Мені де ала кетіңізші?, – дедім әлде бір өксік алқымыма тығыла қалғандай.
– Қайда?
– Үйіңізге...
– Бақсы не дерін білмей, меңірейе қалды. Теріс қарап жасаурап кеткен көзінің жасын құрғатып алды да:
– Айналайын, сен батыр емессің бе? Батыр адам қандай қиындыққа болсын қисая кетпеуі керек. Кеше саған не деп едім, есіңде шығар?
– Иә, есімде, – дедім иіле басымды шұлғып.
– Сенің әкеңді көзіміз көрді. Көп-көрім пысық жігіт болатын. Үйіне келгенімізде құшақ жая қарсы алып, құрақ ұшатын еді жарықтық. Дәл қазір мұнда әкең болмағанымен, әкеңнің ізін жалғайтын сен барсың. Сондықтан мұңая берме, өз-өзіңе берік, бекем бол, балам!, – деді.
– Жарайды, – деп жасаурап кеткен көзімді әбден желініп кеткен жеңіммен сүртіп тастап, бақсы бет алған бағытқа қарай бар назарымды салып қарай бердім.
Ол жанымнан ұзаған сайын жаңа ғана бауырына басып, басымнан сипағаны еріксіз есіме түсе береді. Неге сонша мейірленді екен? Әлде алдымнан кездесер талай тосқауылдардың түр сипатын түстеп білгендігінен болар? Болмаса өткен өмірінің өзгеге ұқсамайтын ұтымсыз кешірмелері есіне түскендігінен болар? Қойшы әйтеуір, қалай десеңіз де бақсы да ет жүректі пенде емес пе. Көңілінің құлазуы, ашуға булығып тұлан тұтуы, барлығы да табиғи іс.
Дегенмен ер азаматтың жанарынан жас тамшылау деген жәй мәселе емес сияқты. Ішіне бүккен, тұншығып айта алмай жүрген ойларын азаматтар шегіне жеткенде, не шешіліп айтады, не егіліп айтады. Және ол үнемі қайталанбауы мүмкін. Белгілі бір межеге жеткенде, не жаны қысылғанда болмаса, бостан-босқа боркемік бола бермейді. Әрі азаматтық «ар, абырой» деген жыныс талғамайды.
Көп ойланып отырсам керек, артымнан әлдекімдерді:
– Ақжол! Әй, Ақжол! Ақжол деймін!, – деген айғайы естілді.
Кері бұрылып қарап едім, бет-аузы ісініп кеткен, көзі бақырайған, арық, аққұба өңді Қалиқа қадала қарап тұр екен. Тап мені тұрған орнымда қылғыта салатындай түсі өзгеріп сала берді.
– Неменеңе андағы жерде мелшиіп отырсың? Байқаймын жазылған сияқтысың ғой?, – деді жазықсыз жанымды жәбірлегісі келгендей.
– Иә, айықтым, – дедім әлденеге алаңдаңқырап.
– Онда неге есіктің алдын таптұйнақтай етіп тазаламағансың? Шала қалдырыпсың, – деп шаптыға түсті.
– Қазір жинастырамын, – деп тұрған орнымнан ептеп жылжи бастадым.
– Болды қажет емес, – деп ол бір жола сілкіп тастады.
Не істерімді білмей, дағдарып тұрғанымда қарсы жақ үлкен үйден Тілеуберді де қос жанарын уқалап сыртқа шықты. Керіліп-созылып өн бойын жазып алғаннан кейін:
– Әй, сағат неше болды өзі? Күнде біраз жерге барып қалыпты, неге ертерек оятпағансыңдар?, – деп ұрыса жөнелді.
– Тәтті ұйқыңызды бұзғымыз келмеді, – дедім мен.
– Қайдағы тәтті ұйқы? Арам ұйқы де, – деп маған әжуалай қарады Тілеуберді.
– Сол сәтте намыс кернеген кішкентай жүрегімнің қалай сыздағанын айтып сұрамаңыз! Кімге барып шағымданарымды білмей шарқ ұрғанымда, жан дүниемнің астаң-кестеңі шықты. Қос қолымды қоярға жер таппай, қатты қорланғаным сонша, екі көзіме іркілген жасты тыя қойдым. Түптеп келгенде, мұның барлығы да Тілеубердінің ішкі қызғанышынан туындаған дүние. Әйтпесе, «туған бауырымның баласы ғой, өзекке теппейін» деп өзіне тартса, мен де өгейси қалар ма едім? Жоқ, бәрі де керісінше болар еді. Ал дәл қазір ше? Дәл қазір жүрегіме шемен боп байланған шер, күн өткен сайын ұлғайып келеді. 
Күні кешегі Түкейдің түр сипаты да тіптен көлгірлік сияқты. Бақсының алдында бар шындығы ашылғанымен де, көңіліндегі күпірлігі әлі күнге дейін басылмапты. Қит етсе болды «жетім бақтым, кемпір бақтым» деп, кергиді де отырады. Ол жетім бақса, басқа емес бауырының баласын бақты. Ал, кемпір бақса, «тас емшегін жібіткен, тар құрсағын кеңіткен» туған анасын бақты. Оған бола одыраңдайтындай біздің нендей жазығымыз бар еді? Бар жазғаным туған шешеден тірідей, туған әкеден өлідей айырылғаным ба? Жоқ! Жоқ! Жоқ! Бар мәселе басқада сияқты... Басқада...
Көкжиектен көтерілген күн ептеп жылжып тас төбеге көтеріліпті.  Аспанда теңгедей болсын бұлт көрінбейді. Тап-таза, мөп-мөлдір кіршіксіз көк күмбезінен күлімдеген күннің көзі күллі тіршілік атаулыны мейіріміне бөлеп, ықыласына кенелткендей риясыз, есепсіз күйде. Әр төңірекетен күбір-сыбыры көп қым-қуыт тіршілікке белшесінен батқан бейқам жұрттың бүгінгі көрнісі де, сол баяғы әдетінен танған емес. Барлығы да бәз баяғысынша тыныш, бірқалыпты.
Әжетке барар жолдың үсті батпаққа оранып, әбден қар суына иленгенгендіктен, ары-бері артқы аулаға сабылатын үйдегілердің көбі етек-жеңдерін түріп тастап абайлап жүретін еді. Қақырынып-түкірініп палуандау мол денесімен ас үйге қарай алшаң басып өте беремін дегенде, Тілеуберді екі аяғы тайып кетіп шалқасынан құлады. Құлағанда бел омыртқасымен оңбай түскен болуы керек, ыңырсып жатқан орнында қозғала алмай қалды. Не істерін білмей, сасыңқырап қалған Қалиқа қарға адым жүрмей жатып қақылдағанда, ес-түсімізді шығарып жіберді.
– Әй! Не қарап отырсыңдар андағы жерде, а? Тездетіп барып бақсыны шықыртпайсыңдар ма? Тз шақыртыңдар деймін бақсыны!, – деп жантаппай кетті. 
Ал бақсекең болса, таң сыз бере асығыс жиналып, жылдамдатып жолына түскен болатын. Оны үйдегілер қазіргі мына жағдайда қайдан тапсын? Оның үстіне кеткеніне де кемі екі сағаттан аса уақыт өтті. Жер-көкті жеті айлансаң да, таба қоюың екі талай. Сондықтан не болса да, тәңірінің басқа салғанынан басқаға бас июудің еш қажеті жоқ секілді.
– Апа, – дедім әбден әбігерге түскен соң Қалиқаның қасына келіп.
– Не?!, – деді ол маған адырая қарап, тұрған орнымда тұншықтыра салғысы келгендей.
– Бақсы аға таңертең ерте кетіп қалған, – дедім кішкене күмілжіңкіреп.
– Қайда? 
– Үйіне.
– Неге айтпай кеткен? Есі дұрыс па өзінің?, – деп ол өршелене өзеуреді.
– Білмеймін ғой, «кетемін» деді де, кетіп қалды.
– Оңбаған! Отбасымыздың ойран-топырын шығарғаны аздай, қарғап кеткен шығар қағынғыр. Кешегі маған қарағандағы қарасы тым қорқынышты еді, тура адам жейтіндей... Кеткені жақсы болыпты, ауа тазаратын болды, – деп Қалиқа қарымтасын қайырғандай табалай жөнелді. 
Оның табалағанына талағы тарс айырылатын бақсы ма екен, күні кешегі Қалиқаның күтпеген іс-қимылымен, тым өрескел дөрекі сөздерінен кейін, біржола күдерін үзген құбылмалы көңіл енді қайтып орнына келмес-ау... Қанша жерден жалынсаң да, басыңды иіп жал ұрсаң да жазықсыз жанға жасалған қиянат, айналып келіп абыройыңды айрандай төгетінін әр кез есте ұстаған жөн.
Ыңқыл-сыңқылы көп ыңыранған Тілеубердіні жас-жасамысымыз болып жатын орнына жайғастырдық та, әркімнің өзіне жүктелген міндеті бойынша күнделікті шаруамызға кірістік. Біріміз отбасымыздың отын-суымен әлек болсақ, енді біріміз артқы ауладағы жылқы, сиырдың жем, шөбімен қарбалас едік. Кенет темір қақпаның тарс ете қалған дауысынан үй ішінің жұмысын доғара салыпп, сыртқа шығып едім, бейтаныс бір мүсәпір кісі қайыр тілеп қақпа алдында тұр екен. Үсті-басы алба-жұлба әбден шаршаңқы сыңайлы. Дода-додасы шыққан, шашының дені ағарып кеткен, тура ертегідегідей мыстан кемпірден аумай қалыпты. Кішкене кідіріңкірегеннен кейін ес ақылымды жинап алып, Қалиқаны сыртқа қарай шақырып шықтым. Шыға сала анадай жерде отырған ақ шашты кісіні көріп ол да тіксіне қалды. Қайтерін білмей қақиып сәл тұрды да:
– Әй! Ана қайыршының қолына бір дөңгелек нан мен бір дорба ұн ұстата салшы, жарай ма?, – деп ол Тілеуберді жатқан үйге қарай арқырындап аяңдай берді. 
– Жарайды-жарайды, – деп мен де ас бөлмеге қарай асығыс беттей бердім.
Артыма әдейлеп көз қиығымды салып қараған сайын әлдеқандай белгісіз бір сиқырлы күш тұла бойымды арбап алғандай әсерге бөледі. Қасына не барар, не бармасымды біліңкіремей маңайына жақындағанда барып, ол адамды әлдебіреулерге ұқсатқандай болдым. «О, тоба! Мына кісі Күләй ғой! Күләй!» деген күдік көкейіме өз-өзінен орала берді. Ол ойыма қатты нанғым келмесе де, нанарлықтай белгіні бет әлпетінен байқағандаймын. Мен білетін Күләйдің маңдай тұсында сәбидің басбармағындай ғана қал бар еді. Және ол қалы оның шырайлы жүзіне ерекше көрік беретін-ді. Әсіресе, әдемі күлкі езуіне үйірілсе болғаны ажарына айдың жарық сәулесі түскендей болатын. Бірақ оның сыртқы сұлулығы ішкі әлемімен еш үйлескен емес. Әттең, кісі жұдырығындай ғана бір кесек еттің кейде кертартпалықпен кең дүниеге сыймай жататындығы-ай! Әйтпесе, бұл жаһанның ырзығы, несібесі кімдерге жолдас болмады дейсің? Байдың да, пақырдың да бар тілегінің пайдасына асып жатқан жоқ па? Қане «өтірік айттыңыз» деп, осы пікірімді жоққа шығарып көріңіздерші! Әрине ақтала алмайсыздар, себебі мойынсалсыздар... Мойынсал болғандықтарыңыз үшін ғана сіздерді ұлы болашаққа үзілмес үміт бастап келеді. Және бастай береді де...
Бесін ауып, күн екінтіге таяғанда, тас жолға жиналған жұрттың қарасы біртіндеп көбейе бастады. Әр төңіректен ағылған ағайынның жас шамасы әрқилы болғандықтан, жазатайым көлік қаққан қайыршының да әңгімесі әрқилы өрбіді. Бірі: 
– Өзі өлгісі келгендей, өршелене өңмеңдей жөнеліпті көлікке қарай, – десе. Енді бірі:
– Қой әрі! Әбден қалжырап, титықтағандығанан болар, – деп сөз бұйдаға сала берді. Қалай дегенмен де, қайыршы әйелдің қан сөл жоқ кісі қарағысыз кіріптар бейнесінде кім-кімді болсын ойландырмай қоймайтын өте күрделі мәселелер жатыр. Оны анау деп, мынау десеңіз де тәңірінің тезіне түскен теперіші деп білуіміз керек. Кері пиғылынан тапқан қылмысының бодауы деп білуіміз қажет... Сонда ғана жазықсыз жарға құлаған жандардың жаны тыныш табады, күйініштен езілген жүрек тынышталады...