Ғабит Сыздықбеков: Азаматтық болмысы биік

Оның қаламынан туған көркем туындылар халқымыздың рухани әлемін байытып, қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейте түсті...

Jun 3, 2025 - 21:14
Jun 3, 2025 - 21:17
 16
Ғабит Сыздықбеков: Азаматтық болмысы биік

«Мақамы бөлек Мархабат Байғұт» халықаралық симпозиумына қатысушылар!
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Пара-сат», «Барыс» ордендерінің иегері көрнекті қаламгер Мархабат Байғұт көзі тірісінде-ақ халқымыздың біртуар перзентіне айналды. Азаматтық болмысы биік, жазушылық шеберлігі ерекше Мархабат ағамыз өнегелі ғұмырын ұлт әдебиетінің өркендеуіне арнады. Оның қаламынан туған көркем туындылар халқымыздың рухани әлемін байытып, қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейте түсті.
Жазушы шығармаларында достық пен махаббат, адалдық пен адамгершілік, мейірім мен қамқорлық сынды асыл құндылықтар терең көрініс тауып, оқырман жүрегіне ізгілік дәнін септі. Артында өшпес із, мол мұра қалдырған Мархабат Байғұттың жарқын бейнесі мен асыл есімі ел жадында мәңгі сақталары сөзсіз. 
Жазушының 80 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту – оның бай шығармашылығын дәріптеп, жас ұрпақтың әдебиетке деген ықыласын арттыруға бағытталған игі қадам. Осы орайда халықаралық симпозиумның рухани-мәдени маңызы ерекше екенін атап өткен жөн. 
Мархабат Байғұттың бай мұрасын зерделеп, насихаттау арқылы біз ұлттық әдебиетіміздің іргесін бекітіп, жас ұрпақты отансүйгіштікке, рухани құндылықтарды қадірлеуге баулимыз. Симпозиумның жұмысына сәттілік тілеймін! Тың ойлар мен табанды пікірлер алмасуға, жаңа ғылыми шығармашылық серпінге жол ашсын!