Бағдат Қалаубай. Адамның тәні өлгенімен, жаны өлмейді
Иә, Нармахан көкем айтқандай «Мархабат өлген жоқ!»...

(Нәсіреддин Сералиев пен Мархабат Байғұт туралы)
1. Жазушының есімін еске салдық
Біз пақырыңыз жинақтаған азды-көпті қағаз қатырмаларымның арасында жүрегіме өте жақын ақын-жазушыларға арналған үш-төрт бума бар. Соның екеуінің біріншісі туғанына биыл 95 жыл толатын Нәсіреддин Сералиевке, келесісі туғанына 80 жыл толған қазақ елі дүркіретіп атап өткен, әлі жалғасып жатқан Мархабат Байғұтқа арналған. Жетпіс-сексенінші жылдары көрінген бір шоғыр талантты ақын-жазушылардың жетекшісі де, қамқоршысы да, ағасы да, тіпті бауырындай санаған Нәсір аға Сералиев болғандығын сол алғы буынның екісінің бірі айтады. Солардың арасында ерекшелеу жақын тартқан інісінің бірі Мархабат Байғұт десем қате тұжырым жасамаспын. Осы пікіріме дәлелді ақиқаттың бірі ретінде төмендегі әпсананы айтамын. Жазушы Нәсіреддин Сералиевтің 50 жылдығы қарсаңында туған күні мен айының дәлдігі керек бопты жоғары жақтағыларға. Оның үстіне, сол 1980 жылы КСРО дейтін мемлекетіңізде паспорт ауысып та жатқан еді. Сонда туған жылы бар, туылған күні мен айы жазылмаған паспортына қарап тұрған Нәсір аға:
– Мархабат, сенің туған күнің мен айың қандай?, – дейді.
– Жиырма бесінші октябрь ғой, Нәсір аға, – депті Махаң.
– Е, онда меніңкі де солай болсын, – деген байламын жасаған Нәсір көкеміз туған күні мен айын інісініңкіндей етіп белгілетіп алады. Бұл ағаның ініге деген кәусар пейілі ғой. Сөйткен Нәсір ағаның көркем мінезін жете білетіндер жаны жайсаң жаздай еді деседі. Соған қарағанда ол кісі ызғарлы күзде де, қытымыр қыста да, кейде ұнамсыз жылауықтау көктемде де емес, жердің сызы қалмайтын жазғытұрымда туған шығар-ау деп те топшылап қоямыз. Ал Мархабат аға кейін архивтен өзінің туған күні күзде емес, көктемнің мамыр айында екенін анықтапты. Бүкіл ұлтымызға қасірет әкелген отызыншы жылдары дүниеге келген Нәсіреддин Сералиевтің туған күні, айы архивте де сақталмаған да, сірәсі. Сондықтан да оны іздетіп әуреге түскенше бауырмал інімнің есінде жүрсін деп, Мархабат інісінің туған күнін қабыл еткен-ау ағасы. Мен Нәсіреддин Сералиевтің 75 жылдығына арнаған еске алу мақаламда бұл жағдайды жазғанмын. Бірақ газетте жарияланғанда осы тұсын қысқартып жіберіпті. Сірә, сеніңкіремеген. Ал, жазушы ағалардың бұл туған күні мен айы туралы дәйекті Мархабат ағаның өзі әңгімелеген еді Нәсір көкеміз туралы сөз болып қалғанда. «Нәсіреддин Сералиев – жалпақ жұртқа, кітапқа қалтқысыз берілген оқырман қауымға кеңінен танылған, шын мәніндегі үлкен жазушы, бақытты суреткер. Бүгінде оның қаламынан туған қай дүниені алсаңыз да, мұқият шұқшия оқып көрсеңіз де жазушының әдебиетке деген адалдығына көзіңіз анық жетеді», – дейді Нәсір ағасының 60 жылдығына арнап жазған еске салу мақаласында Махаң. (Оңтүстік Қазақстан», №205, 25 қазан, 1990 жыл). Ендігі екі-үш сөзімізді Мархабат аға мақтаған жазушы Нәсіреддин Сералиевтің өзімізге қатысты жан қуатын сыйлаған қамқорлығына байланысты өрбітпекшіміз.
Жаңалық атаулыдан қашық, Қаратаудың етегін ала қоныстанған ауыл клубының сахнасында өнерлеріне тамсандырған әртістер мен әншілер үйімізге қона жататындағы, ал ақын-жазушы деген ерекше жаратылыстарды көрмей өстік. Сондықтан да жазушы мен журналистің парқын пайымдай білмеген біз үшін газет-журналда қызмет істейтін, мақалалары баспасөзде жарияланып жататын қалам ұстағандардың өзін кереметке есептейтінбіз. Оның үстіне ақын-жазушы дегдарларыңызды тек Алматыда тұратынға жоритын және солай ұғынатын бізге кітап жазатын ақын-жазушыларыңыз қол жетпейтін армандай болатын. Кейін Шымкенттегі пединститутқа түскенде осы қаланы Нәсіреддин Сералиев есімді жазушы мекендейтінін естігенде «ойпырмай, ә» деңкіреп, облыста да бір-екі жазушы өмір сүретіндігіне таңданыңқырай ой шашыратып қана қойғанбыз. Бірде сол кездегі «Знание» аталатын кітап магазинінен Нәсіреддин Сералиевтің «Қаңтар» деген кітабын сатып алдым. Оқыдым. Ұнады. Пікір жазғым келді. Жаздым. Бірақ ақылдасқан ұстазым ірі жазушылар туралы әуреле қаламыңды деген соң, көңілім басылып, қайтып пікір жазуды ада-гүде қойып кеттім. Институтты аяқтап, ауылда мұғалім болып жүргенімде совхоз орталығындағы кітап магазинінен (қазір ауыл округі түгілі аудан орталықтарында кітап сататын дүкен тұрмақ дүңгіршек те жоқ. Ал облыс орталықтарында да саусақпен санарлық қана. Өте өкінішті.) Нәсіреддин Сералиевтің «Зеңгір аспан» деген повестер мен әңгімелер жинағын сатып алдым. Өте ұнады. Пікірімді жазып, облыстық газетке жөнелттім. Содан «Оңтүстік Қазақстан» жазда жолдаған рецензиямды ұзатып барып күзде жариялапты. Одан әрісінде сол кездегі үлкен мереке Ұлы Октябрь социалистк революциясының күні 7 ноябрь қарсаңында «Бағдат! Ұлы мерекемен! Мереке шапағатына бөленіп, творчестволық табысқа жете беруіңе тілектеспін! Рецензияңа рахмет! Хабарласып тұр. Сәлеммен Нәсіреддин», – деген ашық хат келіп тұр поштаға. Мен үшін ең бір қастерлі дүниеме айналған бұл ашық хат жазушы аталатын құрметті адамнан алған бірінші қолтаңбам еді. Содан маған сенім көрсетіп 1977 жылы «Жазушы» және «Жалын» баспаларынан жарық көрген облыстың ақын-жазушыларының шығармалары бойынша әдеби жыл қорытындысында баяндама жасатып, жас сыншы атана бастадым. Жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесіне келген шақыртуды «мұның сабағын кім өтеді» деген сылтаумен жасырып қалған оқу ісінің меңгерушісінің іштарлығынан бара алмай қалдым. Кейін Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстарының ақын-жазушылары бас қосқан Жамбыл қаласындағы аймақтық семинарға қатысып, Алматыдан Жазушылар одағынан келген Фариза Оңғарсынова, Асқар Сүлейменов, Рамазан Тоқтаров, Жарасқан Әбдірашов сынды тағы да басқа қаламгерлермен дидарласып, көркем әдебиет туралы көңіл көкжиегім кеңейгендей еді. Ол кезде «Лениншіл жас» газетінде «Жазушы портреті» айдарымен ақын-жазушыларға арналған мақалалар жарияланып тұратын. Бірде Нәсір ағадан «Мархабат Байғұтовпен бірге өзінің шығармашылығы туралы мақала жазып «Лениншіл жасқа» әзірлесең қайтеді. Мархабат ағаңның газет жұмысынан қолы тие бермейді. Сен өз ойыңды қағазға түсіріп әкеліп Мархабатқа жолық, пікірлесіп көр» деген мазмұнда хат келді ауылдағы маған. Содан жазғандарымды арқаланып келдім «Оңтүстікке». Таныстым Махаңмен. Ол кісі қарсысында отырған кісіні: «Жазушы Зейілбек Өмірбеков ағаң», – деп таныстырды да одан әрі менің шимайларымды парақтап: «О, мына Бағдат Нәкеңнің нағыз зерттеушісі екен», – деген көтеріңкі пікір айтты. Біраз-біраз сөйлестік-ау. Бірақ олқылы-толқылы көңіл күйде отырған менің есімде содан өззге ештеңе қалмапты. Жазғандарымды Махаңа тапсырып, ауылға қайттым. Алаң көңілмен пошташы жеткізген газеттердің арасынан әуелі «Лениншіл жасты» ашамын. Ештеңе жоқ. Жаз өтіп күз күшіне мінген бір күні «Лениншіл жасты» парақтағанда Нәсір ағаның суреті көзіме оттай басылды. Газеттегі «Жазушы портреті» айдарының төменгі жағында «Шеберлігі шыңдалған» деген тақырып қойылыпты. Дереу мақаланың авторын іздедім. «Мархабат Байғұтов». Оның төменгі қатарында менің аты-жөнім қалқияды «Бағдат Қалаубаев» деп. Бұл 1978 жылдың 19 қазаны күнгі «Лениншіл жастың» 203 нөмірі еді. Бүгінде 80 жасқа толуын оқырман қауым, еліміз кең көлемді (өкініштісі өзінсіз) атап өтіп жатқан Мархабат Байғұттай болашақ классик жазушы ағамызбен биылғы жылы 95 жасқа толатын Нәсір аға Сералиевтің үлкен сенім көрсеткен қолпаштауымен осылай іліктескен едім. Содан бері де 45 жыл өтіп кетіпті. Нәсіреддин Сералиевтің кітаптарына шолу жасап, кейіпкерлері туралы әңгімелеуді жүз жылдығының еншісіне қалдырайынқ. Менің басты мақсатым, Мархабат ағамен тонның ішкі бауындай араласқан, сырласқан, сыйласқан жазушы Нәсір аға Сералиевтің қандай мінезді кісі болғандығын бүгінгі жаңа оқырмандар біле жүрсін деген ой. Осы мақсатпен бірді-екілі әріптестерінің, інілерінің пікірлерін де ұсынынбақпын.
Кентаулық саяқ қаламгер, шеберлігі бір жосын Есқара Тоқтасынұлы Нәсір ағамен он жыл қанаттаса, қатарласа бірге жүріпті. «Жазушы Нәсіреддин аға Сералиев – замандас жадында сырт көзге елеусіз, жүзі әрдайым сәулелі, даусы қоңыр, қимылы баяу, сөзі майын-мөлдір суы жыл он екі ай қатпай ағып жататын мөлдір бұлақтай боп қалды» деп жазушы аға портретін көзіңізге де, көңіліңізге де айқын елестетіп бейнелі сөзбен салады. (Қазақ әдебиеті» газеті, №12, 31 наурыз, 2017 жыл). Ал замандасы болған жазушы Оразбек Сәрсенбаев: «Бүгінгі қазақ әдебиетінде қат-қабат көркем текшелер мен алуан ағыстар бар болса, осының ішінде өзіндік мөлдір, таза ағынымен ерекшеленетін прозашы Нәсіреддин Сералиевтің творчествосы дер едік», – деп бағалайды. («Қазақ әдебиеті» газеті, 9 октябрь, 1981 жыл). «Әдейі еске алу деп емес, кішкентай мақаланың айдарын «еске салу» деп отырыппыз», – деп жазыпты Мархабат Байғұт Нәсіреддин Сералиев ағасына арнаған шағын және жаныңды шымырлатар қолтаңбасында. («Оңтүсік Қазақстан», №105, 6 қараша, 1999 жыл). Біз де солай асыл аға Нәсіреддин Сералыұлының есімін елдің есіне салғымыз келді. Өйткені Шымкент педагогикалық институтында аталып өткен Нәсіреддин Сералиевтің 60 жылдығына қатысты мақала жазған Қуандық Оразбеков («Оңтүстік Қазақстан», №237, 12 желтоқсан 1990 жыл) «Ол тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнату, облыс орталығындағы көшелердің біріне есімін беру мәселелері әлі күнге шешілмей келеді», – деп өкінішті ескертуін жазған екен. Сол мәселе әлі күнге тым-тырыс қалпында-ау дейміз. Өйткені Нәсір аға тұрған қазіргі Қазыбек би мен Төле би көшелерінің қиылысындағы көп қабатты үйдің қабырғасынан ескерткіш тақтаны көрмедік. Ал Нәсіреддин Сералиев атындағы көше барын естімеппіз. Егер бұрынғыны елеусіздеуін алып тастап, өзінің тәуірін қосарлап бұрынғыны өзгертіп жіберетен мына кезенейлі кезеңде қателессек алдын ала кешірім өтінеміз.
2. Алты алаштың жазушысы
«Алты Алаштың жазушысы Мархабат Байғұт», – деп дәлме-дәл өрнектейді Махаңның бауырына тартқан інісіне айналған, қызметте сенімді серігі болған, елуді еңсерсе де жиырма бестің жалыны лапылдаған арқалы ақын, кейде жайдары, кейде адуын мінезді ақын Бақытжан Алдияр. Осы Алдиярдың десе дегеніндей Мархабат ағамыз жұрттың бәрін мазалайтын мәселелерді дүркірете мәністеді (Махаңның қолдануы). Жазушының жанына жақын тағы бір інісі Ғалымжан Елшібайдың сараптауынша көркемдік кестесі бірінен-бірі өткен, мазмұнды құпиясы тереңге кеткен 100-ден астам әңгімесі бар екен («Егемен Қазақстан», 27 қыркүйек, 2023 жыл). Егер өткен ХХ ғасырда қазақ даласының да, қазақ баласының да бастан кешкен сұмдықтары мен қызық-шыжықтарын танып білгіңіз келсе, Мархабат Байғұттың тұңғыш кітабы «Шілдеден» бастап «Бір қалта дипломына» дейінгі аралықтағы шығармаларын оқып шықсаңыз, өткен жүз жылдықтың ғажайыптарына, тарихи сабақтарына қанығасыз. Ал Тәуелсіздігімізді алған ХХ ғасырдың соңғы он жылдығынан ХХІ ғасырдың кейінге сырғыған отыз жылындағы оқиғалардың ортасында өзіңіз де жүргендіктен, біраз нәрсені білесіз, біразынан хабардарсыз. Бірақ түгеліміз көзбен көріп, құлақпен естіген оқиғалардың жазушы қаламынан көркем дүние болып кестелене өрілгенін оқи қалсаңыз, бәріне басқашалау көзқараспен қарап, басқашалау бағалар ма едіңіз? Мәселен Мархабат Байғұттың осы отыз жылдағы уақыт үлесіндегі кейіпкерлер бейнесін бедерлеген шығармаларына көңіл қойсаңыз, өзіңіз өмір сүріп отырған заман тынысын шыли тап басып тани бермегеніңізді, соны білмекке ұмтыла қоймаған енжарлығыңызды еріксіз мойындар едіңіз. Осы ойымыздың арқауы етіп бір ғана «Иттің құқығы» деген әңгімесінен пікір туындатып көрелік. Әңгіме: «Парламенттің депутаты Пормабай Дүниеамаловтың қалайынша халық қалаулысы қатарына қосылғанын баршаңыз білесіздер», – деп басталады. Шынымен де Мәжілістің де, Сенаттың да, тіпті мәслихаттардың кейбір депутаттарын қалай, қайтіп сайлайтынымызды, кімдердің сайланып кететінін де білеміз. Іштей бірдеңенің дұрыс жасалмай жатқанын сезініп те, сезіп те қоятынымыз да бар. Бірақ «Жылқы мінездеріңізден жаңылып, жадыларыңызға дейін жадыланып бара жатқанын мойындағыларыңыз жоқ. Мыңқ етпейсіздер. Біреулеріңіз. Екіншілеріңіз тыржиып теріс айналасыздар. Үшіншілеріңіз мысықсопылана мүлги қаласыздар», – дейді жазушыңыз. Иә, сайлау науқанында мыңқ етпейтініміз рас. Мысықсопыланып қалатындардың қатары, жүдә, қалың шығар-ау.
Жазушы бізбен яғни сайлаушылармен сөйлесе, пікір жарыстыра отырып әңгіме кейіпкері, Парламент депутаты Пормабайдың әрекеттерін ой тезіне салады. Елге есеп беруге келген Пормабай сайлаушылардың ештеңеге таңқалмайтын селқостықтарына қапа болады. Неге бұлардың жаны жаңалыққа құмарланып ұмтылмайды? Неге мен жарнамалаған байтағымызда болып жатқан сан алуан жаңалықтарға таңданудың орнына есінеп, ұйқысырап, немкеттілікпен қалай болса солай бейжай отыра береді деп іштей күйіп-піседі. Осы адамдар үшін қаншама заңдардың қабылданғанын тамсана айтса да немқұрайдылығынан арылмаған сайлаушыларын қалай да таңқалдырауды көңіліне берік ұялатып оралады орталыққа. Келе-сала жаңалық іздейді. Айналасындағыларды, әсіресе, өзінің туған ауылындағы сайлаушыларды таңқалдыру үшін тынымсызданады дейсіз. Қарап отырса бізде жазылмаған заң қалмапты. Оларды қайталаумен ешкімді де таңқалдыра алмайсыз. Содан түрен тимеген заң жасаудың жолын іздейді. Шет ел асады. Жан-жануарлар туралы (адамдар туралы емес, өйткені Дүниеамалотвың елінде адам мәселесін мәністеген заңдар қап-қабымен қабылданып қойғаны өзіне мағлұм ғой). Шет жұрттар қабылдаған заңдарды көмекшілерінің көмегімен аласұра зерттеп, ақыры тыңнан заң жасаудың жолын табады. Сондағы тапқан жаңалыққа толы жап-жаңа заңы «Иттің құқығы туралы» республика заңы деп аталады. Бұл заңның қалай қабылданғанын жазушы: «Мәжілістеріңіз мәттақым мәніспен мәзденген. Сенаттағыларыңыз сылап сипанып сүйіншілеген. Пормабайларыңыз Парламентті таң-тамаша қалдырды. Осылайша», – деп сипаттайды үш сөйлеммен. Осы қысқа-қысқа, бірақ астары ауыр сөйлемдерден Мәжілісімізде, Сенатымызда отырған кейбіреулердің деңгейін аңғарып қоясыздағы, басыңызды еріксіз шайқайсыз. Кімдерді сайлаған мына Өмілдірік ауылы сияқты ауылдардың сайлаушылары деп ренжисіз. Байқамады ма деп. Сөйтсек, олар да жоғары жақта кімдердің отырғанын байқайды екен-ау. Бірақ ондай ішкі терістеу ойларын сездірмей, бастарын шұлғи береді дә. «...Осынау орны бөлек заңда «Иттің иесімен бірге тұру құқығы», «Иттің үйшікке ие болу құқығы» дейтін де баптары бар. Қамтылмаған, қаралмай қалған қалтарысы жоқ заңға «Өмілдірік өңірінің жұртшылығы түк те қуанбапты. Парламентшілеріңіз Пормабай Дүниеамалов өзінің туған өлкесі Өмілдірікте отырып, опына күрсінді. Опырыла уһіледі. Өлердей өкінді. Бұрын неге білмеген? Қалай байқамаған? Енді не болды? Не істемек керек?», – дейді жазушы.
Енді жазушы тағы бір кейіпкер ит атқышпен кездестіреді сізді. Дұрысырақ айтсақ, сізді емес, заңына түк те таңданбаған Өмілдіріктің құпиясын білу үшін аулына арнайы келген Дүниеамаловпен кездестіреді әуелі. Кездескенде ит атқышты Пормабай депутатыңыз өзі іздеп табады. Одан әрі не болды дейсіз ғой. Заң жазушы мен оны қабылдаушылардан да гөрі дәуірінде атақты мерген болған Беріктастың баласы, ауылда ит атып жүрген ит атқыштың ой-сойы біздің зиялы аталатындардың біразынан бөлекшелеу болып шығады. Ит атаулының тәуір тұқымдары әбден құрып, тозғындап кеткен соң қабылданған заңның ешкімге пайдасы жоқтығын, Дүниеамаловтың кешігіп жазғанын бетіне басады әлгі мергеннің баласы. Одан әрі «Ауыл шаруашылығы бөлімінен ит атуға ақша бөлінеді екен. Жүз елу мың теңге» деген әңгімені балалатады оныңыз. Сөйтсе одан «откат» әкеліп беруді яғни он бес пайыздық пара әкеліп беруді талап етіпті мекемеде отырғандар. Бұл сыбайлас жемқорлыққа ит атқыш көнбепті. Ақыры кеңседе отырғандарды жеңіп, он бес пайыздық теңге жанында қалыпты. Ит атқыштың бұл ерлігіне риза боласыз қарап отырып. Бірақ «откатты» бәріміз бірдей дәл солай табандап тұрып бермей қоя алмаймыз ғой. Егер олай ете қалсақ, келесі жылдың тендерінен жеңіліп, екі қолдың жіпсіз байлануынан қорқамыз-ау. Қазір заңды орындауды талап етіп қарсы жүргенше, оны айналып өтіп кетудің жолын тапқан тиімді ме дейміз. Әңгімеге де осы өзіңе тиімді, ал өзгелерге тиімсіз кептің балалап, соған еті әбден үйренген көптің жаңалық дегеніңізге қолды бірақ сілтей салатын селқостығы бастан аяқ арқау болған.
Жоғары жаққта осындай заң жазылды ма, жазылмады ма, ол Мәжілісте, Сенатта қаралып қабылданды ма, жоқ па, жазушының нысаналаған мәселесінің мәнісі онда емес. Әңгімеде айтылмақшы ойдың түйіні басқа тұста. Көзіңізге шалынбағанымен, жүрегіңізді атқақтатып, өкпеңізді қабындатып, сөйтіп ішкі жан дүниеңізді тітіркендіріп, ойыңызды сан-сапалаққа бөлшектейтін, сезім әлеміңізді жан-жаққа дедек қақтыратын көркемдікпен тоқылып, көркемдіктің көмбесімен әдіптеліп әспеттелегн көркем кестенің астарында өрнектеле өрілген сан тарауға тарқататын жазушының стильдік желісінде. Дүниеамалов сияқты жұртыма жақсылық жасаймын десіп, бүгінгі күні біздің байтағымызға, өңірімізге, туған ауылымызға керек ең зәру нәрсе не өзі деген сұрақтың жауаптарын елімізден тыс жақтардан іздеп, тапқанын әкеліп ендіруге әрекеттенгендерімен, халықтың қабылдамай, бекершілікке ұрындырып жатқандығы – бас ауруымызға айналған тұрмыс шындығы. Жаңалық іздеп, оны шет жұртта болса да тауып, сонысымен баршаны таңдандыруға ұмтылған Дүниеамаловтың да мақсатының ұсақталғаны сонша, бізде адамдар үшін қажетті заңның бәрі жазылып бітті. Енді ең ақыры итке дейін қорғансыз болмасын дегенге ниетінің біржола ауғандығы. Бірақ соның өз жұртымызға зәрулігі бар ма, жоқ па деген мәселеге назар аудармастан, басын сонша ауыртып жасаған таңдаулы заңының бекершілікке айналғанын көрген оның екіұдайы сезім қоршауында мысы құрып қала беруі – кейіпкердің, біздің кейбір зиялыларымыздың трагедиясы. Көркем шығарманың шарттылығына негіздеген әңгімесінің соңында бізге, оқырмандарына «...Алакүдіктеніп, кімді кейіптеген, қай қалаулымызды қағындылаған, қандай кезеңдегі Парламентті пайлаған деп күдіктенесіздер. Сөйтесіздер. Сіздер», – дейді жазушы. Шынымен де, біз оқырман көркем дүниеден де «Кімді жазды екен, ә?» деп, астар іздейтініміз, «Мынаусы Пәленшеге ұқсайды, соны қатырыпты, ә!» дегендей сыпсың сөздерді желілете барып-барып басылатынымыз да рас. Көркем әдебиеттің әулиелігі сонда, сол заманның тыныс-тіршілігі, сол заманның адамдарының пейіл-пиғылдарының жазушы қаламының ұшында қылаң беріп, тереңірек үңіле алсаңыз бар құпиясының ақтарылып жататындығында. Сондай-сондайына қарап заман оқиғаларын бағамдап ой түйесіз. Мәселен біз де Мархабат Байғұттың осы «Иттің құқығы» әңгімесін оқығаннан соң «Ит өмір-ай!» деп, «сол ит өмірді өзіміздің-өзімізге жасап жатқанымыз қалай, ә?!» деп, басымызды шайқадық. Бірақ бұның кім екеніне, оқиға қашан болғанына басымызды қатырып, ми қатпарларымызды тінткілемедік. Өйткені бұл мәнзелдес жағдаяттар айналамызда ұшырасып жататындығы шындық. Ал өмірдегі шындықты соған ұқсас шындықпен көркемдеп, астарлап жеткізе білген жазушы шеберлігіне жететін ештеңе жоқ.
Бірақ оны (Махаңның айтатынындай) біреу түсінсе, екеу түсінбейді-ау. Түсінуге тиіс, түсінген соң қорытынды жасалуға тиіс тақырыпты қозғаған өзекжарды әңгімелерінің тағы бірі «Қош бол, кітап...» дейміз. Тақырыптың соңындағы қойылған үш нүктенің астарында замана кітапқа мойын бұрар, оқырман кітаппен қоштаспас дегендей жазушының аяулы аңсары, таусылмас арманы жатқандай. Ауыр ойдың әсерімен жазушының қаламымен қойылған әлгі жұмбағы алуан үш нүктеге қарадық-ай келіп. Замана желінің бағыт-бағдарын ерте аңғаратын Махаң мына жасанды интеллекті заманының құйтырқылығын сезіп, үш нүктені қойды ма екен деп. Жазушы көкеміздің өзінің айтатынындай «кім білсін-ай, кім білсін?!» дейміз дағы.
Махаңның көркем дүниелерімен бірдей көсемсөздерінің де арқалаған жүгінің ауырлығын сезінгенде, соны қаламмен қағазға түсірудің жазушы үшін де қаншалықты зілмауыр болғандығын пайымдайсыз. «Шындығына келсек, біз ел ішіндегі жергілікті қаламгерлер тәуелсіздікке енді-енді жетпек жолдағы еліміздің тұңғыш Президентін жаман көрмейміз», – деп сөз бастайды алақандай мақаласына «Абайламай айтқан шығар» деген елді елең еткізер тақырып қойған Мархабат Байғұт. Одан әрісінде «...Өтіп жатқан сессияның қайбір күнінде бір депутаттың өнер адамдары және олардың бүгінгі ахуалы хақында қойған сауалына қайтарған жауабы көңілімізге мүлдем қонбады. Ардақты ағамыз Нұрекең: «Сол сіз мезгеп отырған өркениетті елдердің ең мықтысы АҚШ-та бес-алты жазушы ғана жұмыс істемей, таза жазумен айналысады, себебі, олардың кітаптары өзінен-өзі шығып, өзінен-өзі тарап жатады. Қалғандарының бәрі қосымша жұмыс істеп күндерін көреді, тіпті киоскілерде газет-журнал сатады», – деп пікір айтты деген Мархабат аға Президенттің мысалына қарсы біраз ойларын өрбітеді де: «Ал бізде тәртіп пен мәдениет АҚШ-тағыдай емес қой. «Рэкеттерден» қорғайтындар болса, біздің жергілікті жазушылар да әрекет жасап, киоскімен-ақ күн көріп кетер еді», – дейді. («Қазақ әдебиеті», №26, 26 маусым 1992 жыл). «Абайламай айтқан шығар» деген тақырыбымен-ақ аз сөзге мол мағына сыйғызып, батыл да байыпты, салмақты да салиқалы мінез байлығымен өз көзқарасын ешкімнен бұқпантайламай патшадан пақырға дейін жеріне жеткізе айта алатын Махаңдай ұлт перзентінің биік тұлғасы елінің жадынан өшпей, өзі көтерілген жазушылық, азаматтық тұғырында мызғымай тұра беретіні анық.
Ендігі сөзді аздап естелікке бұралық. Мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған жылы Құрылтай өтті. Мархабат ағаның қолыма тимеген «Оқу залы» кітабын Алматыдан сатып алып, қолтаңба сұрадым. Құрылтайға қатысушы ақын-жазушылардың гуілдескен ортасындағы базынама таңданғандай бетіме бір қарады да, жаза бастады. «Бауырым Бағдат! ҚазЖазОдаққа мүше боп қатысқан алғашқы Құрылтайдан қанаттанып, қаламыңды қанат қақтыра беруіңе тілектеспін. Автор (қолтаңбасы) 24.09.12». 2020 жылы Мархабат аға Өзінің шығармаларына қатысты әр жылдарда жазылған пікірлерді бір оқырманының жинақтап кітап етіп шығарғанын, сонда менің екі мақалам бар екенін, Шымкенттегі «Ерлік музейінен» алуыма болатынын ескертіп қоңырау шалды. Дереу қалаға жетіп, аталған музейден кескіні келісті «Мархабат музасы» кітабын алдым. О бастан ауылды мекендеген мендей пақырдың аудандық газетте жарық көрген екі мақаласының Мархабат Байғұттай есімі алты Алашқа мәлім жазушының шығармашылығына қатысты әдеби сын мақалалар жинағына қабылдануы жүрегің жарылардай абырой емес пе! Сөйтіп сөз өнерін кие тұтып, жазуға қатыстының бәрін көңіл сүзгісінен өткізе бағалайтын кірпияз жазушының әлгі мақалаларымды дұрысқа балап қабылдағаны жанымды ерекше сергіткен де, серпілткен де еді. Көркем сөздің иесіне де, киесіне де айналған Мархабаттай ағаға айдаладағы ауылда жүріп-ақ арқа сүйейді екенмін ғой. Солай екендігін енді-енді ғана аңғарып, аңырайып та қалғанымды кімнен жасырайын?! Жазушы Әбіш Кекілбаев дүниеден өтті дегенді естігенде: «Көркемдіктің көкесі, көкем. Кемеңгерліктің кемелі, көкем. Әлемнің Әбіші ғой, көкем. Бүкіл байтағыңызды, оның ішінде Оңтүстігіңізді жаныңыздан артық көруші едіңіз-ау, көкем. Оңтүстігіңіз ойсыраған күй кешті, көкем, Шырайлы Шымкентіңіз шер кешті, көкем... Түркістаныңыз тұманытып, Әзірет Сұлтаныңыздың кесенесі күреңітті, көкем...», – деп ебіл-дебіл жылаған екен Мархабат көкем. Мархабаттай бір туар қалам иесінің, ұлт азаматының бақиға көшкенін естіген дүйім жұрттың бірі біз пақырыңыз да осындай ауыр күй кешкен едік. Жазушымен соңғы мәрте қоштасуға келген көпшілік облыстық театрдың ғимаратына сыймай іште түрегеп, сыртта кетпей күтіп тұрды. Зиялы қауым өкілдерінің қоштасу сөздері көпшіліктің қабырғасын қайыстырып қана қоймай, өзі көркем мінезді, көркем әдебиеттің классигі Мархабат Байғұттай ардақты тұлғаның ұлық бейнесін көз алдымызға елестетіп, қайта тірілткендей теңселдірді. «Мархабат өлген жоқ!» Осы жолдарды Нармахан аға Бегалиевтің қоштасу сөзінен естіген сәтте еріксіз селк ете қалдым. «Адамның тәні өлгенімен, жаны өлмейді, ғарышқа ұшып кетеді» деуші еді ілгергінің қариялары. Нармахан ағамыз соны мегзеп тұрғандай екен. Шынымен де, өзі болмағанымен де жазушының кітаптары ауылдардан Астанаға дейін одан әрі шет елдермен ұштасқан қалың орман-оқырмандарымен бірге ғасырдан ғасырға көше беретіні ақиқат. Өйткені Мархабат Байғұттың әр шығармасын оқырмандардың асыға күтетініне, қызыға қызыл қырмандай пікір таластыратынына өзіміз куәміз ғой. Иә, Нармахан көкем айтқандай «Мархабат өлген жоқ!». Алты Алаштың ұрпақтары тұрғанда «Алты Алаштың жазушысына айналған Мархабаттай» киелі қалам иесінің есімі елімен бірге жасай бермек.