Дулат Исабеков. Өз сынынан қорыққан драматург
Гогольден прозаиктердің де, драматургтердің де үйренері көп...
Дулат ИСАБЕКОВ – қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, қоғам қайраткері. Ол 1942 жылдың 20 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Шығармашылық жолын газет-журналдарда қызмет етуден бастаған. «Гауһартас», «Дермене», «Әпке», «Еркек тоқты – құрбандық», «Тырау-тырау тырналар» сияқты повесть, әңгіме, пьесаларымен танылған. Оның көптеген шығармалары театр сахналарында қойылып, қазақ прозасының жаңа тынысын ашқан туындылар қатарында аталады.
Дулат Исабеков – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері. Шығармаларында адам мінезі, қоғам өзгерісі, ауыл өмірі мен адамзаттық құндылықтар терең суреттеледі. Жазушы 2025 жылғы 21 ақпанда 82–83 жас шамасында дүниеден озды.
Н.В.Гоголь өзінің хаттарының бірінде былай деп жазған еді: «Театр деген еріккеннің ермегі емес, әрбірден соң қажеті жоқ бос әурешілік те емес. Егер оның шаңырағының астына бір-біріне ұқсамайтын мыңдаған адам сыйып, сол мыңдаған адам бір сәтте күліп, бір сәтте күңіреніп, бір сәтте көзіне жас алып күрсінетін болса, оны қалайша қасиет тұтпауға болады? Ол деген барша әлемнің алдында асқақ үніңді білдіре алатын алып кафедра ғой». Бұл жолдарда Гоголь театр дегеннің шынайы бейнесі мен мәнін, оның бүкіл болмысын ашып көрсете білді.
Драмалық шығармашылықты қандай ағымдар жетелеп, сахналық идеалдар уақыт талабына сай қандай формаларға көшіп-қонбасын, театр үшін ешқашан өзгермейтін заңдылық бар, ол заңдылықтың аты – бәрінің бір сәтте әсерлену заңы (закон общего переживания), яғни залдағы көрермендердің сахнада өтіп жатқан оқиғаларға реакциясы. Қандай жағдай, қандай заман болсын, театрда ешқашан бұлжымайтын бірыңғай әсерлену заңын драматург, мейлі ол жас болсын, мейлі кемеліне келген драматург болсын, бұл заңдылықты өзгерте алмайды. Бұл заңдылықты ол қашан, қай кезде меңгереді? Туа бітті ме, жүре бітті ме? Кез келген драматург шығармасын жазу үстінде мұндай заңдылықтарға сүйене отырып жазбайтыны белгілі, ол мұның бәрін ішкі түйсік арқылы сезініп отырады. Ал ішкі түйсік пен бірыңғай сезіну заңдылықтарын шығарма барысында өне бойы сақтап отыру Гоголь сияқты туа бітті талантқа тән қа-сиет. Драмадағы алдыңғы эпизод келесі эпизодтың интригасына жауапты. Оқиға эпизод сайын ширығып, шиеленісіп отыруы тиіс. Көрермендер оқиғадан «суып» қалмау үшін драмалық, комедиялық ситуациялар көрініс сайын жаңарып, баяндалып келе жатқан оқиғалар күтпеген жерден басқаша бағыт алып, өсіп, өршіп отыруы тиіс. Мұндай оқиғалар тізбегінің бәрі бастан-аяқ ұлттық психология мен ұлттық болмыстың шеңберінен шықпауы тиіс. Гоголь ұлттық, таза орыстық комедия жасай білді, шығармаларының бәрін ұлттық эффектіге құра білді. Сумароковқа дейін бір жарым ғасыр бойы Ресей сахналарында сайран салып келген неміс пен француз театрларының әсерінен ұлы комедиогроф Грибоедовтің өзі арыла алмаған болса, Гоголь барлық бөтен өнерден іргесін аулақ салған тап-таза орыс оқиғасын, орыс тұрмысын, орыс адамдарын, орыс психологиясын, қысқасын айтқанда, орыс күлкісін сахнаға алып шықты.
Театрдың өмірдегі шынайы, нағыз халықтық рөлін ерекше бағалай білген Гоголь өзінің ең атақты комедиясы «Ревизорды» жазуға айрықша дайындықпен кірісті. Астана емес, губерниялық үлкен де қала емес, Ресейдің бір түкпіріндегі шағын қаланың арасынан Н.В.Гоголь бүкілресейлік ащы шындықтың бетін ашып бере алатын адамдарды іріктеп алып, әр адамға орыс өміріне тән типтік оқиға мен типтік образдар галлереясын асқан шеберлікпен жіпке тізгендей қарапайым әдіспен тізіп шықты.
Барлық елдің түгелдей дерлік классик драматургтері оқиға желісін шиеленістірудің амалын әркім әртүрлі әдіспен қарастырып, экспозицияны біршама созып алатын да, шиеленісті бастау үшін бірнеше сахналық көрі-ністерге жүгінетін. Ал Гоголь үшін бір-ақ сөйлем, жалғыз-ақ фраза жеткілікті болды. Қала бастығы Антон Антонович Сквозник-Дмухановский: «Мырзалар, мен сіздерді аса бір жайсыз хабар айту үшін жинап отырмын: бізге ревизор келе жатыр».
Осы фразамен пьеса бірден басталды да кетті. Осы сөйлем пьесаның фабуласын да анықтап берді. Ең маңыздысы – жұрттың бәріне үрей тастап өтті. Пьеса персонаждары ғана емес, залда отырған адамдардың да санасын үрей билеп алды: «енді не болар екен, әрі қарай кейіпкерлерді не күтіп тұр?» деген сұрақ театр атмосферасын бірден жайлап алды. Фабула әрі қарай қалай дамымақ, салған жерден, пьесаның алғашқы фразасымен басталған үрей мен қорқыныш әрі қарай қалай жалғасын таппақ? Комедияның бүкіл энергетикасын бір ғана сөйлемге сыйдыра білген Гогольдің фантазиялық қуаты бүкіл спектакльдің аяғына дейін жете ме, әлде, орта жолдан өтпей жатып оқиға желісі қожырап кете ме? Пьесаны оқыған, спектакльді көріп отырған оқырман мен көрермендердің көкейінде тұрып алатыны да осы сұрақ.
Гогольдің мұндай сауалды пьесаға кіріспей тұрып-ақ өзіне қоя білгені шығарма барысында көз жеткізу оңай. Алғашқы беттерден-ақ әр кейіпкердің өзіне тән мінезі, сөйлеу мәнері алақандағыдай анық боп шыға келді. Көрермен қала бастығының әлгі сөзінен кейін-ақ оқиғаның әрі қарай жалғасын көруге ынтыға түседі. Залда отырған адамдарды, Гогольдің өз сөзімен айтқанда, «бірін-бірі танымайтын 5-6 мың тобырды» шашау шығармай уысында ұстап, бәрін бір адамдай сахнаға телміртіп, түймелерін үзгенше күлдіріп, ең соңында күні бойы өздеріне-өздері күліп отырғандарын түсініп, кейіпкерлермен бірге «мылқау сахнаға» тап болып, «енді қайттік?» дегендей бәрін үнсіз қалдыруға дейін жеткізетіндей Гоголь қандай айла тапты? Оның комедиясындағы динамика мен сарқылмас ішкі қуат бірте-бірте өршіп барып, әр түрлі талғам мен әр түрлі түсініктегі «тобырды» найзағай түскендей бір сәтте катарсиске әкеп тіреу үшін сарқылмас юмор мен трагедияның кілтін қалай тапты?
Әрбір ұлы шығарма қашанда қарапайым. Гоголь өмірдегі барлық көрген-білген, естіген күлкілі, келеңсіз жайларды юмор мен сатираның жібіне тізе білді. Оқиғаны өмірдің өзінен ойып алып, елеп-екшеп, іріктеп, ең қажеттілерін ғана қағазға түсіре білді. Неміс классигі Томас Манның «Театр – тобырды ұлтқа айналдырады» деген атақты қанатты сөзі дәл осы «Ревизорға» арнап айтылғандай еді.
«Ревизор» тобырды ұлтқа айналдырды. Бірін-бірі танымайтын әртүрлі психологиядағы адамдардың спектакль бітіп, күлкілері саябырсыған кезінде әрқайсысының басына: «Біз кімбіз осы? Қайда бара жатырмыз? Мынадай өмірді күнде көріп, күнде бетпе-бет келіп жүрген жоқпыз ба? Сонда да үндемейміз. Түзелуге тырыспаймыз. Бүйтіп өмір сүруге болмайды ғой. Күні бойы неменеге жетісіп күлдік? Бұл – күлетін нәрсе ме еді? Енді қайттік, енді не істеу керек? Мына қалпымызбен ел бола алмаймыз ғой», – деген қалың ой келді.
«Ревизордың» ең басты жеңісі мен жетістігі – елдің санасын өнер арқылы тәрбиелеуге болатындығын дәлелдеп кетті. Гогольдің көрегендікпен айтқан: «Бірін-бірі танымайтын тобыр бір мезгілде күліп, бір мезетте ес жиып, бір мезетте ойға шомады», – деген сөзі расқа айналды.
Қаланың қонақ үйіне Петербургтен кеп орналасып, қызметшісі екеуі екі жетіден бері аштан-аш бұралып, ішкен тамақтарына ақы төлей алмай жатқан студентті ешкімге айтпай, қала өмірін өз бетінше тексеріп жүрген ревизор екен деп әбігерге түсіп, басы қала әкімі боп алаңсыз жатқан студентке неше түрлі қызмет көрсетіп, ең ақырында күткен ревизорлары ол болмай шыққан соң бәрі аң-таң боп тұрғанда, даладан почтмейстер ал-қына кіріп, қалалық қонақ үйге Петербургтен нағыз ревизор кеп, қала әкімі мен оның төңірегін түгелімен өзіне тез жетсін деп шақырып жатқанын айтқанда, олардың бәрі «аһ»-лап, тұрған-тұрған орындарында қатты да қалды. Көрермендер де құлаққа ұрған танадай үнсіз.
Өлі сахна
Драматургия тәжірибесінде өлі сахнаны өмірге тұңғыш алып келген де Гоголь болды. Ол тіпті өлі сахнаның уақытын пьесада «бір жарым минут» деп дәл көрсетіп те берген. Алайда, сахнадағы бір жарым минут үнсіздік – бітпейтіндей тым ұзақ еді. Шымылдық 52 секундта жабылған. Спектакльді қоюшы Немерович суфлерға келіп: «Сен неге шымылдықты ерте жаптың?», – деп сұрағанда ол: «Енді бір секунд болса менің жүрегім жарылып кетер еді», – деп жауап беріпті.
Сахна мен көрермен залы да мұндай ұзақтыққа шыдай алмас еді. Партерде отырған бір әйел үнсіздікті бұзып: «Құдая тоба! Актерлардың қазір жүректері жарылып құлап түсетін шығар!», – деген дауысы мүлгіген тыныштықты бұзып, саңқ ете түскенде барып жұрт есін жиған көрінеді.
Гогольдің балалық шағы Украинадағы Миргород қаласының маңындағы хуторда өтті. Ол жастайынан ел ішіндегі аңыз-әңгімелерге, ертегілер, ескі-лікті ән-жырларға құмар болып, олардың бәрін көкірегіне түйіп өсті.
Гоголь тақыр жерде пайда болмаған жазушы. Оның әкесі Василий Гоголь «Собака Вивия», «Простак или хитрость женщины, перехитреняя солдатом» атты пьесалар жазып, олары көптеген әуесқой театрларда қойылған. Гоголь жастайынан театрмен әуестенеді. Алғашында ол Крыловтың «Қыздарға сабақ» атты комедиясында ойнады. Гогольдің бір замандасы Фонвизиннің «Недоросль» пьесасындағы Гогольдің рөлін былай бағалады: «Мен бұл пьесаны Мәскеуде де, Петербургте де көрдім, бірақ, Простакованың образын он алты жасар Гоголь сияқты бірде бір актриса жеріне жеткізе ойнаған емес».
Гоголь комедиялармен қатар, Озеровтың «Афиналық Эдип» траге-диясында да тамаша образ жасаған актер.
Гоголь әдебиетпен де айналыса бастады. Ол Пушкин өлеңдерін өлердей сүйді. Оның талантына өле-өлгенше бас иіп өтті.
Бірақ оның алғашқы шығармалары сәтсіз болды. («Ганц Кюхельгартен» поэмасы). Театрда да тұрақтап жұмыс істей алмады. Гимназияны бітірген соң Петербург сахнасына шығуға әрекет жасап көрді. Бірақ театр шенеуніктері оны тыңдап, көріп болған соң «театрға жараса да мар-дымсыз жанама рөлдерден әріге бара алмайды» деп баға берді.
Жолы болмаған Гоголь департаменттерде ұсақ-түйек писарлық жұмыстар атқарды. Тіпті, сурет салумен де шұғылданып көрді.
Бір таңғаларлығы – әр өнердің басын бір шарпып жүріп, ол ғайыптан Санкт-Петербург университетінің тарих пәні бойынша мұғалім болып орналасады. «Бізге оның сабақ беру әдісі де қызық болатын. Бұл менің Гогольді тұңғыш рет көруім еді», − деп еске алады И.С.Тургенев. «Бізге, үшінші курс студенттеріне ол Гоголь-Яновский деген фамилиямен сабақ берді. Ол өзінің әдеті бойынша үш сабақтың екеуіне келмейтін. Бір сабақтың өзін әртүрлі әңгімелер айтып, айдаладағы Палестина мен Шығыс халықтары туралы басы жоқ, аяғы жоқ лекцияларын әзер айтып бітіретін. Оның тарихтан еш хабары жоқ екенін біз іштей түсіндік. Емтиханның өзін де басқа мұғалім қабылдап, тісі ауырған адамдай Гоголь жағын таңып алып, үнсіз отыратын-ды. Өзінің балдырғанды көл деп, батпаққа түсіп кеткенін түсінді ме, көп ұзамай ол «профессорлықтан» бас тартып, өз еркімен отставкаға кетті. Отставкаға жай кете салған жоқ, өзінің қанатты сөзін айтып кетті «Белгісіз боп келіп ем, белгісіз боп кетіп барамын» деп жарияға жар сап кетті.
Осыдан соң ол өзінің тағдыр дайындап қойған ең басты жолы – әдебиет жолына бір жолата бет бұрды. Бұл жол – бәріміз үшін қымбат жол еді».
Гоголь халық өмірін шындап зерттей бастады.
Ақыр соңында «Вечера на хуторе близ Диканьки» повесінің бірінші бөлімін, онан соң екінші бөлімін жариялады. Бұл шығарма жұртты дүр сілкіндірді. «Они изумили меня, – деп жазды А.Пушкин. – Вот настоящая веселость, искреняя, непринужденная, без жеманства, без чопорности. А местами какая поэзия! Какая чувствительность. Все это так необыкнавенно в нашей литературе...» «Современник» журналында А.Плетнев бұл шығарманың драмалық тұстарына өте жоғары баға берді.
Гоголь шығармаларындағы драмалық ерекшеліктерді театрлар да байқады. Бұл шығарма көп ұзамай «Рождество қарсаңындағы түндер» деген атпен сахнаға қойылды.
Гогольдің А.Пушкинмен достығы басталды. Бұл достық Гоголь өміріне ерекше өзгеріс енгізді. Өркениеттен аулақ жатқан шағын ғана хутор адамдары неше түрлі қорқынышты әңгімелер айтуға да өте шебер болатын. Гимназияны бітіріп, Петербургке келген кезінде ол анасына хат жазып, ел ішіндегі фольклорлық-этнографиялық әңгімелерді, өз әкесі жазған комедияны жіберуді өтініп, үзбей хат жазумен болады. Соның нәтижесінде ол өзінің ең алғашқы шығармасы – «Диканька маңындағы хутордағы кештер» деп аталатын повестер циклын жазып шықты. Россияның көзі ашық зиялы қауымы малороссияның, яғни Украинаның тарихы мен бүгінгі өміріне аса қызығушылық білдіріп отырғанына әбден көзі жеткен Гоголь Украинаның ұлттық тәуелсіздігі жайлы жазылған роман-повестерді анасы арқылы алдырып, оларды байыппен оқып шықты. Орыс әдебиетінде Украина өмірі жайлы жазылған декабрист-ақын Рылеевтің «Войнаровский», «Наливайко» поэмаларын және О.Сомовтың, Нарежнидің романдарымен танысты. Орыс әдебиетін құныға оқи бастады.
Көптеген жазушылар сияқты Гоголь де шығармашылық жолын өлеңмен бастаған. Гимназияда оқып жүргенде жазып, Петербургте аяқтаған «Ганс Кюхельгартен» атты поэмасын 1829 жылы бітіріп, сол жылы журналда жариялайды. Жуковскийдің дәстүрінде жазылған бұл романтикалық-идиллиялық поэма қатты сынға ұшырады. Ызаланған Гоголь бүкіл тиражды түгел сатып алып, бәрін де өртеп жібереді.
Гоголь шығармашылығындағы осы бір оқиға айрықша бетбұрыс жылы болды. Ол поэзияны біржолата тастап, прозаға ауысты. Бұл жылдар орыс әдебиетінің де дүркірей дамып келе жатқан кезеңі еді. Гогольдің жас жазушы ретіндегі алғашқы қадамы Пушкиннің «Евгений Онегин» романының алғашқы тарауларының жарияланып, «Полтава», «Борис Годунов» жарыққа шығып, Пушкин ұйымдастырған «Литературная газетаның» алғашқы саны оқырман қолына тиіп, Ресей шығармашылық интеллигенциясының дүрлігіп жатқан кезі еді. Пушкиннің «Борис Годуновы» Гогольдің өмірге, әдебиетке деген көзқарасын мүлде өзгертіп кетті.
Гогольдің бұл шығармалары жайлы тебіреніске толы мақалалары мен «Диканька маңындағы хутордағы кештер» циклына берген Пушкиннің жоғары бағасы жаңа бағыттың есігін айқара ашты. Осы мақалалар мен шығармалардан зор әсер алған Н.В.Гоголь өзінің жазушылық-азаматтық кредосын анықтап, барлық шығармашылық күш-қуатын шындық жолына жұмсауға бел буды.
Гогольдің үлкен әдебиетке деген бұралаңға толы қысқа да ұзақ жолы осылай басталды. Қысқа болатыны – ол бар-жоғы 43 жыл өмір сүрді. Ұзақ болатыны – сол жолда көрген ғасырға татырлық азапты ғұмыры.
Н.Гогольдің «Ревизоры» жасаған бүкілхалықтық дүрбелеңді ешқандай бұрынғы пьесалар жасаған жоқ. А.Сумараковтың «Хорев», А.Грибоедовтың «Ақылдың азабы», Д.Фонвизиннің «Тоғышар» пьесалары орыс сыншыларының арасында мақтанышқа толы сан алуан пікірлер тудырып, әдебиет сынымен қатар жоғары дәрежедегі театр сынын қалыптастырса, «Ревизор» бүкілхалықтық, бүкілорыстық дүрбелең туғызды. «Ревизор» қойылған қалада қала басшылары тыныш отыра алмайтын болды, өйткені, оқиға бастала салысымен жалпы көрермен қала басшысына бұрылып қарайтынды шығарды. Кейбір кездері, айталық, Ростов қаласының басшысы ойын жүріп жатқанда сахнаға атып шығып, әртістерді түрмеге жабамын деп қорқытыпты.
Бүкіл Петербург көрермендері комедиядағы шындықтан үрейлене де бастаған. «Русская смотрина», «Современник» журналдары «Ревизор» жайлы белгілі сыншылардың мақалаларымен қатар, қарапайым көрермендердің де пікірлерін жариялап жатты. Белгілі сыншы В.Стасов былай деп еске алады: «Біз «Ревизордың» тұтас көріністерін жаттап алып, бір-бірімізбен жарыса қайталайтынбыз, кей жерлерінде бір-бірімізді түзеп, жаңғыртып, ұзын-сонар монологтарды мүдірмей айтуға машықтанатын едік».
Қоғам өзін-өзі таныды. Қоғам екіге бөлінді. Қарапайым халық ішегі үзілгенше күлді. Билеуші топ болса ашуызаға басты. Гогольді есуас деді, қоғамға жала жапқаны үшін оны Сібірге айдау керек немесе түрмеге жабу керек деп қаһарланды. Тіпті, бұл комедияны император Николай І көріп шығып: «Таяқ бәріне тиіпті, әсіресе, менің сыбағам ерекше екен» деп актерларды арқадан қағып мәз бопты.
Мәскеу губернаторының қабылдауында қаланың белгілі адамдары бас қосып, әр топ әр столға жайғасып, күбір-күбір әңгімеге кірісіпті. Бұл қа-былдауда Гоголь де болған екен. Үш сенатор мен бір генерал Гоголь жаққа қарап:
– Осы бір адамды көргім келмейді. Қараңыздаршы, түрі келіспеген біреу. Әліне қарамай өзінше маңғаз, тіпті, әнебіреулердің оған қызмет көрсетіп, бәйек боп жүргеніне жыным кеп отыр! Бұл қандай аттитюда (поза-французша), қайдан тапқан палон (самоуверенность – франц!).
– Ол – революционер, – деді сенатор. – Мен губернатор боп тұрған кезде осы бір есуастың пьесасы сахнада қойылды. Мен де барып көрдім. Пьеса жүріп жатқанда жұрттың бәрі маған бұрылып тұрып қараумен болды. Ал сахнадан билікке бәле жабу, әжуа, жала, сықақ деген қарша борап бара жатыр. Сонан соң сахнаға атып шығып, актерларды қуып шықтым. Мен губернатор боп тұрған кезде «Ревизорды» губернияның маңына жолатпай қойып едім».
Гоголь он жылдай уақыт өткенде «Ревизорды» жұмсартпақ боп, Михаил Щепкинге (қала басшысының рөлін ойнаған) хат жазып, комедияның кейбір тұстарына өзгерту енгізетінін айтады. Щепкин Гогольмен келіспейді. «Ондаған жылдар бойы мен «Ревизордың» барлық кейіпкерлерін тірі адамдай зерттеп келдім. Сіз олардың бірде біріне тиісуші болмаңыз. Маған оларды дәл осы қалпында қалдырыңыз. «Бұлар өмірдегі шенеуніктер емес, біздің қиялымыз» деген сияқты жақауратқанды қойыңыз. Мен ол ойыңызбен келісе алмаймын. Мен он жыл ішінде бұл адамдармен біте қайнасып кеттім, сіздің оларды менен бөлуге хақыңыз жоқ. Сіз менен оларды тартып алғыңыз келеді. Мен оларды Сізге бермеймін. Көзімнің тірі кезінде мен олардан айрылмаймын. Ал мен өлген соң не қылсаңыз да өзіңіз біліңіз. Маған десеңіз ол адамдарыңызды ешкіге айналдырып, отқа қақтаңыз».
Бұл – Щепкиннің ұлы «Ревизорға» деген ұлы махаббаты еді. Ұлы драматургке лайық ойлы да терең, ақылды да бір беткей, шынайы өнерді шындық өмірмен тұтас қарай білетін, саналы да саңлақ суреткер-актері бар заман өнер үшін бақытты кезең екен-ау!
Мұндай топырақтан ұлы тұлғалардың туып жетілуі заңды құбылыс болары хақ.
«Шағала» мен «Ваня ағайдың» алғашқы сәтсіз қойылымынан кейін және газет-журналдар мен ең жақын достарының ауыр сынынан кейін «енді 700 жыл өмір сүрсем де, драматургияның есігін қайтып ашпаймын», – деп пьеса жазудан бас тартқан А.П.Чехов сияқты Н.В.Гоголь де «Ревизордың» Петербургте, онан соң Мәскеудің Кіші театрындағы сәтсіз қойылымынан кейін ұзақ уақыт бойы драматургиядан қол үзіп кетті. Бір кездері «Драма сахнада ғана өмір сүреді, сахнасыз ол денесі жоқ жан сияқты», – деп жазған Гоголь, ол ойынан бертін келе бас тартқандай боп, пьесаны қойылу үшін емес, оқу үшін, яғни баспа бетінде жариялау үшін жазу керек деген қағиданы ұстана бастады.
«Ревизор» мені қатты шаршатып бітті», – деп жазды көптеген ауыр сыннан соң Гоголь. «Ревизордың» оқиғасын сынаған сыншылар: «Бұл оқиға Россияның қаласында емес, Украинаның, немесе Белоруссияның бір қаласында өтуі мүмкін. Гоголь сол сюжет пен кейіпкерлерді Россия жеріне аудара салған. Бұл деген Россияға жабылған жала» десе, авантюрист және карта құмар граф Ф.И. Толстой (Л.Толстойдың немере ағасы) Гогольді «Ресейдің қас жауы, оны аяқ-қолына кісен салып, Сібірге айдау керек», – деген ашу-ызаға толы пікір айтса, Ф.Ф.Вигель деген әдебиетші М.Н.Загоскинге жазған хатында: «Автор выдумал какую-то Россию и в ней какой-то городок, в который свалил он все мерзости, которые изредка на поверхности настоящей России находишь... Я знаю господина автора: эта юная Россия во всей ее наглости и цинизме». Ал Ф.Б.Булгарин болса «Северная пчела» журналында жарияланған екі бірдей фельетонын «Ревизорға» арнап, Гогольді «Россияға жала жабушы» деген ащы пікір айтты.
Гогольді «жалақор», «бәлеқор», «Россияның қас жауы», «Украинадағы былық-шылықты Ресейге әдейі аударушы» деген сияқты көптеген ауыр сындардан соң ол есін жыю үшін Россияны уақытша тастап шықты.
1836 жылы жазылған «Ревизорды» ол 1842 жылы қайта редакциялап, толықтырып, бүгінгі қалпына келтіріп, қайта бастырып шықты.
Шығарманың дер кезінде әділ бағасын ала алмай, сыңаржақ сынның жемтігіне айналуы автор үшін қаншалықты ауыр соққы боп тиерін Чехов пен Гоголь шығармаларының қиын да қиянатты тағдырынан анық көреміз. Егер ол шығармалар өз кезінде лайықты бағасын алып, қиянат пен қызғаныш құрсауына түспеген болса, бәлкім, ол авторлар жан ауруы мен тән ауруына ертерек шалынбай, тағы біраз өмір сүріп, бұдан да күрделі, бұдан да көркемдігі жоғары шығармалар қалдырар ма еді, қайтер еді деген ойға шомасың.
«Үйлену»
Гогольдің «Ревизоры» сыңаржақ сын садағына көп ұшырап, мақтаудан гөрі даттауды көп естіген болса, оның «Ревизордан» бұрынырақ жазылса да, кейінірек қойылған «Үйлену» комедиясының басынан таяқ кетпеді. Гогольдің жақын досы, әйгілі актер И.И.Сосницкий: «Мұнда комедия дейтіндей комедия жоқ, сюжет деуге тұрарлық сюжет те жоқ», – деп пьесаны жоққа шығарғандай пікір айтса, басқа замандастарының айтуынша, «пьеса аяқталмаған, үйлену туралы жазыла тұра, финалда үйлену тойы жоқ» деген наразы пікір білдірушілер көп болды.
Егер «Ревизорда» интрига мен характердің арасында белгілі бір тепе-теңдік сақталған болса, оның «Үйлену» комедиясында интригадан характердің басымырақ тұрғанын көреміз. Гоголь «Үйлену» пьесасында реформаторлық ерекшелігімен көзге түсті. Оқиға мен кейіпкерлер арасындағы диалогтарда сюжетке қатысы жоқ боп көрінетін көріністер көбірек ұшырасады. Бұл әдіс драматургтың эпизодтық құрылымдарға енгізген өзінше жаңалығын замандастары пьесаның үлкен кемшілігі ретінде бағалады.
«Үйлену» пьесасы алғаш рет 1842 жылы оның шығармалар жинағында толықтырулар мен өзгерістер енгізу арқылы соңғы нұсқасы жарияланды. Сол жылы сахнаға қойылған бұл комедия Гоголь драматургиясындағы жаңа жүйенің (системаның) жолын ашты. Бұл жаңа жүйе Островский драматургиясының да бағыт-бағдарын анықтауда үлкен рөл атқарды.
Гогольдің «Үйлену» комедиясы «Шығармашылық лаборатория» деп аталатын түсініктің ең бір көрнекі құралы деп атауға болады. Бұл шығарманы драматург 1833 жылы бастаған болатын. Алғашқы нұсқасында Подколесин мен Кочкарев мүлде аталмайды да, оқиға деревняда, помещиктің отбасында өтеді. Комедияның сюжеті автордың бұдан бұрын жазылған «Рождество қарсаңындағы түн» деп аталатын шығарманың ситуацияларына ұқсас. Қалыңдық келген болашақ күйеу жігіттердің бірде-біреуінен айырылып қалғысы келмей, бәрінің де көңілдерінен шыққысы келеді. Бірақ бәрінен айрылады. Пьесаның алғашқы аты «Күйеулер» («Женихи») болатын. 1835 жылы ол қайта редакцияланған нұсқасында Подкалесин мен Кочкараев бейнелері енгізілді. Шындығында, егер пьесада бұл екі кейіпкер болмаса, шығарманың комедиялық сипаты да, ситуациялардың даму жүйесі де мүлде солғын болар еді. Пьесаның дәл осы нұсқасын 1835 жылдың 4 мамыр күні Гоголь М.П.Погодинге оқып береді. Екеуара келісе отырып, шығарманың атын «Үйлену» деп қойғанды жөн көреді, 1835 жылдың күзінде Гоголь комедияны тағы бір қарап шығып, ең соңғы рет өңдеуден өткізген соң, оны театрға бермек болады. Алайда қараша-желтоқсан айларында «Ревизорға» алаңсыз кірісіп кеткендіктен, «Үйленудің» театр босағасын аттауы кейінге қалдырылады. Сол жылдың 6 желтоқсанда ол Погодинге «Ревизордың» жазылып біткенін, ал Мәскеуде өзіне оқып берген «Үйленуді» әзірге театрға беруді тоқтата тұратынын, оны тағы бір «қайнатып», пісіре түсу қажеттігін хабарлайды.
Шығармашылық процестегі мұндай «ұсақ-түйектерді» тәптіштеу айту себебім – бір біткен пьесаға үздіксіз қайта оралып, Гогольдің өзі айтқандай, өзінің «ішкі-дүниесінің» пікірін тыңдай білудің, өз шығармасына қалай сын көзбен қарай білудің үлгісіне баса назар аудару үшін тоқталып отырмын. Замандастары мен достарынан, қарапайым көрерменнің өткір сынынан, әдебиет әлеміне әйгілі сыншылар мен актерлердің атүсті айтқан ауыр ескертпелерінен кейін де өзінің шығармашылық әлеуетінен түңілмеудің, өзіне-өзі сенудің қажырлы үлгісін Гоголь мен Чеховтан айқын танимыз. Қанша әділетсіздік пен қасақана ұйымдасқан қиянат көрсе де Гоголь мен Чехов олардың бәріне төзе білді, ішкі сенімдеріне селкеу түсірмеді, сүрінсе де құламады, құласа да қайта тұра білді. Ең бастысы – олардың өз ішіндегі өзіне деген сыни көзқарас сыртқы сындардан әлдеқайда қатал болды. Олар өзін-өзі тыңдай білді. Сондықтан болар, Гоголь «өз ішімдегі сыннан қорқамын» деп жазды.
Әрине, сынның қай-қайсысы болса да кім-кімге де оңай тимейді. Ол кейде адамды тура жолдан тайдырып, бағыт-бағдарының өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін. Орынсыз айтылған сын жазушыны тұйыққа тіреп, пессимизмге апарып соқтыруы мүмкін. Ол топтан бөлініп, өзіне қаскөй көзбен қарайтын ортадан аулақ кеткісі келеді. Гоголь мен Чехов әлденеше рет солай етті де. Сыртқы сын мен өзінің ішкі сыны қабаттасқан кезде, дауыл күнгі теңіз шағаласы секілді жазушы да біраз уақытқа дейін есін жия алмай қалады.
Талантты адамдар күресуге, қорғануға қабілетсіз. Олардың кеудесі жан-жақтан сілтенген «жұдырықтардан» қорғана алмайды. Олардың бар сенімі де, қорғаушысы да біреу-ақ, ол – өзінің шығармасы. Олар шығармасына сенеді. Өлмес, өшпес шығарма жазғандарына сенеді. Бірақ ол үшін уақыт керек. Тіпті кейбіреулеріне ғасырлар қажет болады. «Степанчиково селосы және оның тұрғындары» деген повесін басы В.Белинский боп, бүкіл орыс әдеби сыны Ф.Достоевскийді өлтіре сынап жатқанда, ол күйінгеннен: «Сынасаңдар сынай беріңдер. Бірақ уақыт өте келе осы повестен бүкіл орыс әдебиеті мақтаныш тұтатын құрығанда он бес бет табылады», – деп жауап беріп еді. Оның айтқанының дәл келгенін уақыт пен тарих дәлелдеп берді.
Гоголь де, Чехов та, Островский де («Найзағай») дәл осындай күйді бастан кешірді. Уақыт өтті, түсінбеушілік пен әділетсіздік әлдеқашан артта қалды, шығармалардың айналасы ластықтан тазарып, қастықтан да, ластықтан да таза бейтарап заман келіп жетті. Ұлы шығармалар тарих сөресінен өзіне лайықты орындарына жайғасты.
Бүгінгі заманның драматургияға бет бұрмақ болған жастары өткеннен нені үйренулері керек?
1.Өз қабілетіңді анықтап алу;
2.Өз шығармаларыңа сын көзбен қарай білу;
3.Өзгенің сынына төзімділік;
4.Өз шығармаңды бөтен адам боп оқи білу;
5.Бал арасындай тынымсыз еңбек ету;
6.Оқу, оқу және оқу;
7.Ұлттық пен адами болмыстарды қабыстыра білу.
Гогольден прозаиктердің де, драматургтердің де үйренері көп. «Үйлену» – үйрену мекетебі десе де болады. «Ревизорда» да, «Үйленуде» де Гоголь режиссер мен актерға түсінікті болу үшін, әр образға мінездеме жазып шықты. Әр драматургтың көкейінде өз режиссурасы болады. Гоголь де, Чехов та, барлық драматург өз пьесасын сахнада өзінше көреді. Ол шығарма сахнаға шыққанда авторлардың театрмен келіспей жататыны сондықтан: театр режиссурасы мен автор режиссурасы бір жерден шықпады.
Келіспеушіліктің басы содан басталады. Актерлердің сыртқы тұлғасы да, сөйлеу мәнері де, тіпті бойы мен киім киісі де автордың елестеткен актерына сәйкес келмеді. Гоголь сондықтан да әр кейіпкерінің жасын, түр-сипатын, салмағына дейін тәптіштеп жазып беруден жалықпаған. Өкінішке қарай, ол сипаттамалардың бір де бірі қойылым кезінде жүзеге аспады. Ең атақты актер Сосницкий де (Кочкарев), Щепкин де (Подколесин) шығарманың рухын түсінбегендіктен образдарын ойдағыдай шығара алмады. В.Г.Белинский спектакльді көріп бола салып В.П.Боткинге былай деп хат жазады: «Мен жаңа ғана театрдан келдім. «Үйлену» омақаса құлады, мазаққа айналды. Сосницкий (ол Кочкаревты ойнаған болатын) рөлін мүлде түсінбепті. Ал Сосницкая (қалыңдық) тамаша өнер көрсетті. Подколесинді ойнаған Мартынов біршама көңілден шықты. Ал қалғандары мүлде сылбыр, мылжың боп көрінді. Мынадай спектакльден кейін Гогольдің жаулары үлкен той жасайтын шығар».
Белинскийдің айтқанындай-ақ, «Үйлену» комедиясы үлкен сәтсіздікке ұшыраған соң реакцияшыл сыншылар бірінен соң бірі дуылдай көтерілді.
«...Ни завязки, ни развязки, ни характеров, ни острот, ни даже веселости – и это комедия!», – деп жазды «Северная пчела» журналы. Ал «Репертуар және Пантеон» журналы болса кекесін мен мысқылға толы мақала жариялады. «Комедия болу үшін күлкі керек, уытты шындық керек. Ал «Үйленуде» ол да жоқ, бұл да жоқ, тек шашыраңқы көріністер ғана бар», – деп пьесаны мүлде жоққа шығарды.
Бұл кезде Гогольдің атақты «Өлі жандар» романы баспадан шығып жатыр еді.
Өзіңе сену, қиянатқа мойымау, барлық әділетсіздік атаулыға ішкі шығармашылық қуатты әлеуетіңді қарсы қоя білуде Гогольдің темірдей төзімділігі де төтеп бере алмады.
Ол жүйке ауруына шалдықты.
Орыстың ұлы жазушысы әрі драматургі Н.В.Гоголь кәсіби театр сынының да негізін салушылардың бірі болды. Россияда неміс, итальян, француз театрлары қаптап жүрген кезінде орыс журналдарында («Русская старина») ерекше екі мақала жарық көрді. Оның бірі орыстың тұңғыш операсы «Иван Сусанин» (алғашқы аты – «Жизнь за царя» – І Николай қойған аты) жайлы болса, екінші мақала орыс драма театры жайлы болатын. Жұртшылықтың көңіл көтеруі үшін сахна біткенді келімсек, дүбара театр труппаларының ұсақ мелодрамалары мен арзан водевильдері жаулап алған кез еді. Мақала авторы осы бағыттағы арзанқол, сайқымазақ театрлар қойылымдарына үзілді-кесілді қарсы шығып, оларды өткір сынға алды. «Бұлардың бәрі не неміс, не француз емес, дүбәра біреулер. Олардың физиономияларында не ой жоқ, не жігер жоқ, не кісі сүйсінер тартымдылық та жоқ сүреңсіз біреулер. Сахнадан азусыз кетік драматургия мен «тозығы жеткен ескі беттерді» ығыстырып шығаратын кезіміз келді. Оның орнын орыс мінезімен алмастыратын уақыт жетті. Өзімізге өзімізді қайтарып беріңіздер, күлкі керек болса, өзімізде де неше түрлі әумесерлер мен кеңкелестер толып жатыр. Сахнаға өз кещелеріміз бен өз есерсоқтарымызды шығарайық. Біреуге емес, өзімізге күлейік!», – деп ызалана жазды.
Орыс сахнасының үш жүз жылдық тарихы бар деп есептелгенімен, оның жүз елу жылын келімсектер театры иемденіп келсе, оларды ығыстырып шығаруы үшін ұлттық драматургия қажет еді. А.П.Сумараковтың ең алғашқы «пьесасы», «Хорев» сахнаға шыққанда: «Біз де ұлт болдық!», – деп алақайлап қуанған орыс қауымы ол жазған үш-төрт пьесамен «Хорев», «Гамлет», «Мстислав», «Әулекі Дмитрий» (1747-1771 жылдар аралығында) театр өнері алысқа бара алмайтынын түсінді. Гогольдің осы мақаласынан соң орыс жазушылары «драматургия» деген таныс-бейтаныс жанрды игеруге жаппай кірісіп кетті. Гоголь мен Пушкин заманында бұл жанрда қалам тартпаған ақын-жазушы жоқтың қасы. Тіпті ауыр денесін диваннан әрең көтеріп, ас үйге әрең жететін «ауыр салмақты» И.Крыловтың өзі де «Қыздарға сабақ» деп аталатын пьесасын театрға ұсына бастады. Сонымен, әлем әдебиетінің алтын қорына қосылатын «Өлі жандар» романын, «Тарас Бульба», «Мұрын», «Нева даңғылы», «Шекпен», «Диканька маңындағы хутордағы кештер», «Сорочинский жәрмеңкесі», т.б. сияқты өлмес шығармалар жазған Гоголь орыс сахнасын орыстың өзіне қайтарып беруде де баға жетпес еңбек етіп кетті. «Өзімізге өзіміз күлейік» деп ұран тастаған Гоголь «Ревизоры» мен «Үйлену» комедиялары арқылы «орыс күлкісінің атасы» атанып, сыртқы жау-ларымен ғана емес, өзімен-өзі арпалысып жүріп, 1852 жылы небәрі 43 жасында дүниеден өтті. Гоголь шығармаларындағы өткір сын мен сатира сүйектеріне әбден сіңіп қалған болса керек, билеуші топ жазушы қайтыс болған соң да оны кешіре алмады. Оның өлімі жайлы некролог та бергізбеді, тіпті оның атын атауға да тыйым салды. Билік тиым салды екен деп халық үнсіз қала алмады. «Бұл қалай? Гоголь өлді, баспа беттерінде ол жайында бір ауыз хабар берілмеді, ол күллі орыс рухының, орыс әдебиетінің қайталанбас ұлы тұлғасы емес пе еді! Баспа бетінде оның атын атамауға бұйрық берген кім? Патша ма, оның бер жағындағы шаш ал десе, бас алатын жандайшаптары ма? Оның атын атамауға шешім қабылдай отырып, Ресей билігі өзінің әлсіздігін, тоғышарлығын, соқырлығын дәлелдей түспей ме? Ұят! Масқара!», – деп наразылық білдірушілердің сөзі әр жерден естіле бастады. Бұл жөнінде И.С.Тургенев былай деп еске алады: «Петербургтен хат» деп аталатын кітап көлемінің бір бетіндей Гогольдің өлімі жайлы жазылған мақаламды ешқандай баспа орындары қабылдамады. Мақаламды берген баспа басшысымен көшеде кездесіп қалып, «Бұл қалай болғаны?» деп сұрап едім, ол: «Ауа райы солай болып тұр» деп жүре жауап берді. «Мақаланың ешқандай да зілі жоқ еді ғой» деген сөзіме: «Зілі бар ма, жоқ па, мәселе онда емес, мәселе Гогольдің есімін еш жерде атамау жөнінде жоғарыдан жарлық бар». Осының артынша мен Мәскеудегі бір танысымнан ызалы хат алдым. «Бұл деген масқара ғой! Гоголь өлді, ештеңе болмағандай бәріміз жым-жырт жатырмыз. Сіздерде ар-ұят деген бар ма?!», – деп жазыпты ол күйініп. Мен ол танысыма мәселенің мән-жайын айтып, еш жерде басылмаған мақаламды салып жібердім. Ол болса мақаланы алған бетте алып-ұшып, сол кездегі Мәскеу округінің басшысы генерал Назимовқа жетіп барып, барлық жағдайды егжей-текжейлі түсіндіріп шыққан соң, ол «үлкен ерлік» жасап, мақаланың «Московские ведомости» журналында жарық көруіне рұқсат беріпті. Мақала журнал бетінде жарияланған соң, цензорлық ережені бұзып, заңға бағынбағаны үшін жандармерия мені бір айға бөлімшеге қамап, қалған уақытты өтеу үшін үш айға алыс деревняға жер аударды».
Өз заманындағы тоғышар қауымның қарсылығы мен сәті түсе қалса өзін арадай талауға дайын тұрған орыс сынының бағыт-бағдарына қарап, шығармаларының келесі ұрпаққа жетер-жетпесін де біле алмаған ұлы жазушы Пушкиннің: «Черт догодал, с таким талантом и умом родиться мне в России» деген сөзін қайта-қайта еске алып, әлі бітпеген шығармаларын түгелдей өртеп жіберіп, өкінішпен өмірден өтті де кетті.
Чехов та, Гоголь де 43 жасында дүниеден өтіпті. Ал біздер бұл жасымызда жас жазушы атанып жүр едік...