Исраил Сапарбай. Өлім неткен қатігез

Жас қайың жылап жатса – жазы өткен де, Жас қайың құлап жатса – жай ұрған де!

Aug 6, 2025 - 15:36
 21
Исраил Сапарбай. Өлім неткен қатігез

Аз уақытта тұтас дәуір көшті

Биыл. Аз уақытта. Тұтас дәуір көшті. Бір кезеңнің адамдары, теңтұс болған соң ол заңдылық та шығар. Олар алыптар дәуірін қалыптастыра алды. Мұхтар, Дулат, Мекемтас, Темірхан ағалардың қатарына Исраил аға да қосылды. Бәлкім, арғы дүниеде де олар бірін-бірі толықтыруы үшін құдіретті күштен осындай «пәрмен» болған шығар… 
– Аға, осы рас па? Шәмшінің бір кезде таборға ілесіп кеткені рас болғаны ма? Күні ертең басымызға бәле болмай ма бұл?, – деп сұрадым әйгілі «Сыған серенадасының» авторынан.
– Бекжан, менің басым екеу емес қой.
Исраил ағамның жауабы осы болды. Аңызға бергісіз оқиғаның өтірік-шынына бас қатырып қайтеміз, бастысы – көрерменнің жалықпай көретін сүйікті қойылымына айналғаны.
Поэзияда лирикалық образдар мен сырлы туындылар арқылы ерекше із қалдырған Исраил аға – ұлы әдебиетіміздің кең тынысын ашып, жүректі тебіренткен сырлы сөздің ғана емес, лирикалық әндердің де авторы еді. Оның суырылып шығатын нәзік сезімді лирикасы көпшілікке өзін қайта табуға сеп болды.  Әр өлеңі – жүректің үні, әр сөзі – халықтың сыры еді. Өзінің кештері болатын кезде айтатын, арнайы шақыратын. Қашанда жұп-жұмсақ қалпымен ән айтып кетуімді өтінетін. Гастрольде болмасам, бармай қалған кезім жоқ екен. Көңілге осы да жұбаныш… Жаратқанның сызығынан ешкім аттап кетпейді. Қолымнан келер құдірет болса, игі жақсылардың тез арада қазақты бірінен кейін бірі тастап кетпегенін, аялдай тұрғанын, арамызда жүре беретіндей етер едім ғой. Амалым қанша? Біз бар болғаны пендеміз. Сізді ақырғы сапарға шығарып салып, жүрегімізде асқақ сезімдер мен мәңгілік мұра қалды. Қош, аға…

Бекжан ТҰРЫС

Исраил Сапарбайдың өлеңдері:

Жантәсілім

«Қасым қимылсыз жатты.
Көзі аспанға қадалған...»
Сырбай Мәуленов

«Қыстың желі ызғырып, терезені шертеді...» 
Дені қашқан денеде дегбірсіздік дерті еді.
Әлімсақтан ақиқат аманаты Алланың:
Тірі жүрген пендеге өлу де бір серт еді...

«Қыстың желі ызғырып, терезені шертеді...»
Өлім деген – Ақиқат,
Өмір деген – Ертегі.
Тағдырына таңылған,
Тамырына тараған
Табылар ма, жалған-ай,
Тарыдайын дерт емі?

...Үй ішінде білте шам өлімсірей жанып тұр,
Таңға жетпей жарықтың өшетіні анық-дүр.
Аңдып келген Ажалға айласы жоқ Ақынның
Ат басындай жүрегі әлсін-әлсін соғып тұр.

Ақын жатыр төсекте айрылғандай тіл-жақтан.
Шындық шіркін осы ма шыңырауға шым батқан?
Дімкәс дүние алдында дірмән де жоқ, дәт те жоқ:
Еңсе еңкіш,
Бой бүкір,
Жұрт қабағы зіл-батпан.

Ат басындай жүрекке қолын созды сұм Ажал,
Сұрқай түннің қойнына көлеңкесі сұлаған.
«Біттім...», – деді білте шам өзі жұтып өз тілін,
Жақсам етті шырақты?!
Тапсам етті бір амал?..

«Қыстың желі ызғырып, терезені шертеді...»
Қатты жапқан есігін қайта келіп серпеді!
«Болдым...», –  деді ұлы Ақын өзі жұтып өз демін,
...Өлім неткен қатігез?
Өмір неткен келте еді?..

Жалғыздық

Басқа адаммын мен бүгін,
Басқа адаммын:
Жанарымды ашқылтым жасқа малдым.
Басылмайтын өксігі жылағанмен,
Ашылмайтын есігі тас қамалмын.

Көлгірсіген көбік сөз кімге керек?
Кешегіден бүгінім мүлде бөлек.
Нәрестедей нәрәнжу жүрегімді
Кімге бөліп,
Берейін кімге бөлеп?

Жүрегімді берейін ен-тегінге,
Сол ғой менің тектім де, тентегім де!
Безер болсаң...
Қайтып бер иесіне,
Азар болса «гөйгөйді» шертемін де...

Басқа адаммын мен бүгін,
Басқа адаммын:
Жанарымды ашқылтым жасқа малдым.
Өлмей, талмай күн кешу қандай қиын
Қасқырлардың ішінде,
Қасқалардың?..

Керегі жоқ ешкімнің жалғыз жанға!
Тәнім, жаным талықсын таңғы ызғарда.
Керегі жоқ!
«Сен үшін өлемін...» деп,
Қатырмасын басымды бал қыздар да.

Таза-тақыр безінсін дос та менен,
Әдірем қал сен де, енше, асқақ әуен!
Жазмышымның бедері –  Таңбалытас,
Көзден таса қалмайды тастағы ӨЛЕҢ!..

Қоңыр әуен

Достан да, дұшпаннан да қалған көңіл
Аңсап жүр аққулы әуен, арман көлін...
Күнгейге Күнікейдей қызды ұзатып,
Танакөз тағдырымды таңнан көрдім.

Қайталап маңғаз мұңын «Маңмангердің»,
«Қайран-ай, қайта оралмас жалған!..» дермін.
Доңыз жеп, қоңыз терген Қодарқұлға
Келмейді Баянымды қолдан бергім.

Дабысы жер мен көкті жарған жердің
Дарақы Жапалағын жардан көрдім.
Байғыздың мұңын кешіп бағзы бірде,
Баянсыз махаббатты тордан көрдім.

Қорланса қолы жетпей Қорланға ердің,
Қозымды қоңыр мінез қолдан көмдім...
Қаңғып жүр ұрынарға қара таппай,
Қайырсыз бұл қазақтан қалған көңлім.

***

Көкең бе?
Көкең сенің,
Көкең сенің
Сорып жүр Жезтырнақтың жеті емшегін.
Ол ма, Ол...
Кем дегенде жүз жасайды,
Ғайыптан келмесе егер төтенше өлім.

Жеті емшек суалмаса...
Ол дін-аман:
Күй сауып отырады домбырадан.
Таң алды кеуіп қалған таңдайына
Тәтті шер тамызады таңғы рауан...

Арылмай бір басынан мұң тұманы,
Жарыққа жандалбаса ұмтылады.
Шындығы шыңыраудан шыңғырғанда,
Көбесі көкжиектің жыртылады!

Жадыгөй жалғандықтан жаны күйген
Сен оның табиғатын танып үйрен.
Дұшпан да айбынады түн жамылып,
Мыстан да қаймығады жарық үйден!

Іші ала, сырты құла «сұңғыланы»
Аямай арамшөптей кім жұлады?
Күніне мың құбылған дүниенің
Құдайға жетпей жатыр құлдығы әлі.

...Көкең бе?
Көкең сенің,
Көкең сенің
Өлшеп жүр өмірінің мекен, шегін...
Ол ма, Ол...
Кем дегенде жүз жасайды,
Ғайыптан келмесе егер төтенше өлім!..

Күз, қыз және мен

Көргенде жапырақтың сарғайғанын
Есiңе түседi екен қай-қайдағың...
Жаңғыртып жер мен көктi, тау мен тасты
Келедi жарым түнде айғайлағым.
Сарғайған сен бе,
Мен бе,
Жас қайың ба?
Жөн айтпай жөгi жалған қасқаюда.
Тəнiңдi таңға дейiн тамашалап,
Жанымды мен де бiр сəт ластайын ба?..
Көргенде жапырақтың үзiлгенiн,
Келген-ау менiң де ерте күзiм дедiм.
Қайтейiн бiр түнiмнiң түгесiлiп,
Қайтейiн кiрпiгiңнiң сүзiлгенiн.
Сарғайған жас қайың ба,
Сен бе,
Мен бе?
Ей, жүрек, есiңдi жи, емге көнбе!
Алдымда – алмағайып жолайырық,
Бiлмеймiн, желге ерем бе, жерге енем бе...
Көргенде жапырақтың қалқығанын,
Қарадай жаурап, тоңып, қалтырадым.
Желбуаз жер мен көктiң арасынан
Өзiмдi-өзiм таппай шарқ ұрамын.
Сарғайған сен бе,
Мен бе,
Қайың ба, əлде?
Сарғайсам...
Күз бен Қыздан айырмам не?!
Жас қайың жылап жатса – жазы өткен де,
Жас қайың құлап жатса – жай ұрған де!
Көргенде жапырақтың өртенгенiн,
Көмiлдi көк түтiнге көркем көңiл...
Барады көз ұшында дəурен көшiп,
Көзiңдi аш,
Есiңдi жи, еркем менiң...

Ұлттың ұлы мұраты

...Нұх мінген кеме,
Қайнарға енген
Қазығұрт емей қай маңға келген?!
Топан су соңы тобықтан аспай,
Ұрпағы өнген, Пайғамбар өлген...
Пайғамбар өлді...
Патшалар келді,
Атшабар менен бәтшағар келді.
Бақшалар көмді бепаян шөлді,
Патшалар келді,
Бақ шабар ма енді?

Патшалар келді,
Дүр атақтары:
Дүние-дүлдүл!
Рахат бәрі!
Қара жер, бірақ, қанішерлерден
Мұратын іздеп, мұра таппады.

Тайғанақ екен патшаның тағы:
Аспанның өңі ақшабырланды...
Тақты да бақты тандырды естен
Алтынның исі, ақшаның дәмі.

Патшаның тағы тайғанақ екен:
Айдала-мекен...
Айнала бөтен.
Қылыштың жүзі,
Қызыл аңсаған
Қынаптан шықпай қайрала ма екен?!

Алатын Күн мен Айдан да дерек
Кешегі есте майдандар ерек...
Патшалар емес,
Пақырға біздей
Пайғамбар керек!
Пайғамбар керек!!!

Күз... Қоштасу

Жаз бойына жапырақ жанып бiткен тəрiздi,
Өзегiнен өмiр – сөл ағып бiткен тəрiздi.
Қу ағашта қу бұтақ құлазыған көңiлдей
Қыс келуiн тезiрек талып күткен тəрiздi.

Қызуы мол, қызықтан босап қалған құшағы
Көшкен жұрттың қоңыр бақ қорымына ұсады.
Жылап аққан жылғаның жалқы жыры болмаса,
Естiлмейдi ештеңе,
Естiлмейдi құс əнi...

Қимас, сыйлас көңiлдiң ақ мəйегiн аршымай
Үнсiз тұрмыз екеумiз еңсемiздi жаншып ой.
Жалғыз-жарым жапырақ бұтақтарға iлiнген
Кiрпiгiңе асылып тамбай қалған тамшыдай.

Өз-өзiңнен жеңiлiп, жылап тұрсың егiлiп,
Жүрек сөзiн айта алмай,
Жiбек – сезiм сөгiлiп.
Қоңыр күзде бiз тұрмыз
қоңыр бақтың қойнында
Бiр көрiнбей, көрiнiп,
Көк мұнарға көмiлiп...

Қайда, жаным, баяғы ыстық құшақ, отты ерiн?
Қайда кеткен аяулы сенiң, менiң көктемiм?
Мүлгидi жай марғау бақ үнсiздiктей ұйыған,
Жазбен көшiп кеткендей бiзге таныс тəттi өмiр.

Жылап тұрсың егiлiп,
Жеңiл ме екен маған да?
Мойныңда емес,
моншағың мөлтiлдейдi жанарда.
Дейсiң маған дегбiрсiз дiр-дiр қағып ерiнiң:
«Ұмытайын қалай да,
Сен де ұмыт, жарай ма?

Тар болғандай тағдырға ошақ басы, от қасы,
Танысып ек екеумiз,
Табысып ек бақта осы...
Саған сонда ашылған жүрегiмнiң қақпасы,
Сол қақпаны, өтiнем, ендi қайтып қақпашы?..»

Бере алмастан сұрағын,
Iшке бүгiп күмəнiн.
Үнсiз тыңдап тұрды бақ
қоштасудың бұл «əнiн».
Жамыратып қозыдай жанарымның бұлағын
Алғаш рет мен сонда ағыл-тегiл жыладым.

...Ғашықтарға күн кеше болған жайлы гүл жұмақ
Қоңыр бақ тұр қорымдай қоңыр күзде тұнжырап...

***

Өмiр бiзге бiр-ақ келер, көп келмес,
Лəззат лебi азаппенен өткелдес.
Шын махаббат, бiле бiлсең, шырайлым,
Үйленумен,
Үй болумен шектелмес.
Ардағым-ау,
Айтқан сөзiм ұнамай
көңiлiңе алып жүрме күмəн ой.
Махаббат, ол – көгершiнiң емес пе,
Көгершiндi торға қамау күнə ғой?!
Тағдыр бiзге кей кездерi тым қатал,
Күн орнына көкiрегiңде мұң жатар.
Махаббат, ол – ару аққу емес пе,
Ал аққуға оқ атуға кiм батар?
Сүмбiл сезiм – көңiлiңнiң күйi асыл,
Сүймегенге қалай оны қиясың?
Махаббат, ол – қарлығашың емес пе
жүрегiңе салатұғын ұясын?!
Шаттығыңның шайқап алмай тұнығын
Сен де, жаным, ойла оның ғұмырын.
Сайын дала,
Шалқар айдын сияқты
Махаббат та ұланғайыр ұлы ұғым!

Күрең шай

Күрең шай қош иiстi қаймақ қатқан
қаныңды құр асаудай ойнақтатқан.
Қолынан қыз баланың шай iшудi
айналдым ағайыннан ойлап тапқан.
Майысып тiл қатқандай құрақ көлге
қос бұлақ тулап ағар құлап белге.
Көзiнен қалқатайдың нұр iшкендей
желпiнiп отырарсың жұмақ-төрде.
Күрең шай күн нұрымен бапталғандай,
Ақ бiлек ай нұрымен апталғандай.
Кесеге дəмiл-дəмiл қол созасың
бiр дауа жүрегiңе тапқан жандай.
Қыз бала қызыл күрең шай ұсынған
жазбайды сол мақамды майысудан.
Жақ ашпай жайдан-жайға отырар ма
жас мейман жаны жылып, бойы ысынған?!
Əнменен жеткiзуге наз арманын
төрдегi домбыраға созар қолын.
Бойжеткен бiр қызарып, бiр бозарар
Бейiштiң көрген жандай гөзал бағын.
Түндiктен саумал бүркiп ай көшедi.
Iргеден қоңыр самал жайлы еседi.
Сүйрiктей қыз саусағы дiрiл қағып
шарасыз сипалайды шай кесенi.
«Айнамкөз», «Айқабақ» пен «Майдақоңыр»
салмай ма тыңдаушысын ойға небiр...
Көзiнде қалқатайдың мөлт-мөлт ойнап
тамшыдай тұна қалған қайран өмiр...

Сені көрсем

Ернiң қандай!
Ернiңдi дермiн балдай.
Сенi көрсем кетедi есiм шығып,
Ебелектi елсiзде жел қуғандай.
Көзiң қандай!
Көзiңе көп үңiлем төзiм қалмай.
Қарай қалсаң елжiреп, өне бойда
еритұғын тəрiздi сезiм қардай.
Үнiң қандай!
Көмейiңде қырық құс құбылғандай!
Көрген сайын көңiлiм тоят табар,
Тал бойында ноқаттай мiнiң болмай.
Маңдай қандай!
Маңдайыңа мəңгiлiк Ай қонғандай!
Сенi көрсем жаңылам жүрiсiмнен,
Басым менiң бақыттан айналғандай!..

***

Күлкiсiнен өзiнiң, күлкiсiнен!
Күн күмiс үн шашқандай бұлт iшiнен.
Көшiп кеткен көктемiм көз ұшынан
Қайта оралып келгендей жыл құсымен.
Жүрiсiнен өзiнiң майда-мəйiн,
Аққу көлде жүзгендей айнадайын.
Нəзiк, назды назымның нақышындай
Əуезiңнен, үнiңнен айналайын!
Аш белiнен өзiнiң үзiлмелi!
Жүрегiме жүк болды-ау жүзiң меңi...
Көлегейлер көзiңдi, кiрпiгiңнiң
ұзын легi –
сүрмелi,
сүзiлмелi.
Мiнезiнен өзiнiң жiбектейiн!
Тiл ұшында ерiген тiлек дейiн.
Қағып-қағып қалғанда қара қасын,
Түн түрiлiп,
шегiнер түнек кейiн.
Өндiр өңiн,
қия алмай желге iреңiн
неге сонша тесiлем, телмiремiн?
Жеңе алмақшы емеспiн өзiмдi-өзiм,
Не болмақшы жағдайым ендi менiң?..