«КҮН ҚАЙДА АСЫҒАДЫ?!»: Шымкентте М.Мақатаевтың 95 жылдығы атап өтілді

Мәңгілікке өзіммен ала кеткен, Менің нәзік жанымды кім түсінер?!.

Mar 2, 2026 - 18:00
 3
«КҮН ҚАЙДА АСЫҒАДЫ?!»: Шымкентте М.Мақатаевтың 95 жылдығы атап өтілді

9 ақпанда Хантәңірінің Мұзбалағы атанған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Шымкентте «Күн қайда асығады?» атты әсерлі әдеби-сазды кеш өтті. Аталған кеш «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен, «Мархабат» журналының және Шымкенттегі қалам ұстаған, әдебиетсүйер, өнерсүйер бір шоғыр жастардың ұйымдастыруымен іске асты.
Кеш шымылдығы әсерлі бейнероликпен түріліп, ақынның жалпытақырыптық өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндері шырқалды. Бағдарламаның негізгі арқауы
«Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер?!», – деп жырлаған ақынның лирикалық өлеңдері мен әндері болды.
Кеш соңында ашық микрофон жарияланып, көрермендер өлең оқып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
«Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібай өз сөзінде классик жазушы Мархабат Байғұт көзі тірісінде оңтүстіктегі қаламгер жастардың оның төңірегіне топтасып, шығармашылық орта қалыптастырғанын атап өтті. Енді сол дәстүр жазушының атымен аталған «Мархабат» журналының айналасында жалғасуы тиіс екенін де жеткізді. Расында, Шымкентте әдебиет пен өнерді қадірлейтін жастардың басын қосатын тұрақты мәдени ортаның болуы – уақыт талабы.


Аталған кешке Бекзат Сәкенұлы, Жәудір Нартай, Айнұр Назарбекова, Саят Сұлтанбек, Арайлым Мұратәлиева, Аида Өтеп, Иса Шаншар, Жамал Жүрсінбек, Санат Пазыл, Айдос Мәлік, Аружан Яхуда, Нұрасыл Сералиев, Қанат Жолдасбек, Мұхтархан Исах, Даниял Таңатар сынды т.б. әдебиет сүйер, өнерлі жастар қатысты. Айта кетейік, бұл бір науқандық шара ғана емес, алда жиі-жиі бас қосып отыратын әдеби-мәдени ортаның іргетасын қалау десек болады. Әрине, Мархабат журналы бұған дейін талай іс-шаралар өткізді, талай жиынның басы-қасында жүрді. Ал алдағы уақытта бұл бастамалар жүйелі түрде жалғасып, тұрақты шығармашылық алаңға айналары сөзсіз.
Сонымен қатар, қатысушылардың барлығы «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің алғыс хатымен марапатталып, «Мархабат» журналының бір жылдық жазылым сертификатына ие болды. Аталған сертификат «Ашық микрафонға» шығып, үздік шыққан көрермендерге де табысталды.

Сезім МЕРГЕНБАЙ