Күләш Ахметова. Қаратаудың қара қызы едім мен
Алғашқысы, соңғысы да мен емес, Өлең жазып өкінгеннің осы елде...
Жақсылықтың бағасы
Бітер емес сағынышым,
Сезім неге жомарт тым?
Бір бақытты табу үшін
Бір бақытты жоғалттым.
Кімге жетті өкінішім,
Кімнен нені сұраймын?
Бір шаттыққа жету үшін
Бірнеше рет мұңайдым.
Бір шумақты баптау үшін,
Он шумақты өшірдім.
Достың өзін сақтау үшін
Сатқындығын кешірдім.
Жартастың да қатты тәнін
Жарып өтер қарағай.
Күттім күннің сәтті таңын,
Жастығыма қарамай.
Күлер жерде түнеріппін,
Жаным ашып жақынға.
Айырбастап жіберіппін
Жастығымды ақылға.
Бірде ойымды нұрландырдым,
Бірде, бейне, құйын – ішім.
Басқа арманды құрбан қылдым
Бір өзіңді сүю үшін.
Тіршіліктің, әр күнінің
Ғұмырға бар қатысы.
Жақсылықтың барлығының
Жақсылық па ақысы?
Алып өтіп сапар – күннен
Өлеңімнің жарқылы.
Асуларға бет алдым мен,
Қия жолдар арқылы.
Құс қайтқанда
Жырға ораушы ең, қаласаң, құла түнді,
Қабақ түйсең, қара жел тұратын-ды.
Жақсы көрген кезіңде дүниені
Жанарыңа жасыл жас тұнатын-ды.
Ерлік жырмен шығардың шын атыңды,
Ескіртпедің ежелгі мұратыңды.
Елі-жұртың іздейді енді бүгін
Ерте кеткен еркелеу бір ақынды.
Ағыл-тегіл жас төксе сұлаған қыр,
Арық-сайға қайғылы тұнады ән бір.
Ақиқаттың айнасы сынған күні
Жыла, шуақ! Жыла, жер! Жыла, жаңбыр!
Кім тоқтатқан уақыт дөңгелегін.
Кімдер көрді мәңгі шам сөнбегенін.
Қыстың соңы, көктемнің басы болып
Құс қайтқанда жазылды-ау соңғы өлеңің...
Аққу қанат, қаз дауыс қаңқылдаған
Самалынан сандал тау салқындаған,
Сазы бөлек, сал ақын, алыс жаққа
Сағынсын деп кеттің бе халқың, далаң.
... Сазы мұңлы қоқыр қаз ұшты айналып,
Қанатына қажымас күш байланып!
Қарап тұрмын, әлде ақын кетті ме деп
Жылда келіп тұратын құсқа айналып.
Балкондағы гүл мұңы
Қалайша қырда өскен боп түс көрмейін,
Қалайша оянғанда тістенбейін.
Таңғы нұрға тапшы екен батыс балкон,
Күннің нұры түседі түстен кейін.
Далада жайқалуға жаралмаған
Жаныма таңның нұры таралмаған.
Шығыстан соққан самал,
сұранамын,
Түн ішінде оңаша орал маған!
Қара жерден жайқала,
шаншыла әрі
Шыға алмадым.
Айналам – әнші бәрі.
Тыңайтқышты топырақ –
мекенімде
Билемеді жаңбырдың тамшылары.
Айтылмады әңгімем желге менің.
Жапырағым жетпеді жерге менің.
Жағадағы қайықтай балкондарда
Жалғыздықтан қалтырап, тербелемін.
О, адамдар!
Сәулесін бетіме Күн
Түсірмейді.
Солды енді от реңім.
ұрығымды жиып ап осы күзде
Кең далаға шашыңдар,
Өтінемін!
Бұлақтағы жұлдыздар
Жағасында шалғын да, гүл де ырғалып,
Жатқан бұлақ ақпайды тым бір қалып.
Бүлк-бүлк қайнап толқиды, бұлтсыз түнде
Құшағында жұлдыздар сыңғыр қағып.
Тыныштықта тұнжырап тұрды ізгі аймақ,
Сұлу сурет мойныңды бұрғызбайды-ақ,
Көздің жауын алады жарқ-жұрқ етіп,
Жұмбақ толқын ішінде жұлдыз қайнап.
Жұлдыздардың тамаша сол шақта әні,
Қайнар көзін алады қоршап бәрі.
Бір сұлу қыз бұлаққа қарап тұрып,
Үзіп алған сияқты моншақтарын.
Қол созамын біреуін алғым келіп,
Жағалауын хош иісті шалғын көміп,
Дірілдеген жалаңаш мөлдір тұман
Дүниеге береді балғын көрік.
Түнде бардым бұлаққа күндіз бармай,
Өтпеу керек түндер де мүлде із қалмай.
Әлдекімде ойларым жүрсе осынау
Бұлақтағы бадана жұлдыздардай.
Жағалау.
Жұлдыз сезім туды ойымда.
Үн қатпай маужырайды гүл, мойыл да.
Лүп еткен самал соқпай, жапырақтар
Тып-тыныш ұйықтап жатыр су бойында.
Шығамын жағалауға салқын демей,
Әр түрлі әсер етер әр түндегі ой.
Алыста шегірткелер шырылдайды,
Әупілдек көптен бері әупілдемей.
Ол жайлы білмес бала елде өспеген,
Естілмес су түбінен енді ескі өлең.
Жұлдызы шүпірлеген туған жерге,
Бір мекен жер бетінде теңдеспеген.
Мақпал түн!
Сұлулығын жаяр барша,
Ай жарық.
Ашылады бояу қанша.
Сан түрлі дауыс толып кетеді екен
Далаға
Бұлбұлдары оянғанша.
Қалайша аппақ түнде жата алармын,
Арманым – алыс.
Оған апарар кім?!
Әупілдек әупілдемей кетті неге,
Жалықтым дауысынан бақалардың.
Тірлікті ұнатпаймын тегінде ұсақ.
Биікке талпынады көңіл құсы ақ.
Түнде де ағып жатыр аппақ өзен
Тоқтаусыз өтіп жатқан өмір құсап.
Көтерсе ерекше бір күй еңсені,
Төгілер сезімнің де иен селі.
Күндіз де, түнде де аққан өзеніңдей,
Туған жер, демалыссыз сүйем сені.
***
Ерекше тал түскі келбет – түр,
Түседі биіктен көлбеп нұр.
Жаңбыр жоқ, гүлдердің қауызы
Кезеріп шөлдеп тұр!
Жаз да өтер шілде боп, тамыз боп,
Жазғы жел – аптапқа тамызғы от.
Біздер де ақ гүлдер тәрізді ек,
Шөлдейміз нәр іздеп.
Көлденең тұрады ой, тұрады іс,
Тапсаңшы айнымас бір әдіс.
Қып-қызыл қалада түскі ыстық –
42 градус!
***
Кеште де табиғатта бәс, талас бар,
Таласып сұстияды кешкі ағаштар.
Көк мұнар, көгілдір нұр арасынан
Қарайды қарауытып асқақ асқар.
Таралар таудан төмен құлай ағын,
Ағыстар мәңгі айтар ма бұлай әнін.
Бұлақтар еңіреген сияқтанып,
Бір түрлі күн батқанда мұңаямын.
Өңір де бірте-бірте түнге айналып,
Түн таңға жол беруге ыңғайланып...
Бірінші сентябрде оянасың –
Өткенін жаздың қалай білмей қалып.
Көксеу
Бұл қалай деп алды-артымды кең ойлап?
Адамдарға сөз сөйледім абайлап.
Іздемеймін жеңіл-желпі қуаныш,
Іздемеймін оңай дәулет, оңай бақ.
Болмаса да сүйенерім, мінерім,
Еркелейтін кезім еді бұ керім.
Жақсы деген адамдардың жанында
Бір себептен құм боп тұрды жігерім.
Бақыт бар ма осы өмірде?
Күмәнді-ақ,
Түлкі бола алмадым мен бұлаңдап.
Түлкілер де күлкі болар бір кезде
Байқайтұғын адам болса мұны аңдап.
Мезгіл айтар, өшем бе, әлде өсем бе,
Мақтанышым, жұбанышым десем де,
Алғашқысы, соңғысы да мен емес,
Өлең жазып өкінгеннің осы елде...
Шығармын мен өкініштен, мұнардан,
Қайталанбас жазылар бір шығармам.
Мінін емес, мықтылығын осы Елдің
Адамзатқа ұғындыру – ұлы арман!
Қара теңізде
I
Мына әлемде мазасыздық ұлғайған
Сен де тулап жатырсың ба түрлі ойдан?
Қаратауды түсірдің ғой есіме,
Қара теңіз, есіміңді кім қойған?
Шаншыласың көкке суды жарып тік,
Шамырқанып шашырайсың, жарықтық!
Екеуіңе қара деген сөз ортақ,
Ортақ сосын сұстылық пен алыптық.
Ұқсассыңдар, жалғаны жоқ мұның еш,
Екеуіңе ортақ жайлы, жылы кеш.
Сен Ұлысың. Қаратау да киелі,
Асуынан өткен талай ұлы көш.
Толқындардай жағалауда тебінген,
Бірде тасып, бірде кейін шегінген,
Жақпар тастар арасынан от алған
Қаратаудың қара қызы едім мен!
Теңіз!
Маған шабытыңнан бөліп бер,
Шамырқансам, шашылсын бір көбік тер.
Сені есіме салар әлі бұрқырап
Алматыда гүл ашқанда өріктер...
Теңіз!
Мені дауылдармен жолықтыр,
Жанымдағы бұрқасынды толықтыр.
Қаратаудың айбары бар кеудеме
Бір тау толқын қосып қайтқым келіп тұр!
II
Көк бұлттар көңілімнің ауыры ма,
Алапат кезікпедім дауылыңа.
Жанымның толқынымен сұхбаттассын,
Басайын толқыныңды бауырыма.
Жан едім табылатын талап бойдан,
Босатам мен де ішімді азапты ойдан.
Теңіздей тебіренген сезімдерді
Кеудеме қалай ғана қамап қойғам?!
Менің де дауылымнан бұлтым басым,
Бұлттарым жыр семсермен жыртылғасын,
Тоқтатпай кеудем толы толқынымды
Қосайын толқыныңа, бір туласын!
Теңіз!
Сен әлемдегі ұлы ақын ең.
Жете алмай саған іштей тынатын ем...
Үндесті шулап шыққан шумақ – толқын
Беймаза бір ақынның мұратымен!
III
Теңіздің беті тынымсыз,
Ағаштар неге тұр үнсіз.
Адамдар неге алаңсыз,
Түсінбейсіз бірін сіз.
Кешқұрым түсті тағы алау,
Өткен соң бәрі бағалы-ау.
Құстардың әнін сағынар
Бір кезде мынау жағалау.
Тынымсыз беті теңіздің,
Теңізбен бейне егізбін.
Желкілдей өскен жапырақ,
Байқаусыз, ойсыз неге үздім?
IV
Толқын кетіп толқынның жалғасында,
Қара теңіз тулайды арнасында.
Арбасуда ақ көбік көк көбікпен,
Өмір, күрес, арпалыс – мәңгі осында.
Өршиді жел толқынды атып-атып,
Уыс-уыс атылып жатыр ақық,
Жыртып-жыртып көк теңіз лақтырады,
Көк көйлегін өзінің қақыратып.
Өршелене соғады жарға мына,
Жарқабақта, жағада бар ма кінә?
Маржандарын шашады ашуланып,
Әлденені сұрайды жалбарына.
Жап-жалаңаш.
Жылысын тәні қайтіп?
Кім тыңдасын, жатыр ма зарын айтып?
Солқ еткізіп соғады жағаны жал,
Жараланып құлайды кері қайтып.
Жасыл орман.
Басқа өмір дәл қасында.
Ұмтылады, білгенмен бармасын да.
Әр нәрсенің шегі бар, өз орны бар,
Қара теңіз тулайды арнасында...
Сөз
Тау тозады,
Өзгереді тас түсі,
Таланттың да ұшар талай жас құсы.
Өзің даңққа бөленгенің сөз емес,
Елдің даңқын шығару ғой – бастысы!
Су тартылар,
Жағалаулар қозғалар.
Жасыл өлке бір кездері боз болар.
Адамдар да алмасады,
Тек қана
Ұлылардан ұрпақтарға сөз қалар.
Көбі өзгерер –
Жеткізгенде жыл хабар.
Су сылдырын сан өзгертер жылғалар.
Сүю – мәңгі,
Сүйгендердің жүрегі
Махаббаттың жырын оқып нұрланар.
Жаз да кетер,
Салар әлі күз бүлік.
Көп нәрсені үлгермеспіз біз біліп.
Жасар бірақ тұман басқан теңізден
Жас баланы алып шыққан ізгілік.
Түрлі оттармен жарқырайды қара түн,
От та өшеді, өшпестей боп жанатын.
Тоқтатыңдар корабльді, қыранды,
Қара сөздің қырқа алмайды қанатын.
Қанатты сөз кеңістікте жиі ұшты,
Сөз сыймаған жерге таулар сыйысты.
Бүкіл сөздер адамдықты құрметтеп,
Көкке биік көтеруге тиісті!
Көбі өзгерер,
Көрер бәрін көз қайдан?!
Өткендердің жайын кейде қозғайды ән.
Небір ұлы шайқастар да тоқтаған,
Тоқталмайды ешқашанда сөз – майдан!
Сөз алдында
Мойып талай жатты күш.
Талай жерде сөзден қолдау тапты ұлы іс.
Болған емес сөзсіз нағыз келісім,
Сөзден асқан болған емес қақтығыс.
Келеді адам бір жаңалық ашқысы,
Айта білген
Сөздеріңмен жастысың,
Қарулы күш қаһары да – түк емес,
Қара сөзге бас игізу – бастысы!
Тал бесік
Қара бұлт қаптаса да аспан, айды,
Түссе де найзағайдай басқа қайғы.
Үдеріп үрейленіп көшкенде де,
Жұртына қазақ бесік тастамайды.
Сондықтан сан көбейген, өсіп халық,
Жау тисе, жан қорғауға машықтанып,
Алтынын көміп кетіп,
Ата-бабам
Көшіпті балалар мен бесікті алып.
Халықтың көбейгенін армандармын,
Өзінше түсінеді жалғанды әркім.
Түлесін тұқымы асыл құлындармен
Даласы тұлпарлардың, тарландардың,
Ойланам жылды жылдар асықтырса,
Ғанибет – халық басы өсіп тұрса!
Қазақтың ертеңінен үміті зор –
Үйінде тербетілген бесік тұрса.
Шымылдық
Айрықша аққудай боп дара тұлғаң,
Арулар арасында таң атырған,
Той күні тұтылған соң ұсталған жоқ
Жеңеше, ақ шымылдық сен отырған.
Көркемдеп кестелеген көйлегін зер –
Ұмытты шымылдықты кей келіндер.
Сусылы жүрек қозғар шымылдықта
Отырған еді-ау Тоғжан, Әйгерімдер.
Өзгеріп кеттік біздер мұнша қалай?
Жүрегіңді ашық-шашық мін санамай,
Қыздары біздің жаңа уақыттың
Ұстайды денелерін тұмшаламай.
Біздерге не бар бұдан, шынында, ұтқан?
Жеңеше, боларсың сен сырымды ұққан.
Шықпаған шырын сезім сыртқа шашау
Желпейлі, әшекейлі шымылдықтан...
Жеңеше, есіңде ме керім күнің?
Даланың елестетем өрім гүлін,
Шымылдық ашылмаған ауылдастар
Бергенше байғазысын, көрімдігін.
Уақыт – дарияның ағынындай.
Жүргенде жоғалтқанды әлі ұғынбай...
Көрінбей кете барды ақ шымылдық
Даланың алыстаған сағымындай.
Саналы салт-дәстүрді сағынасың.
Қойылған қонағына тәуір асы
Халықтық қасиет пен құндылықтар –
Күн нұрлы ғұмырымның мағынасы.
Сіздерге, мәртебелілер
Иә, қате болды бұл, иә, ағат та,
Ие болып жүргендер зиялы атқа,
Зияны жоқ қандасты
Қанаты кең
Болғаны үшін қидыңдар қиянатқа.
Намысы бар жүрек деп ұйғарыңдар.
Жарты әлемді жатқа да қиған ұлдар,
Мұзбалақтар қонатын тауларыңды
Өздеріңе өздерің қимадыңдар!
Арқар мүйіз ағалар, басы асылдар,
Осал тұсты осылай ашасыңдар.
Көп болып көтеруге тұрар ұлды
Топ болып төмен қарай басасыңдар!
Бір ызғар сүйегімнен өтетіндей,
Қызыл тіл тоқтамайды төте тілмей.
Миымыз сыймай бара жатыр ма еді,
Ақылдыны керексіз ететіндей?!
Бұрылсаңдар, сыр толы сандық ашам,
Айтып алсам аямай – шөлді басам.
Бір анадан туғандар, бір-біріңді –
Қолдап, қорғап
Жүресің енді қашан?!
Бәйтерекпін білмейтін тыншығуды,
Әлденеден көңілім түршігулі.
Алыс-алыс көктемде көктейтұғын
Жапырағымды ойлаймын – бүршігімді!
***
Сіз осы шыныменен білмейсіз бе,
Кезігіп қала берем бірдей сізге?
Сіз жүретін жерлерде, әлде мені,
Адасып, не ерігіп жүр дейсіз бе?
Қағылуы махаббат қанатының,
Жаныңызға жабырқап баратыным.
Байқалмай ма сізге осы,
Қып-қызыл боп, қипақтап қалатыным.
Сізді ойламай көзімді әлі ілдіріп
Көргенім жоқ, керек пе жалындыру?
Өртенемін жаныма жалын кіріп,
Әдейі үнсіз жүрсіз бе, бәрін біліп?..
Қара көзден қашсаңыз, несіне ерсіз,
Бір әдемі бақытқа кешігерсіз.
Қарап қалсам, өтесіз көрмегенсіп,
Оңбағансыз, не деген, кешірерсіз…