Гүлжамол Асқарова. Бақытты әйелдер билей алмайды, сеніңіз...

Қоштасудан сатып ал мені, Сені қатты сағынып келдім...

Jul 15, 2026 - 00:00
Jul 15, 2026 - 00:05
 8
Гүлжамол Асқарова. Бақытты әйелдер билей алмайды, сеніңіз...

Гулжамол АСҚАРОВА - заманауи өзбек әдебиетінің белгілі өкілі, ақын. 1978 жылы, Каттақорған ауданында дүниеге келген. Өзбекстан Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Ақынның «Жүрек маусымы», «Оятушы бесік жыры»,«Ғашықтар тұмары», «Еркелік артықшылығы» атты кітаптары жарық көрген. Зүлфия атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. 

Би

… Өзімше,
әлдеқашан сүйгендерім жадынан өшкенімді,
Енді бұрынғыдай сүйілмейтінімді,
Ешқашан ешкімге сүйене алмағанымды
және өз тағдырымды сүрмей жатқанымды,
Әсілінде тағдырым да жоқ екенін,
Жалғыздық бәрінен жақсы екенін,
Бәрі-бәрін жасырмақ боламын.
Бақытты әйелдер билей алмайды, сеніңіз,
Мені тойыңызға шақырыңыз билеп беремін.

Анам сабақтары

Анам жақсылардың жақсысы еді…

Көздері бұлыңғыр көріп жүр еді анамның,
Пердесін алып берді көзінен.
Аз уақыт өтіп сұрадым:
Ана, енді көріп жатырсыз ба?
«Көйлегімнің гүлдерін көріп жатырмын, балам».
Мен содан бері әлемді
Анам көйлегінің гүлдерінде көремін.

***

Анам дертті еді.
Ал мен құлап жатқанмын…
Сол күні анам айтты:
«Құлаған жалғыз сен бе?
Орныңнан тұр!
Жасамаған дүниелеріңді жаса!
Өлеңіңді жаз!»
Анам нұрдай үнсіз өтіп кетті мына әлемнен…
Содан бері орнымнан тұрамын,
Өлеңімді жазамын!

***

Тәкаппар едім,
Мінезім нашар,
Өкпешіл де едім оның үстіне.
«Басқалар сенен қорықса да,
Мен сенен қорықпаймын» деді анам.

Содан бері мен де
Өзімнен қорықпаймын!

***

Көздері бұлыңғыр көріп жүрді анамның.
Көре алмай қалды сериалдарын да.
Анам жек көрер еді сериалдардағы
Зұлым қайыненелерді.
Әпкем екеуміз әзілдейтінбіз:
«Ана, сіз де зұлым қайынене болсаңызшы деп»
Анам: «Жоқ, қой, зұлымдық неге керек, балам?
Біреудің баласына азап беру,
Жанын ауырту жаман іс, балам.
Кейін қаламаймын, өліп кеткен соң,
Мені жаман деп еске алғандарын…»

Содан бері 
Мен бір мінезі тым нашар адам,
Қорқамын адамдардың жанын ауыртудан.
(және білемін, бұл қолымнан келмей жүргенін)

Аналар өмірден өтіп кетсе де 
Перзенттері рухын тәрбиелеп жүреді екен.

Ана боламын ба, жоқ па білмеймін.
Бірақ, білерім, анамдай адам болу сондай жақсы.

Анам жақсылардың жақсысы еді…

Келдім

Келдім, шығып күтіп ал мені,
Бір тамшымын тұтып ал мені.
Қоштасудан сатып ал мені,
Сені қатты сағынып келдім.

Азабыңда қан да жұттым мен,
Теңіздерді асып өттім мен.
Бақыттан көп сені күттім мен,
Дидарыңа сыйынып келдім.

Дертімді ал, қамал болды мұң,
Шам секілді жанар болды мұң,
Маған сондай адал болды мұң,
Бір өзіңе табынып келдім.

Атар ма екен енді ғажап таң,
Бақыт та жоқ мына тозақта,
Ей, құдіреттім, құтқар азаптан,
Жас баладай өкініп келдім.

Көз жасым да ыстық қой білсең,
Үнсіз қалма, әлі де сүйсең,
Қайран болма басымды исем
Ескі үйдей төгіліп келдім.

Жалғыз едім, бір ғалам болдым.
Ышқтан жанып, жылап келдім мен.
Қасірет мені сынаққа алды,
Сол сынақтан құлап келдім мен.

Сені қатты сағынып келдім

Маған мейірім төк, мейірбаным бол...

Сахралардан келдім, шөлдерден келдім,
Көп ұзақ, көп көне жолдардан келдім,
Жан тоңып жаныңа суықтан келдім,
Маған мейірім төк, мейірбаным бол.

Өзіңнен су сұрап келдім шөлдесем,
Рақымсыз адамдардан құтқар, емдесең
Маған өте керексің осы демде сен,
Маған мейірім төк, мейірбаным бол.

Отыз жыл. Жолым бітпеді ғой еш,
Мың өлдім, өлім бітпеді ғой еш.
Бүгін ерте, ертең болмай тұрып кеш,
Маған мейірім төк, мейірбаным бол.

Иләһи сүрелер оқып келгенмін,
Алтыннан шынжырлар тоқып келгенмін.
Сен үшін жәннәттан қашып келгенмін,
Маған мейірім төк, мейірбаным бол! 

Мойындау

Дүниеден үмітім жоқ,
Жүрегімде тынышым жоқ,
Құдайдан өтінішім жоқ,
Сізге қалған күнім бар.

Өңім сабан, әзизім,
Бұл не заман, әзизім?
Хәлім жаман, әзизім,
Сізге қалған күнім бар

Сағыныштан сарғайғам,
Тағдырыма бар ма айлам?
Жүрегімде қан майдан,
Сізге қалған күнім бар.

Басымдағы тәжім – сіз,
Маған сондай ләзімсіз,
Әлемге айтар уәжімсіз,
Сізге қалған күнім бар.

Рухым бар нұр көңілде,
Мұңым бар тең өлімге,
Ештеңем жоқ өмірде
Сізге қалған күнім бар

Өзбек тілінен аударған: Роза АСПАНҚЫЗЫ