Керімбек Кадырахунов: Жазушының 80 жылдығы – түркі халықтарына ортақ мереке

Жазушының 80 жылдық мерейтойы – қазақтың ғана емес, қырғыздың, жалпы түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетінің мерекесі...

Jun 3, 2025 - 21:16
 12
Керімбек Кадырахунов: Жазушының 80 жылдығы – түркі халықтарына ортақ мереке

Құрметті бүгінгі «Мақамы бөлек Мархабат Байғұт» атты халықаралық симпозиумның қатысушылары, бәріңізді өтіп жатқан Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!
Ұлттың салт-дәстүрі мен құндылықтарын көзінің қарашығындай қорғап, мәңгілік есте қалатын тұлғаларға құрмет көрсетіп, тағзым ету – ұлы халыққа тән салт, бүгінгі және келешек ұрпаққа өнеге. Осы мақсатта бүгін мерейтойын атап өтіп жатқан Мархабат Байғұт – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, тілін, ділін сақтаған, көркем сөздің қадірін білетін елдің мақтанышына айналғаны дәлелденіп отыр. 
Ойшыл жазушының жазып қалдырған дүниелері бүгінгі күнде жалпы халықтың құнды әдеби мұрасына айналды. Сондықтан жазушының 80 жылдық мерейтойы – қазақтың ғана емес, қырғыздың, жалпы түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетінің мерекесі екенін осы симпозиумға бауырлас ұлт зиялыларының қатысып отырғанынан-ақ мақтанышпен айтуға болады. 
Әдеби мұра қай уақытта да жаңарып, толығып отырады емес пе? Сол секілді бүгінгі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі – Мархабат Байғұттың да шығармашылығының көп қырлы сипаты, жазушылық таланты, шеберлігі, ерекше дүниетанымына маңызды мән беретін оқырмандардың, жазушылардың, әдебиетшілердің, ғылыми қызметкерлердің пікірлері мен шығармашылығын зерттеудегі еңбектерінің тізімі күн сайын жаңарып, толықтырылып отыратын болады.
Жазушы Мархабат Байғұттың негізгі ерекшелігі – ауыл жерінің қасиетін, кейіпкерлерінің мінез-құлқын, жан дүниесіне ерекше тәсілмен ой жүгіртіп, жазушылық шеберлікпен суреттей алуы. Шын мәнінде, даңқты қазақ ұлттық әдебиетінің ұлы буындарының көрнекті өкілдері әлемге танымал шығармаларындағы жетістіктерінің бастауын ауылдық мінезден тапқан. Жазушының шығармалары оқырмандардың ой-санасына ерекше әсер етіп, ішкі динамикасын оятумен қатар, өмірдің мәні мен қасиетін, шынайы шабытпен үйлесімді түрде суреттейтіндігімен сендіреді. Оқырман ретінде шығармаларының мән-маңызына үңіліп қарасаңыз, айтылған сөздер, қозғалған ой-толғаулар, философиялық түйіндер бүгінгі күннің қажеттілігіне сай келеді. Жазушының шығармалары халықты, жерді, табиғатты сүйе отырып, ауылдың тұрмыс-тіршілігін көрсетуі – әлемдік әдеби шығармалардың үздік үлгілерімен терезесі тең десе болады.
Және бір атап өтетін маңызды мәселе – қазақ-қырғыз әдеби байланысының қалыптасуы өткен ғасырдан бері жалғасып келеді. Бұл тек көркем шығармалардың аудармасымен шектелмей, әдебиеттанушы ғалымдар мен мамандар тарапынан қазақ-қырғыз әдебиетін зерттеген көптеген ғылыми еңбектер де жазылды. 
Ғылыми бағыттағы әдеби зерттеулерден бөлек, ұлы дәуірдің көрнекті жазушыларының аударма саласында қалдырған ізімен қазақ әдеби шығармалары қазіргі таңда да қырғыз тіліне аударылып, мәні мен маңызы жоғары, заман талабына сай әдеби туындылар ретінде қырғыз оқырмандарының қызығушылығын арттыруда.
Құрметті бүгінгі әдеби шараның қатысушылары, әр дәуірдің өзіне тән мәселелері болатыны сияқты, біз мерейтойын атап өтіп жатқан талантты жазушымыз Мархабат Байғұттың шығармалары қырғыз оқырмандарына толық көлемде аударылып, жетпей келе жатқаны өте өкінішті. Жазушының шығармаларында оқиғалар, тағдырлар, тұрмыс-тіршілік, кейіпкерлердің мінез-құлқы мен күрделі өмірі ауыл өңірінде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен бейнеленгенімен, қырғыз оқырмандарының жан дүниесіне жақын көркем сөздің қуаты арқылы ауылдың таныс тіршілігінің шындығын беріп, әсер етері сөзсіз. 
Мархабат Байғұттың шығармаларын қадірлеушілердің саны өсіп келеді. Сондықтан жазушы шығармаларын қырғыз тіліне аудару мәселесін бүгіннен бастап бауырлас екі халықтың әдеби қауымдастығы қолға алуы керектігін баса атап өткім келеді.
    Сөзімді Ұлы Абайдың:
«Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,
Өлмей-тұғын артында сөз қалдырған», -
деген терең философиялық тармағымен түйіндесем. Өлмейтұғын артына сөз қалдырған заңғар жаузшы Мархабат Байғұттың туғанына 80 жылдық мерейтойы тағы да құтты болсын! 

    Қадірлі оқырман, жоғарыда аталған симпозиумға еліміздің әр өңірінен, түркі елдерінен мүйізі қарағайдай қаламгер, ғалым, зиялылар жиналғандықтан, сүбелі сұхбаттар алынып, жүрек елжіретер естеліктер айтылып, баяндамалар оқылды. Алдағы беттерден Мархабат Байғұт шығармашылығын қал-қадірінше зерттеп-зер-делеген баяндамашылардың еңбектерін оқи аласыз.