Бақытбек Қадыр. Алтын айдарлы бала

Бұлар базардан тез қайтты. Өйткені, әкесіне ту сыртынан әлдебіреу аңдып-баспалап жүргендей, өкпе тұсынан өңмеңдеген екі көз қадалып тұрғандай сезілді...

Dec 26, 2025 - 18:55
 2
Бақытбек Қадыр. Алтын айдарлы бала

Бақытбек ҚАДЫР – жазушы-драматург. 1990 жылы туған. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының игері. Eurasian Creative гильдиясының (ECG) және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 
2015 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетін тәмамдаған.  Халықаралық «Түркістан» газетінде тілші, ҚР агроөнеркәсіп ұлттық палатасының баспасөз хатшысы, қалалық «Jańa bastau» газетінің бас редакторы қызметін атқарған. 
«Жасыл шатырлар», «Мәжусилер» әңгімелер жинағының және «Жайлаукөл», «Өлілер мен тірілер» романдарының авторы. «Дауыс» антологиясының құрастырушысы. «Алтын тобылғы» әдеби байқауының лауреаты (2020). Open Eurasia-2022 халықаралық әдеби байқауының жеңімпазы. Халықаралық қазақ ПЕН-клубының Мағжан медалімен марапатталған (2022). Qalamdas әдеби сыйлығың (2022) және «Ұлы дала» республикалық әдеби байқауының жеңімпазы (2023).
«Ар адамы. Бауыржан», «Асан мен Үсен», «+Qala» пьесалары қойылған (2025).
Бүгінде республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Абай облысындағы меншікті тілшісі.

(Әңгіме)

Далада жаңбыр төпелеп тұрған. Әкелі-балалы екеу шаш салонына кірді де, бір мезет аңырып тұрып қалды. Әкесі бұрылып сыртқа қарады. Күзгі қара нөсер. Сөйтті де, екеуі есік жақтағы ұзын орындыққа жайғасып, амалсыз кезек күтті. Бала үрпиіп әкесіне қарай тығылды. Сәлден кейін бойы жылынған бала әкесінен әрнені бір сұрай бастады, күндегі әдетімен.
– Әке, шаш қайдан шығады?
– Мүмкін, мидан шығар.
– Онда мұрт қайдан шығады?
– Білмеймін.
Алдындағы адамның шашы тез алынып бітті. Кезегі жеткесін әкесі баланың сырт киімін шешіп, шаштаразға қарай алып барды.
– Біз бұрыннан осында бір шаштаразға қидыратын едік.
– Ол кісі енді мұнда істемейді. Бұл – жаңа салон. Қане, баланы отырғызыңыз. Тәк, балақай, міне, осылай.
– Үлкеніңіз бе?
– Үлкенім де, кішім де – осы.
– Таудай жігіт болсын!
– Әумин! Мойынымызға бұршақ салып, әулиеден-әулие аралап, көрген жалғызым.
Шаштараз баланың шашын тарап жатып, жып-жылтыр сары айдарына қайран қалды. 
– Атың кім, батыр?
– Айдар.
– Айдарың да өзгеше екен.
– Нешедесің?
– Жетіде.
– Дұры-ыс.
Бұл шаштараз басында сәл тосырқаңқырап қалғанымен, енді әкесіне жақсы жасайтындай көрінді. Ұлының өсіп келе жатқанына қарап, іштей марқайып отырды.
Күз нөсері бір сәт демін ішіне тартқан. Шаш та қиылып болды. Айдар күндегіден де сүп-сүйкімді болып кетті.
Бұл соңғы келуші-тұғын. Жұмыс уақыты біткен. Ол жұмыс орнын ретке келтіріп, түскен шаштарды сыпырып жатып, кенет манағы өзгеше айдардан түскен шашты көзі шалды. Бір уыс сары шаш жарыққа шағылысып, болмашы жылт-жылт етіп көзді арбайды. «Мүмкін алтын болар» деген ойын бастабында күлкілі секілді болған. Бірақ бөлек түскен сары шашты салафанға салып алды. 
Осы кезде оның есіне Марат деген танысы түсті. Оның жұрт білмейтін аса бір құпия жұмысы бар-тын. Ол – алтын қорыту. Әртүрлі техникалық құралдардың қалдығынан болымсыз алтын шығарып алатын ұста-тұғын. Ол әлгі айдарды соған алып барған. Бір уыс шашты әртүрлі химиялық элемент құйылған құтыларға салып, әрі-бері сапырыстырып шайқады. Сосын бір ыдысқа марганцовка тәрізді тағы бір сұйықтықты құйды.
– Мынау кәдімгі құйма алтын ғой! Ненің қылшығы-ей, бұл? – деді, ұста микроскоппен сығалап тұрып.
– Баланың.
– Баланың әңгімесін айтпашы. Мынау – жоғары сападағы алтын. 
– Рас па?
– Міне.
– Мұны қайдан алдың?
Шаштараз ойланып қалды. Ішіне қулық бүкті. Әрине, мұны ұста да ұғып тұр.
– Қайдан алғанымды қайтесің, әкеліп тұрсам болды емес пе, жақсы бағаға алып тұрсаң...
– Болды.
– Басқа әңгіме болмайды деп сенем.
– Сен!
Ғайыптан тайып қолына қомақты қаражат түскен шаштараз бұл оқиғаға әлі таң-тамаша. «Енді ол әке мен бала қайтып мұнда келе ме, жоқ па? Мүмкін басы толған алтын шығар?.. Оны иемденсем... Ен байлыққа кенеліп, балқып-шалқып өмір сүрер едім» деген ой миынан шықсашы.

***

Кенет... қаланың шет жағындағы тығыз орналасқан мөлтек ауданда елеусіздеу ғана күн кешіп жатқан әкелі-балалы екеудің бұйығы да, тыныш өмірінің шырқы бұзыла бастады. Селеуленіп өскен арпаның басындай сары жылтыр айдары желкілдеген бала қаннен-қаперсіз аулада әрі-бері жүгіріп ойнап жүрген. Бір күні әкесі баласының жанында тұрған бейтаныс кісіні көзі шалды. Әуелі терезені ашып, сәлем бермек болып оқтала беріп, тоқтай қалды. Өйткені, оның әрекеті бұған біртүрлі көрінді. Қайта-қайта айдарын сипап, басқа бір жақты нұсқап, алдап-арбап тұрғандай. Айдар ештеңе ұқпады ма, жүгіріп достарына қосылып, ойнап кетті. Мұндай күдік туғызарлық әрекетті әкесі екі-үш рет байқап үлгерді. Әйтеуір әлгі кісі баласын қақпақылдап, торып жүргенін ұқты, бірақ неге өйтіп жүргенін түсіне алмады.
– Балам, манағы бейтаныс кісі не сұрайды, не айтады?
– Әлгі шаштараз кісіні айтасыз ба?
– Иә, соның дәл өзі?
– Қашан шаш қидыруға келесіңдер дейді. 
– Тағы да не дейді?
– Жүр, барып, шашыңды «мынауский» қылып, қиып берейін дейді. Өзі қызық, шашымды сипай береді. Онысы маған ұнамайды.
Әкесі үндемеді. Ұзақ ойланып отырды. Түс ауа әкесі екеуі базарға шығып бара жатқан. Жолай көрші кемпірге ұшырасты.
– Амансыз ба, көрші апа!
– Бақуатты болыңдар, айналайын.
Кемпір сәл тұрып, әке мен баланың бетіне барлай қарады:
– Әй, әбіржіп жүрсің ғой.
Әкесі, қипақтап, жорта күлді:
– Артынып-тартынып қайдан келе жатырсыз?, – деп сөзін бөліп жіберді.
– Базардан. Ее, мен жүрейін, сендер базарға енді бара жатқан адамсыңдар, мен базардан қайтып бара жатқан адаммын, – деп кемпір, айдардың басынан сипады. – Алтын айдарлы бала, алтын бала өзі. 
Кемпір пакетін қайта көтеріп жүріп кетті. «Алтын айдарлы бала, алтын бала» деген сөз әкесінің құлағына қайта-қайта жаңғырып тұрып алды.
Бұлар базардан тез қайтты. Өйткені, әкесіне ту сыртынан әлдебіреу аңдып-баспалап жүргендей, өкпе тұсынан өңмеңдеген екі көз қадалып тұрғандай сезілді. Ол әлсін-әлсін артына бұрылып қарай берді.
– Әке, неге артыңа қарай бересің?
– Қойшы, Айдар, сұрамайтының жоқ сенің. Бол, бас аяғыңды.
Әкесі баласын жуындырып, шашын тарап отырған. Әлгі адамның әрекеті, манағы кемпірдің «алтын айдарлы бала» деген сөзі және жып-жылтыр сары айдары әкесіне: «мүмкін, бұл рас алтын шығар» деген ойға қалдырды. Сол-ақ екен әкесінің бойын үрей билеп, зәресі ұшты. Дегбірі қашты. Жалғыз перзенттің тарғалаң тағдырына налыды...
***
Жетім ұлын жетелеп шаштаразға барды. Бұл жолы да ел аяғы арылған, кешкі уақыт еді. Кезек күттірген жоқ, ылдым-жылдым алтын айдарлы ұлдың шашын мейілінше тақырлап алды. Әшекейлеп, әспеттеуді шаштараз мүлде ұмытқандай. Баланың шашын жерге түсірмей, салафанға салып отырды. 
– Ер баланың шашын аяққа бастырмау керек, – деді ол әкесі сезік алып қалмасын деген оймен. Әйткенмен әкесі бәрін сезіп те отыр... 
– Рақмет, міне, мынау ақшаңыз. Баламның шашын өзіме берсеңіз, – деді әкесі, шаштараздың жүзін барлап. – Шаштараздың сасып қалғанын да әкесі қалт жібермей бағып тұрған. Оның рас, бекер шаш емес екенін ұққан әкенің де ішіне біртүрлі ой жүгіріп өткен-ді. «Оның иесі менмін, өзім неге игілігін көрмеймін...» деген. Баласына қарады. Ол бір сәт бауыр еті баласы емес, құнды бұйым секілді көрінгені... – мұның ойын баланың жәудірген көзі бөлді.
– Жо, саспаңыз... Шашты аяқ асты қылмаймыз, өртеп отырамыз.
– Баламның шашын жинап жүретін едім. 
Шаштараз сәл кідіріп, кібіртіктеп:
– Шаш иесіне қайтарылмайды мұнда!
Әкесі бұдан ары сұрамауды жөн санады. Шашының бағалы екенін білмеген сыңай танытуым керек деп түйген. 
Сөйтіп шаштаразға бұл жолғы шаш та оңай олжа болды. Бұл тіпті оны одан бетер құнықтыра түскен. Ал іштегі күдігі шындыққа айналған бейбақ әке баласын жетелеп, тұрған жерінен бір-ақ түнде ізін суытты. 

***

Осынау үрейлі қара бұлт барған сайын ұлғайып, төніп келе жатқан аждаһаның аузынан жырақ кетуге жігері жеткенімен, қолдың үпі-тәпі қысқалығы алысқа құлаш ұрғызбады. Сол қаланың келесі бетіндегі іркес-тіркес қаланған итарқа пәтерлердің бірін паналаған. Әкесінің ендігі мақсаты баланы адам көзіне көрсетпей, тығып ұстау-тұғын. 
Күн артынан күн өтіп, ай артынан ай өтті, Айдардың сары жылтыр айдары желбіреп өсе берді. Оны өріп қоятын болды. Бала тысқа шығып, күннің көзін көргісі келеді, алайда бәрі тас жабылған. Есікте екі қабат құлып, терезге жапсырылған үлкен ала газеттер бөлмені тұмшаланып тұр. Баланың бар көретіні – сол. Газеттердегі әдемі суреттер. Жарқын жүздер. «Шіркін, ер жетіп, осынау жарқын да, жарық әлемді көрсем ғой» деп қиялдайды. 
Газеттерге қарап тұрған ұлына:
– Балам, бұл газеттердің ар жағына қарауға болмайды. Терезені мүлде ашпа! 
– Неге, әке?
– Өйткені ме, оның ар жағы өте қорқынышты, онда бізге өмір жоқ, өлеміз.
– Өлу деген не, әке?
– Ол ма, ол, анаң кеткен жақ. Алысқа-а-а, көкке кетесің.
– Ол жақ жақсы ма?
– Білмеймін...
– Сол анам жүрген жаққа кетіп қалайықшы.
– Тек! Олай айтуға болмайды.
– Айтуға болмайды, қарауға болмайды, шығуға болмайды, ойнауға болмайды. Болмайды, болмайды, болмайды... Мына телевизордан да жалықтым, әке, – деп бала бұртиып, төсегіне бүк түсіп жатып алды.
– Жарайды, балам, мен базарға барып келейін. Сен мултигіңді көріп тып-тыныш отыр. Саған базардан «мынауский» ойыншық алып келем. «Ура-а-а!» деп бала айғайлап, үйді айналып жүгіре жөнелді. 
– Тыныш, балам, айғайлама, көршілер шағымданады. 
Айдар состиып тұра қалды. 
– Жарайды, әке, ақылды болам. Маған базардан автомат алып келіңіз. «Дұ-дұ-дұ» деп атам оларды, – деді бала айбар шегіп. 
– Кімді атасың?
– Бізді өлтіргелі жүргендерді. 
– Тәйт, ары. Қайдағыны айтады екенсің.
Бала әкесінің мойнына асылып, еркеледі. Әкесі де жұмсарып:
– Жарайды, балам, мен саған күшті автомат ойыншық әперейін. Тек тыныш отыр, келістік пе?
– Келістік. 
Әкесі есікті сыртынан бекітіп, базарға тартты. Біраздан соң ауладағы армансыз айғайлап, шуылдап ойнаған балалардың дауысы Айдарды еріксіз еліктіре түсті. Бірақ әкесіне берген уәдесінде тұрамын деп, тек терезен даладағы қызыққа құлақ түріп тыңтыңдады. «Шіркін, анау бақытты балалармен емін-еркін жүгіріп ойнар ма едім...» деген сыңайдағы ой келді.
Кенет құлағына өзінің аты шалынғандай болды.
«Айдар, Айдар, Айдар!» деп тұрғандай. Әлде Айбар, Қайдар ма? «Дар-дар-дар» деген дыбысты ғана анық естілді, қалғаны балалардың шуылымен араласып кетті. «Мүмкін балалар әкемнің кеткенін көріп, мені шақырып тұрған шығар» деп ойлады. Газеттің бір шетін тырнап, сығалап көргісі келді. Бірақ оны әкесі көрсе, таяқ жейтінін біледі. Не де болса, порточканы ашу керек деп бекіді. Ақырын ғана жартылай саңылаулатып ашқан. Даланың таза ауасы бөлме ішіне лап қойды. Көптен даланың жарығын көрмеген баланың көзіне қызыл шашын жалбырата төккен ащы күн сәулесі шағылысып, қарып жібергендей болды. Әлдене уақыттан кейін көзін ашса, бір топ ұл күресіп ойнап жүр екен, қызығып кетті... 
Кеш түскен уақытта есік тықырлағандай болды. Бала жалма-жан телевизордың алдына отыра қалды. Бірақ есікті әлдебіреу бұзып жатқандай, тықыр-тықыр етеді. Әдетте әкесі үйге тез кіретін. Есік саңылауланып жартылай ғана ашылды. Әуелі мылтықтың басы көрінді, содан кейін екі көзі ғана жылтыраған, қара тымақты басып киген біреу кіріп келді. Бала баж етті.
– Ха, ха, ха! 
Әлгі адам басындағы бүркенген тымағын алғанда барып, өзінің әкесі екенін таныды. Қорыққаны басылған соң бала тез қуанды. Автомат ойыншығын бас салған. «Өзі күндегіден көңілді, қунап алыпты. Баламысың деген, ойыншыққа, мәз болып қуанып қалған шығар», деген әкесі іштей. Әйткенмен терезенің ар жағындағы әлем әкесі айтқандай құбыжық емес екенін ұққан бала алғашқы тәжірибеден кейін ебін тауып сыртқа шығуды да ойлап қойды...

***

– Әке, автоматтан да жалықтым. Менің ғалым болғым келеді. 
– О-о-о, міне, жаңалық, – деді әкесі. 
– Маған бүгін базардан телескоп ойыншық әкеліп беріңізші, мен ғарышты зерттеуім керек. – Әкесі сәл ойланып тұрды да, оған да көнді.
Айдар терезенің саңылауынан далаға армансыз қарап, балалардың ойынын қызықтады. Базарға кеткен әкесі көп кешікті. Кеш түсті. Кенет есік өткендегідей қорқынышты тықырлады, тіпті біразға дейін есік аша алмай тұрғанын түсінді.
– Әке, – деді бала есікке жақын келіп. Үнсіз... Тағы да бірнеше рет «әке» дегенімен, ешкім тіл қатпады. Үнсіздік үрей шақырды. Айдар автоматын қолына алып, есік жаққа таяды. Әлі тықырлатып жатыр. Сосын жүгіріп, терезені ашып, сығалап еді, дала тым қараңғы болып кетіпті. Сөйткенше есік те ашылды. Басында қара тымағы бар, бірақ бетін бүркемеген екен.
Бала автоматын кезеп:
 – Қозғалма! Атып тастаймын, – деп зекіп қалды.
Анау шындап састы. Басы алтын адам өзін қорғау үшін, расында, қолына қару алып тұрған болар деп ойлаған. 
Бірақ бала оның жүз таныс екенін тез аңғарды.
– Шаштараз? – деді, көзі бақырайып.
– Иә, балақай мен ғой. Қане, түсір андағыңды шошаңдатпай, – деді ол да көлгірси күлімдеп. Өзіне төніп тұрған мылтық араны төмен түскенде барып, оның ойыншық екенін бір-ақ білді. 
– Сіз қайдан жүрсіз, әкемді көрдіңіз бе?, – деді бала, тап бір жанашырына тап болғандай.
– Иә, әкең біздің салонда. Маған Айдарды алып кел, шаш қидырамыз деді.
– Міне, көріп тұрсыз, басымда шаш аз ғана. Өткенде ғана әкем өзі алып тастаған.
– Ой, қайдан білейін, әкең алып кел деген соң келіп едім.
– Сонда далаға шығамыз ба?
– Енді ше?
– Онда мен қазір тез киінейін.
Бала жүрігіп, асығыс-үсігіс киіне бастады.
– Айтпақшы Айдар, әкең шашыңды қайда қояды?
– Білмеймін, аға. Салафанға салап, тығып қояды. Әркез базарға кеткен кезде үйден қоқыс шығарады. Сол кезде тастаған шығар.
– Ә, солай ма? Бол, бол, кеттік, әкең күтіп қалған шығар.

***

Олар сүлікқара мерседеске отырды да, шаш салонына жетті. Бала ішке жүгіріп кірді. «Әке-е-е» деп дыбыстап еді, ешкім көрінбеді. Бала іштей бір секем алғандай: 
– Әкем қайда, күтіп отыр деп едіңіз ғой?
– Қазір келеді, бір жаққа шығып кеткен болар. 
Ол жорта жымиып, жылпылдап:
– Қазір мен саған шай қояйын, алтыным, – деді бір бөлмеге кіріп, тез шықты.  – Айдар, бері кел, әкең келгенше мен сенің шашыңды әдемілеп реттеп қояйын, қане-қане, кел.
Бала көңілі алабұртып, амалсыз басы салбырап айнаның алдына жайғасты. Әжептәуір өсіп қалғандай сезінді өзін. 
Алдына алжапқышын жапқан шаштаразда арт жағынан келіп қалыпты. Кенет қарақұстан ыршыған қан айнаға шашырады...
Шаштараз баланың бас терісін сойып, кішкентай миды салафанға салып алды да, жүріп кетті...
Қара пакетті ұстаның алдына тастай салды. Ұста ми мен бас тұлыпты ұстап көрді де, көзі шарасынан шығардай болып: 
– Ойпыр-ай, бұл не бәле тағы?, – деді кідіріп.
– Баланың миы, алтын ми. Іші толған байлық! – деді дауысыны нығарлап.
– Астафыралла! Қой, атама, аулақ!
Шаштараз міз бағатын емес. 
– Ержан-ау, сен түрмеден шыққан соң не деп едің? Енді қылмыс істемеймін, шаштараз болып, адал ақша тауып, тыныш өмір сүремін деп ант-су ішіп едің ғой, мынау неткен қаныпезерлік?!, – деді ұста  жыларман болып.
– Ей, шал, көп сөзді қысқарт! Мен қылмыс жасайын деп жасамаймын. Қылмыс өзі келіп маған жасалады, а-ха-ха-ха! Қане, тексер анауыңмен. 
– Қой, мен мұны тексере алмаймын, – деді ұста қан болған қолына қарап.
– Көп сөзді доғарыңыз енді, – деді шаштараз ышқырына қыстырған жан құралын сыртынан қолымен сипап-сипап қойып. 
Ұста баланың миын әрі-бері шайып көрді. Қолында діріл бар. Шекесі шып-шып терлеп те кетті. 
– Мұнда түк жоқ, – деді амалсыз басын көтеріп.
– Қалай жоқ? Бұған дейін әкелген шаштан алтын шықты емес пе?!
– Қай әлгі қайратты, сары қылшықты айтасың ба?
– Иә, сол осы бастан шыққан! Әлде сен ол шаштан алтын тапқаның өтірік пе?!
Ұста күмілжіді. Сөйтті де, ойына бірдеңе түскендей:
– Мүмкін, алтын мұның басында емес шығар. Өйткені, жалпы, адам бойында түрлі метальдің болатыны рас. Бірақ ол қанша мөлшерде, қайда болатынын мен білмеймін. Мәселен, шаш пен бауыр – тығыз байланыста болатын ағзалар. Бәлкім, бір болса, бауырда не қанның құрамында болар... 
Шаштараз бұл уәжге сәл түйткілсі де, «мен, қазір» деп ұстаханадан шығып кетті. Ол салонға келіп, баланың мүрдесін алып кетпекші болған. Алайда салон ішінде мүрде жоқ болып шықты. Айнаға шашырап, айғыздалған қанның ізі ғана бар. Бала ізім-ғайым жоқ болыпты. Шаштараз не істерін білмей, аңырып тұрып қалды...

2023 жыл, Астана