Шәмші Қалдаяқовқа – 95 жыл: Өнерге жаңалық енгізген дара тұлға
...Не істесек те бір-бірімізге адал болдық. Ол інілік жолын білетін. Мен ағалық жолымды сақтадым.Менің әндеріме ғашық еді. Мен де оның вальстеріне іңкәр көңілімді айтып жеткізе алмайтынмын.
...Шәмшідей таңғажайып вальс тудыра алмай, жетпістен асып барамын. Маңдайға жазғаннан басқа ештеңе жоқ. Барына шүкір!
Нұрғиса ТІЛЕНДИЕВ
Шәмшінің бұлқынған жүрегі тұнған музыка. Оның әндерінің басым бөлігі вальс ырғағында болғанымен, ұлттық нәрін сақтап, халық әуендерімен үндесіп жатқандықтан бәрін бірдей баурап алатын қабілетке ие. Ел президенті айтқандай: «Шәмші – ұлт руханиятында ерекше орны бар аса көрнекті тұлға. Оның әндері ешқашан да құндылығын жоймайды».
Бүкіл исі қазақ жұртына Шәмші Қалдаяқов деген атпен мәшһүр болып,халқына әннен әсем мүсін құйған тамаша талант иесі өте бауырмал болған. Оны біз қарындасы Райхан Қалдаяқованың мына бір естелігінен байқадық: «Аға өте бауырмал және жаны нәзік болатын. Бізді ерекше ілтипатпен еркелететін. Өмірінің соңғы жылдарында маған көп келуші еді. Жолдасым ерте қайтқан соң балаларыма қарайласқан да осы ағам еді. Мен ағамды Отырар ауданының дүбірлі тойы болардың алдын көрдім.Ол 1992 жыл тұғын. Ағам көзі тірісінде мына бір әнімді радио, ал мына әнімді телеарна шығармай отыр, деп қапаланатын. Сонда, анамның көрегенділігін айтамын, балам, қамықпа, сенің әніңді әлі тұтас халық құлшына тыңдайтын болады деген еді. Қазір анамның айтқаны орындалды. Шүкір, шүкір!».
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Шәмші мұрасы жандана түсті. Елбасының жарлығымен оған«Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы (1991 ж.) берілсе, екінші Жарлығымен композитордың «Менің Қазақстаным» шығармасы Әнұранға (2006 ж.) айналды, ал үшінші Жарлығымен Шәмші Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2010 ж.) атанды. Қазақ халқының музыка өнерін дамытудағы айрықша еңбегі үшін композитор Шәмші Қалдаяқовқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды (2022 ж.). Ш.Қалдаяқовтың шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында байқаулар мен фестивальдер ұйымдастырыла бастады.
1992 жылы композитор өмірден өткеннен кейін Ш.Қалдаяқов атындағы алғашқы фестиваль өтті. Оның жеңімпазы бүгінде Ш.Қалдаяқов атындағы филармония мақтанышы, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Шойынбаев Құрманбай Әлтайұлы болды.
Дара дарын иесі Шәмшінің туған жері Шәуілдірге, облыс орталығы Шымкентке ескерткіштері қойылып, мұражайларын ашу мемлекеттік дәрежеде қолға алынды.
Шырайлы Шымқалада Ш.Қалдаяқов атындағы саябақ ашылып, кезінде оның өзі жұмыс істеген филармонияға, Алматы, Астана, Шымкент секілді үлкен шаһарлардағы көшелерге есімі берілді. Туған ауылы - бұрынғы «Темір» кеңшары - «Шәмші ауылы» деп аталды. Ал Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында Ш.Қалдаяқов атындағы ауыл бар.
Саз атаулының ішіндегі Шәмші әуендерінің орны бөлек. Алпыс екі тамырыңды қуалай ағып, тұла бойыңды шымырлатады, елітіп, бір сәт бақытқа кенелтіп, жан рахатына бөлейді. Ән падишасы атануы да, сондықтан шығар.
Ән еркесінің, ерекше рух беретін бір ғана«Менің Қазақстаным» әні бүтін бір ұлттың айнасы. Тарихи деректерге жүгінсек, «Менің Қазақстаным» әнінің алғашқы нұсқасы 1956 жылы жарық көрген.Ағымдағы жылы әннің жазылғанына 69 жыл толып отыр. Ән дүниеге келгенде Шәмші 25 жаста, ал, сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов 21 жаста болған. Алғаш рет Шәмшінің шығармашылық жолына оң серпіліс енгізген Жамал Омарованың орындауында халық арасына лезде тараған.
Мемлекеттік Әнұранның авторы, көрнекті композитордың есімімен аталатын Түркістан облыстық Ш.Қалдаяқов атындағы филармониясының Шәмші мұрасын насихаттаудағы орны бөлек.
Ағымдағы жылы филармонияға 62 жыл толып отыр. Ал, мекемеге Шәмші Қалдаяқов есімі 1996 жылы берілді.Міне, сол кезеңнен бері Шәмші мұрасы кеңінен насихатталуда. Филармонияның 60 жылдық мерейтойы қарсаңында «Шәмші Қалдаяқов» мерекелік медалін жасалып,әдебиет пен өнер саласында Шәмшінің мұрасын дәріптеуде деңгейі жоғары жұмыс атқарғаны үшін бірқатар майталмандарға тарту етілді.Сондай-ақ, ән-падишасының «Ерлердің – Отаны», «Жанерке»,«Талдықорған – әнім менің» сынды жарияланбаған әндері мекеме ықпалыменжарыққа шықты.
Биыл өздеріңізге мәлім ән падишасына 95 жыл. Осыған орай, филармония ұжымы 23 жылдық тарихы бар «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен жанды дауыста «Ән аға-Жан аға» атты концерттік жобасын әзірлеп, Шымкент, Түркістан, Алматы, Қызылорда қаласының тұрғындарының ыстық ықыласына бөленді.
Шәмшінің өмірі мен шығармаышлығы және филармонияның құрылуы мен қалыптасуы, жүріп өткен сара жолы баяндалған «Өнері өрге шалқыған орда» атты жинағы жарық көрді.
Сонымен қатар, қараша айының 24-28 жұлдызы күндері ҚР Мемлекеттік Әнұранның авторы, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері ұлы композитордың шығармашылығын насихаттау апталығы өтті. Апталықтың алғашқы күні ән еркесі мәңгілік мекеніне аттанған Кеңсай мазарына барып, құран бағыштаумен басталды.Шәмшінің қолданған бұйымдары, құрал-саймандары сақтаулы тұрған Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәмші ауылында орналасқан мұражайдағы жәдігерлермен танысу үшін Түркістан қаласындағы Ақжайық музыка мектебінің өнерлі шәкірттерімен экскурсия ұйымдастырылды.
Шәмші көзі тірісінде, «Халқым барда, менің әндерім тыңдаушысыз қалмақ емес», деген. Апталық шеңберіндеШәмші мұрасын халық арасында кеңінен дәріптеп жүрген республикаға танымал тұлғаларменкомпозиторды еске алуға арналған дөңгелек үстел өтті.
Жиынға қатысқан Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысыҚойлыбаев Әзімхан Серікұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, Шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі, ҚР мәдениет қайраткері,Әйелдер алқасының төрайымы Мұстафаева Ұлжан Әбенқызы, Еңбек ардагері,ҚР Мәдениет қайраткері Әлжанов Тәліп Құланбайұлы,ҚР Мәдениет қайраткері, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты,өнертану ғылымының доценты,профессор,әнші-композитор Елеуов Сауранбек Еркінбекұлы,«Шәмші» деректі фильмінің режиссері Тілеген Ахмет Мүсілімұлы сынды зиялы қауым өкілдері Шәмшінің 100 жылдығын ӨНЕСКО көлемінде тойлануына ықпал ету мақсатында жұмыстардың алғышарттарын ортаға салды.
Бізде ұлылардан қалған ұлаған көп. Ғабит Мүсірепов: «Әдебиет мен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алмайды»,- дейді. Өнер ұғымының өркендеуіне үлес қосқан Шәмшідей тұлғаларды саф күйінде келешек ұрпаққа аманаттау баршамызға ортақ парыз. Бұл бағытта 60 жылдан астам тарихы бар Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясы алдағы уақытта да өркендеп, адамилыққа үндейтін ұлттық музыканы асқақтатып Шәмші мұрасын жаңғырта берері анық.
Ғалымжан ЕРНАЗАРОВ,
Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония директоры