Қасым-Жомарт Тоқаев. Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр

Мемлекет құру ісінің куәгері болған және бұл іске атсалысқан азамат ретінде «осы жылдарда Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін өте көп жұмыс атқарылды» деп айта аламын. Иә, жетістіктермен қатар, қателіктер де болды. Онсыз мүмкін емес қой?!.

Jan 27, 2026 - 18:14
 9
Қасым-Жомарт Тоқаев. Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын ұлттық басылымдарға, яғни газеттерге сұқбат беруді дәстүрге айналдырып келеді. Мұның өзі ұлттық басылымдардың кез келген мемлекет болашағын бедерлеу жолында үлкен маңызға ие екенінің дәлелі десек болады. Мәселен, Президент былтыр «Ана тілі» газетіне сұхбат берсе, «Turkistan» газетіне көлемді сұхбат беріп, ел ішіндегі маңызды мәселелерге тоқталып өтті. Ал өзі бүгінде адамдар өмірінде пайдаланылатын әлеуметтік желілер немесе телеарнаға емес, мемлекеттік басылымдарға сұхбат беруінің себебін былай түсіндірді:
«Газет-журналдар – қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады. 
Өз басым мерзімді баспасөзді жас кезімнен үзбей оқитыным рас. Әлі күнге дейін осы әдетімнен жаңылған емеспін. Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Мен   сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын. Ел ішіне кең таралған TikTok, Instagram немесе Telegram арналары еңбек адамдарының шынайы тыныстіршілігінен алыс екенін өзіңіз де жақсы білетін шығарсыз», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, қоғамның елең етерлік жаңалық оқып, видео көрумен ғана шектелмей, мән-мағынасы терең ақпараттарға тереңірек ден қоюы қажет екенін айтты. 
«Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық      дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Аталған сұхбатта Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің дамуы, Қазақстанның жүріп өткен жолына берілген баға, жастар мәселесі, ел дамуының алдағы бағыттары, биылғы жылдан күтілетін нәтижелер мен алда болатын маңызды оқиғалар, сондай-ақ мемлекет мақсат-мұраттары туралы да сөз қозғады. Біз осы аталған тақырыптарға қатысты айтылған ойтұжырымдарды назарларыңызға ұсынып отырмыз:

– Жасанды интеллектінің дамуы туралы сұрағым келеді. Сіз халыққа Жолдауыңызда Қазақстанды үш жылдың ішінде цифрлық елге айналдыру қажет деген нақты міндет жүктедіңіз. Ал, жаңа жылға арналған құттықтау сөзіңізде 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладыңыз. Көздеген мақсатқа жету үшін не істеледі? Бастамаңыздың шын мәнінде табысты боларына сенесіз бе? 
– Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр. 
Технология саласындағы нағыз әлемдік алпауыттар – АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке қыза түсті. Америка басшысы АҚШ-тың үстемдігін нығайту үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырыла бастағанын мәлімдеді. Қытайдың да шегінетін ойы жоқ, олар мұны ұлттың абырой-беделіне қатысты мәселе деп санайды. Қазірдің өзінде Қытайда жасанды интеллект мәселесімен айналысатын бес мыңға жуық компания жұмыс істеп жатыр. Басқа дамыған мемлекеттер де қамсыз отырған жоқ. 
Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. Мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, экономиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз бар. ІТ-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновациялық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мемлекеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді алдағы дәуірдің жаңа алтыны деп санайды. 
Былтыр мамыр айында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастады. Оған шетелдің және еліміздің беделді сарапшылары шақырылды. Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, жаңа заң жақында күшіне енеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және AlFarabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясымен бірлесіп, дербес платформа құрды. 
Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AISana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады. 
Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан, мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін. 

– Биыл Қазақстан халқы қастерлі Тәуелсіздігіміздің 35 жылдық мерейлі белеске жеткенін атап өтеді. Бұл – тарих тұрғысынан алғанда қасқағым сәт болғанымен, жекелеген мемлекеттер мен адамдар үшін біршама ұзақ мерзім. Сіз Қазақстанның жүріп өткен жолын қалай бағалар едіңіз? Алдағы бағдарымыз қандай? 
– Мемлекет құру ісінің куәгері болған және бұл іске атсалысқан азамат ретінде «осы жылдарда Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін өте көп жұмыс атқарылды» деп айта аламын. Иә, жетістіктермен қатар, қателіктер де болды. Онсыз мүмкін емес қой?! «Білмейтін жолдың ой-шұңқыры көп» деген сөз бар. Қалай болғанда да, еліміз бұралаңы көп, бағдары бұлыңғыр, күрделі жолды жүріп өтті. Жер жүзінде Қазақстанға тілеулестік білдіргендер аз болған жоқ, бірақ жымысқы ниет танытқандар да бар еді. Өткен ғасырдағы 90жылдардың басында шетелдерде «қазақтардың қолынан ештеңе келмейді» деген пікір айтылып жатты. Өйткені, демографиялық ахуал мен кеңес дәуірінен қалған саяси және экономикалық жағдай табыты мемлекет құруымызға қолбайлау болатындай көрінді. 
Өмірдің өзі бұл болжамдарды жоққа шығарды. Қазақстан экономикасы қарқынды дамып жатқан, халықаралық беделі жоғары, табысты мемлекетке айналды. Бірақ, алдымызда тәжірибесі мол азаматтарға да, жастарға да ортақ орасан зор жұмыс бар. 

– Қазіргі жастар – өте талапшыл әрі талғампаз. Әлеуметтік желіден олардың «Қазақстан «праймдәуірге», яғни, керемет кезеңге қадам басты» дегенін көргенде таңғалдым. Осыған қатысты не айтар едіңіз? 
– Жастарымыздың күш-қуаты мол, үміті мен сенімі зор әрі азаматтық сана-сезімі өте жоғары. Олар – бар ықыласымен болашаққа ұмтылатын отаншыл азаматтар. Дәл осындай өршіл ұстанымның арқасында еліміз талай рет алдынан шығатын сын-қатерлерді еңсеріп, қиындықтарды жеңері сөзсіз. 
Жастардың қуанышы орынсыз, тіпті, оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ, олардың ой-пікірімен санасқан жөн. Жастар Отанымызға тек жақсылық тілейді. Бұл біздің қоғамымыздың жасампаздық рухын білдіреді. 
Өскелең ұрпақ бүгінгі ахуалға арман-қиялмен емес, нақты көзқараспен қарауы қажет, виртуалды емес, шынайы әлемде өмір сүруі керек. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, ерінбей еңбек етіп, өзін темірдей тәртіпке тәрбиелей білгені жөн. 

– Қазақстанның дамуы туралы айтар болсақ, осы жылдан не күтесіз? Алда қандай маңызды оқиғалар болады? Мақсат-мұраттарыңыз қандай? 
– Биыл көп жұмыс істеуіміз қажет екенін айтып өттім. Осы жылы ауқымды саяси өзгерістердің жаңа кезеңі басталады, экономикалық реформалар жалғасын табады. 
Еліміз жаңғыру жолына біржола түсіп, қоғамымыздың болмысы мен бетбейнесін түбегейлі өзгертуге тиіс. Азаматтарымыз жаңа дәуірге бейімделуі қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Бірақ, халқымыз, соның ішінде жастарымыз алмайтын асу жоқ. Бұған кәміл сенемін. 
Мен осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладым. Бұл еліміз үшін тарихи мүмкіндік екенін жаңа ғана айтып өттік. Түбегейлі цифрлық өзгерістер жасап, жасанды интеллектіні енгізу экономиканың және басқа да көптеген саланың дамуына тың серпін береді. Мемлекетті басқарудан бастап, білім беру және денсаулық сақтау саласына дейін – барлық бағытта өсіпөркендеуге жол ашады. 
Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы – еліміз үшін айтулы дата әрі осыған дейін жүріп өткен жолымызды ой елегінен өткізіп, болашаққа жоспар құратын сәт. Тәуелсіздіктің мерейлі белесін ас та төк науқаншылдыққа айналдырмау керек, бұл Қазақстанның өсіпөркендеуінің символы болуға тиіс. 
Мен Президент ретінде «Таза Қазақстан» акциясын алдағы уақытта да ерекше назарымда ұстаймын. Бұл жұмыстың мән-маңызы өте зор. Себебі, «Таза Қазақстан» жұртты үнемшіл әрі ақпейіл болуға, даңғазалықтан арылуға, үнемі ізденіп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкершілікті ұмытпауға, елге жанашырлық танытып, қайырымдылық жасауға үндейді. Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл қадам «Таза Қазақстан» идеясымен толық үндеседі. 
Мен осы жалпыхалықтық қозғалысты айрықша маңызды идеологиялық акция деп санаймын. Өйткені, тазалық дегеніміз – мағынасы терең, мазмұны санқырлы ұғым. Тазалық ұғымы жан дүниенің де, жер дүниенің де тоқырауын емес, гүлденуін, кіршіксіз таза болуын білдіреді. Түптеп келгенде, тазалық ұлт болмысының өзегіне айналуға тиіс.