Николай Ляшко. Арқар

– Сен өзіңше жорыпсың, жануар: байлауда тұрғаннан өлгенім жақсы депсің...

Mar 27, 2026 - 19:36
 2
Николай Ляшко. Арқар

Николай ЛЯШКО – орыс жазушысы. 1884 жылы 19 қарашада (ескіше 7 қараша) Украинадағы Лебедин қаласында дүниеге келген. 1900 жылдардың басында революциялық қозғалысқа қатысып, РСДРП мүшесі болды. Бірнеше рет қамауға алынып, жер аударылды. Ауыр сырқат (қара шешек) оның денсаулығына әсер етіп, сөйлеу қабілетін әлсіретті. Әдебиетке 1905 жылдан бастап келді. Алғашқы шығармаларында патша өкіметін, дінді сынап, қарапайым халық өмірін шынайы бейнеледі. 1918–1920 жылдары ол пролетарлық әдеби қозғалыстарға қатысып, «Кузница» тобының жетекші авторларының бірі болды. 
Жазушы 1953 жылы 26 тамызда Мәскеуде қайтыс болып, Новодевичье зиратында жерленген. 

(Әңгіме)

Біздің үй ауылдың ең шетінде, үлкен бақшаның сыртында. Мен түнде үйдің төбесіне шығып жатуды жақсы көрем: онда әрі қауіпсіз , әрі көңілді. Жан-жақ тегіс көрініп тұрады, ауылда шыққан үннің бәрі естіліп тұрады.
Біздің үйдің оң жағы,  сырты сирек ағаш, сол жағы ашық, жаман дала, құлазыған құм. Дуалдың іргесінен басталып, даланы таспадай тіліп, сонау аспанен тірескен тауға дейін созылып жатқан терең жыра. Сол жыраға дәл біздің үйлің тұсынан келіп бұлақ суы құяды. Ол өзіне тауды бұзып, тасты жарып жол салған. Тау басында тұрып, төменде бірдеңені байқап, соны көруге асығып келе жатқандай жұлқынып, жолын бөгеген тасқа, жарға, ағашқа секіргендей сарқырап ағады...
Мен ұйықтағанда бұлақ суының сарқыраған үніне ұйып ұйықтаймын, оянғанда бұлақ суының сарқыраған үнімен оянамын. Бір күні әжем көрші ауылға кетті. Мен таңеретең тіпті ерте ояндым. Бұлақтың үнімен ояндым ба, әлде шошып ояндым ба – әйтеуір таң атпай ояндым. Ояндым да төсектен ұшып тұрып, елегзіп, жан-жаққа қарадым.
Таң құланиектеніп, оның жарығы дуал іргесіндегі құмға жайылған су тәрізді, дүниеге жайылып келеді екен. Үйдің іші. Қораның, бақшаның іші жым-жырт. 
Тау үстінде жұлдыздар жылтылдап, құмға түскен шық тәрізді, тез батып кетіп жатты. Бірте-бірте таң атып, жарық бола бастады. Мен әлі неден оянғанымды білмей, аң-таң болып тұрмын. Бір кезде жыраның сыртындағы таудың бауырына бірдеңе елестегендей болды. Мен қадалып қарай қалдым. Сілкініп, үстінің қарын қағып тұрған тәрізденіп, барыс көрінді. 
Біздің үйдің тұсындағы тау мен оның қасындағы таудың арасы ойпаң, жазық болатын, онда отар жатқан мал болатын. Мен: барыс сол малға барған екен. Бірақ, жолы болмаған екен. Бұлақтың жыраға құйған жерінде, үй төбесінен көрініп тұратын шағын, жайлыма болушы еді. Арқар, тау ешкі, жайран таң ата сонда келіп, су ішуші еді. Барыс енді сол суатқа келе жатыр екен деп ойладым. 
Барыс суда жүзіп келе жатқан тәрізді сырғып келеді. Алашұбар бүйірі бұта арасынан анда-санда бір жылт етеді. Оқта-текте басын бір көтеріп, дем алғандай болады. Бірақ оның ойы – изен, теріскеннің, тобылғы, алманың иісін жұту емес, ептеп суатқа жету. Бір кезде ол жер бауырлап жата қалды. 
Мен өкшемді көтеріп, мойынымды слзып қарадым. Жүрегім аттай тулады: барыстың дәл алдында, анадай жерде арқар тұр екен. Ол басын көтеріп, бұта үстінен маған ба, шашырап жайылған таң жарығына  ма қарап тұр. 
Барыс арқардың иір-иір алшақ мүйізін көріп, жер бауырлаған болуы керек. Мен барыстың ойын түсіне қойдым: арқарды алу оңай емес: ол әрі күшті, әрі жүйрік; оның мүйізі тастан қатты. Аялдай тұру керек. Арқар қазір суатқа түседі. Су ішіп, тояды. Денесі ауырлайды. Сонда оны қуып жету де, алысып, жеңу де оңай болады деп ойлады барыс.
Арам ойы, залымдығы үшін мен барысты сонша жек көрдім. Арқардың қауіпті сезбегеніне таң қалдым. Тегі таң самалы таудан, барыс жақтан еспей, төменнен, арқар жақтан есіп тұрған болу керек деп ойладым. Арқар орнынан қозғалып, еш нәрседен қаперсіз, жай суатқа түсе бастады. Маған ол жол-жөнекей гүлдерді қарап, таңданып, сүйсініп келе жатқандай көрінді. Барыс бір секіріп түсіп, арқардың артынан жер бауырлап жылжи берді. Құйрығы жыланша ирелеңдеп, ізді сипап отырды. 
Арқар жарды айналып кетті. Артынша оның орнына барыс келіп жетті. Ол созылып, тасқа жабысып жатты. Енді бір жарты минутта арқар суатқа келді. Келісімен суға бас қоймады. Басын көтеріп, төңіректі байқап тұрды. Бірақ қауіпті көрмеді де, сезбеді де. Бұлақ жұпар иісті болмашы буына насаттанғандай болды. Сөйтті де, суға еңкейді. Мен төзе алмадым, айқайлап жібердім:
– Ішпе, барыс аңдып тұр, – дедім. 
Таудың аласұрып, сарылдап аққан бұлақ үнімен салыстырғанда менің үнім не болмақ. Арқар менің айқайымды естімеді. Мен кейін:
– Сен кереңсің, сен соқырсың, – деп күбірледім.
Арқар суға қанып, басын көтерді. Таудан құлаған таза, салқын су ыстық тәніне тарып, арқар тағы насаттанған сияқты. Су көп, алдында сарқырап ағып жатыр. Арқар тағы ішуге, тірелгенінше ішуге болады. Бұл не деген байлық! Не деген бақыт! Құндыз сияқты ерінінде қалған су бұлаққа тамшы болып тамады. Оны бұлақ ағызып әкетеді. 
Барыс екеуміз арқардан көз алмадық. Мені ашу қысты, тағатсыздық биледі. Бір орында тек тұра алмадым. Барыс бүкшиіп, тасты тасалап қарап жатыр. Ол да тағатсызданып жатқан болар. Таң жарығы Күн сәулесіне айналып келеді. 
Мен бүкіл есіл-дертіммен арқарды суға қарай айдаймын. Мен арқар судың бер жағына өтіп, құлазыған жазық далада жайылса екен. Сонда ол өлімнен құтылған болар еді; қауіп-қатерден аулақ болар еді деймін. Ал, барыс арқарды кейін қайтса екен, туаға өрлесе екен деп тілейді. Аңқау, ақымақ арқар барыстың тілегенін істеді. Кейін бұрылып, барыс жатқан жерден сәл қиғаштап, тауға өрлей бастады. 
Барыс әлі қозғалған жоқ. Шамасы, самал бағыты өзгерген болу керек. Барыстың құйрығы желп етіп көтеріліп, бұтаға соқты. Тысыр етті. Арқар оны сезді. Жалт беріп, бойын жинап, созылып, жасында анасы үйреткен әдетін істеп, жартасқа жабысып тұра қалды. Көк сұр жоны, ақжағал мойыны, қоңып мүйізі таспен ұйқаса қойды. Тас пен арқар бірінен бірін айырып алғысыз болды.
Мен бұған қатты қуандым. Қуанғаным сонша, секіріп-секіріп түстім. Барысты мазақтап, тілімді шығарып: «ұстадың атаңның басын!» деп, айқайлап жібердім.Арқар жарға жабысып, сілейіп тұр. Мен арқармен біргемін. Арқар үшін мен көрем, мен сезем, мен ойлаймын. Арқар қанша жасырынса да, барыстың оны көріп тұрғанын байқадым. Сонда пәрменімнің барынша:
– Қаш! Барыс аңдып тұр, – деп айқай салдым.
Бұл жолы менің дауысымды екеуі де естіді. Барыс атылып секірді. Арқар тастан бір-ақ қарғып, бұталарды жапырып, жарып, тауға қарай зытты. Барыс көлденеңдеп, арқардың жолын тосты. Арқар бір-екі секіріп, бәлеге душар болғанын біреуге дауыстап білдіріп, жалт беріп, кейін қайтты. Тұяғынан шаң борады. Бұлақты бір-ақ аттап, бер жаққа өтіп, құм далаға қарай зытты. Барыс та бергі жағаға шығып қалыпты. Жымиып қуып келеді. Арқарды суаттың бергі жақ бетіндегі жарға қамамақ болды. Арқар тағы жалт беріп, жазық далаға, біздің ауылға қарай қашты. 
Мен көзімді қадап, қолымды сермеп, секіріп, пәрменімнің барынша арқарға көмектесіп тұрмын. Бір кезде оны үркітіп алармын деп қорықтым. Демімді ішіме тартып, тістеніп, тырп етпей қарап тұрдым. Арқардың күшіне, жүйріктігіне риза болдым. Бірақ, барыс та барған сайын бауырын жазып, арқарға төніп келеді. Көзді енді бір-екі ашып-жұмғанша барыстың алдыңғы аяғы арқардың таңыңда болатындай көрінді!.. Көзімді жұма қойдым. Әлден уақытта барыстан өзім қашып құтылғандай болып, қатты қуанып, бойым жадырап сала берді. 
Арқар жүгірген бойы келіп, дуалдан секіріп, біздің қораға құлады. Мен қолымды сілтеп, қатты айқайлап жібердім. Барыс дуалға соғылып, кейін қайтты да, жыраға түсіп жоқ болды. 
Мен үй төбесінен түсіп, үйде жатқан атамды барып ояттым: 
– Ата, арқар! Бір арқар барыстан қашып, біздің қораға келіп тығылды, – дедім. 
Екеуміз жүгіріп далаға шықтық. Қораның төріндегі тұт ағашының төбесін күн шалып, жапырақты сәулеге малынып, сыбдырлап, менің атама айтқан хабарымды растап тұрды. Арқар тұттың түбінде тырп етпей жатыр. Алдыңғы аяқтарының тұяғынан қан тамшылап, үйіріліп, көлшіктеніп, Күн сәулесімен жарқырап жатыр. 
Біз, атам екеуміз, арқарға жақындадық. Мен ентігіп, үй төбесінде көргендерімді атама сыбырлап айтып келем. Атам үн-түн жо ауыз үйде тұрған бір шелек суды әкеліп, арқардың мүйізіне, тұяғына құйды. Арқар сілкініп, басын көтерді. Бізге қарады. Оның көзі түтін шалған Ай тәрізді көрінді. Атам бір қолымен сулы мүйізін ұстады, екінші қолымен маңдайын сипады.
– Жат, жануар, жат. Біз саған жау емеспіз, тимейміз... – деді. 
Атам мұны достық, аянышты дауыспен айтты. Алайда, арқар оған сенбеді. Сілкініп, атамның қолын үстінен түсіріп жіберді.
– Балам, жіп әкел. Байлап қояйық. Әйтепсе, бұ лақымақтық істеп, өзін бүлдіріп дүрер. Жат, жануар, қорықпа, – деді атам.
Атам жіптің бір ұшын арқардың мүйізіне шалды да, екінші ұшын тұтқа байлады. Сөйтті де:
– Осылай жат. Су бер, балам, бұған, – деді. 
Мен еті үңгәле алынған, керсен тәрізді асқабақ қабығын әкеліп, оған шелектен су құйып, арқардың алдына қойдым. Күн дуалдан асып, қораның ішіне түсті. Асқабақ қабығындағы су күн сәулесімен қызыл болып көрінді. Арқар суға көзін тігіп, оны өзіне ұқсатқан сияқты болды. Немесе, қабықтағы су көзіне суат болып елестеп, судың неге жұлқынып ақпай тұрғанына таңданғанссияқтанды.
Ақырында ол қабыққа тұмсығын тығып, суды іше бастады.
– Іш, жануар, іш. Ас ішсең өлмейсің. Тағы су құй. Жем бер, шөп сал, май әкел. Қазір күн былай ауып, үстіне әдемі көлеңке түседі... – деді атам.
Атам қолымен арқардың тұяқтары арасындағы балшықты сүртті. Қызыл жалақ болған табанын майлады. 
– Жат, дем ал, жазылып кетеді. Біз салқында бақшаға барып, біраз жұмыс істеп қайтайық, – деді.
Мен асқабақ қабығына тағы толтыра су құйдым. Біз шелекті, шот кетпенді алып, тұтқа қарай-қарай бақшаға кеттік. Бақшада мен жұмыс істеп, атама көмектестім. Көмектесіп жүріп, арқар, барыс туралы ауызым тынбай әңгіме айтып жүрдім. Ақырында:
– Ата, бұл арқарды не істейміз? Асыраймыз ба, босатып жібереміз бе? – деп сұрадым. Атам менің сөзімді естімеген болды. Мен тағы сұрадым. Сонда ол сәл ойланып тұрып:
– Ол асырауға көнбес. Жайын, еркін жүруді аңсар. Жас екен. Терісі тамаша, көз қияр емес. Дегенмен, босатып қоя бермесе болмас. Өзі батыр екен. Ажалдан қалай құтылды. Ондай батыр жайын, еркін жүруге тиісті... – деді. 
– Босатып жіберген соң, ол бізге келіп-кетіп жүрер ме екен? – деп сұрадым мен. Атам қатал дауыспен:
– Оның орнында болсаң,  сен келіп-кетіп жүрер ме едің? – деп өзімнен сұрады. 
– Келіп-кетіп жүрер едім, – дедім мен.
– Жоқ, балам, келмес едің. Ол – жайын өскен жан. Барыс сияқты жыртқыштар жеп қоймау үшін оның күшті болуы керек...
Мен атам сөзінің мәнін ұға алмадым. Мен арқар күн сайын та ата суатқа келіп су ішеді. Сонда бізге де соға кетеді деп сендім. Өйткені, біз оған зиян істегеніміз жоқ; біз оған дұшпан емеспіз. Ол келген сайын дуал сыртында тұрып, маңырап, хабар етеді. Мен оны көріп, үй төбесінен түсіп барып, есікті ашам деп ойладым. 
Күн тас төбеге келгенде, біз жұмысты тоқтаттық. Кешкі салқын түскенше дем алатын болдық. Жыраға түсіп, бұлақ суына жуындық: шаңнан, терден тазардық. Қолмен уыстап алып, су іштік. 
Атам шелекті толтырып су алды. Жырадан шықтық. Мен арқардың жайын білуге асықтым. Оның алдындағы асқабақ қабығына толтырып, таза, слақын су құйғым келді. Кірген бойымша сілейіп тұрып қалдым. 
Арқар дуалдан секірмек болыпты. Бірақ жіпке қаңтарылып, дуалға асылып, сілейіп қалыпты. Мен алғаш көргенімде, ол қазір секіріп түседі деп ойладым. Мен оның біз жұмыста жүргенде, жіпті үзіп, босанып кетпек болып, әбден тартынғанын, жұлқынғанын, ақырында босанып кете алмаған соң, байлауға төзбей әдейі өлгенін аңғардым.
Атам мені иығыма түртіп, төбемнен қайғылы үнмен күрсініп:
– Көрдің бе, ол бізге сенбеген... – деді.
Біз ақырын барып, арқардың қасына келдік. Атам арқардың жонын сипады. Маңдайынан сүйді. Сөйтіп, дәл тірі жанға айтқандай, былай деді:
– Сен өзіңше жорыпсың, жануар: байлауда тұрғаннан өлгенім жақсы депсің. Ұғамысың, балам?
Мен атама жауап қайтара алмадым. Көзіме жас толып, еркіндікке талпынып өлген арқарға қадала қарадым да тұрдым.

Аударған
Бейсембай КЕНЖЕБАЕВ